Главная страница

Анатомия. аза лтты аграрлы зерттеу университеті коммерциялы емес акционерлік оамы Технология жне биоресурстар факультеті


Скачать 0.97 Mb.
Названиеаза лтты аграрлы зерттеу университеті коммерциялы емес акционерлік оамы Технология жне биоресурстар факультеті
АнкорАнатомия
Дата05.05.2022
Размер0.97 Mb.
Формат файлаdocx
Имя файлаumkd vm anatomiya kaz 21-22.docx
ТипДокументы
#512839
страница6 из 46
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46

Тақырыбы: Тері туындылары

Дәрістің мақсаты: Студенттерді жануарлар тері жабынының құрылысымен, тері қабаттарының дамуымен таныстыру.

Түйінді сөздер: жалпы жабын, тері, эпидермис, дерма, емізікше қабат, торлы қабат, шел қабаты.

Иллюстрация: жануарлар тері жабының таблицалары, слайдтар, атлас.

Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

1. Жануарлар тері жабының жалпы сипаттамасы және маңызы.

2. Терінің құрылысы.

3. Тері қабаттарының дамуы.

Дәрістің мазмұны:

1-сұрақ. Tepi туындылары организмнің даму процесі барысында тері қабаттарынан жетілетін мүшелер. Оларға: тері түктері, тер, май және сүт бездері, майтабан, мүйіз тұяқ, мүйіз және әр түрлі жануарларға тән арнайы бездер жатады.

Түк (ріlі) омыртқалы жануарлардың ішінде тек сүтқоректілерге тән тері туындысы. Түк әр түрлі жануарларда түрліше болып келеді. Тіпті, бір организмнің өзінде де, терінің түрлі аймақтарында кұрылысы әр түрлі түктер кездеседі. Мысалы, түйе терісінде қасиеттері әр түрлі 5 түрлі түктер өсетін тері аймактары ажыратылады. Түкті жабын жануарлар терісін сыртынан жауып, организмді суықтан, ылғалдан, әр түрлі механикалық және т.б. әсерлерден қорғап, денедегі жылылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Үй жануарларында тері түктерінің бірнеше түрлері кездеседі: қылшық, қыл, түбіт, жүн, ал пішіні мен мөлшеріне байланысты ұзын, қысқа, жуан, жіңішке түктерге ажыратылады.

Tepi түктері орналасу орындары мен атқаратын қызметіне байланысты: жабынды, ұзын және сезімтал түктер болып үш топқа бөлінеді. Жабынды түктер теріні сыртынан жауып тұрады. Жылқы мен сиыр терісінің жабынды түктері қылшық, қой мен түйеде қылшық пен жүн талшықтары, ешкіде қыл мен түбіт. Биязы жүнді қой терісіндегі түктер тек жүн талшықтарынан тұрады. Ұзын түктерге жылқыдағы кекіл (cirrus capitis), жал (juba), шаша (cirrus pedis), жылқы мен сиырдағы құйрық (cirrus cauda), ешкідегі сақал жатады. Сезімтал немесе синуозды түктер сезімтал жүйке ұштарына бай болады. Олардың түк баданасы басқа түктерге қарағанда тереңде орналасады. Сезімтал түктер жануарлардың тұмсық, иек аймақтарында және көздің айналасында жекеленіп орналасады.

Түк тығыз да, иілгіш және серпімді мүше. Ол мүйізделген эпидермоциттерден құралған. Түктің тері бетіндегі көрінетін бөлігін түк сабағы (scapus рій), тері ішіндегі бөлігін түк түбірі (radix pili) — деп атайды. Түк түбірінің терідегі пияз түбіріне ұқсас жуандап аяқталатын бөлігін түк баданасы (bulbus pili) — дейді. Түк баданасы түктің өсетін бөлігі. Бұл жерде түкті құрайтын эпидермоциттер бөліну арқылы көбейіп, мүйізделіп түктерді құрап, олардың өсу процесін қамтамасыз етеді. Түк баданасының төменгі жағында, оның ішіне үңгілей еніп, керекті қоректі заттармен қамтамасыз ететін түк емізікшесі (papilla pili) болады. Ол қан, лимфа тамырлары мен жүйке ұштарына бай борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.

