Главная страница

Анатомия. аза лтты аграрлы зерттеу университеті коммерциялы емес акционерлік оамы Технология жне биоресурстар факультеті


Скачать 0.97 Mb.
Названиеаза лтты аграрлы зерттеу университеті коммерциялы емес акционерлік оамы Технология жне биоресурстар факультеті
АнкорАнатомия
Дата05.05.2022
Размер0.97 Mb.
Формат файлаdocx
Имя файлаumkd vm anatomiya kaz 21-22.docx
ТипДокументы
#512839
страница7 из 46
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   46

4 – сұрақ. Құрсақ қуысындағы мүшелердің орналасу орындарын (топографиясын) дәл анықтау үшін, оны 3 бөлімге (алдыңғы, ортаңғы және артқы бөлімдерге), 10 аумаққа бөледі.

Құрсақ қуысының алдыңғы бөлімі (epigastrium) 3 аумақтан тұрады: оң қабыртқаастылық аумақ (rg. hypochondrica dextra), сол қабыртқаастылық аумақ (rg. hypochondrica sinistra), семсерше шеміршек аумағы (rg. xyphoidea).

Құрсақ қуысының ортаңғы бөлімі (mesogastrium) 4 аумақтан тұрады: бел немесе бүйрек аумағы (rg. lumbalis, s. renalis), оң бүйірлік құрсақ аумағы (rg. abdominis lateralis dextra), сол бүйірлік құрсақ аумағы (rg. abdominis lateralis sinistra), кіндік аумағы (rg.umbilicalis).

Құрсақ қуысының артқы бөлімі (hypogastrium) 3 аумақтан тұрады: шат аумағы (rg. pubica), оң шап аумағы (rg. inquialis dextra), сол шап аумағы (rg. inquialis sinistra)).
Бақылау сұрақтары:

1. Ішкі мүшелер жүйелері, олардың жануарлар организміндегі маңызы.

2. Түтікше мүшелер қабырғаларының қабықтары, олардың құрылысы.

3. Кілегейлі қабықтар, олардың түрлері және құрылысы.

4. Қомақты паренхималы мүшелердің құрылысы.

5. Бездер, олардың мөлшеріне, құрылысына, орналасу орындарына байланысты түрлері.

6. Дене қуыстары, олардың сірлі қабықтары.

7. Сірлі қабықтар туындылары, сірлі қуыстар.

8. Құрсақ қуысының бөлімдері мен аумақтары.

9. Азық қортыту жүйесінің бөлімдері, мүшелері, орналасу орны, құрылысы
Ұсынылған әдебиеттер:

  1. Жаңабеков К., Жаңабекова Г.К., Жүнісова Р.Ж. «Жануарлар анатомиясы» Оқу құралы. «Айтұмар», 2015.

  2. Исембергенова С.К., Жылкышыбаева М.М. Латино- русско- казахско-английский терминологический словарь «Айтұмар» 2016

  3. Жаңабеков К., Джунусова Р.Ж., Жылқышыбаева М.М., Байтакова З.Е. Сүйектер және бұлшық еттер жүйесінің бейнелі оқу құралы. А.А.2015

  4. «Жануарлар морфологиясы және латын терминологиясы» оқулығы, 2005, 184 - 192 беттер.


8 ДӘРІС

Тақырыбы: Азық қорыту жүйесінің анатомиясы
Дәрістің мақсаты: Студенттерді азық қорыту аппаратының бөлімдерімен, бас және алдыңғы бөлімдері мүшелерінің құрылысымен және олардың топографиясымен таныстыру.

Түйінді сөздер: ауыз қуысы, ерін, ұрт, таңдай, тіл, сілекей бездері, жұтқыншақ, өңеш, қарын.

Иллюстрация: бастың көлденең кесіндісі, өңеш пен қарынның таблицалары, слайдтар, атлас.

Дәрісте қамтылатын негізгі сұрақтар:

1. Азық қорыту аппаратының жалпы сипаттамасы, оның бөлімдері.

2. Азық қорыту аппараты мүшелерінің дамуы (онтогенезі және филогенезі).

3. Азық қорыту аппараты бас бөлімі мүшелерінің құрылысы.

4. Азық қорыту аппараты алдыңғы бөлімі мүшелерінің құрылысы.

