Главная страница
Навигация по странице:

  • 7 - СЫНЫП Қажымұқан

  • Жәндіктер қысқа қалай қамданады

  • Болат Сарыбаевтың еңбегі

  • Диктант. ДИКТАНТ МӘТІНДЕРІ. азастан республикасыны білім жне ылым министрлігі рлеу бао а филиалы оо бойынша педагогикалы ызметкерлерді біліктілігін арттыру институты диктант мтіндеріні жинаЫ


    Скачать 303.15 Kb.
    Названиеазастан республикасыны білім жне ылым министрлігі рлеу бао а филиалы оо бойынша педагогикалы ызметкерлерді біліктілігін арттыру институты диктант мтіндеріні жинаЫ
    АнкорДиктант
    Дата20.09.2022
    Размер303.15 Kb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаДИКТАНТ МӘТІНДЕРІ.docx
    ТипДокументы
    #686475
    страница4 из 10
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

    Адам болып қалу
    Үлкен қаланың кішкентай ауруханасында Қара шашты және Ақ шашты екі ана жатты. Олар бір күнде ұлдары дүниеге келіп, өте бақытты еді. Олар балаларының болашағы туралы армандады. Ақ шашты ана өз баласының әйгілі сазгер немесе жазушы, мүсінші немесе инженер болғанын армандады. Қара шашты ана өз баласының қайырымды адам болғанын, ешқашан анасын, өз үйін ұмытпағанын, Отанын, табиғатты, адамдарды сүйгенін қалайтынын айтты.

    Отыз жыл өтті.

    Қаланың шетіндегі кішкентай емханада Қара шашты және Ақ шашты ана тағы кездесті.Олардың шаштарына ақ түсіп, беттерін әжім басқан еді. Олар бір -бірін таныды. Олар бір палатаға түсіп, өз өмірлері туралы, қуанышы мен қайғысы туралы айтты. Қайғылары – екеуінің де күйеуі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, қуаныштары – ұлдары қастарында.

    (102 сөз)
    Диқан мен жер
    Мен диқанмын, жерді сүюге, білуге тиіспін. Мен туған жерді жырлайтын өзімше ақынмын. Жетісуды, оның ішінде Көксу, Тентек, Қаратал бойын, жақсы білемін. Өзімнің туған жерім —Малайсары. Жетісу — аса сұлу жер. Қайда барсам да, Жетісудан сұлу, әдемі жерді көрмедім.

    Диқанның жермен кіндігі бір. Оларды ажыратсаң өледі. Не диқан өледі, не жер өледі. Жер мен диқанның қасиетініңөзі осында. Бұл ғана емес, осы жердің астында қанша жерде тас жатыр, қай жерде қанша су бар, қай жерді қанша суғару керек, қай жерден қанша өнім алуға болады, мен соның бәрін білемін. Оны білмесем, мен диқан емеспін. Менің тарихым — осы туған жерім. Өстім. Жүгірдім. Еңбек еттім.Барлықтарихым осы.

    (102 сөз)
    Бір кем дүние
    Бай жаңа маркалы шетелдік көлігімен зыр етеді, кедей «қоғамдық көлік» деп аталатын автобустарда сығылысып, қайда барса да кешіге береді.

    Байдың балалары шетелде «оқып», кедейдің балалары өз еліндегі өгейдің күйінде жүр. Білімін дәлелдеу үшін де ақша керек, бірақ, сұралған соманы өңінде көретініне өзі өлгенше сенбес!

    Тізбектей түссек, «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» мен «Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейдінің» синонимы көп. Қаптатып қайтеміз енді?!. Ең бастысы, өз ұлтын менсінбейтін қазақ байлары халық қазынасын жапалақша басып жеуде. Ұлттық намыс, ұлағатты сөз дегендей керекті қисын кедейдің ғана пешенесіне жазылып қойғандай. Тұрмыстық бай – рухани жұтаң, рухани байдың тұрмысы нашар. Шерхан Мұртаза айтпақшы, «бір кем дүние».

