Главная страница
Навигация по странице:

  • Қазақтардың аштан қырылуы. Қазақ босқындарының қайғылы тағдыры.

  • Тарих ответы экзамен. 1 денгей хх асырды і жартысындаы ашаршылы оны зардаптары


    Скачать 1.03 Mb.
    Название1 денгей хх асырды і жартысындаы ашаршылы оны зардаптары
    Дата17.01.2022
    Размер1.03 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаТарих ответы экзамен .docx
    ТипДокументы
    #333098
    страница25 из 45
    1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   45

    17. Қазақтардың шетелге ауа көшулері.

    Бүгінгі тарихымызда әлі де жұмбағын ішіне бүгіп жатқан «ақтаңдақ» тақырыптардың бірі – сан мыңдаған қазақтың 1929-1932 жылдары Қытай асып кетуі. Тарихшылардың назары әсіресе аталған жылдары қанша қазақтың Қытай асып кеткеніне ауып отыр. Мұның басты-басты екі түрлі себебі бар. Біріншіден, осы жылдары қазақтар шет елдерге негізінен Қытай арқылы кеткен, ал Орта Азия жері арқылы Ауғанстанға және Иранға кеткен қазақтар көп емес, бірнеше мың қожалық ғана.

    Сондықтан Қытай арқылы шет елге кеткен қазақтардың санын шамамен болса да анықтау осы жылдары қанша қазақтың жат жерлік болғанын білу және осы негізде қазақ диаспорасының күрделі тарихи тағдырындағы кейбір «жұмбақтарды» жою деген сөз; екіншіден, Қытай арқылы шет ел асқан қазақтардың санын шамамен болса да ғылыми негізде анықтамайынша, осы жылдары аштан өлген қазақтар санын түгел білу қиын.

    Кейбір тарихшылар мен демографтар бұл мәселеде әр түрлі өзара қайшы пікірлер айтып, тарихи шындықты айқындау ісін күрделілендіре түсуде.

    Мысалы, еңбектерін орыс тілді басылымдар жаппай жариялап жатқан шетел тарихшысы Роберт Конквест Қазақстанның шекаралық аудаңдарынан аталған жылдары Синьцзянға (Батыс Қытай) 200 мың қазақ көшіп кетті десе, мәскеулік зерттеушілер Ю. А. Поляков, В. Б. Жиромская, И. Н. Киселев 1930-1932 жылдары шет елге кеткен қазақтар санын (қайтып келгендерін шығарып тастағанда) 1,3 млн адамға жеткізеді. Ал енді өзіміздің кейбір қазақстандық тарихшылар бұл пікірлердің ешқайсысына қосылмайтын санды – Қытайға кеткен 500 мыңдай адам туралы айтып жүр. Бұл пікірді теріске шығарушы қазақ демографы М. Тәтімов шет елге кеткен қазақтар санын 165 мындай деп біледі.

