Тарих ответы экзамен. 1 денгей хх асырды і жартысындаы ашаршылы оны зардаптары
Скачать 1.03 Mb.
|
Жоңғар хандығының әміршісі Цеван Рабдан цин-қытай армиясына қарсы тұру шараларын жасаумен қатар қазақ еліне жаңа шапқыншылық жасау жоспарын да ойластырып отырған шақтағы, яғни қайғы-қасіреті ұшан-теңіз әйгілі апат қарсаңындағы қазақ елінің басқарылу құрылымын шола кетейік. Кейінгі жылдарғы беделді зерттеушілердің ғылыми айналымға қосқан соны мәліметтеріне қарағанда, Ұлы жүзді 1720 жылдан бастап Абдолла ханның ұлы Жолбарыс хан басқарып тұрған. Оның ордасы, әкесінің мұрагері ретінде, Ташкентте болды. Жазғы көшпелі ордасы Шыршық, Арыс өзендері аңғарларында көшіп-қонатын жайылымдарында, сондай-ақ Ташкент пен Түркістанның арасында тігіліп жүрген. Тәуке хан 1715 жылы дүние салып, Қайып хан аға хан мәртебесіне көтерілгеннен кейін, шамамен «Ақтабан шұбырынды...» басталған жылға дейін, Орта жүз аумағында Тәукеұлы Болат хан, одан оның інісі Сәмеке хан билік жасады (көптен қалыптасқан ұғым бойынша Болат хан Аңырақай шайқасы кезінде, яғни 1729–1730 жылдардың бірінде өмірден өтті, Тәуке ханнан кейінгі ұлы хан сол болған делінеді. Алайда ғалымдардың қилы дереккөздерді зерттей келіп қорытқан бұлтартпас тұжырымдарына қарағанда, Болат хан жоңғарлардың 1723 жылғы шабуылы шағында, яки содан көп ұзамай дүние салған. Әрі Тәуке ханнан кейін сайлау өткізілген жоқ. Он шақты жылдан бері Орта жүзде әмірші боп келе жатқан Қайып Әз Тәукені жерлеу рәсімі кезінде аға хан ретінде мойындалған. Тәукенің баласы Болат ұлы хан болған емес, ол әкесінің ордасында тұра берген, бірақ Орта жүзді басқарған. Билікті белгілі бір кезеңде інісі Сәмекемен бөліскен. Болат хан өмірден өткеннен кейін, 1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке болды). Дегенмен мұндай ахуалға сұлтандардың бәрі бірдей келісе қоймаған да, ішкі ырың-жырың өрши берген. Соның салдарынан бақталастары, ақыры, 1718 жылы Қайып ханды өлтіреді. Барлық кіші хандар мен сұлтандар 1719 жылы Түркістанда тағы да бас қосады. Ойласа келе, батырлығымен, қолбасшылығымен көпке танылған, баршасынан хан тағында отырған мерзімі де ұзақ, жасы да үлкен, ел басқарудағы тәжірибесі де мол, 1710 жылдан Кіші жүз бен ішінара Орта жүздің бір бөлігінің ханы болып келе жатқан Әбілқайыр баһадүрге аға хан тізгінін бергенді қош көреді. Әбілқайыр үлкен ордасын Арал теңізі аймағынан жалпықазақ астанасы Түркістан шаһарына көшіреді, отбасы мен жақындарын (екі әйелі, төрт ұлы мен екі қызы, ересек інілері және өзге де жақын ағайындарын) сонда орнықтырады, хан қазынасына Түркістан мен Ташкент және оларға қарасты қалашықтар мен ауылдардан белгілі дәрежеде табыстар түсіріп тұрады. Бұл кезде қазақ-ойрат шекарасы, ұсақ қақтығыстарды есептемегенде, біршама тыныш болатын. Өйткені жоңғарлар екінші ойрат-цин соғысына килігіп, сол шақта қытай әскерінің шабуылдарынан қорғану мәселесімен бас қатырып жүрген. Сол себепті Әбілқайыр хан бұл жаққа аса алаңдамай, елдің терістік-батысына назар аударды, себебі ол жақ мазасыз болатын. Сондықтан ол 1720 жылы атқа қонып, алдыңғы тарауда айтылғандай, орыс патшалығымен шекарада жорықтарын жалғастырған. Жеңісті шеруімен Қазан губерниясына тереңдеп, таза орыс үйездеріне жетті. Тұтқындар алып, соғыс олжаларын өз еліне қарай асырды. Ал оңтүстік пен шығыс аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Ұлы жүз бен Орта жүз билеушілерінің құзырында қала берді. Алайда оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа шоғырланған төре тұқымдарының ел тұтастығының шарты хақындағы түсінігі ала-құла, тиісінше ауызбірлігі кем болды. Олар өзара бақталастықпен жүріп, елдің қорғаныс қабілетін арттыру шараларын ойластыра қоймады. Тап осы жәйт жоңғар қонтайшысы Цеван Рабданға 1640 жылғы «Дала ережесі» орайындағы ұлы жоспарды орындауға қолайлы көрінетін. Ол ордасына Ресейден Унковский елшілігі келген кезде туыстарының сонау Еділ бойындағы хандығы орналасқан аумаққа дейінгі өз елі іргесінен басталатын алып аралықты құзырына қаратып алу жайын пайымға салып отырған. Қазақ елін бағындыру арқылы көшпенділер империясын жаңғырту, сондай жолмен шығысы мен оңтүстігіндегі цин-қытай, терістігіндегі орыс мемлекеттеріне еркін төтеп беру дәрежесіне жету – ойраттардың өзіне дейінгі басшылары секілді, мұның да көздегені еді. Жауынгерлік қабілеті зор жасақтарына сенгендіктен де, Цеван Рабдан қуатты Қытаймен жаңа әскери қақтығыстарға барып, үнемі соғыс жағдайында болудан тайынбаған. Бірақ әйтеуір ебін тауып, мүлдем жеңіліп қалудан аман жүрген. Сондай жағдайда терістігінен тағы бір қатерлі де күшті орыс сынды көрші бой көрсеткенде, саясатында жағдайға орай амал қолдануға мәжбүр болған еді. 1721 жылғы қыркүйекте І Петрге елші жіберген. Елшісі арқылы жолдаған хатында қонтайшы өз хандығын қаһарлы қытай шабуылынан қорғауды орыс патшасынан өтінген еді. Егер Петр патша Жоңғарияны өз қорғауына әм қамқорлығына алса, ол Қалмақия әміршісі Аюке хан тәрізді Ресейдің сенімді боданы болып тұруға уәде беретінін хабарлаған. Ресейліктерге өз хандығы аумағынан алтын, күміс кендерін іздеуіне рұқсат ететінін айтқан. Тиісінше, жоңғар қонтайшысының осы өтінішіне орай мәселені пысықтау үшін, орыс императоры оған арнайы елші жіберетінін білдірген. Міне сол уәдеге сай жасақталған І Петр елшілігі Иван Унковскийдің басшылығымен 1722 жылғы 20 қарашада қонтайшы ордасына жетті. Сонда қыстады. Ұлы Петрдің бұл көшпенділер империясына деген ықыласты мейірі, осынау жауынгер жұртты заманауи озық қару-жарақпен қамтамасыз ету жолы, сөйтіп осынау жаужүрек жоңғарларды протекциясына қабылдау шарты жайында елші лауазымындағы артиллерия капитаны Унковский мен қонтайшы арасында ұзаққа созылған мәмілегерлік және іскерлік әңгімелер басталды. Жоңғар әскерінің соғысу қабілетін арттыруға бағытталған нақты істер қызу жүріп жатқан шақта, өзара келісімдер жасап отырған екі тарапқа да көрші және екеуі үшін де қауіпті Қытайдың ұзақ жылдарғы басшысы император Канси (боғдыхан Сюань Е) дүние салды. Ол күллі Қытайды билеген манчжурлық Цин әулетінің төртінші өкілі. Алты жасынан таққа отырып, елді алпыс бір жыл билеген. Қытай тарихында ең көп уақыт император болған. Сол мерзім ішінде лауазымына орай алған есіміне («Канси» – мағынасы: «Гүлденіп келе жатқан және жылы шұғыла шашқан») сай халқын жақсылыққа бөлеп, сәттілік символына айналған әмірші. Осы император Кансидің кезінде Қытайдың қуаты өте артқан. Одан қаншама жасқанбай шайқасып жүргенмен, екі арадағы соғыстар түбі Жоңғар хандығына елеулі қатер төндіріп тұрғаны айқындалып келе жатқан. Сондықтан да, жоңғар қонтайшысы орыс патшасына үміт арта қараған. Бірақ Цеван Рабдан орыс қамытына мойнын тығып үлгерген жоқ – Унковскийдің миссиясы келгелі бір ай болғанда, 1722 жылғы 20 желтоқсанда император Канси қайтыс болды. Бұл оқиға қонтайшыға біршама тыншу әкелді. Өйткені Қытай тағына Кансидің 64 әйелінің бірінен туған 44 жасар ұлы князь Юн отырған. Ұлы