68 бұйрық қазақша. Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны йымдастыруа жне жргізуге ойылатын санитариялыэпидемиологиялы талаптар
Скачать 135.57 Kb.
|
"Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 29 шiлдедегi № ҚР ДСМ-68 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 1 тамызда № 28977 болып тіркелді. ЗҚАИ-ның ескертпесі! Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН: 1. Қоса беріліп отырған "Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 28 тамыздағы № ҚР ДСМ-8 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 25 қыркүйекте № 17429 болып тіркелді) күші жойылды деп танылсын. 3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен: 1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді; 2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды; 3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін. 4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін. 5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
"Дезинфекциялауды, дезинсекциялауды және дератизациялауды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы "Дезинфекциялауды, дезинсекциялауды және дератизациялауды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және меншік нысанына қарамастан барлық субъектілер үшін дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды белгілейді. 2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады: 1) ағымдағы дезинфекция – науқас ауру ошағында болған кезде әрбір нозологиялық нысан үшін белгіленген жиілікпен жүргізілетін дезинфекция; 2) ашық қол әдісі – жалаңаш білекте 20 минут масаларды аулау; 3) дезинфекциялау – сыртқы ортада инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жоюға бағытталған арнайы іс-шаралар кешені; 4) дезинфекциялау құралдары (бұдан әрі – дезқұралдар) – дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту, стерильдеу (стерильдеу құралдары), дезинсекциялау (дезинсекциялау құралдары) жүргізуге арналған химиялық және биологиялық құралдар, сондай-ақ репелленттер мен педикулицидтер; 5) дезинфекциялау қызметі – стерильдеуге, дезинфекциялауға, дезинсекциялауға, дератизациялауға және олардың тиімділігі мен қауіпсіз қолданылуын бақылауға арналған құралдарды, жабдықтарды, материалдарды әзірлеуге, сынауға, өндіруге, сақтауға, тасымалдауға, өткізуге, қолдануға және кәдеге жаратуға байланысты қызмет; 6) дезинсекциялау – адамды, жануарларды, үй-жайларды және аумақты жәндіктер мен басқа да буынаяқтылардан қорғау мақсатында оларды жою бойынша профилактикалық және жою іс-шараларының кешені; 7) дератизациялау – кеміргіштерді жоюға немесе санын азайтуға бағытталған профилактикалық және жою іс-шараларының кешені; 8) жалау әдісі – енсіз жағымен ұзындығы 1,2-1,5 метр тұтқаға (таяққа) бекітілген өлшемі 0,6х1-2 метр түкті (дәке, фланель, жүн) материяның бір бөлігін пайдалануға негізделген кенелерді жинау әдісі; 9) жоғары деңгейдегі дезинфекция – барлық патогенді және шартты-патогенді микроорганизмдер жойылатын, ал спора саны азаятын дезинфекция; 10) имаго – буын аяқтылардың дамуының ересек (жыныстық жетілген) сатысы; 11) инсектицидтер (акарицидтер, инсектоакарицидтер) – жәндіктер мен кенелерді жою үшін пайдаланылатын химиялық тұрғыдағы құралдар (препараттар); 12) камералық дезинфекция – дезинфекциялық камераларда дезинфекциялау және дезинсекциялау; 13) қолдану режимі – препаративті нысанда пайдаланылатын қолданыстағы заттардың шоғырлануын қоса алғанда, дезинфекциялау құралын қолдануды сипаттайтын нормалардың жиынтығы, препараттың шығыны, өңдеу уақыты, өңдеу жиілігі мен ауданы, қосымша заттар мен әдістерді пайдалану; 14) қорытынды дезинфекциялау – науқасты емдеуге жатқызғаннан, оқшаулағаннан кейін, ол жазылған соң немесе қайтыс болғаннан кейін ошақта жүргізілетін дезинфекция; 15) орта деңгейдегі дезинфекция – бактериялар (оның