    Бұл мәселеде осыншама әр түрлі пікірлердің орын алуының себебі де бар: қолда нақты тарихи құжаттардың болмауы зерттеушілердің түйінді де тоқ етер қорытындыға тоқталуын қиыңдатты. Жоғарыда аталған тарихшылардың мәліметтерінің Қытайға көп қазақты аман-есен көшіріп жіберуі Қазақстанда ресми құжатта берілгендей – 1930-1933 жылдарда 3 миллион 379,5 мың адамға шұғыл кеміп кеткен (босқындарды қосқанда) ауыл халықтарының нақты шығынын, яғни қазақтардың ашаршылықтан болған тікелей өлімін сан жағынан азайтып көрсететіні айтпаса да түсінікті. Аталмыш мәскеулік тарихшылардың пікірлеріне тағы бір назар аударалық. Оларға сенсек, жетіспейтін жаңағы 3 миллион 379,5 мың адамның 1 миллион 300 мыңы шетел асып кеткен, яғни ашаршылықтан қырылмаған, тірі қалған болып шығады. Дегенмен Қытайға көшкен қазақтар санын көрсетуде әр түрлі көзқарас ұстана тұрса да зерттеушілер бұл көшулердің негізінен шекаралық аудандарды қамтығанын мойындайды. Мұның мынадай-мынадай басты себептері бар: 1) шекаралық аудандарда күштеп ұжымдастырудың қатал саясатын шекаралық аймаққа тән әскери ахуал, шекара әскерлерінің осы аудандардағы ішкі істерге араласуы ауырлата түсті; 2) шекаралық аймақтарда қазақтардың арғы бетте рулас, қандас туыстары орналасқан еді. Олар онда саяси-әлеуметтік ахуалдың қалыпты екенін айтып, туыстарын шекарадан аман-сау өткізіп алуға мүдделі болды; 3) 20-жылдары шекаралық аудандарда Синьцзянмен (Батыс Қытай) еркін сауда-саттық өріс алғандықтан Қытайдағы едәуір тыныш өмірден шекара қазақтары жақсы хабардар еді; 4) шекарадағы тәртіпті, одан жасырын немесе ашық түрде қалай өтіп кетуге болатынын тек шекара аймағындағы тұрғындар ғана білді; 5) шекарадан рұқсатсыз өту мемлекеттік қылмыс болып саналатындықтан шекара қазақтары мен ұйғырлары оған өте құпия даярланды, бұл іске сенімді деген өздерінің ағайын-туыстарын және ауыл-аймағын ғана тартты. Сондықтан да мұндай нар тәуекелге басқа орталық аудандардан босып келген бірлі-жарым қазақтың қатыстырылуы да екіталай болды; ең соңында, 6) шекаралық аудандар төтенше тәртіп аудандары болғандықтан бұл жерлерге басқалардың босып келуі бірден көзге түсті, олар тексеруге ұшырап, кейін қайтарылды немесе қажетті құжаттары бар болса, қатал бақылауға алынды./1/

    Ал енді осы Қытаймен шекаралас Қазақстан аудандарына қысқаша сипаттама берелік. 1931 жылы бұлардың жалпы саны 11 болды (бұрын 16 еді). Олар: Алакөл, Лепсі, Октябрь, Жәркент, Кеген, Қатонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар аудандары, сондай-ақ, Талдықорған және Ақсу аудандарының шекараға жақындау бір бөліктері еді.

    Аталған шекаралық аудандардағы халықтың жалпы саны 1931 жылы 505,701 адам, яғни Қазақстан халқының 7,33%-і болды. Ал олардың әлеуметтік құрамы төмендегідей еді: жұмысшылар – 25 510 адам, қызметкерлер – 25 318, қолхозшылар – 228 387, кедейлер мен батырақтар – 101 924, орташалар – 79 264 және кулактар – 45 298./3/

    Келтірілген мәліметте тағы бір назар аударатын мәселе – шекаралық аудандардағы халықтың негізгі бұқарасын колхозшылар меп кедей-батырақтардың құрауы.

    Осы құжатта шекаралық аудандар халықтарының ұлттық белгілері де берілген: мемлекеттік жоспарлау органының мәліметтері бойынша, 1931 жылы мұндағы халықтың 66,10% – қазақтар, 33,35% – еуропалық ұлттар өкілдері, 0,55% – Орта Азия халықтары болатын, яғни қазақтар шекаралық аудандардағы халықтардың ішінде 334 268 адам еді. Шекаралық аудандарда тұрған халықтардың бәрі бірдей Қытай асып кетті деу (505 701 адам) тарихқа қиянат болар еді./3/ Рас, Қытайға өткендер арасында әр түрлі ұлт өкілдері де болды. Әсіресе Сібірден, Солтүстік Қазақстаннан колхоз құрылысынан безе қашқан орыстардың кейбірі осы жылдары шекара асып кетпек болып, шекаралық аудандарға ірге теуіп, қоныстана бастады.

