Главная страница
Навигация по странице:

  • 5.Балалардың психофизиологиялық әркелкі дамуы («жас ерекшеліктер дағдарысы», «дарынды балалар», «акселерация»).

  • Пайдаланылған әдебиеттер

  • Лекция№6 Тұтас педагогикалық үдерістің (ТПҮ) мәні және құрылымы Лекция жоспары

  • Лекция мәтіні:1.«Мұғалімнің іс-әрекет объектісі», «педагогикалық үдеріс» ұғымдары (П.Ф.Каптерев, Н.Д.Хмель, В.А.Сластенин және т.б.).

  • 3.ТПҮ компоненттерінің құрылымы мен сипаттамасы, қызметтері (білімділік, тәрбиелік, дамытушылық).

  • 4.Қарама-қайшылық - педагогикалық үдерістің қозғаушы күші.

  • 5.Тұтас педагогикалық үдеріс теориясы туралы білім - мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің негізі.

  • Лекция. Лекциялар-ПжТЖӘ (2). Лекция1 азіргі жадайдаы білім беруді басымдылы ролі Лекция жоспары


    Скачать 274.68 Kb.
    НазваниеЛекция1 азіргі жадайдаы білім беруді басымдылы ролі Лекция жоспары
    АнкорЛекция
    Дата20.09.2022
    Размер274.68 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаЛекциялар-ПжТЖӘ (2).docx
    ТипЛекция
    #687496
    страница5 из 19
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

    4.Жеке тұлға дамуының жас ерекшелігі туралы түсінік, оның табиғи әлеуеті.

    Белгілі бір шақтық кезеңге тән анатомиялық-физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді әдетте жас ерекшеліктері деп атайды. Сондықтан педагогика және психология балалардың жас ерекшеліктеріндегі ширақтықты, өзгерімпаздықты айқындайды, тәрбиеленушінің және қоршаған ортамен жасайтын қарым-қатынастар жүйесіне тәуелді болатынын атап көрсетеді. Балалардың өсіп-жетілуінің бір сатысынан екіншісіне көшуі кездейсоқ емес. Әр жастағы кезеңге тән психологиялық ерекшеліктердің ұштасуын жиі байқауға болады.

    Сана-сезімнің, дене күш-қуаттарының дамуы адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты. Баланың жасы өскен сайын бойлары өсіп, денелері тұлғаланып, ақыл-саналары дамып, білімдері тереңдей бастайды. Балалардың жас ерекшелігін есепке алу, оқыту мен тәрбие жүйесіндегі негізгі принциптердің бірі. Қоғамда атқаратын рөлі, белгілі құқығы бар адамды жеке адам деп түсінеміз. Ал, қалыптасу дегеніміз - адамның жеке басының дамуы мен тәрбиесінің нәтижесінде жетілуі, саналы өмір сүруге дайын болуы.
    Жас ұрпақты қоғамдық өмірге және еңбекке араласуға дайындау міндетін іске асыруда, баланың жеке басын қалыптастыруға әсер ететін тәрбие, қоғамдық, әлеуметтік орта және тұқым қуалаушылық. перзент сүю - ата-ананың бақыты, олардың қоғам алдындағы табиғи борышы. Ұрпақ жалғастыру - бүкіл тіршілік дүниесінің эволюциялық жемісі. Адам табиғат-тан тыс өмір сүрмейді, олай болса, оның табиғи заңына орай дүниеге ұрпақ әкеледі. Адам өзінің баға жетпес ұрпағы үшін бар жағдайды жасайды.