    (103 сөз)
    Демографиялық жағдай
    Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2030 жылдарға дейінгі бағдарламасында демографиялық саясатты ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыты деп белгіледі.

    Халықтың жалпы өсуі негізгі екі жағдайға байланысты.Олар: табиғи өсу(туылғандар мен қайтыс болғандар санының айырмашылығы) және механикалық өсу (келушілер мен кетушілер санының айырмашылығы).

    Халықтың кему-көбеюіне экологиялық, биологиялық, психологиялық, дәрігерлік жағдайлар да әсер етеді. Адам өмірінің ұзақтығы өмір сүру деңгейі мен санасына байланысты.

    Демографиялық жағдайлардың басты мәселелерінің бірі – өлім-жетімнің көбеюі. Оның себептері: денсаулық қорғаудың қолайсыздығы, қоршаған ортаның ластануы, тағам сапасының төмендеуі.

    Халық санының кемуіне көптеген, әсіресе, экономикалық және әлеуметтік факторлардың ықпалы күшті.

    Өлім-жетімнің табиғи емес, кездейсоқ себептері де көбеюде.Көптеген өлімнің басты себебі – араққұмарлық пен нашақорлық болып отыр.

    (105 сөз)
    Көрнекті тұлға

    Әр ғасырдың өзінің біртума азаматтары , аты аңызға айналған көрнекті тұлғалары болады. Солардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Есімі дүние жүзіне белгілі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері.Ол 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.

    1931 жылы Д.А.Қонаев Мәскеудегі Калинин атындағы «Түсті металдар» институтына оқуға жіберілді. 1936 жылы осы институттың тау-кен факультетін бітіріп, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне кен инженері болып барды. Мұнда Д.А.Қонаев қарапайым жұмысшыдан, кеніш директорына дейін көтеріледі.

    Ұлы Отан соғысы кезеңінде Риддер кен орнының және Лениногор кен басқармасының директоры болды. Кейін Министрлікте қызметін атқарды. 1952 жылғы сәуірде Ғылым Академиясының академигі және оның президенті болып сайланды.

    (107 сөз)
    Ұлттық валюта
    1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Т. Сүлейменов, М. Алин Англияға аттанды. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Біздің қазақстандық теңгеміздің туған күні - 1993 жылдың 15 қарашасы.

    Дәл осы күні Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.

    1993 жылы қараша айына дейін эмиссиялау қызметін тек қана КСРО-ның Мемлекеттік банкі, кейіннен Ресейдің Орталық банкі атқарып келді.

    Ұлттық Банктің мұражайы туралы. Қазақстандық валютаны жасау тарихын болашақ ұрпаққа сақтап калу мақсатында 1997 жылы 13 қарашада Ұлттық Банктің мұражайы ашылды.

    (107 сөз)
    Біздің қала
    Біз Алматы қаласында тұрамыз. Алматы қаласы - ең әдемі қалаларының бірі.Таудан төмен қарай созылған тіп-тік, әдемі көшелері неше түрлі ағаштармен көмкерілген. Көшелердің екі жағынан сылдыраған мөлдір бұлақтар ағып жатады. Достық атындағы сарай, Спорт сарайы, Оқушылар сарайы және көп қабатты қонақ үйлер өздерінің керемет көркемдігімен көздің жауын алады. Қаланың оңтүстігін басынан өмір бойы қар кетпейтін ақ бас Алатау қоршаған. Тау беттерін қысы-жазы өзгермей, ылғи жап-жасыл болып тұратын шыршалар мен қарағайлар, ақ қайыңдар жапқан. Етегінде атақты «Медеу» мұз айдыны, көптеген демалыс, сауықтыру орындары бар. Олар алуан түрлі гүлдерге, бау-бақшаларға бөленген. Қалада тарихи орындар, мұражайлар, көрікті жерлер,бақтар өте көп. Қаланың батысы мен шығысынан Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендері ағып жатады. Алматы қаласының табиғаты - сирек кездесетін тамаша табиғат!