князь Юн боғдыхан Кансидің аманатына құпия өзгерту енгізу жолымен, билікке заңсыз келген деп саналды. Солай ойлаған көптеген туысқандарымен текетірес жағдайға түскен жаңа император ішкі күресті қайткенде өз пайдасына шешуге тиіс еді. Сондықтан ол ойраттармен созылмалы жағдайда тұрған соғысты тоқтата тұруға мәжбүр болды. Қонтайшы Цеван Рабдан мен император Инь Чжень (Юнчжэн) екеуі бітім жасасып, достық жағдайда қарым-қатынас жасап тұру жайында келісімге келді. Осы жәйт оның Қытайдан қорғану мақсатында жасақтап жатқан әскерінің бағытын қазақ еліне бұруға және Ресеймен құрмақ байланысының мазмұнын алғашқы сипатынан өзгертуге алып келді. Ол Ресей бодандығын Аюке үлгісінде қабылдаудан да, қытаймен шекарасына орыс қамалдарын салдырудан да тайқыды. Әйтсе де, дипломатиялық келіссөздерін амалдап соза түскен Унковский елшілігімен Жоңғарияда қыстайды, сосын, 1723 жылдың наурызынан қыркүйектің екінші жартысына дейін, қонтайшымен бірге Іле алқабында және Ыстықкөлге шығысынан құятын тау өзендері аңғарында көшіп-қонып жүреді. Ол Ұлы Петрдің тапсырмасын орындауға жанын салды. Қонтайшыны Ресей протекциясына көшуге үгіттеді. Оның иеліктерінде орыс гарнизоны тұратын қамалдар салуға келісімін алуға тырысты. Мұндай қадамның Жоңғарияны Қытайдан сенімді қорғау үшін пайдалы болмағын дәлелдеді. Алайда Цеван Рабдан өзінің қытайлармен және қазақтармен соғысуына қажет әскери қару-жарақты орыс патшасынан алуға келіскенімен, орыс әскерінің қандай да түрмен болсын елі ішіне кіруіне жол беруді ойына да алмайтын. Өйткені сол уақытқа дейінгі Ресеймен татулық оңайшылықпен келмеген еді (орыстардың Ертіс алқабы мен Алтайды мысықтабандап, «ақырын басып отарлауы» салдарынан жоңғар мемлекеті өз аумағының бестен бірінен айрылған). Сол ахуалға көнгендіктен ғана олармен бейбіт қатар өмір сүру мүмкін болып тұрды. Унковский жүргізген келіссөз кезінде қонтайшы даулы шекара мен алым-салық жайын қозғаған. Әзірге өз соғыс өндірісі зеңбірек құюды жолға қойып үлгермегендіктен, осынау қаһарлы қаруды орыс патшалығынан алуды мақсат еткен. Цеван Рабданның бұл пиғылына септесе тұра, Унковский миссиясы негізгі мақсатына қол жеткізе алмады. Ақыры, келген бағытымен кері қайтты. Жоңғар әскерінің қазақ еліне 1723 жылғы ерте көктемде, ақпан айында жасаған жойқын шабуылы және оның күш-қуаты мен жорығының жеңісті нәтижелері жайындағы нақты деректерді Ресейге ала келді... Қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғар әскеріне Цеван Рабданның ұлдары Галдан Церен мен Лаузан Шоно жетекшілік еткен болатын. Жорыққа әскери жабдықтары жақсы, зеңбірек, оқ-дәрілі мылтық сынды қару-жарақтары мол, жауынгер аттары желдей ескен қалың қосындар қатысқан еді. Жеті тұстан сыналай кірген жүз мың жауынгері бар бес қаруы сай армия күрсілдетіп зеңбірек атып, мылтықтан оқ жаудырып, Шу және Талас өзендері аңғарынан бір-ақ шықты. Тасқын селдей тасып ағылған басқыншының атты әскеріне қарсы дәстүрлі қылыш-найзасымен батыл көтерілген қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Тосын да жойқын соққыдан қатты шығынға ұшырады. Халыққа қорған бола алмай қалды. Қорқынышты қатыгездікпен астасқан шабуылдан ел есін жинай алмай, беті ауған жаққа үдере көшуге, тіпті үй-жайын, дүние-мүлкін, малдарын тастай қашуға мәжбүр болды. Жоңғарлар тез арада Ташкент, Сайрам, Түркістан, Созақ, Құмкент, Саудакент секілді қазақ шаһарларын, ұзын саны 25 қаланы басып алды. (Аңыздарда басқыншылардың талай руларды тұтасымен қырып жібергені айтылады. Қазақ халқының тағдырындағы осынау аса қасіретті кезең тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен таңбаланды. Ел аузында сақталған мынандай: «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған қиын екен, Қара көзден мөлдіреп жас келеді. Мына заман қай заман, қысқан заман, Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман. Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман. Мына заман қай заман, бағы заман, Баяғыдай бола ма тағы заман. Қарындас пен қара орын қалғаннан соң, Көздің жасын көл қылып ағызамын», – деп келетін шексіз қайғыға тұнған сөздері бар «Елім-ай» атты реквием-әнмен бедерленді). Басқыншылық соғыс қазақтардың тоз-тозын шығарды. Ел тоналды. Жайылым мен егістік тапталып, босап қалды, қолөнершілер қаналды, сауда тоқырады, мал басы күрт кеміді. Жұрт бас сауғалап босып кетті. Қос ұлы су Әму мен Сыр арасындағы отырықшылар да айтып-жеткізгісіз күйзеліске ұшырады. Аштықтың жайлағаны сондай, шежірелерде сақталған хабарларға қарағанда, адамдар өліктерді жерлемей, жеуге мәжбүр болған. Байырғы Бұхара, Хиуа, Ферғана, Самарқан босап қалған. Әскерінің соғыс қимылдарын сәтті жүргізіп жатқаны хақында хабар тиісімен Цеван Рабдан Еділ бойындағы ойрат туысқандарына – Қалмақ хандығына жаушы аттандырады. Өзінің әскери жорығының нәтижесінде қазақтарды біржола жеңіп, алдағы уақытта Жайық пен Еділде Аюке ханмен бірге жайлауға шығудан дәмеленетінінен хабардар етеді... Қазақ хандығының құрылуы және оның кезеңдері Қазақ хандығы - Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, этникалық процестермен байланысты әлеуметтік қатынастардың өзгерістер мен экономикалық даму нәтижесі. 1457 жылдың күзінде Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері - Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. 1458 жылдың көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Әбілқайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыттың ішінде халықтың саны 200 мыңнан асып түседі. Қазақ хандығының құрылуы осыған дейін бүкіл Қазақстан аумағында болған әлеуметтік-экономикалық және этно саяси процестердің заңды қорытындысы еді. XV ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, Батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түсті. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс болды. Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел, Тәуке хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың қазақ жерін нығайтудағы, қазақтардың үстемдігін орнатудағы әрекеттері орасан зор болатын. Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылды. Салт бойынша, хан тағына отыруға рудағы үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хан әскерлердің бас қолбасшысы және жоғарғы сот қызметін атқарды, шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау мен бейбіт бітім жасау, заңдар шығару және хандықтың бүкіл аумағын билеудің бас құқығына ие болды.[1] XV-XVII-ғ. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ этносының материалдық және рухани мәдениетінің негізгі сипаттары қалыптасты. Қазақ хандығынын пайда болу фактісі Жетісудың батыс бөлігінде өтті. Дәл осы жерге Керей мен Жәнібектің қарамағындағы, Орталық және Оңтүстік Қазақстан аумағында тұратын Орта жүздің қазақтары қоныс аударды. Қазақ хандығының әрмен қарайғы нығаю процесі жер аумағының кеңеюі Сырдария өңірінде, Оңтүстік Қазақстан өлкелерінде мемлекеттін орнығуымен қатар жүрді. Қазақ хандары Сыр бойындағы қалалы өңірлерді өзінің экономикалык және әскери базасы деп таныды. Оңтүстік Қазақстан о бастан-ақ Кіндік Азияға тән - көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік деген екі негізгі мәдени типтің бір-бірімен үйлескен, тоғысқан жері болатын. Осындай аралас тарихи-географиялық жағдай өңірдің мәдени-шаруашылық ерекшелігін ғана айқындап қоймай, ежелгі және ортағасырлардағы мемлекеттік құрылымдардың қарым-қатынасының тарихында да ерекше роль атқарды. Түрлі тарихи кезеңдерде Оңтүстік Қазақстан әртүрлі мемлекеттерді басқарған ақсүйектердің (элита) тайталасқан жері болды. Оңтүстік Қазақстан ортағасырлық Қазақстан территориясындағы мемлекеттік құрылымдарға да негіз болған дәстүрлі экономикалық және саяси орталық болып саналды. Сондықтан, Қазақ хандығы үшін де бұл өңір экономикалық мәдени және саяси орталық болуы керек болды. Мұнда кешенді шаруашылық өркендеп, көптеген қалаларда қолөнер, сауда дамыды. Өлкенің идеологиялық орталық ретіндегі ролі де жоғары болды. Қазақ хандарыны Сыр бойына иелік ету күресі стратегиялық тұрғыдан басқа жол жоқ болғандыктан, ұзақ та табанды түрде жүргізіліп келді. Осы күрестің барысы, қазақ хандарының ішкі, сыртқы саясаты, хандық аумағының кеңеюі, Қазақ хандығы тарихының т. б. қырлары қазақстандық ғалымдардың көптеген еңбектерінде тереңдетіле қарастырылған. Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысы бойындағы жерлер Орта және Кіші жүз қазақтарының қыстайтын мекендері болатын. Ол кезде Сарыарқа Орта Сырдариямен етене тығыз байланыста болды. Осы өлкені Орта жүз қазақтары қолайлы қыстық жайылым ретінде жоғары бағалайтын. Қазақ даласының жағрафиялық ерекшеліктеріне сай, Шығыс Дәшті-Қыпшақ территориясында ерте ортағасырлар кезеңнен-ақ бақташы қауымдар қыс уақытында оңтүстікке - Сырдария өңіріне, оның сағасына, Қаратау қойнауына келіп қыстайтын мал шаруашылығы қалыптасқан болатын. Дәл осы шаруашылық циклі Қазақ хандығы кезінде де қолданылып жатқан еді. Орталық Қазақстан мен Орта Сырдария Орта жүз қазақтары үшін ортақ территория болып саналды. Ал төменгі Сырдария жерлері мен Арал өңірі де Кіші жүз қазақтары үшін дәл осындай мәнге ие еді. Астанасы Түркістан қаласы болған Қазақ хандығы тұсында Орталық Қазақстан мемлекеттің стратегиялық тұрғыдан аса маңызды өлкелерінің бірі болды. Керуен жолдары ішінде көне дәуірлерден жеткен екі бағыт ерекше орында тұрды. Сарысу жолы өңірдің батысымен өтті. Оңтүстікте, Жібек жолының негізгі торабынан бастау алған ол Түркістанның үстімен Ұлытауға жете тармақталып, әрі қарай — Орал мен Еділге кететін. Қазақтар үнемі маңызды кеңестер өткізіп отырған, көптеген рулардың таңбасы қашалған атақты Таңбалытас осы Сарысу бойында. Қарқаралы жолы шығыс тарапта қанат жайды. Оңтүстікке Хантау мен Шу арқылы түсетін бұл бағыт, теріскейге қарай қимақтардың жұрты болған Ертіс бойына және одан әрі Батыс Сібірге тартатын. Қарқаралы жолын Хан жолы деп те атады. Қазақ хандығы кезеңінің көптеген сәулеттік ескерткіштерінің арасында қазақтармен достық қарым-қатынаста болған ойрат ұлыс князьдары XVII ғасырда лама дінінің пұтханасы ретінде салдырған Қызылкеніш сарайы (Қыз Әулие сарайы) бар. Қызылкеніш сарайы Қарағанды қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 260 км жерде, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының территориясындағы Кент тауында орналасқан. Сарай Қызылкеніш сайында, өзеннің оң жағалауында орын тепкен. Ертеден бері