    Тәрбие ісінде балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп отыру қажеттігін педагогика ғылымы ерте кезде-ақ көрсеткен еді. Ал белгілі педагогтар Я.Коменский, Ж.Руссо тәрбие беру кезінде бала табиғатын, оның қабылдау, ойлау ерекшеліктерін еске алып отыруға үндеген болатын.
    Қазіргі педагогика және психология ғылымдары балалар мен жеткіншектердің дамуындағы биологиялың фактордың рөлін айрықша көрсетеді. Педагогика ғылымы жас ерекшеліктерін анықтауға баланың дамуын үнемі қозғалыс үрдісі ретінде қарастыра отырып, бұл қозғалыстан сан жағынан жинақталу, сапа жағынан елеулі өзгерістер болатынын алға тартады. Мәселеге бұлайша қарау балалардың дене және психикалық дамуының бірқатар кезеңдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Осының негізінде мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің өсіп-жетілуін мынадай кезеңдерге бөлу қабылданды:
    1) төменгі сынып шағындағы кезең (7 жастан 11 жасқа дейін);

    2) негізгі мектеп шағындағы жеткіншектік кезең (12 жастан 15 жасқа дейін);

    3) орта мектеп шағындағы жасөспірімдік кезең (15 жастан 18 жасқа дейін).

    Соңғы жылдары симпозиумда қабылданған жас кезеңдерінің сызбасына жаңа туған баладан бастап жасөспірімдік шаққа дейінгі өзгерістер кіреді. Олардың сатылары:
    1. Жаңа туған бала (туған сәттен бір-екі айға дейін)

    2. Нәрестелік шақ (бір-екі айдан бір жылға дейін); 

    3. Ерте сәбилік шақ (бір жастан үш жасқа дейін);

    4. Мектепке дейінгі балалық шақ (төрт жастан 7 жасқа дейін); 

    5. Бастауыш мектеп жасы (7 жастан 11,12 жасқа дейін);

    6. Жеткіншек шақ (11, 12 жастан, 14, 15 жасқа дейін);

    7. Жасөспірім шақ (14,5 жарым жастан, 17 жасқа дейін).

    Тәрбие мен оқыту осы жас сатыларына сәйкес жүргізілуі керек. Өйткені, адам жасының табиғи негізі - жас сатылары немесе биологиялық жетілу сатылары.
    Әрбір жас шағы психикалық дамудың ерекше сапалы кезеңі болып табылады және бала дамуының осы кезеңдегі жеке басының өзіндік құрылымының жиынтығын құрастыратын көптеген өзгерістермен сипатталады. Осыған байланысты әрбір педагог-маман орта мектеп оқушыларының жас кезеңдеріндегі ерекшеліктерге сергек те сезімтал көзқараспен қарап, олардың жан дүниесін түсіне білуі шарт.

    Мектепке дейінгі балалық шақта, жас баланың 4 пен 7 жасының аралығындағы өзіне тән ерекшеліктері, оның айналасындағы болып жатқан құбылыстарды жіті аңғарып, көргені мен сезінгендерін зердесіне хаттай жазып ала қоятын зеректігін ала бөтен ескерген жөн. Әрдайым қозғалыс үстінде жетіле дамыған балалардың денесі мен салмағы да бір қалыпты мөлшерді сақтап өсіп отырады.

    4-5 жасар балалардың салыстырмалы ойлай алатын қабілеттері ерекшелене түседі. Санамақтарды әжептәуір игеріп, аз және көп сандарды, айдың, күн, жыл мезгілдерін айыра алатын халге жетеді. Бұл жастағылардың ойыны, әрбір әрекеттері мазмұнға айналып, белгілі бір мақсаттарды орындауға ұмтылыс жасайды. Бұл жастағы балалар топ-топ болып, өзара бірігіп ойнағанды жақсы көреді. Балабақшаларының өмірге қанат қақтырар жеткіншектері - 6 жастан өтіп 7-ге толған балалар екені әркімге де аян. Баланың мектепке 7 жасында баруы - негізінен биологиялық және физиологиялық заңдылықтарды басшылыққа алудан деп түсінген жөн. Дендері сау боп дүниеге келген балалар, қашан да алғыр да зерек ұғымталдығышпен ерекшеленеді. Олар айналасындағы құбылыстарды тез байқап қабылдауға да бейімді. Жете түсінген құбылыстарын өмір бойы ұмытпайтындықтары да белгілі.

