Алимбаев аслан есемканович
Скачать 263.17 Kb.
|
2 КӨНЕ ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ КӨРІНІСІ 2.1 «Мәңгілік Ел» идеясының фольклор туындылары мен түркі әдебиетіндегі сабақтастығы Халық жадында сақталып осы күнге дейін ауызша жеткен туындыларды зерттейтін ғылым саласын фольклортану дейміз. Фолькорлық шығармалар арқылы адам қиялының ұшқырлығын, жүйріктігін, саналы және бейсаналы түрде болашақты болжағыштығын білеміз. Филология ғылымында әдебиеттану мен фольклордың аражігін ажырата қарау қалыпты жағдай, алайда, бұл екі үлкен арна бір-бірін толықтырып, дамытып отырады. Белгілі фольклортанушы ғалым С.А. Қасқабасов фольклор жайлы: «Қазақ халқының бағзы заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, философиясы – фольклор болғандығы мәлім. Оның шығармашылық үлгілері қисапсыз мол болса, жанрлық түрлері де көп. Мұнда батырлар жыры, ғашықтар жыры, ертегі аңыз, тарихи жыр, өлең, мақал-мәтел, шешендік сөз, жұмбақ, мұң-шер жырлары, өтірік өлең, т.б.» [35, б. 15]. Фольклорлық туындылар адам санасына ықпалы зор. Ана жатырында пайда болғаннан күннен бастап, ғұмыр бойы болатын барлық тылсым құбылыстар жайлы аңызға, хикая мен мифтер көп. Бүгінгі күн тұрғысынан зерделегенде классикалық фольлорлық шығармалар тумайтыны рас. Бірақ фольклорлық шығармалардағы сюжеттер мен мотивтер жазба әдебиеті үлгілерінде жаңғырып отыруы – заңдылық. Фольклорлық шығармалардың сюжеттері түпсананың сәлеленуі арқылы бізге көне дәуірлердің ақпаратын ұсынып отырған қайнаркөз. Қазіргі заман тұрғысынан фольлорлық шығармаларды зерделеу ұлттық болмысты танытумен қатар, халықтың рухтың жандануына әсер етеді. Халықтың рухының басты белгілері қазақтың ғасырлар бойы келе жатқан, бүкіл болмыс-тіршілігінің, рухани өмірінің айнасы болған фольлорында ерекше бедерленген. «Белгілі бір халықтың дербес ұлт болып өмір сүруінің басты белгісі – оның рухының өміршеңдігінде. Рухы мықты халық ешуақытта тарих бетінен өшпейді, жер бетінен жоғалмайды. «Мың өліп, мың тірілген» қызық халқының сан ғасырларға созылған өткендегі тарихы соның айғағы. Халықтық рух ұғымының мағынасы кең. Оған ұлттық дәстүр (мінез-құлық), дүниетаным, эстетикалық (көркемдік, әдемілік) талғам, әдет-ғұрып, салт-сана, тұрмыс-тіршілік, ұлттық болмыс-бітім т.б. жатады» [36, б. 15]. Қандайда болмасын әдебиет өздігінен пайда болмайды. Оның нәр алып, көктейтін қайнар көзі болады. Кез келген халықтың ерекше табиғи талантының үстіне белгілі бір тарихи кезеңнің, сол дәуірдің қалыптастырған дәстүрі мен ортасының әсері мол. Яғни қай халықтың болмасын әдебиеті қандай әлеуметтік-саяси кезең болмасын өзегінен, негізгі діңгегінен үзбей нәр алып отыруы, рухының мықтылығынан. Осы ретте бүгінгі қазақ әдебиетінің жеткен жетістігі – фольклорлық туындылар мен түбі бір түркі халықтарының жазбаша және ауызша тараған шығармаларындағыөшпес рухтың кепілі. Мәңгілік Ел идеясының негізін, оның көркемдігі мен эстетикалық құдыретін біз көне дәуірлерден іздейтін болсақ, әлбетте, фольклорлық шығармалардан табамыз. Фольклорлық туындылардағы сюжеттерді жинақтап, талдап, саралайтын болсақ, елдік мұраттың негізін анықтаймыз. Фольклор ел арасында ауызша тараған шығармалар ғана емес. Себебі, фольклортану