Лекция. Лекциялар-ПжТЖӘ (2). Лекция1 азіргі жадайдаы білім беруді басымдылы ролі Лекция жоспары
Скачать 274.68 Kb.
|
2.Қазіргі сабаққа қойылатын талаптар. Қазіргі заманда кез келген сабаққа қойылатын талаптар бар болғандықтан, сабақты сол талаптарға сай жүргізу керек: 1. Сабақтың мақсаты айқын, мазмұны, жоспары және оның құрылымы алдын-ала белгілі болуы тиіс; 2. Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет; 3. Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай түсінікті болуы керек; 4. Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе екенін назарда ұстау керек; 5. Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет; 6. Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойындарды тиімді қолдану керек; 7. Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы керек; 8. Сабақ оқытудың білім беру, тәрбиелеу және дамыту қызметін біртұтастық принципке сай жүргізуі тиіс; 9. Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір-бірімен өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып тұрулары қажет; 10. Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалімнің сыныптағы, мектептегі нақтылы жағдайды (оқу кабинетінің жабдықталуы, оқу-техникалық, көрнекілік құралдарының нақты қолда болуы, тұрғылықты жердегі табиғат, өндіріс ресурстарын пайдалану т.с.с.) ескеріп отыру шарт. Сабақ типтері мен құрылымына келетін болсақ, сабақтың типологиясы – сабақты әр түрлі негізде топтастыра отырып, қазіргі зерттеулердің көпшілігі авторлық шешімін ұсынған басты күрделі дидактикалық міндеттердің бірі болып табылады. С.В.Иванов, М.А.Данилов, Б.П.Есипов, И.Н Казанцев, В.А.Онищук, Г.И.Щукиналар басты дидактикалық мақсатпен тәуелді болатын сабақтардың практикалық ұқсас түрлерін шығарған: 1. Кіріспе сабақтар. 2. Оқулық материалымен алғашқы танысу сабақтары. 3. Заң мен ережені танытудың, түсініктердің пайда болдыру сабақтары. 4. Практикада алған білімдерін қолдану сабақтары. 5. Дағдылану сабақтары. 6. Қайталау және талдау, қорыту сабақтары. 7. Бақылау сабақтары. 8. Аралас және құрастырылған сабақтар. Сабақ түрлерін топтастыру принциптері әр түрлі болғанымен де, ішкі мазмұндары бір-біріне өте ұқсас келеді. И.Н.Казанцев бойынша: Кіріспе сабақ - бағдарламаның күрделі тараулары мен тақырыптарымен өтетін бірінші сабақ. Жаңа бөлімді меңгеру сабағы - жаңа оқу материалын өтетін сабақ. Пысықтау сабағы - өткен оқу материалын пысықтау сабағы. Жаттығу сабағы - оқушылардың білімі мен дағыдысын жаттықтыру сабағы. Тәжірибелі сабақ - оқушылардың алған білімін өмірде қолдану жолдарын көрсететін сабақ. Қайталау-қорыту сабағы - өткен күрделі тараулар мен тақырыптарды қайталау-қорыту сабақтары. Тексеру сабағы - оқушылардың білімін тексеретін сабақтар. Білім сапасын бағалау сабағы - оқушылардың алған білімін бағалау сабақтары. Қорытынды сабақ - оқу жылының ақырында әр пәннің жылдық курсын қорыту. Сабақ құрылымын белгілеу оқу жұмысын неғұрлым айқын және дұрыс ұйымдастыру үшін маңызы ерекше. Мұның өзі мұғалімнің сабақ жоспарын құрудағы аса елеулі кезеңі болып табылады. Сонымен, сабақ түрін жіктеу және құрылымын құру өзара байланысты болғанымен, әрқайсысының өзіне тән өзгешілігі болады. 3.Сабақта оқушылардың оқу іс-әрекетін ұйымдастырудың топтық, дербес, фронтальды формалары. 4.