    (108 сөз)
    7 - СЫНЫП
    Қажымұқан
    Сахара жұрты естен кетпес, бұрын-соңды естіп білмеген көрініске куә болатынын Қажымұқан шапанын шеше бастағанда-ақ сезді. Құрыштан құйылғандай сұлу мүсінді, алып палуан қолын екі-үш рет жоғары-төмен құлаштай жазып, ішін тартып алғанда, тіптен сидиып, сүмбіле қалыпқа түсті. Сол кезде жәрмеңкенің машинасы да тасадан гүрілдей қозғалып, қастарына келіп тоқтады. Қорабын ашып, асын жерге әзер түсіреді. Мал өлшейтін таразының тақтайын да бір жаққа ысырды. Алғашында Қажымұқан бұлшық еттерін қалпына келтіру үшін әрі көпшілікке қазақ көрініс ретінде таразының ауыр кірлерін кезек-кезек лақтырып, саусағымен айналдырды. Телеграфтың ұзын бағанасын мойнына салды да, екі жағына он-оннан жиырма жігітті отырғызды. Салмақты теңеп тексерді де, орнынан тік тұрып, жігіттерді көтерген бойы айнала қоршаған топты бір айналып шықты.

    (103 сөз)
    Көкшетау
    Күн ыстық.Көкшетау маңы. Айнадай тұнық сулы Көлшүмектің қасы. Көлшүмектің жағасындағы көк ала қамыс, судыр құрақтар айнаның жиегіне салынған әдемі өрнек сияқты. Көктегі шыжығын қызыл күн өткір алтын шұғыласын көктен жерге бүркіп тұрғандай. Айнала – төңірек, жер-дүние , жан-жануар, жердегі өсімдік қазір маужырап, марғау тартып тұрған тәрізді.

    Ойпаң, көк ала құрақты кішкене Көлшүмек. Айнала теңірек ылғи белес. Күншығыс жатқан Көкшетаудың басы көрінеді. Тек күнбатыс жақтағы Көкшетау қаласына қараған жонның оң жағы - көсіліп жатқан қиырсыз дала.

    Белестер де, ойпаңдар да, далалар да, бұта-өсімдіктер де көкпеңбек, жасыл бояқтай. Түп-түгел қара жерге жасыл жібек кілем төсегендей. Көк ала Көлшүмек те жап-жасыл. Оның айнадай суында зеңгір аспанның суреті көрінеді.

    (105 сөз)
    Баянауыл
    Баянауылға біз күн түске тармаса жеттік. Оның сыртқы жобасы Бурабайға ұқсас. Бурабайдың төбесінен төмен түскен қарағайлы қалың орман етегі арқылы жазық далаға кең жайылып кетеді. Баянның орманы алысқа ұзап бармайды. Бурабайдың сексен көлінің бәрі жыныс орманмен жиектеле қоршалған. Баянның ығындағы атақты Сабынды көлдің айналасы жалаңаш. Бурабайда кең шалқар көп. Баянда онда көлдер үшеу-ақ: Сабындыкөл, Жасыбай,Торайғыр. Торайғыр көлінің жағасында қазақтың атақты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қабірі бар.

    Жол бізді Жасыбай көліне әкелді. Бұл тамаша көркем көлдің жағасында жаңа орнаған өндірістер: Екібастұз,Майқайың, Бозшакөл. Олардың жұмысшылары тынығатын салтанатты үйлер бар. Біз соларды аралап көп жүрдік. Қар-қаралыға беттеп шыққанда, біз «Жалаңтас» асуынан өттік. Алдымыз – бұйратты кең дала. Соған сүңгіген көркем Баянның шоқтығы биіктей берді.

    (110 сөз)
    Қазақтың ұлттық өнері
    Ағаш пен сүйектен оюлап тұрмыстық заттар жасау – халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерлерінің бірі. Сүйектен ойып, әшекейлі бұйым жасайтын шеберлерді, ағаш ұсталарын жұрт бұйым жасату үшін , ат арытып іздеп келетін болған. Олар ағаш бұйымдардың бетіне, аттың қамыт-сайман, ер-тұрманына, музыкалық аспаптарға сүйектен ойып, өрнек салған. Қазба жұмыстары кезінде қазақ даласынан табылған әшекейлі сәндік бұйымдардың ішінде, тіпті тас дәуірінің соңғы кезіне жататын мүліктер бар екені анықталды.

