Алимбаев аслан есемканович
Скачать 263.17 Kb.
|
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ӘОЖ 811.512.1:316.77 Қолжазба құқығында АЛИМБАЕВ АСЛАН ЕСЕМКАНОВИЧ Көне түркі әдебиетіндегі «Мәңгілік Ел» идеясының жырлануы 6D021400 – Әдебиеттану Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация Ғылыми кеңесшілер филология ғылымдарының докторы, профессор Қасқабасов С.А. Шетелдік кеңесші доктор PhD, профессор Метин Екижи (Измир, ЕГЕ университеті) Қазақстан Республикасы Нұр-Сұлтан, 2021 МАЗМҰНЫ
АНЫҚТАМАЛАР Диссертацияда төмендегідей анықтамаларға сәйкес терминдер пайдаланылған: Аңыз – бір мекеннің, жергілікті жердің, я болмаса бір елдің, тайпаның, рудың ауызекі шежіресі (устная хроника), бір аймақта болған оқиғаның әңгімесі. Әбілхаят – мәңгі өмір дарытатын қасиетті су. Мұндағы әб – су, хаят – өмір деген мағынаны білдіреді. Әпсана – кейде ертеде болған, немесе ойдан шығарылған бір оқиғаны көркемдей баяндайтын шығарма. Кейіпкер – көркем әдебиетте бейнеленетін оқиғаға қатысушы образ. Классификация (лат. classis – санат, класс, facio – жасау) – нысандардың ұқсастық белгілеріне қарай элементтерге, яғни топтарға, кластарға, позицияларға, түрлерге бөлінуі. Магия (лат. magia, грек. μαγεία – сиқыршылық) – алғашқы қауымдық дін формаларының бірі; іс-әрекеттердің (жеке дара немесе ұжымдық) символдық бейнесі. Магия алғашқы қауым адамы ойының көрінісі және жаратылыстан тыс күштерге сенімнің күшеюімен тікелей байланысты болды. Мәңгілік Ел – көне түркілердің монифесі, ұлттық идеология. Миф (грек. мythos – аңыз, logos – ілім) – әлемдік мифология ауқымынан шықпайтын, тіпті типологиялық сипаты мен оған сәйкес келетін дүниенің, жаратылыстың әр түрлі құбылыстары мен нысандарының пайда болуын, аспан мен жердің жаратылуын, адамзаттың алғаш қалай пайда болғанын және аңдар мен құстардың шығу тегі мен мінез-құлқын, ерекшеліктерін түсіндіріп баяндайтын прозалық шығармалар. Мифология – адамдардың жаратылыс туралы түсінігіне негізделген мифтердің жиынтығы; мифтердің шығуын, мазмұнын, таралуын зерттейтін ғылым. Мотив (фр. мotif, нем. мotiv, лат. moveo – қозғаймын) – сюжет формуласын құрайтын, оның дамуына қозғаушы күш болатын баяндау бірлігі. Образ – шындықты танып-білуде әдебиет пен өнерге тән ерекше эстетикалық категория. Көркем шығармада сөзбен сомдалған әдеби қаһарман бейнесі. Орхон-Енисей жазба ескеркіштері – Орхон, Селенга өзеңдері бойынан табылған ҮІІ-ҮІІІ ғ. Жататын көне түркі сына жазбалары. Пантеон (лат. рantheon) – барлық құдайлар ғибадатханасы; қандай да бір культ аясындағы күллі құдайлардың жиыны. Сакральді (ағыл. sacral және лат. sacrum – қасиетті) – қарапайымдылықтан айырықша түрде жалпы тылсым, иррационалды, мистикалық заттар мен құбылыстарға қатысы бар түсінік. Символизм (грек. symbolon – танымдық белгі, таңба) – өнерде, философияда нәрсенің, құбылыстың қасиетін, сыр-сипатын бейнелеп, астарлап білдіру. Табу (индонез. – тыйым салу) – ескі діни наным бойынша айтылуға тыйым салынған сөздер Толық адам – ыстық қайрат, нұрлы қалы, жылы жүрек. Тотем (солтүстік америкалық үндістердің одживбе тайпасының тілінде totem – оның руы) – жануар кейпіндегі культ құралы, бас июге арналған элемент. Тотемизм – адамдардың өздерінің шығу тегін жануарлармен байланыстырып, тотемдік таным негізінде қалыптастырған наным-сенім жүйесі. Фольклор (ағыл. folk – халық, lore – даналық) – халықтың ауызша таралған шығармашылығы негізіндегі синкретті, көпфункциялы руханият. Фольклорлық сюжет – фольклорлық шығарманың негізгі оқиғалық қаңқасы, өзегі Фольклортану – фольклорды зерттейтін ғылым. Хикая – ел өмірде бар деп сенген неше түрлі жезтырнақ, үббе, албасты, күлдіргіш, жалғыз көзді дәу, шайтан, пері, дию сияқты нәрселер туралы діни нанымға негізделген әңгімелер. Хикаят – кейде ойдан шығарылған, немесе діни кітаптардан алынған сюжеттерді көркем түрде баяндайтын әңгімелер. БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР
КІРІСПЕ Диссертациялық жұмыстың жалпы сипаттамасы. Түркі халықтарының ертедегі мәдениеті, өткен тарихы, жалпы даму кезеңдері көне түркі әдебиетінің қалыптасуына да негіз болды деуге болады. Мәселен, ерлік эпосына жататын түркі ескерткіштерінен-ақ, ел мен жер қорғаудағы жойқын жорықтарынан түркі халқының ел болудағы ізгі арманын, мақсат-мүддесін байқай аламыз. Нақтырақ айтсақ, қазіргі кезде айтылып жүрген «Мәңгілік ел» идеясының түп төркінін көне түркі әдебиетінен де, фольклорлық туындылардан да байқай отырып, диссертациялық жұмысымызды көне түркі әдебиетіндегі Мәңгілік Ел идеясының көрінуін жан-жақты қарастыруға арнадық. Диссертациялық жұмыс Мәңгілік Ел идеясының түркі жазба ескерткішінде қалыптасып, түркілердің әдеби-саяси өмірінде орнығуы мен дамуының тарихын, соған байланысты туындаған теориялық негіздерді пайымдауға және тиісті тұжырымдарды жасауды көздейді. Зерттеу аясында қазақ әдебиетінің түркілік кезеңіндегі ел билеу негіздері мен бағыттары, елдің әлеуметтік, мәдени, рухани өмірінің тасқа қашап жазылған жырлардан және түркілік кезеңнен кейінгі қаламгерлердің жекелеген туындыларының негізінде қарастырылады. Зерттеу жұмысының өзектілігі. «Мәңгілік Ел» идеясының әдебиеттануда зерттелу аспектілері жаңашылдығымен ерекшеленеді. Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк туралы көне түркі мәтіндері XX ғасырда КСРО мен шет елдерде ғылыми зерттеудің нысаны болған еді. Алайда бұл жұмыстардың барлығы дерлік түпкілікті тарихи және түркологиялық сипатта болды. Көптеген жағдайларда тасқа басылған жазбаларды табу және оларды оқу тарихы, олардың мазмұны мен тарихи шындыққа қатынасы қарастырылды. Көне түркілік мәтіндердің жанрлық және тақырыптық ерекшеліктері зерделенді, әдеби және қоғамдық мәселелер талданды. Зерттеу жұмысымызда әрқилы тарихи кезеңдердегі халық ортасында туған аңыздаулар мен эпостар – басты зерттеу нысанына айналып отыр. Бұлардағы Мәңгілік Ел идеясы туралы халық түсінігі өзіндік пішінде кескін тапты. Бұл түсінік халық ауыз әдебиетінде, оның ішінде қаһармандық эпостардан, тарихи аңыздаулар мен баяндаулардан, аңыздар мен әпсаналардан байқалады. Дәл осындай фольклорлық туындылар мен түркі жазба ескерткіштері елін, жерін сақтау және қорғау идеясын жырлайды. Зерттеуіміздің идеясы мен аспектісінің негізгі жаңашылдығы да осында. Көне замандардағы билеушілердің ешбірі өзінің және өзінен бұрынғылардың мәңгілік мемлекет құрғанын жариялаған жоқ. Тек VIII ғасырда түркі қағаны Тоныкөк өз бабалары VI ғасырда мәңгілікке Ұлы Түркі Қағанатын құрғанын тасқа қашап жазды. Қағанат 290 жыл өмір сүрді де құлады, оны табғаштар жаулап алды. Тоныкөк қағанаттың жеңіліс табу себептерін санамалап көрсетеді және Мәңгілік Ел құру үшін ең алдымен халықтың бірлігі мен ынтымағы керек екенін болашақ ұрпаққа ескертеді. Мәңгілік Ел идеясы сан ғасырдан соң Қазақстан Республикасында қайта жаңғырды. Оны ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік ұлттық идея деп жариялады және Президенттің 2014 жылғы халыққа Жолдауы мен қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты сөйлеген сөздерінде айтылған негізгі жағдайды түсіндіру мен жүзеге асырудың міндеттері концептуалды түрде айқындалды: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы» [1]. Демек, бабаларымыздың бізге жеткізген аманатын арқалап, еңселі ел болу дәстүр жалғастығы деуге болады. Жұмыстың бүгінгі күн тұрғысынан өзекті екенін 2018-2020 жылдарға арналған «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) басым бағыты бойынша ҚР ҰҒА академигі ф.