Рсаттар жне хабарламалар туралы
Скачать 112.88 Kb.
|
17-бап. Рұқсат беру және хабарлама жасау тәртіптері туралы жалпы ережелер 1. Жеке және заңды тұлғалардың жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсатының болуы немесе осы Заңда белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті. 2. Жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді. Осы Заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін жеке немесе заңды тұлғалар рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны жеке немесе заңды тұлға жіберуге тиіс. 3. Осы Заңға сәйкес өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілгенге дейін қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсатсыз немесе хабарламасыз жүзеге асырып келген жеке және заңды тұлғалар осы Заңда өздеріне қатысты рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілетін қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруды жалғастыру үшін тиісті рұқсатты алуға немесе тиісті хабарлама жіберуге міндетті. 4. Осы баптың 1 және 2-тармақтары осы Заңның 18-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде және 28-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды. 5. Осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай жүргізіледі. 6. Осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда рұқсаттардың және хабарламалардың толық тізбесі көзделеді. 7. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, қайта бастау және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. 18-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және оның күшін жою тәртібі 1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі. 2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс. Осы тармақтың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды. 3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғада рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды. 4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткенге дейін қолданысқа енгізіле алмайды. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы. Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін, оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде жүзеге асыруға тиіс. 5. Осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы. Осы тармақтың күші қаржы саласындағы қызметке және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметке берілетін рұқсаттарға қолданылмайды. 6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою осы Заңға 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар мен хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және жеке немесе заңды тұлғаның қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ немесе хабарлама жібермей-ақ жүзеге асыру құқығына әкеп соғады. Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 19-бап. Реттеушілік әсерді талдау 1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін қолданудың тиімділігіне қарай реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша рұқсаттардың немесе хабарламалардың жекелеген түрлері бір түрден екінші түрге ауыстырылуы не олардың күші жойылуы немесе міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге берілуі мүмкін. Осы Заңға сәйкес жүзеге асырылуы үшін рұқсаттың болуы немесе хабарлама жіберу талап етілетін қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) мемлекеттік реттеу немесе міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күші жойылуға жатады. 2. Осы баптың күші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қолданылмайды. Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 20-бап. Өтініш берушілердің құқықтары 1. Өтініш берушілердің: 1) рұқсаттар мен хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға; 2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) олардың қызметкерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға; 3) рұқсаттарды конкурс арқылы беруді қоспағанда, осы Заңның 48-бабының ережелерiн ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу үшiн немесе хабарлама жiберу үшiн өтiнiштiң электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға; 4) осы Заңның 48-бабының ережелерін ескере отырып, берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар. 2. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді. Ескерту. 20-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 21-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері 1. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сауалмен жүгінуге құқығы бар. 2. Рұқсат беру органдары: 1) осы Заңға сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға; 2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға; 3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі туралы және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге; 4) мемлекеттік органдарға және Мемлекеттік корпорацияға лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру үшін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты ұсынуға; 5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға; 6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толығып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге; 7) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға; 8) инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық басым жобаларды іске асыратын инвесторларға қатысты лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру үшін қажет ақпаратты беруге міндетті. Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. 4-тарау. РҰҚСАТТАР 22-бап. Рұқсаттардың қолданысы 1. Рұқсаттар беру біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкес келетін барлық тұлғалар үшін тең негіздерде және тең жағдайларда жүзеге асырылады. 2. Осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда ескерту ретінде: 1) лицензияның иеліктен шығарылатындығы туралы; 2) рұқсат беру кезінде конкурс рәсімдерінің қолданылатындығы туралы; 3) рұқсаттың қолданылу мерзімі туралы; 4) рұқсат беру кезінде осы Заңның 25-бабы 3-тармағы бірінші бөлігінің және 26-бабы 1 және 2-тармақтарының күші қолданылмайтындығы туралы мәліметтер; 5) басқа да қажетті мәліметтер көрсетіледі. 3. Рұқсаттардың күші, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына қолданылады. 23-бап. Рұқсаттардың сыныптары Реттеу объектілеріне қарай рұқсаттар мынадай сыныптарға бөлінеді: 1) 1-сынып – қызметке берілетін рұқсаттар; 2) 2-сынып – объектілерге берілетін рұқсаттар; 3) 3-сынып – біржолғы рұқсаттар; 4) 4-сынып – ресурстары шектеулі немесе квоталарды пайдаланатын қызметке берілетін рұқсаттар; 5) 5-сынып – жеке тұлғаларға кәсіби қызметке берілетін рұқсаттар; 6) 6-сынып – өнімге берілетін рұқсаттар. 24-бап. Рұқсаттардың және (немесе) оларға қосымшалардың нысандары Рұқсаттардың және (немесе) оларға қосымшалардың нысандарын рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша реттеуші мемлекеттік органдар, сондай-ақ қаржы саласындағы қызмет және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызмет үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiтедi. Рұқсатқа қосымша рұқсаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Лицензияға қосымша лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) немесе лицензия берілген немесе берілетін объектілерді көрсету, сондай-ақ қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырудың нақты мекенжайын көрсету үшін ресімделеді. Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз). 25-бап. Рұқсаттарды алуға арналған өтініштерді қараудың жалпы тәртібі 1. Рұқсат беру органы лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беруге өтініш берушінің құжаттарын алған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеруге міндетті. Өтініш беруші құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, рұқсат беру органы көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде бас тартады. 2. Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген жағдайларда өтініш берушінің Нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың келісімдерін (ілеспе рұқсаттарды) алу үшін рұқсат беру органы өтініш берушінің рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алуға арналған құжаттары тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің алдағы қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру орны бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сауал жібереді. Мемлекеттік органдар рұқсат беру органының сауалы негізінде он жұмыс күні ішінде тиісті рұқсат беру органына өтініш берушінің лицензиялау кезінде немесе рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру кезінде қойылатын талаптарға сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы жауапты жібереді. Екінші санаттағы рұқсаттар үшін нормативтік құқықтық актілерде осы баптың 1-тармағында, осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайлар үшін өзгеше мерзімдер белгіленуі мүмкін. 3. Мемлекеттік органдар белгіленген мерзімдерде жауап ұсынбаған жағдайда, рұқсат беру келісілген деп есептеледі. Осы тармақтың ережелері осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда тиісінше ескерту бар рұқсаттарға қолданылмайды. 4. Рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны беру үшін тиісті рұқсат беру органына немесе Мемлекеттік корпорацияға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдаған күні туралы белгімен өтініш берушіге жіберіледі (тапсырылады). Бұл ретте тізімдемені өтініш беруші жасайды. Өтініш рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда берілген жағдайда рұқсат беру органының уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, тиісті өтініштің қабылданғандығын растау туралы құжат беріледі. Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз); 17.11.2015 № 408-V(01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен. |