Тарих ответы экзамен. 1 денгей хх асырды і жартысындаы ашаршылы оны зардаптары
Скачать 1.03 Mb.
|
16. Білім беру жүйесін құру. Сауатсыздықты жою. Тоталитарлық режим жағдайындағы идеологиялық террор және саяси қуғын-сүргін. Шаруашылықты дамытып, жақсы өмір сүру үшін ең алдымен халықтар арасында сауатсыздықты жою және ағарту ісін дамыту міндеті тұрды. 1924 жылы Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы ұйымдастырылды. 1921–1927 жылдар аралығында Қазақстанда 200 мыңға жуық адам әр түрлі жерде оқыды. 1928 жылы Қазақстанда барлық халықтың 28%-ы сауатты болды. Ал қазақтар арасындағы бұл көрсеткіш 10% болды. 1931 жылы Қазақстанда 15–20 жас аралығындағы барлық адамдардың сауатын ашу, яғни оларға міндетті білім беру жүйесі енгізілді. Сауатсыздықты жою мақсатында республикада ағарту ісіне жұмсалатын қаржының мөлшері көбейді. Сауатсыздық жою ісі жөнінде Қазақстан одақ құрамындағы басқа мемлекеттерден артта қалды. Мұның себебі – әміршіл-әкімшіл жүйенің бюрократтық саясаты. Сауатсыздықты жою ісінде ең алдымен комсомол ұйымы белсенділік танытты. Тек қана 1930 жылы бұл іске комсомол құрамындағы 5000-ға жуық жастар қатысты. 1936 жылы жер-жерден ашылған сауатсыздықты жою мекемелерінде 500000-нан астам адам оқыды. Республикада ересектер арасында сауатсыздықты жою ісіне сол кездегі «Ауыл мұғалімі» журналы мен «Төте жол» газеті әдістемелік құрал ретіндегі көмегін тигізді. 1939 жылы Қазақстандағы сауатты адамдардың үлесі 65% болды, қазақ халқының арасында бұл көрсеткіш 40%-ға жетті. Республикадағы ірі қалалар, негізінен, сауатты қалаларға айналды (Алматы, Шымкент, Қарағанды, Лениногорск, Тараз, Орал т. б.) Халыққа білім беру ісі. 1926 жылы Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Қазақ АКСР біртұтас еңбек мектептерінің жарғысын» қабылдады. Көптеген қалаларда арнаулы білім беретін және соның ішінде қазақ қыздарын оқытатын мектептер ашылды. 1930–1931 жылдары Қазақстан халықтарының арасында жалпыға бірдей оқу міндеті енгізілді. Жалпыға бірдей білім беру ісіне үкімет қолдау көрсете бастады. Сонымен қатар Қазақстан комсомолы бұл істің жүзеге асырылуын және білім беру ісінің дамытуын өз мойындарына алды. Білім беру ісін дамыту бағытында ана тіліндегі оқулықтарды жасаған қазақтың ұлттық зиялылары үлкен үлес қосты. Мысалы, А. Байтұрсынов суретті әліппе, Ж. Аймауытов ана тілі оқулықтарын жазды. 20–30 жылдары қазақ мектептеріне арналған оқулықтарды жасау бағытында Ғ. Мүсірепов, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Қ. Кемеңгеров, Ә. Бөкейханов, С. Сәдуақасов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов көп еңбек сіңірді. Республика жерінде орыс, қазақ, өзбек, татар тілдерінде оқытатын мектептер жұмыс істей бастады. 1934–1935 жылдары Қазақстанда 221 интернат жұмыс істеді. Соғыстың алдында республика мектептерінде 44000 мұғалім жұмыс істеді. С. Ақышев, С. Көбеев, А. Ақатов, Ш. Сарыбаев, Л. И. Довранская, Н. В. Волков т. б. білім беру ісінің үздіктері «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі» деген атаққа ие болды. Кәсіптік білім беру ісінің дамуы 1928 жылы Қазақстанда тұңғыш жоғары оқу орны Алматы педагогика институты ашылды. Бұл институт Абайдың есімімен аталды. 1929 жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институты ашылды. 1930 жылы Алматыда Қазақ ауыл шаруашылық институты ашылды. 1931 жылы Ленинград әскери медицина академиясының қамқорлығымен Алматы медицина институты ашылды. 1934 жылы Алматыда Қазақ кен металлургия институты ашылды. Кейін политехникалық институт аталған бұл оқу орны инженер-технолог кадрларын даярлайтын іргелі оқу орны болды. 1931–1932 жылдары Қызылорда, Орал қалаларында педагогика институты ашылды. Семей, Петропавл, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Шымкент қалаларында мұғалімдер институттары ашылды. Соғыстың алдындағы жылдарда Қазақ КСР-де жоғары оқу орындарының саны 20-ға, арнаулы оқу орындарының саны 118-ге жетті. Кәсіптік білім беретін бұл оқу орындарында 40000-ға жуық жастар білім алды. Тоталитарлық режимдер адамзаттың өмір сүруінің барлық кезеңінде жер шарынын әр түрлі аймағында пайда болып отырды. Сондықтан ерте кезден бастап адамзат қоғамы күшті мемлекеттік билік пен тұлғаның еркін дамуы арақатынасының, бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізу мен азшылықтың пікірін ескерудің оптималды пропорциясын анықтауға, қоғам мен жеке адамның мүдделерін теңестіруге талпынып келеді. Бұл үрдіс шексіз, себебі әрбір ұрпақ өзінше өмір сүргісі келеді. Және ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы, яғни саяси қуғын-сүргіндер мен билікті асыра пайдалану адамдар мен бүкіл мемлекеттің тағдырын анықтаған оқиғалар көптеген адамдар үшін өте өзекті. Л.И.Брежневке жіберген «Естелік жазбасында» А.Д. Сахаров кейінге қалдыруға болмайтын сұрақтар қатарына бірінші орында саяси қудалау туралы мәселені қойды және саяси қудалаудағы адамдарға рақымшылық жасауды қажеттігін атады; барлық сот істерін қарауды жариялы түрде өтуін қамтамасыз етуді, саяси, діни және идеологиялық мотивтермен психиатриялық қуғын-сүргінге ұшыратуды тоқтатуға шақырды. А.Д.