ИНТЕРБЕЛСЕНДИ. Тапсырм1. Тапсырма Интербелсенді дістемені теориялы жне методологиялы негіздемесі Болонья процесіні негізгі идеялары туралы Білім игеру процесіні басты тласы йренуші
Скачать 44.29 Kb.
|
Тапсырма-1. Интербелсенді әдістеменің теориялық және методологиялық негіздемесі 1. Болонья процесінің негізгі идеялары туралы «Білім игеру процесінің басты тұлғасы – үйренуші» деген ұстаным бүгінгі күнгі «білім» ұғымының жаңа мағынасы мен түсінігі, жаңашыл таным философиясы мен оның идеяларын ұстанатын біліми жобалар мен технологиялардың басты идеясы. Бұл идея Болонья процесінің негізгі қағидаларына сәйкес келеді. Қазіргі күні еліміздің жоғары оқу орындары өзінің дамуы мен ертеңгі болашағын Болонья процесімен байланыстырады. Қазақстанда білімді 2005-2010 жылдарда дамытудың мемлекеттік бағдарламасының көптеген мақсаттары Болонья келісімінің ортақ жоғары білім саласын құру, ұлттық жүйелерді жақындастыру және өзара мойындау идеяларымен сарындас және үндес. Болонья идеяларының неліктен, қай себепті пайда болғандығы жақсы белгілі. Күні кеше ғана индустриалдық кезеңде бүкіл Әлем салыстырмалы тұрақтылық жағдайда еді: еңбек пен тауар өндіру нарықтары айқындалып, ұлттық және аймақтық экономикалар бір қалыпты, болжауға тұрарлық түрде дамитын, кәсіптер де көзге көрінетін бәлендей өзгерістерге ұшырамайтын. Бәрі де үйреншікті әрі болжаулы болатын: экономикалық даму капиталдың көлемі мен жалпы тауар өндірісін кеңейтумен шектелетін. Ал бүгінгі постиндустриалдық заманның басты ерекшеліктері, керісінше, тұрақсыздық пен болжаусыздық, динамика мен өзгерістер. Оның себептері келесіде жатыр: ақпараттың шамадан тыс геометриялық прогрессияда ұлғайып отыруы, бұрынғы рыноктардың өз шекараларын өзгертуі және соның салдарынан туындаған жаһандану үрдісі, әлем экономикасының тауар өндіруден (қазір бұл сала жұмысқа қатысушылардың тек 15 %-ін ғана қамтиды) қызмет көрсетуге (барлық жұмыс жасайтындардың 85%-ін қамтиды) ауысуы. Соңғы жәйт өз кезегінде дәстүрлі кәсіптердің өзгеруіне және жаңа кәсіптердің көптеп пайда болуына әкелуде: әрбір он жылда кәсіптердің жалпы саны 25%-ке жаңарып отырады. Сонымен бірге кәсіптер ықпалдасуға (интеграцияға) қарай ойысуда, ортақ қасиеттер иемденуде: олардың ерекшеліктерінен ұқсастықтары басым болуда. Постиндустриалды кезеңнің тағы да бір ерекшелігі экономиканың адамға бағытталуымен және өз кезегінде адамның өндірістегі алатын орнының өзгеруімен байланысты. Адам енді өндірістің элементі емей, оның басты құндылығы мен артықшылығына айналуда. Экономика бүгін экономика үшін емес, адам үшін дамуда. Бүгінгі күнгі экономиканың басты мақсаты адамға, оның біліміне бағытталған. Алайда бұл жерде мәселе білімнің өзінде емес, оның әрекеттегі өзгеруінде, қолдануында болып отыр. Сол себепті де қазіргі адамцентристік (антропологиялық) экономикаға жаңа білімді мамандар қажет. Ал бұл талап «білім беру» тұрғысынан емес (білімцентристік қағида), «білім алу» (үйренушіцентристік қағида) ғана орындалуы мүмкін. Осы идея аумағындағы Болонья процесі қолданысындағы басты тұжырымдамалық ұғымдардың бірі – білім игеру процесінің нәтижеге бағытталуы, нәтижені білім беру/алу жүйесінің негізгі қызметіне (функциясына) айналдыру. Білім алу процесінің нәтижесі дегеніміз сабақ, пән, бағдарлама, оқудың толық курсы аяқталғаннан кейін студенттің (жоғарғы оқу орны түлегінің) қандай білім, білік, дағды, машық иемденетіндігі, оның «не» жасай алатындығы, қолынан «не» келетіндігі. Нәтижеге бағытталған білім игеру процесінің басты тұлғасы студент болып отырғандығы дау туғызбайтын мәселе: үйрену ғана ықтимал, яғни бұл процесс бұрынғы «оқытушыцентристік» оқытудан «студентцентристік» оқуға ауысуды меңзейді. Білім игерудің нәтижесін бұрынғыдай тек білім, білік, дағды аумағында ғана құрастыру қазіргі күні аздық етеді, өйткені олар үйренушінің тек біліктілігін ғана айқындайды. Сол себепті де Болонья процесінде біліктілік (квалификация) термині құзырлылықпен (компетенция) алмастырылған, құзырлылық білім игеру процесінің басты нәтижесі ретінде танылады. Біліктілікті (квалификация) негізге алған оқыту білім алушының өмір сүрудегі мүмкіншіліктеріне, оның қандай да бір әрекетті жасау дайындығына жіті назар салмай, оның білімін тек оқытылатын