    Бастауыш мектеп жасындағы баланың психологиялық ерекшіліктері баланың бұрынғы дамуында жинақталып, оны өз кезегімен дамудың келесі сатысына көшуге дайындап отырады. Бастауыш мектеп мұғалімі сынып оқушыларының ерекшеліктерін зерттей отырып, сол ерекшеліктерді мектепке дейінгі шағында қалыптасқан ерекшеліктерден бөлек алып қарай алмайды.
    Мектептегі оқыту оның бүкіл өміріне түбегейлі, сапалы өзгерістер енгізеді. Алаңсыз балалық шақ аяқталып, баланың өмірінің іс-әрекеттің жаңа түрі - оқу енеді. Оқу міндетті іс болып табылғандықтан, ол баладан белгілі бір жауапкершілікпен еңбек етуді талап етеді. Мектепке бару баланың қоғамдағы және отбасындағы жағдайын өзгертіп, оған бірқатар жаңа міндеттер жүктейді. Осының бәрі баланың қоғамдағы жағдайын өзгертіп, бұл  өзгерісті ол біртіндеп сезінеді. Төменгі сынып оқушылары біртіндеп оқу ісіне, мектептің сан-салалы өміріне бауыр басып, өздерінің  түсініктерін кеңейтіп, сөздік қоры молайып, оқуға, жазуға, санауға үйренеді. Оқытудың алғашқы сатысында олардың өмірлік тәжірибелері молая түседі. Бірлесіп оқу, жалпы оқу тапсырмаларын шешу, мінез-құлықтың жаңа ережелері мен нормаларын игеру балалар арасында қарым-қатынастардың қалыптасуына жағдай туғызады. Төменгі сынып оқушыларының ойлауын дамытуда екі негізгі саты байқалады. Бірінші сатыда ойлау әрекеті мектеп жасына дейінгі баланың ойлауын еске түсіреді. Екінші сатыда оқушылар заттар мен жағдайларды сыртқы белгісі бойынша бағалайды. Есейе келе ойлау сипаттары өзгереді. Оқушылар білуге әуесқой болғандықтан, олардың табиғат құбылыстары, адамдардың өмірі туралы сұрақтары көбейеді. Шығармашылық ойындар баланың ақыл-ойын дамытады.
    Сезімдік көңіл-күйінің көтеріңкілігі - олардың маңызды бір ерекшелігі. Оқушылар ересек адамдармен, өзінің құрдастарымен қарым-қатынаста болғанды жақсы көреді.
    Бұл жастағы балалардың негізгі іс-әрекеті - оқу. Бастауыш сынып оқушылары ұзақ уақыт бір қалыпты отыра алмайтындықтан, сабақта жазу мен оқуды алмастырып, сергіту сәттерін өткізіп, сыныптың ауасын тазартып, үзіліс кезінде мектеп ауласында ойындар ұйымдастыру керек.
    Мұғалім оқыту процесін жеке бөліктерге бөліп, оқушыларға жеңіл тапсырмалар беріп, оларды бірте-бірте күрделендіріп отырады. Оқыту процесі зейін мәдениетін тәрбиелеуге бағытталуы керек. Оқуға және қоғамдық жұмыстарға байланысты талаптарды жүйелі қойып, оның орындалуын бақылау, өздік жұмыстарды орындату, іс-әрекетті түрлендіру, ойындарды қолдану, балалардың еңбегін жеңілдетіп, балаға тапсырма орындаудың қажет екендігін түсіндіру арқылы, мұғалім оқушының оқуға деген жауапкершілігін тәрбиелейді.
    Бала форма, бояу, дыбыс арқылы ойлайды, сондықтан көрнекілік әдістері мен ойындарды жиі қолдану пайдалы.
    5.Балалардың психофизиологиялық әркелкі дамуы («жас ерекшеліктер дағдарысы», «дарынды балалар», «акселерация»).