Сахаров «адам құқығы үшін күрес - бұл бейбітшілік пен адамзаттың болашағы үшін шынайы күрес» деді /57/. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер тақырыбына өзінің терең талдау еңбектерінің циклін М.Т.Баймаханов арнады /58/. « Жалпыұлттық идея Қазақстандағы әлеуметтілікке мойын бұрған азаматтық қоғамды құрудың негізі ретінде» атты халықаралық конференцияда жалпыұлттық идея ретінде кешіру мен кінәні мойындау идеясы туралы айтылған. Бұған себеп болған бұрынғы кеңес халқы үшін ұжымдастыру, жасанды ұйымдастырылған ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргіндер, екінші дүниежүзілік соғыс сияқты апаттық салдарлар туғызған 1930-1940 жылдардағы фашизм немесе сталинизм зардаптары одан да қатты күшпен айналмайтындығына ешкім кепілдік бермейтіндігімен байланысты болды. Сол кездері қазақтардың үштен бірі аштықтан өлді, үштен бірі әлемге тарап кетті. Әсіресе, миллиондаған кеңес адамдары жазықсыз жәбірленген сталиндік қуғын-сүргін жылдары өте қайғылы болды. Қазақстан бүкіл аумағын Карлагтың 23 концлагері жаулап алып, олардан КСРО мен алыс шетелдердің 2 млн-нан астам адамы тұтқын болып өтті. Сталиндік геноцид жылдары республиканың 118 мың адамы қуғын-сүргінге ұшырап, әрбір төртінші адам күшпен өмірінен айырылды. Қазіргі уақытта республикада сталин лагерьлерін өткен 5 мыңдай адам ғана тірі қалды. «Заңсыз қуғын-сүргіннен жәбірленушілер» деген есепте тұрған қалған 70 мың адам қуғын-сүргінге ұшырғандардың балалары болып табылады /59/. Ақталғандардың құқықтарын қорғау саласындағы қазақстанның ұлттық заңнаманың қалыптасуы тәуелсіздік процесі басталған кезден бастау алады. 1990 жылы 18 қыркүйектегі Қазақ КСР Президентінің «30-40 жылдар мен 50 жылдардың басындағы кезеңде заңсыз қуғын-сүргіндерден зардап шеккен, ақталған азаматтарға көмек көрсету бойынша шаралар туралы» №70 Жарлығы әділеттілікті қалпына келтіру және қуғын-сүргіндердің ақталған құрбандарына көмек көрсету мақсатында қабылданды. Сол кездің өзінде Президент Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне ақталған азаматтардың осы санаты үшін бірнеше әлеуметтік жеңілдіктер мен артықшылықтар тағайындауды міндеттеді. Егемендік туралы Декларацияға, тәуелсіздік туралы Заңға, 1993 жылғы Конституцияға ақталғандардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық құқық нормалары адам жалпы құқықтары тұрғысынан имплементацияланды. Бірақ белгілі бір халықаралық құқықтық нормаларды қолданыстағы құқық қосу туралы ережені Конституцияда бекіткенмен, олардың қлттық құқықтағы әрекетін айқындайтын тетіктен тыс әрекет ете алмайды. 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының «Сот және сот төрелігі» тарауын бастайтын 75 бабында былай деп жазылған: «Арнайы және төтенше соттарды құруға тыйым салынады». Заңсыз қуғын-сүргіннен зардап шеккен азаматтарды ақтап, әділеттілікті қалпына келтіруге «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (ары қарай «Ақтау туралы» Заң) көп үлес қосты. «Ақтау туралы» Заңға сәйкес ақтау ұғымына тұлғаны саяси қуғын-сүргін құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп соттық немесе заңда көзделген басқа да тәртіппен мойындау, оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, келтірілген моральдық немесе материалдық залалды өтеу жатады. Яғни, ақтау процесі негізі екі кезеңнен тұрады: біріншіден тұлғаны саяси қуғын-сүргін құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп ресми мойындау және аталған жеңілдіктерді алуға негіз Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен бірыңғай куәлік болып табылады; екінші кезеңде – құқықты қалпына келтіру, моральдық және материалдық залалдарды өтеу және т.б. «Ақтау туралы» ҚР Заңы Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтары туралы ережелерін дамытуда маңызды болып табылады. Егеменді посткеңестік елдің жаңа билігі бұл заңды қабылдауы арқылы ескі, кеңес биліктің, сталинизмнің қателіктерін түзеді. Бұдан екі жағдайды көруге болады: 1) бұл Заң жаңа егеменді мемлекеттің зорлық зомбылықтан, кеңес уақытындағы тоталитаризмнен бас тартқанын дәлелдеді және халықтың заң күшіне ғана негізделген құқықтық қоғам құруға ұмтылысын заңды нысанда бекітті және 2) Қазақстан Республикасы Кеңес Одағының құқықтық, саяси және басқа да мұрасының мұрагері екенін іс жүзінде дәлелдеді. Осы мұраның басты құрамдас бөлігі – ол тоталитаризм қорқынышын әлі де ұмытпаған, жаңа биліктен әділеттік күтетін, тек қана материалдық қолдауды емес (бұл өте маңызды), сонымен бірге рухани, құқықтық ақтауды күтетін адамдар. Сондықтан бұл нормативті құқықтық актіні тек қана жәбірленушілерге өтемақы туралы Заң ретінде қарайтын кейбір шенеуніктердің ұстанымы құқықтық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да дұрыс емес. Сол себепті бұл Заңға 26-бап қосылды, әлеуметтік баптардың орындалуы кейінге шегерілді. Бұның барлығы Конституциялық ережелерді бұзу және Заңның өзіне қайшы әрекет болып табылады, өйткені оның басты мақсаты – ақтау. Тәжірибе көрсеткендей, бұл Заңның қызметі аясы әрдайым кеңеюде. Заңның күші тарайтын тұлғалар қатарына 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушылары да енгізілді. Бұл Кеңес өзінің халқына қарсы Қазақстан аумағында жасаған соңғы қылмысы болуы керек. Билікті асыра пайдалану құрбандарына Семейдегі және Қазақстандағы басқа да полигондардағы ядролық қару сынақтарының құрбандарын жатқызуға болады. Оралмандар - бұлар да құрбандар немесе құрбандардың тікелей ұрпақтары. Кеңес үкіметі кезіңде аштық салдарынан 10,5 млн астам адам қайтыс болды /60/, ал Қазақстанда 2,5 млннан астам қазақ қайтыс болды. Халықтың үштен бірі (2-2,5 млн.