гос экх. гос экз тарих. 2. хх асырды басындаы патша кіметіні оныс аудару саясаты. Столыпинні аграрлы реформасы
Скачать 262.46 Kb.
|
Астық пен ет дайындау және ұжымдастыру[өңдеу]1920 жылдардың соңында Қазақстанда күштеп астық пен ет жинау кең етек алды. Ол, әсіресе Сталиннің 1928 жылы қаңтардағы Сібірге сапарының барысында Новосібір мен Омбыда сөйлеген сөздерінде РКФСР Қылмыстық Кодексінің 107-бабын жаппай қолдануды талап етуінен кейін қатыгездік сипат алды. Ол бапта тауарларды сатып алу, жасыру немесе базарға шығармай ұстау арқылы бағасын жоғарлатқаны үшін қатал жазалау қарастырылған еді. 1929 жылы 13 ақпанда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқалы мөжілісінде Голощекин астық дайындау ісінде өзіне жеке шешім қабылдау құкын беретін қаулы шығартты. Астық пен ет дайындау мәжбүрлеу, жазалау және үрей туғызу арқылы жүргізілді. Елдің тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз Голощекин тіптен егіншілікпен айналыспайтын көшпелі малшылардан астық өткізуді талап етті. Мысалы, астық салығынан 2 жыл мерзімге босатуға жататын Түркістан облысындағы көшпелі мал шаруашылығы Талас және Созақ аудандарында астық даярлау жүргізілді. Ал етке өткізілуге тиіс мал басы саны қолда бар мал басынан анағұрлым асып түсіп жатты. Мәселен, Балқаш ауданында бар малдың басы 173 мың болса, етке өткізілуге тиіс малдың саны 300 мың болып белгіленді. Ауданның 3 жылда етке мал өткізу жоспары 160 мың бас малдан 1,5 млн бас малға, яғни 10 есеге дейін өсті. 1933 жылы 10—16 шілде күндері өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алтыншы пленумында сөйлеген Х.Нұрмұхамедов мынадай деректер келтірді: «Менің бауырымның, яғни 12 жыл жалшы болған кісінің бір ғана сиыры болды. Егіншілікпен ешқашанда айналыспаған. Соған қарамастан оған 1930 жылы 5 пүт астық салығын салып, бұл астықты төлеу үшін соңғы сиырын және үйдегі мүліктерін сатуға мәжбүр болды. Өкінішке орай мұндай жағдайлар өте көп кездеседі». Сөйтіп, жергілікті жерлерде егіншілікпен айналыспағандарға астық, малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алды. Оны орындамаған жергілікті басшылар да, шаруалар да жазаға тартылды. Сол себепті ешкімнің ешкімді аямауы, әрқайсысы өз басын қорғау үшін жауапкершіліктен бас тарта отырып, басқаларды құрбандыққа шалу үйреншікті қалыпқа айналды. Сталиндік-сібірлік тәсілді негізге алған Голощекин астық пен ет дайындау науқаны барысындағы қателіктерін кулактар мен байларға қарсы күрес желеуімен бүркемеледі. Азық-түлік дайындау науқаны шаруалардың шаруашылығына ғана емес, өз өмірлеріне де қауіп туғызды. Партия басшыларының қатыгез саясаты жергілікті жерлерде үрей отын шашты. Өйткені партияның арнайы және жергілікті өкілдері 107-баппен соттау, түрмеге камау әрекеттерін кең жүргізді. Ал 1932—1933 жылдары азық-түлік даярлау барысындағы жазалау шараларын қатаңдатқан, негізінен, ату жазасын белгілеген бірнеше құжат жарық көрді. 1932 жылғы 7 тамызда қабылданған «Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұжымдар мен кооперацияның мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы» заңы жазалаушылық әрекеттерді одан әрі өршіте түсті. Ол заң бойынша ату, немесе жазасын жеңілдетіп, мүмкін жағдайда мүлкін төркілеп 10 жылға түрмеге отырғызу жазасы белгіленген еді. Осылайша қанқұйлы саясат ұстаған басшылар қарапайым халық күйзелісін шегіне жеткізді. Алдымен мал, одан соң адамдар жаппай қырылды. Торғай облысында, мәселен 1931 жылғы 100 мың бас малдан 1933 жылы бар-жоғы 4 мыңы ғана қалды. Жаппай ұжымдастыру да жоғарыдан берілетін бұйрықтар мен нұсқаулар арқылы жүргізілді. 1930 жылы 5 каңтардағы БК(б)П ОК-нің «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің ұжымшар құрылысына көмектесу шаралары туралы» қаулысында Қазақстанда жаппай ұжымдастыруды, негізінен, 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау міндеті қойылды. Осылайша тағы да жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, жоғарыдан кысым жасау басталды. Шаш ал десе бас алуға дайын тұрған Голощекин ұжымдастыру ісін барынша тездетуге тырысты. Жаппай ұжымдастыру айлықтарын өткізді. 1932 жылдың 1 каңтарында отырықшы аудандардың көпшілігіндегі ұжымдастыру 60—80%-ға дейін жеткізілді. Ал көшпелі қазақ ауылдарын ұжымдастыру қарқыны бүдан да тез жүргізілді. Ол көп жағдайда күштеу, корқыту, жазыксыз жазалау әрекеттері арқылы іске асырылып отырды. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 1218 мың шаруа қожалықтары болған. Ұжымдастыру аякталған соң 1933 жылдың ортасында оның 628 мыңы ғана қалды. Байлар мен кулактарды тап ретінде жою шараларын даярлау мәселелеріне байланысты Өлкелік партия комитеті жанынан жасырын үштік құрылды. Үштіктің 1930 жылы 23 қаңтарда өткен алғашқы жасырын мәжілісінде жаппай ұжымдастыру болатын аудандардан кулак қожалықтарын жер аударуды екі бағытта жүргізу — Қазақстанның ішінде және Қазақстаннан тыс жерлерге жер аудару көзделді. Осы жұмысты ұйымдастыру үшін округтерде де оперативтік үштіктер құрылды. Олардың құрамына округтік партия комитеттерінің хатшылары, округтік атқару комитеттерінің төрағалары, ОГПУ-дің басшы қызметкерлері кірді. Оларға кулак отбасыларын есепке алуға 10-ақ күн уақыт берілді. Қысқасы, барлық жұмыстар шұғыл, асығыс және қатал түрде жүзеге асырылды. Партия, кеңес және ОГПУ органдары және олар арандатқан шолақ белсенділер өз халқына қарсы аяусыз соғыс жариялады. Әсіресе Өлкелік партия комитеті жанынан құрылған бай-кулактарды тап ретінде жою шараларын даярлаған, құрамында Құрамысов, Альшанский және Асылбеков бар комиссия ерекше белсенділік танытты. 