Главная страница
Навигация по странице:

  • Қазақ отбасындағы дәстүрлік тәрбие

  • 8 – СЫНЫП Ана

  • Қазақтың музыкалық аспаптары

  • Құмырсқа мен хазіреті Сүлеймен

  • Не жасалса да – жақсылыққа

  • Диктант. ДИКТАНТ МӘТІНДЕРІ. азастан республикасыны білім жне ылым министрлігі рлеу бао а филиалы оо бойынша педагогикалы ызметкерлерді біліктілігін арттыру институты диктант мтіндеріні жинаЫ


    Скачать 303.15 Kb.
    Названиеазастан республикасыны білім жне ылым министрлігі рлеу бао а филиалы оо бойынша педагогикалы ызметкерлерді біліктілігін арттыру институты диктант мтіндеріні жинаЫ
    АнкорДиктант
    Дата20.09.2022
    Размер303.15 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаДИКТАНТ МӘТІНДЕРІ.docx
    ТипДокументы
    #686475
    страница5 из 10
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

    Қымыз
    Қымыз – қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең бағалы дастархан дәмінің бірі. Ол тек қана бие сүтінен ашытылады.Жаңа сауылған бие сүтін сүзгіштен өткізіп, жылы кезінде күбідегі немесе сабадағы саумалдың үстіне құяды.Содан соң оны міндетті түрде 30-40 минут пісіп, аузын байлап не тығындап ұстаған.Алғаш рет қымыз ашытарда бие сүті сабаға, арнаулы ашытқының немесе қордың үстіне құйылады.Ашытқыны көбінесе сүр жаяның, қазының сынық сүйегін салып сүттен, ол жоқ болғанда сүтке нан ашытқысын езіп әзірлейді. Қор дегеніміз, ескі қымыз, ол – жақсы ашыған қымыздың саба түбінде қалатын, арнайы сақталған сарқыны.

    Қымыз – ерекше дәмді, құнарлы, хош иісті және өте сіңімді сусын. Қазақтар жыл маусымына қарай қымызды уыз қымыз, күзгі қымыз, қысқы қымыз деп атаған.Жазба деректер бойынша қымыздың 25 түрлі атауы бар.

    (117 сөз)
    Жылқының пайдасы
    Жылқы малын қазақ халқы қадірлер қастерлейді, басқа малға қарағанда ерекше бағалайды. Мінсе – көлігі, жесе – тамағы, қымызы – сусыны, терісі – киімі.

    Жылқы етінің өзге малдың етінен күштілігі туралы толып жатқан кеңестер бар.Мысалы, суық жерде тұрса да, жылқының сорпасы қатпайды. Жылқының майы да суыққа тоңазымайды. Жылқының еті сіңімді болады.

    Жылқының қымызы өкпе ауруының мың да бір емі. Күшті сүт күшті малдан ғана шығады. Жылқы терісінің иісі шыққан жерге жылан жоламайды. Далаға қонған адам жылан келмесін десе, атының ер-тұрманын айнала жайып тастайды. Жылан шаққан адамға аттың терісін қайнатып ішкізсе, ем болады екен. Жылқы лай суды да, сасыған суды да ішпейді. Шөптің асылын теріп жейді. Сондықтан жылқының еті мен оның сорпасына құрт езіп ішкен жылқышы қатты аязда да тоңбайды.

    (117 сөз)
    Ғаламдық мәселелер
    Адамзат қоғамы дамуына айрықша оқиғаларға толы болған XX ғасыр шиеленіскен, шешімі кезек күттірмейтін ғаламдық мәселелермен де әйгілі болды. Ғалым В.П.Максаковскийдің анықтамасы бойынша, ғаламдық мәселелер деп, бүкіл дүние жүзін, бүкіл адамзатты қамтитын, оның қазіргісі мен болашағына қауіп төндіретін және өзінің шешілуіне бірігіп күш жұмсауды, барлық мемлекеттер мен халықтардың біріккен әрекетін талап ететін мәселелерді атайды.

