дефектология каз 54 с. Дефектология негіздері хамбетова айгерим мейірбекызы мазмны Дефектология пніне кіріспе Дефектология
Скачать 110.85 Kb.
|
Мақсаты: студенттерді қалыпты және қалыпты жағдайдан ауытқыған баланың психикалық және дене дамуының негізгі заңдылықтарымен таныстыру. Жоспар: Қалыптағы баланың психикалық-дене дамуының негізгі заңдылықтары. Даму бұзылыстарының түрлері, олардың себептері мен механизмі. «Кемістіктің күрделі құрылымы» ұғымы. Мазмұны 1. Қалыпты және қалыпты жағдайдан ауытқыған баланың психикалық-дене дамуының негізгі заңдылықтары Баланың туғанға дейінгі және туғаннан кейінгі дамуының әр кезеңінің даму деңгейін ескерудің маңызы зор. Баланың өмірінің бірінші жылы оның қоршаған ортада бейімделуіне, қоғамда өмір сүруіне негіз болып табылады. Өмірінің бірінші жылында психикалық үрдістердің дамуының негізі болып саналатын сенсорлық және қозғалыс функцияларының дамуы маңызды болып табылады. Сенсорлық-қимыл-қозғалыс даму айналадағы заттардың, олардың қасиеттерінің, ерекше белгілерінің алуан түрлілігін танып білуді қамтамасыз етеді. Бала дүниеге келгенде жүйке жүйесінің организмді қоршаған ортаның жағдайларына бейімдейтін белгілі дайындығы болады. Туған сәттен бастап организмнің негізгі жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін рефлекстер іске қосылады. Нәрестеден қорғаушы, үйренушілік рефлекстерін, итеру рефлекстерін байқауға болады. Осы рефлекстермен ұйымдастырылатын қимыл-қозғалыстар кейіннен білінбей қалады. Нәрестелік кезеңде мидың қалыпты дамуының қажетті шарты – сезу мүшелеріне (талдағыштарға) тұрақты жағдай жасау, олардың көмегімен сыртқы әлемнен алынатын әртүрлі белгілердің миға жетуі. Туылған сәттен бастап баланың есту талдағышы жұмыс істей бастайды. Алғашқы айдың 3-4 аптасында заттарға көз тоқтату біліне бастайды. 1-3 айлық шақта көз және құлақ талдағыштары әрі қарай дамиды. Бала 2-3 жасқа келгенде психикалық және сөйлеу қызметінің негіздері қалыптасып, өз бетінше жүруі және үйлестіруі жетіледі. 3-5 жаста қарым-қатынас қызметтерінің жүйесі кеңейеді. Бала фразалық сөйлеуді және өзінің, әлі шектелмеген өмірлік тәжірибесін меңгереді. 6-10 жаста өсу қарқыны қайтадан күшейеді, денесінің және психикалық дамуында күрт өзгерістер пайда болады (психоқозғаушы сензитивті кезең). 7-8 жасында бұлшық еті қарқынды өсе бастайды. 10 жасқа келгенде баланың қозғалыстарының моторикасы мен үйлесуі ересек адамның ұқсас үрдістеріне сәйкес келеді, бас сүйегінің өсуі аяқталады. Ауқымды энергетикамен қамтамасыз етілуін талап ететін бас миының үлкен жарты шарларының, негізінен қыртыстық бөлімінің функционалдық қызметінің көмегімен жүйке жүйесі жетіледі. 