    Ағаштан оюлап жасалатын тұрмыстық заттың көп тараған түрі – төсек ағаш, кебеже, сандық. Халық шеберлері ағаштан астау, шара табақ, тостаған, теген, саптыаяқ,ожау сияқты ыдыстар дайындаған. Мұндай әшекейлер киіз үйдің сүйегіне де түсірілген.

    (111 сөз)
    Халық ауыз әдебиеті
    Халық ауыз әдебиеті – қазақ халқының көне ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен рухани, мәдени мұрасының бір түрі. Қазақ халық ауыз әдебиеті өте ерте заманнан басталады. Жазу-сызу өнері болмаған кездің өзінде-ақ қазақ халқы бүкіл тіршілік-тынысы туралы талай шығармалар тудырып, оны ғасырлар бойы дамытумен болған. Ауыз әдебиетінің өлеңдер, мақал-мәтелдер, ертегілер, батырлар жыры, тұрмыс-салт жырлары, айтыс, аңыз-әңгімелер және тағы басқа түрлері бар.Олар бір мезгілде туып, қалыптасқан жоқ. Әрқайсысының шығу, өсіп-өркендеу тарихы, ұзақ уақытқа созылған даму жолдары бар. Халықтың әр дәуірдегі қоғамдық өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік көзқарасы ауыз әдебиетінің тууына және қалыптасып дамуына әсер еткен, мазмұн берген. Халық ауыз әдебиеті халық өмірімен тығыз байланысты болған.

    (111 сөз)
    Жәндіктер қысқа қалай қамданады
    Қыр хайуандары қыс таянғанын сезеді де, ерте бастан қам қылады. Кірпі мен тышқан інге кіріп, қыс қатып жатады. Кірпі жапырақ жинап, соған оранады. Тышқан қу шөпке оранып, құнысады.

    Тиін ағаштың қуысына тығылады. Ол күздің қара басынан ағаштың бүршігін, жаңғағын, саңырауқұлақты жинап алады.Қыстың күні соларын жейді де, ұйықтайды. Жарқанат баспаналы жерге кіріп, тырнағымен бірдеңеге жабысып, басып салбыратып, жаз щыққанша ұйықтаумен болады.

    Жылан, шаян, кесіртке, бақалар тас астына, ағаш түбіне, жылы жерге кіріп, жазға дейін қатады.Қоңыз, құрт, сүліктер де сондай бірдеңе қылады.

    Балықтар ғана тереңде,су түбінде қыстайды.Қоян қыстай ақ қарға алас ұрып, жүгіріп тамақ іздеп жүргені. Шөп аршып жей ме, ағаш қабығын кеміре ме, әйтеуір дамыл жоқ.Адам қамын жемесе, үй хайуанаттарына да қыс бапты тимейді.

    (111 сөз)
    Тарихы терең ел
    Арайлап атқан таңы бар, асу бермес асқары бар сайын дала, жазиралы жерді мекендеген мейірбан халқы бар ел – Қазақстан. Ол- бүкіл қазақ халқының атамекені, кіндік қаны тамған киелі жер. Ол- дүниежүзіндегі барлық қазақтардың Отаны.

    Қазақстан Республикасы – өз тәуелсіздігін алған, өркениетке бет бұрған егеменді ел. Әр қазақ азаматының парызы мен қарызы – ұлтының ұлықтығы, теңдігі, елдігі үшін тер төгу.

