Главная страница
Навигация по странице:

  • Дәрістің қысқаша мазмұны

  • 23 ДӘРІС Дәрістің тақырыбы

  • Иллюстрация

  • 24 ДӘРІС Дәрістің тақырыбы

  • Дәрістің мақсаты

  • 25 ДӘРІС Дәрістің тақырыбы

  • Түйінді сөздер

  • Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар

  • 26 ДӘРІС Дәрістің тақырыбы

  • 27 ДӘРІС Дәрістің тақырыбы

  • Анатомия. аза лтты аграрлы зерттеу университеті коммерциялы емес акционерлік оамы Технология жне биоресурстар факультеті


    Скачать 0.97 Mb.
    Названиеаза лтты аграрлы зерттеу университеті коммерциялы емес акционерлік оамы Технология жне биоресурстар факультеті
    АнкорАнатомия
    Дата05.05.2022
    Размер0.97 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаumkd vm anatomiya kaz 21-22.docx
    ТипДокументы
    #512839
    страница14 из 46
    1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   46

    Иллюстрация – жүйке жүйесі, ми, жұлын, жүйкенің құрылысы (таблицалар, слайдтар).

    Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

    1. Жүйкенің гистологиялық құрылысы.

    2. Жұлын жүйкелерінің түзілуі, таралуы, олардың жүйкелену аумақтары.

    3. Ми жүйкелері, олардың жүйкелену аумақтары.
    Дәрістің қысқаша мазмұны:

    1-сұрақ. Орталық жүйке жүйесі мүшелері – мидан және жұлыннан дененің шеткі бөліміне таралатын жүйкелер: жұлын жүйкелері ми жүйкелері болып бөлінеді. Жүйкелер құрылысы жағынан паренхималы мүшелерге жатады. Оның паренхимасын жүйке талшықтары, ал стромасын жүйке талшықтарын байланыстырып , оларды бір-бірімен өзара жалғастыратын БДҰ-лық аралықтар құрайды. Жүйке талшықтарын байланыстырып, жүйке талшықтары шоғырларын құрайтын тым жұқа БДҰ-лық аралықтар эндоневрий, жүйке талшықтары шоғырларын өзара біріктіретін қалыңдау БДҰ-лықтар периневрий, жүйкені сыртынан қаптап тұратын БДҰ-лық қабық эпиневрий – деп аталады.

    2 – сұрақ. Жұлын жүйкелері жұлынның дорсальды жүйке түбіршігі (сезімтал жүйке талшықтарынан құралған) мен вентральды жүйке түбіршіктің (қозғалтқыш жүйке талшықтарынан құралған) қосылуынан пайда болады. Жұп жұлын жүйкелері жұлынның оң және сол жағындағы омыртқааралық тесіктер арқылы омыртқа өзегінен аралас жұлын жүйкелері ретінде шығады. Жұлын жүйкесінің құрамында дененің шеткі жағынан жұлын және ми орталықтарына бағытталған сезімтал жүйке талшықтары (жұлынның сезімтал ганглийлеріндегі нейроциттер аксондарынан түзілген), орталықтардан шетке қарай бағытталған қозғалтқыш жүйке талшықтары (жұлынның сұр затының вентральды мүйізіндегі қозғалтқыш нейроциттер аксондарынан түзілген) және симпатикалық миелинді (преганглионды) жүйке талшықтары (көкірек-бел жұлын сегменттері сұр затының латеральды мүйіздеріндегі симпатикалық орталықтары нейроциттерінің аксондарынан түзілген) болады. Жұлын жүйкелері омытқа өзегінен шыққан бойда симпатикалық байланыстырғыш тармақтарды және жұлын қабықтарына арналған сомалық қайтарма тармақтарды бөлгеннен соң, өздеріне симпатикалық сұр байланыстырғыш тармақтарды қосып алып, одан кейін, дорсальды және вентральды тармақтарға (сомалық және симпатикалық жүйке талшықтарынан құралған) ажырайды. Дорсальды жұлын жүйкелерінің тармақтары омыртқа бағанынан жоғары жатқан дене бөліктерін (сүйектер, бұлшық еттер, буындар, тері, олардың тамырлары), вентральды жұлын жүйкелерінің тармақтары омыртқа бағанынан төмен жатқан дене бөліктерін жүйкелендіреді. Дорсальды және вентральды жұлын жүйкелерінің тармақтары өз кезегінде латеральды тармақтарға (беткей жатқан дене мүшелеріне) және медиальды тармақтарға (тереңде орналасқан дене мүшелеріне) тарамдалады. Жұлын жүйкелері жұлыннан шығатын омыртқа бағанының бөлімдеріне сәйкес: мойын, көкірек, бел, құйымшақ, құйрық жұлын жүйкелері болып бөлінеді. Олардың саны жануарларда мойын бөлімінде 8 жұп жүйке, құйрық бөлімінде 5 – 6 жұп жүйке, ал қалған бөлімдерде жануарлар омыртқаларының санына байланысты болады. Алдыңғы және артқы аяқты жүйкелендіретін жүйкелер жұлын жүйкелерінің вентральды тармақтары түзетін иық, бел, құйымшақ жүйке тораптарынан шығады.

    Мойын торабының жүйкелері: V, VI, VII мойын жұлын жүйкелерінің вентральды тармақтары торабынан шығып, көкетті (диафрагманы) жүйкелендіреді.

    1. Иық торабының жүйкелері: иық торабын – VI, VII, VIII мойын жүйкелерінің және I, II – көкірек жүйкелерінің вентральды тармақтары түзеді. Тораптан алдыңғы аяқты жүйкелендіретін төмендегідей жүйкелер шығады:

    Жауырынүсті жүйкесі – иық буынын, жауырынды, оның сыртқы бетіндегі бұлшық еттерді, теріні;

    Жауырынасты жүйкелер – иық буынын, жауырынды, оның ішкі бетіндегі бұлшық еттерді;

    Қолтық жүйкесі – иық буынының бүккіш бұлшық еттерін, тоқпан жілік пен білек аумағындағы теріні;

    Кәрі жілік жүйкесі – шынтақ, тізе және бақай буындарының жазғыш бұлшық еттерін, буындарды, теріні;

    Бұлшық ет-тері жүйкесі – шынтақ буынының бүккіш бұлшық еттерін, білек аумағының ішкі бетіндегі теріні;

    Шынтақ жүйкесі – тізе, бақай буындарының бүккіш бұлшық еттерін, буындарды, тоқпан жілік пен шынтақ сүйектерді;

    Орталық жүйке – тізе, бақай буындарының бүккіш бұлшық еттерін; Жіліншік аумағында латеральды және медиальды пальмарлы жүйкелерге, одан төменірек бақай жүйкелеріне айналады.

    Алдыңғы және артқы көкірек жүйкелері – иық белдеуінің бұлшық еттерін, теріні жүйкелендіреді.

    2. Көкірек жүйкелері – вентральды тармақтары жүйке торабын жасамайды. Олар қабырғааралық жүйкелер деп аталады, көкірек аумағын жүйкелендіреді.