пән деңгейінде, яғни оқытушы тұрғысынан жасалған бағдарлама мен жоспарлау тұрғысынан қарастырады. Біліктілік дегеніміз тұрақты контекстер мен алгоритмдер аумағындағы алдын-ала айқындалған әрекеттер арқылы маман дайындау. Ал құзырлылық білім игеру процесін жоспарлаудан нәтижені айқындауға қарай ойыстырады, негізгі әрекет тұлғасы оқытушы деп есептелетін «оқытудан» («үйретуден») басты қозғаушы күш студент болатын «оқуға» («үйренуге») ауыстырады, салмақты «білім беруден» «білім алуға» түсіреді. Құзырлылық бүкіл білім жүйесін өз білімінің ауқымын, оны игерудің әдістері мен тәсілдерін өзіндік тұрғыдан айқындайтын, қоғам алдындағы өз біліміне деген жауапкершілікті терең түсінетін студентке бағытталуды талап етеді. Құзырлылық идеясы бойынша студент білімді өздігімен игеруі керек. Құзырлылық дегеніміз маманның белгілі бір кәсіби сала аумағындағы білімі, білігі, дағдыларының жиынтығы. Бұл ұғым тек танымдық және әрекеттік-технологиялық түсініктерді білдірмей, сонымен бірге мотивациялық, әлеуметтік және тұлғалық ерекшеліктерді меңзейді. Кәсіби құзырлылық – маманның кәсіби қызметті атқаруға дайындығын көрсететін күрделі қасиеттерінің (өмірлік тәжірибесі, теориялық білімдері, практикалық біліктері мен дағдылары, тұлғалық ерекшеліктері) көрсеткіші. Бүгінде кәсіби құзырлылықтың келесідей түрлері ажыратылады: - арнайы - жеткілікті деңгейде кәсіби қызметті меңгеру, өзінің болашақтағы кәсіби дамуын жоспарлау қабілеті; - әлеуметтік – бірлескен кәсіби қызмет пен өзара әрекеттесуді, кәсіп саласында қабылданған қарым-қатынас тәсілдерін меңгеру, өз жұмысының нәтижелеріне деген әлеуметтік жауапкершілікті сезіну; - тұлғалық - өзін-өзі дамыту және өз қабілеттерін жүзеге асыру тәсілдерін меңгеру; - жеке – кәсіп аумағында өз қабілеттерін жүзеге асыру тәсілдері мен өзінің дербестігін дамытатын тәсілдерді меңгеру, кәсіби тұрғыдан өсіп-дамуға деген дайындығы. Жоғарғы оқудың басты мақсаты – нәтиже Болонья процесі идеялары мен талаптары аумағында әрбір жоғары оқу орнының алға қойған мақсаты оқу нәтижесімен байланысты болуы керек. Ал оқу нәтижелері дегеніміз студенттердің оқу аяғында әртүрлі деңгейлерде (модульдік, институционалдық) қандай құзырлылықтарды меңгеретіндігін анықтап, көрсету: - не білетіндігін және не жасай білетіндігін, - қандай да бір бірліктермен өлшеуге келетін жетістіктерін. Бүгінде жоғарғы оқудың реформасы білім нәтижелерін жоғары оқу орнының негізгі қызметіне (функциясына) айналдырып, нәтижені оның іс-әрекетінің аяққы нысанасы ретінде таниды. Сол себепті де жоғары оқу орны келесі мәселелерді жаңа тұрғыдан анықтап, соған орай өз қызметін де өзгертуі керек: - «нені», «кімге», «қалай», «қашан», «не үшін» оқыту; - «нені», «кімді», «қалай», «қашан», «не үшін» бағалау. Білім нәтижелері оқыту, оқу, бағалаумен тығыз байланысты болғандықтан, әрбір жоғары оқу орны келесі мәселелерді жан-жақты анықтап алуы керек: - жоспарлау, - оқу/оқыту әдістемесі, - бағалау мен оқу сапасын қамтамасыздандыру. Бұл ұғымдардың мазмұны мен мағынасы түбегейлі түрде өзгеруі тиіс. Мәселен, бұрынырақта жоспарлау студенттердің «не» оқу/үйрену керектігін сипаттап, оқытушылар тарапынан оқытылатын/игерілетін тақырыптарды айқындайтын. Ал енді оқу жоспарлары мен бағдарламалары нәтиже терминдеріне сәйкес құрастырылуы керек: олар студенттердің «не білу» керектігін, «не жасай алатындығын» көрсетуі қажет, ал бұл үшін жоспарлар мен бағдарламалар «студенттер үшін» құрастырылмай, «студенттермен бірге» форматында жасалуы тиіс. Ал әр мамандық пен пәннің оқу/оқыту әдістемесі студенттерді белсенділендіретін, олардың өлшелмелі білім, білік, дағды, машықтары мен құзырлылықтарын көрсете алатын интербелсенді технологиялар мен әдістерді оқу процесінде қолдануы тиіс. Бағалау мен оқу сапасын қамтамасыздандыру дегеніміз әртүрлі деңгейлерде (модульдік, пәндік, семестрлік, курстық, толық оқу курсы, институционалдық) сапаны қамтамасыздандыратын стандарттарды, процедуралар мен механизмдерді айқындап, қолдану. Стандарттар, жоспарлар мен бағдарламаларда студенттердің құзырлылығы келесідей деңгейлерде көрсетілуі керек: 1) Пән ерекшеліктеріне сәйкес құзырлылықтар (яғни, пән аумағындағы білім мен дағдылар тұрғысынан). 