жергілікті қазақтар оны «Қыз Әулие» деп атағанымен, зерттеушілер өз жұмыстарында «Кызыл-Кенчский дворец», «Кызыл-Гянчский дворец», «Кзыл-Кенч, «Кызыл-Кенш», «Кызылкентский дворец», "Қызылкеніш сарайы" деп атап келді. Қызылкеніш сарайы өзінін архитектуралық стилі жағынан (2 қабат, балкон, колонналар), сондай-ақ археологиялық қазба барысында табылған заттарына қарағанда да кейінгі кезеңде салынған қазақ құрылысына ұқсамайды. Сарайға жүргізілген 3 жылдық зерттеулер көрсеткендей, ескерткіш ғұрыптық құрылыс болып табылады. Соған қарағанда ол ойраттардың 17-ғ. тұрғызған ламаистік ғибадатхана, яғни монастырь (храм) болса керек. Сарайды өткен ғасырдың 50-жылдарында Республикалық Археологиялық карта құрастыру барысында Қазақстан ҒА экспедициясы зерттеді. Қызылкеніш сарайына археологиялық казба 1985 ж. басталды. Оны Қазақстан мәдениет Министрлігінің "Казпроектреставрация" Институтының археологиялық отряды жүргізді. Ескерткіштін бұдан кейінгі зерттелуін 1986-1987 ж. Қарағанды Мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы жалғастырды (профессор А.К.Әбілов бастамасымен құрылған «Эврика» студенттік отряді). Зерттеу барысында негізгі сарай 3 жеке кұрылысымен толық аршылып, ескерткіш маңында орналасқан қорымнан 10 жерлеу орны қазылды. Қазбаға дейін сарай қирандысы диаметрі 25 м-ге, биіктігі 2,7 м-ге дейін жететін тасты-топырақты төбе түрінде болып келген. Зерттеу барысында үстіне қалың шөп пен итмұрын бұталары өскен оның айналасынан үш жеке құрылыстың қирандысы мен қорым тіркелді. Сарайдың оңтүстік-шығыс жағында, яғни кіре берісінде тереңдігі 2 м-ге жететін сопақ пішінді екі шұңқыр бар. Қазбадан кейін, тамбуры бар. 4 бөлмеден тұратын негізгі сарай жобада айқыш (крест) тәрізді құрылыс болып шықты. Сарайдың қабырғалары өңделмеген тақта тастардан қаланған. Тақталардың қалыңдығы 0,10 - 0,20 м. Құрылысты салу барысында онын бұрыштарына ұзындықтары 0,6 - 0,7 м, ендері 0,4 - 0,5 м болып келетін үлкен тақта тастар пайдаланылған. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ескерткіш өте қысқа уақыт өмір сүрген. Адамдардың ұзақ уақыт өмір сүрген іздерінің жоқтығы. Тек шамалы ғана күл қабаты, жануарлар сүйектерінің аздығы мен табылған олжалардың мардымсыздығы ескерткіштің тұрақты мекен-жайға айналмағандығын меңзейді. Археологиялық қазба барысында табылған оймышты ағаш әшекейі Монғолияның ламаистік храмдарының әшекейлеріне (өрнектеріне) ұқсас. Оларда бұл өрнектер "фасадтар мен интерьерлерді әшекейлеуде" кеңінен қолданылған [Сонда]. Әсіресе, сарай қирандысының қыш заттары туралы мәліметтері қызықты. Ол жөнінде Н.Коншин өзінің "От Павлодара до Каркаралинска" деген мақаласында былай дейді: "в развалинах дворца находятся вещицы из белой глины в виде конуса с расширенным основанием и закругленной верхушкой. Внутри этих вещиц постоянно оказываются зерна пшеницы". И. Чеканинский бойынша Қызылкеніш сарайының қирандысынан табылған осы заттардың біреуі бұрын Семей музейінің археологиялық коллекциясында сақталған. И. Чеканинский оны "цаца" деп санап, оның суретін Қызылкеніш сарайына арнаған еңбегінде берген. И.Чеканинский бойынша оның өлшемдері мынадай: "Цацанің" биіктігі 43,0 мм, негізіндегі диаметрі 44,0 мм, беліндегі диаметрі 54,0 мм». «Мұндай "цацалар", -деп жазды И.