    3. Бел торабының жүйкелері:

    Мықын-құрсақастыжүйкесі;

    Мықын-шап жүйкесі;

    Жыныс- сан жүйкесі;

    Санның латеральды терілік жүйкесі - бұлар бел, құрсақ бұлшық еттерін, теріні, еркек жануарларда – сыртқы жыныс мүшелерін, ұрғашы жануарларда – желінді жүйкелендіреді.

    Сан жүйкесі – жамбас-ортан жілік буынының бүккіш, жақындатқыш бұлшық еттерін, артқы аяқтың ішкі бетіндегі теріні (анық жүйкесі);

    Жапқыш жүйкесі – жапқыш тесігі арқылы жамбас қуысынан шығып, жамбас-ортан жілік буынының жақындатқыш және жапқыш бұлшық еттерін жүйкелендіреді.

    4. Құйымшақ торабының жүйкелері:

    Алдыңғы және артқы бөксе жүйкелері – бөксе бұлшық еттерін, теріні;

    Санның артқы терілік жүйесі – бөксе, сан аумақтарының терісін;

    Шонданай жүйкесі – жамбас-ортан жілік буынының терең бұлшық еттерін жүйкелендіріп, асықты жілік және шыбық жүйкелеріне ажырайды.

    Асықты жілік жүйкесі – жамбас-ортанжілік және тілерсек буындарының жазғыш, бақай буындарының бүккіш бұлшық еттерін, сүйектерді, буындарды, теріні;

    Шыбық жүйкесі – тілерсек буынының бүккіш, бақай буындарының жазғыш бұлшық еттерін, сүйектерді, буындарды, теріні жүйкелендіреді.

    3 – сұрақ. Ми жүйкелері (МЖ) – құрамында жүйкелендіретін мүшелердің тамырларының қызметін реттейтін симпатикалық жүйке талшықтары (алдыңғы симпатикалық жүйке ганглийінен шығады) болады. МЖ-нің 10 жұбы (10- мен11- жұбынан басқалары) бас аумағындағы мүшелерді жүйкелендіреді. 12 жұп МЖ-нің үшеуі таза сезімтал (1-,2-,8-), бесеуі (3-,4-,6-,11-,12-) – таза қозғалтқыш, төртеуі (5-, 7-, 9-, 10-) аралас жүйкелер.

    1- иіс жүйкелері – мұрын қуысындағы иіс сезімі мүшесіндегі нейроциттерден басталып, алдыңғы мидағы иіс баданасында аяқталады.

    2- көру жүйкесі – көздің торлы қабығындағы ганглионды нейроциттердің аксондарынан түзілген. Аралық мидың гипоталамусына көру жолы ретінде енеді.

    3- көзқимыл жүйкесі – ортаңғы мидың үлкен ми аяқшасынан шығып, көздің тік және қиғаш бұлшық еттері мен қабақтың бұлшық еттерін жүйкелендіреді.

    4- шығырлық жүйке – ортаңғы мидың үлкен ми аяқшасы мен ми көпірінің аралығынан басталып,көздің дорсальды қиғаш бұлшық етін жүйкелендіреді.

    5- үшкіл жүйке – үш жүйкеден құралған: көздік жүйке (сезімтал жүйке, көз шарасы, маңдай, самай, жоғарғы қабақ аумақтарының терісін, мұрын қуысы иіс сезімі аймағынының кілегейлі қабығын жүйкелендіреді. Құрамында көзжасы безіне арналған парасимпатикалық жүйке талшықтары болады), жоғарғы жақ жақ жүйкесі (сезімтал жүйке, төменгі қабақты, мұрын қуысы тыныс алу аймағы кілегейлі қабығын, жоғарғы жақты, таңдайды, жоғарғы ерінді жүйкелендіреді), төменгі жақ жүйкесі (аралас жүйке, қозғалтқыш жүйке талшықтары – шайнау бұлшық еттерін, сезімтал жүйке талшықтары – ауыз қуысының түбін, тілдің, ұрттың кілегейлі қабықтарын, төменгі жақты, төменгі ерінді, иек, самай, төбе аймақтарының терісін).

    6- әкеткіш жүйке – сопақша мидан шығып, көздің латеральды тік және көз алмасын тартқыш бұлшық еттерді жүйкелендіреді.

    7- бет жүйкесі – аралас, қозғалтқыш жүйке талшықтары – бет бұлшық еттерін, сезімтал жүйке талшықтары – тілдің ұшы мен денесіндегі дәм сезімі емізікшелерін жүйкелендіреді. Құрамында сілекей бездеріне арналған парасимпатикалық жүйке талшықтары болады.

    8- тепетеңдік-есту жүйкесі – ішкі құлақтан – есту және тепетеңдік жүйке түбіршіктерінің қосылуынан түзіледі. Сопақша ми ядросында аяқталады.

    9- тіл-жұтқыншақ жүйкесі – аралас, қозғалтқыш жүйке талшықтары – жұтқыншақтың бұлшық еттерін, сезімтал жүйке талшықтары – тіл түбірінің кілегейлі қабығындағы дәм сезімі емізікшелерін, таңдай мен жұтқыншақтың кілегейлі қабықтарын жүйкелендіреді. Құрамында шықшыт пен ауыз қуысы қабырғасының сілекей бездеріне арналған парасимпатикалық жүйке талшықтары болады.

    10- кезеген жүйке – сезімтал және қозғалтқыш сомалық жүйке талшықтары жұтқыншақ пен көмекейді жүйкелендіреді. Вегетативтік жүйке талшықтары – жұтқыншақ пен көмекейден бастап, мойындағы, көкірек және құрсақ қуыстарындағы ішкі мүшелердің етті қабықтары мен бездерін жүйкелендіреді.

    11- қосымша жүйке – трапеция тәрізді, иық-бас, төс-бас бұлшық еттерін жүйкелендіреді.

    12- тіласты жүйкесі – тіласты сүйектің бұлшық еттерін жүйкелендіреді.
    Бақылау сұрақтары:

    1. Жүйкенің гистологиялық құрылысы.

    2. Жұлын жүйкелерінің түзілуі, таралуы, бөлімдері, олардың жүйкелендіру аймақтары.

    3. Мойын жүйке торабының жүйкелері, олардың жүйкелендіру аймақтары.

    4. Көкірек жүйкелері, олардың жүйкелендіру аймақтары.

    5. Бел жүйке торабының жүйкелері, олардың жүйкелендіру аймақтары.

    6. Құйымшақ жүйке торабының жүйкелері, олардың жүйкелендіру аймақтары.
    Ұсынылған әдебиеттер:

    1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К., Жүнісова Р.Ж. «Жануарлар анатомиясы» Оқу құралы. «Айтұмар», 2015.

    2. Исембергенова С.К., Жылкышыбаева М.М. Латино- русско- казахско-английский терминологический словарь «Айтұмар» 2016

    3. Жаңабеков К., Джунусова Р.Ж., Жылқышыбаева М.М., Байтакова З.Е. Сүйектер және бұлшық еттер жүйесінің бейнелі оқу құралы. А.А.2015

    4. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.