кең мағынада қолданылады. Оған халық өлеңін, халық музыкасын, халық биін, халық әдебиетін, халық театрын, халық қолөнерін, халық қолданатын салттар мен наным-сенімдерді ырымдар мен ғұрыптарды жатқызады. Демек, фольклор дегеніміз – халықтың бұрынғы замандарда өмір сүрген бабалары шығарып, пайдаланып, ұрпақтан ұрпаққа аманат қылып, қазіргі заманға жеткізген рухани байлық. Фольклор көп салалы, көп функциялы синкертті өнер. Бұған дәлел бүгінгі күнге дейін өз сипатынан айырылмай жетіп отырған айтыс өнерін айтуға болады. Фольклорлық шығармалар өте ерте заманда туып, жүздеген ғасырлар бойы өмір сүргендіктен көне дәуір дүниетанымын осы күнге дейін жеткізген бірден бір құнды ақпарат көзі. Фольклор біздің дәуірге сөз өнері түрінде жетіп отыр. Демек әдебиеттен бұрын пайда болып, ілкі дәуірлерден сыр шертетін өзіндік көркем қасиеті бар. Фольклор – ұлттық әдебиет пен өнердің алдыңғы басқышы, бастау екендігін теориялық тұрғыдан алғаш зерттеп, дәлелдеген Еуропаның ағартушылары еді. Ағартушылар ә дегеннен жаңғыру дәуірінің рухы мен идеясын қабылдап, халық поэзиясының, жалпы мәдениетінің ұлттық әдебиет пен өнердің туып, дамуындағы рөліне көп көңіл бөлді. Бұл әсіресе М. Монтень мен Д. Виконың, Ж. Руссо мен И. Гердердің еңбектерінде айқын көрініс тапқан [37, б. 10]. Осы ретте ежелгі сақтардан, ғұндардан, үйсіндер мен түркі қағанатының тасқа қашап жазған мәтіндері, сондай-ақ орта ғасырларда қолжазба қалпында сақталған шығармалар мен жаңа дәуірде баспадан шыққан жазба әдеби туындыларда фольлордың ізін табуымызға болады. Бұл бірде табиғи енді бірде мақсатты түрде жасалғанын көреміз. Әр тарихи кезеңде фольклор мен әдебиет әртүрлі деңгейде байланысып отырған. Қазақ әдебиетіне фольлордың ықпалы ХІХ ғасырға мол болды. Бұған қазақ хандары туралы аңыз әңгімелер, олардың қиял-ғажайып ерліктері. Тіпті ХХ ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғаларымыз туралы аңыздар көп. Атап айтар болсақ ІІ Дүниежүзілік соғыстың батырлары Б. Момышұлы, Р. Қошқарбаев, Т. Бигелдинов, Қ. Қайсенов, Х. Доспанова, т.б. тұлғалар туралы әңгімелер мен ұлағатқа толы, тағылымды аңыздар елаузында көп кездеседі. Тарихта аты қалған ерекше дарын иелері, талантты тұлғалар жайлы қай заманда болмасын халық олар туралы әңгімелер қозғап, оны аңыз дәрежесіне дейін көтерген. Осы күнгі біз айтып жүрген Ескендір Зұлқарнайын, Қорқыт, Асан қайғы, Майқы би, Сыпыра жырау, Бұқар, Абылай хан, т.б. алыптар туралы фольклорлық туындылардың миссиясы зор. Мұндай көркем шығармалардың детальдары дәлел болып, тарихтың жұмбақ сырларын ашуға көмектесері анық. Әдебиеттанушы Қ.М. Байтанасова «Фольклордың әдебиетке әсер етуі күні бүгінге дейін созылып келе жатқан құбылыс. Фольклор өзінің идеялық-эстетикалық мәнін жоғалтпай, қаламгердің шығармашылығына бай рухани қазына болуда» [38, б. 16]. Әлбетте фольклорлық сюжеттердің бүгінгі қаламгерлердің материалы болуы заңыдылық. Бұл ХІХ ғасырға дейін қалыпты дүние болатын болса, одан кейінгі дәуірде аңыз-әңгімелерге өтірік, ойдан шығарылған дүние ретінде қарастырып келгеніміз рас. Мұндай пікірдің орнығуына социалистік-реализм бағытының әсері болуынан. Себебі, мифті, фольклорды зерттесе, әр халық өзінің түп тамырын табатын болса, ондай