ғ.д., профессор С.А. Қасқабасовтың жетекшілігімен АР05134846 «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының қазақ халқының батырлық-эпикалық жыр-аңыздауларында көркем бейнеленуі» тақырыбындағы ғылыми жоба негізінде жүргізілгендігінен байқауға болады. Зерттеу жұмысының теориялық – әдіснамалық негіздері. Мәңгілік Ел идеясының ғылыми негіздері анықталды және зерттелді. Бұл – идеяның пайда болуының тарихи-мәдени алғышарттарын және көне дәуірлердегі, орта ғасыр мен жаңа замандағы қоғамдық санада өмір сүру заңдылықтары, оның қазақ халқының тарихи дамуының түрлі кезеңдеріндегі фольклорлық аңыздаулар мен жазба ескерткіштерде бейнеленуін көрсету және бақылау. Қазақтардың төл фольклорлық аңыздаулары да, сондай-ақ олардың арғы бабаларына тән, әртүрлі дереккөздерде сақталып, біздің дәуірімізге жеткен сюжеттер де – нақты зерттеудің нысандары. Осыған орай, түркілік кезең және орта ғасырға дейінгі дереккөздер, түркі дәуіріндегі ескерткіштер (Күлтегін мен Тоныкөк жайлы туындылар, Әл-Фараби, Ахмет Йүгінеки, Жүсіп Баласағұн сынды авторлардың еңбектері талдауға алынады. Сондай-ақ М.Жолдасбековтің «Асыл арналар», Н. Келімбетовтің «Древние литературные памятники тюркских народов», Қ. Сартқожаұлының «Байырғы түркі жазуының генезисі», М. Бакировтың «Древнетюркская поэзия», Ф. Урманчтың «Тюркский героический эпос», Л.Х. Мухаметзянованың «Татарский эпос. Книжные дастаны», Talant Tekın Orhon Yazıtları Kül Tigin, Bilge Kağan, Tunyukuk, Prof.dr Aysu Ata Orhon Türkçes және т.б. зерттеулері әдістемелік негізге алынды. Зерттеу нәтижесінде байырғы және одан бергі замандағы Мәңгілік Ел идеясының шығармашылық сабақтастығы көрсетілді және дәлелденді. Халқымыз сан ғасырлар бойы ұлықтаған Мәңгілік Ел Қазақстан Республикасының толықтай заңды түрде ұлттық идеясына айналуы үшін әдебиет пен әдебиеттану ғылымының теориялық және практикалық негізінің ықпалы зор. Зерттеу тақырыбымыз ұлттық көлемде үлкен маңызға ие болғандықтан, әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеулеріндегі салыстырмалы талдаулары, одан шыққан қорытындылары мен құнды ойлары есепке алынды. Зерттеу жұмысының мақсаты. Көне түркі әдебиетінгеі «Мәңгілік Ел» идеясының көркем жырлануын халық ауыз әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдау. Зерттеу жұмысының міндеті: 1. Қазақ әлеуметінің көпғасырлық тарихи-мәдени дамуындағы Мәңгілік Ел ұғымының мағынасы мен мәнін ашу. 2. Қазақ қоғамының әлеуметтік-мәдени дамуының әртүрлі кезеңдеріндегі Мәңгілік Ел идеясының көркемдік игерілуінің фольклорлық және әдеби дәстүрлердегі сабақтастығын айқындау және зерттеу. 3. Көне түркі әдебиетінің бағыттарын қарастыра отырып, сюжеттерінің басты идеясына назар аудару. 4. Түркі эпостары мен халық ауыз әдебиетіндегі жырлардың үндестігін сабақтастырып «Мәңгілік Ел» идеясының бастауларын анықтау. 5. Нақты шығармалар арқылы орта ғасыр дәуіріндегі түркілердің мәңгілік ел болу үшін ұлтты, жерді сақтап, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жаңғырту жолдарын мотивтер мен мифтер арқылы айқындау. 6. «Мәңгілік Ел» болу философиясының негізін салып, түркілік әлемнің дамуына аса зор ықпал еткен: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки т.б. ғұламалардың идеяларына назар аудару. 