Сабақты ұйымдастырудың дәстүрлі емес формалары. Интеграциялық сабақ пән аралық байланысты жетілдіру мақсатына байланысты пайда болған. Мұндай сабақтарда бір тақырыпты түрлі пәндерден беретін мұғалімдер оқытады. Кіріктірілген сабақтың негізгі мақсаты - оқу материалдарын байланыстырып, сабақта оқушыларға терең білім беру, ойлау қабілетін дамыту. Оқу материалдарын бағдарламаларға сай пәндер бойынша біріктіріп беру оқушылардың жан-жақты тұтас, терең және берік білім алуына мүмкіндік жасайды. Сондықтан жыл сайын әрбір мұғалім пәндердегі ұқсас оқу материалдарын біріктіріп, яғни пән аралық байланыс принципін қолданып, интегралдық жоспар жасайды. Панорамалық сабақ. Панорамалық сабақты өткізудегі негізгі мақсат - озат мұғалімдердің өзінің ұстаздық зертханасын ашып, сабақ беруі, яғни әдістемесін көпке тарату. Панорамалық сабақты өткізу үшін мұғалімге қойылатын ең бірінші талап оның сабақ берудегі өзгеге ұқсамайтын өзіндік әдісінің болуы. Панорамалық сабақтарға қойылатын талаптардың бірі - мұғалімнің өткізген сабағын өзі талдап беретіндігі. Панорамалық сабақ бір тақырыпты өтуге, яғни тек бір сабақ арқылы оның көп жылғы игі тәжірибелерін көпке танытады. Сайыс сабақ сабақтың атына байланысты сыныпта екі команда білімдері бойынша сайысқа түседі. Мысалы: есеп шығару, сөйлем талдау. Алдын ала оқушылардың өзінен қазылар алқасы құрылады. Мұғалімнің көмегімен қай команданың жеңгені анықталады. Екі команданың капитандарының жарысы ұйымдастырылып, олардың да жауаптары салыстырылады. Соңынан қорытынды шығарылады. Аукцион сабақ бір нәрсені сату арқылы өткізіледі. Сабақтың құрылымы: өткен сабақты тексеру, аукцион тәртібін түсіндіру, зат сату, финал, қорытынды. Сабақ кезінде сатылатын бірнеше заттар тұрады. Затты ол туралы көп білетін оқушы сатып алады. Көңілді тапқыштар клубы көбіне өткен материалдарды қайталау мақсатында өткізіледі. Шығармашылық сабақ оқушылардың шығармашылық жұмыс істеуіне баса назар аударылады. Бұл сабаққа өте жақсы оқитын оқушыларды таңдап алып, топтарға бөлуге болады. Мысалы, 10 минут ішінде 1-2 топтың оқушылары сол тақырып бойынша кроссворд құрса, 3-4 топтың оқушылары олардың жауабын айтады. Бір тақырыпқа қысқа шығарма, сценарий, көркем немесе мультфильм құрғызуға болады. Қазылар алқасы әрбір топқа баға қояды. Оқушымен жеке жұмыс. Әр оқушыға тапсырма беріледі, оны басқа оқушылардың көмегінсіз өзі орындауға тиісті. Тапсырмалардың түрлері: ана тілінен, орыс және шетел тілдерінен жаттығулар жазу, есептер шығару, кабинетте тәжірибе жасау, тірі табиғат бұрышында, оқу-тәжірибе учаскесіндегі жұмыс, тау тастарын, минералдарды зерттеу, т.б. Тапсырмалар әрбір оқушының жеке ерекшеліктеріне сай беріледі, үлгерімдері төмендер білімдеріндегі кемшіліктерді жоюға, жақсы оқитын оқушылар білімдерін тереңдетуге мүмкіндік алады.Мұғалім әрбір баланың жұмысын, әсіресе сабаққа ынтасы төмен балаларды бақылайды, керек болса көмек, ақыл-кеңес, жетекші сұрақ, қосымша жаттығу береді. Егер барлық оқушылар тапсырманы орындай алмаса, онда жеке жұмысты тоқтатып, бүкіл сыныпқа тапсырманы қайта түсіндіреді.Баспадан шыққан тапсырмалар, жұмыс дәптерлері өте пайдалы. Бағдарламалық оқыту - жеке жұмысты ұйымдастырудың өте жақсы түрі. Ол оқушының бағдарламадағы материалды меңгеруіне керекті жұмыстарды жақсы жоспарлап, оқу іс-әрекетін тексереді. Оқушы өз жұмысының дұрыс-бұрыстығын сол сәтте тексереді. Әр оқушы өз мүмкіндігіне сай жұмыс істейді. Алғашқыда оқушы үлгіге, нұсқауға қарап жұмыс істейді, оқу іскерліктеріне үйренген соң оқушы мұғалімнің көмегінсіз жұмыс істейді. Мысалы, жоғары сыныптарда әр оқушы тапсырма алып, оны орындау жоспарын жасайды, материал, құрал, аспаптар іріктеп, жүйелі іс-әрекет жасайды, жұмыстың нәтижелерін белгілеп отырады. Жеке жұмыстарды оқушы оқу материалын өз бетімен оқи алатын