    Акселерация оның әлеуметтік және педагогикалық мәні. Адамның өсіп жетілуінде белгілі заңдылық болады. Ал, бұл заңдылық әр балада әр қалай болады. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшін олардың жас және дара ерекшеліктерін білу қажет.
    Мектептегі кезеңнің өзі бастауыш (6-10 жасқа дейін), тоғыз жылдық (10-15-ке дейін), орта мектеп оқушылары (15-18-ге дейін) болып үшке бөлінеді. Баланың дене дамуындағы ең маңыздысы - орталық жүйке жүйесі, өйткені адамның психикалық әрекеттері осы орталық жүйке жүйесіне байланысты болады. Балалардың дене және психикалық дамуында соңғы жылдары айқындалған күрделі өзгерістердің бірі - ағзаның жедел дамуы. Бұл құбылыстар акселерация (латынша "дәлелдеу") деп аталады. Акселерацияға тән ерекшелік: балалардың бойының, салмағының бұлшық еттерінің жедел түрде өсіп жетілуі. Акселерация құбылысы тұрғысынан қарағанда қазіргі жеткіншек балалардың бойы биік, иықтары қысыңқы, кеудесі қысқа, аяқтары ұзын келеді. Күні бұрын тез жетілген ағза ауруға, суыққа және дене салмағына төзімсіз келуі анықталуда. Осындай тез өсетін ағзада жүрек тамыр жүйесінің дамуы бірнеше есе қалыс қалады да, өз міндеттерін атқара алмайды. Ал баланың психикалық жетілу деңгейі артта қалады.

    Акселерация - биологиялық фактор, әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы сонымен бірге радио толқындардың және географиялық-климаттық жағдайлардың өзгеруі аталған құбылыстың пайда болуына әсер етті. Әрине акселерация құбылысы жайлы түпкілікті қорытынды шығару ертерек. Өйткені бұл әлі де зерттеуді қажет етеді, дегенмен акселерацияға байланысты мектеп жиһаздарына, сырт және аяқ киімдерінің үлгілеріне, дене шынықтыру және жаттықтыру кешендеріне қайта қарауға тура келіп отыр. Акселерацияның ақыл-ой дамуына ықпал жасайтындығы байқалуда. Сонымен адамның дамуы өзара байланысты бірнеше факторлардың ыңпалымен жүретін күрделі педагогикалық, психологиялық процесс болып табылады.

    Белсенділік, оның түрлері және тұлға дамуындағы рөлі. Адам белсенділігінің табиғатын тани білу, еңбек және моральдық белсенділік дәрежесі бойынша адамның қоғам мен ұжым үшін жарамдылығын жете анықтау мұғалімнің басты міндеті.
    Белсенділік - адамның іс-әрекеті үстіндегі жағдайын айтады. Тіршілік және іс-әрекеттері барысында адамның қарым-қатынас жасау, таным және өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігі дамиды.
    Бала белсенділігінің ең алғашқы формасының бірі - қарым-қатынас жасау белсенділігі. Бұл адамның бүкіл өмірінде дамитын белсенділік. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес басқа адамдар мен қарым-қатынас жасау белсенділігінің мазмұны өзгеріп отырады. Мектеп жасына дейінгі балалар ересек адамдардың әрекеттеріне үңіле қарап, үйренеді, оларға еліктейді. Балалардың саналы түрдегі мұндай әрекеттерін ырықты немесе ерікті белсенділік дейді. Бұл жастағы балалардың үлкендердің әрекеттеріне және олармен өзара қарым-қатынас жасауға еліктеуі рөлге құрылған ойындарды атқару барысында байқалады. Ойын барысында балалардың құрдастарымен өзара қатынасы өзгереді. Бала еліктеу, қабылдау арқылы түрлі рөлді ойындарды атқара отырып, әлеумет өмірінің, өндіріс қатынастарының мазмұнын түсінеді.


    Пайдаланылған әдебиеттер:

    1. Педагогика. 2015. Әлқожаева. Н.С.

    2.Педагогика. 2016. Дүйсенбаев. А.Қ.

    3.Педагогика. 2014. Усманов.Ә.Ә. Сәрсенбаева.М.Б.

    4.Дидактика. 2013. Әмірова.Ә.С.

    5.Педагогиканың философиясы және әдіснамасы. 2016. Таубаева.Ш.Т.

    6.Педагогика. 2015. Дүйсенбаев. А.Қ.

    7.Педагогика. 2014. Каракулов. К.Н.