адам) аштықтан құтылу үшін шет елге қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазіргі таңда шетелдерде 4,1 млн отандастарымыз өмір сүріп жатыр, соның ішінде Өзбекстанда-1,5 млн, Ресейде-740 мың, Түркіменстанда -70 мың, алыс шет елдерде этникалық қазақтардың көбі ҚХР-да 1,5млн адам, Моңғолияда-80 мың, Ауғанстанда-30 мың және Түркияда-25 мың /61/. Шет елдерде тұрып жатқан барлық отандастарымыздың тарихи Отанына оралу құқығы бар. 1990 жылдары Қазақстанға 200 мыңға жуық репатрианттар оралды. Оралмандарды ұйымдасқан түрде көшіру мен оларға жағдай жасау 1998 жылы 16 қыркүйектегі «Этникалық қазақтарды тарихи Отанына репатриациялау Тұжырымдамасы туралы» №900 Үкімет Қаулысында қарастырылды. Оралмандар көшін ұйымдастырып, оларды ары қарай орналастыру үшін жыл сайын иммиграция квотасы бөлінеді, 2003 жылы Президент Жарлығымен 5мың жанұяға квота бөлінді. 2004 жылы 10 мың жанұяға, ары қарай 2010 жылға дейін жыл сайын 15 мың жанұяға квота бөлінген. Отанынан қуылғандар және кінәсіз құрбандарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында 1996 жылы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің «1997 жылды жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы» №3299 Жарлығы қабылданды. Бұл тақырып заңгерлер, тарихшылар, этнографтар, демографтар, саясаттанушылар зерттеу үшін әлі жеткілікті. Сондықтан бұл бөлімде біз қуғын-сүргінге ұшырағандардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық құқық пен ұлттық құқықтың арақатынасын талдауға тоқталамыз. Бұл тарихтың белгілі бір кезеңдерінде билікті асыра пайдалануды тиімді тоқтата алатын күштердің мемлекет ішінде табыла бермейтіндігімен байланысты. Саяси қылмыскерлер көп уақыт бойы отандық әділет органдары үшін қол жетімсіз болып отыр, бұл олардан зардап шегуші жандардың көбеюіне әкеліп соғады. Сондықтан да бұл жағдай әлемдік қауымдастықтың араласуын қажет етеді. Егемен елдердің саяси жүйелеріне әсер ете алатын беделді халықаралық органдардың араласуы елдегі жағдайды түзете алады. Халықаралық органдар декларацияларымен, жарғы, үндеулер және өзге де әділетті мазмұндаған құжаттарымен шектеледі, олар көбіне елдегі жағдайды өзгерте қоймайды, билікті шектемейді, алайда ұлттық заңнаманы жетілдіру үшін минималды әлемдік стандарттардың үлгісі бола алады. 1985 жылы 29 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы 40/34 қарарымен қабылдаған «Билікті асыра пайдаланушылар мен қылмыс жасау құрбандары үшін сот төрелігінің негізгі қағидаларының Декларациясы» (ары қарай Декларация) мен Қазақстан Республикасының бұл саладағы негізгі нормативтік актісі - «Ақтау туралы» заңын ұлттық заңнаманың халықаралық құқыққа сәйкестігі тұрғысынан салыстырмалы талдағанда ұлттық заңнама, кеңес үкіметі билігінен жапа шеккен азаматтардың қорғалу деңгейі жайлы толық көрініс береді. БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл құжатта (Декларацияда) «әлемде билікті асыра пайдалану мен қылмыс жасаудың нәтижесінде миллиондаған адамдар зардап шегіп жататындарын, олардың құқықтары қажетті деңгейде қорғалмайтынын мойындайды». Сондықтан Декларация мақсаты болып егеменді мемлекеттердің үкіметтері мен халықаралық қауымдастықтың әділеттілікті қамтамасыз ету мен билікті асыра пайдалану құрбандары мен қылмыс құрбандарына көмектесуге бағытталған әрекеттеріне көмектесу табылады. Декларация денсаулық сақтау, соның ішінде психикалық денсаулықты қорғау, білім беру, экономика саласында тұтас әлеуметтік кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруға, халдері мүшкіл жандарға көмек қолын созуға, өзгеріп отырған жағдайларға тез бейімделуін қамтамасыз ету үшін заң ережелері мен тәжірибесін үнемі қайта қарап отыруға шақырды. Сонымен қатар, адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтың танылған нормаларын бұзатын актіні, заңды тұлғаның әрекетін немесе басқа да билікті асыра пайдалану әрекеттерін заңсыз деп жариялаған ережелердің орындалуын қамтамасыз етуге және қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, құқықбұзушыларды анықтап, қудалау, оларды ұстап беру, жәбірленушіге реституция беру мақсатында дүние мүлкін тәркілеу сияқты сұрақтар бойынша өзара соттық және әкімшілік көмек беру негізінде мемлекеттердің басқа мемлекеттермен ынтымақтастықтарын дамытуы туралы айтылды. Мемлекеттің адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтың мойындалған нормаларын бұзуы адамды билікті асыра пайдалану құрбаны ретінде тануға алып келеді. Бұл қазіргі заманда аса маңызды, өйткені Қазақстан Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы (Нью-Йорк, 1966 жылы желтоқсан ) Халықаралық Пактіге де, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1966 жылы 16 -желтоқсандағы 2200А (XXI) қарарымен