Дәрістің мазмұны:

1 - сұрақ. Азық қорыту аппараты (apparatus digestorius) – азықты қабылдау, оны механикалық өңдеуден өткізу (ұсақтау, жібіту, араластыру), түтікше мүшелер қуыстары арқылы жылжыту, биологиялық (микроорганизмдердің көмегімен өңдеу – бактериялардың, қарапайымдардың, саңырауқұлақтардың) және химиялық өңдеулерден өткізіп, қорытылған қоректік заттарды (күрделі органикалық полимерлерді ферменттердің көмегімен, олардың мономерлеріне ыдырату: амин қышқылдары, глицерин және май қышқылдары, моносахаридтер түрінде) сіңіру, азық қалдығын нәжіс түрінде сыртқа шығару қызметтерін атқаратын ішкі мүшелерден тұрады. Азық қорыту аппараты қоршаған сыртқы ортамен жануарлар денесіндегі екі табиғи тесіктер (кіреберіс тесігі – ауыз саңлауы, шығаберіс тесігі – аналь тесігі) арқылы қатысады. Бұл аппарат жүйелі түрде кезектесе орналасқан түтікше мүшелерден және олармен өзектер арқылы жалғасқан ірі ас қорыту бездерінен құралған. Азық қорыту аппаратын ауыз саңлауынан аналь тесігіне дейін созылатын организмдегі ұзын түтік тәрізді мүшелер жүйесі ретінде қарастырып, оқырман қауымға түсінікті болу мақсатында онтогенездік және филогенездік тұрғыдан төрт бөлімге бөледі. Олар: бас бөлім, алдыңғы бөлім, ортаңғы бөлім және артқы бөлім.

1. Азық қорыту аппаратының бас бөліміне: ауыз қуысының мүшелері мен жұтқыншақ жатады. Бұл мүшелер дененің бас аумағында орналасады, оларды біріктіріп, ауызжұтқыншақ деп атайды.

2. Алдыңғы бөлімге - өңеш пен қарын жатады.

3. Ортаңғы бөлімге – ащы ішектер (он екі елі ішек, аш ішек, мықын ішек) мен ірі ас қорыту бездері (бауыр, ұйқы безі) жатады.

4. Артқы бөлімге – жуан ішектер (бүйен, тоқ ішек, тік ішек) жатады.

2 – сұрақ. Онтогенез. Эмбриондық дамудың бастапқы кезеңінде энтодермадан қалыптасқан ішек түтігінің төменгі қабырғасы ұрықтың сарыуыз қапшығы қуысымен тесік арқылы өзара қатысып, байланысып жатады. Ішек түтігінің осы тұсы, оның ортаңғы бөлімін құрайды. Ішек түтігі ортаңғы бөлімнен краниальды бағытта өсіп, алдыңғы ішек бөлімін, ал ішек түтігінің ортаңғы бөлімінен кейінгі ұшы каудальды бағытта өсіп, артқы ішек бөлімін түзеді. Алдыңғы ішек бөлімінің тұйықталған ұшы бастама ауыз қуысына жанасып, одан жұтқыншақ жарғағы арқылы бөлініп тұрады. Ал артқы ішектің тұйықталған ұшы аналь аумағы эктодермасымен бірігіп, клоака жарғағын құрайды. Кейіннен бұл екі жарғақ тесіліп, ішек түтігі ауыз саңлауы мен аналь тесігі арқылы сыртқы ортамен қатысып жалғасады. Ауыз қуысы онтогенезде ұрықтың бас бөліміндегі маңдай төмпегінің төменгі жағындағы эктодермадан қалыптасады. Ауыз қуысының бүйір және төменгі қабырғаларының негізі висцеральды желбезек доғаларынан, ал мүшелерінің құрамындағы дәнекер ұлпалық аралықтар мезенхимадан дамиды.

Тіс – ауыз қуысы кілегейлі қабығы бүртіктерінің (эпителий қабатынан тіс тақташалары, мезенхимадан тіс емізікшелері жетіледі) сүйектенуі нәтижесінде дамиды. Тіс тақташаларынан кіреуке мүшелері жетіліп, олардың пішіні призма тәрізді ішкі кіреуке клеткалары (адамантобласттар) тіс кіреукесін (эмалін) түзеді. Тіс емізікшесінің адамантобласттармен жанасып жатқан клеткалары дентин түзуші клеткаларға – одонтобласттарға айналады. Цементті – мезенхима клеткалары жасайды.

Тіл – екі түрлі бастамадан: тілдің ұшы мен денесінің эпителий қабаты – ауыз қуысы түбінің эктодерма бастамасынан, ал тіл түбірінің эпителий қабаты – II және III желбезек доғаларының вентральды ұштары аралықтарындағы энтодермадан, тіл еті мен дәнекер ұлпасы – мезенхимадан дамиды.