    23 ДӘРІС

    Дәрістің тақырыбы: Жүйке жүйесі вегетативтік бөлімінің анатомиясы
    Дәрістің мақсаты: Студенттерді жүйке (нерв) жүйесі вегетативтік бөлімімен, симпатикалық жүйке жүйесі бөлігі мүшелерінің топографиясымен және құрылысымен таныстыру.

    Түйінді сөздер: жұлын, ми, вегетативтік жүйкелер (нервтер), вегетативтік ганглийлер, түйіналды (преганглионды) жүйке талшықтары, түйінсоңы (постганглионды) жүйке талшықтары.

    Иллюстрация – вегетативтік рефлекторлық доға, вегетативтік жүйке жүйесі (таблицалар, слайдтар)

    Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

    1. Вегетативтік жүйке жүйесінің жалпы сипаттамасы.

    2. Симпатикалық жүйке жүйесінің орталықтары.

    3. Симпатикалық жүйке жүйесінің ганглийлері.
    Дәрістің қысқаша мазмұны:

    1-сұрақ. Вегетативтік жүйке жүйесі (ВЖЖ) – жануарлар организміндегі ішкі мүшелер және тамырлар жүйесі мүшелерінің қызметтерін реттеп, автономды түрде басқарып отыратын жүйке жүйесінің бөлімі. ВЖЖ-нің жоғары орталықтары аралық, ортаңғы және сопақша ми бөлімдеріндегі қыртысасты ядроларында орналасады, яғни олар үлкен ми қыртысы орталықтарымен тікелей байланыста болмайды, олардың байланысы ассоциативтік (байланыстырғыш) нейроциттердің деңгейінде ғана жүреді. Вегетативтік нейроциттердің перикариондары: 1) жұлын мен мидағы жүйке орталықтарында және 2) жүйке ганглийлерінде (түйіндерінде) немесе өздері жұмысын реттейтін мүшелердің қабырғаларында орналасады. Вегетативтік нейроциттерден шығатын жүйке талшықтары негізінен миелинсіз (үлпексіз) жүйке талшықтары (жіңішке болып келеді, тітіркеністерді баяу өткізеді – 0,5 – 2м/сек.).

    ВЖЖ-нің бөлімдері:

    1. Орталықтар (мида, жұлында).

    2. Түйіналды (преганглионды) жүйке талшықтары (миелинді).

    3. Жүйке ганглийлері (түйіндері).

    4. Түінсоңы (постганглионды) жүйке талшықтары (миелинсіз) орындаушы мүшелерде аяқталады (тамырлар және ішкі ағзалар қабырғаларындағы етті қабықтар, бездер).

    2 -сұрақ. Симпатикалық жүйке жүйесінің (СЖЖ) қыртысасты орталығы – аралық мидың гипоталамусы сұр төмпегінің сұр затында, өзіндік орталығы – жұлынның сұр заты көкірек-бел сегментерінің латеральды мүйіздерінде біртұтас болып орналасады. Орталықтарды мультиполярлы нейроциттер құрайды. Өзіндік симпатикалық орталық нейроциттерінің аксондары миелинді жүйке талшықтарын түзіп, вентральды жұлын түбіршіктері құрамында омыртқа бағанының өзегінен шығады да, ақ байланыстырғыш тармақтар ретінде жұлын жүйкелерінен бөлініп, симпатикалық бағандардың жүйке ганглийлеріне барады. Олардағы вегетативтік мультиполярлы нейроциттер дендриттерінде синапспен аяқталады. Өзіндік орталықтарды симпатикалық ганглийлермен жалғастыратын миелинді жүйке талшықтарын түйіналды (преганглионды) жүйке талшықтары деп атайды.

    3 – сұрақ. Симпатикалық жүйке жүйесінің жүйке ганглийлері (түйіндері) екі түрлі: жұп омыртқамаңы (паравертебральды) ганглийлері және тақ омыртқаалды (превертебральды) ганглийлер болып бөлінеді.

    Омыртқамаңы ганглийлер омыртқалар денелерінің төменгі оң жағында және сол жағында орналасып, олар өз жақтарында бір-бірімен өзара миелинді преганглионды жүйке талшықтарымен байланысып, бастан құйрыққа дейін созылып, оң симпатикалық бағанды және сол симпатикалық бағанды түзеді. Бұл симпатикалық бағандар омыртқа бағаны бойымен орналасу орындарына байланысты: мойын, көкірек, бел, құйымшақ және құйрық бөлімдерге бөлінеді. Мойын бөлімі үш ганглийдентұрады. Олар: алдыңғы ганглий, ортаңғы ганглий (жылқыда болмайды) және артқы ганглий. Қалған бөлімдердегі ганглийлер саны омыртқалар санына сәйкес келеді. Тек, 1-көкірек ганглийі соңғы мойын ганглийімен қосылып, «жұлдызша ганглийді» түзеді.

    Омыртқамаңы ганглийлері мультиполярлы нейроциттерінің аксондары постганглионды миелинсіз жүйке талшықтары түрінде ганглийлерден бөлініп, сұр байланыстырғыш тармақтар ретінде жұлын жүйкелеріне кері қосылып, олардың құрамында тірек-қимыл аппараты мен тері жабыны мүшелеріне барып, сол мүшелердің тамырларын жүйкелендіреді.

    Жұлдызша жүйке ганглийінің постганглионды жүйке талшықтары көкірек қуысындағы мүшелердің тамырларын жүйкелендіреді және мойын жұлын жүйкелері мен ми жүйкелерін сұр миелинсіз жүйке талшықтарымен жабдықтайтын омыртқалық жүйкені құрайды. Омыртқалық жүйке талшықтары симпатикалық бағандар құрамында соңғы мойын ганглийінен алдыңғы мойын ганглийіне бағытталып, әр бір мойын жұлын жүйкелеріне және ми жүйкелеріне миелинсіз сұр жүйке талшықтарын бөледі.

    Омыртқаалды ганглийлер құрсақ қолқасының ірі артериялары (іш, алдыңғы шажырқай, артқы шажырқай артериялары) маңында орналасады. Бұларға жартыайшықты ганглий мен артқы шажырқай ганглийі жатады. Жартыайшықты ганглийді екі іш ганглийлері және алдыңғы шажырқай ганглийі құрайды. Бұлар аттас артериялардың құрсақ қолқасынан ажырайтын тұсында орналасады. Артқы шажырқай ганглийі де аттас артерияның құрсақ қолқасынан ажырайтын жерінде орналасады. Жұлыннан омыртқаалды ганглийлерге бағытталған миелинді преганглионды жүйке талшықтары жұп үлкен іш жүйкелерін және жұп кіші іш жүйкелерін түзеді. Жартыайшықты ганглий нейроциттерінің аксондары постганглионды миелинсіз сұр жүйке талшықтары ретінде кезеген жүйке талшықтарымен бірге жартыайшықты ганглийден күн сәулесі іспеттес таралып шығып, құрсақ қуысындағы барлық ішкі мүшелер тамырларын жүйкелендіреді. Жартыайшықты ганглий – күндік өрімнің орталығы. Артқы шажырқай ганглийінің постганглионды миелинсіз сұр жүйке талшықтары жамбас қуысындағы ішкі мүшелердің тамырларын жүйкелендіреді.
    Бақылау сұрақтары:

    1. Вегетативтік жүйке жүйесінің жалпы сипаттамасы.