қабылданып, 1976 жылы 23-наурызда күшіне енген Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіге қосылғанымен, әлі ратификациялаған жоқ, дегенмен КСРО Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактіге 1968 жылы қол қойып, 1973 жылы ратификациялағаны белгілі. Декларацияның 18-бабы назар аудартады, онда «билікті асыра пайдаланудың құрбандары» деп құзырлы органдардың әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан жекелей немесе топтық дене жарақаттарын алған немесе моральдық залалдар, эмоционалды қасіреттер, материалдық залалдар шеккен, немесе олардың негізгі бостандықтарына өрескел нұқсан келтірілген тұлғалар түсініледі. Бұл жағдайлар ұлттық қылмыстық құқық нормаларын бұзу болып әлі саналмаған, бірақ адам құқықтары саласындағы халықаралық құқықтың мойындалған нормаларын бұзу болып саналған болуы тиіс. Бұрынғы КСРО-да саяси қуғын-сүргін құрбандары негізінен қолдан жасалған қылмыстық істерден, жалған жала жабудан, заңсыз құрылған соттардың үкімдерінен, жоғары билік органдарының антиконституциялық қаулыларынан (бүкіл халықты заңсыз депортациялау кезінде), яғни биліктің заңнаманы тікелей бұзуынан жапа шекті. Декларацияның берілген ережесі біріншіден, халықаралық құқықтың ұлттық құқыққа қарағандағы прогрессивті рөлі туралы, екіншіден, ұлттық заңнаманы халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіру міндеттері туралы, үшіншіден, БҰҰ мүше мемлекеттердің әлемдік қауымдастық алдында өз елінде адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуына жауапкершілігі туралы куәландырады. Отандық саясаткерлер геноцид немесе өзге де өз халқына қарсы қылмыстар жасалмаса егемен мемлекеттің ішкі істеріне ешкім араласуы тиіс емес дегенмен келіседі. Бұл енді басқа жағдай, сондықтан бұған әлемдік қауымдастық араласуы тиіс /62/. Декларацияның 2 - бабы бойынша «құрбан» терминіне тиісті жағдайларда тікелей құрбанның жақын туыстары немесе олардың қарауындағы адамдар, сонымен қатар оларға қиын сәтте қол ұшын беріп сол үшін немесе виктимизацияны болдырмауға тырысқандары үшін өздері жапа шеккен адамдар кіреді. Қазақстан Республикасының «Ақтау туралы» заңы саяси қуғын-сүргінның тікелей құрбандары мен «саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендерді» бөледі. Саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендер деп «бас бостандығынан айыру орындарында, жер аударуда, арнайы қоныстарда ата анасымен бірге болған немесе олардың орнына болған саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары, сонымен бірге, саяси қуғын-сүргін кезінде 18 жасқа толмаған және қуғын-сүргін кесірінен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар саналады». Бұл жай ғана терминология емес, әрбір терминнің астарында нақты адамның әлеуметтік мәртебесі тұр және бұл мәртебе адамға сот төрелігінің тетіктеріне қол жеткізуге, ұлттық заңнамаға сәйкес келтірілген шығындар үшін өтемақы алуға мүмкіндік береді. Декларацияда құрбан мемлекеттен реституция алуы тиіс екендігі және сол мемлекеттің лауазымды тұлғалары мен өкілдері келтірген шығындары үшін жауапкершілікке тартылуы қажет екендігі туралы ережелер бар. Егер өзінің әрекеті немесе әрекетсіздігі арқылы виктимизацияға әкелген үкімет жоқ болса, құрбандарға реституцияны құқықмирасқоры мемлекет немесе үкімет өтеуі тиіс. КСРО-ның негізгі құқықмирасқоры Ресей Федерациясы екені белгілі. Декларация мазмұнына сүйенсек, КСРО құқықмирасқоры ретінде Ресей посткеңестік кеңістіктегі билікті асыра пайдаланудың барлық құрбандарын реституциямен қамтамасыз етуі қажет. Бірақ бұл экономикалық та, саяси да, құқықтық тұрғыдан да жүзеге асырылмайтын нәрсе. Өйткені біріншіден, Ресейдегі билікті асыра пайдаланудың құрбандарының саны Қазақстандағыдан анағұрлым көбірек. Және егер Ресей қуғын-сүргінге заңсыз ұшырағандарға қатысты әділеттілікті жеткілікті дәрежеде қалпына келтіре алса, соның өзі бұрынғы КСРО саяси қуғын-сүргінсының құрбандарын ақтау ісіндегі үлкен жетістік болып табылады. Екініден, біз анықтағандай Қазақстан да КСРО-ның құқықмирасқор мемлекеті болып саналады. Сондықтан бұрынғы КСРО азаматтары, қазіргі қазақстандық азаматтарға қатысты барлық материалдық шығынды, соның ішінде реститутцияны өтеуді Қазақстан өз мойнына алуға міндетті. Бұрынғы саяси қамалғандар (сталиннен кейінгі кезеңде босағаннан кейін Ресейге және КСРО басқа республикаларына кетіп қалған кеңес азаматтары) қазіргі Қазақстанның өнеркәсібінің негізін қалағанын және мұнда саяси қуғын-сүргін құрбандарының кішкене бөлігі ғана қалғанын ескеру қажет. Сондықтан сол кездегі кеңес билігі көрсеткен зорлық зомбылық үшін азаматтарды ақтау мен материалдық жағынан көмек көрсету ісінде Қазақстан өзіне барлық жауапкершілікті алуы тиіс. Бұл бір жағынан, жазықсыз жапа шеккен азаматтарға қатысты тарихи әділеттілікті орнату, екінші жағынан, біздің еліміздің КСРО мұрасына мұрагерлікті танытуы болып табылады, ал бұл өз кезегінде ұлттық егемендікті нығайтады. 