Үй жануарларының тері бездеріне май, тер және сүт бездері жатады.

Май бездері (glandulae sebaceae) терінің емізікше қабатында орналасады. Ол құрылысы қарапайым көпіршікше (альвеолалы) бездерге жатады. Бездің секрет бөлетін соңғы бөлімін көпқабатты безді эпителий құрайды. Без өзегі түк қынабы қуысына ашылады. Май бездері қоршаған борпылдақ дәнекер ұлпасынан негіздік жарғақ арқылы бөлінген. Безді жасушалар — гландулоциттерге сөл бөлу үшін қажетті заттар борпылдақ дәнекер ұлпасындағы қан тамырларымен келеді. Бездің шеткі жағында бөліну арқылы көбейіп жатқан жас жасушалар орналасады. Без ортасындағы ірі гландулоциттерде жасуша ядросы болмайды. Олардың цитоплазмалары қоймалжың майлы секретке толып, үлкейіп жарылады (голокринді бөліну) да, майлы секретке айналады. Май безінің секреті тері майы (sebum) — эпидермис пен тері түктерін майлайды. Май бездері емшектің терісінде, жануарлар қаңсарының терілерінде, майтабанда, тұяқпен мүйізде болмайды.

Тер бездері (glandulae sudoriferae) құрылысы қарапайым түтікше бездерге жатады. Бездің қабырғасын бірқабатты текше (куб) тәрізді безді эпителий құрайды.

Сүт безі (glandulae lactiferae) желін (uber) сүтқоректілер сыныбына (класына) жататын жауарларға тән тері туындысы. Желін әр түрлі жануарларда түрлі деңгейде дамиды. Ол іштөлінде төс пен құрсақтың төменгі бетіндегі теріде, алдыңғы және артқы аяқтар аралығында бірнеше жүп төбешік ретінде эпидермистен қалыптасады. Бездің стромасы мезенхимадан дамиды. Жануарлардың түрлеріне байланысты төбешіктер әр түрлі дәрежеде дамып жетіледі. Сиырда төрт бөлімді, төрт емшекті; биеде төрт бөлімді, екі емшекті; қой мен ешкіде екі бөлімді, екі емшекті; шошқа мен итте көп бөлімді желін болып тері қабаттарынан қалыптасады. Сүт безі құрылысы жағынан күрделі көпіршікшеүтікше бездерге жатады. Ол паренхималы мүше ретінде екі бөлімнен: паренхимадан және стромадан құралады. Паренхиманы сүт безінің безді бөлігі, ал строманы паренхима бөлікшелері аралықтарындағы қан, лимфа тамырлары мен жүйкелерге бай борпылдақ дәнекер ұлпасы құрайды.

Майтабан (torus pulvinus) тұяқтың артқы жағында орналаскан тығыз, серпімді тері туындысы. Ол тері сияқты үш қабаттан: эпидермистен (epidermis toruli), дермадан (corium toruli) және шел қабатынан (subcutaneum pulvinar) тұрады.

Тұяқ (ungula) теріден дамыған аяқтардың мүйізделген мүшесі. Ол аяқ ұшындағы тері эпидермисінен жетіледі. Тұяқ төрт бөліктен: тұяқ көбесінен, тұяқ жұлығынан, тұяқ қабырғасынан және тұяқ ұлтанынан тұрады.

Аяқтың мүйіз тұяғы тұяқ көбесінің, тұяқ жұлығының, тұяқ қабырғасының, тұяқ ұлтанының және тұяқтың артқы жағындағы тұяқ майтабанының эпидермистерінен бөлінген мүйізді қабаттардан құралған.