    2. Вегетативтік жүйке жүйесі қандай бөлімдерден тұрады?

    3. Симпатикалық жүйке жүйесінің орталықтарының топографиясы.

    4. Омыртқамаңы ганглийлерінің топографиясы, бөлімдері және жүйкелендіру аймақтары.

    5. Омыртқаалды ганглийлерінің топографиясы, бөлімдері және жүйкелендіру аймақтары.
    Ұсынылған әдебиеттер:

    1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К., Жүнісова Р.Ж. «Жануарлар анатомиясы» Оқу құралы. «Айтұмар», 2015.

    2. Исембергенова С.К., Жылкышыбаева М.М. Латино- русско- казахско-английский терминологический словарь «Айтұмар» 2016

    3. Жаңабеков К., Джунусова Р.Ж., Жылқышыбаева М.М., Байтакова З.Е. Сүйектер және бұлшық еттер жүйесінің бейнелі оқу құралы. А.А.2015

    4. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.


    24 ДӘРІС

    Дәрістің тақырыбы: Жүйке жүйесі парасимпатикалық бөлімінің морфологиясы. Жүйке жүйесі парасимпатикалық бөлімінің орталықтары мен жүйкелері.
    Дәрістің мақсаты: Студенттерді жүйке (нерв) жүйесі парасимпатикалық бөлімінің морфологиясы. Жүйке жүйесі парасимпатикалық бөлімінің орталықтары мен жүйкелері.

    Түйінді сөздер: жұлын, ми, вегетативтік жүйкелер (нервтер), вегетативтік ганглийлер, түйіналды (преганглионды) жүйке талшықтары, түйінсоңы (постганглионды) жүйке талшықтары.

    Иллюстрация – вегетативтік рефлекторлық доға, вегетативтік жүйке жүйесі (таблицалар, слайдтар)

    Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

    1. Вегетативтік жүйке жүйесінің жалпы сипаттамасы.

    2. Симпатикалық жүйке жүйесінің орталықтары.

    3. Симпатикалық жүйке жүйесінің ганглийлері.
    Дәрістің қысқаша мазмұны:

    1-сұрақ. Парасимпатикалық жүйке жүйесінің орталықтары симпатикалық жүйке жүйесінің орталық тәрізді орталық жүйке жүйесі мүшелерінде біртұтас орналасады. Жүйке жүйесінің бұл бөлімінде барлығы алты өзіндік орталық болады. Олар ортаңғы мида, сопақша мида және жұлынның кұйымшақ бөлімінің сегменттері сұр затының латеральды мүйіздерінде орналасады.

    Ортаңғы ми орталығы көз-қимыл жүйкесінің парасимпатикалық ядросыңда (nuclei parasympathici n. oculomotorii), ортаңғы мидың алдыңғы төмпешіктер аймағында жатады. Аталған орталықтың нейроциттері аксондарынан түзілетін түйіналды миелинді жүйке талшықтары көзқимыл жүйкесі құрамында мидан шығып, осы жүйке бойында жатқан кірпікті ганглий (ganglion сіііаге) нейроциттерінде синапспен аяқталады. Аталған ганглий нейроциттерінің түйінсоңы миелинсіз жүйке талшықтары кірпік жүйкелері (nn. ciliares) - деп аталып, көз алмасындағы кірпікті дене және қарашықтың қысқыш бұлшық еттерін жүйкелендіреді де, көз қарашығын тарылтады. Ал алдыңғы мойын ганглийінен келетін симпатикалық түйінсоңы миелинсіз жүйке талшықтары көз қарашығын кеңейтеді.

    Сопақша мида төрт орталық болады. Олар:

    І.Көзжасын бөлу орталығының (nucleus lacrimalis) түйіналды жүйке талшықтары бет жүйкесі құрамында мидан шығып, одан бөлінеді де, сына-таңдай шұңқырында жатқан қанат-таңдай ганглийі (ganglion pterygo-palatinum) нейроциттерінде аяқталады. Ганглийден шығатын түйінсоңы жүйке талшықтары көзжасы безін, таңдай мен мұрын қуысы кілегейлі қабықтары бездерін жүйкелендіреді.

    2.Алдыңғы сілекей бөлу орталығының (nucleus salvatorius rostralis) түйіналды жүйке талшықтары да, бет жүйкесі құрамында мидан шығып, төменгі жақ ганглийі (ganglion mandibulare) нейроциттерінде аяқталады. Ганглий нейроциттерінің аксондарынан түзілетін түйінсоңы жүйке талшықтары төменгі жақ және тіласты сілекей бездерін жүйкелендіреді.

    З.Артқы сілекей бөлу орталығының (nucleus salvatorius caudalis) түйіналды жүйке талшықтары тілжұтқыншақ жүйкесі құрамында мидан шығып, жырымдалған тесік маңындағы құлақтық ганглий (ganglion oticum) нейроциттерінде аяқталады. Бұл нейроциттердің түйінсоңы жүйке талшықтары құлақтүбі, үрт және ерін сілекей бездерін жүйкелендіреді.

    4. Іштік орталығының (nucleus parasympathicus n. vagi) түйіналды миелинді жүйке талшықтары сомалық жүйке талшықтарымен бірігіп, кезеген жүйкені құрайды. Кезеген жүйке сопақша мидан бөлінгеннен соң, мойын аумағында симпатикалық бағанның мойын бөлігімен бірігіп, кезеген-симпатикалық бағанын (truncus vago-sympaticus) түзеді. Көкірек куысына кіреберісте кезеген жүйке симпатикалық бағаннан ажырайды да, көмекей мен жұтқыншақты жүйкелеңдіретін сомалық қайтарма жүйкені бөліп, кұрсақ қуысына енеді. Көкірек қуысындағы мүшелерді (жүрек, өкпе т.б.) жүйкелендіретін тармақтарды беріп, кезеген жүйке құрсақ қуысына кіріп, жартыайшыкты ганглийге (gan­glion semilunare) жетеді де, одан симпатикалық жүйке талшықтарымен бірге құрсақ қуысындағы барлық ішкі мүшелерге жан-жаққа таралып, "күндік өрімді" құрайды. Кезеген жүйкенің түйіналды миелинді жүйке талшыктары ішкі мүійелер қабырғаларындағы микроскоппен ғана көрінетін тым майда жүйке түйіншелері немесе торалтары нейроциттерінде синапспен аяқталады. Олардың қысқа аксондарынан түзілген түйінсоңы миелинсіз жүйке талшықтары өздері кабырғаларында орналасқан ішкі мүшелердің етті қабықтары мен қабаттарын және бездерін жүйкелендіреді.