1989 жылы 24-мамырда БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің 15- пленарлық отырысында «Билікті асыра пайдаланушылар мен қылмыс жасау құрбандары үшін сот төрелігінің негізгі қағидаларының Декларациясын жүзеге асыру» атты құжат қабылдады. Бұл құжатта мемлекеттерге мынадай шараларды жүзеге асыруға кеңес берді: сот төрелігінің ұлттық жүйесінде Декларацияда бар стандарттар мен қағидаларды қабылдап, жүзеге асыру; құрбандардың өтемақы мен реституция алу үшін сот төрелігі тетіктеріне жүгінуін жеңілдететін заңнама дайындап, қабылдау; келтірілген залалдар мен зиян үшін тиісті өтемақы беру, кедергілерді табып, оларды жою жолдарын іздестіру сияқты құрбандарға тиімді көмек көрсетудің тәсілдерін қарастыру; құқықтық қорғаудың тиімді құралдарымен қоса, құрбандарды қылмыстық сот өндірісі кезінде асыра пайдаланушылықтан, жалған жала жабудан, қорқытудан қорғайтын шаралар қабылдау; Бұл құжатта қылмыстық сот өндірісі қатысушыларының заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз ету саласында қылмыстық істер бойынша халықаралық ытымақтастықты дамытуға баса назар аударылған. Мысалы, өзге мемлекетте виктимизация құрбаны болған тұлғалар қылмыс жасалған соң тез арада және еліне оралған жағдайда тиімді көмек алуы тиіс (4б). 1989 жылы 15-желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 44/162 қарарымен бұл құжатты қолдады және мемлекеттерге сот төрелегін іске асыру кезінде БҰҰ адам құқықтары саласындағы нормалары мен стандарттарын тәжірибелік қолдану үшін стратегияны дайындауда осы құжаттың рекомендацияларын пайдалануды ұсынды /63/. Қылмыстық сот өндірісі қатысушыларын қорғаудың стандарттары мен қағидалары бекітілген, зерттеліп отырған салада жалпы және жеке қолданылатын халықаралық келісімдер мен құжаттар өте көп екенін атап өту керек. Тіпті белгілі деңгейде бірін-бірі қайталап жатады. Бұл жайлы БҰҰ VI конгресінің баяндамасында әділ атап өтілген болатын. Онда халықаралық қағидалар мен стандарттар санының шектен тыс артуы қабылданған құжаттардың практикалық маңызын төмендетуі мүмкін деп айтылды. Бұл стнадарттарды әр түрлі аймақтар мен елдерде ондағы құқықтық дәстүр мен мәдениетке толық сәйкестікпен жүзеге асыру маңызды міндет отыр. Өйткені халықаралық құқықтық нормаларды жүзеге асыру оны қабылдауға қарағанда күрделі және жауапты процедура болып табылады /64, 16б./. Дегенмен, әр түрлі құқықтық жүйелердің өзара әрекеттесуінің ұлғаюы мен нығаюы, тіпті адам құқықтары саласындағы нормалардың қайталанып болса да пайда болуы ұлттық құқық нормаларын адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттарға біртіндеп сәйкес келтіруге мүмкіндіктер тудырады. Талданып отырған Декларация ережелерін дамыту үшін БҰҰ тағы бірнеше құжат қабылдады. Олардың ішінде төмендегілерді атап өтуге болады: «Азаптау және өзге де қатыгез, айуандық немесе ар ожданды қорлайтын жазаға қарсы Конвенция». 1984 жылы 10-желтоқсанда Бас Ассамблеяның 39/46 қарарымен қабылданып, қол қою, ратификациялау және қосылу үшін ашық деп жарияланған, 1987 жылы 26-маусымда күшіне енген, Қазақстан оған 1998 жылы қосылды; 1989 жылы 24-мамырда БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің 1989 / 65 қарарымен ұсынылған «Заңсыз, қисынсыз және жиынтық жазаларды тиімді алдын алу мен тергеудің қағидалары». Берілген құжаттың 1бабында мынадай ереже бар: «Үкімет заң тәртібімен барлық заңсыз, қисынсыз және жиынтық жазаларға тиым салады... Айрықша жағдайлар, соның ішінде соғыс немесе соғыс қаупі жағдайы, ішкі саяси тұрақсыздық немесе мемлекеттегі басқа да төтенше оқиғалар бұл жазаларды қолдануға негіз болып табылмайды. Мұндай жазалар ешқандай жағдайда қолданылмайды. Бұл тыйым атқарушы билік шығаратын қаулылар алдында басымдыққа ие». Кейбір мемлекеттерде болып жатқан және болуы мүмкін жаппай қуғын-сүргіндер әлемдік қауымдастықты алаңдатуда. Сондықтан «Заңсыз, қисынсыз және жиынтық жазаларды тиімді алдын алу мен тергеудің қағидаларында» басқа мемлекеттердің үкіметтері дипломатиялық араласу, үкіметаралық және сот органдарына шағымдану мүмкіндіктерін кеңейту, жариялы түрде айыптау сияқты шаралар қолдану арқылы заңсыз, қисынсыз және жиынтық жазалардың алдын алуға бар күшін сала алады деп нақтыланған. Мұндай кез келген жаза туралы хабарламаны тексеру үшін және ондай тәжірибені тоқтату бойынша тиімді шаралар қабылдау үшін үкіметаралық тетіктер қолданыла алады. Декларацияның 4 бабы бойынша құрбандарға аяушылық танытылып, олардың жеке басы құрметтелу керек. Алайда республикада әлі күнге дейін Декларацияның 21бабы тиісті деңгейде орындалмай отыр. Бұл бап бойынша мемлекеттер өзгеріп отырған жағдайларға тез бейімделуін қамтамасыз ету үшін заң ережелері мен тәжірибесін үнемі қайта қарап отыруы, қажет болған жағдайларда саяси немесе экономикалық билікті асыра пайдаланудың ауыр түрлеріне тыйым салатын заңдық ережелерді қабылдап, күшіне енгізіп отыруы тиіс. Және осындай әрекеттер құрбандарын құқықтық қорғау құралдары мен тиісті құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстанда Декларацияның берілген ережесіне сәйкес қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы заңнаманы жетілдіруге ұмытылыстар жасалды.