Мүйіз (cornu) мүйізді ірі қара және ұсақ малдардың мүйіздері бассүйектің мандай сүйек мүйіз өсіндісін қаптап жатқан тері эпидермисінен дамып жетіледі. Мүйіздің терісі екі қабаттан: эпидермистен және дермадан тұрады. Шел қабаты болмайды. Tepi дермасы маңдай сүйектің мүйіз өсіндісі сүйек қабымен бірігіп кеткен. Мүйіздің өсуінде жылдық сақиналарды байкдуға болады.
Бақылау сұрақтары:

  1. Тері түктері, олардың бөліктері, түрлері және құрылысы.

  2. Май бездерінің құрылысы және маңызы.

  3. Тер безінің құрылысы және маңызы.

  4. Сүт безінің құрылысы және маңызы. Жануарлардың түрлеріне байланысты желіннің түрлері.

  5. Майтабанның құрылысы, организм үшін маңызы.

  6. Тұяқтың бөліктері, олардың құрылысы. Мүйіздің кұрылысы.

  7. Тақырып мәтініндегі қазақша-латынша терминдерді сөздікке көшіріп алып, оларды жаттаңыз.


Ұсынылған әдебиеттер:

  1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К., Жүнісова Р.Ж. «Жануарлар анатомиясы» Оқу құралы. «Айтұмар», 2015.

  2. Исембергенова С.К., Жылкышыбаева М.М. Латино- русско- казахско-английский терминологический словарь «Айтұмар» 2016

  3. Жаңабеков К., Джунусова Р.Ж., Жылқышыбаева М.М., Байтакова З.Е. Сүйектер және бұлшық еттер жүйесінің бейнелі оқу құралы. А.А.2015

  4. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.



7 ДӘРІС.

Тақырыбы: Ішкі мүшелер туралы ілім
Дәрістің мақсаты: Студенттерді ішкі мүшелер жүйелерінің мүшелері құрылысының жалпы заңдылықтарымен таныстыру.

Түйінді сөздер: түтікше мүшелер, кілегейлі, етті, сірлі қабықтар, адвентиция,бездер, дене қуыстар.

Иллюстрация: ішкі мүшелер таблицалары, слайдтар, атлас.

Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

1. Ішкі мүшелер жүйелерінің жалпы сипаттамасы.

2. Түтікше және қомақты паренхималы ішкі мүшелер құрылысының жалпы заңдылықтары.

3. Дене қуыстары, сірлі қабықтар, сірлі қабықтар туындылары.

4. Құрсақ қуысының бөлімдері мен аумақтары.

Дәрістің мазмұны:

1 - сұрақ. Ішкі мүшелер жүйелерінің құрылысын зерттейтін ілімді СПЛАНХНОЛОГИЯ (splanchnologia; грек. Splanchnos – ішкі мүше; logos – ілім; лат. viscera) деп атайды. Ішкі мүшелер жүйелеріне: азық қорыту, тыныс алу, зәр бөлу, аталық және аналық көбею мүшелер жүйелері жатады. Бұл жүйелердің ішкі мүшелер аталу себебі – бұлар негізінен дененің көкірек, құрсақ және жамбас қуыстарында орналасып, организмді қоршаған сыртқы ортамен дененің табиғи тесіктері (ауыз саңлауы, мұрын тесіктері, артқы тесік – анус, жыныс саңлауы, үрпі) арқылы қатысады. Ішкі мүшелер - жануарлар организмі мен қоршаған орта арасында үздіксіз жүретін зат алмасуды (қоректену, газ алмасу, зәр бөлу) және организмнің көбею процесін іс жүзіне асырады. Азық қорыту жүйесі (apparatus digestorius) – организмді қоректік заттар және сумен қамтамасыз етіп, азық қалдықтарын сыртқа шығару; тыныс алу аппараты (apparatus respiratorius) – оттегпен қамтамасыз етіп, көмір қышқыл газын сыртқа шығару; зәр бөлу жүйесі (organa uropoetica) – зат алмасу нәтижесінде түзілген ыдырау өнімдерін (протеиндік және азоттық алмасу өнімдерін, артық су, тұздар, дәрі-дәрмектер, улы заттар т.б.) зәр түрінде сыртқа шығару; аталық және аналық көбею мүшелер жүйелері (organa genitalia masculina et feminina) – жануарлар ұрпақтарының сақталуы мен ұдайы көбеюін қамтамасыз ету қызметтерін атқарады.