1930 жылы ақпан айында байлар мен кулактардың қожалықтары жер аударылатын құла-дүз, жері құнарсыз тоғыз аудан белгіленді. Олар темір жолдардан, өнеркәсіп орындарынан, шекарадан әлдеқайда қашық, елсіз-сусыз, шөл және шөлейт, бұрын халық тұрмаган аймақтар болатын. Алғаш бұл аудандарға шамамен 24 мың бай-кулак қожалықтары жер аударылатын болып белгіленді. Жер аударылатындардың әрбір жаңа ауылы 50 үйден аспауға тиіс болды. 19 Қазақстандағы ұжымдастыру: мақсаттар, іске асыру әдістері, салдары. Бірінші дүниежүзілік соғыс, оның артын ала келген революциялық өзгерістер, бүкіл Кеңес елінің кеңістігін қамтыған азамат соғысы қазақ даласына да орасан зор ауыртпалықтар ала келді. 1916—1921 жылдар арасында аштықтан қырылған және оққа ұшқан қазақтардың саны 800 мыңға, ал атамекенінен көшіп кеткендердің саны 200 мың адамға жетті. Бұл сол кезеңдегі қазақ халқының шамамен бестен бір бөлігі еді. Ал 1921— 1922 жылдардағы ашаршылық қазақ қоғамын біржолата тұралатып кетті. Шаруашылық дағдарысы жұмыссыздардың санын күрт өсіріп, кедей-жатақтардың қоғамдағы үлес салмағын ұлғайтып жіберді. Жаңа ғана орнаған кеңестік билік күйзеліске ұшыраған қоғамның әл-ауқатын жөндеу және жақсарту қамына кірісудің орнына ең алдымен саяси мәселелерді шешуге басымдылық берді. Қоғамдық құрылыстың мұндай сипат алуы 1923 жылы 17—22 наурыз күндері Орынбор қаласында болып өткен Қазақ партия ұйымының III конференциясында анық байқалды. Ресей Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский мен Қазақ үкіметі төрағасының орынбасары А.Вайнштейн өздерінің баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде ендігі уақытта ұлттық мүддеге қатысты мәселелерге басымдылық беруден бас тартып, назарды бұқара халықтың таптық санасын көтеру ісіне бұруды талап етті. Бұл іс жүзінде Қазақ елінің өзін-өзі басқару, мемлекеттік басқару ісінде жергілікті ерекшеліктерді ескеру, мемлекеттік аппаратты қазақтандыру және басқа осы сияқты жалпыұлттық мәселелерді тым көп көтеруді тоқтату жөнінде орталықтан берілген нұсқау еді. Сонымен бірге ұлт мәселесінде «ұстамдылыққа» шакырған орталық, оның есесіне тапаралық қатынастар мәселесінде ымырашылдыққа жол бермеуге, қазақ кедейлерінің «әлі оянбаган таптық түйсігін» шайқап, оларды байларға қарсы қоюға үндеді. Бұл қазақ қоғамында үлес салмағы болар болмас (0,5%-ға да жетпейтін) байлар табына және олардың меншігіне «қызыл гвардиялық шабуылға» өтуге жасалған даярлықтың көрінісі еді. Орталық пен оның Қазақстандағы өкілдерінің мұндай ұстанымына ашық қарсылық көрсеткен жеке қазақ басшылары аз болған жоқ. Солардың бірі — Смағұл Сәдуақасов қазақ қоғамындағы таптық қайшылықтармен тым әуестенушіліктің жағымды нәтиже бермейтіндігін, қазақ шаруаларының сол тарихи кезеңде таптық қанаудан емес, жұмыссыздықтан, шаруашылығын жандандыруға қажет қаржының жоқтығынан азап шегіп отырғандықтарына, яғни ендігі уақытта елдің революциялық сілкіністерге емес, бейбіт еңбекке мұқтаж екенін түрлі дәреже-деңгейде дәлелдеуге тырысты. Сондай-ақ С.Сәдуакасов қазақ байларымен күресті төтенше революциялық шаралар арқылы емес, бейбіт әдіс-тәсілдер арқылы жүргізуді ұсынды. С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, Ы.Мұстанбаев, Ж.Мыңбаев, С.Қожанов сияқты қазақ саяси қайраткерлерінің бұл ортак ұстанымын большевиктік басшылық социалистік құрылысқа қарсы көрсетілген жергілікті ұлтшылдардың қарсылығы ретінде қабылдады. Ал ұлт қайраткерлері болса ендігі уақытта мұндай ұстанымдарының ұлтшылдық пиғылдан емес, жергілікті өмір ерекшеліктерінен туындап отырғандығын, соған байланысты өздерінің шынайы интернационализм ұстанымынан ауытқымағандықтарын ылғи да дәлелдеп отыруға мәжбүр болды. «Кіші Қазан» курсы[өңдеу]1925 жыл Қазақстан халқы үшін саяси жаңалықтармен басталды. Қазақстан құрамына Сырдария және Жетісу облыстарының енуі, Орынбор қаласы мен губерниясының бөлініп шығуына байланысты республиканың әкімшілік құрылымына өзгерістер енгізілді. Ендігі уақытта Қазақ АКСР-і Адай уезі, Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу және Сырдария губернияларынан, Қарақалпақ автономиялық облысынан тұратын болды. Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен астана Орынбордан Ақмешітке көшірілді. Жаңа астанада 15—19 сәуір күндері өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі қазақ халқының тарихи есімінің патшалык билік тұсында бұрмаланып қырғыз» аталғанын ескеріп, халыққа өз атын қайтарды. Соған байланысты Қырғыз АКСР-і ендігі уақытта Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы аталатын болды. Республиканың жаңа астанасы Ақмешіт каласының аты (бұрынғы Перовск) Қызылорда болып өзгертілді. Қазақ қоғамына алаш зиялыларының ықпалының артуынан қауіптенген орталық билік республикадағы саяси тәртіпті қатаң бақылауға алу жолына түсті. 