Чеканинский, «ғұрыптық маңызға ие және олар монастырьлардағы құлпытастарға қойылады». Қазба барысында табылған мыс ақша манжур императоры Сюаиь-Е-нің (1662-1722 жж.) билік құрған кезеңіне жатады. Ескерткіште адамдар өте қысқа мерзім тұрған. Түрлі себептерге байланысты ол өзінің өмір сүруінің алғашқы кезеңінде-ақ қиратылып тасталуы мумкін. Қорымның зерттелген жерлеу құрылыстарының көпшілігі бос. Бірақ, жерлеу құрылысының құрылымы көрсеткендей, олар мұсылмандық ғұрып бойынша салынған. Үстіндегі тас үйінділері, жерленгендердің батыс, солтүстік-батыс тұрақты бағыттары, жерлеу заттарының жоқтығы мұсылмандық жерлеу ғұрпы туралы айтады. Бұл жерде қазақтар өздерінің тумаларын жерлеген деп болжам жасауға негіз бар. Келтірілген ойларды сәл қорытар болсақ, Қызылкеніш сарайы ламаистік монастырь ретінде XVII ғ. салынған. Тек болжам бойынша, оны XVII ғ. 40-жылдарында хошоуттік Хундулен-Убаши немесе осы ғасырдың 70-жылдарының бірінші жартысында Очирту-Цецен-хан салдыруы мүмкін. Сонымен XVI ғасырда Орталық Қазақстан экономикалык жағынан біртұтас, этникалық құрамы біртектес Қазақ хандығының құрамына енді. XVII ғ. қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлік кезеңі, Орталык Қазақстан жерінде қазақтардын әскері екі ірі жеңіске жеткенімен қазақ-жоңғар соғысы әлі жүз жылға созылды (к. Аңырақай шайқасы, Бұланты шайқасы). Қалмақтар мен қазақтардың өзара жауластығы қалмақтардың бір одаққа (1400) бірігуінен басталып, оларды қытайлықтардың түгел жойып жіберген (1757 ж.) кезеңіне дейін ұласты. Абылайдың билігі кезеңінде Сарыарқа даласында Қазыбек би (1667-1763) және Бұқар жырау (1668-1781 ж. ) үлкен рөл атқарды. Казыбек би, Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұсында мемлекет басқаруға белсене араласты. Абылайды жоңғар тұтқынынан босатып алуда ерен еңбек сіңірген Қаз дауысты Қазыбек би Абылай хан билікке келген кезеңнен бастап мемлекет ісіне белсене катысты. Ол ханның бас кеңесшісі және беделді би болды. Бұқар жырау есімі ұрпаққа ақылгөй жыршы ретінде белгілі. Өз шығармаларында Бұқар жырау үш жүздің бірігіп, мықты мемлекет болуын армандады.[2]Қазақ хандығы туралы бізге жеткен нақты жазба деректердің бірі Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегі. Жалпы бұл еңбек Моғолстан хандығы тарихына арналған. Алайда сол кездегі саяси жағдайға байланысты Қазақ хандығы туралы да көп мәлімет келтірілген. Абулғазы, Қадырғали Жалайыри өз еңбектерінде Қазақ хандығы, оның билеушілері туралы мәліметтер қалдырды. Сонымен қатар Қазақ хандығы кезеңіне байланысты шығыс деректерінің маңызы зор. Қазақ хандығы — шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ — қазақ халқының негізінде бірігуі арқылы XY-ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуына 1457-жылдан кейін Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне қоныс аударуы мұрындық болды. Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434—1462-жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер - «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465—1466) билей бастады...». Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті- Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастады. Мұны көрген Дешті-Қыпшақ қөшпенділері Әбілхайыр хан қол астынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып, Қазақ хандығына қеліп жатты. Алайда жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлсіз еді және бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығының, Моғолстанның, Ноғай Ордасының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа бөлшектеніп отырған болатын. Ал Әбілхайыр хан болса өзіне қарсы