    ОГПУ органдарының құпия ақпарат мәліметтерінің бірінде 1930 жылғы наурыздағы шекаралық аудандағы жағдай «Сібірден қашқан кулактардың шоғырлануы» деген арнайы тақырыпшамен берілген. Онда мынадай жолдар бар: «Алматы округінің Сарқанд ауданында Сібірден қашып келген 794 кулак шаруашылығы есепке алынды. Селолық кеңестерде олар орташалар мен кедейлер ретінде тіркелген. Сібірліктердің көпшілігі ешқандай жұмыс істемейді – қоңды малдары, ақшалары бар, үй шаруасын, егін өсіруді және т.б. жолға қойып алған»./1/ Онан әрі құжатқа бұлардың жағдайдың ыңғайына қарай Қытай асып кеткісі келіп, соған жан-жақты даярланып жатқаны айтылады. Біздің қолымызда жекелеген орыстардың Қытай асқаны туралы ғана деректер бар. Қытайға сол жылдары ұйғырлар мен қазақстандық дүнгендердің де аз өтпегені байқалады. Соңғыларының 50 процентке жуығы Қытайға көшіп кетуге даярланып жатқанын архив құжаттарының бірі нақты әңгіме етеді.

    Дегенмен бұл жерде ең басты нәрсені – Қытай асқандардың негізінен қазақтар болғанын естен шығаруға болмас. Қатал да қатыгез ұжымдастыру саясаты салдарынан қазақтардың Қытайға қашуы 1929-31 жылдары өте кең өріс алды.

    Мұны шекаралық ОГПУ мәліметтері де мойындайды. Бұларға назар аударсақ, аталған жылдары (1931 жылдың сәуір айына дейін) Қытайға 5 903 шаруа шаруашылықтары (яғни шамамен 29 656 қазақ) көшіп кеткен болып шығады. Бірақ бұл деректер дөрекі кемшіліктерден де құралақан емес: біріншіден, ОГПУ органдары кеткендер санын азайтып көрсетуге күш салған, өйткені шекара бұзушылардың санының көп болуы, шекарадағы ПП ОГПУ органдарының кінәсын да арттыра түседі; екіншіден, шекара жанжалындағы қарулы қақтығыста шаруалар шаруашылықтарын дәлме-дәл санап ала қою да оңай болмаса керек; үшіншіден, шекарадан орман-тоғай, құз-жартас арқылы жасырын соқпақпен жанамалап, бой тасалап көзге шалынбай өтіп кеткендер қаншама екенін ешкім біле алмайды./4/

    Дегенмен біздің қолымыздағы кейбір ресми құжаттар қазақтардың едәуір бөлігінің Қытайға көшіп кеткенін нақтырақ дәлелдейді.

    ПП ОГПУ-дің жедел барлау мәліметтері бойынша, 1930 және 1931 жылдарда Қазақстаннан Қытайға өтіп кеткен босқындардың саны (адамдар) және әлеуметтік құрамдары төмендегідей:/1/


    Жылдар


    Қулактар, байлар


    Орташалар


    Кедейлер


    Колхозшылар


    Барлығы


    1930 1931


    3510

    7542


    5039

    3606


    4463

    14840


    2290

    8469


    15302

    34457




    11052


    8645


    19303


    10759


    49759

    Бұл мәліметтер 1931 жылдың 1 қарашасына дейінгі кезеңді ғана бейнелей алатынын ескертеміз. Оның үстіне бұлар толық емес және бұл мәліметтерге шекарадан өту кезінде қолға түскеңдер саны және шекарадан өту кезіндегі қарулы қақтығыстар мен шекара әскерлерінің жазалау әрекеттері кезінде өлгендер кірмей қалған. Ал бұлар аз емес. Мысалы, тек 1931 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейін ғана шекарадан өтерде 14412 адам ұсталған.