ішінде туберкулез микобактериялары), вирустар (оның ішінде поливирустар), грибоктар жойылатын, бірақ спора жойылмайтын дезинфекция; 16) ошақ – инфекция қоздырғышы науқастан сезімтал адамдарға беріле алатын шектерде оны қоршаған аумағы бар, инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқастың болатын орны; 17) препаративті нысан – дезинфекциялау құралдарын шығару және (немесе) пайдалану нысаны; 18) репеллентті құралдар – буынаяқтыларды немесе кеміргіштерді үркітетін химиялық заттар; 19) родентицидтер (ратицидтер) – кеміргіштерге қарсы күреске арналған препараттар (құралдар); 20) стерильдеу – қоздырғыштардың барлық түрлерін, оның ішінде спораларға физикалық, химиялық, термиялық немесе аралас әдістермен әсер ету арқылы оларды толық жою; 21) сүйретпе әдісі – енсіз жағымен тұтқаға (таяққа) бекітілген ені 1 метр, ұзындығы 2-ден 9 метрге дейін түкті (дәке, фланель, жүн) материяның бір бөлігін пайдалануға негізделген кенелерді жинау әдісі; 22) төмен деңгейдегі дезинфекция – бактериялар, кейбір грибоктар, вирустар жойылатын, бірақ туберкулез микобактериялары сияқты төзімді бактерияларға қатысты тиімсіз дезинфекция; 23) тосқауылды дератизациялау – тұрақты немесе уақытша елді мекендердің айналасында, сондай-ақ халықтың демалыс орындарында, қолда бар әдістердің кез келгенін (механикалық, химиялық, биологиялық) пайдалана отырып, кеміргіштерді жоя отырып, сауықтыру ұйымдарында қорғаныш белдеуін құру; 24) тосқауылды дезинсекциялау – тұрақты және (немесе) уақытша елді мекендердің айналасында, сондай-ақ халықтың демалыс орындарында, сауықтыру ұйымдарында қан соратын буынаяқтылар мен жәндіктерді (инфекцияларды таратушыларды) жоя отырып, қолда бар кез келген әдістерді (механикалық, химиялық, биологиялық) пайдалана отырып, қорғаныш жолағын жасау; 25) шыбын-шіркей – адам денсаулығына зиян келтіретін қансорғыш ұшатын жәндіктер (масалар, соналар, майда шыбындар, есекқұрттар, бәкене шыбындар) тобының біріккен атауы. 3. Дезинфекциялау, дезинсекциялау мен дератизациялау іс-шараларын жүргізу "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 107-бабына сәйкес жүзеге асырылады. 4. Дезқұралдармен жұмыс істеуге денсаулығының жағдайы бойынша қарсы көрсетілімі жоқ, кәмелеттік жастағы адамдар жіберіледі. 5. Дезқұралдармен жұмыс істеуге тартылатын мамандар (дезинструктор, дезинфектор) әр 5 (бес) жыл сайын дезинфекциялау, дезинсекциялау дератизациялау бойынша кәсіптік даярлықтан және жыл сайын жұмыстарды қауіпсіз жүзеге асыру, дезқұралдармен уланған кезде дәрігерге дейін алғашқы көмек көрсету мәселелері бойынша нұсқамадан өтеді. 6. Дезқұралдар затбелгіде құралдың атауы, оның тағайындалуы, жарамдылық мерзімі көрсетіле отырып, өнім өндірушінің ыдысында (қаптамада) сақталады. Ыдыстың затбелгісі дезқұралдарды сақтаудың (пайдаланудың) барлық кезеңінде сақталады. 7. Дезинфекциялау, дезинсекциялау мен дератизациялау жүргізу үшін Евразиялық экономикалық одақтың Өнімдерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде тіркелген құралдар қолданылады. Дезқұралдардың қауіптілігі осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау құралдарының қауіптілігінің сыныптамасына сәйкес белгіленеді. Дезқұралдарды қолдану шарттары олардың қауіптілік дәрежесімен айқындалады: 1) жабық үй-жайларда аса қауіпті құралдарды пайдалануға жол берілмейді (1-сынып); 2) қауіптілігі жоғары құралдарды (2-сынып) білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарын, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды, тұрғын үй-жайларды және қоғамдық тамақтану объектілерін қоспағанда, объектілерде кейіннен міндетті түрде желдету және жинау арқылы адамдар болмаған кезде оқытылған персоналдың пайдалануына жол беріледі; 3) қауіптілігі орташа құралдарды (3-сынып) оқытылған персоналдың кез келген типтегі үй-жайларда және тұрғындардың тұрмыста, бірақ қолдану шарттарын міндетті түрде регламенттеу (дезқұралдар шығысы, желдету режимі, жинау) арқылы пайдалануға жол беріледі; 4) қауіптілігі аз құралдарды (4-сынып) қолдану саласын шектемей пайдалануға рұқсат етіледі. 