Бұған дәлел ретінде 1993 жылы 14-сәуірде Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі қабылдаған «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының заңын күшіне енгізу туралы» Қаулысының кейбір ережелері бол алады. Онда заң шығарушы алдына мынадай сұрақтарды қарастыру қойылған: - туысқандары мен жақындарының қуғын-сүргін ұшырауына байланысты моральдық және материалдық шығынға ұшыраған тұлғаларға, соның ішінде қуғын-сүргін кезінде 18 жасқа толмаған және ата-ана қарауынсыз қалған балаларға, қамау орындарында негізсіз атылған немесе көз жұмғандардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік-тұрмыстық жеңілдіктер және өтемақыларды беру туралы бөлікке бұл Заңның күшін тарату мүмкіндігі туралы; - ақталған азаматтарға олардан тартып алынған дүние-мүлікті қайтару немесе оның құнын қайтару мәселелер бойынша заңнамалық акт қабылдау қажеттігі туралы және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша Комиссияға өз ұсыныстарын беру; Қазіргі заманда саяси қуғын-сүргін құрбандарының құқықтары тұлғаның конституциялық құқықтарының бір көрінісі болып саналады, сондықтан олар біздің еліміздің Конституциясында нақты бекітілмеген, бірақ жалпы Қазақстанның ақталған азаматтарының құқықтарын қорғау саласындағы заңнама мен атқарушы органдардың қызметі үнемі жетілдірілуде. Қуғын-сүргінге жазықсыз ұшырағандарды ақтаумен байланысты маңызды міндеттердің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргінге, жекелеген халықтардың геноцидіне алып келетін билікті шектен тыс асыра пайдаланудың алдын алу. Бұл міндетті шешу адам құқықтары туралы Халықаралық Пактілерді ратификациялау туралы және ұлттық заңнаманы ратификацияланған халықаралық құқықтық құжаттарға, бұл жерде Қазақстан Республикасы қосылған «Геноцид қылмысын алдын алу және ол үшін жазалау туралы» Конвенцияға сәйкестендіру мәселесін шешумен байланысты. Көптеген ТМД мемлекеттері саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы арнайы заңдар қабылдады. Біздің ойымызша, 1991 жылы 18 қазанда қабылданған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы » Ресей Федерациясының Ресей Федерациясының Заңы (1992 жылы 26 маусымдағы, 22 желтоқсандағы, 1993 жылы 3-қыркүйектегі, 1995 жылы 4-қарашадағы өзгертулермен) (ары қарай «Ақтау туралы» РФ Заңы) 1993 жылы 14-сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңына қарағанда халықаралық құқық нормаларына анағұрлым толық сай келеді. Сондықтан осы екі нормативтік құқықтық актілердің кейбір ережелерін салыстырып көру пайдалы болады, ҚР Заңы тек жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарымен ғана шектеледі, ал РФ Заңы одан кең ауқымдағы саяси құрбандарды, 1917 жылы 25-қазаннан (7-қараша) кезіндегі және саяси, діни, көзқарастары үшін, әлеуметтік, ұлттық және өзге де белгілері үшін қудаланған барлық тұлғаларды қамтиды. «Ақтау туралы» РФ Заңында Ресей Федерациясы Жоғары Кеңесі көп жылғы террор мен өз халқының ұзақ жылдар бойы жаппай қудалануы құқық пен әділеттілік идеясымен мүлдем сәйкес келмейді деп айыптайды, негізсіз қуғын-сүргін құрбандарына, олардың туыстары мен жақындарына үлкен аяушылық танытатындықтарын білдірді және адам құқықтары мен заңдылықты қамтамасыз етудің нақты кепілдіктеріне жетуге ұмтылатындықтарын жариялады. Яғни, жаңа биліктің өз азаматтар алдында бас июі көрініс тауып отыр. Бұл Заңның мақсаты Ресей Федерациясының аумағында жаппай қуғын сүргін құрбандарын ақтау деп жариялай отырып, Ресей мемлекеті қазіргі ТМД азаматтары, оның ішінде Қазақстан азаматтары үшін де жауапкершілікті өз мойнына алады. Заңның 2 бабының мазмұнынан көрінгендей, ақтау бойынша оның күші РФ азаматтарына, бұрынғы КСРО одақтас республикалары – мемлекеттерінің азаматтарына, Ресей Федерациясының аумағында 1917 жылы 25-қазаннан (7-қараша) бері саяси қуғын сүргінге ұшыраған шет азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға тарайды. Ал «Ақтау туралы» ҚР Заңының күші тікелей бұрынғы КСРО аумағында саяси қуғын сүргінге ұшыраған, қазіргі күні Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын тұлғаларға тарайды. «Ақтау туралы» РФ Заңы кеңес уақытында саяси қуғындалғандарды ақтауға ғана емес, сонымен бірге, мұндай қылмыстарды қазір және болашақта болдырмауға бағытталған. 1 бапта саяси қуғын сүргіндер деп саяси себептер бойынша мемлекет қолданатын әр түрлі мәжбүрлеу шаралары танылады. Ал қазақстандық заңда болса тарихта болған қуғын-сүргіндер сипаты айтылып, 1 бап бойынша мемлекеттік органдар саяси себептер бойынша жүзеге асырған мәжбүрлеу шараларын қуғын-сүргін деп мойындалатыны бекітілді. Одан ары қарай осы құжатта қазіргі таңда жоқ «еңбек армиясы», «ІСХК (НКВД) жұмыскерлер колонналары» қатарында бас бостындығын шектеу арқылы мәжбүрлі еңбеке тарту сияқты жазалау түрлері әдейі келтірілген. Қазіргі жағдайда қуғын-сүргіннің барлық ауырлығы мен қайғысын көрген сол кездің балалары туралы сұрақ аса маңызды болып табылады. «Ақтау туралы» ҚР Заңы бойынша, саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендер ретінде ата анасымен бірге болған немесе олардың орнына бас бостандығынан айыру орындарында, жер аударуда, арнайы қоныстарда болған саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары, сонымен бірге, (1997жылы 22-шілдедегі ҚР №169 Заңымен енгізілген) саяси қуғын-сүргін кезінде 18 жасқа толмаған және қуғын-сүргін