    Оның үстіне босқындардың шекарадан өтерде ондап немесе жүздеп емес, мыңдап қырылғаны, сөйтіп осы жылдары Қытай – Кеңес шекарасының қан сасығаны тарихи шындық. Ал тарихи шындықтан қайда қашып құтыларсың. Шекарада қанша қазақтың өлгенін, қалың бұта мен жақпартастар тасасында өліктері терусіз, көмусіз қалып, құзғын-карғаға, ит-құсқа олардың қаншасы жем болғанын дәл анықтау әрине мүмкін емес. Мұны Қытай жағының ресми құжаты да мойындайды. Дегенмен тек бір ғана 1930 жылдың өзінде Іле округінің шекарасынан Қытайға өтерде кеңестік шекарашылар 1000-нан астам босқынды өлтірді.

    Ал енді жоғарыдағы қазақтардың Қытай асып кетуін бейнелейтін деректердің 1931 жылдың 1 қарашасына дейінгі кезеңді көрсететінін ескерттік. Бұдан кейінгі айларда шекара күзеті кеңес өкіметі тарапынан да, Қытай жағынан да шұғыл күшейтілді. Мысалы, Батыс Қытайдағы Үрімші және Чугучак губернаторлары 1932 жылдың наурыз айының соңына қарай Қытай шекара күзетіне КСРО-дан өтіп келе жатқандарды жедел кейін қайтару туралы нұсқау берді /12/. Бұл нұсқау орындалмаған жағдайда, Қытай шекарашыларының босқындарды жасырушылар ретінде жауапкершілікке тартылатыны ескертілді. Мұндай шешім Батыс Қытайда «өздерінің ешқандай азық-түлік қорлары жоқ эмигранттардың КСРО-дан қаптап ағылып келуінен туындаған азық-түлік қиыншылығына» байланысты қабылданған.

    Ф. Голощекин өзі жүргізіп отырған қатал саясатты ақтау үшін қазақтардың Батыс Қытайға ауа көшулеріне қытайлықтарды мүдделі етіп көрсетуге күш салды. Ол өзінің 1931 жылдың желтоқсанында И. Сталинге жазған хатында бұл ауа көшулердің «таза контрреволюциялық сипаттағы» әрекеттер екенін «дәлелдеп» бақты. Онда мынадай жолдар бар: «Қытай өкімет орындарының көмектерін пайдаланған Қытайдың Синьцзянь провинциясындағы арнайы ұйымдар ауа көшулерді ұйымдастыруда, ауа көшушілердің арнайы қарулы бандаларын қанаттарының астына алып қорғауда...».

    Бірақ Ф. Голощекиннің бұл пікірлері сол жылдары Кеңес өкіметінің Құлжадағы консулы қызметін атқарған Колосовтың Сыртқы істер халық комиссарының орынбасары Л.М. Караханға 1931 жылдың 15 қаңтарында жазған хатында (көшірмесі Ф. Голощекинге жіберілген) айтылған қорытындыға қайшы келетін еді: «Біздің ойымызша, – деп атап көрсетті Колосов, – шекара халқының Қытайға көшу және көшіп кету құбылыстары бұған қытайлықтардың мүдделі еместігімен және олардың мұндай ауа көшулерді ұйымдастырмайтындығымен емес, тек бірқатар Қазақстан ұйымдарының Қазақ АКСР-індегі шаруалар мен малшыларды ұжымдастыру және шаруа қожалықтарын социалистік қайта құру мәселелеріндегі саясатты іс жүзіне жүзеге асыру процесінде жіберген асыра сілтеулерімен және бұрмалауларымен ғана түсіндірілуі тиіс» /1/.

