Рк. лекция номер1 орыс т. Лекция 1 Тема. Лексикология. Лексикосемантическая система языка. План лекции
Скачать 68.99 Kb.
|
Дәріс №4 Тақырып:Сөз мағынасының түрлері 1. Сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын, ондағы мағыналардың өзгеру жолдарын зерттейтін ғылым саласын – семасиология деп атайды. Тілдік құбылыстардың ішіндегі ең күрделісі, ең қиыны – сөз. Сөз – дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұрады. Сөздің белгілі бір дыбыстық құрамда айтылуы оның формасы десек, сөз мағынасы оның мазмұны болмақ..Сөз мағыналары – негізгі мағына және туынды мағына болады. Мысалы, «ер» деген сөздің «еркек» деген мағынасы – көне, негізгі мағынаны көрсетсе, «күйеу, бай» «батыр, жүректі» деген мағыналары сөздің мағыналық жақтан дамуы нәтижесінде кейіннен пайда болған туынды мағыналар. Тіліміздің қазіргі даму қалпы, сатысы (статистикалық, синхрондық) тұрғысынан келсек, сөз мағыналарының екі түрі болады: сөздің тура мағынасы, сөздің ауыспалы, келтірінді мағынасы. Сөздің лексикалық мағынасы – жинақталған күрделі мағына болады. Ол бір тектес көп затты жинақтап, жалпылап көрсетеді. Сөз мағынасы заттық-логикалық ұғымнан басқа айтуышының ақиқат дүниеге көзқарасын, әр түрлі көңіл күйін, сезімін және сөздің грамматикалық сипатын да білдіре алады. Сөз мағынасының екі түрі бар: лексикалық және грамматикалық мағына. В.В. Виноградовтың анықтамасы бойынша сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз – «тілдің грамматикалық заңдарына сай тұлғаланған, оның сөздігіне тән жалпы семантикалық жүйесінің элементі болып табылатын сөздің заттық-материалдық мазмұны». Ал сөздің грамматикалық мағынасы дегеніміз грамматикалық амал-тәсілдер арқылы туатын, сөздің бірыңғай топтары мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарға тән, жинақталған дерексіз мағына. В.В. Виноградов сөздің лексикалық мағынасын 3 типке бөледі: 1) тура немесе номинативті мағына - сөздің затты я құбылысты атап білдіретін мағынасы; 2) фразеологиялық байлаулы мағына – сөздің белгілі ғана сөздермен тіркесуі арқылы, яғни фразеологиялық тіркестерде берілетін лексикалық мағынасы; 3) синтаксистік шартты мағына – сөздің сөйлемде өзіне дағдылы емес қызмет атқаруынан туатын ауыс мағынасы, яғни сөздің сөйлемде белгілі бір синтаксистік құрылымда қолданылуынан туған мағынасы. Сөздердің лексикалық мағыналарының негізгі типтері: 1. Сөздің атауыш (номинатив) мағынасы. Сөздің затты не құбылысты атап білдіретін мағынасы атауыш мағына деп аталады. Егер сөз затты дәл қалпында атап білдірсе, онда оның мағынасы нақты мағына болады. Егер сөз затты оның нақты белгілерінен, қасиеттерінен ажыратып, жалпылап, дерексіздендіріп білдірсе, онда дерексіз (абстракті) мағына туады. 2. Сөздің шығу тегіне байланысты туған лексикалық мағыналары. Оларға сөздің түпкі және туынды мағынасы, омонимдік, синонимдік, антонимдік мағыналары жатады. Түпкі мағына деп тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарағанда ары қарай бөлшектенбей түбір ретінде танылатын дербес сөздердің мағынасын айтамыз. Туынды мағына басқа бір мағынаның қатысымен туған, пайда болу себебін түсіндіруге болатын, сөздің кейінгі (екінші) мағынасы болып табылады. 3. Сөздердің тіркесу сипатына байланысты туған лексикалық мағыналары. Оларға сөздің еркін және байлаулы мағыналары жатады. 