2) Әмбебап құзырлылықтар (барлық пәндерге қатысы бар білік пен дағдылар: сөйлеу, жазу, проблема шеше білу, ақпараттық технологияларды қолдана білу, бірлесе жұмыс жасау дағдылары, т.б.). Осыған сәйкес оқу нәтижелеріне келесідей талаптар қойылады: - пән немесе бағдарлама (оқудың толық курсы) тұрғысынан студентке (түлекке) қойылатын талаптар (стандарттар) мен күтілетін нәтижелерді көрсетуі керек; - студенттің оқуды аяқтағаннан кейінгі нақты айқындалған (бақылауға боларлық және өлшеуге мүмкін) білімдерін, біліктерін, дағдыларын, түсінігін, оның алған білімдерді қолдана білуін, оларды талдай білуін, олардың негізінде жаңа білім құрастыруын, оларды бағалауын (Блум таксономиясы бойынша) көрсетуі қажет. Оқу нәтижелері тек жазба жұмыстары арқылы айқындалуы мүмкін, сол себепті пән немесе оқудың толық курсы аяқталғаннан кейін студент өзінің «не нәрсеге үйренгенін» жазбаша түрде көрсетуі керек. Жоғары оқу орындарында нәтижені оқу процесінің басты мақсатына айналдыру келесі міндеттер арқылы жүзеге асырылады: 1. Білімнің студентцентристік парадигмасын қабылдау. 2. Кәсіби дайындықта «біліктілік» ұғымынан «құзырлылық» идеясына ауысу. 3. Білім игеру ісін өмір бойғы үздіксіз процесс деген қағиданы ұстану. 4. Оқу процесіне іс-әрекеттерді өлшеу мен бағалау жүйесін енгізу. Білімнің студентцентристік парадигмасын қабылдау Сонымен бүкіл әлемде жүріп жатқан жоғары білім жүйесі реформасының басты мағынасы - оқытудың мазмұнын жоспарлауды (кешегі күннің идеясы) білім игеру процесінің нәтижелерін құрастырумен алмастыру. Бұл ұстаным оқу/оқыту процесіне келесідей өзгерістер әкеледі: 1. Басты назар оқытушыдан студентке ауысады. 2. Білім жүйесі «оқытудан/үйретуден» (оқытушыны басты тұлға деп танитын ұғым) - негізгі субъект ретінде студентті қарастыратын «оқуға/ үйренуге» ауысады. Студентцентристік парадигма студенттерді шығармашылықтың өмір шығармашылығы деп аталатын жаңа түріне ынталандырады. Оның негізі Жак Делор (ЮНЕСКО) айқындаған білімнің басты төрт құндылықтарымен анықталады: Өмір сүре білу; Жұмыс жасай білу; Басқалармен бірге өмір сүре білу; Үйрене білу (Болонский процесс, 2006, 9). Бұл мақсаттар бүгінгі күнгі қоғам мүшелерінің міндеттерін келесідей айқындайды: «Тұлға білім алу ісіне өмір бойы берілу арқылы әлеуметтік-моральдік кеңістіктің жаңа энергетикасында бақытты түрде өмір сүруге міндеттеледі. Тұлға әлеуметтену, ұйымдасу мен өндірістік қатынастардың жаңа формаларында жұмыс жасай білуге міндеттеледі. Тұлға жаһандану мен мәдениеттердің сан алуандығы жағдайында өзге мәдениеттермен, өмір салттарымен, ұлттармен, этностармен, конфессиялармен ынтымақты өмір сүре білуді үйренуге міндеттеледі. Тұлға өзінің өмірлік проблемаларын тиімді және рухани тұрғыдан (әлеумет талаптарына сәйкес) шеше білетіндей өмір сүре алуды үйренуге міндеттеледі» (Болонский процесс, 2007, 18). Бұл идеялар бүкіл білім жүйесін оның негізгі «кейіпкері» студентке бағыт түзеуді қажеттейді. Студент өз білімінің параметрлерін, әдістері мен тәсілдерін өздігімен анықтауы керек, өйткені ол қоғам алдында өз біліміне деген жауапкершілікті терең сезінеді. Студентцентристік парадигмаға бағытталу оқу процесіне келесідей өзгерістерді енгізуді талап етеді: 1) Оқу бағдарламаларында студенттердің өздік жұмыстарының үлесін күрт ұлғайту (бірінші мезетте жазба жұмыстар). Бұл ұстанымды ағымдағы, межелік және қорытынды бақылауларда практикалық мәні бар зерттеу жобаларын орындау арқылы жүзеге асыруға болады. 2) Оқытушының «үйретуші», «білім көзі», «білімді тасымалдаушы» рөлдерін «жетекші», «менеджер» рөлдеріне ауыстыру. Бұл ұстаным келесі әрекеттер арқылы жүзеге асырылады: а) ұстаздардың қазіргі заман талаптарына сай интербелсенді технологияларды меңгеруі, ә) оқу процесінде студенттердің дербестігін (ойлау, әрекет жасау, жоспарлау деңгейінде), өз біліміне деген жауапкершілігін қалыптастыратын интербелсенді әдістемелерді қолдану, б) студенттердің бұрынғы «білімді қабылдаушы», «жинақтаушы» рөлдерінен «өздігімен үйрене білуші» рөліне ауысуы; 3) Оқу процесі мен жоғарғы оқу орнын басқаруда студенттер рөлінің өсуі, ал бұл ұстаным келесі әрекеттерді жүзеге асыруға қажет етеді а) студенттерді оқу нәтижелерін айқындау ісіне белсенді түрде араластыру, ә) студенттерді өз оқуының параметрлерін (оқу траекториясын) анықтауға