    Егер консул Колосов айтып отырған себептер 1931 жылдың орталарына дейін шынында да босқыншылықты күшейте түсуде шешуші рөл атқарған болса, ал 1932 жылдан бастап, осы себептерге шекаралық аудандарды жаппай жайлаған алапат ашаршылық қосымша болды. 1932 жылдың шекара бұзушылары туралы ПП ОГПУ-дің ақпан-сәуір айларындағы оқиғаларды қамтитын жедел барлау мәліметтеріңде мынадай жолдар бар: «шекара бұзушы контрабандиттердің басым көпшілігі азық-түліктермен, 1-ден 3 пұтқа дейін үнмен ұсталды. Сондай-ақ Қытайға өтетіндер осындай мөлшердегі нанға айырбастау үшін ескі темір-терсек және жеке заттарын алып алған. Көрсетілген құбылыс шекаралық аудандардың бірқатар ауылдарындағы азық-түлік қиыншылығының өткірлігімен түсіндіріледі». Сонымен қатар 1932 жылы КСРО-дан Қытайға өтетіндерден гөрі Қытайдан КСРО-ға өтетін босқындар саны көбейе бастады.

    Деректерге қарағанда 1932 жылы шекара бұзушылар көп емес /1/. Оның үстіне Қытайға өтетіндерден гөрі кейін, туған елге – Қазақстанға қайтатындар көбейген. Мұның себебі «Қытайдағы эмигранттардың, кедейлердің материалдық өмірінің нашарлығынан жұқпалы аурулардың туындап, таралуымен, Қытай жағындағы қалмақтар мен чириктардың кеңес жағынан келіп, сонда тұрып жатқан эмигранттардың малдарын және дүниелерін тартып алуларымен, көп жағдайларда қандай болса да өзіне жұмыс табудың қиыншылығымен және эмигранттар арасында таралған «көктемде Қытай өкіметі барлық эмигранттарды қытай жерінен Кеңестер жағына көшіреді екен» дегендей өсек-аяндармен түсіндіріледі.

    Сонымен қатар Қытай жағының да 1932 жылдың мамыр айынан бастап шекарада қатал тәртіп орнатып, КСРО-дан келгендерді кідіртпей кейін қайтарулары да босқындардың Қытай асуын күрт азайтты. 1932 жылдың соңына қарай қазақтардың Қытайға көшуі мүлде тоқталды деуге болады. Сондықтан ПП ОГПУ-дің 1932 жылы 1 қарашада берген мәліметі бойынша Қытайға өтпекші болған 7-ақ босқын ұсталған /1/.

    Ал енді нақты тарихи дерекке жүгінер болсақ, қазақтардың Қытайға көшуіне байланысты Өлкелік партия комитеті И. Сталин мен В. Молотовтың нұсқауымен 1931 жылы құрған Ә. Жангелдин басқарған мемлекеттік комиссияның тексеруі бойынша шекаралық аудандардан Қытайға көшіп кеткен қазақтар осындағы қазақтардың 1/4-нен астамы, яғни 83 500-дейі екенін көреміз /4/.

    Бұл деректерді ПП ОГПУ-дің жедел барлау мәліметтері және мемлекеттік жоспарлау деректері де растай түседі. Алғашқысының Батыс Қытайдан алған мәліметі бойынша, 1931 жылдың күз айында Батыс Қытайдағы босқындар саны 60 мыңға жуық, ал соңғысының дерегі бойынша, көрсетілген мерзімге дейін Қазақстанның шекаралық аудандарындағы халық 87 мыңдай адамға азайған. Егер тарихи шындық осы деректердің ортасында жатыр деп қарасақ, Батыс Қытайға өтіп кеткен қазақтар шамамен 70 мың адамдай деп шамалауға болар еді.

    Шекара асқан қазақтар саны бұдан әлдеқайда көп болды деу, яғни жоғарыдағы тарихшылар айтқандай жарты немесе 1 миллионнан асып түсті деу тарихи шындықты көпе-көрінеу бұрмалау болып табылады. Өйткені шекаралық 11 аудандағы қазақтардың өздерінің жалпы саны жарты миллионға да (334 268 адам) жетпейді ғой /8/.