    Ғаламдық мәселелер сипаты жағынан әр түрлі болады, олардың негізгілердің қатарында бейбітшілікпен қарусыздану, экологиялық, энергетика және шикізат мәселелерін, демографиялық және азық-түлік мәселелерін атауға болады.Ғаламдық мәселелер бұл аталғандармен шектелмейді, іс жүзінде олардың саны әлдеқайда көп.Мысалы, қазіргі кезде ғарышты бейбіт мақсатта игеру үшін дамушы елдердің артта қалушылығын жою, қатерлі аурулардың таралмауы жоғарыда аталғандардан ешбір кем түспейді. Ғаламдық мәселелердің пайда болуына, олардың одан әрі шиеленісуіне көптеген факторлар әсер етеді және олар бірімен-бірі өзара тығыз байланысты.

    (118 сөз)
    Киіз үй
    Киіз үй – Орталық және Орта Азия көшпенділерінің көшіп-қонуға ыңғайлы негізгі баспанасы.Киіз үй туралы мәліметтер 7 ғасырдан бастап кездеседі. Киіз басу белгілі бір еңбек кәсібі болған. Оны сол заманда тасқа түсірілген суреттерден айқын байқауға болады.

    Киіз үй негізгі төрт бөлшектен құралады. Ол- кереге, уық, есік, шаңырақ. Бұлардың бәрі талдан, теректен жасалады. Киіз үйді шебер үйші жасайды.Олар талды Еділ, Жайық, Сырдария өзендерінің бойынан алады. Сөйтіп, көктемнен күздің аяғына дейін дайындайды, себебі оларды жасау күрделі әрі ұзақ.

    Қазақтың өмірінде шаңырақтың маңызы зор. Ол атадан балаға мұра ретінде қалып отырған. Сондықтан шаңырақ арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ата-бабалар рухы, күші жалғасады.

    Киіз үйдің басқа бөлшектері тозса, оларды жаңартады, ал шаңырақты сақтайды. Ошақ түтінінен ол қараяды, сондықтан оны «қара шаңырақ» дейді.

    (119 сөз)
    Қазақ отбасындағы дәстүрлік тәрбие


    Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Ал моральдік жағынан кіршіксіз таза болу дегеніміз – адамгершіліктің асқар шыңы. Адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиеттерімен ардақталады. Адамгершілік негізі – имандылық пен ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Осыны жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Ер балаларға үлкендерге қос қолдап сәлем беруді, қыз балаларға ибалық жасап жол беруді, жасы үлкендердің алдын кесіп өтпеуді уағыздаған. Жастардың жанына сыпайылық, кішіпейілділік қағидаларын үнемі сіңіруменболған.  Жастарды саналы тәртіпке тәрбиелеу мәселесі ерекше маңызға ие. Халық «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді . Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да, жаманға да бейім болатыны баршамызға аян. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.

    (120 сөз)

    8 – СЫНЫП
    Ана
    ...Ананың тілі, ананың махаббаты,ананың тілегі – тіл жетпес бір жатқан теңіз емес пе? Па, шіркін, ананың айналып-толғағаны кімнің есінен кетеді!

    Шырылдап жерге түскеннен-ақ, сенің ең бір жақының, ең бір досың, ең бір ұстазың бар. Ол – ана. Қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, тырмысып, бауырына жабысатының, шырылдап, уанбай жылап, сенің іздейтінің – ана. Сен жан болып дүниеге келдің. Сенің іздейтінің бірақ жан. Ол – ана. Ол саған бәрінен қымбат. Сен үшін ол жалпақ дүниеден де үлкен. Сондықтан да сен бір-ақ жанды білесің. Ол- ана.

    Міне, анаға деген махаббат сенің құндақта жатқан күніңнен басталады. Ананың жолы басқа. Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе, толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуға мүмкін емес!

    Мен білетін қазақ әйелі, қазақпын дейтін қара көз, қара баланың анасы, сенің жүрегің нәзік, сенің махаббатың балаға тіл жеткісіз биік!

    (124 сөз)
    Қараша күз белгісі
    Қараша күз келді. Солтүстіктен ызғырық жел соғып тұр. Айдын беті қиқулаған құс. Көпті көрген сары тіс аңшы айдындағы құстар тобына аңыра қарап, дүниенің басқа бір қызығын тамашалап кетіп еді. Өзі құс ату саятына көп шықпаса да, қаз үйрекке қаршыға, ителгі салғанды, бөдене мен шүрегейге қырғи салғанды талай тамашалаған.