2 – сұрақ. Ішкі мүшелер жүйелері – құрылысы әр түрлі, бірақ бір-бірімен тығыз байланыста қызмет атқаратын екі түрлі: түтік тәрізді және қомақты (паренхималы) мүшелерден тұрады. Іші қуыс түтікше мүшелердің қабырғалары үш қабықтан: ішкі – кілегейлі қабықтан, ортаңғы – етті (тыныс алу мүшелерінде – талшықты-шеміршекті) қабықтан және сыртқы – сірлі қабықтан (дене қуыстарындағы мүшелерде) тұрады. Ал дене қуыстарынан тыс жатқан мүшелердің сыртқы қабығы – дәнекер ұлпалық қабық – адвентиция (жұтқыншақ, өңештің мойын бөлігі, көмекей, кеңірдектің мойын бөлігі, тік ішектің, қынаптың соңғы бөліктері, қуық мойны, несеп-жыныс кіреберісі).

Кілегейлі қабық (tunica mucosa) – түтікше мүшелерде құрылысы жағынан екі түрлі: тері типтес және ішек типтес болып келеді. Тері типтес кілегейлі қабық – екі қабаттан: ішкі – эпителий қабатынан және оның астындағы өзіндік тақташадан (борпылдақ дәнекер ұлпасы) тұрады. Мұндай кілегейлі қабық ауыз және мұрын қуыстары мүшелерінде болады. Түтікше мүшелердің көпшілігінде кілегейлі қабықтың екінші түрі - ішек типтес кілегейлі қабық болады. Кілегейлі қабықтың бұл түрінде төрт қабат ажыратылады. Олар кілегейлі қабықтың ішкі бетінен сыртына қарай:

1. Эпителий қабаты (stratum epiteliale) – жабын ұлпасы ретінде табиғи тесіктер арқылы сыртқы ортамен қатысатын түтікше мүшелер қуысының ішкі бетін астарлайды. Эпителий қабаты мүшелердің қызметіне сәйкес құрылысы жағынан әр түрлі болып келеді: қорғаныс қызметі басым мүшелерде – көпқабатты жалпақ немесе ауыспалы эпителий, ал зат алмасу процесі басым мүшелерде – бірқабатты эпителий.

2. Өзіндік тақташа (lamina propria mucosae) – эпителий қабатының астында орналасады, қан және лимфа тамырларына бай борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.

3. Етті тақташа (stratum muscularis) – бір немесе екі қабатта жатқан бәрыңғай ет ұлпасынан құралған. Бұл қабаттың жиырылу күшіне байланысты кілегейлі қабықта түрлі деңгейдегі қатпарлар болады.

4. Кілегейліасты негіз (tela submucosa) – құрамында ірі қан және лимфа тамырлары мен лимфа түйіншелері және қабырғалық (интрамуральды) жүйке тораптары болатын борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұрады.

Етті қабық (tunica muscularis) – түтікше мүшелердің ортаңғы қабығы. Бұл қабық өз кезегінде: ішкі – сақинаша қабаттан және сыртқы – ұзынша (бойлама) қабаттан тұрады. Қабық негізінен бірыңғай салалы ет ұлпасынан, тек мүшелердің дененің табиғи тесіктеріне жақын бөліктерінде – ерікті жиырылатын көлденең жолақты ет ұлпасынан құралған. Көмекейдің, кеңірдектің, бронхтардың ортаңғы қабығын – талшықты-шеміршекті қабық құрайды.

Сірлі қабық (tunica serosa) – дене қуыстарында орналасқан мүшелерді сыртынан қаптап тұрады. Ол екі қабаттан: ішкі – борпылдақ дәнекер ұлпалық сірліасты негізден (tela subserosa) және оның сыртындағы мезотелий қабатынан (mesotelium) тұрады. Дене қуыстарынан тыс жатқан мүшелерде сірлі қабық орнында тек борпылдақ дәнекер ұлпасынан тұатын адвентиция қабығы (tunica adventitia) болады.