4. сөздің стилистикалық қызметіне байланысты туған лексикалық мағыналары. Сөз мағынасының жиі қайталанып отыратын, тұтас қауым қабылдап, дағдылы сипат алған мағыналарының ауысуын узуалды (лат.usus әдеттегі, дағдылы) ауысу дейміз. Бұған тілдік метафоралық ауысудың, содан туған көп мағыналылықтың сөздікке енетін түрлері жатады. Сөз мағынасы ауысуының сөйлеу үстінде, көркем шығармада, жеке авторлық сөз қолданыста туған метонимиялық, синекдохалық түрлері тілдің сөздік жүйесіне енбейді. Олар үнемі қайталап отыратын дағдылы ауыс мағыналар болмағандықтан, окказионалды (лат.occasionalis – тосын, кездейсоқ) мағыналар деп аталады. Сөздердің басқа сөздермен қарым-қатынасқа түспей, жеке дара тұрған күйіндегі негізгі мағынасын лексикалық мағынасы деп атаймыз. Сөзде лексикалық мағынамен қатар грамматикалық мағынасы да болады. Мен, ауыл, машина, бар деген сөздерді алсақ, олардың әрқайсысы жеке-жеке ұғымдары білдіреді. Бірақ олардың осы жиынтығынан ешқандай хабар берілмейді. Адам сөйлескен кезде жеке лексикалық сөздер арқылы білдіруге болмайтын неше түрлі мағыналардың бәрін тек грамматикалық амал-тәсілдер арқылы ғана түсінікті етіп айтуға болады. Яғни, жоғарыдағы сөздердің грамматикалық тәсілдер көмегімен «Мен ауылға машинамен бардым» деп хабарлауға болады. Сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін я сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасын грамматикалық мағына дейміз. Мысалы: Жер жырттық, Егін салдық, Қайнады еңбек. Осы мысалда 6 лексикалық мағына бар және бірнеше грамматикалық мағына бар. Жырттық, салдық деген сөздерде: - іс-әрекет өткен мезгілге қатысты (шақтық мағына). - іс-әрекетті бірнеше адам істеген (көптік мағына). - іс-әрекет 1-жаққа қатысты істелінген (жақтық мағына) бар. 2. Грамматика тілдегі грамматикалық бірліктерді және ол бірліктердің әр басын қосып ұйымдастырып, қатынас жасауда іске жарататын, әрі олардың бір – біріне жігін ажырататын тәсілдерді, құралдарды зерттейді. Грамматикалық негізгі бірліктер – морфема, сөз тіркесі және сөйлем. Грамматикалық бірліктердің негізгі табиғатын түсінуге олардың ара қатысы мен байланысын айқындауға т.б. қатысы бір алуан грамматикалық ұғымдар бар. Олардың қатарына грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық тәсіл және грамматикалық категория туралы ұғымдар енеді. Сөзде лексикалық мағына мен бірнеше грамматикалық мағына ұштасып келеді. Грамматикалық мағыналар сөздердің арасындағы әр түрлі қатынастар тіл – тілде түрлі – түрлі грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) құралдар, амал – тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағыналарды, сөздердің арасындағы әр түрлі қатынастарды білдірудің жолы грамматикалық тәсіл деп аталады. Грамматикалық тәсілдердің бірнеше түрі бар. Олар: Афиксация тәсіл, қосарлану тәсілі, көмекші сөздер тәсіл, интонация тәсілі. Грамматикалық тәсілдердің қатарына сөздердің орын тәртібі, ішкі флекция, екпін тәсілдері де жатады. Грамматикалық әрі өте маңызы, әрі күрделі мәселелерінің бірі – грамматикалық форма туралы мәселе. Грамматикалық форма туралы туралы ұғым грамматикалық мағына және грамматикалық тәсіл туралы ұғымдармен тығыз байланысты. Грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формамен айтылады. Ал грамматикалық тәсіл грамматикалық мағынаны грамматикалық форма арқылы білдірудің жолы болып саналады. Грамматикалық мағыналар тіл-тілде әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы беріледі. Ол тәсілдер мыналар: 1) аффиксация тәсілі, 2) ішкі флексия тәсілі, 3) қосарлану тәсілі, 4) көмекші сөздер тәсілі 5)сөздердің орын тәртібі тәсілі, 6) екпін тәсілі, 7) интонация тәсілі. 