8. Дезинфекциялық ерітінділер өндірушінің нұсқауларына сәйкес дайындалады. Дезқұралдардың жұмыс ерітінділері бар сыйымдылықтар тығыз жабылатын қақпақтармен жабдықталған, олардың құрал, шоғырлануы, тағайындалуы, дайындалған күні, ерітіндінің шекті жарамдылық мерзімі көрсетілген нақты жазбалары немесе затбелгілері болады. 9. Жарамдылық мерзімі аяқталған, жарамсыздық белгілері (түсінің өзгеруі, бөгде элементтердің болуы) бар болған жағдайда дезқұралдар есептен шығарылады және кәдеге жаратылады. 2-тарау. Дезинфекциялауды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар 10. Дезқұралдар өндірумен айналысатын және дезинфекциялау қызметін көрсететін ұйымдардың объектілеріне арналған санитариялық-қорғаныш аймағы Ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес бекітілетін "Объектілердің санитариялық-қорғаныш аймағын белгілеу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының талаптарына сәйкес белгіленеді. 11. Дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдарын өндіру жеке тұрған ғимаратта, әртүрлі үй-жайларда бөлек жүзеге асырылады, улы қармақ жемді дайындау ғимараттың сыртқа тарту-ішке сору желдеткішімен жабдықталған, жеке оқшауланған үй-жайында жүргізіледі. 12. Жұмыс ерітінділерін, эмульсияларды, қармақ жемдерді өлшеп-орау, дайындау, киім-кешектерді кейіннен кептіріп, оларды инсектицидтермен, репелленттермен импрегнациялау сыртқа тарту-ішке сору желдеткішімен жабдықталған арнайы үй-жайда жүргізіледі. 13. Дезқұралдардың жұмыс ерітінділерін дайындау, оларды шашу, уланған қармақ жемдерді дайындау жөніндегі жұмыстар міндетті түрде арнайы киімді (бұдан әрі – арнайы киім) және жеке қорғаныш құралдарын (костюм, қолғап, бас киім, газтұтқыш немесе респиратор) пайдалана отырып жүргізіледі. Қолғап жуылғаннан кейін ғана шешіледі, содан кейін басқа қорғаныш құралдары шешіледі. Үй-жайларды өңдеу кезінде дезқұралдар ерітінділерін дайындаумен айналысатын медицина персоналы әрбір 40 минут сайын 10-15 минутқа таза ауаға немесе өңделетін аймақтан шығады. 14. Дезқұралдарды сақтауға және беруге арналған зертханалар мен үй-жайлар Ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган (бұдан әрі – мемлекеттік орган) бекіткен гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес тиімділігі жұмыс аймағының ауасында шекті рұқсат етілетін шоғырланудан аспайтын зиянды заттардың болуын қамтамасыз ететін әрбір үй-жай үшін дербес сыртқа тарту-ішке сору желдеткішімен қамтамасыз етіледі. 15. Дезқұралдарды тасымалдау нұсқаулықта және қолданыстағы заңнамада көзделген барлық қажетті қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүзеге асырылады. Дезқұралдарды алып жүруші адамсыз тасымалдауға, сондай-ақ оларды тамақ өнімдерімен, жуу құралдарымен бірге тасымалдауға жол берілмейді. Дезқұралдарды алып жүруші адамсыз тасымалдауға, сондай-ақ оларды өндірістік циклге (дезинфекция жүргізуге) жатпайтын тамақ өнімдерімен және материалдармен бірге тасымалдауға жол берілмейді. 16. Үй-жайларда тітіркендіру әсері бар және аллергиялық реакциялар тудыратын препараттармен сулау, тозаңдату, сүрту әдістерімен дезинфекциялауды маман адамдар және жануарлар болмаған кезде жүргізеді. 17. Жекелеген объектілерді зарарсыздандыру кезінде дезқұралдардың шығысы осы Санитариялық қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген жекелеген объектілерді зарарсыздандыру кезінде дезинфекциялық ерітінділердің шығынын жоспарлау нормаларына сәйкес есептеледі. 