Еріннің, ұрттың, таңдайдың, қызыл иектің кілегейлі қабықтарының эпителий қабаттары эктодермадан, ал өзіндік тақташалары мезенхимадан, сілекей бездерінің паренхимасы – эктодермадан, стромасы мезенхимадан дамиды.

Жұтқыншақ, өңеш пен қарынның кілегейлі қабықтарының эпителий қабаттары және бездері алдыңғы ішек бөлімінен, сірлі қабықтары спланхнотомнан, қалған қабықтары мен қабаттары мезенхимадан дамиды.

Ортаңғы және артқы ішектер бөлімдері дененің ұзын бойлай өсіп, сарыуыз қпашығымен өзек арқылы байланысқан, шажырқайға ілінген екі бөлікті ішек ілмегін (төмендеген бөлік, өрлеме бөлік) түзеді. Ішек түтігі ұзындығының ұзарып өсуіне байланысты, ішек ілмектері сағат тілі бағытымен краниальды шажырқай артериясы бойымен толық бір айналым жасайды. Төмендеген бөліктен ащы ішектердің, өрлеме бөліктен жуан ішектердің эпителий қабаттары мен бездері (энтодерма), сірлі қабықтар – спланхнотомнан, қалған қабаттары мезенхимадан дамиды.

Филогенезде бірклеткалы қарапайым жәндіктердегі цитоплазмалық ас қорытудан бастап, жануарлар дене құрылысының күрделенуіне байланысты көпклеткалы организмде азық қорыту процесінің әр түрлі қызметтерін атқаруға бейімделген мүшелер дамып жетіледі. Ішекқуыстыларда азық қорыту мүшелер жүйесі болмайды (қорыту және сіңіру процестерін энтодерма клеткалары атқарады). Төменгі сатыдағы құрттарда азық қорыту жүйесі: ауызжұтқыншаққа (эктодермадан – азықты ұстау, жұту қызметтері) және ортаңғы ішекке (энтодермадан – азық қорытылады) бөлінеді. Жоғары сатыдағы құрттарда екіншілік дене қуысының (целоманың) пайда болуына байланысты ішек түтігі қоршаған дене бөліктерінен оқшауланып, кіреберіс және шығаберіс тесіктер пайда болады да, үш бөлімге: алдыңғы, ортаңғы және артқы бөлімдерге бөлінеді. Желілілерде (қандауыршада) – ауыз қуысы жүтқыншақтан көлденең шымылдықпен бөлінген. Жұтқыншаққа көптеген жебезек саңлаулары ашылады. Ортаңғы ішек қабырғасында бауыр төмпегі дамып жетіледі. Аналь тесігі құйрықтың алдыңғы жағында орналасады. Балықтарда желбезек аппаратының жақсы жетілуіне байланысты ауызжұтқыншақ көп өзгеріске ұшырайды. Алдыңғы ішек қысқа өңеш пен қарыннан тұрады. Ортаңғы ішекте бауыр мен ұйқы безі жақсы жетілген. Артқы ішектің соңғы бөлігі клоакаға зәр бөлу және жыныс мүшелерінің шығару өзектерімен бірге ашылады. Қосмекенділерде желбезек аппараты жойылып, ауыз бен мұрын қуыстары толық бөлініп, бір-бірінен ажырайды. Жұтқыншақтан кейін, онымен жалғасқан газ алмасу мүшелері дамиды. Алдыңғы ішек өңеш пен қарыннан, артқы ішек бүйен мен клоакадан тұрады. Бауырымен жорғалаушыларда ауызжұтқыншақта желбезек аппараты эмбриондық дамудың бастапқы кезеңдерінде болады. Қатты таңдай айқын білінеді, крокодилдерде ауыз қуысы жұтқыншақтан жұмсақ таңдай арқылы бөлінген. Кейбір бауырымен жорғалаушыларда қарыннан, оның етті бөлігі бөлінеді. Ал құстарда ол қарынның жеке бөлімі болып қалыптасады. Артқы ішекте екі бүйен дамып жетіледі. Сүтқоректі жануарларда ауыз бен мұрын толық бөлінген. Ортаңғы ішек ащы ішектер мен бездерден, артқы ішек: бүйеннен, тоқ ішектен (жиек ішектен) және тік ішектен тұрады. Сыртқы орта жағдайларына бейімделуге және азықтану түріне байланысты түрлі жануарларда азық қорыту аппаратының мүшелері түрліше дамиды.