1.Аффиксация тәсілі. Түбірге немесе негізге аффикстер жалғану арқылы грамматикалық мағынаның берілуі - аффиксация тәсілі деп аталады. Бұл тәсіл әсіресе түркі тілдерінде жиі қолданылады. Аффиксация тәсілі, түркі тілдерінен басқа, үнді еуропа тілдерінде де бар. 2. Ішкі флексия тәсілі. Грамматикалық мағыналарды білдірудің басты тәсілдерінің бірі - флекция тәсілі. Ішкі флексия тәсілі дегеніміз — түбірдің дыбыстық құрамының өзгеруі арқылы грамматикалық мағынаны білдіру тәсілі. Мыс: ходить>хожу. Бұл тәсіл әсіресе семит тілдеріне (араб, еврей т.б.) тән тәсіл. 3.Қосарлану тәсілі. Екі сөздің қосырлануы да грамматикалық мағынаны білдірудің тәсілі ретінде қызмет етеді. Қосарлану тәсіл түркі тілдерінде кең тараған және ол практикада жиі қолданылады. Мысалы: кұшақ-кұшақ, (қурай), қап-қара (бұлт), тап-тар (киім), жап-жалтыр (мұз). 4.Көмекші сөздер тәсілі. Тілде негізгі атауыш сөздермен бірге көмекші сөздер де болатыңдығы белгілі. Атауыш сөздерде дербестік болса, көмекші сөздерде дербестік жоқ. Сондықтан да, олар аффикстерге ұқсас қызмет атқарады. Көмекші сөздердің түрлері көп. Олардың білдіретін мағыналары да алуан түрлі. 5. Сөздердің орын тәртібі. Бұл да - грамматикалық тәсілдердің бірі. Сөз түрлендіруші формалар жоқ немесе аз тілдерде сездердің, орын тәртібінің мәні айрықша. Ағылшын тілі мен қытай тіліңде сөздердің орын тәртібі - грамматикалық тәсілдердің ішіндегі басты тәсілдердің бірі. 6.Екпін тәсілі.Сөз екпіні тиянақсыз, яғни жылжымалы болса, ол да грамматикалық тәсіл ретінде қызмет атқарады. 7.Интонация тәсілі. Екпін сөзге қатысты болса, интонация — фразаға, сөйлемге қатысты болады. Сонымен, грамматикалық мағыналарды білдірудің тәсілдері алуан түрлі екен. Олар екі топқа бөлінеді: 1) синтетикалық тәсілдер (аффиксация, ішкіфлексия, екпін, қосарлану), 2)аналитикалық тәсілдер (көмекші сөздер, сөздердің орын тәртібі, интонация). Синтетикалық тәсіл сөз ішінде болады, аланалитикалық тәсіл сөздің сыртында болады. Синтетикалық тәсілдер жиі қолданылатын тілдерді – синтетикалық тілдер, аналитикалық тәсілдер жиі қолданылатын – аналитикалық тілдер деп айтады. Синтетикалық тілдердің қатарына үндіеуропа, славян, түркі, маңғол тілдері жатады. Аланалитикалық тілдерге ағылшын, болғар, дат, грек, француз тілдері енеді. Грамматикалық мағына – грамматикалық құбылыстың мазмұны болса, грамматикалық тәсіл сол мазмұнды білдіретін формасы. Жырттық, салдық деген сөздердегі грамматикалық мағыналар белгілі бір формалар арқылы беріліп тұр: - өткен шақтық мағына –ты,-ды формасы арқылы. - көптік және жақтық мағына –қ формасы арқылы. Грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық амал-тәсілдер грамматикалық формалар деп аталады. Грамматикалық мағынаны грамматикалық форма арқылы берудің жолын грамматикалық тәсіл деп атайды. Грамматикалық тәсілдің 3 түрі бар: семантикалық, синтетикалық, аналитикалық тәсілдер. Тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады. Грамматикалық категориялар