Қомақты (паренхималы) мүшелер – ішкі мүшелер құрамында жеке мүшелер ретінде болады немесе түтікше мүшелердің қабырғаларында орналасады. Бұлар негізінен ішкі мүшелер жүйелеріндегі бездер.

Без (glandula) - өзінен арнайы бөлінді бөлетін, құрылысы қомақты паренхималы мүше (ірі жеке бездер немесе қабырғалық майда бездер). Бөлінділерін (секреттерін) шығару өзектері арқылы сыртқы ортаға бөлетін бездерді экзокринді бездер, бөлінділерін (инкреттерін, гормондарын) организмнің сұйық ішкі ортасына (қанға, лимфаға, ұлпа сұйығына) бөлетін бездерді эндокринді бездер деп атайды. Ал организмге керексіз сыртқы ортаға шығарылатын ыдырау өнімдері (зәр, тер) экскрет деп аталады. Паренхималы мүшелер ретінде бездер бәір-бірімен тығыз байланыста қызмет атқаратын екі бөліктен: пваренхимадан және стромадан тұрады. Паренхима (parenchyma) – бездің негізгі қызметін атқаратын жұмысшы бөлігі. Көптеген бездердің паренхимасын безді эпителий ұлпасы, ал кейбір эндокринді бездердің паренхимасын – жүйке ұлпасы құрайды. Строма (stroma) – без паренхимасы бөліктерін өзара біріктіріп байланыстырып, безді біртұтас ететін мүшенің дәнекер ұлпалық аралықтары (тіректік арқаулары). Стромамен безді қоректендіретін қан және лимфа тамырлары мен без жұмысын реттейтін жүйкелер өтеді.

Бездер – құрылысына байланысты: біржасушалы бездер және көпжасушалы бездер болып екі топқа бөлінеді. Біржасушалы бездер көбіне төменгі сатыдағы жануарларға тән. Үй жануарлары организмінде біржасушалы бездерден тек құты (бокал) тәрізді бездер кездеседі (ішектердің, тыныс алу жолдары түтікше мүшелерінің ішкі эпителий қабатында: эндоэпителиальды бездер – кілегей бөледі).

Көпжасушалы бездер – ірі жеке бездер немесе экстрамуральды бездер (түтікше мүшелер қабырғаларынан тыс жатады – бауыр, ұйқы безі т.б.) және майда қабырғалық бездер немесе интрамуральды бездер (түтікше мүшелердің кілегейлі қабықтарында, эпителий қабатының астында орналасады – экзоэпителиальды бездер) болып бөлінеді. Ірі бездердің шығару өзектері (ірі сілекей бездері, бауыр, ұйқы безі т.б.) түтікше мүшелер қуыстарына ашылады.

Құрылысына байланысты бездер: қарапайым бездер және күрделі бездер болып бөлінеді. Қарапайым бездердің шығару өзектері тарамдалмайды, ал күрделі бездердің өзектері көптеген тарамдарға ажырайды.

Бөлінді бөлетін соңғы бөлімдерінің пішіндеріне байланысты экзокринді бездер: көпіршікше (альвеолалы), түтікше және көпіршікше-түтікше бездер болып бөлінеді. Көпіршікше бездерге: шықшыт сілекей безі, түтікше бездерге: қарын, жалпыішектік, жатыр бездері, көпіршікше-түтікше бездерге: төменгіжақ, тіласты сілекей бездері жатады.

3 – сұрақ. Ішкі мүшелер негізінен сірлі қабықпен астарланған: көкірек қуысында (cavum thoracis) және құрсақ қуысында (cavum abdominis), сондай-ақ, сірлі қабықпен жартылай астарланған жамбас қуысында (cavum pelvis) орналасады.

Сірлі қабықтар – дене қуыстарының ішкі беттерін астарлаумен қатар, дене қуыстарында жатқан ішкі мүшелерді сыртынан қаптап, дене қабырғасы мен ішкі мүшелер аралықтарындағы сірлі қуыстарды түзеді. Сірлі қуыстарға: плевральды, перикардиальды, перитонеальды және қынаптық сірлі қуыстар жатады.