    Лекция№6

    Тұтас педагогикалық үдерістің (ТПҮ) мәні және құрылымы
    Лекция жоспары:

    1.«Мұғалімнің іс-әрекет объектісі», «педагогикалық үдеріс» ұғымдары (П.Ф.Каптерев, Н.Д.Хмель, В.А.Сластенин және т.б.).

    2.Педагогикалық үдерістің белгілері мен сапа-қасиеттері.

    3.ТПҮ компоненттерінің құрылымы мен сипаттамасы, қызметтері (білімділік, тәрбиелік, дамытушылық).

    4.Қарама-қайшылық - педагогикалық үдерістің қозғаушы күші.

    5.Тұтас педагогикалық үдеріс теориясы туралы білім - мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің негізі.
    Лекция мәтіні:
    1.«Мұғалімнің іс-әрекет объектісі», «педагогикалық үдеріс» ұғымдары (П.Ф.Каптерев, Н.Д.Хмель, В.А.Сластенин және т.б.).


    «Педагогикалық үдеріс (процесс)» деген сөздік ғылыми айналымға ХІХ ғасырдың екінші жартысында (П.Ф.Каптерев) енгізілгенімен, ұғымның мазмұндық сипаттамасын тек қана тұлға теориясы, іс-әрекет теориясының дамуы арқылы құбылыстарды зерттеуде жүйелілік тәсіл қолдануды қалыптастыру арқасында мүмкін болады.

    Педагогикалық үдерістің мәні туралы әртүрлі көзқарастарды зерттеу жалпы тәртіптегі қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

    Педагогикалық үдеріс оқушылардың бірлескен ұстаздардың қатысуымен және басшылығымен жүзеге асатын іс-әрекеті, ол әлеуметтік тәжірибені меңгеруге және әрбір оқушы тұлғасын қалыптастыруға бағытталған, дамуға және өзін еңбекке, қоғамдық өмірде жүзеге асыруға дайын.

    Педагогикалық үдерістің мәні туралы әртүрлі көзқарастарды (С.Т.Шацкий, Н.К. Крупская, А.С.Макаренко, М.А.Данилов, Б.Т.Лихачев, Ю.К.Бабанский, В.М.Коротов және т.б.) зерттеу жалпы қорытынды жасауға мүмкіндік берді.

    Педагогикалық процестің мәні туралы А.Ф.Каптерев, М.А.Данилов: «біртұтас педагогикалық процесс - оқыту мен тәрбиенің бірігуі» десе, Ю.К.Бабанский: «Педагогикалық процесс - оқыту, даму және тәрбиелік қызметтерінің бірлігі» - деп қарастырды.

    Сонымен, педагогикалық үдеріс дегеніміз оқушылардың мәдени байлықты меңгеруге және еңбек пен қоғамдық өмірге даярлануға бағытталған, мұғалімнің қатысуымен және басшылығымен жүзеге асатын өзара байланысқан іс-әрекеті болып табылады. (Н.Д.Хмель)

    Ал тұтас педагогикалық үдеріс дегеніміз - оқытушылар мен тыңдаушылардың белгілі бір мақсатқа бағытталған, мазмұнды түрде ұйымдасқан, бағыт беруші белсенді іс-әрекеті.
    3.ТПҮ компоненттерінің құрылымы мен сипаттамасы, қызметтері (білімділік, тәрбиелік, дамытушылық).

    Педагогикалық үдерістің жеке дара бөліктері (компоненттері) туралы оның теориясын жасаудан біраз бұрын практикада жеткілікті дәрежеде жақсы белгілі болған. Олардың бір бөліктері (мақсат, міндеттері, мазмұны) өзгеру барысындағы қоғамдық өмірге мектептің әлеуметтік тапсырма ерекшеліктеріне байланысты қайта - қайта жаңадан қаралып жетілдіре түседі. Көрсетілген мәселені В.Е.Гмурман, В.С.Ильин, Б.Т.Лихачев және т. б. зерттеген. Г.К.Костюк ұстаздар мен оқушыларды педагогикалық процестің бөліктеріне жатқызады. М.А.Даниловтың көрсетуінше педагогикалық процестің ішкі серпілісі оның негізгі, басты өзегі тәрбиенің мақсаты болады.