    Қүйымшақ орталықтары (nuclei parasympathici sacrales) нейроциттерінің түйіналды миелинді жүйке талшыктары жүлын жүйкелерінің вентральды түбіршіктері құрамында шығып, жұлын жүйкелерінен бөлінеді де, өзара бірігіп, жамбас жүйкелерін (nn. pelvini) құрайды. Бұл жүйкелер жамбас қуысында жатқан ішкі мүшелер қабырғаларына еніп, оларда орналасқан микроскопиялық жүйке тораптары нейроциттерінде аяқталады. Нейроциттер аксондарынан түзілген қысқа түйінсоңы миелинсіз жүйке талшыктары өздері орналасқан ішкі мүшелердің етті қабықтары мен бездерін жұйкелендіреді.

    Ішкі мүшелер қабырғаларында орналасқан (интрамуральды) жүйке тораптарының гистологиялық құрылысы. Интрамуральды жүйке тораптары сыртынан 2-3 қабат коллаген талшыктары мен олардың аралықтарындағы жасушалардан құралған қапшықпен қапталған. Жүйке торабында құрылысына байланысты нейроциттердің (Догель нейроциттері) үш түрі ажыратылады. Олар: 1-түрі — ұзын аксонды эфферентті (қозғалтқыш) нейроциттер. Бұлардың тармақталған көптеген қысқа дендриттері және бір ұзын аксоны болады.

    2-түрі — біркелкі өсінділі афферентті (сезімтал) нейроциттер. Нейроциттер өсінділерінің барлығы құрылысы жағынан бірдей және тармақталмаған. Сондыктан, бұлардың өсінділерінің қайсысы дендрит, қайсысы аксон екенін ажырату қиын. Нейроциттердің 2 - түрінің аксондары, нейроциттердің 1 - түрінің дендриттерінде синапс арқылы аяқталатыны тежірибе жүзінде анықталған. Осыған орай, оларды сезімтал нейроциттер дейді.

    3-түрі — байланыстырғыш (ассоциативті) нейроциттер. Синапстық (синапсалды, синапссоңы төмпешіктеріндегі) көпіршіктердің мөлшеріне сәйкес, нейроциттердің 1 - түрінде: қоздырғыш холинергиялық (диаметрі 40-60 нм) және тежегіш адренергиялық (диаметрі 30-50 нм) синапстардың болатындығы анықталды. Ішек қабырғаларындағы жүйке тораптарының құрамында тежегіш пуринергиялық (циаметрі 100 нм) нейроциттер кездеседі. Олар өздерінен ішектер қабырғаларындағы перистальтикалық рефлекстің тежелуін қамтамасыз ететін пурин қосындыларын бөледі.
    Бақылау сұрақтары:

    1. Вегетативтік жүйке жүйесінің жалпы сипаттамасы.

    2. Вегетативтік жүйке жүйесі қандай бөлімдерден тұрады?

    3. Симпатикалық жүйке жүйесінің орталықтарының топографиясы.

    4. Омыртқамаңы ганглийлерінің топографиясы, бөлімдері және жүйкелендіру аймақтары.

    5. Омыртқаалды ганглийлерінің топографиясы, бөлімдері және жүйкелендіру аймақтары.
    Ұсынылған әдебиеттер:

    1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К., Жүнісова Р.Ж. «Жануарлар анатомиясы» Оқу құралы. «Айтұмар», 2015.

    2. Исембергенова С.К., Жылкышыбаева М.М. Латино- русско- казахско-английский терминологический словарь «Айтұмар» 2016

    3. Жаңабеков К., Джунусова Р.Ж., Жылқышыбаева М.М., Байтакова З.Е. Сүйектер және бұлшық еттер жүйесінің бейнелі оқу құралы. А.А.2015

    4. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.


    25 ДӘРІС

    Дәрістің тақырыбы: Анализаторлар анатомиясы.



    Дәрістің мақсаты: Студенттерді талдағыштардың жануарлар организміндегі маңызымен және бөлімдерімен, олардың жіктелуімен, иіс, дәм, тері сезімі талдағыштарының топографиясымен және құрылысымен таныстыру.

    Түйінді сөздер: талдағыштар, рецепторлар, өткізгіш жолдар, орталықтар, интерорецепторлар, экстерорецепторлар, проприорецепторлар.

    Иллюстрация – рефлекторлық доға, иіс, дәм, тері сезімі талдағыштары (таблицалар, слайдтар).

    Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

    1. Талдағыштар (анализаторлар) туралы түсінік, олардың бөлімдері.

    2. Рецепторлар, олардың түрлері және топографиясы.

    3. Иіс, дәм, тері сезімі талдағыштарының құрылысы және топографиясы.

    Дәрістің қысқаша мазмұны:

    1 - сұрақ. Талдағыштар (анализаторлар) – сыртқы қабылдағыш бөлімдерден басталып, ми орталықтарында аяқталатын күрделі жүйке механизмі. Жануарлар денесінің сезім мүшелері талдағыштардың шеткі қабылдағыш бөлімдері.

    Талдағыштар үш бөлімнен тұрады:

    1. Рецепторлар – организмге әсер етуші тітіркенгіштерді қабылдайтын жүйке жүйесінің шеткі сезімтал ұштары.

    2. Өткізгіш жолдар – тітіркенгіштер әсерінен сезімтал жүйке ұштарында пайда болған жүйке толқындарын (импульстерін) рецепторлардан ми орталықтарына жеткізетін жүйке талшықтары. Өткізгіш жолдар орналасу орындарына байланысты орталық өткізгіш жолдар және шеткі өткізгіш жолдар болып бөлінеді. Орталық өткізгіш жолдарға жұлын мен мидың ақ затындағы сезімтал жүйке талшықтары, ал шеткі өткізгіш жолдарға – жұлын және ми жүйкелерінің құрамындағы сезімтал жүйке талшықтары жатады.

    3. Ми орталықтарын – мидың сезімтал қыртыстық және қыртысасты орталықтары құрайды.

    2 - сұрақ. Рецепторлар – организмдегі орналасу орындары мен әсер етуші тітіркенгіштердің түрлеріне байланысты: интерорецепторлар (ішкірецепторлар), проприорецепторлар (аралықрецепторлар) және экстерорецепторлар (сыртқырецепторлар) болып үш топқа бөлінеді.

    Интерорецепторлар – тітіркеністерді организмнің ішкі мүшелері, қан және лимфа тамырлары қабырғаларынан, түрлі ұлпалардан қабылдап, сезімтал жүйке толқындарын негізінен орталық жүйке жүйесінің қыртысасты орталықтарына жеткізеді.

    Проприорецепторлар – қаңқа сүйектеріндегі, бұлшық еттердегі, буындардағы сезімтал тітіреністерді қабылдап, мидың қыртыстық және қыртысасты орталықтарына жеткізеді.

    Экстерорецепторлар – жануарлар организмдеріне қоршаған сыртқы ортадан келетін тітіркеністерді қабылдап, мидың қыртыстық және қыртысасты орталықтарына жеткізеді. Сыртқырецепторлардың құрылысы күрделі болп келеді. Сондықтан, бұларды сезім мүшелері деп те атайды. Ішкі құрылысына байланысты сезім мүшелері: нейросенсорлы (бірінші сезімтал) және эпителиосенсорлы (екінші сезімтал) сезім мүшелері болып екі топқа бөлінеді. Бірінші сезімтал сезім мүшелерінде (иіс сезімі және көру мүшелері) тітіркеністерді жүйке жүйесінің құрылымдары тікелей қабылдайды. Ал екінші сезімтал сезім мүшелерінде (есту-тепетеңдік, дәм және тері сезімі мүшелері) тітіркеністерді алдымен мүшенің сыртқы жағын қаптап жатқан сезімтал эпителиоциттер қабылдап, түзілген жүйке толқындарын өз кезегінде сезімтал нейроциттердің жүйке ұштарына өткізеді.