тілде топ-топқа бөлініп, белгілі грамматикалық сөз таптарына тән, оларға телулі болады. Мысалы, септік, тәуелдік, көптік категориялары зат есімге, шырай категориясы сын есімге, шақ, етіс, рай, есімше, көсемше категориялары етістікке тән болады 3. Сөздің екі я одан да көп мағынаға ие болуын сөздің көп мағыналығы (полисемия) дейміз. Сөздің семантикалық құрылысы неғұрлым күрделі әрі бай болса, соғұрлым олардың (көп мағыналы сөздердің) тілдегі атқаратын қызметі де күшейе бермек. Әсіресе көп мағыналы сөздер сөздік құрамдағы синонимдердің көбеюіне үлкен ықпал етіп отырады. Сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда да тілде бір сөз бір сөзбен алмастырыла береді. Мұндай жағдайда мағынасы тұрпайы сөздің орнына сол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер айтылады. Мұндай құбылыс тіл білімінде эвфемизм деп аталады. Қазіргі кезеңдегі қолданылып жүрген эвфемизмдер бүгін таңдағы өскелең халқымыздың қалыптасқан этикалық және эстетикалық нормаларының күнделікті нақ көріністері деп есептеледі. Эвфемизм тәсілімен сөз алмастырудың мынадай жолдары бар: 1) Ауру аттары алмастырылады. М.: қылтамақ-жаман ауру. 2) Адамның дене мүшелеріндегі кем-кетік атаулары басқа сөздермен алмастырылады. М.: керең-құлағының мүкісі бар. 3) Мағынасы айтушы мен тыңдаушыға бірдей соншама жағымсыз, дөрекі сөздер алмастырылады. М.: қи-үлкен дәрет. 4) Үйлену мен тұрмыс құруға байланысты сөздер алмастырылады. М.: тұрмыс құру, баласын аяқтандыру. 5) Қоғам өміріндегі адамдардың бір-бірінің жағымсыз қарым-қатынастарына қатысты сөздер басқа сөздермен алмастырылады. М.: аузы жеңіл, қолының жымысқысы бар. Дәріс №5 Тақырып: Қазақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік құрамы 1. Қазақ тілі сөздік құрамының толығып даму жолдары: а) байырғы тума сөздер негізінде, ә) кірме сөздер негізінде іске асатыны. Сөздік құрамның тума сөздер негізінде дамуына сөзжасам тәсілдері қызмет ететіні (түбір сөзге жұрнақ жалғау, сөздердің біріктіру, қосарлау, тіркестіру, қысқартып қолдану, сөз мағынасын жаңарту). Сөздік құрамның толығу жолдарының зерттелу жайы. Байырғы төл сөздер сөздік құрамның сан жағынан ең мол, құрылымдық-стилистикалық және грамматикалық сипаты жағынан алуан түрлі қабатына жатады. Байырғы лексиканың негізінде түркі тілдеріне ортақ сөздер жатыр. Оған қазақ тілінің негізгі сөздік қорына кіретін сөздер түгелдей дерлік кіреді.Байырғы лексикаға олардан басқа сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған мыңдаған тума сөздер, қазіргі кезде көнеріп кеткен сөздер мен тұрақты сөз тіркестері, әбден халықтық сипат алып кеткен бірқатар кірме сөздер кіреді. Мысалы араб-парсыдан ауысқан әуен, қорек, әрекет, орыстан ауысқан самауыр, рет, бәтіңке т.б. Байырғы төл сөздер дегеніміз қазақ халқының өмір тіршілігі мен шаруашылығына, тұрмысы мен мәдениетіне, дүние танымы мен түсінігіне байланысты жалпы халықтық сипатта қалыптасқан, оның өзіне тән сөздері. Байырғы төл сөздер, бір жағынан, байырғы, ескі, көнелік, екінші жағынан, тілдің өзіне тән, меншікті етене қасиеттерімен сипатталады. Осындай сипаттағы қазақтың байырғы төл сөздері, негізінен қазақ тайпаларының қыпшақ қауымынан бөлініп шығып, XV – XVI мен XIX ғасырлар арасында өз алдына халық болып біріккен кезінде пйда болған. Тарихи тума сөздер тіліміздің сөзжасам тәсілдері арқылы пайда болған. Олардың ішінде ең өнімдісі - сөзжасам жұрнақтары арқылы туған сөздер. Тума сөздер сөз таптарының бәрінде де кездеседі. Әр сөз табының өзіне тән сөзжасам жұрнақтары бар. Олардың ішінде көп сөз жасаған өнімділері де, аз сөз жасаған өнімсіздері де бар. Сөзжасамда жұрнақтардан басқа сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы да көп сөздер жасалған.