1925 жылдың 29 мамырында И.В.Сталин партияның Қазақ Өлкелік Комитетінің бюро мүшелеріне «Ақ жол» газетінің саяси ұстанымына байланысты хатын жолдады. Онда И.Сталин өзінің «Ақ жол» газеті материалдарымен танысып, жарияланған материалдардың мазмұн жағынан шетелдерде жарық көріп жатқан Мұстафа Шоқай мақалаларымен сабақтас, жақын екенін айта келіп, мұндай сынға кеңестік басылымдарда орын берілуге тиіс емес деген тұжырымын білдіреді. И.Сталин хатындағы екінші мәселе алаштық зиялылар жөнінде болды. Кеңестік басшы партияда жоқ ұлт зиялыларын саяси және идеологиялық қызметтерден біржола аластатуды ұсынды. И.Сталин хатынан соң Қазақстандағы саяси билікке ұлттык кадрларды тек таптық тегіне қарап тарту кең етек алды. Сонымен бірге бұқара арасынан іріктелген қызметкерлердің өзін ұлттық сезімі мен ұстанымына байланысты жіктеу орын ала бастады. 1925 жылы жазда республика басшылығына Орталық Филипп Исаевич Голощекинді жіберді. Жергілікті жағдаймен танысып алған соң Ф.Голощекин И.Сталинге арнайы хат жолдап, онда ендігі уақытта басымдылық жалпыұлттық міндеттерге емес, қазақ ауылын кеңестендіруге, республика өмірінде коммунистердің үлес салмағын күрт арттыруға, басқару аппараттарын жергіліктендіруге, яғни қазақ бұқарасына қазақша қызмет жасауға, сондай-ақ «үлкен саясатқа» емес, қалың қазақ бұқарасаның күнделікті мұқтаждықтарын қанағаттандыруға берілмек екендігін тәптіштеп айтты. Ф.Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» концепциясы осындай тұжырымдардан тұрды және ол И.Сталиннің толық қолдауын алды. Қазақстандағы кеңестік мемлекеттік автономия қызметіне ұлттық сипат, мазмұн беруге күш салған саяси топ (С.Қожанов, С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, т.б.) Голощекин ұсынған «Кіші Қазан» бағдарламасын қазақ ауылында «азамат соғысын» тудыру әрекеті есебінде қабылдады. Қазақ қайраткерлері арасындағы келесі бір топ (О.Исаев, І.Құрамысов, Ғ.Тоғжанов, т.б.) ендігі уақытта басымдылықтың жалпыұлттық емес, таптық саяси мәселелерге берілгенін жөн санады. Республика өміріндегі саяси тартыс, негізінен, осы екі топтың арасында жүрді. Ф.Голощекин бастаған саяси басшылық қазақ ауылын кеңестендіру жолында тұрған негізгі кедергі байлар табы деп түсінді. Сондықтан да 1926 жылы 20 мамырда «Жерге орналаспай жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» заң қабылдап, байларды мал жайылымынан айыру шарасын осы жылдың маусым және шілде айларында бастап кетті. Шабындық және егістік жерлерді кайта бөлуде бірқатар қиындықтар кезікті: жерді өлшеу даярлықсыз жүргізілді, болыстық атқару комитеттері мен ауылдық кеңестерде бұл шараның мақсаты мен мәнін толық түсініп, оны ақырына дейін жеткізуге мүдделі қызметкерлер аса көп байқалмады. «Кіші Қазан» бағдарламасы аясында шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу арқылы қазақ ауылында тапаралық «майдан» ашудан үміттенген кеңестік басшылык бұл үміті ақталмаған соң, жаңа ауқымды да қауырт шараларды іске асыруды қолға алды. Отырықшыландыру, қазақ байларын тәркілеу[өңдеу]1927 жылы ақпанда БОАК төралқасы көшпелі, жартылай көшпелі қазақтарды жерге орналастыру туралы шешім қабылдады. Голощекин Қазақстандағы егістікке жарамды жерлерге орыс шаруаларын қоныстандыру мақсатын бірінші кезекке қоюға тырысты. Бұл Н.Нұрмақов, Ж.Сұлтанбеков сияқты қайраткерлердің заңды қарсылығын тудырды. Сол 1927 жылы қарашада өткен VI Жалпы- қазақтық партия конференциясы Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттарды жаппай жерге орналастыру қажеттігі жөнінде қаулы қабылдады. Ол қаулыны БОАК өзінің 1927 жылы 12 желтоқсандағы қаулысында толық мақұлдады. Соның нәтижесінде Қазақстан үкіметі 1928 жылы 4 наурызда «Қазақ АКСР-де жерге орналастыру тәртібі және жерді пайдалануды ретке келтіру туралы» арнайы қаулы кабылдады. Бұл қаулыны іске асыру барысында басымдылық қоныс аударушыларға берілді. Ал көшпелі және жартылай көшпелі қазақ қожалықтарын отырықшы тұрмысқа аудару мынадай қарқында жүргізілді: 1930 жылы — 87 136, 1931 жылы — 77 508, 1932 жылы — 77 674 және 1933 жылы — 242 208 қожалықтар арнайы белгіленген жерлерге орналастырылды. Қазақ қожалықтарын жаппай отырықшы тұрмысқа аудару оларды мемлекет тарапынан материалдық және қаржылай қолдаусыз, құр науқаншылық шаралар арқылы жүргізілді. Бұл зор ауқымды шараларды қауырт түрде іске асыру идеясы, авторларының көздеген басты мақсаттарының бірі — қоныс аударушыларға молырақ қазақ жерлерін босатып беру болды. БОАК-тың 1928 жылғы 29 наурыздағы қаулысында қазақтардың белгіленген мөлшерден артық жерлерін кесіп алу көрсетілді. Осылайша Кеңес үкіметі қазақ жерін отарлау ісіне жаңа қарқын берді. Бұдан кейін қабылданған шешімдер мен қаулылар патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатының қайта тіріліп, кеңестік заманда жаңа бағытта жүргенін байқатады. 1927 жылы желтоқсан айында тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Ал келесі 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылыктың мал-мүлкін тәркілеу белгіленді. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары — соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркілеуге жатқызылды. 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру саясаты тереңдей түсті. «Қазақ ұлтшылдарын» жазалау[өңдеу]Ә.Бөкейханов бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қайраткерлері мен белсенділерінің Кеңестік билікпен арақатынасы күрделі сипат алды. Мемлекеттік автономия алудан үміттенген ұлт-азаттық қозғалыс басшылары жаңа билікпен тіл табысуға ұмтылыс жасады. Өз ретінде кеңестік билік кешегі қарсыластары — Алаш зиялыларына қатысты екі жакты саясат ұстанды. Алғашқы кезеңде арнайы білімі бар мамандарға зәрулікті сезіне отырып билік орындары санаулы қазақ зиялыларын кеңестік кызметке тартуға әзірлігін байқатқанымен, осымен бір мезгілде алаш қайраткерлері билік тарапынан саяси сенімсіздікке ұшырап, қудалауға алынды. Өз ретінде ұлт зиялыларының өз ішінде ауызбірліктің болмауы, әсіресе билікке тартылған кейінгі буын — тәжірибесіз элитаның топшылдық дертіне шалдығуы империялық күштердің Алаш қайраткерлерімен есеп айырысуына қолайлы жағдай туғызды. Ахмет Байтұрсынұлы және басқа Алаш көшбасшыларының зиялы топ өкілдерін татуластыру әрекеттерінен ештеңе шықпады. Смағұл Сәдуақасов биліктегі топты Мәскеулік әкімшілік алдында ұлттың ішкі өміріндегі кейбір мәселелерге байланысты толық сыр ашпауға шакырды. Ал, бірақ Орталық билік қазақ коғамы ішіндегі саяси ағымдар мен ұстанымдар жөнінде толық мәліметті сол қазақ қызметкерлерінің өздерінен-ақ алып отырды. Басқаша айтканда, империялық ұстанымдағы орталыққа қазақ қоғамының ішкі өміріндегі процестерді бақылап, өзіне тиімді бағыт-бағдар беріп отыру қиынға түскен жоқ. 1926 жылы 12 жоне 14 қараша күндері Мәскеуде, Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің кезекті сессия жұмысына қатынасуға келген ұлттық автономиялық құрылымдардың 49 басшы қызметкерлері «националдар кеңесі» аталған жиналыс өткізеді. И.Сталиннің келісімінсіз өткізілген бұл кеңесте тыңдалған баяндамалар мен жарыссөзде орталық биліктің Ресей федерациясы құрамындағы ұлттық, автономиялық құрылымдарға жергілікті халықтардың мүддесі сол бұрынғы күйде ескерусіз аяқ асты қалып қойғандығы жан-жақты талқыға алынады. Кеңес жұмысына Ресей Федерациясы үкіметі төрағасының орынбасары Т.Рысқулов басшылык жасайды. Бір ауыздан қабылданған қарарда кеңеске катысушылар ұлттық автономияларда қалыптасқан жағдайды өзгерту мақсатында ұлттық мәселелер бойынша кезекті кеңесті шақыруды талап етеді. И.Сталиннің наразылығын туғызған бұл кеңес туралы орталықтың ызғарлы ұстанымын Ф.Голощекин тез арада «қазақ ұлтшылдарын» жазалау мүмкіндігі ретінде пайдаланды. Мәскеудегі «националдар кеңесінің» ізін ала Қызылордада өткен Қазақ өлкелік партия комитетінің III Пленумы (1926 ж. 25—30 қараша) құрамында С.Сәдуақасов, С.Қожанов және Ж.Мыңбаев бар «ұлтшылдар» тобының қызметі жөнінде мәселе қарап, «қазақ ұлтшылдығын» үзілді-кесілді айыптаған қаулы кабылдайды. Бұл іс жүзінде республикадағы жоғарғы билікті «ұлтшылдардан» біржола тазарту шарасының өзі болатын. Саяси қудалауға ұшыраған Ж.Мыңбаев пен С.Сәдуақасов көп ұзамай өмірден өтті (1929, 1933 жж.), ал С.Қожанов болса, біржола саяси қызметтен ығыстырылды. Жоғарғы басшылықтың құрамындағы «ұлтшылдарды» қызметтен аластай отырып, Ф.Голощекин 1927 жылдың күзінен бастап Мәскеудің қолдауына сүйеніп, ұлт-азаттық козғалыс қайраткерлерін соттау шараларын іске асырды. 1928 жылы қазанда Қызылорда абақтысында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасов бастаған 44 Алаш зиялылары қамауда отырды. Олардың төртеуі атылды, біреуі конц-лагерьде өлді, қалғандары он жыл түрмеге камау жазасына кесілді. 1930 жылы М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Ақбаев және басқалар бар 40 Алаш қайраткерлері қамауға алынып, олардың он бесі бес жылға Воронежге жер аударылды. М.Әуезов, Ә.Ермеков және М.Жұмабаев «ұлтшылдық» идеологиясынан бас тартатындықтары жөнінде баспасөз арқылы мәлімдеді. Большевиктік режім осылайша қазақ ұлт-азаттык қозғалысының басында тұрған зиялылар тобын, олар қалыптастырған азаттық идеологиясын жойып тынды. Қазақ қоғамы мәскеулік биліктің ұлт-азаттық қозғалыс басшыларына көпе-көрнеу жасаған қиянатын көзімен көрді, ендігі уақытта оның айтқанына көнбеген күнде сол алашордалықтардың кебін киетіндігін жаксы түсінді. Бұл қоғамның рухани азып-тозуына апармай қоймайтын жол еді. 20.Қазақ автономиялық республикасының одақтық болып қайта құрылуы. 1937 жылғы Қазақ КСР-інің Конституциясы және шындық. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы — бұрынғы КСРО құрамында болған одақтас республикалардың бірі; ол 1920 ж. 26 тамызда құрылды және алғашқы кезде Қырғыз АКСР-і деп аталып, РКФСР құрамына кірді, 1936 ж. 5 желтоқсанда одақтас республикаға айналды. КСРО-ның Азиялық бөлігінің оңтүстік-батысында орналасты, солтүстігінде РКФСР-мен, оңтүстігінде Түрікмен КСР-мен, Өзбек КСР-мен және Қырғыз КСР-мен, шығысында Қытаймен шектесті, батысында Каспий теңізі. Қазақ КСР-ы — жер көлемі жағынан РКФСР-ден кейінгі екінші, халқының саны жағынан РКФСР мен Украинадан кейінгі үшінші одақтас республика болды. Жері 2724,9 мың км². Астанасы — Алматы қаласы. Әкімшілік жағынан 19 облысқа, 210 ауданға бөлінді, 82 қаласы болды. 