    3 - сұрақ. Иіс сезімі талдағышы (ИСТ) – нейросенсорлы талдағышына жатады. ИСТ-ның рецепторлары - мұрын қуысының жоғарғы артқы жағындағы сарғыш түсті кілегейлі қабығында орналасады. ИСТ эмбриондық кезеңде иіс шұңқырындағы жүйке тақташасынан, ал оның тіректік эпителиоциттері – эктодермадан дамиды. Мұрын қуысының иістік аймағы кілегейлі қабғынының ішкі эпителий қабаты үш түрлі жасушалардан: иістік тітіреністерді қабылдайтын биполярлы нейоциттерден, тіректік эпителиоциттерден және негіздік (базальды) эпителиоциттерден тұрады. Биполярлы сезімтал нейроциттер (рецепторлар) тіректік жасушалардың аралықтарында орналасады. Бұлардың сыртқы қысқа келген дендриттерінің пішіні шоқпар тәрізді ұштарында иістік тітіреністі қабылдайтын 10-12 кірпікшелер болады. Кірпікшелерді базальды денешіктен басталатын шеткі 9 жұп жіпшелер (шеңбер бойымен орналасады) мен орталықтағы 2 жіпше құрайды. Нейроцит денесі нейроплазмасының орта шенінде ақшыл дөңгелекше келген ядросы болады. Нейроциттер аксондары тіректік эпителиоциттер аралықтармен төмен бағытталып, негіздік жарғақтан өтіді де, миелинсіз жүйке талшықтарына айналып, 30-40 талшықтан өзара бірігіп, жүйке бағандарын құрайды. Бұлар торлы сүйек тесіктері арқылы ми сауыты қуысына өтіп, ми жүйкелерінің I-жұбы – иіс жүйкелері ретінде иіс миы баданасына енеді. Тіректік эпителиоциттер нейроциттерді сыртынан қаптап, олар үшін тіректік және қорғаныс қызметтерін атқарумен қатар, қоректік заттармен қамтамасыз етуге де қатысады. Базальды эпителиоциттер тіректік эпителиоциттер үшін діңгектік (камбиальды) жасушалар қызметін атқарады. Кілегейлі қабықтың өзіндік тақташасында орналасқан түтікше-көпіршікше кілегейлі бездер және эпителиоциттер арасындағы біржасушалы құтыша (бокал тәрізді) бездер мұрын қуысы кілегейлі қабығының ішкі бетіне кілегейлі сөлін бөледі. Ауа құрамындағы химиялық заттар сөлде еріп, нейроциттер кірпікшелерін тітіркендіру нәтижесінде жүйке толқындары түзіледі де, нейроциттер аксондарының жүйке талшықтары (шеткі өткізу жолдары) арқылы иіс миы баданасына өтеді. Иіс сезімі талдағышының қыртысасты орталығы – аралық мида, қыртыстық орталығы – үлкен ми сыңары қыртысының самай аймағында орналасады.

    Дәм сезімі талдағышы (ДСТ) – эпителиосенсорлы талдағышқа жатады. ДСТ ауыз қуысына түскен азықтың татымы мен сапасын анықтайды. Ауыз қуысындағы азықтың механикалық өңделуі барысында (шайналып сілекеймен араласу) азық құрамындағы химиялық тітіркендіргіштер сілекейде еріп, тілдің татым емізікшелерін сыртынан қаптап тұрған сезгіш эпителиоциттерге әсер етеді. Осының нәтижесінде эпителиоциттерде түзілген тітіреніс толқындарын перикариондары (нейроциттер денелері) бет жүйкесі (VII-жұп) мен тіл-жұтқыншақ (IX-жұп) ми жүйкелерінің бойындағы жүйке ганглийлерінде топтасқан сезімтал нейроциттер дендриттеріне өткізеді. ДСТ-ның рецепторлары (дәм сезімі мүшесі) көпқабатты жалпақ эпителиймен қапталған тілдің кілегейлі қабығындағы пішіні саңырауқұлаққа, қорғанға және жапыраққа ұқсаған емізікшелердің қабырғаларында орналасады. Пішіні бадана тәріздес болғандықтан, бұларды татым баданалары деп атайды. Татым баданалары қатты таңдайда, бадамша бездерде, жұтқыншақта, бөбішікте де аздап кездеседі. Дәм сезімі мүшесі (татым баданалары) екі түрлі бастамадан дамиды. Татым баданаларындағы сезгіш, тіректік, базальды эпителиоциттер – эктодермадан, ал сезімтал нейроциттер – хордаалды (прехордальды) жүйке түтігінен дамып жетіледі.

    Татым баданаларының (ТБ) пішіні пияз баданасына ұқсас сопақша болып келеді (күйіс қайтаратын жануарларда – жұмыртқа тәрізді, жыртқыштарда – шар тәрізді, шошқада – ұршық тәріздес). ТБ - тіл кілегейлі қабығының көпқабатты жалпақ эпителий қабатында, негіздік жарғақта орналасады. ТБ-н бір-бірімен тығыз жатқан 40 – 60 эпителиоциттер құрайды. Бұлар үш түрлі: сезгіш (рецепторлы), тіректік және базальды эпителиоциттерден тұрады. Татым баданасының қуысы ауыз қуысымен татым шұңқырындағы татым тесігі арқылы қатысады. Пішіні ұзынша келген рецепторлы эпителиоциттер тіректік эпителиоциттердің аралықтарында орналасады. Бұлардың сопақша келген ядролары негіздік жарғаққа жақындау жатады. Рецепторлы эпителиоциттердің апикальды ұшында микробүрлер, ал цитоплазмасының апикальды бөлігінде – эндоплазмалық тор мен митохондриялар болады. Әр бір татым баданасына 50-ге жақын афферентті жүйке талшықтары (сезімтал нейроциттердің дендриттері) келіп, оның рецепторлы эпителиоциттерімен синапстық байланыс жасайды. Сілекейде еріген азық құрамындағы химиялық тітіркендіргіштер әсерінен рецепторлы эпителиоциттерде түзілген тітіркеніс толқындары денелері жүйке ганглийлерінде топтасқан сезімтал нейроциттер дендриттеріне беріледі. Жүйке толқындары сезімтал нейроциттер аксондарынан түзілген шеткі өткізгіш жолдар арқылы ДСТ-ның мидағы орталығына жеткізіледі. Тіректік эпителиоциттер рецепторлы эпителиоциттерді сыртынан қаптап, оларды және жүйке талшықтарын оқшаулап, тіректік және қорғаныс қызметтерін атқарады. Аласа келген негіздік эпителиоциттер рецепторлы және тіректік эпителиоциттер үшін діңгектік (камбиальды) жасушалар қызметін атқарады.