7. Қазіргі қазақ елінің ұстанған «Мәңгілік Ел» идеясының түркілік интеграциямен сабақтастығын зерделеу. Зерттеу жұмысының мақсатына жетудің негізгі тәсілдері: тарихи-филологиялық және талдаудың жүйелі-салыстырмалы әдісі; қарастырылатын шығармалардың сюжеттерін, композициясы мен поэтикасын, сондай-ақ олардың басты қаһармандары мен басқа да қатысушы тұлғаларын филологиялық тұрғыда зерттеу; талданатын халық аңыздаулары мен әдеби, тарихи шығармалардың қоғамдық-тарихи және мәдени-рухани негіздерін айқындау; шығармаларда баяндалатын оқиғалардың тарихи шындыққа қатыстылығын айқындау; оқиғалар мен қаһармандар әрекетін бейнелеуде және оқиғаларды баяндауда қолданылатын көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерді, поэтикалық тәсілдер мен бейнелеу құралдарын талдау; негізгі сюжеттер мен сарындарды, қаһармандарды түркі және басқа да халықтардағы ұқсас туындылармен салыстыра зерттеу; мазмұн мен идеядағы, қаһармандар мен олардың іс-әрекеттерін көркем бейнелеудің принциптері мен тәсілдеріндегі жалпы және өзіндік сипаттарды анықтау және түсіндіру; эпикалық-қаһармандық аңыздаулар мен әдеби шығармалардың өткен дәуірлердегі және қазіргі кездегі адамдар үшін тәрбиелік және адамгершілікке баулитын мәнін ашу. Зерттеу жұмысының нысаны. Мәңгілік Ел идеясының әдебиеттегі тарихи негіздері анықтау, оның салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық таным, болмыс тұрғысынан фольклор мен өзара салыстыру, талдау, көркемдік, идеялық ерекшеліктерін көрсете отырып, оның мәні мен мазмұнын пайымдау. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалық дәрежесі. 1. Түркі ескерткіштерінде мәңгілік елдің негізін қалайтын дәстүрлі мотивтер жүйеленді. 2. Көне түркі ескерткіштері мен ауыз әдебиеті сюжеттеріндегі мифтік танымның қызметі айқындалды. 3. Көне түркі әдебиеті мен фольклорлық туындылардағы «Мәңгілік Ел» идеясының сабақтастығы пайымдалды. 4. Көне түркі әдебиеті мен халық ауыз әдебиетіндегі ұлттық сана, ұлттық код ерекшеліктері зерделенді. 5. Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки еңбектеріндегі ізгілікті қоғам, тұғыры берік мемлекет болудың сипаттары талданып, тұжырымдар жасалды. Келесі тұжырымдар қорғауға ұсынылып отыр: Көне түркілердің жазба мұраларынан «мәңгілік» мотивінің кеңінен орын алғандығын байқаймыз. Мотив – сюжет құрауға негізі болып, маңызды ақпарат береді. Әсіресе, эпостық жырларда қайталанып кездесіп отыратындығымен ерекшеленеді. Түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігінен, өзіндік дәстүрінен ақпарат беретін «Мәңгілік бейне», «Мәңгілік су», «Мәңгілік өмір», «Мәңгілік алау», «Мәңгілік Ел», «Мәңгілік тас», «Мәңгілік жарық» тіркестері шығармадағы мотивтерден түркі халықтарының наным-сенімдерін байқауға болады. Күнге табыну, Көк Тәңіріне табыну, отқа табыну, табиғатқа табыну т.б. мифтік наным-сенімдерден түркі дүниетанымынан нақты ақпараттар аламыз. Түркілердің мәңгі тасқа қашап жазған жырлары бүгінгі күн тұрғысынан әдебиеттің барлық шарттарына сай келмейтіні рас. Дейтұрғанмен, бүгінгі әлем әдебиетімен терезесі теңескен қазақ әдебиетінің күре тамыры, өзегі осы түркілік әдебиетте жатыр. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала» шығармасында, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы», Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» т.б. еңбектеріндегі ізгілікті қоғам, тұғыры берік мемлекет болудың сипаттары талданған. Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы Қазақстан халқының ұстанымы ғана емес, барша түркі әлемі интеграциясының феномені болуы тиіс. Демек, ұлттық идеяны жүзеге асыру жолында әлі де көркем туындылар, тың зерттеулер дүниеге келері анық. |