    Міне, бүгін де күн шықпай, шығыстан сәуле көтерілген сайын құстардан тыныштық кете бастады. Олар тағы да ұзақ сапарға тартпақ. Ең алдымен көл бетіндегі аққулар тобы, сапарға шыққан ұшақтардың моторын қыздырғаны сияқты, қанаттарымен көл толқындарын сабалап, бірін-бірі қуып, қанат-топшысын қыздыра бастады. Аққулардың ұшуға әзірлігін сезгендей, қаздар мен үйректер де қиқу сап, ұрандасып, өз тобын жинап жатты. Әсіресе, күздің ең суығын ала келетін қараша қаздар да сапарға әзірленіп, қым-қиғаш қиқу мен қаңқылға басты.

    (125 сөз)
    Ұлы жібек жолы
    Жолдың аты жібек саудасына байланысты шыққан.Ал «ұлы» сөзінің қосылуы жолдың кең-байтақ Шығыс өлкелері мен Батыс өлкелерін қосып, байланыстырып жатуынан, жол бойындағы елдердің тіршілігін жандандыруынан. Сондықтан бұл жол «Ұлы Жібек жолы» болып тарихқа енді. Жібек матасы Қытай жерінде б.з.д. 2750 жылы жасалған. Ал оның сауда жолына шығарылып сатыла бастағаны немесе айырбас саудаға түскен мерзімі б.з.д. 5-2 ғасырлардың аралығы.Жібек халықаралық саудаға шығарылғанымен, оны өндіруді Қытай үкіметі өте құпия сақтаған.

    Ұлы Жібек жолы Ұлы Қытай қорғанының батыс шетінен өтіп, Іле өзенімен Ыстықкөлге жетеді.Сауда кезінде жол бойындағы елдер бір-бірімен қарым-қатынас жасаудың барысында өздерін тек тұтыну бұйымдарымен қанағаттандырып қана қоймады.Олар өзара мәдени жағынан да байланысқа түсті.

    Жібек жолы халықтар арасындағы сауданың дамуына ғана пайдасын тигізіп қойған жоқ, ол Шығыс пен Батыс елдерінің арасындағы халықаралық қарым-қатынастың дамуына да үлкен әсерін тигізді.

    (125 сөз)


    Дұрыс шешім
    Өзім университет деген үлкен школда оқып жүрген жігіт күнімде, әр жеті сайын Версаль қаласындағы шешеме жаяу барып- қайтып тұрушы едім. Сонда әрдайым жолымда бір Антон деген тіленші отырып, қайыр сұрап алып жүруші еді. Бір күні тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы арықтау кісіге ұшырасып, жөніміз бір болған соң, бірге келе жатқанымызда, әдетше манағы Антон алдымыздан шығып қайыр сұрады. Қасымдағы кісі тоқтап, Антонның бетіне қарап тұрды да айтты: - Сен қарауға еп-есті кісі секілді көрінесің және жұмыс істеуге қуатың да бардай көрінеді, сөйтіп тұрып мұндай жаман іспен өзінді кемшілікке салып жүрсің. Бай болғың келсе мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ сендей тіленшілік қылғаным жоқ; елден, қала- қаладан қыдырып жүріп, жай кісілерден ескі шүберек сұрап жиып қайыр сұрауды тоқтатқан едім.

    (127 сөз)
    Бір сәт
    ... Келденнің қаупі теріске кеткен жоқ. Түс ауа бергенде, бұл ауылға да шапқылап алымшылар жетті. Келгендер үшеу екен. Ең кәрісі төсінде қақпақтай үлкен жезі бар, жанында кең қоржын тәрізді іші бос былғары сөмкесі салбыраған алақұйын атшабар Далабай. Айбар үшін сөмкесін қамшысымен сабалап, қатын-баланы үркіте келді. Абалаған иттерді де үркіте қуып, өршелентіп қояды. Қасында осы Жігітектің ауылнайы Жігітек Дүйсен бар.Екеуі сан көбейту үшін, атқосшысы қыпүнсіз жігіт Сәлменді ертіп алыпты. Атшабар мен ауылнай келе бере шеткі үйлерден бастап, бықпырт тигендей ұмтыла жөнелді. Ауылда түстегі иіруде жатқан ешкі-лақ пен қараша үйлер жанындағы жалғыз сиырларға ұмтылды.