1937 жылдың 26 наурызында Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х Съезінде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 бөлім мен 125 баптан тұрды. Ол жерде «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады» делінген. 1937 жылдың Конституциясында экономикалық, саяси қорғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында басқа да тең құқылы республикалармен еркін түрде одақтасуға құқылығы (13-бап), Қазақ КСР келісімінсіз территориясын өзгертуге тыйым салу (16-бап), жоғарғы республикалық және мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қалыптастыратын, заңнаманы жүзеге асыру, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және де азаматтар құқығын, салық салу т.б. мәселелерді қорғау бойынша республика саясатын жүргізу құқықтары бекітілген (19-бап). Сонымен қатар, сот пен прокуратура жүйесі қамтылған. Халық соттары аудан азаматтарының тарапынан құпия сайлау жолымен жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайланып, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкілдері шоғырланған аудандарда олардың ана тілдерінде жүргізілуі тиіс болған (83-90-баптар). 1937 жылдың Конституциясында азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері анықталған: еңбек етуге құқылығы (96-бап), демалысқа құқылығы (97-бап), қартаю, ауру болу және еңбекке қабілетсіз болып қалу жағдайларында материалды қамтамасыз етілуге құқылығы (98-бап), денсаулық сақтау, сөз, баспасөз, жиын, митинг, көше шерулері мен демонстрацияларға еркіндік берілуі кепілдігі, тұлғаға, тұрғын-жайға, азаматтардың хат жазысу арқылы жеке хат алысуға дербес құқықтары, шетел азаматтарына саяси баспана беру құқығы. 21.ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ұлт мүддесін қорғаушылар С.Сәдуақасовтың, С.Қожановтың және Ж.Мыңбаевтың ұстанымдары. 22 XX ғасырдың 30-жылдардың басындағы ашаршылықтың демографиялық салдары. «Бесеудің хаты». Рысқұловтың И.Сталинге хаты. Бесеудің хаты — қазақ зиялыларының БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге жолдаған хаты (1932 ж. 4 шілде). Бастапқыда И.В. Сталинге арналып жазылған. Бесеудің хаты республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды — байларды, орташаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалды. БК(б)П Қазақ өлке комитетінің ауыл шаруашылығын басқару жөнінде жүргізген қатыгез саясаты сынға алынды. Бірақ құжатта жергілікті жерлерде жіберілген “асыра сілтеушіліктерге” солшыл коммунистер айыпты деп көрсетілді. Елді ауыр жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылды. Хаттың авторлары — жазушы Ғабит Мүсірепов (1902—1985), Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин (1903—1938), Алматы Комвузының басшы қызметкерлері Емберген Алтынбеков (1904—1954) пен Мұташ Дәулетқалиев (1904 — 1982), Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев (1906 — өлген жылы белгісіз) қуғынға ұшыратылды. Хаттың жазылуына Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев түрткі болған. Бесеудің хаты қазақ зиялыларының тоталитарлық тәртіпке наразылығының бір көрінісі болып табылады. Қонысынан ауған қазақтар жөнінде Сталин жолдасқа жазған баяндау хатымның көшірмесін хабардар ету үшін осы хатпен бірге сізге жолдап отырмын. Қонысынан ауған қазақтарды орналастыру жөніндегі ұсыныстардың жобасын әзірлеу үшін РСФСР Халық Комиссарлары Советінің жанынан құрылған комиссияның төрағасы ретінде мен бұл мәселемен жете танысып, қонысынан ауған қазақтарды ВКП (б) Орталық Комитеті тарапынан ерекше нұсқау болмайынша, Қазақстан мен көршілес өлкелерге түгел орналастыру екіталай екенін анықтадым. Сондай-ақ қонысынан ауған қазақтарды орталықтың көмегінсіз Қазақстанның өз ішінде түпкілікті орналастыру Қазақстанның жалғыз өзі үшін, тегінде, қиын болмақ. Сіздің бұл мәселелерді таяу аралықта ВКП (б) Орталық Комитетінің алдына қоятыныңыз өзінен-өзі белгілі. Совет тарапынан да (атап айтқанда, РСФСР Халық Комиссарлары Советі тарапынан) қонысынан ауған қазақтарға көмек көрсету жөнінде дәл қазір дербес шаралар белгілеу ісімен белгілі бір дәрежеде шұғылдануға тура келеді. Осы мақсатпен мен ВКП (б) Орталық Комитетіне осы баяндау хатты жаздым. Ондағы мақсат – бұл мәселеге басшы жолдастардың назарын жете аударып, Қазақстанға көмектесу. Сіз мені Қазақстанның ішкі істеріне қол сұққысы келеді екен деп ойлап қалмаңыз, мен қойылып отырған мәселе тек Қазақстан тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге жалпымемлекеттік тұрғыдан да айрықша маңызды болғандықтан, бұл мәселе жөнінде ВКП (б) Орталық Комитетіне жазып отырмын. Сіз осы баяндау хатпен танысып, онда айтылған ой-пікірлерді ескереді деп үміт етемін. Коммунистік сәлеммен Т.Рысқұлов (Ресейдің мемлеттік саяси-әлеуметтік тарихи мұрағаты (РГАСПИ), И.В.