болғанда ғана алады. Танымдық іс-әрекетті топта ұйымдастыру: Топтағы оқушылардың саны жұмыстың мазмұнына және сағатына байланысты 2-6 оқушыдан болады, одан артық оқушы болмағаны жақсы. Кезендері: • топтық тапсырманы орындауға оқушыларды әзірлеу, оқу міндеттерін қою, мұғалімнің топқа қысқаша нұсқау беруі; • топта оқу міндеттерін орындау жоспарын талқылау және жоспарын жасау, міндеттерді орындау тәсілдерін анықтау, міндеттерді бөлу; • оқу тапсырмаларын орындау үшін жұмыстану; • мұғалімнің бақылауы мен топтың және жеке оқушылардің жұмыстарын түзету; • оқушылардың бір-бірінің оқу жұмыстарын тексеруі; • мұғалімге нәтижелерді айту, оның басшылығымен пікір таласын өткізу, толықтыру және түзету, мұғалімнің қосымша беруі, қорытындылар жасау; • топтың, сыныптың жұмысына баға беру; • үлгерімі әр түрлі оқушыларды бір топқа біріктіруге болады. Әрбір оқу пәні бойынша бір оқу тоқсаны, жарты жыл аяқталғанша жұмыс істейтін топ құруға болады. Кейде бірнеше сабақтарда ғана топ жұмыс істейді. Оқу пәндерінен кеңес берушілер тағайындалып, олар оқушылардың жұмыстарын тексереді және бағалайды. Мұғалім кеңесшінің жұмысына басшылық етеді. Кеңесші өз тобының мүшелерінің теориялық материалды меңгеруіне, іскерлік, дағдыларын шыңдауына көмектеседі, топ мүшелеріне жұмысты бөліп береді, жұмысты бақылайды, тапсырмалардың дұрыс орындалуын тексереді, жазба жұмыстарына сын-пікір жазады. Мұғалім кеңесшіге әдістемелік нұсқау береді. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Педагогика. 2015. Әлқожаева. Н.С. 2.Педагогика. 2016. Дүйсенбаев. А.Қ. 3.Педагогика. 2014. Усманов.Ә.Ә. Сәрсенбаева.М.Б. 4.Дидактика. 2013. Әмірова.Ә.С. 5.Педагогиканың философиясы және әдіснамасы. 2016. Таубаева.Ш.Т. 6.Педагогика. 2015. Дүйсенбаев. А.Қ. 7.Педагогика. 2014. Каракулов. К.Н. Лекция№17 Оқыту әдістері Лекция жоспары: 1.Оқытудың әдістері мен әдістемелік тәсілдері. 2.Оқыту әдістерінің дидактикалық, психологиялық және технологиялық аспектілері. 3.Оқыту әдістерінің көптүрлілігі. 4.Оқытудың инновациялық, интербелсенді әдістері. 1.Оқытудың әдістері мен әдістемелік тәсілдері. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе - оқушылардың танымдық жұмыстары. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады. Оқыту әдістерінің басты қызметі - оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру. Оқыту құралдары - білім алу, іскерлікті жасау көзі. Олар: көрнекі құралдар, оқулықтар, дидактикалық материалдар, техникалық оқыту құралдары, станоктар, оқу кабинеттері, зертханалар, ЭЕМ және ТВ, нақты объектілер, өндіріс, құрылыс. М.А.Данилов (1899-1973), Б.П.Есипов (1899-1967) дидактикалық мақсатқа жету үшін қолданылатын әдістерді топтастырды. Олар: білім алу, іскерлік және дағдыларды қалыптастыру, білімді қолдану, шығармашылық іс-әрекет, бекіту, білім, іскерлік, дағдыларды тексеру. Аталған авторлардың пікірлері бойынша оқыту әдісі - дидактикалық мақсатқа жету үшін оқушылардың іс-әрекетін реттеп, ұйымдастыру тәсілдері. Бұл саралауда әдістер оқытудың алдында тұрған міндеттермен сәйкестендірілген. И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин оқыту әдістерін оқушылардың танымдық жұмыстарының түріне қарай топтастырған. Авторлар балаларға ақыл-ой жұмысының, өз бетімен білім алудың жолдарын көрсетеді. Оқытушының басшылығымен жұмыс істейтін оқушылардың танымдық белсенділігі әр түрлі. Репродуктивтік әдіс арқылы оқушы "дайын" білімдерді есінде сақтап, кейін қатесіз айтып бергенмен, оның ақыл-ой белсенділігі төмен болады. Эвристикалық әдіс арқылы ақыл-ой жұмысы күшейеді, оқушы білімді өзінің танымдық іс-әрекеті арқылы алады. Бұл әдіс бастауыш мектептерге де таралған. Бірақ сабақты тұрақты түрде мәселелік, эвристикалық, зерттеу әдістерімен өткізу мүмкін бола бермейді. Ю.