халықты қарамағында бодан қылып ұстап тұру мүмкін емес еді. Сондықтан да ұлттық сананы жаңғыртпаудың неше түрлі айла-әрекеттері жасалды. Қанша дәуір өтсе де, қандай қиын кезеңдер болса да ұлттық код көктемде бүршік жарған жапырақтай қайта түлейтін кезеңдер болады. Тіпті жоғалған тілдер мен саны аз ұлттар заманалар көшінде белгілі бір кезеңде тарих сахнасына қайта оралуы мүмкін. Бұл бір фольклорлық туындылардағы қиял-ғажайып, мүмкін емес оқиғалар секілді дүние болып көрінеді. Дегенмен мұндай құбылыстар адамзат тарихын да болған. Ұзақ ғасырлар жасап келе жатқан фольклор өзімен бірге өмір сүрген әдебиетке, жалпы мәдениетке үнемі ықпал етіп келген. Мәселен, бізге жеткен авторлық ауыз әдебиеті мен алуан түрлі жазбалық мәтіндерде фольклордың тікелей де, астарлай да әсері айқын көрінеді. Бастауын Иолығ-Тегіннен алатын жыраулық поэзияда, яғни Күлтегінге, Тоныкөкке арналған жырларда эпостың стилі анық көрінеді, ал, Шыңғыс хан мен Жошыға қатысты айтылатын шумақтарда, яки болмаса Сыпыра жыраудың, Асанның, Шалкиіздің, Қазтуғанның, Бұқардың толғауларында ежелгі фольклорлық символдар, тіркестер, сарындар кәдімгі батырлар мен ғашықтар туралы жырларда топ-тобымен кездеседі. Бұл дәстүр ХІХ ғасыр ақындарында да сақталған: Махамбет, Дулат, Сүйінбай, Мұрат, Шортанбай поэзиясы фольклордың поэтикасын молынан пайдаланған [37, б. 19]. Фольклорлық сарынның әр кезең әдебиетіне ықпал етуі «мәңгілік» жасаудың өзегі десек болады. Шығарманың формасы, мотиві, сюжеті пен фабуласында өз дәуіріндегі әлеуметтік-саяси, қоғамдық санаға байланысты өзгерістер болып тұруы заңдылық. Ендеше, фольклор мен әдебиеттің мәңгі жасауы – Мәңгілік Ел руханиятының өміршеңдігінің көрінісі. «Толық адам», «Ізгілікті қоғам», «Мәңгілік Ел» – осы үш тұғыр берік болуы керек. Адамгершіліктің биік шыңынан қарасақ, аталған үш тұғыр жүзеге асатын, пенде қаласа жасай алатын дүние. Ал пендешілік тұрғысынан бұл – жүзеге аспайтын утопистік идея. Фольклор мен әдебиеттегі жасампаз қаһармандар қай заманда да болған, бола беретін табиғаттың бұлжымас заңдылығы. Демек, айтып отырған үш тұғыр негізсіз емес. Ұлы Абайдың жұмбағы «толық адам» ілімін психологиялық, педагогикалық, философиялық, әлеуметтану, мәдениеттану, т.б. ғылым тұрғыларынан бүгінгі күннің шапанын кигізіп насихаттасақ ұтатынымыз көп болады. Осы мақсатқа жету үшін әдебиеттегі «толық адам» бейнесін теорияда ғана емес, практикада пайдалануымыз керек. Толық адам қандай адам деген сауалға, қарапайым түрде жауап беретін болсақ; ең алдымен өз-өзін тәрбиелей алатын, бойындағы нәпсісін жеңе алатын, мақсатына жетуде тек қана адалдықты ту еткен, жақынына жанашыр сынды т.б. адами қасиеттерді молынан бойына сіңіре алған тұлға. Ертегілердегі басты кейіпкер бойындағы алғырлық, ақылдылық, өмірге деген жасампаз көзқарас, мойымайтындығы сынды пенде бойындағы асыл қасиеттер де бүгінгі оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарда көп болмаса азаймау керек еді, ғой. Алайда?! Бұл сұраққа Ұлы Абайдың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын [24, б. 58]» деп жауап береді. «Ойланатын, салмақты ой мен киелі сөзге тоқтай білген халық едік» деп күйініш білдірсек те, көлге тамған тамшыдай әр азамат қызмет етсе – еңбектің жанғаны. Жоғарыда атап өткен жасампаз қаһармандардың жасампаз істері адамзатты құтқарып келеді. Бұдан келіп «ізгілікті қоғам» негізі қалыптасады. Яғни, қоғам болу үшін әлбетте адам керек. Сондықтан адамның сандық та, сапалық тұрғыдан дамуы қоғамның ізгіленуіне әкеледі. Қоғамдық қатынас заңдық нормалар негізінде жүзеге асса ондай қоғамның Мәңгілік Ел болу жолындағы әр сәті күндей шуақты болары сөзсіз. Ақ пен қара, жақсы мен жаман, жаз бен қыс, суық пен ыстық сынды антонимдер категориясының заңдылығына сүйенген өмір айшықтары адамзат тарихында өз рельсінен тайқымай, сертіне адал күйінде осы күнге жетіп отыр. Жоғарыда біз адамзаттың жақсылыққа, әдемілікке, сұлулыққа, жалпы эстетикалық талғамның жоғары дәрежесіне ұмтылатыны, оны мәңгілік қылуды армандайтынымыз туралы жаздық. Дейтұрғанмен медальдің екінші бетін де сөз етуіміз жұмысымыздың маңыздылығын көрсетері анық. «Аңыздардағы өмір үшін, махаббат үшін күрес жақсылыққа ұмтылу, әр түрлі әрекеттер арқылы сол дәуірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға тырысу, сол жолдағы қаһармандардың ерлігі халықтың өмірге құштарлығын, арман-мұраттарының биіктігін танытады» [38, б. 39], – деп әдебиеттанушы ғалым Қ.М. Байтанасова атап өткен ізгілік жолындағы қаһармандардың ерлігін жоққа шығарып, адамзатты теріс жолға салуды мақсат ететін, жамандықты қалап тұратын кейіпкерлердің миссиясы жасампаз қаһармандардың ісін жоққа шығару – заңды құбылыс. Айталық, фольклорлық шығармалардағы зұлымдық пен қатыгездіктің символына айналған тұрақты кейіпкерлер бар. Олар албасты, мыстан кемпір, дию, пері, жезтырнақ, т.б. матриархат пен патриархат дәуірінің аусуына байланысты бұл кейіпкерлердің болмысы да аусады деп жазады академик С.А. Қасқабасов. Яғни матриархат дәуірінде мыстан кемпір елбасы, хан дәрежесіндегі беделді тұлға болған. Дәуір тынысы өзгеріп, қоғамдық сана ауысқан тұста бұл кейіпкердің болмысын өзгерту жаңа бағыттың өткенді өшірудегі мақсатынан деп ойлаймыз. Осы сынды ғылым мен технология дамып, өмір сүру салтымыз әлде қайда жақсарған сайын адами құндылықтар әлсіреуінің себебі неде? Бұл сауалға біз «Фольклор және қазіргі қазақ әдебиеті» атты зеттеу еңбектен табамыз. Көне түркі әдебиеті түркі халықтарының тарихымен бірге жасасып келеді. Ал, түркілердің тарихы, бастан кешкен оқиғасы аса құнды. Өйткені оны білу ең ерте дүниенің қатпарына да, бергі заманның аласапыранына да, қазіргі күннің өкініші мен сүйінішіне де еріксіз үңілтеді. Әдебиет деген алып әлемнің орасан зор күшке ие екені, оның адам санасына сел қозғалғандай күшпен әсер етеріне иланатынымыз рас. Елдің, ұлттың мүддесін көздеген әдебиет саласы – сөзсіз руханияттың қайнар көзі. Халқымыз көне замандардан атақоныста мекен етіп, билік жүргізгеніне сақтардың, ғұндардың, түркілер мен рулық ұлыстардан қалған аса құнды мұралардың және жазба ескерткіштердің табылғаны барша жұртқа мәлім. Осындай бай мәдени, рухани мұраны зерттеу – бүгінгі ғылым саласының да өзекті тақырыптарының бірі. Ғылымдар тоғысында зерттеуге тура келетін әдеби мұраларды жан-жақтан саралай, талдаулар жасау арқылы жаңа бір жетістік, жаңа бір деңгейге шығатынымыз рас. Үйсін, қаңлы, түрік, түркеш, оғыз, қарлұқ, керей, найман, жалайыр, қоңырат, меркіт, уақ сияқты өз заманындағы рулық, ұлыстық атаулар қазірге дейін қазақ тайпаларының арасында сақталуы пішін өзгергенмен, мазмұн өзгермейтінін кепілі. Әдебиеттану ғылымында мазмұн мен пішін деген терминдер бар. «Мазмұн. Әдеби шығарманы талдағанда, оның мазмұны мен түрі деп, ішкі сипат қасиетін және сыртқы көрінісін бөліп қараймыз. Сонда мазмұн дегеніміз шығарманың өмір шындығы делінеді. Былай деуге, әрине, негіз бар. Алайда мазмұн деп суреттелген өмір құбылыстарын айту қисынды болмас еді. Өйткені шығарманың мазмұны – баяндалған, көрсетілген уақыт, жағдай, өмірлік құбылыстардың тікелей өзі емес, соның көркемдік көрінісі, сөзбен мүсіндеп берілген суреті. Өмір шындығы әдебиет шығармасындағы көркем шындыққа айналғанда, оған жазушының дүниетанымы, көркем ой-сезімі, адамгершілік, азаматтық мұрат-идеялары келіп қосылады. Шығарманың көркемдік тұлға-пішініне, өрнек-кестесіне, өн бойына қан жүгіртіп, жан бітіретін, өң-нұр беретін идеялық мазмұн, мағына – жазушының биік қоғамдық мақсаттары, идеялары. Мазмұн мен көркем түр тығыз байланысты, шығармада не айтылғанын бірталай тұстарда оқушы ой-сезімнің қалай жеткізіліп, уақиғаның, жағдайдың қалай айтылғаны, қандай тәсілдер, қандай көркем құралдармен бейнеленгеніне сәйкес сезініп, қабылдап түсінеді. Әдеби туындының көркем түрін оның мазмұн-мағынасынан бөліп қарауға еш болмайды. Шығарманың көркемдік сапасы алдымен идеялық мазмұнының тереңдігіне байланысты [39, б. 230]. Бұл – мазмұнға берілген анықтама. Көріп отырғанымыздай, мазмұнның түп түркінінде идея жатыр. Шығарманың идеясы арқылы жазушы қоғам мен адамды биік мақсаттарға жетелейтін адамгершілік, азаматтық мұратты мақсат тұтады. Тарихи шындықтың өн бойына қан жүгіртіп, оны келер ұрпақ қызығушылық танытып, оны зерттеудің өзектілігін жоймайтындығына кепіл болатын да осы көркем шындық. Жұмысымыздың нысанасына алып отырған көне түркі әдебиеті үлгілеріндегі тарихи шындық пен көркем шындықтың, мифтік таным мен фольклорлық сарын негізінде салыстырмалы түрде қарастырып, оның заман көшінен қалмай, өзектілігін жоймаудағы қасиетін тану. Бұл шығарманың ішкі дүниесі болса, сыртқы кейпін әдебиеттануда пішін деп атаймыз. Пішін – өзгеріп тұратын нәрсе. Академик З. Қабдолов «Сөз өнері» атты ғылыми зерттеу еңбегінде мазмұн мен пішінге былайша сипаттама береді. Мазмұн мен пішін – күрделі мәселе, іргелі философиялық ұғым. Мазмұн мен пішін – тек өнер ғана емес, өмірдегі ақиқат шындықтағы кез келген затқа және құбылысқа тән нәрсе. Мазмұн мен пішін ең алдымен бір-бірінен айырылмас байланыста, бірлікте; бірінсіз бірі жоқ, яғни мазмұнсыз пішін жоқ, пішінсіз мазмұн жоқ» [40, б. 141]. Көріп отырғанымыздай, адам мен қоғам қандай бірлікте болатын болса, әдеби категориялар мазмұн мен пішін де бірлікте дамиды. «Әдебиеттегі мазмұн мен пішін деген не? Сөз өнерінің қоғамдық санаға қатысын, әдебиеттің объектісі – өмір, предметі – адам екенін, өмір шындығынан тыс, адам тағдырынан сырт өнер туындысы болмайтынын еске түсіреміз. Сана – шындықтың сәулесі болса, адам санасының мазмұны – сол адам таныған шындық екені мәлім. Сонда әдеби шығарманың мазмұны өз эстетикалық идеалының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмір де, пішіні – осы шындық тұтастырыла жинақталған көркем образдар жүйесі, яки әдеби қаһармандар өмірі екенін түсіну қиын емес» [40, б. 142]. Сөз өнерінің қоғамдық санаға қалай әсер етеді, ұлттық болмысты жоғалтпаудағы сөз құдыретін жете түсінуіміз қажет. Елдің ел болып тұрақты дамып, өзінің өшпес сара жолын салуда сөз өнерінің ықпалы орасан. Жоғарыда аталған мазмұн мен пішін әдеби де, философиялық та, тарихи санат ретінде өзіне жүктеген рөлі бүгінгі таңда артпаса кемімегенін көреміз. Заманалар көшінен өзгеріске ұшырап, басқа күйге ауысып отыруы ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сананың түп негізден, өзектен нәр алып отыруы да мазмұнның бұлжымас негізге адал екенін білеміз. «Мазмұн мен пішін тарихи категория ретінде әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пышым тауып, жаңғырып, жасарып қана қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек өз мазмұнын ала келеді» [40, б. 145]. Ұрпақ ауысқан сайын, мемлекеттік құрылым өзгерген сайын адами құндылықтар да жаңа күйге, жаңа сапаға ауысып отырады. Сол секілді ұлттық идея да заман көшінен қалмай жаңғырып отыруы заңдылық. Ілкі дәуірлерден бері мазмұн мен пішін жаңа күйге ауысып, өзгеріп келген түркі халықтарының атақонысы – Қазақстан жері. Осы жерді мекен еткен көк түркілердің тікелей ұрпағы бүгінгі таңда алты тәуелсіз ел және әр елдің құрамында автономия мен диаспора түрінде өмір сүріп келе жатыр. Әртүрлі географиялық шекараларға бөлініп, тіпті тілдерінде ерекшеліктері бар түркі халықтарының сыртқы пішіні өзгергенімен, ішкі мазмұнындағы өзгерістер болды деп айта алмаймыз. Бұған алдағы тарауларымызда ескерткіштердің сюжеттік құрамымен фольклорлық шығармалардағы сарындарды талдау арқылы көз жеткіземіз. Әдебиеттану ғылымындағы уақыт пен кеңістік тұрғысынан алып қарасақ, өмір сүріп жатқан кеңістігіміз сол болғанымен, уақыт басқа деп айтып жатамыз. Қазақта «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мақал бар. Озығы – осы күнге дейін жеткен елдігіміздің белгісі, нақты айғағы деп айтуға толық құқылымыз. Бұл тұста археология ғылымы нақты дәлелдеп, көк түркілердің тікелей ұрпағы екенімізге шек туғызбайды. Обалар мен қорғандардан табылып жатқан жәдігерлер – осының айғағы. Әр ойды тұжырымдап, қорытынды жасап, «осы күнге дейін үзілмей келе жатыр», «дәстүр сабақтастығы», «үйлесімділік пен үндестік» деп аяқтап отыруымыздың мәні Мәңгілік Ел идеясының өміршеңдігін көрсеткіміз келгендігінде. Мәңгілік Ел болу үшін сонау көне түркілерден бері қарай сақталып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу басты міндет, қанға сіңген қасиет болып қала беру керек. Қазақтың танымында адам жасына қатысты философиялық таным-түсініктің төркіні тым тереңде жатыр. Адамның өсу жолына қатысты атаулар да көп. Адам ғұмырын кезең-кезеңдерге бөліп қарастыру көшпенділердің табиғатында бар. Табиғатпен егіз, табиғатпен бірге жасаған көшпенділердің адам жасына қатысты, жыл қайыруына қатысты түрлі халық ауыз әдебиетінің үлгілері бар. Бұл сарын көне түркі әдебиетінде де көрініс тауып, бүгінгі әдебиетте жазылып келеді. Табиғаттың төрт мезгілін адам өмірін төрт кезеңге бөліп қарастыру қалыпты дүниеге айналған. Адамның адам қалпында қалуын, оның бойындағы ізгілік қасиеттерін дамытатұғын ғылымды психологияды акмеология деп атайды. Бұған ғылымда төмендегідей анықтама береді: «Адамның кемелдену сатысында дамуының, әсіресе адамның осы дамудағы аса жоғары деңгейге жетуінің заңдылықтары мен механизмдерін зерттейтін, жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардың тоғысында пайда болған ғылым – акмеология деп аталады» [41, б. 6]. Адам баласының өсу, даму кезеңдерінде болған оқиғалар олардың болашақ өміріне әсер етеді. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінен батырдың өсу жолдары, тұлға болып қалыптасу кезеңі, олардың өмір жолындағы қиындықтардан шығу барысын қадағаласақ, көне түркі әдебиетіндегі қаһармандардың ерлігімен ұқсастықтарды байқаймыз. Күлтегіннің алты жасынан бастап қырық жеті жасына дейінгі өмір жолында болған әртүрлі оқиғалар оның кемел, толыққанды тұлға болып қалыптасуына, елінің өркендеп даумына септігін тигізгені анық. Акмеология адамның құндылығын, оны жетілдіру мен өзінің кәсіби іс-әрекетін жоғары тиімділікпен жүзеге асыру қабілетін, тұлғаның динамикалық тұрғыда өзін-өзі дамытуы мен оның өзін-өзі жүзеге асыра отырып, толыққанды өмір сүруін қамтамасыз етеді. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырында батырдың өсу жолындағы портреті төмендегідей суреттеледі: Алты жасқа келгенде Арыстан туған Қобылан Қазнадан қамқа киеді. Өзімнің еншім болсын деп, Тобылғы меңді торы атты Енші қылып мінеді. Қобыландының тілегін Қайыры көп халқына, Енді түсіп салтына, Таулар күйіп тас жанған Алты жаста баланың Елбеңдеген зарпына. Өзі алты жасында, Кәмшат бөркі басында, Тобылғы торы ат астында, Қаршығасы қолында, Тазысы ертке соңында, Жеті пірге сыйынып, Баратұғын жолында, Тоқтарбайдың жылқыда, Тоқсан құлы бар еді [30, б. 16]. Жыр жолдарынан Қобыландының алты жастағы портреті қалыптасқан батырдың тұлғасын көруімізге болады. «Ер Төстік» ертегісінде де Төстіктің өсуі қиялға қонымсыз болып суреттелуі ертегіге тән сипат басым. Қобыланды мен Ер Төстік туындыларындағы ерекшеліктер сыртқы пішіні мен ішкі мазмұнында бар. Дегенмен ғайыптан болатын, тылсым құбылыстар ортақ десек болады. «Төстік өзгеше бала болып өседі: бір айда бір жастағы баладай, екі айда екі жастағы баладай, үш айда үш жастағы баладай, бір жылда он бестегі жаңа өспірімдей болып, екі жасында алысқан кісілерін алып ұқратын бала болады. Садақ тартып үйренеді, тартқан садағын тоғыз қабат кетпеннен өткізеді. Аң аулап, құс атып, шал әкесі мен кемпір шешесін асырайды» [42, б. 11]. Көне түркі әдебиеті үлгілерін аңыз, ертегі деп қарастыра алмаймыз, көркем шығарма деп қарастырған күннің өзінде көркем шындық басым екенін жоғарыдағы талдауымыздан көруге болады. «VІ ғасырдан күшейе бастаған түркілердің алғашқы мықты көсемі Түмен қаған заманында 552 жылы Түркі қағандығын құрған еді. Қағандықтың орталығы Моңғолия сахарасында болған. Кейінгі кезде қазақ құрамын толықтырған көптеген түркі тайпалар осы қағандықтың қол астында еді» [43, б. 15]. Қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалар Ұлы Түркі мемлекетін құрған ұлыстардан құралғаны туралы ақпарат көне заман жазбаларында көптеп кездеседі. Түркі мемлекетінің ұлттық идеологиясына айналған Мәңгілік Ел идеясы бүгінгі күннің