құқық негіздері УМК. Высший инновационный колледж международных отношений
Скачать 1.68 Mb.
|
Қоршаған орта түсінігі, қоршаған орта объектілері.Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтарда қабылданған Экологиялық Кодексіне сəйкес, қоршаған орта дегеніміз - атмосфералық ауа, жердің озон қабаты, жер бетіндегі жəне жер астындағы сулар, жер, жер қойнауы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, сондай-ақ осылардың өзара əрекетінен туындайтын климатты қоса алғанда, табиғи жəне жасанды объектілердің жиынтығы болып табылады. Ал, қолайлы қоршаған орта - жай- күйі экологиялық қауіпсіздікті жəне халықтың денсаулығын сақтауды, биоəртүрлілікті сақтауды, ластануды болғызбауды, экологиялық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін, табиғи ресурстарды молықтыруды жəне тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін қоршаған орта. Табиғатта су қоймалары (мүхит, Каспий сияқты теңіздер), олардың табаны, минералды заттары, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі жəне басқа байлықтар бар. Егер мемлекет сондай су қоймаларының жағасында болса, континентті қайраң аумағында олардың жер қойнауын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін пайдалану құқығына ие бола алады. Мемлекет аумағындағы табиғат байлықтары дүние жүзі немесе Жер шары байлықтарының иемденген бір бөлігі болғандықтан, оларды табиғи ресурстар дейміз. Экология құқығының объектілері — айналадағы табиғи ортаны құрайтын, адамның тіршілік қажеттіктеріне жұмсалатын табиғи ресурстар мен адамның экологиялық денсаулығы мен өмірі. Яғни, қоршаған ортаны қорғау объектілерi болып мыналар табылады: Жер, жер қойнауы, жер үсті жəне жер асты сулары; атмосфералық ауа; ормандар мен өзге де өсімдіктер; жануарлар дүниесі, тірі организмдердің гендік қоры; табиғи экологиялық жүйелер, климат жəне жердің озон қабаты. Бұл аталған объектілер жойылудан, тозудан, зақымданудан, ластанудан жəне өзге де зиянды əсерден қорғалуға тиіс. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жəне мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері айрықша қорғалуға тиіс. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры - табиғат эталондары, уникумдар жəне реликттер, генетикалық резерв, ғылыми зерттеулер, ағарту, білім беру, туризм мен рекреация нысанасы ретінде экологиялық, ғылыми, тарихи-мəдени жəне рекреациялық жағынан ерекше құнды, мемлекеттік қорғауға алынған қоршаған орта объектілерінің жиынтығы. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері 7 шілдеде 2006 қабылданған «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ - ерекше қорғау режимі белгіленген мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілері бар жер, су объектілерінің жəне олардың үстіндегі əуе кеңістігінің учаскелері. Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарына — мемлекет аумағындағы жер, жер қойнауы, су, орман, атмосфералық ауа, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, табиғаттың көрікті жерлері мен ескерткіштері жəне басқа осы сияқты байлықтар жатады. Қазақстан Республикасы аумағында 85 мыңға жуық өзен мен шағын өзендер бар, олардың ішіңде 8 мыңнан астам өзендердің əрбірінің ұзындығы 10 шақырымнан асады. Жер асты су қоры 40 млрд. м3 жыл деп болжанылуда. Мұздықтардың көлемі 98,4 км3-ге жетеді. Орман қоры республика аумағынын бар болғаны 3 процентін алып жатыр. Ол көлемі жағынан бұрынғы Кеңестер Одағыңда Ресейден кейінгі екінші орын алатын. Оның көлемі 21775 мың гектарға жуық. Еліміздің аумағында құстың 475, аңның 152 түрі, 6 мыңнан астам су қоймасында балықтар бар. Осы қысқаша шолудың өзінен-ақ Қазақстан Республикасында табиғи ресурстар мол екені аңғарылады. Олар халықтың сан алуан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаланылады. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде құқықтық реттеуге жататын жоғарыда көрсетілген табиғи ресурстардың түрлері аталған. Солардың ішінде жер, жер қойнауы, су, орман, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, табиғи қорықтар, жердің климаты мен озон қабаты, сондай-ақ атмосфералық ауа, табиғи экологиялық жүйелер мен биосфераның құрамдас бөлігі ретінде өзге де табиғи объектілер бар. Құқықтық қорғалуға тиісті объектінің ерекше түріне адамның денсаулығы мен өмірі де жатады. Адамның денсаулығы мен өміріне айналадағы табиғи ортаның қолайлы болуы, шаруашылық жəне өзге де қызметтің зиянды ықпалына жол бермеу сияқты экологиялық қатынастар экология құқығының объектісі бола алады. Аталған табиғат объектілері мемлекет меншігіне айналған жəне оған жатпайтын объектілер болып бөлінеді. Мемлекет меншігіне жататындар - жер, оның қойнауы, су, орман, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі. Олардың ішінде кешенді табиғат объектілері де табиғи қорықтар, табиғи заказниктер, ландшафтар, үлттық парктер жəне табиғат ескерткіштері бар. Жер жеке меншікте болуы мүмкін. Жердің климаты, озонды қабаты, атмосфералық ауа, биосфераның құрамдас бөліктері табиғат объектілері болғанымен, меншік объектісі емес. Табиғат қорларына зандарда құқықтық мəні бар қосымша нысандар беріледі. Мысалы, жер қорғалатын табиғат объектісі оның жоғарғы қабаты, құнарлы топырағы жəне теңіздердің, көлдердің, өзендердің табандары жатады. Жер қойнауына шаруашылыққа пайдаланатын табиғи ортаның бір бөлігі - жер асты мен пайдалы қазбалары жатады. Су көзіне - жер үстіндегі жəне жер астындағы сулар мен табиғи мұздақтар, ормандарға табиғи ағаштар мен бұталы алқаптар жатады. Табиғи ресурстар - азық-түлік, дəрі-дəрмек, киім, құрылыс материалдары, тағы басқа пайдалы заттар алынатын байлық көздері. Табиғи ресурстар қалпына келетін, жаңартылатын, қалпына келмейтін, жаңартылмайтын, сарқылатын, сарқылмайтын түрлерге бөлінеді. Мысалы, топырақтың құнарлылығы, орман қалпына келтірілетінге, жаңартылатынға, кен қалпына келмейтін жəне су сарқылатын байлықтарға жатады. Сондықтан табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жəне оны қорғау экологиялық қүқықтың негізі болып табылады. Ерекше қорғалатын табиғат объектілеріне қорықтар, ұлттық табиғи парктер, заказниктер, табиғат ескерткіштері қорық аймақтары, ботаникалық жəне зоологиялық бақтар, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктер, курортты жəне рекреациялық аймақтар жатады. Қоршаған ортаны қорғау туралы заңдар табиғи ресурстарды қорғаудың мынадай жолдарын көрсетеді: зиянды əсерлерден тікелей қорғау; бір табиғат объектіні қорғау арқылы екінші табиғи объектіні қорғау (мысалы, өзен, көл жағалауларындағы орманды қорғау арқылы судың кемуіне жол бермеу); табиғат обьектілерін басқа объектілердің зиянды əсерінен қорғау (мысалы, жер қыртысын — топырақты желден, топан судан қорғау); қоршаған ортаны қорғау мен пайдаланудың экономикалық тетіктерін белгілеу (табиғи ортаны қорғауды жоспарлау, осы өңірдегі экологиялық бағдарламаларды жəне шараларды қаржыландыру, табиғатты пайдалану шарттарын жасау, оны арнайы пайдаланғаны үшін, айналадағы табиғи ортаны ластағаны үшін төленетін төлемдер жүйесін анықтау, табиғат қорықтарын құру, экологиялық сақтандыру, экологиялық банктер құру, айналадағы табиғи ортаны қорғау саласындағы қызметті ынталандыру; қоршаған ортаның сапасын нормалау (нормативтің талаптарын, түрлерін, тəртібін белгілеу); экологиялық сараптама жүргізу. Қоршаған ортаны қорғау шараларының жүргізілмеуіне немесе жеткіліксіз болғандығынан, төтенше табиғи құбылыстардың жəне адамдардың шаруашылықтағы, сондай-ақ басқа да қызметінің теріс ықпалынан табиғи тепе- теңдік бұзылып, айналадағы табиғи ортаның объектілеріне орасан зор зиян келуі мүмкін. Осындай жағдайлардың болуын ескеріп, Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексінде төтенше экологиялық жағдай мен экологиялық апат аймақтарын қарастырады. Мұндай аймақтар экология құқығының жаңа, бұрын заңдарда қарастырылмаған объектілері болып саналады. Шаруашылық жəне өзге де құбылыстың, табиғаттың күші мен апаттың болуы салдарынан айналадағы табиғи ортада адамдардың денсаулығына, экологиялық жүйелердің, өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық қорларының жағдайына қатер төндіретін теріс өзгерістер үздіксіз жүріп жатқан орта төтенше экологиялық жағдай аймақтары деп жарияланады. |