К. Бабанский оқу-танымдық іс-әрекетті ынталандыру әдістерін топтады. Ол іс-әрекет 3 бөліктен: ұйымдастыру, ынталандыру, бақылаудан тұратынын атап көрсетіп, әдістерді оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру, ынталандыру, бақылау әдістері деп бөледі. Педагогика тарихында алуан түрлі оқыту формалары болды. Олардың пайда болуы, дамуы, кейбіреулерінің жойылуы қоғамның талабына байланысты еді. Әр заман оқытуды ұйымдастыруға әсер етті. Нәтижесінде педагогика ғылыми тәжірибеден көптеген деректер жинады. Баланы оқытуды ұйымдастырған алуан түрлі жұмыстар зерттеліп, олардың ішінен қазіргі заманға лайықтылары іріктелді. Мектепте оқитын оқушылардың саны, олардың оқитын жерлері, оқу жұмысының ұзақтығы зерттеліп, баланы жекелеп оқыту, топты, ұжымды оқыту, сыныпта, сыныптан тыс, мектепті, мектептен тыс жерлерде оқыту жолдары анықталды. Баланы жекелеп оқыту өте ерте кезден бар. Ол тапсырманы мұғалімнің не өзінің үйінде орындайды. Тапсырма мұғалім оқулығынан беріледі. Жекелеп оқыту қазір де қолданылады. Балаларды жекелеп - топтап оқыту түрі қалыптасты. Мұғалім тек бір оқушыға емес, «түрлі жастағы» балаларға тапсырма берді. Олардың дайындық деңгейлері де түрліше еді. Сондықтан мұғалім әр оқушымен жеке жұмыс жүргізді. Мұғалім әрбір оқушыдан өткен материалдарды сұрап, әрқайсысына жаңа тақырыпты түсіндіріп, жеке тапсырмалар берді. Оқушылар оқуға жылдың кез келген уақытында келді. Оқушының әр түрлі сыныптарда оқуы. Ол бір пән бойынша 7-сыныпта, екінші пән бойынша 5-сыныпта оқиды. Оқытуды ұйымдастырудың ерекше түрі оқушылардың бірнеше күн бойы бір не екі пәнді оқуы. Осылай оқыту Вальдорф мектептерінде бар. 2.Оқыту әдістерінің дидактикалық, психологиялық және технологиялық аспектілері. Оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі түрі - сабақ. Сынып-сабақ жүйесінің мәні мен ерекшеліктері. • Жастары және дайындықтары бірдей оқушылардан сынып құрастыру. Сыныптың құрамы мектеп бітіргенше өзгермейді. • Оқу процесі өзара байланысты, бірінің соңынан бірі келіп отыратын сабақ түрінде жүреді. • Сынып жылдық жоспар, бағдарлама, тұрақты сабақ кестесі бойынша жұмыс істейді. Балалар мектепке жылдың бір уақытында қабылданады. • Жұмыстың негізгі түрі - сабақ. • Сабақ бір оқу пәнін, тақырыпты түсіну үшін өткізіледі. • Оқушылардың жұмысына мұғалім басшылық етеді. Ол оқушылардың білім, іскерлік, дағды деңгейлерін анықтап, оларды жыл аяғында келесі сыныпқа көшіру туралы шешім қабылдайды. • Оқушылардың танымдық іс-әрекетінің алуан түрі; • Әр сабақта үш мақсатқа жету үшін жұмыстар жүргізіледі. Сабақ - оқытуды ұйымдастырудың негізгі нысаны. Сабақ уақыты қысқа, сондықтан ол күрделі және жауапты кезең, себебі сабақтың сапасы оқушының дайындығына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұғалімдер сабақтың жаңа технологиясын жасап, енгізу, қысқа мерзім ішінде оқу міндеттерін орындау үшін жұмыстануда. Жақсы сапалы сабақ беру оңай жұмыс емес. Көп нәрсе мұғалімнің сабаққа қойылатын талаптарды түсінуіне және орындауына байланысты. Талаптарды әлеуметтік сұраныс, оқушылардың жеке қажеттіліктері, оқыту мақсаты және міндеттері, оқу процесінің заңдылықтары мен принциптері анықтайды. Сабақ арқылы оқушыны дамыту талабы: • балалардың оқу-танымдық іс-әрекетке қызығушылығын ояту, шығармашылық бастамаларын және белсенділіктерін қолдау; • оқушылардың даму деңгейін зерттеу және есепке алу; дамудағы сапалы, жаңа өзгерістерді қуаттау. 