кесірінен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар танылады. Осы баптың мазмұны бойынша, өкілетті органдар жапа шеккен балалар деп тек ата-анасынан екеуінен бірдей айрылғандарды таниды, ал РФ Заңының 2.1-бабында көрсетілгендей, саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендер ретінде бас бостандығынан айыру орындарында, жер аударуда, арнайы қоныстарда ата анасымен бірге болған немесе олардың орнына болған саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары; сонымен бірге, кәмелеттік жасқа толмай тұрып саяси қуғын-сүргінге негізсіз ұшыраған бір немесе екі ата-анасының қарауынсыз қалған балалар; бас бостандығынан айыру орындарында атылып немесе көз жұмған және кейін ақталғандардың балалары, жұбайы (зайыбы), ата-аналары танылады. Сонымен бірге, 1995 жылы 23-мамырда азаматша З.В. Алешникованың 1991 жылы 18-қазандағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» РКФОР Заңының (1993 жылы 3 қыркүйектегі редакциясы) 2.1 және 16-баптарының конститутциялық екеніне тексеру жүргізу туралы шағымы бойынша іске қатысты РФ Конститутциялық Соты «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қаулы қабылдады. Онда 2.1-баптың бірінші тармағында бас бостандығынан айыру орындарында, жер аударуда, арнайы қоныстарда ата анасымен бірге болған немесе олардың орнына болған саяси қуғын-сүргін құрбандарының балаларын қуғын-сүргінге ұшырағандар ретінде емес, саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккендер ретінде тану мақсатқа сай емес, бұл тұлғалардың ақталу мүмкіндігін шектейді, ақталғандарға қарағанда басқа мәртебе белгілейді, оларға тиісті өтемақылардың көлемін азайтады деп анықтады. РФ Конститутциялық Соты, бірақ бұл балалардың қуғын-сүргінге ұшырап қойғанын, мәжбүрлеу шараларына тартылғанын атады. Ата-аналары негізсіз қуғын-сүргінге ұшыраған кезде балаларын заңды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін жасқа жетпегені олардың құқықтық жағдайын бағалауда маңызды емес және ақтау процесі кезінде олардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негіз болмауы тиіс. Мұндай балалар саяси себептермен қуғын-сүргінге ұшырағандар деп бұдан туындайтын барлық салдарларымен танылуы тиіс. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының «Ақтау туралы» заңдарын салыстырмалы талдау бізді ресей заңы саяси қуғын-сүргін құрбандары мен саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендердің құқықтарын анағұрлым толығырақ қорғайды деген қорытындыға келтірді, бұл мәселеде Ресей өзінің үлкен экономикалық мүмкіндіктерін ғана емес, сонымен бірге ресейлік заңшығарушының анағұрлым ізгі ұстанымда екендігін де көрсетіп отыр. «Ақтау туралы» заңның 10 жылғы қызметінің нәтижесінде 320 мың азамат ақталды. 1986 жылы желтоқсанда Алматыда тоталитарлық режимге қарсы шығып, осы оқиғаға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылғандарды ақтауға ерекше орын беруге болады. Осы уақытта оқиғаға қатысқандарды негізсіз қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тарту кезінде жасырын ұйымдар құру, ұлтаралық араздықты өршіту сияқты 1937 жылғы қуғын-сүргін үлгісі пайдаланылған. 1986 жылы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған 103 адамның 92-сі ақталған. Республика соттары желтоқсан оқиғасына қатысқандардың материалдық және моральдық шығындарды өтеу туралы 40 талап арызын қарап, оның 29 толық қанағаттандырды. Азаматтарды ақтау мәселесі басым бақылауда тұрады /65/. Егер ақтаудың бірінші кезеңі 2000 жылға дейін жеткілікті түрде белсенді жүргізілсе, жаңа мыңжылдықтың басында бұл процесс баяулап қалды, тіпті тоқтап қалды десе де болады. Бұл жерде басты қиындық «Ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 26-бабын түсіндіруден туды, онда 18-24 баптардың (ақталғандарды әлеуметтік қорғау туралы баптар) күші осы Заң күшіне енгенге дейін ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарына да таралады делінген. Бірақ Заңның күшін уақыт бойынша шектеу Конституцияның өз елі азаматтарының құқықтарына бұзылған уақытына қарамастан кепілдік беретін ережесіне қайшы келеді. Бұл жерде бұрынғы үлкен державаның аумағында, әр кезеңде болған билікті асыра пайдаланулар бөлігінде бұрын болмаған мемлекет азаматтарының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге кепілдік беру арқылы Қазақстан Республикасының Негізгі Заңы өзінің кері күшін көрсетеді. Кейбір азаматтар толық ақталу туралы сот шешімін алғанымен, ҚР Үкіметі бекіткен бірыңғай үлгідегі «Ақталған азамат куәлігін» де ала алмаған. Бұл құжат ақтау бойынша ай сайынғы жәрдемақы және өзге де жеңілдіктер, сонымен бірге, келтірілген моральдық залалдар мен материалдық зияндар үшін өтемақы алуға негіз болады, ал көптеген азаматтар әжептәуір материалдық қолдаудан құр қалды. 2000 жылы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының № 17-33-924-2000 хатында «...жергілікті жерлердегі халықты әлеуметтік қорғау органдары құжаттарды қабылдап, тиісті үлгідегі куәлік беруге және Заңда көрсетілген тиісті жеңілдіктерді рәсімдеуге, ақшалай өтемақыға мұқтаждарды тіркеп, есепке қоюға міндетті » деп атап өткен. 2000 жылы 10 қарашада Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі №02 -1/6974 түсінік берді, онда «...