    Келден мен Әбді келіп, бұларға тіл қатып: «Базаралы шақырады, әуелі соған жүріп тіл қатыңдаршы тым құрыса! Адам баласысыңдар ғой, аял берші азғантай, жүріңдерші Базаралыға!» деп еді, Далбай құтырынып Келденге де қамшы үйіре бастады.

    (127сөз)


    Қазақтың музыкалық аспаптары
    Халқымыздың бүгінгі таңдағы белгілі болып отырған 40-тан астам музыкалық аспаптары ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, жалғасын тауып келе жатқан рухани мұра.

    Музыкалық аспаптар тек той-думандарда ғана пайдаланылып қоймай, жау шапқанда дабыл, дауылпаз, ұран, керней сияқты түрлері арқылы елге хабар беріліп отырған. Ал бақсы балгерлер зікір салғанда даңғара, асатаяқ, шаңқобыздарды пайдаланатын.Әнші-күйшілер өлең-жыр, терме айтқанда немесе күй шерткенде домбыра,сыбызғы сырнай, қылқобыз сияқты ішекті аспаптармен сүйемелдеген.

    Музыка аспаптарын ағаштың қайың, шырша, емен сияқты түрлерінен жасаған.Сонымен қатар аспап жасауға қамыс, саз балшық, малдың терісі мен сүйегі, мүйізі, қылы пайдаланылған.

    Балшықтан, қамыс, мүйізден үрмелі музыкалық аспап сазсырнай, сыбызғы, адырна, ұран, керней жасалады.

    Ішекті музыкалық аспаптар – жетігін, шертер, екі және үш ішекті домбыралар, қобыз, шаңқобыз, соқпалы аспаптар – даңғара, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, асатаяқтың бірнеше түрлері.

    (130 сөз)
    Құмырсқа мен хазіреті Сүлеймен
    Бір күні Сүлеймен пайғамбар бір құмырсқадан бір жылда қанша азық жейтінін сұрайды. Құмырсқа: «Бір жылда бір бидай дәнін жеймін» дейді. Алған жауабының рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатымен хазіреті Сүлеймен құмырсқаны бір ыдысқа қойып, қасына бір бидай дәнін беріп, дем алатындай тесік тастап ыдысты бір жылға жауып тастайды. Бір жыл өткеннен кейін ашып қараса құмырсқа бидайдын жартысын ғана жепті. Оның бұл әрекетіне таң қалған Пайғамбар құмырсқадан неліктен бидайдың барлығын жемегендігін сұрайды.

    Сонда құмырсқа былай жауап берген екен. «Менің азығымды үнемі Аллаһ беретін. Мен оған сеніп бір бидайды толығымен жейтінмін. Өйткені, оның мені ұмытпай рызығымды ұдайы беретініне еш күмәнім жоқ еді. Бірақ осы міндетті сен өзіне алғаныңда, адам ғой деп саған онша сене қоймадым. Мені ұмытып, рызығымды бермей қалуың мүмкін еді. Сондықтан да бір жылдық азығымның жартысын жеп, жартысын келесі жылға бөліп қойған болатынмын» дейді.

    (132 сөз)

    Ақпан
    Міне, күн қайта ұзарып, түн қысқарып келеді.Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ойдым-ойдым қарайған жерлерден қылтиып шығып келе жатқан «қар гүлдерін» көруге болады.Олар, әрине, жыпырлап өскен бәйшешектер.

    Ұсақ құстардың ішіндегі өжеттері аязды күндердің өзінде балапандарына жем-қорек таси бастайды.Бұлар – шоқитын тұмсықтылар. Олар өздерінің балапандарын жәндіктермен емес, қарағайдың тұқымымен қоректендіреді.

    Солтүстік Қазақстанның орманды жерлерін мекендейтін бұландар көктемнің алғашқы күндерінде мүйіздерін тастайды.Бір ай өткеннен кейін жаңасы өсіп шығады.

    Міне, қызық! Ақпан айында түлкілердің мінез-құлықтары өзгереді екен.Орман, даланы қалың қар басқанда оларға өздерінің қоректік заттарын, оның ішінде тышқандарды аулап жеу қиынға түседі.Осы кезде олар жақын маңдағы ауылдарға, құс фермаларына келіп, сонда күнелтуге тырысады.