3 – сұрақ. Ауызжұтқыншақ. Ауыз қуысы (cavum oris) – жұтқыншақпен жалғасып азық қорыту аппаратының бас бөлімін құрайды. Ол ауыз саңлауынан (rima oris) – басталып, шығаберіс тесігі есінмен (isthmus faucium) аяқталады, екі бөлімнен: ауыздың кіреберісінен (vestibulum oris) және өзіндік ауыз қуысынан (cavum oris proprium) тұрады. Ауыздың кіреберіс бөлімінің сыртқы қабырғасын: еріндер мен ұрт, ішкі қабырғасын: қызыл иек пен тіс аркадалары құрайды. Ауыз қуысы мүшелері тері типтес кілегейлі қабықпен (екі қабаттан: ішкі – көпқабатты жалпақ эпителий, оның астындағы өзіндік тақташа – борпылдақ дәнекер ұлпасы) қапталған. Ауыз қуысының мүшелері: жоғарғы және төменгі ерін, ұрт, тіс, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай, тіл, сілекей бездері.

Ерін (labia) – ауыз саңлауын шектейтін терілі-етті қозғалмалы мүше. Ерін үш қабықтан: ішкі - кілегейлі қабықтан (өз кезегінде екі қабаттан тұрады: ішкі – көпқабатты жалақ эпителий, оның астындағы борпылдақ дәнкер ұлпалық өзіндік тақташа), ортаңғы – етті қабықтан (ауыздың дөңгелек бұлшық еті) және сыртқы – теріден тұрады. Жоғарғы және төменгі еріннің (labium superius et inferius) ауыздың екі бүйіріндегі тоғысқан бұрышын езу (angulus oris) дейді, еріндердің кілегейлі қабықтарында тым майда интрамуральды еріннің сілекей бездері (glandulae labiales) болады. Еріннің терісінде жекеленген сезімтал түктер (pili tactilis) орналасады. Сиырдың жоғарғы ерінінен мұрын тесіктері аумағында мұрын-ерін қаңсары (planum naso-labiale), қой мен иттің жоғары ерінінде суағар сайы (philtrum) болады, ал шошқаның жоғарғы ерні түксіз талпақ танауға (planum rostrale) жалғасады.

Ұрт (bucca) – ауыз қуысының екі бүйір қабырғаларын шектейтін терілі-етті қозғалмалы мүше. Оның құрылысы теріге ұқсас, үш қабықтан: кілегейлі, етті (ұрт бұлшық еті) қабықтардан және теріден тұрады. Кілегейлі қабығында майда қабырғалық ұрт сілекей бездері (glandulae buccales) болады, ал азу тістерінің тұсында оның ішкі бетіне шықшыт сілекей безінің (papilla parotidea) өзегінің бүртігі ашылады. Сиыр, қой мен ешкі ұртының кілегейлі қабығында пішіні конус тәрізді механикалық қызмет атқаратын емізікшелер болады. Итте дорзальды ұрт сілекей бездері бет бездері (gl. zygomatica) деп аталады. Вентральды ұрт бездері болмайды.

Қызыл иек (gingiva) – жақ сүйектердің тіс жиектерін қаптап, тістерді тіс ұяларына бекітіп тұратын ауыз қуысы кілегейлі қабығының қатпары.

Тіс (лат. Dens, көпше түрі – dentes, грек. odontos) – ауыз қуысы кілегейлі қабығының қатты туынды мүшесі. Қызметіне байланысты тістер: күрек тістер (dentes incisivi - I), сойдақ тістер (dentes canini - C), алдыңғы азу тістер (dentes premolares - P) және нағыз азу тістер (dentes molares - M), ал жануарлардың жасына және тістердің шығу сипатына қарай: сүт тістер (dentes decidui - Dd) және тұрақты тістер (dentes permanentes - Dp) болып бөлінеді. Ал құрылысына байланысты: қысқасауытты тістер (brachiodontes) және ұзынсауытты тістер (hypselodontes) болады. Жануарлар тістері бассүйектің: жоғарғыжақ, төменгіжақ және тұмсық сүйектерінің тіс ұяларында қатарымен орналасып, жоғарғы және төменгі тіс доғаларын (аркадаларын) құрайды.

Қысқысауытты тістер – бір-бірінен анық ажырайтын үш бөліктен: тіс сауытынан (corona dentis), тіс түбірінен (radix dentis) және тіс мойнынан (collum dentis) тұрады. Тіс сауыты үш қабаттан (сыртынан ортасына қарай: кіреуке, дентин, тіс жұмсағы – тіс пульпасы), тіс түбірі де үш қабаттан (сыртынан ортасына қарай: цемент, дентин, тіс пульпасы) тұрады. Қажалған тіс түбірі жағынан өсіп шықпайды.