18. Инфекциялық және паразиттік ауру ошағындағы ағымдағы дезинфекциялауды науқасты күтетін адам, реконвалесцент немесе бактерия тасымалдаушы науқасты анықтаған сәттен бастап ауруханаға жатқызғанға дейін, үйде емдеу кезінде – сауыққанға дейін, реконвалесценттерде және бактерия тасымалдаушыларда – толық санацияға дейін жүргізеді. 19. Емдік-профилактикалық мекемесінде инфекциялық немесе паразиттік ауру анықталған жағдайда, ағымдағы дезинфекциялауды осы мекеменің медицина қызметкері мекемеде бар дезқұралдарды қолдана отырып, дезқұралға қоса берілетін нұсқаулыққа сәйкес ұйымдастырады. 20. Адамның инфекциялық және паразиттік ауруларының ошақтарында және инфекциялық және паразиттік аурулардың табиғи ошақтарында қорытынды дезинфекцияны санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары және медициналық ұйымдар инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы және (немесе) оларды жою мақсатында жүргізеді. 21. Қорытынды дезинфекция инфекциялық және паразиттік аурулар ошақтарында науқасты емдеуге жатқызған, оқшаулаған, сауыққан немесе қайтыс болған кезден бастап бір тәулік ішінде жүзеге асырылады. 22. Инфекциялық және паразиттік аурулар ошақтарында қорытынды дезинфекция жүргізуге өтінімді телефон арқылы мемлекеттік органның және медициналық ұйымдардың мамандары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдардың бөлімдеріне (бөлімшелеріне) береді, кейіннен телефонограмманың мазмұнын қайталайтын жазбаша өтінім келесі жұмыс күнінің соңына дейін жіберіледі. 23. Денсаулық сақтау ұйымдарының дезинфекциялау құралдарына қажеттілігін есептеу осы Санитариялық қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жүргізіледі. 24. Дезинфекциялау және стерильдеу режимдерін сақтауды қанағаттанарлық түрде бағалау мынадай көрсеткіштер бойынша айқындалады: 1) бақылау объектілерінен ағымдағы дезинфекциялаудан кейін 50 минуттан кешіктірмей алынған бактериологиялық шайындылардың 5 пайызынан (бұдан әрі – %) артық емес патогенді емес микрофлораны себу; 2) қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген дезқұралдар ерітінділерінің шоғырлануын сақтау; 3) әр түрдің қойылған сынамаларының ішінде кемінде 5%-ын дезинфекциялау заттарының қалдық санына қанағаттанғысыз экспресс-сынамаларды анықтау; 4) тестілік бактериологиялық бағалаудың камералық дезинфекциялау режиміне сәйкес келуі; 5) қанның қалдық санына оң нәтижелі сынамалардың болмауы; 6) синтетикалық жуу заттарының сілтілік компоненттерінің және майлы дәрілік заттар қалдықтарының қалдық санына оң нәтижелі сынамалардың болмауы; 7) стерильдеу режимінің сәйкес келуі, стерильденбеген материалдың болмауы (микроорганизмдердің вегетативтік және споралық түрлерін толық жою). 25. Ошақтардағы қорытынды дезинфекцияның сапасын мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің мамандары ошақтардың кемінде 5%-ында зертханалық әдістерді қолдану, бір ошақтан кемінде 10 бактериологиялық шайынды, 1 сынама (құрғақ заттың), дезинфекциялау құралдарының жұмыс ерітіндісінің 1–2 сынамасын алу арқылы бағалайды. 26. Егер патогенді емес микрофлораның болуына оң шайындылардың саны іріктеп алынған шайындылар санының 3%-нан аспайтын болса, дезинфекциялау құралының қалдық санының болуына теріс экспресс-сынамалардың саны 5%-дан аспайтын болса, дезинфекциялау ерітінділерінің қанағаттанарлықсыз талдауларының саны іріктеп алынған сынамалар санының 5%-нан аспайтын болса, дезинфекция сапасы қанағаттанарлық деп есептеледі. 27. Қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін патогенді микрофлораны себу кезінде соңғысы қанағаттанарлықсыз болып саналады және дезинфекцияның сапасын кейіннен бақылай отырып, қайта жүргізіледі. 