3.Оқыту әдістерінің көптүрлілігі. Сабақтарды бірінші рет топтастырған И.Н.Казанцев сабақтарды мазмұны мен өткізу тәсілдеріне қарап топтастырды. Мазмұнына қарай топтастырғанда бір топқа арифметика, алгебра, геометрия сабақтары, ал олардың ішінде жекелеген тақырыптарды өтуге арналған сабақтар белгіленеді. Оқу жұмысының төсілдері бойынша экскурсия-сабақ, кино-сабақ, өздік жұмыс сабағы болып бөлінеді. Оқу жұмысының жүйесі мен оқушылардың танымдық іс-әрекетінің сипатына Теоретиктер мен практиктердің арасында дидактикалық мақсат бойынша топтастырылған сабақтар кең қолдау табуда. Олар: 1) аралас сабақ; 2) жаңа материалды оқу; 3) жаңа іскерлікті қалыптастыру; 4) білім, іскерліктерді бекіту; 5) жинақтау және жүйелеу; 6) білім, іскерліктерді тәжірибеде қолдану; 7) білім, іскерліктерді бақылау және түзету. Сабақ құрылымы - сабақтың әр бөлігінде мұғалім мен оқушылар бірге жасайтын алуан түрлі жұмыстар. Әр сабақтың ішкі құрылымы жүйелі, сабақтың түрін анықтайтын, жекелеген кезеңдерден тұрады. Құрылымдағы бөліктер сабақтың түрін анықтайды. Мысалы, сабақтың мақсаты білім және іскерліктерді бекіту болса, онда сабақтың түрі білім, іскерліктерді бекіту болады. Бұл оқу жұмысы негізгі, мұғалім оған көп уақыт бөледі. Аралас сабақ мұғалімге қатаң талап қояды. Сабақтың элементтерін, жұмыс формаларын іріктеумен қатар әр элементке бөлінген уақытқа мұқият қарау керек. 20-25 минут сабақ сұрап, 15 минут сабақ түсіндіруге болмайды. Аралас сабақтың принциптері 1. Сабақ кезінде оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуі, оқуды қажетсіну. 2. Мұғалімнің жұмысындағы ең бастысы - оның әңгімелегені, көрсеткені, тапсырма беріп, оның орындалуын бақылау емес. Сондықтан ол оқушыларды өнімді оқу іскерліктері мен дағдыларына машықтандыру керек. 3. Жеке тұлғаны дамыту. Сабақты ұйымдастыруда және өткізуде оқушылардың жас және жеке ерекшеліктеріне сүйену, оқушылардың шамалары жететін қиындықтарды жеңуді сезуі, әр оқушының өзінің жеке қасиеттерін дамытуына жағдай жасау, сабақты әлеуметтік жағынан пісіп жетілген жеке тұлғаны қалыптастыруға бағыттау. 4. Ұжымшылдықты қалыптастыру. Ол үшін оқушылардың көп болып істейтін оқу жұмыстарын ұйымдастыру. 5. Жауапкершілік принципі. 1. Оқушы өз жолдастарының да, мұғалімнің де алдында білгенін айтады. 2. Оқушының өз жұмысын бақылауы және бағалауы. 3. Оқушының өзінің оқу іс-әрекетін өзі бақылауы үшін оған іс-әрекеттің мақсатын және жоспарларын, бағалау өлшемдерін айту. Демек мұғалім оқушыларды тақырыптың жоспарымен, мақсатымен таныстырып, оларға материалды оқу нәтижесінде нені білу және істей білу керектігін айтып, қол жеткен жетістіктерді бағалау, өлшемдерін беру керек. 4. Оқушылар білім, іскерлік, дағдыларды бақылайды, бағалайды. Бағаны барлық оқушылар білу керек. 5. Оқушы өз жұмысын тексеріп, өзіне-өзі баға беріп, өзінің бағасын жолдастарының және мұғалімнің бағасымен салыстырып отырады. 6. Сабақта тәртіп бұзған оқушыны ұжымның жазалағаны жақсы. Бірақ жеке тұлғаны құрметтеу керектігін естен шығармау. 7. Оқушыны тәртіп бұзғаны үшін жазалауға болады, бірақ сабаққа нашарлығы, оқуда артта қалғаны үшін ешуақытта жазалауға болмайды. 8. Оқушы мен мұғалімнің, оқушылардың бір-бірімен қатынасы шынайы болу керек, оқушылардың бір-біріне көмегі адамгершілік тәрбиесіне ықпал етеді. "Жауапкершілік" оқушының өз міндеттерін түсінуі, міндеттерін орындауы, жеке тұлғаның өз іс-әрекетін бақылай білуі. |