Мәселен, сөздердің бірігуі арқылы: айбалта, қаламсап, келісап, шекара, орынбасар. Сөздердің қосарлануы арқылы: қора-қора, көзбе-көз, ат-мат. Сөздердің тіркесуі арқылы: дымы құру, сүмбіл шаш, тауы шағылу. Бұлардан басқа лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер де аз емес. Бұл тәсіл бойынша сөздердің түр-тұрпаты өзгермей, тек олардың мағыналық жағында өзгеріс туып, жаңа сөз сипатына ие болады. 2. Сөздердің стильдік қызметіне байланысты түрлері.Бейтарап лексика. Сөйлеу тілінің лексикасы. Кітаби лексика. Экспрессивті-эмоционалды лексика. Бұлардың зерттелу жайы. Сөздердің қызметіне қарай жіктелуі функционалдық стильдердің түрлерімен үйлес келіп отырады. Стильаралық лексикаға функционалдық стильдердің ешқайсысына жатқызуға болмайтын сөздер жатады. Стильаралық сөздер нақты бір стиль дәрежесінде емес, стильдердің бәріне қатысты болғандықтан, бейтарап деп аталады. Олар сөйлеу тілінде болсын, жазба тілде болсын қолданылатын лексиканың негізін қалайды. Сөйлеу тілінің лексикасына функционалдық сөйлеу стиліне тән сөздер жатады. Оған қатысты сөздер: адамның күнделікті тікелей қарым-қатынасы кезінде, емін-еркін сұхбат үстінде қолданылады, алдын ала ойланып сұрыпталмай, сөйлеу үстінде әңгіменің желісіне қарай туып отырады, тақырыптық аясы кең, яғни тақырып жағынан шек қойылмайды, қоғам, табиғат, адам өмірінің барлық жағын да қамтуы мүмкін. Сөйлеу стилінің лексикасы мынадай топтарға бөлінеді: тұрмыстық-қарапайым сөздер, варваризмдер, ауызша әдеби-сөйлеу лексикасы. Кітаби лексика дегеніміз әдеби лексика. Қазақ тіліндегі кітаби лексика тарихи және қазіргі тұрғыдан екі салаға бөлінеді: а) ескі дәуірдегі кітаби лексика, ә) қазіргі кітаби лексика. Кітаби лексика деп белгілі дәрежеде әдеби нормаға түскен, стилистикалық қолданысы жағынан сараланған (шектелген) жазба тілге тән сөздерді айтамыз. Бұрынғы дәуірдегі жазба мұралардың тілі, соларға тән жазу дәстүрі ескі кітаби тіл деп, ал сол нұсқаларда қолданылған түркі тілдеріне ортақ сөздер ескі дәуірдегі кітаби лексика деп аталады. Ескі кітаби тіл дәстүрі қазақ әдеби тілінің барлық кезеңдеріне де әсерін тигізген. Оны қазақтың ауыз әдебиетінен де, жазба әдеби тілдің негізін салған Абай, Ыбырай шығармаларынан да көреміз. Қазіргі кітаби лексикаға сөйлеу тілінің тұрмыстық-қарапайым лексикасынан, диалектизмдерден басқа, әдеби нормалық белгілердің қатаң сақталуын талап ететін публицистикалық, ғылыми және ресми құжаттар стильдерінде, көркем әдебиет тілінде қолданылатын сөздер жатады. Қазіргі кітаби (әдеби) лексиканың негізінде сөйлеу тіліне де, әдеби тілге де ортақ жалпылама сөздер жатады. Жалпылама лексика баспа ретінде сөз шеберлерінің сұрыптап өңдеуінен өтіп, әдеби нормаға ие болып отырады. Бұл - әдеби лексиканың сөйлеу тіліндегі лексикадан ең басты айырмасы. Адамның сезіміне әсер ететін сөздер тобы экспрессивті-эмоционалды лексика деп аталады. Олар әр түрлі жолмен пайда болған: а) бірқатар сөз ешбір қосымшасыз жеке тұрып эмоционалдық бояуға ие болып тұрады: масқара, сайтан, жексұрын, айналайын; ә) кейбір сөздер белгілі бір мәтін ішінде эмоционалдық бояуға ие болады; б) морфологиялық жолмен пайда болған эмоционалды сөздер еркелету, менсінбеу, елемеу, кішірейту қосымшалары арқылы жасалады: ботақан, інішек, балақай, алпамсадай. Диалект деп тілдегі жалпы халықтық сипат амалын белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын айтамыз.