Сталиннің құпиясыздандырылған құжаттары, 558-қор, 1-тізбе, 65-іс, 42-парақ) Қазақтар 1931 жылдың аяқ кезінен бастап қонысынан ауып, бір ауданнан екінші ауданға және Қазақстаннан тыс жерлерге көшіп, көктемге қарай бұл көшу күшейе түскен еді де, 1932 жылдың жазында қонысынан ауғандардың бір бөлігі (қолданылған шаралар нәтижесінде) мекендеріне қайтып оралған болатын, осы қонысынан ауа көшу қазір қайтадан белең алып барады. Аштық пен індеттің салдарынан бірқатар қазақ аудандарында және қонысынан ауғандар арасында адамдардың қырылып жатқаны сонша, бұл мәселе орталық органдардың шұғыл араласуын қажет етіп отыр. Қазақстанда қазақ халқының белгілі бір бөлігі душар болған мұндай мүшкіл жағдай өзге өлкелердің не өзге республикалардың ешқайсысында жоқ. Қонысынан ауғандар көршілес өлкелерге және Ташкент, Сібір, Злотоуст теміржолдары бойына өздерімен бірге індет апарып таратуда. Совет жолымен белгіленген (атап айтқанда, РСФСР Халық Комиссарлары Советі тарапынан) ішінара шаралармен мәселе шешілетін емес. Орталық Комитеттің қаулысы бойынша дер кезінде бөлінген азық-түліктің едәуір бөлігі тиісті жеріне жетпеген. Бұл мәселенің маңызы зор болғандықтан, сіздің осы хатпен танысып, аталмыш жайға араласуыңызды, сөйтіп, ажалына аштық жеткелі тұрған көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектесуіңізді өтінемін. 1.Қонысынан ауған қазақтардың саны және олардың жағдайы туралы деректер Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекенжайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда, қазір Орта Еділде – 40 мың, Қырғызстанда – 100 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Орта Азияда 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар Қалмақстанға, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды. ...Қазақтардың арасында 1932 жылдан бастап белең алған аштық пен індет – осы қоныстан ауудың және қазақ шаруашылықтарының шаңырағы шайқалуының ең кесапатты зардаптары, жаз айларында бірақ саябырсыған аштық пен індет қазір қайтадан сұрапыл өршіп тұр (отыр). Өткен көктемде қазақ аудандарында ашаршылық пен індет салдарынан адам өлімі өте көп болған еді. Жергілікті жердің ақпары бойынша, Торғай, Батпаққара өңірінде халықтың 20-30 пайызы қырылып болған, қалғандары көшіп кеткен. Шалқар ауданындағы әлденеше ауылдарда тұрғылықты халықтың 30-35 пайызы қырылып қалған. Осындай аудандар құрамына кіретін Ақтөбе облысы бойынша 1930 жылға дейін өмір сүріп келген. 1 012 500 адамнан 1932 жылы 725 800-і ғана тірі қалған, бұл – 71 пайыз ғана деген сөз. Қызылорда аудандық атқару комитеті төрағасының деректері ондағы ауыл советтерінде 15-20 пайыз-ақ адам тіршілікте бар екенін айғақтап тұр. Жергілікті ОГПУ мәліметтері бойынша, онда бұрын 60 мың халық тұрған, соның 36 мыңы өліп, 12 мыңы көшіп, енді небәрі 12 мыңдайы ғана қалған. Аш-арықтар төгілген қоқыстарды ақтарып, тамақтан өтетіннің бәрін талғажау етіп, жабайы өсімдіктердің тамырларын, ұсақ жәндіктерді жеп күнелтуде. Сол маңдағы ит пен мысық атаулы түгел желінген, қазақтар тұратын қостардың айналасында иттердің, мысықтардың, ұсақ жәндіктердің ақкемік болғанша қайнатылған сүйек-саяқтарынан көз сүрінеді. Өлген кісілердің етін жеген оқиғалар жайында хабар жете бастады. ...1932 жылғы мамыр айында Қарқаралы ауданындағы халықтың саны 50 400 адам болса, содан қараша айының қарсаңында тірі қалғаны – 15 900, ал аудан орталығында күн сайын 15-20 адам өледі. Әсіресе балалар арасында өлім-жітім көп. Қазақ әйелдері балаларын мекемелер мен үйлердің алдына тастап кетуде. Қазақ органдары 1932 жылдың аяғында-ақ панасыз қалған. 50 мың қазақ баласының ешқайда орналастырылмағаны ресми түрде хабарланды. Қызылордада панасыз балалар саны қаңтар айында 452-ге жеткен. Аягөз стансысында бір қазақ әйелі өзінің екі баласын бірдей пойыздың астына тастаған, ал Семейде қазақ әйелі екі баласын осылай мұз ойығына тастап жіберген. 23 Сталиндік репрессиялар, олардың көлемі және ауыр салдарлары. Репрессияның тарихи салдарларының ауқымының көптігі сонша өмірдің барлық салаларында жекелеп қарастыруға болады. Оның саяси өмірге де экономика, әлеуметтік, мәдени салаларға әкелген зардабы орны толмас таңба болып қалды. Сталиндік репрессия зиялыларымыздың ғылыми қызметіне нұқсан келтіріп қана қоймай, олардың шәкірттері мен жанұяларына да қасірет әкелді. Сталиндік қуғынсүргін қоғамда ауыр із қалдырды. Түрмеге қамау, жер аудару, партия қатарынан шығару және қызметтен босату тәрізді жазалаулар қазақ зиялыларын жалтақ, жасқаншақ, тіптен екі жүзді етіп қалыптастырудың жаңа кезеңіне апарды. Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана ол жағдай бәсеңдей бастады. Репрессия саясатының кең ауқымдылығын түсіну үшін “Үлкен террор” кезіндегі 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында келтірілген баяндамаға назар аудару керек. Онда “басқа державалардың ішінде КСРО жалғыз социализм құрылысындағы мемлекет, шетелдік мемлекеттер, оның ішінде Финляндия, Балтық елдері, Польша, Румыния, Түркия, Жапония елдері Франция және Ұлыбритания елдерінің көмегімен КСРО-дағы социализм құрылысына тосқауыл болуы үшін шпиондар мен диверсант әскерлерін КСрО-ға енгізеді” деген оймен контексте “басқа әлеммен қарым-қатынас жасағандарға, қуғындау ісі жүргізілді” делінген. Сондықтан “басқа әлеммен” байланыста болған шпиондарды қудалау науқанының басталуы ғажап емес. Оның саяси мәнінде мынаны айтуға болады. Алашорда зиялылары қазақ елін отарлық езгіден азат ету, қазақ қоғамын орта ғасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік экономикалық және мәдени даму жолына шығаруды мақсат етіп қойды. Олар біртұтас халықтық мүддені көздеді. Кеңестік кезеңдегі “ұлтшылдар” атанған ұлттық бағыттың заңды жалғастырушылары болды. Бұл үрдіс келе-келе әміршіл-әкімшіл жүйенің туындауымен үзіліп, тәуелсіздігімізді жариялауға, дербестік ұмтылыс жасау тұрмақ, емеурін білдіруге де болмайтын, төрешіл де тегеурінді мемлекет ішінде “кіші іні” ретінде өмір сүруге алып келді.