    Тері сезімі талдағышы (ТСТ) – эпителиосенсорлы талдағышқа жатады. ТСТ-ның рецепторлары тері эпидермисінде орналасады. Тітіркеністерді рецепторлы эпителиоциттер қабылдап, перикариондары жұлын жүйкелері мен үшкіл ми жүйкесінің дорсальды сезімтал түбіршіктері бойында жатқан жүйке ганглийлері нейроцитерінің дендриттеріне өткізеді. Жүйке толқындары жұлын және үшкіл жүйке бойындағы ми ганглилерінің аксондарынан құралған шеткі өткізгіш жолдар арқылы жұлынға, аралық мидың сезімтал қыртысасты орталығына (орталық өткізгіш жолдар), үлкен ми қыртысындағы тері сезімі талдағышының орталықтарына жеткізіледі.
    Бақылау сұрақтары:

    1. Талдағыштар (анализаторлар) туралы түсінік, олардың бөлімдері.

    2. Рецепторлардың анықтамасы, олардың түрлері.

    3. Иіс сезімі талдағышының морфологиясы және топографиясы.

    4. Дәм сезімі талдағышының морфологиясы және топографиясы.

    5. Тері сезімі талдағышының морфологиясы және топографиясы.
    Ұсынылған әдебиеттер:

    1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К., Жүнісова Р.Ж. «Жануарлар анатомиясы» Оқу құралы. «Айтұмар», 2015.

    2. Исембергенова С.К., Жылкышыбаева М.М. Латино- русско- казахско-английский терминологический словарь «Айтұмар» 2016

    3. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.


    26 ДӘРІС

    Дәрістің тақырыбы: Көру анализаторының құрылысы, орталықтары.



    Дәрістің мақсаты: Студенттерді көру анализаторының құрылысымен таныстыру.

    Түйінді сөздер: талдағыштар, рецепторлар, өткізгіш жолдар, орталықтар, интерорецепторлар, экстерорецепторлар, проприорецепторлар.

    Иллюстрация – көру талдағышы (таблицалар, слайдтар).
    Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

    1. Көру анализаторының құрылысы, орталықтары.

    2. Құрылысына байланысты көз алмасының жіктелуі.

    3. Атқаратын қызметіне байланысты көз алмасы құрылымының үш бөлімі, жіктелуі және морфофункциональді сипаттамасы.


    Дәрістің қысқаша мазмұны:

    1 - сұрақ. Көру мүшесі немесе көз (орган зрения) көру талдағышының шеткі қабылдағыш бөлімі. Талдағыштың өткізгіш жолы қызметін көру жүйкесі атқарады. Орталықтары аралық және ортаңғы мида, ал қыртысты орталығы үлкен ми қыртысының шүйде бөлігінде болады. Көру мүшесі көз шарасында (аңғалақ) орналасқан, біріншісезімтал (нейросенсорлы) сезім мүшесі. Көз көз алмасынан, қорғаныс және көмекші құрылымдардан тұрады.

    Көз алмасын (bulbus oculi) көз алмасының қабықтары мен оның ішіндегі сәулесындырғыш мөлдір орта құрайды. Қызметіне байланысты көз алмасынын құрылымдарын үш бөлімге бөледі:

    1)жарық сындырғыш (диоптрий) мөлдір ортаға қасаң қабық, алдыңғы және артқы камералар сұйығы, көз бұршағы, шыны терізді дене;

    2)бейімделу (аккомодациялық) аппаратына: нұрлы қабық, кірпікті дене;

    3)рецепторлы аппаратқа торлы қабық жатады.

    Көз алмасының қабырғасы: сыртқы талшықты қабықтан (tu­nica fibrosa bulbi), ортаңғы тамырлы қабықтан (tunics vasculosa bulbi) және ішкі торлы қабықтан (retina) тұрады. Талшықты қабық көздің алдыңғы жағындағы мөлдір қасаң қабықтан (cornea) және ақ қабықтан (sclera) құралған. Тамырлы қабық үш бөліктен түрады. Олар: өзіндік тамырлы қабық (tunica fibrosa propria), кірпікті дене (corpus ciliare) және нұрлы қабық (iris). Өзіндік тамырлы қабық көз алмасын қоректендіретін тамырларға бай. Кірпікті дененің бұлшық еті (бірыңғай салалы ет ұлпасы) сақинаша байламмен көз бұршағына жалғасып, көз бұршағының қалыңдығын өзгерту арқылы оны көру процесіне бейімдейді. Көз бұршағының алдында opналасқан, көздің куысын алдыңғы және артқы камераларға бөлетін нұрлы қабықта көздің түсін анықтайтын пигментті жасушалар және оның ортасындағы тесік — қарашықты (pupilla) тарылтып және кеңейтіп тұратын бірыңғай салалы ет жасушалары миоциттер болады. Көз алмасының сәулесындырғыш мөлдір ортасына қасаң қабық алдыңғы және артқы камералардағы көз сұйығы, көз бұршағы (lens) және шыны тәрізді дене (corpus vitreum) жатады.

    Көздің қорғаныс және көмекші мүшелеріне көз шарасы, көздін жарғақты қапшығы, бұлшық еттері, көз майы мен шандыры, көздін жоғарғы және төменгі қабақтары мен көзжасы аппараты жатады. Көзжасы аппараты көзжасы безінен, көзжасы көлінен, көзжасы тесігінен, көзжасы қапшығынан және мұрын куысына ашылатын мұрын-көзжасы өзегінен тұрады.

    Касаң қабық қурылысы мен химиялық құрамы ерекше, қалыңдығы 0,8-1,1 мм көздің алдыңғы бетіндегі мөлдір қабық. Оның жарық сындырғыш корсеткіші - 1,37. Қасаң қабық бес: алдыңғы эпителий алдынғы шекаралық пластинка, қасаң қабықтың өзіңдік заты, артқы шекаралық пластинка, артқы эпителий қабаттарынан құралған.
    Бақылау сұрақтары:

    1. Көру анализаторының құрылысы, орталықтары.

    2. Құрылысына байланысты көз алмасының жіктелуі.

    3. Атқаратын қызметіне байланысты көз алмасы құрылымының үш бөлімі, жіктелуі және морфофункциональді сипаттамасы.


    Ұсынылған әдебиеттер:

    1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К., Жүнісова Р.Ж. «Жануарлар анатомиясы» Оқу құралы. «Айтұмар», 2015.

    2. Исембергенова С.К., Жылкышыбаева М.М. Латино- русско- казахско-английский терминологический словарь «Айтұмар» 2016

    3. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.



    27 ДӘРІС

    Дәрістің тақырыбы: Есту анализаторының анатомиясы.

    Дәрістің мақсаты: Студенттерді есту анализаторының құрылысымен таныстыру.

    Түйінді сөздер: талдағыштар, рецепторлар, өткізгіш жолдар, орталықтар, интерорецепторлар, экстерорецепторлар, проприорецепторлар.