Мысалы,сіріңке – кеуірт, күкірт, шырпы, ши, оттық, шақпақ; шылапшын леген, жам, кірлен, шылаушын, тас; кесе- самал,пиялай,кәсе,тас аяқ шыны аяқ, ақпар,кәрлен,жанан; күрке – балағаш,балаған,шайла, шабыра,кеппе,аткүрке,алты аяқ,қапын, лапас; Жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі говор деп аталады. Мысалы, Қазақстан жағдайында диалект екі-үш облыс көлеміндей жерді қамтыса,говор бір облыс немесе екі-үш аудан көлеміндей жерді, қамтиды. Мысалы,қазақ тілінде „ Шығыс говоры”, „ Батыс говоры”, „ Оңтүстік говоры” немесе „Қызылорда говоры”, – „ Шу говоры” дегендер бар. Көнерген сөздер – архаизмдер және историзмдер болып екіге бөлінеді. Архайзмдер – әр халықтың тұрмыс-тіршілігіне,дүниетанымына байланысты әр дәуірде өзгеріп, әр түрлі басқаша сөздермен ауысып отыратын, яғни қазір басқаша аталатын ұғымның бұрынғы атауы болатын сөздер. Мысалы: аэрофлот (әуежай), адрес (мекен-жай), рыноктық (нарықтық) т.б. Қазақ тілінде архайзмдердің мынадай түрлері бар: 1.Киім-кешек, мата, кездемеге байланысты: бөз, мақпал, ләстек, шайы, жаулық, сәукеле т.б. 2.Ыдыс-аяқ атаулары: сапты аяқ, көнек, торсық, талыс, кебеже, керсен т.б. 3.Салт-сана; әдет-ғұрыпқа байланысты: сауын айту, ас беру, жарыс қазан, тоқым қағар, бесік құда, қалың мал т.б. 4.Діни ұғымға байланысты: зікір, жаназа, ақырет, жайнамаз, зекет,пітір, жыртыс, ақтық т.б. Историзмдер – белгілі бір дәуірдегі қоғамдық ұғымға байланысты туып, қазір қолданыстан шығып қалған сөздер.Мысалы: уез, барымта, ханзада, батырақ, керуен, жүз басы т.б. Историзмдер де бірнеше топқа бөлінеді: 1.Әкімшілік басқару ісіне байланысты: патша, хан, ханым, бекзада, ауылнай, болыс, би т.б. 2.Қару-жарақ, әскери лауазыммен байланысты: садақ, жебе, найза, сауыт, қалқан т.б. 3. Қазан революциясы кезінде пайда болған историзмдер: нарком, кедейлер комитеті, партия ұясы, қызыл отау т.б. Неологизмдер – ғылым мен техниканың дамуына байланысты тілге ене бастаған жаңа сөздер. Мысалы: кеден, ұшақ, жарнама, делдал, зейнетақы, саябақ т.б. Неологизм негізінен мына жолдармен жасалады: Бұрыннан бар сөздерге түрлі жұрнақтарды қосу арқылы: оқулық, көрермен, балмұздақ, өміршең т.б. Жалқы есімдерді жалпы есімдерге айналдыру арқылы: суворовшылар, мичуриншілер т.б. Екі сөзді біріктіру арқылы: келіссөз, ұлтаралық, жетіжылдық т.б. Кейбір неологизмдер сөз тіркесінен де жасалады: агротехникалық шаралар, жергілікті тыңайтқыштар, шаруашылық дақылдары т.б. Жаңадан енген сөздердің тың, жаңа екендігі аңғарылып, сезіліп тұрғанда ғана неологизм болады. Уақыт өткен сайын кейбір сөздер үйреншікті, бұрыннан да бар сөздер секілді болғанда, неологизм болудан қалады.Мысалы:колхоз, комбайн, бригадир, электр, радио, партия т.б.сөздері алғашқы кезде неологизм болса, кейін сөздік қорға еніп кетті.Неологизмдер лексикалық және семантикалық болып екіге бөлінеді. |