28. Қорытынды дезинфекциялау бойынша жұмысты ұйымдастыру сапасын бағалау мынадай көрсеткіштер бойынша айқындалады: 1) қорытынды дезинфекциялауға жататын ошақтар санының ішінде инфекциялық ошақтарды өңдеумен қамту – кемінде 95%; 2) қорытынды дезинфекциялауды уақтылы жүргізу – кемінде 95% (науқасты емдеуге жатқызу немесе ұйымдастырылған ұжымнан оқшаулау сәтінен бастап бір тәулік ішінде инфекциялық ошақтарда қорытынды дезинфекциялауды орындау); 3) камералық дезинфекциялау жүргізуге жататын ошақтар санының ішінде камералық дезинфекциялау – кемінде 95%; 4) ошақтарды қорытынды дезинфекциялау сапасын бақылаумен: көзбен шолып тексеру кезінде – жүргізілген дезинфекцияның жалпы санының ішінде кемінде 10%-ын қамту. Зертханалық әдістерді қолдана отырып – дезинфекция аяқталғаннан кейін 1 сағаттан 3 сағатқа дейінгі кезеңде барлық ошақтардың кемінде 10%-ын қамту. 29. Денсаулық сақтау ұйымдарында дезинфекциялау сапасын бағалау: 1) стационарларда бір төсекке 0,3 шайынды, бірақ кемінде 30 шайынды есебімен, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда бір келуге 0,2 шайынды есебімен заттардан және жабдықтан шайындыларды іріктеу; 2) дезинфекциялау құралдарының, дезинфекцитялау құралдарының жұмыс ерітінділерінің сынамаларын әр түрінің кемінде 2 сынамасын зерттеу. Сынамаларды алу кезінде сынаманың алынған күні, дезинфекциялау ерітіндісінің дайындалған күні, оның шоғырлануы, қолданылу мақсаты жазылады; 3) дезинфекциялау камерасының үш жазықтығында оның типі мен көлеміне байланысты 5-10 бактериялық (химиялық) тестіден салу арқылы жүргізіледі. 30. Хирургиялық бейіндегі стационарлардың (бөлімшелердің) үй-жайларындағы ауа мынадай тәсілдермен зарарсыздандырылады: 1) адамдар болмаған кезде қолданылатын ашық және аралас бактерицидті сәулелегіштер мен жабық сәулелегіштердің, оның ішінде адамдар болған кезде ауаны зарарсыздандыруды жүргізуге мүмкіндік беретін рециркуляторлардың көмегімен ультракүлгін сәулеленумен әсер ету; 2) қорытынды дезинфекция жүргізу кезінде адамдар болмағанда арнайы шашатын аппаратураның (аэрозоль генераторлары) көмегімен дезинфекциялау құралдарының аэрозольдерімен әсер ету; 3) қорытынды дезинфекциялау және күрделі жинау жүргізу кезінде адамдар болмағанда озон генераторлары қондырғыларының көмегімен озонмен әсер ету; 4) микробтарға қарсы сүзгілерді қолдану. 31. Денсаулық сақтау объектілеріндегі төсек-орын жабдықтары (матрастар, жастықтар, көрпелер) мынадай жағдайларда камералық дезинфекциялау әдісімен: 1) пациент хирургиялық, травматологиялық, онкологиялық, гематологиялық, күйік бөлімшелерінен, жүкті және босанатын әйелдерге арналған бөлімшелерден, балаларға арналған бөлімшелерден, инфекциялық, туберкулезге қарсы, дерматовенерологиялық бөлімшелерден пациент шығарылғаннан, ауыстырылғаннан, оқшауланғаннан және қайтыс болғаннан кейін; 2) эпидемиялық көрсетілімдер бойынша; 3) төсек-орын жабдықтары биологиялық материалмен ластанған кезде; 4) пациент қайтыс болғаннан кейін зарарсыздандырылады. Гигиеналық қаптармен тығыз тігілген матрастар мен жастықтар дезинфекциялау құралдарымен сүрту және су бүрку жолымен зарарсыздандырылады. Гигиеналық қаптар дезинфекциялық өңдеуден өтеді. 32. Дезинфекциялау, стерильдеу сапасын бағалауды зертханалық зерттеуді, биологиялық тесттерді дайындауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдар жүзеге асырады. 33. Инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарды және инфекциялық ауруға күдікті адамдарды қабылдағаннан кейін, таңып байлағаннан кейін, әйелдерді гинекологиялық креслода тексергеннен кейін әрбір науқастан кейін жұмыс беттерін (пациенттің денесімен және (немесе) биоматериалымен жанасатын беттерді) оларды қолдану жөніндегі дайындаушының нұсқаулығына сәйкес дезинфекциялық ерітіндімен сүрту керек. 34. Инфекциялық аурумен ауыратын науқасты (немесе инфекциялық ауруға күдікті) әрбір жеткізгеннен кейін жедел медициналық жәрдем автокөлігіндегі жұмыс беттері (пациенттің денесімен және (немесе) биоматериалымен жанасатын беттер) оларды қолдану жөніндегі дайындаушының нұсқаулығына сәйкес дезинфекциялау ерітіндісімен сүртіледі. |