қатыстыру, б) студенттердің мобильдігін кеңейту. Кәсіби дайындықта біліктіліктен құзырлылыққа ауысу Қазіргі экономиканың біліми және ақпараттық сапасының өсуін дәстүрлі кәсіби біліктілік ұғымы қанағаттандыра алмайды. Экономикалық даму қарқыны біліктілікті жоғары кәсіби білімнің нәтижесі ретінде тануды жеткіліксіз деп табады. Кәсіби білім саласындағы біліктілікке негізделген ұстаным адам өмірінде қандай қабілеттердің, дайындықтардың, білім мен қатынастардың қажет екендігін оқыту бағдарламасының айқындауы міндет емес деп есептейді. Біліктілік тұрақты кәсіп ауқымында әу бастан бекітілген әрекеттерді ғана меңзейді. Қазіргі күні білімнің даму қағидалары біліктіліктен құзырлылыққа көшуді талап етуде. Құзырлылық ұстанымы білім жүйесінің мазмұнынын маман дайындаудың тар шеңберінде қалдырмай, оны кең көлемді дүниетанымдық, азаматтық, әлеуметтік, экономикалық, моральдік-этикалық, кәсіби ауқымда қарастырады. Болонья процесінің аумағында 2004 жылы құрылған TUNING («Еуропада білім құрылымдарын сәйкестендіруге бағыттау») жобасы «құзырлылық» ұғымына келесі өлшемдерді жатқызады: - «білім және түсінік» (қандай да болмасын ғылым саласындағы теориялық білім, білу және түсіну); - «қалайша әрекет жасау керектігін білу» білімі (нақты ситуацияларда білімді практикалық және оперативтік тұрғыдан қолдана білу); - «қалайша өмір сүру керек» білімі (әлеуметтік контексте басқа адамдармен өмір сүрудің ажырамас бөлігі болып табылатын құндылықтар) (Болонский процесс, 2007, 18). Білім игеру процесінің аяққы нәтижесі ретінде құзырлылық парасаттық (интеллектуалдық) қабілеттерді дамытуға бағытталады. Ал ол қабілеттер өз кезегінде білім алушыларға техникалық, экономикалық және мәдени өзгерістерді саналы түрде түйсініп, әлеумет ішінде жұмыс жасай білу, бастамашылдық пен жауапкершілік, шығармашылық пен конструктивтік көзқарас, икемділік пен бейімшілдік сияқты қасиеттерді дамыту мүмкіншілігін береді. Құзырлылық студентті өзін-өзі ұйымдастыру, басқару, бағалау, қадағалау, түзету әрекеттеріне ниеттейді, оны масылдық пен бәлсенділіктен арылтып, белсенді және өмірінің қалайша өтетіндігіне деген жауапкершілікті толық өз мойнына артуға бағыттайды. «Құзырлылық» ұғымы келесідей ұстанымдарды жүзеге асыруды меңзейді: - оқудың мазмұнын, оны жоспарлау қағидаларын қайта қарау; - оқудың «мазмұн – білім - пән» аумағындағы парадигмасынан бас тартып, гуманистік қағидалар тұрғысынан өмір сүруді үйрену. Құзырлылықтар оқу процесінде келесі әрекеттер арқылы жүзеге асырылады: - интербелсенді әдістерді қолдану; - жоғары оқу орнының «өмір стилін» өзгертіп, оны динамика мен қызыққа толы процеске айналдыру; - оқытушылар мен студенттердің арасындағы қарым-қатынасты ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуге негіздеу. Құзырлылықтарды қалыптастыруда келесідей әдістерді оқу процесінде қолданудың маңызы зор: - бірлескен интербелсенді әрекеттер, - рөлдік және іскерлік ойындар, - кейс-стади, - презентациялар, - кері байланыс, - пікірталастар, - тренингтер. «Білім игеру - өмір бойғы үздіксіз процесс» деген ұстанымды қалыптастыру. Қазіргі дәуірдің әлеуметтік және экономикалық даму ерекшеліктерінің бірі ретінде автоматтандырылған және ақпараттық технологиялардың тегеурінін атауға болады. Бұл тенденция тұрақты кәсіптердің өз қасиеттерін жоғалтып, өзгеріс пен уақытша сипаттарды иеленуіне әкелуде. Мұндай жағдайда үйрене білу және үйренуге ұмтылу маманның ең басты қабілеттеріне айналуда. «Өмір бойы үйрену» идеясының қазіргі білім жүйесінің негізгі тұжырымдамаларының біріне айналып кетуінің себебі осындай жәйттермен байланысты. «Өмір бойы үйрену» тұжырымдамасының негізгі қағидалары нәтижеге бағытталып, оқу/оқыту жүйесінің студентцентристік парадигмасына сәйкес келеді. Өмір бойы оқып-үйрену дегеніміз тұлғаның әлеуметтік, азаматтық тұрғыдан жарқын болашаққа жету мақсатында өзінің білім, дағды, құзырлылықтарын үнемі жетілдіруі. Өмір бойы оқып-үйрену келесі шарттарды ұстану арқылы жүзеге асырылады: - үнемі жаңа білім игеру мен иемденуге ұмтылу; - оқу/оқытуда жаңашыл және интербелсенді әдістерді қолдану; - оқу/оқытуды бағалау. Бүгінгі күнгі білімге негізделген қоғам әрбір тұлғадан өмір бойы оқып-үйренуді талап етеді. Мұндай қоғамның өміріне студенттердің (түлектердің) толыққанды қатысуы үшін оқу процесіне, оқу жоспарлары мен бағдарламаларына төмендегідей өзгерістерді енгізу керек: 1) Келесідей пән аралық негізгі біліктерді игеріп, оларды тұрақты түрде жетілдіріп отыру: а) ақпараттық технологиялар, шетел тілдері, технологиялық мәдениет, кәсіпкерлікпен байланысты біліктер; ә) әлеуметтік біліктер - өздігімен оқып-үйрене білу, - өзгерістерге бейімделе білу, - ақпараттық ресурстарды қолдана білу, - жаңа дағдыларды тез арада меңгере білу және жаңа проблемалар мен ситуацияларға бейімделе білу, - команда құрамында бірлесе жұмыс жасай білу, - таңдау жасап, шешім қабылдай білу, - тәуекелге бара білу, т.б. 2) Оқу/оқыту процесін белсенділендіру, ал ол үшін: а) студенттің өз білімінің мазмұны мен ауқымын анықтауда және білім игеру ісіне белсенді түрде қатысуына жол беретін оқу/оқытудың жаңа ұстанымдарын таңдау, ә) студенттің оқуға деген қызығушылығын арттырып, оның аналитикалық ойлау қабілеті мен үйрене білу дағдыларын дамыту үшін оқу процесінде ақпараттық және коммуникативтік технологияларды қолдану. 3) Бағалауды келесі көрсеткіштерді анықтайтын механизмдердің жиынтығы деп түсіну: а) жоғары оқу орнында оқытудың деңгейін, ә) студенттердің оқу/үйрену процесіне қатысу деңгейін, б) практикалық дағды мен біліктер арқылы сипатталатын студенттердің оқу нәтижелерін. Оқу процесіне іс-әрекетті өлшеу және бағалау жүйесін енгізу Сапа – білім жүйесінің негізгі мақсаты. Ол студенттердің үйрену процесінде қомақты нәтижелерге қол жеткізуіне пән, оқытушы (іс-әрекеттер, әдістеме арқылы) және жоғарғы оқу орны қалайша көмектесетіндігін көрсетеді. Мамандарды дайындау сапасы дегеніміз жоғарғы білімді маман даярлау ісінің (процесінің, нәтижесінің) қажеттіліктерге (мәселен, мемлекеттің, қоғамның, жеке тұлғаның), мақсаттарға, талаптар мен стандарттарға сәйкес келуі. Мамандарды дайындау сапасы студенттің (түлектің) қандай қасиеттердің жиынтығын иеленгендігін көрсетеді. Әрбір студент, жоғары оқу орны мен оның құрамдас бөліктері (факультет, кафедра) өз іс-әрекеттерінің сапасы жоғары болуына және оның үнемі жақсарып отыруына мүдделі. Ал сапа бағалау арқылы анықталады. Бағалау – іс-әрекеттердің (оқыту/үйрету, оқу/үйрену) алдын-ала жоспарланған нәтижелерімен салыстырғанда өсу мен дамудың (жетістіктердің) деңгейлері туралы қорытынды жасау үшін қолданатын жазбаша, ауызша және практикалық тестердің, жобалар мен портфолиолардың жиынтығы. Жоғары оқу орны өз жұмысының сапасын келесі деңгейлерде тұрақты түрде жетілдіруді мақсат тұтуы керек: - жоғары оқу орнының дербестігі; - оқу/оқытудың мақсаттары мен құралдары; - оқу бағдарламаларының сапасы; - профессор-оқытушы құрамының сандық және сапалық көрсеткіштері; - студенттермен кері байланыс жасау; - оқу кредиттерін жинақтау сапасы; - пән аралық байланыс; - инфраструктура мен жабдықталу; - оқытушылар мен зерттеушілердің ынтасы (мотивациясы); - жұмыс берушілермен байланыс; - жаңалыққа (инновацияға) құштарлық. Оқу процесіне іс-әрекетті өлшеу және бағалау жүйесін енгізу келесі әрекеттерді жүзеге асыруды талап етеді: 1) Сапа саласында терминологиялық аппарат құрастыру, ал ол үшін: а) терминологиялық кеңістік құрастыру, ә) Қазақстанда білім жүйесінде қолданатын жалпы қағидалар тұрғысынан жоғары оқу орнының қызметін сипаттайтын терминдердің сөздігін (глоссарий) құрастыру, мұнда бірінші кезекте келесідей сөздердің мағынасын айқындау: «оқу нәтижелері», «құзырлылық», «сапа», «бағалау», «бағалау құралдары», «жұмысқа орналастыру», «білім деңгейі», «стандарт», «біліктілік», т.б. 2) Оқудың/оқытудың статистикалық көрсеткіштер жүйесін құрастыру, ал ол үшін: а) мамандар рыногы мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестендірілген мамандықтар және мамандырулар бойынша жоғары оқу орнының ішкі стандарттарын құрастыру және іс жүзінде қолдану, Кесте №5 Нәтижеге бағытталудың мақсаттары мен міндеттері