Бұл Заңның 18-24 баптары Заң күшіне енгеннен кейін, 1993 жылдың 14 сәуірінен кейін ақталған азаматтарға таралмайды». Дәл осыны 2000 жылы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы растады. Бұл жерде екі ведомство да «Ақтау туралы» Заңның 26-бабына сілтеме жасады. Осылайша «Ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңы оған бір баптың енгізілуіне байланысты әрекет ете алмай қалды. Заң жобасы авторларының айтуына қарағанда берілген бап олар жасаған жобада мүлде болмаған. 26 –бап ҚР Конститутциясының 1, 12, 13,14 баптарына және «Ақтау туралы» заңның мәні мен мазмұнына мүлдем қайшы келеді. Мұндай кезде шешуші сөз Қазақстан Республикасының Конститутциялық Кеңесіне беріледі, ол 2003 жылы 24 қаңтарда өзінің № 9 Қаулысы арқылы Қазақстан Республикасының Жоғары сотына «Ақтау туралы» заңды қолдану сұрақтарын түсіндіретін нормативтік қаулы қабылдауды міндеттеді. 1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңды қолдану сұрақтарын түсіндіру қажеттігі туралы 2003 жылы 24 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің № 9 Қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғары Соты пленарлық отырыс өткізіп, 2001 жылы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жоғары Сотының «Моральдық залалды өтеу туралы заңнамаларды соттардың қолдануы туралы» №3 нормативтік қаулысының 8 тармағына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы етті. Бұл түсіндірудің мәні 18-24 баптардың күші құрбандарды заң күшіне енгенге дейінгі немесе кейінгі сәтпен шектелмейді және заң күшіне енгенге дейін де, енгеннен кейін де ақталған саяси қуғын-сүргін құрбандарына тарайды. Жоғары Сот судьясы В.Ким 18-24 баптың күші заң күшіне енгенге дейін ақталғандарға тарайды деген 26 баптың ережесін заңға кері күш беру керек деп түсіну керек деп атап көрсетті. Яғни, заң күшіне енгеннен кейін ақталатындардың құқықтарын шектеу деп түсінбеу керек, өйткені бапты бұлай түсіну заңның мазмұнын мүлдем жояды деді /66/. Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен саяси қуғын-сүргіннен жапа шеккен деп танылған елдегі азаматтардың материалдық әл-ауқатының жақсарту үшін осы санаттағы азаматтарды соғысқа қатысқандардың жеңілдіктер мен кепілдіктеріне теңестірілгендер деп тану қажет. Ол үшін 1995 жылы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға жеңілдіктер мен әлеуметтік қорғау туралы» заң күші бар Жарлығының 9 -бабына толықтырулар енгізу керек. 1988-1989 жылдарда Чернобыль АЭС-дағы апат салдарын жоюға қатысқан тұлғалардың ішінен Қазақстан Республикасына эвакуацияланған (өздері келген) азаматтарды, соның ішінде эвакуация күні жатырда болған балаларды соғысқа қатысқандарға теңестірген заңшығарушының оң қызметін атап өткен дұрыс. Егер саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мемлекет қабылдаған шаралар жеткілікті түрде тиімді болса, жендеттерге қатысты ондай нормалар мүлдем жоқ деп айтса да болады. Қуғын-сүргінді ұйымдастырушыларға, идеяны ұсынғандарға және тікелей орындаушыларға, яғни жендеттерге жаза саяси жүйе өзгергеннен кейін белгілі бір уақыт өткеннен соң, жазықсыз жандарға қатысты жасалған жаппай қуғын-сүргіндер арасында біраз уақыт өткеннен кейін ғана келеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау – кеш те болса, жартылай болса да әділеттікті қалпына келтіру болып саналады. Алайда, адамның өмір сүру және адамзаттың бейбіт өмірге құқықтары сияқты құқықтардан құралған адам мен адамзаттың толық құқықтарына қатысты қылмыстарды болдырмаудың алдын алу адамзаттың басым міндеті болып табылады. Өз халқын жаппай қуғындау, қуғын-сүргінге және геноцидке ұшырату сияқты билікті шектен тыс асыра пайдалануға адамзат ең басынан жол бермеуге, болдырмауды алдын алуға міндетті, тіпті болмағанда жіберілген қателікті түзеп, әділеттікті қалпына келтіруге міндетті. Осы мақсаттар үшін тұрақты қызмет атқаратын Халықаралық сот немесе белгілі бір жағдайларда құрылатын, мысалы, Югославия бойынша Халықаралық трибунал секілді халықаралық соттар қызмет атқаруы қажет Қазақстан Республикасында адам құқықтары толық салтанат құрды деп айтуға әлі ертерек. Елдің заң шығарушылары да, азаматтары да ҚР Конституцияның 1-бабындағы Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деген ережені естен шығармауы қажет. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2030» Бағдарламасында азаматтар мемлекет олардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтынына сенуі керек деді. Қазақстан халқы адам құқықтары туралы барлық Халықаралық Пактілерді тез арада ратификациялауға, олардың ұлттық заңнама нормаларынан сөзсіз басымдығының қамтамасыз етілуіне мүдделі, өйткені елдегі әрбір адамның қорғалуы деңгейі оған тікелей байланысты. Осы арқылы Қазақстан Республикасының қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деген Конституцияның 1 бабының 1 тармағы өмірде жүзеге асырылады. Жалпы алғанда біздің еліміздегі билікті шектен тыс асыра пайдаланудан адам құқықтарын қорғау саласы ары қарай жетілдіруді және ұлттық заңнаманы осы сала бойынша халықаралық құқық нормаларының талаптарына сай етуді қажет етеді. |