Көкірек қуысы ішкі жағынан көкрекіштік шандырмен (fascia endothoracica) және сірлі қабық – плеврамен (pleura) астарланған. Көкірек қуысының ішкі бетін астарлайтын плевраны қабырғалық немесе париетальды плевра, ал қуысындағы ішкі мүшелерді сыртынан қаптап тұратын плевраны іштік немесе висцеральды плевра дейді.

Париетальды плевра орналасу орындарына қарай: қабыртқалық плевра (pleura costalis) және диафрагмалық плевра (pleura diaphragmatica) болып бөлінеді. Оң және сол қабыртқалық плевралар көкірек омыртқаларының төменгі бетінде бір-бірімен түйісіп, қосқабаттанып, көкірек омыртқаларынан төссүйекке қарай төмен бағытталады да, көкірек қуысының ортасымен өтіп, орталық пердені (mediastinum) құрайды. Орталық перде плеврасының (pleura mediastinalis) жүрекқапты (перикардты) қаптаған бөлігін перикардиальды плевра (pleura pericardiaca), ал кеңірдек пен бронхтарды сыртынан қаптап, оң және сол өкпеге өтіп, өкпелік плевраны (pleura pulmonalis) түзеді. Орталық перде, перикардиальды және өкпелік плевралар висцеральды плевраны құрайды.

Париетальды және висцеральды плевралар арасындағы саңлау тәрізді қуысты плевральды қуыс (cavum pleurae) деп атайды. Оң және сол плевральды қуыстарда оң өкпе және сол өкпе орналасады. Бұл қуыстар бір-бірімен өзара қатыспайды. Плевральды қуыстарда, сірлі қабықтардың ішкі беттерін сылап тұратын сірлі сұйық болады. Бұл сұйықты мезотелиоциттер бөледі.

Құрсақ қуысы мен жамбас қуысының алдыңғы бөлігінің ішкі бетін астарлайтын сірлі қабықты ішперде (peritoneum) дейді. Ішперде де: қабырғалық немесе париетальды ішперде (peritoneum parietale) және іштік немесе висцеральды ішперде (peritoneum viscerale) болып бөлінеді. Бұлардың аралығында перитонеальды сірлі қуыс (cavum peritonei), ал оның ішінде сірлі сұйық болады.

Сірлі қабық туындылары. Париетальды және висцеральды ішперде бөліктері омыртқа бағанының төменгі бетінде тоғысып қосқабаттанып, құрсақ қуысындағы ішкі мүшелерге өтеді де, оларды сыртынан қаптап, мүшелер аралықтарында қайтадан қосқабаттанып, мүшелерді жалғастырып байланыстыратын сірлі қабық туындыларын құрайды. Қосқабаттанған сірлі қабықтар арасындағы борпылдақ дәнекер ұлпасымен ішкі мүшелерді қоректендіретін қан және лимфа тамырлары мен жүйкелер өтеді. Сірлі қабықтар туындыларына: ішкі мүшелердің шажырқайлары (mesenterium), үлкен шарбы (omentum majus) және кіші шарбы (omentum minus), сірлі байламдар (ligamentum), жамбас қуысындағы үңгілер (excavatio) жатады.

Жамбас қуысындағы ішперде жатыр, қуық, жыныс мүшелерін белгілі қалыпта ұстап тұратын байламдар: жалпақ жатыр байламы (ligamentum uteri latum), бүйірлік қуық байламы (ligamentum vesicae lateralis), орталық қуық байламы (ligamentum vesicae medianum) түзеді.

Жамбас қуысындағы ішкі мүшелердің аралықтарындағы сірлі қабық үңгілері: тік ішекмаңы шұңқыр (fossa pararectalis), тік ішек-жыныс үңгісі (excavatio rectogenitalis), қуық-жыныс үңгісі (excavatio vesicogenitalis), шат-қуық үңгісі (excavatio pubovesicflis).
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46


написать администратору сайта