С. У. Жунусова, Г. Л. Алишева
Скачать 5.78 Mb.
|
Ес жағдайыНауқаста естің бұзылуының әртүрлі дәрежесі дамуы мүмкін, оның өшуі (ступор, сопор, кома) немесе ОНЖ қозуыболады (сандырақтау, галлюцинация) [26, 29, 32].Есі анық – есінің толық сақталуы, белсенді сергектік, өзін және қоршаған ортаны адекватты қабылдау. Науқас қоршаған ортаны толық бағдарлай алады, қойылған сұрақтарға нық жауап береді. Ступор (аздаған қатаңдану) – естің жартылай өшуі. Науқас уақыт пен кеңістікті жақсы бағдарлай алмайды, бірақ өзін, айналадағы адамдарды бағдарлай алуы сақталған. Қатты шаршағаны, солғыңдығы, бет-қимылы азайғандығы, ұйқылы-ояулығымен сипатталады. Ауырту қозғалыс реакциясы белсенді және дұрыс бағыталған. Сөйлесуі сақталған, адамның сөйлегенін естігенде, көзін ашады, бірақ сұрақтарға баяу, бірыңғай, кейде мағынасыз жауап береді. Жамбас мүшелерінің қызметін бақылау сақталған. Сопор – естің терең тұнжырауы. Науқас «ұйқылы» жағдайда болады: сыртқы ортаға қатыссыз, көздері жабылған, сөйлесу мүмкін емес, команданы орындамайды, қозғалыссыз. Қатты айқайлағанда, ауырсыну кезінде (укол, шымшужәне т.б.) оны алып-тастауға бағытталған, аяқ-қолдарының үйлесімді қорғаныс қозғалыстары байқалады және науқас басқа бүйіріне бұрылуы, немесе ынырсуы мүмкін. Ақаулы ұйқы жағдайынан қысқа уақытқа шығуы мүмкін. Жамбас мүшелерінің қызметін бақылау бұзылған. Өміріне қажетті қызметі сақталған, немесе бір параметрі аздап өзгерген. Кома – естің толық жойылуы. Науқас ауырсыну және дыбыс тітіркендіргіштеріне жауап бермейді, рефлекстері жоғалған. Тыныстың тереңдігі мен жиілігі бұзылу, қан қысымының төмендеуі, жүрек қызметі ырғағының бұзылуы, температура реттеуінің бұзылумен сипатталады. Қарашығы тарылған, жарыққа реакциясы жоқ. Кома аурудың біршама ауыр дәрежеде екенін көрсетеді, мида жедел ми-қанайналым бұзылысы, бас жарақаты, қабыну (энцефалит, менингит, малярия), сонымен бірге улану нәтижесінде (барбитурат, көмірсу тотығы және басқ.), қант диабеті, уремия, гепатит (уремиялық, бауырлық кома) салдарынан мидың қыртысында терең тежелу пайда болудан дамиды. Сандырақтау – бұл жалған, ретсіз пікір, ойланудың бұзылуы және байланыссыз сөйлеумен бірге жүреді. Соматикалық науқастарда жоғары дене температурасы кезінде (мысалы, жұқпалы аурулар кезінде), жиі психикалық бұзылыстары кезінде болады. Сандырақтаудың тыныш және елірме түрін ажыратады. Елірме сандырақтауда науқастар қозулы күйде, төсектен ұшып тұрып, осы жағдайда не өзіне, не айналадағыларға залалын тигізуі мүмкін. Бұл науқастарды күту мен бақылау үшін жеке мейірбикелік бекет ұйымдастырылады. Галлюцинация – шын мәнінде жоқ нәрсені, жалған қабылдау. Есту, көру, иіс сезу, сипап сезу галлюцинациялары болады. Есту галлюцинациясында науқас өз-өзімен немесе жалған әңгімелесушімен сөйлеседі. Көру галлюцинациясында науқасшын мәнінде жоқ нәрсені көреді. Бұндай галлюцинация көбінесе созылмалы алкоголизммен ауыратын науқастарда болады. Иіс сезу галлюцинациясы науқастарда жағымсыз иістер мен дәм сезудің өзгеруімен болады. Сипап сезу галлюцинациясы – денесінде жәндіктер, микробтар жүрген сияқты сезімде болады. 4.3 Науқастың төсектегі қалпы түрлері Науқастың төсектегі қалпы жағдайының ауырлығын көрсетеді [25, 32]. Белсенді қалып — науқас қажеттілігіне қарай ерікті (белсенді) қозғалыстарды еркін және жеңіл орындайды, ешкімнің көмегінсіз төсекте қозғалады, жүреді. Науқастың белсенді қалпы жеңіл ауруларда немесе ауыр аурулардың бастапқы кезеңіне тән. Пассивті қалып — науқас қозғалыссыз, әлсіздік салдарынан өзінің қалпын өз бетінше өзгерте алмайды, ерікті қозғалыстар жасай алмайды,басы мен аяқ-қолдарын ауырлық күшіне байланысты салбыратып жатады. Науқастың ес-түссіз күйінде немесе әбден әлсіреуі және науқастың арықтауы кезінде кездеседі. Науқасты дұрыс тыныс алу және қан-айналымды жақсартатын қалыпта отырғызу қажет. Мәжбүрлі қалып — науқас жағдайын жақсарту үшін, өзіне ыңғайлы қалыпта отырады. Бұл қалыпта отыруға аурудың ерекшелігі әсер етеді. Менингитпен ауыратын науқастың төсектегі қалпы «жатқан иттің қалпы» - жамбас- сан және тізе буындары бүгілген және басы артқа қайырылып, бір жақ жанымен жатады (сурет 35). Сурет 35 Менингит кезінде дененің мәжбүрлі күйі Ортопноэ – мәжбүрлі отырған қалыпта көбінесе жүрек жеткіліксіздігі бар науқастар отырады: науқас төсегінде алға еңкейіп, аяғын түсіріп отырады (сурет 36). Сурет 36. Жүрек жеткіліксіздігікезіндегі ортопноэ қалпы Бұндай қалыпта науқастың тыныс алуы жеңілдейді, өйткені көк еттің қозғалысы жеңілдейді, кеуде қуысында қысым азаяды, өкпенің экскурсиясы жоғарылайды, газ алмасу жақсарады, мидан веналық қан қайтады және айналымдағы қанның көлемі азаяды: қанның жартысы аяқтарда іркіледі, жүрек пен кіші қан айналым жеңілдейді. Науқас бронх демікпесінің тұншығу ұстамасында, плевритте және басқа аурулардың ауыр ағымында мәжбүрлі қалыпта отырады (кесте 5). Тағы да науқастың дене қалпын өзгертуде маңызы бар көптеген ауруларды мысалға кетіруге болады. Кей жағдайларда ұзақ уақыт төсекте мәжбүрлі күйде отыру, науқастың жағдайын нашарлатып жібереді, ойық жараның пайда болуына әкеледі, сондықтан науқастың төсектегі қалпын өзгертіп отыру қажет. |