қиялынан туған дүние емес екені рас. Өз алдына тәуелсіз ел болу үшін оның тілі, ділі, діні, рәміздерімен қатар елдің ерекшелігі мен болмысын танытатын, халықтың басын біріктіретін бір идея болуы шарт. Осы идеяның төңірегінде жалпы халықты ұйыстыру – кез келген мемлекеттік негізгі мақсаты. Адамзат тарихындағы соңғы империя болған КСРО ХХ ғасырдың аяғында құлап, құрамынан бөлініп шыққан тәуелсіз елдер өздерінің бағыт-бағдарын анықтау, ұлттық болмысын танып-білумен қатар мемлекет құрамындағы ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіру мақсатындағы ұлттық идеология негізін қалау жолында еңбектеніп келе жатқаны шындық. Бұл ретте еліміздің ұлттық идеясы қандай болуы керек? Тәуелсіздік заманында басты құндылық не болуы керек? 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақ астында не біріктіре алады деген сынды сауалдар көп жылдар бойы ел билігін мазалағаны анық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ ҚХА құрылуы да елді бірлікте, татулықта ұстауды мақсат етуден туындаған жүзеге асқан істердің бірегейі. Өткен ғасыр мен жаңа ғасыр тоғысында халқымыздың тарихында ұлттық идея жаңа бағыт алып, өркендеу мен дамудың негізі қаланды. Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық. Қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрміз. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры – ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел» [1]! Елбасының «ұлттық идея»,«Мәңгілік Ел» деген ұстанымын бүгінгі күні барша халық мойындады. Ұлттық идеяны жүзеге асыру жолында әлі де көркем туындылар, тың зерттеулер дүниеге келері анық. «Көне түркілік «Mәңгі Ел» идеясының бүгінгі Қазақ Елінің ұлттық мұратына айналуы тамыры үзілмеген тарихи сана сілкінісінің нәтижесі, рухани жаңғырудың жарқын көрінісі. Елбасының «Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі...» [44, б. 3]. Мәңгілік Ел идеясын фольклор және әдебиеттану контексінде зерттеу әдістемесінің негізі ежелгі таным-түсініктен бастау алады. Ұлт болмысының ерекшеліктері оның дүниетанымы рухани дүниесі арқылы анықталғаннан әдебиеттану ғылымы да елдікті сақтап, оның жетілдіру мақсатында атқаратын қызметі зор. Адамзаттық таным-түсініктің қоғамдық құрылысқа сай дамып, сараланып, даралануы ұлттық сипат, ұлттық еркешеліктің қалыптасуына алып келеді. Жер бетіндегі халықтардың өмір-салтын, тұрмыс-тіршілігін, мәдени құндылықтарын қалыптастыратын, ұлт ретінде өмір сүруіне кепіл болатын, оның өрлеуі мен дәуірлеуіне негіз болатын да ұлттық руханияты (тіл, әдебиет, мәдениет, діл, дін, т.б.). Түркілік дәуірде негізі қалаған бұл идеяның өміршендігі бекер емес. Заманалар ауысып, аумалы-төкпелі кезеңдерден ұмыт қалмай, осы күні жаңғыруы түркілердің асқақ рухы мен түп негіздің мықтылығында. «Түркі халықтарының жалпытүркілік болмысқа тән мәдени-рухани құндылықтар жүйесі туралы мағлұмат беретін VІІ-ІХ ғасыр жазба мұраларының ең басты құндылығы – көне түркілердің асқақ рухы мен өр намысын, еркіндік пен тәуелсіздікті мақсат тұтқан мұқалмас жігерін, «Мәңгі Ел» болуды армандаған ұлы мұратын сипаттайтын мазмұнында. Бұл жасампаздық рухы биік түркілер үшін елдік идеясының сол кезеңдерде-ақ киелі ұғымға айналғанын айқындайды [44, б. 53]. |