2. Даму бұзылыстарының түрлері, олардың себептері мен механизмдері Проблемалы баланың дамуының бастапқы кезеңдерінде оны оқыту мен тәрбиелеудің басты кедергісі бастапқы кемістік болып табылады. Түзетушілік ықпал жасалмаған жағдайда қайталама ауытқулар маңызды бола бастайды, олар баланың әлеуметтік бейімделуіне кедергі жасайды, педагогикалық салақтық пайда болып, эмоциялық сала мен тәртібі бұзылады. Дамуындағы бұзылыстар әртүрлі факторлардан пайда болуы мүмкін. Психикалық және (немесе) дене дамуының бұзылыстарына алып келетін екі негізгі себептер топтарын бөліп шығаруға болады: Эндогендік (генетикалық, ішкі); Экзогендік (сыртқы факторлар). Эндогендік себептерге туа біткен аурулар (олигофренияның кейбір түрлері, мысалы Даун ауруы тұқым қуалап берілуі мүмкін) жатады, ата-анасының жыныс жасушаларының арнайы құрылымдары – хромосомалары арқылы дамудағы ауытқулар белгілері туралы ақрапат; хромосомалар саны мен құрылымының өзгерістермен байланысты аурулар беріледі. Жаңа туылғандардың арасында хромосомалық аурулардың пайда болу жиілігі 1% жуық (мысалы, полиплодия – хромосомалық жинақтың бірнеше есе көбеюі; трисомия – бір жұптағы хромосомалардың көбеюі және т.б.). Экзогендік себептерге онтогенездің әртүрлі кезеңдерінде пайда болған ауытқулар жатады: Құрсақ ішіндегі дамуы кезіндегі жағымсыз әсер пренотальды, толғақ кезіндегі – нотальды, туылғаннан кейінгі – постнотальды деп аталады. Сәйкесінше бұзылыстар да осылай аталады. Құрсақішілік және табиғи патологияның үйлесуін перинотальды бұзылыс деп атайды. Дамуындағы ауытқулардың пайда болу себептеріне мыналар жатуы мүмкін: 1) құрсақішілік кезеңге әсер ететін әртүрлі патологиялық факторлар: генетикалық ауытқулар; ауыр тұқым қуалаушылық; ата-анасының ішімдікті, есірткіні асыра пайдалануы; ата-анасының созылмалы аурулары; жұқпалы аурулар; анасының улануы; жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбау; жарақаттың резус – шиеленісі және т.б. 2) босану қызметінің патологиясы: стимуляциялы жылдам, қарқынды, ұзақ босану; қысқыштарды қолдану; нәрестеге жұқпалы ауру жұқтыру; нәрестенің тұншығуы және т.б. 3) әртүрлі өмірлік факторлар: ми ісігі (менингиома), нейроинфекциялар (пенингиттер, энцефалиттер), әртүрлі жарақаттар (бас сүйек пен ми жарақаттары, әртүрлі талдағыштардың, аяқ-қолдың жарақаттануы), тұншығу, санитарлы-гигиеналық ережелердің бұзылуы (мысалы, көз гигиенасын бұзу көру қабілетінің бұзылуына алып келуі мүмкін) және т.б. 4) патологиялық факторлардың үйлесуі – полиэтиология. 5) Орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдалуымен байланысты даму бұзылыстары органикалық бұзылыстар деп аталады. Функционалдық себептерден туындаған даму кемістіктері дефицитарлы дамуды білдіреді. Олардың қатарына мыналар жатады: әлеуметтік-педагогикалық салақтық, эмоциялық депривация (баланың ересектермен эмоциялық жағымды қатынасының жетіспеушілігі), отбасында әртүрлі тілде сөйлеу және т.б. Балалардың дамуындағы бұзылыстар көпжелілі және көпаспектілі. Олар ой-өрістің, қимыл-қозғалыс, сөйлеу немесе сенсорлы жетілмегендікте білінеді. Дамуындағы ауытқулар әртүрлі формада және дәрежеде білінеді. Егер қажетті емдеу-сауықтыру және педагогикалық шаралар қабылданбаса, кемістік құрылымында қайталама ауытқулар пайда болуы мүмкін. 