    Қыстап қалатын сирек кездесетін құстардың қатарына полярлық ақ жапалақты жатқызуға болады.Оны Алматы маңынан да кездестіріп қалуға болады.Әдетте бұл әдемі құстар Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарындағы далаларда да кездеседі.
    (132 сөз)
    Шұғаның аулында
    Күн бата ауылдан шықтық. Біздің де жеккеніміз пар ат. Делбені өзім ұстадым.Қатты шыққан қарқынымызбен келіп қалдық. Әбдірахманның екі көзі алдында. Алдымызда жүз метрдей жерде Есімбектің үйі тұр,бірақ Шұға көрінбейді. Енді кішкене жүрсек, өтіп те кетеміз, бірақ өткіміз келмейді. Аттың басын тежей беремін. Бұдан кетсе, Әбдірахман Шұғаны мәңгі көре алмас деген ой елестейді. Бір-бірімізбен сөйлеспей келеміз, сонда да біріміздің ойлағанымызды екіншіміз біліп келеміз. Есіктің алдында бірталай адам жағалай отыр, бірақ бәрінің көзі бізде. Басында кимешек киген Шұғаның үлкен жеңгесі түйе сауып тұр. Үлкен үй мен отаудың арасында бәйбіше теңселіп жүр. Осының бәрі маған қуаныш секілді көрінді, сонда да біздің кетіп бара жатқанымызға ешкім таңырқаған жоқ. Ат тоқтауға айналған екен, сөйтсе де, делбені жиыңқырап ұстай бергенімде,ширыға жөнелді. Осы кезде ауылдың сырт жағындағы құдықтан келе жатқан екі әйел көрінді. Біреуі-Шұға. Әбдірахман арбадан қарғып түсті.
    (133 сөз)
    Адамгершілік
    Бұл 1915 жылы болған еді.

    Сұлтанмахмұт Алтай аясында, Катонқарағай еліндегі ауылдық мектепте балаларға қазақша сабақ берді.Кешкілікте өзі сол мектептің меңгерушісі Григорий Иванович деген мұғалімнен орысша сабақ алды. Григорймен екеуі дос болады.

    Әбдірахман деген болыстың мектепте үш ұлы оқиды.

    Үшеуі де шалдуар, сотқар екен. Осы үшеуі үзілісте ауыл кедейлерінің балаларын жәбірлеп, кәдімгідей жүгендеп, тоқым сап, ат қып мінеді екен. Оны Сұлтанмахмұт естіп, қатты ренжиді.

    Сұлтанмахмұт кедей балаларын шақырып алып:

    • Сендер адамсыңдар. Айырмасы сендер – тек кедейсіңдер.

    Ат боп жүген киіп, бай баласының тақымына түскендерің қорлық! - дейді.

    Әбдірахманның ерке ұлдары шағым жасайды. Кедей баласы Бөрібайды болыс ағаш үйдің шатырына қамайды да, есігіне құлып салып, өзі ел аралап кетеді.

    Бұл сұмдықты естіген Сұлтанмахмұт дереу шатырға шығып,құлыпты бұзып, Бөрібайды босатып алады. Сұлтанмахмұт баланы өз үйінде үш-төрт ай паналатады.

    Григорий Иванович Сұлтанмахмұттың бұл адамгершілік ісіне риза болады.

    (135 сөз)

    Не жасалса да – жақсылыққа
    Қыстың суық бір күнінде бір ауылдың балықшылары балық аулауға шығады. Кешке қарай қатты дауыл соғып, күн күркірейді. Теңізге шыққан балықшылыр жол таппай ауылға қайта алмай қалады. Түні бойы жақындары, жұбайлары мен балалары уайым ішінде ұйықтай алмайды. Олар қолдарынан ештеңе келмегендіктен Аллаһқа қол жайып, балықшылардың аман-есен оралуларын тілейді. Түннің ортасында жағадағы үйлердің бірі жанып кетеді. Өртке қарсы күресе алмай жарты сағат ішінде үй толығымен жанып күл болады. Балықшылар жанған үйдің жарығына қарай аяңдап, жағаны тауып аман-сау үйлеріне оралады. Ауылдастардың бәрі келген балықшыларды қуанышпен қарсы алса, араларында бір кісі көңілсіз болып қала береді. Бұл кісі өрттен үйі жанып, зардап шеккен балықшының әйелі болатын: «Құдайым-ау, енді қайттік! Үйіміз ішіндегі заттарымен бірге жанып күл болды!» - дегенге күйеуі: «Өртті бергенге сансыз шүкірлер болсын! Өртенген үйіміздің жарығының арқасында барлық қайықтарымыз жолды тауып аман оралды!» - дейді.