шығып, Жетісуға қоныс аударған қазақтардың өз алдына хандық құрып отырғандығына және оған көптеген тайпалардың ағылып барып жатқанына азуын басып, қылышын қайрап отырды. Жаңа кұрылған Қазақ хандығы құрамына, яғни батыс Жетісу өңіріне он шақты жыл айналасында екі жүз мыңдай саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қонысты керек етті. Сонымен қатар көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қолөнері мен саудасы дамыған экономикалық орталық - Сырдария жағалауыңдағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасау маңызды мәселеге айналды. Бұл қарым-қатынастьң оңалуына тек көшпелі ел ғана емес отырықшы аймақтардағы халықтар да мүдделі болды. Осы жоғарыдағы жағдайлардың талабына сай, Қазақ хандығының алдында үлкен тарихи міндеттер тұрды. 1. Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран кезінде бұзылған еді). 2. Шығыс пен батыс сауда керуен жолы үстіне орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Яса (Түркістан) т. б. қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі Сырдария бойындағы бай қалалар бұдан бұрынғы мемлекеттік бірлестіктердің — Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік және сауда-экономикалық орталықтары еді. Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген. Сондықтан бұл қалалардың саяси-экономикалық және соғыс-стратегиялық маңызы зор еді. 3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территориясын біріктіру. Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте Қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілхайыр хан болды. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату көршілік, одақтық байланыс орнатты. Бұл одақ жоңғар тайшысы Амасанжының Моғолстанға және Әбілхайыр ханның Қазақ хандығына қарсы шабуылдарынан біріге отырып қорғануға мүмкіндік берді. 1468-жылы қыста Әбілхайыр хан Қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, осы жорық кезінде қаза тапты. Әбілхайыр хан өлгеннен соң өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ішкі шиеленістер күшейді. Әбілхайырдың қаза болуы Қазақ хандығының нығаюына және оның көлемінің кеңеюіне үлкен жағдай тудырды. Өзбек ұлысының үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күресте олардың ішкі-сыртқы қайшылықтарын толық пайдаланды. Әбілхайыр ханмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары - Ахмет хан мен Махмұд хан, батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан және Ноғай мырзалармен одақтаса отырып күрес жүргізді. Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар осы күресте қаза тапты. Әбілхайыр ханның мұрагерлерімен күресте Қазақ хандары Әбілхайыр хан 40 жыл билеген Шығыс Дешті - Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. XY-ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды. Сөйтіп қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты. Алайда Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Сонымен қатар бұл қалаларды Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да қолдарына түсіруге дәмелі болды. Сыр бойы калалары үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани Түркістан аймағына келіп, Мұхаммед Мәзит Тарханды паналады. Мұхаммед Мәзит Тархан Мұхаммед Шайбаниды қолдап, Қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды. 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы — Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді. Ауған соғысы және қазақ жастарының тағдыры |