    Бұл сезім тәуелсіз Қазақстанның азаттығын аялаудан, ұлан-байтақ жерді, ұлан-ғайыр байлықты ардақтаудан басталады. Тарихын, ерлікке толы сахара жұртының ғұмырын тасқа қашап қалдырған Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған бабалардың асқақ рухы, асқан батырлығы ұлттық мұралардың қайнар көзі болып табылады. Заманында әлем өркениетімен иық теңестірген салтанатты шаһарлар, сәулетті кенттер қазақ елінің алып мемлекет болғанын айғақтайды.

    (112 сөз)
    Төбе сыры
    Төбе – топырақтан, құм мен қиыршық тастан үйіліп қалған дөңес жер. Мұның үлкен мәні бар. Ертеде ел келе Жатқан жауын да, досын да төбе басында отырып шолған. Ол – ол ма, өткен-кеткен әңгіме де, болашақ туралы кеңес те төбе басында айтылған.

    Тарихқа үңілсек, әлемге әйгілі қалалардың бұл күнде төбе болып, үйіліп жатқанын білеміз. Соның бірі – Отырар қаласы, осы күнгі Отырар төбесі.

    Отырар – 1969 жылға дейін сол төмпешік төбе қалпында жатты. Қазу жұмыстарының нәтижесінде көп дүниенің орны, тоқыма сыры ашылды. Темір соғатын ұста дүкенінің орны , тоқыма станогының қалдықтары, қыш құмыралар, күміс білезік, мыс тиындар – Отырар қаласының төбеге айналған топырағының астында қалған тарихи деректер.

    Біздің жерімізде табиғи төбелер де өте көп. Олар бітім тұлғасының өзгешелігіне қарай Қарауыл төбе, Көктөбе, Ақтөбе, Қостөбе деп аталады.

    (112 сөз)
    Табиғи ортаның ластануы
    Адамның шаруашылық әрекеті қоршаған ортаның шамадан тыс ластануына алып келді.Атмосфера мен гидросфераның өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қалдықтарымен, ал Дүниежүзілік мұхиттың мұнаймен ластануы, топырақ қабатында ауыр металдар мен улы заттардың шоғырлануы, тұрмыстық қалдықтар көлемінің артуы ақыр соңында адамның денсаулығына қауіп төндіреді.

    Ең «лас» өнеркәсіп салаларына тау-кен және құрылыс материалдарын өндіру мен өңдеу, химия өнеркәсібі, целлюлоза-қағаз өнеркәсібі жатады.

    БҰҰ-ның ғаламдық экологиялық мониторинг жүйесінің мәлеметтеріне қарағанда, өзендердің нитраттармен, фосфаттармен және пестицидтермен, қалдық сулармен ластануы артуда.

    Ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану қоршаған ортада өзіндік қауіп-қатер төндіреді.1986 жылы сәуір айында Чернобыль АЭС-нде болған жойқын апаттың зардаптары осы кезге дейін сақталып отыр. Атом энергиясы өндірісін экологиялық қауіпсіздігі мен экономиялық тиімділігі жоғары салаға айналдыруға бағытталған.

    (112 сөз)
    Болат Сарыбаевтың еңбегі
    Алматыда қазақ халқының Ықылас атындағы музыка аспаптары мұражайы бар. Оның негізін қалаушы – Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясының доценті Болат Шамғалиұлы Сарыбаев. Ол 1970 жылдардан бастап көне аспаптарды жинаған. Мұражайдың төрінде домбыра тұр.Ол – дала күйшілерінің бірі, Құрманғазының шәкірті – Дина Нұрпейісованың домбырасы. Ол осы қарапайым домбырадан күй орындап,1939 жылы Мәскеуде өткен халық орындаушылыраның Бүкілодақтық байқауына қатысты. 1925 жылы Парижге гастрольдік сапармен барған Әміре Қашаубаевтың домбырасы да осында тұр.

    Мәскеудегі өте үлкен кітапханада Г.Зелинскийдің 1910 жылы басылып шыққан «Қырғыз» атты поэмасын оқи отырып, Б.Сарыбаев кітапқа түсірілген суреттерді көріп қуанады.Ол суреттерде қазақтың киіз үйінің керегесіне ілінген домбыра, қобыз, асатаяқ сияқты көне аспаптарға көзі түседі. Іздеп жүріп, оларды Семей қаласындағы Абайдың мұражайынан табады.