    Жорамалдау бойынша, қандайда болмасын мақсатқа белгілі бір мазмұнын іс-әрекеттер міндеттерін шешу арқылы жетуге болады. Сондықтан педагогикалық процестің (әлеуметтік) бөліктеріне ұстаздарды және оқушыларды жатқызған жөн.

    Сонымен қатар, педагогикалық процестің құрылымы оның өзара тығыз байланысқан жеті компоненттерін педагогикалық процестің құрылымы деп айтамыз. Педагогикалық процестің компоненттері:

    • Педагог - арнайы дайындығы, білімі бар ұстаз, педагогикалық процесті жүргізетін маман.

    • Оқушы-тыңдаушы - объект және субъект ретінде қарастырылады.

    • Педагогикалық процестің мазмұны ол адамның әлеуметтік қатынасынан туындайды. Оның мазмұнына - идеология, өндіріс, еңбек, ғылым, мәдениет, т.б. жатады.

    • Педагогикалық процесті ұйымдастыру және басқару комплексі. Оған педагогикалық процестің мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, әдісі, құралы жатады.

    • Педагогикалық диагностика. Ұстаз бен шәкірттің тәрбие, оқу, үйрену процесін жүргізу барысында істің нәтижесін білу.

    • Педагогикалық процестің нәтижесін бағалау. Оқушының іс-әрекетінің нәтижесін, қорытындысын, бағасын сол баланы қоршаған орта, қауым береді.

    • Педагогикалық процестің қоршаған ортамен байланысында әлеуметтік орта бала тәрбиесінің маңызды факторының бірі.


    4.Қарама-қайшылық - педагогикалық үдерістің қозғаушы күші.

    Педагогикалық процестің негізгі қозғаушы күші, диалектикасы - қарама-қайшылық. Ю.К.Бабанский қарама-қайшылық көп жағдайда кездейсоқ бірізділікте қарастырылатынын анықтады.

    Педагогикалық процесте қарама-қайшылық екі тұрғыдан қаралады:

    1. Әлеуметтік педагогикалық қарама-қайшылық. Бұл әлеуметтік жағдайға байланысты шешілетін қарама-қайшылық: экономикалық, саяси, рухани адамгершілік, мәдени отбасына байланысты жағдайлар.

    2. Таза педагогикалық - оқу-тәрбие жұмысына байланысты жағдай.

    Педагогикалық қарама-қайшылық обьективті және субьективті болуы мүмкін:

    Обьективтік қарама-қайшылық:

    • қоғамның қойған талабына баланың іс-әрекеті сәйкес келе бермеуі;

    • ұжым мен жеке адамның көзқарасы сәйкес келе бермейді;

    • жаңа талап пен ескі көзқарас арасындағы қарама-қайшылық.

    Субьективті қарама-қайшылық: педагогикалық теорияның, концепциялардың, жүйелердің өмір талабынан қалып қоюы.
    5.Тұтас педагогикалық үдеріс теориясы туралы білім - мұғалімнің кәсіби құзыреттілігінің негізі.

    Елімізде қазіргі таңда қалыптасқан еңбек нарығы білімді, шығармашылық деңгейі жоғары, әрекеттің сан түрлі саласында өз білімі мен біліктілігін қолдана алуға қабілетті мамандардың кәсіби даярлығының деңгейіне және сапасына қойылатын талаптарға өз әсерін тигізуде. Осы орайда, жоғары оқу орындарының үлкен жауапкершілікті сезініп, білікті, өз ісінің шебері, бәсекеге қабілетті, кең ауқымды, жан–жақты дамыған, кәсіби құзыретті маман дайындауға ұмтылуы, өзінің бүкіл қызметін осы бағытта құруы заңды құбылыс, себебі, қоғам өзінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының мазмұны мен сипаттарының өзгеруіне және еңбек сапасына талаптың жоғарылауына байланысты өз ісін жетік білетін, кәсіби білігі мол мамандарды қажет етеді.