    Иллюстрация – есту талдағышы (таблицалар, слайдтар).
    Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

    1. Есту анализаторының құрылысы, орталықтары.

    2. Құрылысына байланысты есту анализаторының жіктелуі.

    3. Сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ құрылысы, морфо-функциональдық сипаттамасы


    Дәрістің қысқаша мазмұны:

    Есту-тепетеңдік мүшесі немесе құлақ (преддверноулитковый орган)

    organum vestibulo-cochlearis s. auris — аттас талдығыштың шеткі қабылдағыш бөлімі. Есту-тепетеңдік талдағышының өткізгіш жолдары қызметін есту-тепетендік жүйкесі атқарады. Орталықтары сопақша ми ядроларында, мишық қыртысында және үлкен ми қыртысының самай бөлігінде орын тепкен. Есту-тепетеңдік мүшесі қоршаған ортадан келетін дыбысты, салмақ күшін (гравитациялық), тербеліс, сызықтық және бұрыштық әсерлерді қабылдайтын сезім мүшесі. Ол екінші сезімтал (эпителиосенсорлы) сезім мүшелеріне жатады. Құлақ үш бөлімнен: сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақтан тұрады. Есту-тепетеңдік мүшесінің қабылдағыш рецепторлары ішкі кұлақтың жарғақты шытырманында орналасады. Ал сыртқы және ортаңғы кұлақтар көмекші құрылымдар қызметін аткарады.

    Сыртқы құлақ (auris externa) құлақ қалқанынан, сыртқы есту жолынан және дабыл жарғағынан тұрады. Құлақ калқаны ауадағы дыбыс тербелістерін қабылдап, сыртқы дыбыс жолымен ортаңғы құлақ арқылы есту мүшесі ішкі құлаққа бағыттайды және дыбыстың шыққан жерлерін анықтайды. Бұлшық еттерінің жақсы жетілуіне байланысты кейбір жануарлардың құлақтары қозғалмалы (жылқы, ит, мысық т.б.) келеді. Құлақ қалқанының негізін сыртынан терімен қапталған эластинді шеміршек құрайды. Терінің ішкі бетінде қылшықтар, май және тер бездері болады. Қылшыктар майда жәндіктер мен шаң-тозаңның сыртқы есту жолына енуіне жол бермейді. Тер бездері кұлақтың бұлағын түзетін пигментті кілегейлі сөл бөліп, ауадағы шаң-тозаңнан және дабыл жарғағын кебірсініп калудан сақтайды. Дабыл жарғагы (membrana tympani) қалыңдығы 0,1 мм, сыртқы және ортаңғы құлақтар шекарасындағы жұқа терілі перделік. Дабыл жарғағына ортаңғы құлақ жағынан балғаша сүйектің тұтқасы бекиді.

    Ортаңғы құлақты (auris media) ішкі беті бірқабат призма тәрізді кірпікшелі эпителиймен астарланған сүйектік дабыл куысы мен оның ішіндегі бір-бірімен буындар және бұлшық еттер арқылы қозғалмалы байланысқан есту сүйекшелері: балғаша (malleus), төс (incus), жасымықша (lenticulatus) және үзеңгіше (stapes) сүйекшелер құрайды. Есту сүйекшелері дабыл қуысы қабырғасына байламдар арқылы байланысқан. Дабыл қуысының ортаңғы құлақ пен ішкі құлақ арасындағы қабырғасында екі: сопақ және дөңгелек тесік немесе "терезе" болады. Сопақтерезені үзеңгіше сүйекше табанының жарғақты тақташасы мен байламдары жауып тұрады. Ол дабыл қуысын ішкі құлақтағы ұлудың кіреберістік (вестибулалық) баспалдағынан бөледі. Дөңгелек терезені ортаңғы құлақтың дабыл куысын ұлудың дабылдық баспалдағынан бөліп тұратын талшықты жарғақ жауып тұрады.

    Дабыл куысы (cavum tympani) диаметрі 1-2 мм дыбыс түтігі арқылы жұтқыншақ аңқасына жалғасады. Жұтқыншақ-дабылтүтігі жұтыну кезінде ашылып-жабылып, дабыл жарғағының сыртындағы ауа қысымы мен дабыл қуысы ішіндегі ауа қысымын теңестіру арқылы дабыл жарғағын зақымданудан сақтайды.

    Ауадағы дыбыстық тербелістер сыртқы есту жолы арқылы серпімді дабыл жарғағына беріліп, дыбыстық тербелістерге айналады. Өз кезегінде дыбыстық тербелістер дабыл жарғағынан есту сүйекшелердің қозғалмалы байланыстарымен сопақша терезедегі үзеңгіше табанының серпімді тақташасына беріледі. Ішкі кұлақ кіреберісіндегі перилимфа (лимфа сұйығы) сопақ терезедегі жарғақтан қабылданған дыбыстық тербелістерді сұйық толқынына айналдырып, ұлудың кіреберістік өзегіне өткізеді. Егер ауадан қабылданған тербелістер қалыпты шамадан тым күшті болса, онда дабыл қуысындағы балғаша тұтқасы мен үзеңгіше бұлшық еттері рефлекторлы жиырылып, есту сүйекшелерінің тербелістерін төмендетіп, сопақ терезеге келетін дыбыстық тербелістердің қысым күшін азайтады.

    Ішкі құлақ (auris interna) самай сүйектің тастық (қайыршық) бөлігінде орналасады. Ол сыртқы сүйектік және оның ішіндегі жарғақтық шытырмандардан құралған. Осы екі шытырман аралығындағы лимфа сұйығын перилимфа — деп атайды. Ал жарғақтық шытырман қуысындағы сұйықты эндолимфа — дейді. Сүйектік және оның ішіндегі жарғақтық шытырандар үш бөліктен құралған. Олар: кіреберіс, үш жартыдөңгелекше өзек және ұлу (иірілімді өзек). Кіреберістің жарғақтық шытырманын бір-бірімен жіңішке эндолимфалық өзекпен жалғасқан сопақша және дөңгелек қапшықтар құрайды. Сопақша қапшық (утрикулюс) бір-бірімен өзара перпендикулярлы жазықтықтарда (сагиттальды, сегментальды және фронтальды) орналасқан үш жартыдөңгелекше жарғақтық өзектермен, ал дөңгелек қапшық (саккулюс) қысқа өзек арқылы жарғақтық ұлу өзегімен жалғасады. Бұлардың ішінде эндолимфа сұйығы болады.

    Есту талдағышының рецепторлары жарғақтық шытырманның ұлу өзегін бойлай орналасқан иірілімді (Корти мүшесі) мүшеде орналасқан.
    Бақылау сұрақтары:

    1. Есту анализаторының анатомиясы.

    2. Сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ құрылысы, морфо-функциональдық сипаттамасы


    Ұсынылған әдебиеттер:

    1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К., Жүнісова Р.Ж. «Жануарлар анатомиясы» Оқу құралы. «Айтұмар», 2015.

    2. Исембергенова С.К., Жылкышыбаева М.М. Латино- русско- казахско-английский терминологический словарь «Айтұмар» 2016

    3. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.


    28 ДӘРІС.
    1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   46


    написать администратору сайта