3. «Кемістіктің күрделі құрылым» ұғымы Л.С.Выготский баланың қалыптан ауытқып дамуының күрделі құрылымы туралы ойын алғашқы рет білдірді. Оған сәйкес, қандай да бір талдағыштың ақауы немесе ақыл-ойдағы кемістік бір қызметтің жоюлуына емес, бірқатар ауытқуларға алып келеді, соның нәтижесінде өзіндік типтік емес дамудың тұтас сипаты пайда болады. Қалыптан ауытқып даму құрылымының күрделілігі биологиялық фактордың себебінен туындаған бастапқы ақаудың, және кейінгі қалыптан ауытқып дамудың барысындағы бастапқы ақаудың ықпалынан пайда болатын екіншілік кемістіктің барын білдіреді. Бастапқы және екіншілік кемістіктердің өзара әрекеттесуіне көңіл бөлу қажет. Екіншілік кемістіктерді тек бастапқы кемістік ғана туғызуы мүмкін емес, сонымен бірге белгілі-бір жағдайларда қайталама белгілер бастапқы факторға әсер етеді. Дамуында ауытқулары бар баланың дамуына бастапқы кемістіктің дәрежесі мен сапасы елеулі ықпалын тигізеді және ол бастапқы кемістіктің пайда болу уақытына да байланысты. Қорытындылар Дамудағы бұзылыстар әртүрлі себептерден туындауы мүмкін. Организмнің сыртқы және ішкі жағдайларының арасында тепе-теңдік бар болған жағдайда ғана бала дұрыс дамиды (И.П.Павлов). Әдетте функционалдық бұзылыстар органикалық бұзылыстарға қарағанда жеңілірек болып табылады және жағымсыз факторларды жойған жағдайда дамуы қарқындалады да, арнайы түзету жұмысын өткізген кезде баланың дамуы құрдастарының даму деңгейіне жете алады. Функционалдық бұзылыстар қайтымды болып табылады. Л.С.Выготскийдің психикалық қызметтерді өтеу теориясын қарастырған кезде бірнеше маңызды жақтарын бөліп шығаруға болады: 1) мүмкіндіктері шектеулі балаларды әртүрлі әлеуметтік маңызы бар жұмысқа тарту; 2) «кемістік құрылымы» ұғымын пайдалану; 3) тәрбиелеу мен жалпы әдістемелердің жалпы міндеттерінің байланысы, арнайы тәрбиенің әлеуметтік тәрбиеге бағындыру, олардың өзара байланысы. 4) дамуында әртүрлі бұзылыстары бар адамдарды белсенді еңбек жұмысына тарту; 5) жеке тұлғаның тағдырын кемістіктің өзі емес, оның әлеуметтік-психологиялық жүзеге асуы шешеді. Кейінірек отандасдық психологтардың (А.Р.Лурия, Р.Е.Левина, И.М.Соловьева және т.б.) еңбектерінде психикалық қызметтерді өтеу проблемалары әрі қарай зерттелген. Теориялық білімдерін бақылау сұрақтары мен тапсырмалары Репродуктивтік деңгей 1. Нормадағы баланың психикалық-дене дамуының негізгі кезеңдерін атаңыз. 2. Дамуында ауытқулары бар балалар саны қандай себептерден өседі? 3. Баланың дамуының бұзылуының негізгі себептерін атаңыз. Репродуктивті-тәжірибелік деңгей 1. Кестені толтырыңыз:
2. Дефектологияның әлеуметтік маңызын сипаттаңыз. Дефектологияның әртүрлі салаларынан мысал келтіріңіз. 3. Дефектология шешетін мәселелердің біріне әртүрлі кемістіктегі ақау құрылымын анықтау және дене, ақыл-ой ақаулары бар балалар категориясының әрқайсысының әртүрлі жақтарын дамытудың потенциалды мүмкіндіктерін айқындау болып табылады. Бұл қағиданы қалай түсінесіз? Нақты мысал келтіріңіз. 4. Балалардың дамуында кемістіктердің пайда болу себептерін атаңыз. Туа біткен кемістіктер, жүре иеленген кемістіктер қандай себептермен туындайды? Шығармашылық деңгей Л.С.Выготскийдің қалыптан ауытқып дамудың құрылымы күрделі, белгілі-бір талдағыштың немесе ақыл-ой кемістігінің болуы бір қызметтің оқшауланып жоюлуына емес, бірқатар ауытқулардың пайда болуына алып келеді, соның нәтижесінде өзіндік бейқалыпты дамудың тұтас бейнесі пайда болады деген пікірін қалай түсінесіз? Мысал келтіріңіз. Өнімді жұмыс деңгейі 1. Жұмыс дәптеріне келесі түсініктердің анықтамаларын анықтап жазып алыңыз: бастапқы ақау, қайталама ақау, ақаудың күрделі құрылымы, натальды әсер, постнатальды әсер, пренатальды әсер. 2. Л.С.Выготскийдің мақаласын конспектілеңіз (таңдауыңыз бойынша). Репродуктивті –практикалық қызмет деңгейі Жұмыс дәптеріне дамуындағы ауытқуларды анықтау үшін маңызды баланың даму көрсеткіштерін атап жазып алыңыз. Сыни-шығармашылық жұмыс деңгейі Л.С.Выготскийдің шығармалар жинағына сүйене отырып 6 т. – М., 1982 ж. – 2 т. Л.С.Выготскийдің ойлау мен сөйлеудің ара қатынасы туралы пікірлерін іріктеп алыңыз. Жауабы еркін құрастырылатын ашық тапсырмалар Толықтырыңыз: 1. Балалар тілінің табысты дамуының алғышарттары мен жағдайларын атаңыз: А) .... В) .... 2. Дефектология мен жалпы педагогиканың ұқсастығы неде?
Дамуында ауытқулары бар балалар тобының топтастырылуы Мақсаты: студенттерді мүмкіндіктері шектеулі адамдардың әртүрлі топтастырылуымен таныстыру. Дамуында ауытқулары бар әртүрлі балалар тобына сипаттама беру. Жоспар: Дамуындағы бұзылыстардың топтастырылуы. В.А.Лапшин, Б.П.Пузанов бойынша мүмкіндіктері шектеулі адамдардың топтастырылуы. Қорытындылар. Мазмұны 1. Дамудағы бұзылыстардың топтастырылуы Қазіргі уақытта дамудағы бұзылыстардың жіктелуінің бірегей ұстанымдары жоқ. Зерттеушілер М.А.Власова және М.С.Певзнер ( « Учителю о детях с отклонениями в развитии», «Мұғалімге дамуында ауытқулары бар балалар туралы»- М., 1967 ж.) дамуында ауытқулары бар балалардың келесі топтарын бөліп шығарған: 1) Сенсорлық кемістіктері бар балалар (есту, көру, сөйлеу қабілеттері, тірек-қимыл аппараты мен сенсомоторикасы бұзылған); 2) Психикалық дамуы тежелген балалар; 3) Астеникалық немесе реактивті күйге және даулы күйзеліске шалдыққыш балалар; 4) Психопатиялық мінез-құлықты балалар (мінез-құлықтың эмоциялық бұзылыстары); 5) Ақыл-ойында кемістіктері бар балалар (есалаңдық, имбецильдік, нақұрыстық дәрежесіндегі олигофрендер); 6) Психикалық аурулардың бастапқы белгілері бар балалар (шизофрения, эпилепсия, ұстамалы жүйке ауруы және т.б.); О.Н.Усанова («Психикалық дамуында проблемалары бар балалар» - М., 1995 ж.) мына топтарды бөліп шығарған: 1) Органикалық зақымдармен байланысты дамуында бұзылыстары бар балалар; 2) Функционалдық жетілмегендігіне байланысты; 3) Психикалық депривациялар негізіндегі дамуында ауытқулары бар балалар. 2. В.А.Лапшин мен Б.П.Пузановтың мүмкіндіктері шектеулі адамдарды топтастыруы Мамандардың тәжірибелік қызметінде көп қолданатыны Б.