Ұзынсауытты тістер – құрылысы бірдей тіс сауытынан (сыртынан ортасына қарай: цемент, эмаль, дентин, тіс пульпасы) тұрады. Ауыз қуысында тістің тек жоғарғы кішкене бөлігі ғана болады, қалған негізгі бөлігі тіс ұяларында болып, тіс түбірінің қызметін атқарады. Тіс сауыты қажалған сайын тіс ұясы жағынан өсіп отырады.

Барлық жануарлардың сүт тістері, ит пен шошқаның тұрақты тістері және күйіс қайтаратын жануарлардың күрек тістері – қысқасауытты тістерге, ал жылқының барлық тұрақты тістері және күйіс қайтаратын жануарлардың тұрақты азу тістері – ұзынсауытты тістерге жатады.

Тіс кіреукесі (эмалі) – бір қатарда орналасқан майда алтықырлы тым қатты эмаль призмаларынан тұрады. Құрамының 98 % минеральды тұздар. Жануарлар организміндегі ең берік зат. Оның тығыздығын кварцпен, омырылғыштығын фраформен салыстырады.

Дентин – құрылысы ерекше сүйек ұлпасы. Құрамының 70 – 80 % минеральды тұздар.

Цемент – құрылысы сүйек ұлпасына ұқсас, құрамының 60 – 70 % минеральды итұздар.

Тіс пульпасы – қан мен лимфа тамырлары және жүйкелерге бай жіңішке талшықты дәнекер ұлпасы.

Қатты таңдай (palatum durum) - сүйек таңдаймен (сүйек таңдай: жоғарғыжақ сүйектердің таңдай өсінділеріне, тұмсық сүйектің таңдай өсінділерінен және таңдай сүйектің горизонтальды тақташасынан құралған) жанасқан ауыз қуысының төбесі. Ол ауыз қуысы кілегейлі қабығының қатпары. Қатты таңдайдың ұзвн бойымен таңдай жігі (raphe palatini) өтеді. Одан оңға және солға таңдай білеуліктері (rugae palatini) орналасады. Күрек тістің артқы жағында, таңдай жігінің бойында күректіс бүртігі (papilla incisiva) болады. Оның екі жақ қапталына ауыз және мұрын қуыстарын өзара жалғастырып тұратын жұп күректіс өзегі (ductus incisivus) ашылады. Жылқыда қатты таңдай кілегейлі қабығы астында вена тамырлар торабы жақсы жетілген. Білеуліктер саны: жылқыда 16 – 18, сиырда 15 – 20, қойда 14, ешкіде 12, шошқада 20 – 22, итте 6 – 9. Сиырда қатты таңдай кілегейлі қабығы астында кілегейлі сілекей бөлетін таңдай бездері (gl. palatinae) болады. Күректіс бүртігінің алдыңғы жағында қалыңдау келген тіс жастығы (pulvinus dentalis) байқалады.

Жұмсақ таңдай (palatum molle) немесе таңдай шымылдығы (velum palatinum) – қатты таңдайдың артқы жағындағы жалғасы. Оның негізін таңдай сүйектің горизонтальды тақташасының артқы жиегінен басталатын таңдай бұлшық еті (m. palatinus) құрайды. Жұмсақ таңдай - ауыз қуысын жұтқыншақтан бөліп тұрады. Оның ауыз қуысы жағындағы беті ауыз қуысына тән кілегейлі қабықпен, ал мұрын-жұтқыншақ беті (аңқа) – тыныс алу жолдарына тән кілегейлі қабықпен астарланған. Жұмсақ таңдайдың артқы жағындағы бос иілген жиегін таңдай доғасы деп аталады. Ол екі бүйірінен жұтқыншаққа қарай өтіп, оң және сол таңдай-жұтқыншақ доғаларын түзеді. Таңдай доғасы мен тіл түбірі аралығында, ауыз қуысын жұтқыншақпен жалғастыратын ауыздың шығаберіс тесігі – есін болады. Жұмсақ таңдай кілегейлі қабығы тіл түбіріне қарай өтіп, тіл денесінің тұсында таңдай-тіл доғасын жасайды. Осы доғаның артқы жағында және тіл түбірінің екі қапталында таңдай бадамшалары (tonsilla palatina) орналасады. Жұмсақ таңдайдың кілегейлі қабығында кілегейлі сілекей бөлетін таңдай бездері (gl. palatinae) болады. Жылқыда таңдай шымылдығы өте ұзын болады. Сондықтан, жылқы малы ауызымен дем ала алмайды.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   46


написать администратору сайта