    Қазақстан Республикасының болашақта көркейіп, бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекеттің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақтың қандай білім мен тәрбие алатынына тікелей байланысты. Ел президенті Н.Ә.Назарбаев Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде оқыған «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы - білім экономикасына» атты дәрісінде: «ұлттар тауарлармен және қызметтермен ғана бәсекелеспейді, олар қоғамдық құндылықтар жүйесі мен білім беру жүйелерімен де бәсекелеседі»,- дей келіп, «соңғы 10-15 жыл бойында бәсекеге қабілеттіліктің жаңа өлшемі пайда болды: салмақ жаhандық экономикалық жаңа сапаға - «білім экономикасына» өтуіне түсіріледі», - деген болатын. Олай болса, республика жоғары оқу орындарының алдында жан-жақты дамыған, саяси сауатты, терең теориялық біліммен қаруланған, адамдармен қарым-қатынас мәдениетін меңгерген маман дайындау міндеті тұр.

    Психологиялық-педагогикалық әдебиеттердегі ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, кәсіби шеберліктің қалыптасуы мен даму үдерісінде екі ұғым: «құзыреттілік» және «құзырет» ұғымдары пайдаланылып келеді. Біріншісі,С.Ожегов сөздігі бойынша, белгілі бір кәсіби қызметке байланысты, «қандай да болсын мәселеден хабардарлық, беделділік», ал екіншісі, «қандай да бір істі жүргізетін жеке адамның, мекеменің мәселелерді шешуге, іс-әрекет етуге, бір нәрсені істеуге құқықтылық шеңбері». Құзырет - нақты әрекет пен үдерістерге байланысты тиімді, өнімді әрекеттер жасай алатындай дара тұлға сапаларының өзара байланысқан бірлестігі (білім, білік, дағдылар мен қызмет түрлері).

    Болашақ мұғалімдердің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыруға байланысты «құзыреттілік», «кәсіби құзыреттілік», «мұғалім құзыреттілігі» ұғымдарына берілген әртүрлі түсініктемелердің бар екендігіне көзіміз жетті. Бұдан «құзыреттілік» ұғымы білім беру, маман даярлау саласының қолданыстағы терминіне айналғанын көреміз. «Құзыреттілік» термині әдетте белгілі бір әлеуметтік-кәсіби статус иесіне байланысты қолданылады және оның сол істі атқарудағы түсінігі, білімі, білігінің орындалуға тиіс мәселенің нақты өз деңгейінде шешілуімен сәйкестілігі арқылы сипатталады.

    «Құзыреттілік» терминін ХХ ғасырдың ортасында Н.Хомский енгізген болатын, алғашында ол ана тілінде нақты тілдік қызметті орындау үшін қажет қабілеттіліктер ұғымын берген.

    Бүгінгі күні шетел ғалымдарының еңбектеріндегі кәсіби құзыреттілік анықтамалары «тереңдетілген білім», «міндетті шешудегі теңдік жағдайы», «қызметті орындаудағы қабілеттілік» және басқалар бұл ұғымның мәнін толық аша алмайды. Білімнің тұлғалық және әлеуметтік мәнін байланыстырудағы құзыреттіліктің маңыздылығына тоқтала келе, А.В. Хуторской оны қазіргі білім берудегі дағдарыстан шығудың бір жолы және жеке тұлғаның өзара байланысты сапаларының үйлесімі ретінде қарастырады.

    Бірқатар ғалымдар педагогикалық білім берудің негізі мұғалімдерді кәсіби даярлау екендігін айтады. Кәсіби педагог-мұғалім әдістемені жақсы меңгеруі, оқушыларды дамытуда оқу құралын мақсаттылықпен пайдалана білуі керек. Күрделі жұмысты шығармашылықпен шешуде оқушылардың техникалық ойлау қабілетін іс-әрекетімен дұрыс ұштастырып, оны саналы түрде қабылдай білуге баулу қажет. Мұғалімнің кәсіби сапасы мен тұлғалық қабілеті болашақ ұрпақты оқыту, дамыту және тәрбиелеудегі шығармашылық іс-әрекетті орындауға бағытталады.
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


    написать администратору сайта