Бұл жағдай Қазақстанның өзін-өзі билеуіне бөгет қойды, ғасыр басындағы ұлт зиялыларының ізгі арманы ХХ ғасырдың аяқ кезінде Одақтық мемлекеттің күйреуі нәтижесінде ғана ақиқатқа айналды. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпына, салт-санасына, тұрмыс-тіршілігіне, ең бастысы тілі мен дініне соққы болып тиді. Бір халықтың маңдайына біткен жұлдыздарын елім, жұртым деген арыстарын содырлы саясаттың сойылымен соғып, есеңгіретіп отыруын не деуге болады? Оны тек қана өздерін дәріптеп, өзгені көзге ілмеген шовинизм сырқатының сырынан іздеу керек. Кеңес өкіметінің Қазақстанда жүргізген кеңестендіру, тап ретінде байларды жою, жаппай отырықшылықтандыру мен ұжымдастыру саясаты сол кездегі аласапыран тұста жергілікті халықты күйзелтіп, бей-берекетін шығарды. Аса жауапты және күрделі мәселені шешуге ұлттық зиялылардың ұстанған бағыты, ұлттық мүддені қорғауға бағытталған табиғи әрекеттері “ұлтшылдық” есебінде бағаланды. ХХ ғасырдың 20-30-жылдардағы репрессиялау науқанында назар аударарлық жағдай – сол кезеңдегі қаулы-қарарларды мерзімді баспасөз беттерінде әр түрлі “шылдықтар”. Ф.Голощекин қазақ зиялыларына “сәдуақасовшылдық,” “қожановшылдық,” “рысқұловшылдық,” “сейфуллиншілдік” тағы басқа “шылдықтар” атын туғызды, оның ұлттық билік басындағы бетке шығарларын қуғындау үшін ойлап тапқан амалы екеніне көзіміз жетіп отыр. Сондай-ақ, осы тұстағы баспасөз бетіндегі көптеген авторлардың мақалаларындағы пайымдаулары нақтылы құжаттар емес, олардың ойдан шығарған жасанды тұжырымдары “Ф.Голощекин және оның төңірегіне топтасқан партия белсенділерінің “шылдықтарды” ойлап тауып, жікшілдік ауруын жасанды түрде қоздырудағы мақсаты: ұлт зиялыларының, жалпы ұлттың позициясын әлсірету әрекеті болатын [2]. ХХ ғасырдың басындағы Алашорда зиялылары, Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі коммунистік партия қатарында болып, “ұлтшыл,” “оңшыл” атанған ұлттық зиялылар қазақ халқы мүддесі, ізгілік пен әділеттіліктен өзгені мақсат етіп қойған жоқ. Оған А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Т.Рысқұлов іспеттес біртуар дарындардың шығармалары білім мен танымның асыл қазынасы болып табылатыны дәлел Алаш зиялыларына қарсы күрестің жандануына жоғарыда келтіргеніміздей, 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік “Ақ жол” газетінің ұстанған бағытын айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет бетіндегі жариялағанған мақалаларының бұл кезде шет елде эммиграцияда жүрген М.Шоқайдың ойымен “үндес және пікірлес екенін, яғни Алашордашыл ұлтшыл идеяларды жаңғыртатыны” атап көрсетілді. Сондай-ақ, алдағы уақытта осындай көзқарастағы партияда жоқ зиялы қауым өкілдерін жастарды тәрбелеуге жібермеу ескертілді. Көп кешікпей-ақ, 1926 жылы болған партия конференциясында Ф.Голощекин басында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сияқты қазақ зиялылары тұрған ұлттық қозғалысты “реакцияшыл” тіптен, “контрреволюцияшыл” деп бағалады Әлеуметтік зардабы ол қазақ санының азаю еді. Кеңес үкіметінің орнаған алғашқы күніне бастап-ақ үзіліссіз жүргізіп отырған бұл шараның қанды шеңберіне қоғамның саяси өміріне белсенді түрде араласқан адамдардың барлығы да іліккен еді. Сондықтан бұл қанды террордың зұлматы зардабынан қазақ халқының ұлттық даму демографиялық детерминизм, яғни амалсыз санға тәуелділік жағдайында қалып қойды. Жазықсыз жазаланғандар саны әлі күнге дейін әртүрлі мөлшерде айтылады. 1937 1938 жылдары 1 миллион адам атылып, 2 миллион адам тұтқында өлген. М.Тәтімов “Зұлматтың ауыр зардабы” атты еңбегінде 1937-1938 жылдары қазақстандықтардың 44 мыңы түрмеде, ал оның 22 мыңы атылған деп айтады. 1936-1938 жылдар арлығында 29 әртүрлі “контрреволюциялық ұйымдар” ашылып, 1937-1938 жылдары 160 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Қуғын-сүргінге негізделген саяси жүйе орнаған елде дені сау адамдардың өзін-өзі өлтіруі жиі кездеседі, 1930-1950 жылдары КСРО көлемінде жетекші қайраткерлердің өзіне-өзі қол жұмсауы жиі кездескен. Қазақстанда қалыптасқан ауыр саяси жағдайдан туындаған психологиялық күйзеліс салдарынан адами құндылықтар қатары сиреп, нәтижесінде өзін-өзі өлтіру адамдар арасында жиі кездескен. Заманында ұлт азаттығы жолында халқына қалтқысыз қызмет еткен зиялыларымыз болашақ тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қаласты. Сондықтан да тәуелсіздік жолында күрескен ұлттық зиялыларымыздың есімдері ұлттық мүдде жолындағы белсенді қоғамдық-саяси қызметі бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тарихының қасиетті төрінен орын алуы керек. Коммунистік партияның қағаз жүзіндегі ұлт теңдігі, ұлттардың өзін-өзі билеу құқы шын мәнінде ұлтсыздандыру саясаты еді. Коммунистік идеяны уағыздап, ұлт тарихын, тілді, дәстүрді, дінді табанға басып, қорлау осы кезеңнен басталды. Сталиндік қуғын-сүргін саясаты қоғамның барлық саласын, әртүрлі әлеуметтік жіктерді, топтарды, тіпті балаларды да қамтыды. Жаппай жазалаудың құрығына оқушылар мен студенттер де ілікті. 