П.Пузанов пен В.А.Лапшиннің берген жіктемесі. Б.П.Пузанов пен В.А.Лапшиннің «Дефектология негіздері» монографиясында (М., 1990) дамуында бұзылыстары бар балалар былай топтастырылған: 1) сенсорлық бұзылыстары бар балалар (көру, есту қабеліттері зақымдалған): есту кемістігі бар балалар 2 топқа бөлінеді: естімейтін балалар; нашар еститін балалар. Тұрақты көру кемістігі бар балалар көрмейтін балалар; нашар көретін балалар. 2) зияты бұзылған балалар: ақыл-ойы кем балалар және психикалық дамуы тежелген балалар. 3) сөйлеу қабілетінде ауыр бұзылыстары бар балалар: ауызша сөйлеу тілі бұзылған балалар; жазбаша сөйлеу тілі бұзылған балалар. 4) тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар. 5) дамуының күрделі (құрама) ақаулары бар балалар: күрделі кемістік. 6) дамуы бұзылған (немесе үйлесімсіз) балалар. Қорытындылар Балалардың дамуындағы бұзылыстар көпжелілі және көпаспектілі. Олар ақыл-ойының, қимыл-қозғалысының, сөйлеу тілі және сенсорлық қабілеттерінің кемістіктерінен білінеді. Дамуындағы ауытқулардың формалары әртүрлі болады және әртүрлі көрінеді. Көбінесе олар айқын көрінеді, және егер де емдеу-сауықтыру және педагогикалық шаралар дер кезінде қабылданбаса, ақау құрылымында қайталама ауытқулар пайда болуы мүмкін. Баланың организмін, оның денсаулығын, жеке басының ерекшеліктерін қазіргі ғылым жүйелі, тұтас, көпжелілітүрде қарастырады. Дамуындағы ауытқуларды түзетудің және қалпына келтірудің қазіргі тәсілін кешенді және жеке-бағдарланған деп сипаттауға болады, яғни баланың жағдайын бағалау кезінде әртүрлі мамандардың баланың психикалық және дене дамуының жағдайының әртүрлі тұстарын сипаттайтын мәліметтері ескерілу керек, және балаға жан-жақты көмек көрсетілуі тиіс. Теориялық білімдерін бақылауға арналған сұрақтар мен тапсырмалар Репродуктивті деңгей 1. Күрделі кемістігі бар балалар деп кімді атауға болады? 2. Дамуында ауытқулары бар балалардың негізгі топтарын атап шығыңыз. Шығармашылық деңгей Кез-келген жалпы балабақшаға барып көріңіз. Логопедпен, тәрбиешімен, психологпен сұхбаттасу арқылы балаларда ең жиі кездесетін бұзылыстарды анықтаңыз. Өнімді жұмыс деңгейі «Дефектологиялық сөздіктен» «Психофизикалық инфантилизм» ұғымының нені білдіретінін көріңіз. Жалпы балабақшада осындай балалар кездесті ме? Репродуктивті –практикалық қызмет деңгейі Тақырып бойынша (қалауы бойынша) рефераттар дайындау: «Дамуында ауытқулары бар балалар» (көру, есту қабілетінде, сөйлеу тілінде, тірек-қимыл аппаратында бұзылыстары бар балаларға сипаттама беру). Сыни-шығармашылық жұмыс деңгейі Дамуында бір кемістігі бар балалардың басқа кемістігі бар балалармен бірге оқытылып тәрбиелене алмайтындығын дәлелдеңіз. Арнайы мекемелердің тармақталған жүйесінің қажеттігі және дамуында ауытқулары бар балалармен саралап жіктелген түзету-педагогикалық жұмыс істеудің тиімділігі туралы жауабыңызды дәлелдеңіз. Бір дұрыс жауабы таңдап алынатын жабық тапсырмалар |