ә) түлектерді аттестаттау үшін бағалау құралдарын құрастыру, б) мамандықтар және мамандырулар бойынша түлектерді аттестаттаудың бағалау құралдарының қорын құрып, оны әдістемелік тұрғыдан қамтамасыздандыру, в) көрсеткіштерді тұрақты түрде талдап отыру, г) жұмысқа қабылдау үшін профессор-оқытушы құрамына қойылатын сандық және сапалық талаптардың жиынтығын құрастыру. 3) Оқу процесін мониторингтеу және болжамдау жүйесін құрастыру: а) білім сапасының ішкі мониторингісін қалыптастыру, ә) әр ай сайын сапаның ахуалы туралы аналитикалық есептер дайындау. 4) Оқу сапасын бағалау жүйесін құрастыру: а) модульдік деңгейде (пән, курс), ә) мамандықтар деңгейінде, б) жоғары оқу орны деңгейінде. Болонья процесінің басты идеясы мен ұстанымы ретінде танылатын нәтижеге бағытталудың негізгі ұғымдарын №5 кестеден көруге болады. Сонымен, Болонья процесі студентті білім процесінің негізгі тұлғасына айналдырып, білім нәтижесін оның құзырлылықтарымен өлшейді. Бұл ұстаным оқу процесінде студенттің өзіндік және дербес әрекеттер үлесінің күрт өсуіне алып келіп, оқу әдістемесінде интербелсенді әдістер мен тәсілдерді қолдануды міндетті түрде талап етеді. 2. Интербелсенді оқу/оқыту дегеніміз не? 2.1 Интербелсенді әдістеме - өзара әрекеттесу, әрекет арқылы үйрену/үйрету Бүгінгі күннің басты ерекшеліктерінің бірі «Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттігін 2006-2009 жылдарда дамыту тұжырымдамасында» келтірілгендей, ақпараттың «ақылға симайтын шамадан тыс, оны игеруде адамның биологиялық мүмкіншіліктерінен артық» мөлшерде дамуы. Сол себепті де оқу/оқыту қысқа мерзімде ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін және практикада бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді. Бұл талап білім саласында инновациялық өзгерістерге әкеліп, оқудың/ оқытудың негізі ретінде тұлғалық дамуды қарастырады, өйткені динамика мен өзгерістерге толы ақпараттық дәуір экономикасы адамның білімді әрі білікті тұлғасына тәуелді, өйткені бұл дәуірдің идеологиялық, әлеуметтік, саяси сұраныстары адамнан келесідей құзырлықтарды талап етеді: - ақпараттың ішінен өзіне қажеттісін таңдап, оны пайдалану; - проблемаларды шешу және шешім қабылдау; - өзіндік пікір, идеялар, тұжырым, түсінік келтіру, оларды дәлелдей және қорғай білу; - социумда ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас құра білу, бірлесе жұмыс жасай білу, жанжалдарды болдырмау; - өмірге деген көзқарасын, ұстанатын сенімдерін, қажеттіліктерін, құндылықтарын жалпы адами құндылықтармен байланыстыру; - өздігімен үйрене білу, өз білімін әрқашан да дамытып отыру. Сол себепті де тұлғалық даму ұстанымы білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуші мен үйретуші) бұрнағы авторитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасын гуманитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасқа өзгертуді талап етеді. Бұл ұстаным таным процесінің «білім беру», «оқыту», «үйрету» деген кешегі күнгі түсініктерін енді екі жақты процесс ретінде қарастырып, оларды «білім алу/игеру», «оқу», «үйрену» деп өзгертеді, бұл процесте үйренуші негізгі рөл атқарып, білімді өздігімен құрастырады деп түсінеді. Егерде дәстүрлі «білім беру» өз мақсаты мен мағынасын нақты белгіленген (мемлекеттік стандарттарда көрсетілген пәндер, тақырыптар мен сабақтардың аумағында) білім жиынтығын игерумен шектесе, тұлғалық даму мен өздігімен білім құрастыруды негізгі идея деп ұстанған инновациялық көзқарас оқу/үйренудің негізін тек пәндер емей, ойлау мен рефлексияға негізделген интербелсенді (интерактивті) әдістер құрауы керек деп түсінеді. Ал интербелсенді әдістер мен тәсілдер үйренушілердің тұлғалық тұрғыдан өзіндік және дербес түрде дамуына әкеледі, оларды өз мүмкіншіліктері мен ұстанған құндылықтарын түсінуге және бағалауға жетелейді. Таным әрекеттерін ұйымдастырудың арнаулы әдістемесі ретінде интербелсенді оқу/оқыту білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуші мен үйренушілердің) тиімді қарым-қатынасына негізделеді. Ағылшын тілінен келген «interactіv» сөзі де осы ұғымды білдіреді: «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» - «әрекет жасау» дегенді білдіреді, яғни интербелсенді әдістер - үйренуші мен үйренушілердің өзара әрекеттесуін оқу/оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер. Басқаша айтқанда, «интербелсенді» дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Ал «интербелсенді оқу» дегеніміз өзара қарым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқу/оқыту, диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші – үйренуші», «үйренуші – үйренуші», «үйренуші - өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «пікірлесу», «бірлескен әрекеттер»). Интербелсенді оқу/оқыту білім игеру процесін келесідей ұйымдастыруға ынталы: Барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау. Әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау. Үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құру (№6 кесте). Интербелсенді оқу/оқыту – әрекетпен және әрекет арқылы оқу/оқыту, ал мұндай ұстаным қомақты нәтижелерге жеткізетін ең тиімді жүйе деп есептелінеді, өйткені адамның жадында бірінші мезетте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Кезінде көне қытай ғұламасы Конфуций (Кун-цзы) былай деген екен: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін!». Кесте №6 Интербелсенді оқу/оқытудың негізгі қағидалары мен мақсаттары
Сол себепті де интербелсенді оқу/оқыту үйренушілердің оқу процесіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары мен тәсілдері ретінде таниды. Сондықтан да интербелсенді оқу/оқыту оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігін үйренушілердің есте сақтау дәрежесімен өлшемей, олардың әрекеттерімен бағалайды, тек әрекет арқылы ғана үйрену ықтимал деген қағида ұстанады. Интербелсенді оқу/оқыту студенттің өз тәжірибесі және өзге де студенттердің тәжірибесі тұрғысынан жасаған белсенді қарым-қатынасқа негізделеді. Ал үйренушілердің тәжірибесі дегеніміз олардың өзіндік пікірлері мен көзқарастары, ойлары мен идеялары, тұжырымдары мен қорытындылары, дәлелдері мен уәждері деп айтуға тұрарлық. Студенттер таным процесінде бір-бірімен осы тәжірибесімен бөліседі, міне осындай байланыста, қарым-қатынаста жаңа білім құрастырылып, саналы түрде игеріледі. Интербелсенді оқуда/үйренуде білім алушылар келесідей білім, білік, дағды, машықтарға үйренеді: - терең ойлану, жеке рефлексиялық қабілеттерді дамыту; - өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру; - ақпаратты өздігімен түсініп, оны таразылап, екшеп, оның ішінен керектісін таңдап алу; - ақпаратты жан-жақты талдау; - өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыру; - оқу барысында жеке басының құндылықтары мен сенімдерін қалыптастырып, белсенді өмірлік позиция (көзқарас, дүниетаным) ұстану; - пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу; - басқа да балама пікірлерді ескеру; - шешім қабылдау және қиын мәселелерді шешу; - ортақ жұмысқа жұмыла білу; - басқалармен тиімді қарым-қатынас құру, өзара әрекеттесу; - үйренушілер ұжымына ортақ бірлесе жұмыс жасаудың рухани және моральдік ережелерді қабылдау; - студенттік топты ұжым ретінде қабылдау. Бұл біліктер тұлғаның тұрақты қасиеттеріне айналып, тек студенттік аудиторияда орын алып қана қоймай, сонымен бірге өмірдің басқа да жақтарынан тиянақты түрде көрінеді. 2.2 Интербелсенді оқу/оқыту бірлескен әрекеттерге негізделеді Дәстүрлі оқытуда басты мақсат «нәтиже» болып, ұстаз өзінің барлық күш-қайратын «үйретуге» бағыттайды, шәкіртті қорытынды нәтижеге ең қысқа жолмен жетелеуге тырысады. Мұнда оқытудың нәтижелігі бірінші кезекте ақпаратпен байланыстырылады: үйрету процесі оқушыға ақпарат «беруге» бағытталады, оны жаңа мәліметпен қамтамасыздандырумен шектеледі. Дәстүрлі оқытуда білім беру процесі көп жағдайда оқушының сабаққа «таза парақ» (tabula rasa) күйінде келіп (немесе іші қуыс ыдыс секілді), мұғалімнің оны сабақта біліммен «толтырумен» айналысатын құбылыс деп түсініледі. Шәкірт сабақта ғана жаңа білім алып, сабақтан кейін оны бекіту жұмысымен ғана айналысты. Ал интербелсенді оқу/оқыту басты назарды «процеске», яғни үйрену процесінің өзіне, оқушылардың «қалай» және «қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйренетіндігіне» аударады. Мұндағы мақсат - оқушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы өздігімен білім игеруінде, оны ізденуінде, құрастыруында. Мұндай сабақтарға шәкірттер «таза парақ» күйінде келмей, алдын-ала дайындалып келеді, олар сабақ басында тақырып бойынша өз түсініктері мен пікірлерін келтіріп, әрі қарай оларды дәлелдеу жүйесін құрады, пікірталас жүргізеді, өзге пікірлерді тыңдап, балама көзқарастарды ескереді. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт өмірде әр адамға қажетті білік-дағдыларды қалыптастырады. Ал сабақтан кейін сол білімдерін өздігімен дамыта түседі. Сол себепті де интербелсенді оқу/оқытуда үйренушілер келесідей әрекеттерді атқаруға дайын болуы керек: - бірлескен жұмыс, - танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік тұрғыдан белсенділік таныту, - бастамашылдық, - кері байланыс жасау, - проблема шешу, шешім қабылдау. Интербелсенді оқу/оқыту барысында үйренушілер әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді. Мұндай сабақтарда бір ғана дұрыс жауап болмайды, өйткені басты мәселе дұрыс жауапты табуда емес, керісінше үйренушінің жеке тәжірибесіне негізделген іздену процесінің өзі болып табылады. Интербелсенді оқу/оқыту жоғары оқу орындарында келесі жұмыс түрлері мен әрекеттер арқылы жүзеге асырылады: - бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл аудиторияның), - жеке және бірлескен зерттеу жұмыстары, - рөлдік және іскерлік ойындар, - пікірталастар, - ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау (кітап, лекция, Интернет, құжаттар, мұражай, т.б.), - шығармашылық жұмыстар, - кейс-стади, - презентациялар, - компьютерлік оқыту бағдарламалары, - тренингтер, - интервью, - сауалнама, т.б. Интербелсенді оқу/оқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанғандықтан, бұл жерде әсіресе бірлескен топтық жұмыс әдістерінің маңызын баса айту керек: олар өзін-өзі мен басқа адамдарды танудың тиімді құралы болып табылады, дүниетаным қалыптастырып, тұлғаның өзіндік дамуы мен басқалардың іс-әрекеттері мен олардың себептерін түсінуге ықпал жасайды. Топтық жұмыстар барлық үйренушілердің жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыста шәкірттер өздерінің коммуникативтік дағдыларын (тыңдай білу, ортақ шешім қабылдау, жанжалдарды болдырмау) іс жүзінде қолданады, өздері «ойнап шығады». Кесте №7 Оқу/оқытудың кейбір тәсілдерін қолданғанда мәліметтің 24 сағат ішінде есте сақталуы (А. Маслоудың идеялары бойынша Н.Сандерстің кестесі)
(Интернет материалдары бойынша) Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші танымның (оқу, үйренудің) ортақ мағынасына және қорытынды нәтижесіне өз үлесін қосып, басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, ойларымен алмасады, тиімді нәтижеге (білімге) қандай бірлескен үйрену әрекеттері арқылы жете алатындығын анықтайды. Мұндай қарым-қатынастағы бірлескен әрекеттер бірін-бірі жақтыру, өзара сыйласымдық пен қолдау атмосферасында өтіп, тек қана жаңа білім игеруге жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге таным процесін ынтымақтастық пен бірлесу деңгейлеріне көтереді, яғни қарым-қатынас пен оның негізгі нысаны диалогты танымның басты құндылығына айналдырады. Сонымен интербелсенді оқу/оқытудың келесідей идеялары мен қағидаларын келтіруге тұрарлық: - Үйрету мүмкін емес, тек үйрену ғана ықтимал. - Білім дайын күйде берілмейді, ол тек игеріледі. - Білім игеру тек белсенді әрекеттер арқылы ғана жүзеге асырылады. - Оқу/оқытудың негізгі мазмұнын «не нәрсеге оқу/оқыту» емес, «қалай оқу/оқыту» құрайды: білік, дағды, машық, құзырлық, білімді игеру практикасы. - Өмір бойы үйрене білу. - Білім тек өзіндік тұрғыдан игеріледі, өйткені «білім» дегеніміз жеке адамның қандай да болмасын мәселе мен проблема, ақпарат пен мәлімет бойынша құрастырған ойы, идеялары, пікірі, көзқарасы, түсінігі, дәлелдері, уәждері, тұжырымы. Ал оқу/оқыту - үйренушінің «МЕН-і» бірінші орынға қойылатын процесс. - Білім бірлескен әрекеттер арқылы игеріледі: үйрену/оқу – коммуникативтік процесс. - Білім дегеніміз өмірде қажетті және қолданбалы мәселелер болғандықтан, білім игеру процесі практикаға (күнделікті өмірге) негізделуі керек. - Оқу/оқытудың негізі - өмір сүруге үйрену/үйрету. - Оқу/оқытудың негізгі мақсаты – адам болуға үйрену/үйрету. - Оқу/оқыту дегеніміз диалог, ал диалог – адамгершілікке үйренудің ең тиімді әдісі. - Білім мазмұны үйретушінің талаптарымен айқындалмай, үйренушінің мұқтаждары мен мүдделерінен туындайды. - Оқу/оқыту қоғамға қызмет жасау идеясы арқылы жүзеге асырылады. - Әр сабақта үйренуші тұлғасында конструктивизм, оптимизм, позитивизм секілді жағымды қасиеттердің дамуына ықпал жасау керек. - Рефлексия - дүниетаным мен өзін-өзі танудың негізгі тәсілі, рефлексиялық тұлға қалыптастыру - оқу/оқытудың негізгі мақсаты. |