1929 жылы 15 сәуірде БК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Смирновтың қолы қойылған, 12100 нөмірлі аса құпия құжаты жер-жерге таратылды. Онда, “Орта және жоғары оқу орнын тазарту” туралы айтылып, оқитындардың әлеуметтік және мүліктік жағдайын толық тексеру бұйырылады. Оқытушылар мен студенттерден “контрреволюцияшыл, троцкийшіл” мазмұндағы әдебиеттерді тартып алу науқаны 1930 жылдың ортасында күшейді [4]. Сталинизм тепкісінен тентіреген сәбилердің тағдыры қайғылы да ауыр. Тағдыры ерекше тәлкекке түскендердің үлкен бір тобы – балалар. “Ішкі Істер халық Комиссариаты балалары”. Сталиндік қанқұйлы заманның зұлматын оларға қарап отырып салмақтасақ, олар өте көп. Мәселен, С.Сейфуллиннің жалғыз ұлы Аян (небәрі екі жарым жаста) поездағы ыстық-суыққа төзбей, тұлпардың соңғы тұяғы жол үстінде үзіліп кетті. Қазақ қоғамының дәстүрлі дамуын күйретуге бағытталған қуғын-сүргін саясатына ер азаматтармен бірге әйел-аналар да азды-көпті дәрежеде қудаланды 24.ХХ ғасырдың 20-30 жж. халықтың сауатсыздығын жою. (жетістіктері, кемшіліктері және іске асыру жолдары). Қазақстанда сауатсыздықты жою Коммунистік партияның жергілікті халық арасында саяси ағарту жұмысын жүргізуімен тығыз байланысты болды. Жергілікті халықтың саяси сауатын ашу, олардың қатарынан коммунистерді тәрбиелеп шығару осы кезеңдегі қазақстандық коммунистік партияның басты міндеті еді. Халық арасында үгіт жүргізуді күшейту үшін саяси ағарту ісінің әр түрлі тәсілдері: дәріс оқу, баяндама жасау, әңгімелесу, пікірталастар ұйымдастыру, әр қилы көрнекі шерулер өткізу қолданылды. 1920–1930 жылдарда Қазақстанда саяси-ағарту орындарының ең көп тараған түрі: оқу үйлері, қызыл отау, клубтар, кітапханалар, ағарту қызметкерлерінің үйлері болды. Қазақстан коммунистері үшін саяси-ағарту ісі маңызды міндетке айналды, өйткені олардың көпшілігінің саяси идеялық дайындығы төмен деп саналды. Республика коммунистерін тәрбиелеу үшін саяси сауат ашу мектептерінің жүйесі құрылды. Бұл мектептердегі оқуға партиялық, кеңестік, кәсіподақ жұмыстарын атқаруға лайық деген белсенділер тартылды. Коммунистер арасында жүргізілетін саяси ағарту жұмыстарының өзге де түрлері: маркстік үйірмелер (өз бетімен жұмыс істеу дағдысын алу және марксизм теориясынан жалпы түсінік алу) және партиялық клубтар (партклубтар әр түрлі секциялардан – партия құрылысы, революция және партия тарихы, кәсіподақ қозғалысы, дінге қарсы насихат, т.б. тұрды) жұмысы жолға қойылды. 1930 жылдары саяси-ағарту жұмыстарының мәні орталық басшылықтың саяси курсы бағытына бейімделе түсті. Партия ішілік қатынаста басқарудың әкімшілік формасы орныға бастады. Орта Азия мен Қазақстандағы коммунистік партия және басқа шығыстық коммунистік ұйымдармен жұмыс жүргізу үшін Мәскеуде Шығыс халықтары коммунистік ұйымдарының Орталық бюросы құрылды. Осы бюро ұлт тілдеріндегі саяси әдебиеттерді басып шығаруға басшылық жасады Сауатсыздықты жою Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап мәдени құрылыс мәселесімен халық ағарту бөлімдері айналыса бастады. Барлық мәдени революция міндеттерінің ішінде сауатсыздықты жою жөніндегі шаралар ерекше мәнге ие болды. 1919 жылы 26 желтоқсанда РКФСР ХКК қабылдаған «РКФСР халықтары арасында сауатсыздықты жою туралы» Декреті бұл мәселе бойынша негізгі міндеттерді белгілеп берді. 1919-1923 жылдары Қазақстанда сауатсыздықты жою науқанын бастау барысында мынадай кедергілердің бар екендігі байқалды: – халықты оқытуға жарайтын маман кадрлардың жетіспеуі; – жаңа оқулықтардың жоқтығы және жазу құралдарының жеткіліксіздігі; – қалаларда әсіресе ауылдық жерлерде білім беру органдарының материалдық-техникалық базасының әлсіздігі. 1924 жылдың ақпан айында Қазақстанда Бүкілодақтық «Сауатсыздық жойылсын» қоғамының бөлімшесі құрылды. «Сауат ашқыш» газетінің бетінде жекелеген топтар үшін сабақ өткізу жоспары жарияланып тұрды, сауатсыздықты жоюшы-мұғалімдер даярлайтын қысқа мерзімдік курстар ашылды. 1930 жылғы 11 ақпанда Қаз ОАК-і «Қазақ АКСР-інде халықтың сауатсыздығын міндетті түрде жою туралы» қаулы қабылдады. Жою мерзімі бірінші бесжылдықтың аяғы болып белгіленді. Шараларды жүзеге асырудың жоспары жасалды және сауатсыздықты жоюға арналған қаржы қоры құрылды. 1931 жылы республикада шалғай аудандарға мәдени жорық ұйымдастырылды. Комсомол және пионер ұйымдары оған белсене атсалысты. Алайда елде сауатсыздықты жою ісі тіпті 1935 жылы, мәдениет майданы қызметкерлерінің I съезі өткенге дейін аяқталмады. Осы съезден кейін республикадағы сауатсыздықты жою жұмысы өзінің соңғы кезеңіне аяқ басты. Қазақ АКСР Ағарту халкомы жанынан ересек халыққа білім беру басқармасы құрылып, оның ішінде сауатсыздар мен шала сауаттылар мектебі бөлімдері ашылды. 1939 жылы Қазақстан халқының жалпы сауаттылығы 76,3%-ға жетті. |