    Қазақтардың Қытай асуын айтқаңда ондағы қазақтар санының көптігіне қарап оларды негізінен ұжымдастыру жылдарында өтіп кеткендер ретінде сипаттауға да болмайды. Батыс Қытай қазақтардың ежелгі отаны. Халқымыздың мақтан тұтар ардагер тарихшы ұлы Мұхамеджан Тынышбайұлының мәліметіне қарағанда, 1917 жылдың өзінде Қытайда 450 000 қазақ өмір сүрген /8/. Бұлардың біразы қолайсыз саяси оқиғалардың салдарынан қырылып қалса, едәуір бөлігі кезінде басқа елдерге қоныс аударған.

    Сондықтан М. Тәтімовтың мәліметінде көрсетілгендей, біздегі жаппай ұжымдастыру науқанының қарсаңында Монғолия мен Қытайда шамамен 375 000-дай ғана қазақ қалған еді.

    Сондай-ақ шетелдегі қазақтар санының біздегі ұжымдастыру апатынан кейінгі үш он жыл бойында айтарлықтай өсе қоймауы да біздің пікірімізді дәлелдейді. 1959 жылы Қытайда не бары 580 мың, ал Моңғолияда 40 мың ғана, қоса есептегенде 620 мың қазақ өмір сүрді.

    Ал енді қазақтардың әңгіме болып отырған жылдары басқа таяу шет елдерге – Ауғанстанға және Иранға қоныс аударуына келсек, олар көп емес, бірнеше мың қожалық ғана. Демограф М. Тәтімов 1992 жылдың ортасында жасаған есебімен Ауғанстанда 35 мың, Иранда 16 мың, ал Түркияда 30 мың қазақ мекендегенін көрсеткен еді. Бұл кейінгі он жылдықтардағы өсіп-өнудің нәтижесі. Оның үстіне Ауғанстандағы, Ирандағы және Түркиядағы босқын қазақтардың көпшілігі онда Қытай жері арқылы барғандар /3/. Сонымен қатар М. Тәтімовтың жоғарыдағы есептеулері шындықты мүлтіксіз бейнелейді деуге болмас. Шет елдегі қазақтар онда көрсетілген сандардан едәуір аз болуы да мүмкін. Өйткені шет елдегі қазақтардың қадірменді ақсақалы Халифа Алтайдың былай дегені бар: «Осы күні Түркияда, Еуропада 20 мыңдай қазақ тұрады екен деп айтушылар, жазушылар көп. Ол - жаңсақ әңгіме. Дұрысы баршамыз, оның ішіңде Англия, Франция, Германия сияқты Еуропа елдерінде пайда қылып, кәсіп істеп жүргендер де бар, он мыңдаймыз. Еуропада жүрген 500–1000-дай жастар біздің отауларымыз... олардың бәрі Түркияның азаматтары...».

    Сонымен қорыта келгенде айтарымыз, Қытайға және Қазақстанға таяу басқа да Ауғанстан, Иран тәрізді шет елдерге біржолата көшіп кеткен қазақтар жалпы алғанда ең көп дегенде 100 мыңға жуық. Бұлардан басқа бірнеше мың қазақ шекарадан өтерде өлген және «контрабандит» деген жаламен тұтқындалған. Өз азаматтарын туған Отанынан бездірген сталиндік әміршіл-әкімшіл социалистік қайта құрулардың қазақ деген халыққа жасаған ауыр қылмысының қайғылы нәтижесі міне осындай.

    Қазақтардың аштан қырылуы. Қазақ босқындарының қайғылы тағдыры.

    Ашаршылықтың салдарынан әсіресе қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырауы Қазақстан басшылығын босқындарды орналастыру мәселесімен жүйелі де жоспарлы түрде айналысуға еріксіз мәжбүр етті. 1932 жылы 31 наурызда Өлкелік партия комитетінің бюросы өзінің № 97 хаттамасымен «Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын қайтаруды және Қазақстанның өз ішінде шаруашылықтық орналастыруды ұйымдастыру туралы» арнайы қаулы қабылдады /6/.

    Қаулы бойынша аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Дәл осындай комиссиялар облыстық атқару комитеттері төрағаларының басшылығымен жергілікті жерлерде де жұмыс істеді.
    1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   45


    написать администратору сайта