    ( 135сөз)

    Ең әдемі қайсысы
    Ертеректе атағы барша елге әйгілі бір патшаның ай десе аузы, күн десе көзі бар әсем қызы болыпты. Қыз бой жетіп, тұрмыс құрар шақта, ешкімді менсінбей жүре беріпті. Патшалардың ұлдары мен неше түрлі байлардың ұлдарын да ұнатпапты ... Қыз барлығына мұрын шүйіріп қарапты.

    Сол аймақта тұратын түрі келіскен, бірақ өте кедей әлгі қызды айттырып барыпты. Одан да бас тартыпты. Әлгі жігіт басқа бір елге барып еңбектеніп мал тауып атақты байға айналыпты. Сөйтіп араға қаншама жыл салып, еліне оралады да өзіне қарамаған қызды көргісі келеді.

    Адамдардан сұрастырып жүріп қыздың үйін тауып алады. Үйінің қақпасына жақындағанда қақпадан бір түр әлпеті келіспей қалған бір адам шығып кетеді. Ол едәуір ұзап кеткеннен кейін әлгі жігіт есікті қағады. Қақпаны қыз ашады. Жігіт қыздан не үшін мұндай адамға тұрмысқа шықтың деп сұрайды. Қыз жігіттің сұрағына жауап бермек болып, үйдің арқасындағы бақшаға алып келеді де:

    - Сен осы жерден сұрағыңа жауап аласың. Мен сенен осы бақшаның ең тамаша гүлін алып келуіңді қалаймын. Бірақ бір шартым бар, бақшада жүріп келе жатып арқаға қарай жүрмейсің. Тек қана алға, - дейді. Жігіт:

    - Жарайды, келістік, - дейді де бақшаның ішіне кіріп кетеді. Әдемі гүлді таптым ғой, дей бергенде алдынан одан да әдемісін көреді. Сол гүлді ала бергенде одан да әдемісін көріп қалады ... Осылай жүре-жүре бақшаның соңына да келіп қалғанын байқамай қалады. Кері қарай жүруге болмайды!

    Сөйтіп бақшаның соңындағы солуға айналған гүлді алуына тура келеді. Осы кезде қыз:

    Міне! Енді түсінген шығарсың, әлгі адамды неге таңдағанымды? 
    (136сөз)
    Түсінгенім...
    Түсінгенім... ешкімді қинап өзіңді жақсы көргізе алмайсың.Жақсылығыңды аяма, қалғанын өздері біледі.

    Түсінгенім... сенімге кіру үшін жылдар керек, сенімнен шығу бір-ақ сәт.

    Түсінгенім... өмірде қолда не бары емес, қасыңда кімнің болғаны маңызды.

    Түсінгенім... адамның басына түскен ісі емес, сол жағдайда не істегені маңызды.

    Түсінгенім... сөз қайтару, ойлап сөйлеуден жеңіл.

    Түсінгенім... кіммен қоштассаң да жылы шырай таныт, өйткені онымен соңғы рет кездесіп тұруың мүмкін.

    Түсінгенім... егер сезімдеріңді басқара алмасаң сезімдерің өміріңді басқарады.

    Түсінгенім... кейбір адамдар қатты жақсы көрсе де, сезімдерін қалай білдіру керектігін білмейді.

    Түсінгенім... екі адам бір нәрсеге қарап екі түрлі нәрсе көруі мүмкін.

    Түсінгенім... жақыныңды ренжітпеу мен көзқарасыңа берік болудың арасындағы сызықты табу қиын.

    Түсінгенім... ең жақын достарың да ренжітуі мүмкін, оларды кешіре білу керек.

    Түсінгенім... кейде біреуді кешіру жеткіліксіз, өзіңді де кешіре білу керек.

    Түсінгенім... жүрегің қанша жылап сыздаса да дүние сен үшін тоқтап қалмайды.

    (138сөз)
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


    написать администратору сайта