    (113 сөз)
    Көктемде
    Екі күннен кейін мен қалаға жүріп кеттім. Каспий суының жаңа ашылған кезі. Лай судың үстінде болбырлау сұрғылт сеңдер теңселе жылжиды. Оларды біздің қайығымыз қуып жетті де, басып озды. Сеңдер қайықтың жақтауына соқтығып, шатынай айырылып қалып жатты. Толқындарды жарға айдап, «жорға жел» ойнақтады. Бөшке, қап, жәшік сияқты ауыр жүк артқан моторлы қайық тербеліп келеді. Рульді ұстап келе жатқан жас жігіт еді. Оның үстіне қырма қой терісінен істеген, омырауы әр түсті жіппен кестелеген әсем пешпеті бар.

    Оның жүзі сабырлы, салқын қанды еді. Қайықтың тұмсық жағында көмекшісі отыр. Бұл үстіне жыртық шекпен киген, белін арқан жіппен буған, басында көнетоз қалпағы бар, үсті-басы үрпі-түрпі бір мұжық еді. Ол ұзын ағашқа ілген темір ілмекпен сеңдерді серпіп қояды.

    (113 сөз)
    Найман-Ана
    Найман-Ана Сарыөзектің жазық даласында ұясы бұзылған құстай шырылдап, айналып жүрді де қойды. Енді не істерін, не күтерін де білмейді. Жуан-жуандар қалың малын енді өз ордасына қарай жақындатып айдап кете ме, жоқ әлде Найман-Ананы ұстап алудың амалын ойлап аңдуға көше ме - белгісіз. Ойы он саққа кетіп, таса-тасаны сағалап, әлгілерді алыстан көздеп жүріп , екі жуан-жуан табыннан алыстап, ауылдарына қайтып бара жатқанын көріп, қатты қуанып қалды.Әлгі екеуі артына қарайламай, қатарласып кетіп барады. Олар әбден алыстап кеткенше Найман-Ана көз алмай тұрып, ақыры ұлына оралуға бекінді. Бұл жолы баласын қалайда алып кетуге бел байлады.Мәңгүрт те болса – өз перзенті, мәңгүрт болғаны баласының кінәсі емес, тағдырдың салғаны, жойпат жаудың қатыгез қара жүректілігі; ал бірақ ана өз балапанын жау қолында құлдықта қалдыра алмас.

    (115 сөз)
    Біздің Отанымыз
    Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасы Еуразия континентінің орталығына орналасқан. Аумағы батыстан шығысқа қарай 3000 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке дейін 1600 шақырым. Республика жер көлемі жөніне дүние жүзінде тоғызыншы орында. Қазақстанның ауа-райы, табиғаты әр алуан.

    Біздің елімізде 48262 көл бар. Олардың ішіндегі ең тереңі – Алакөл. Алакөлдің тереңдігі 54 метр. Ал ең ащы грамм тұз бар. Ең тұщы көл – Марқакөл. Оның бір литр суында 80 миллиграмдай тұз бар.

    Қазақстанның жануарлар және өсімдіктер дүниесі де әр түрлі. Елімізде 6 мыңнан астам өсімдік, 500 түрлі құс, 178 түрлі аң, 107 түрлі балық бар. Жеріміздің 10 пайызы таулы қазбаларға да өте бай.
    (116 сөз)
    Балаға ат қою
    Қазақта бала туғаннан кейін ел ішіндегі аса құрметті қарияға немесе баланың атасына, әжесіне немересінің атын қойғызады.Ат қоюдың өзінен бүкіл бір халықтың ұлттық ерекшелігі, ой-арманы, түсінігі ап-айқын көрініп тұрады.Мысалы, ерте заманда балаларға көз тиюден немесе жын-шайтаннан сақтасын деген оймен Итбай, Күшікбай,Жаманбай деген оғаш есім қоятын болған.

    Адамға ат қоюдың себептері алуан түрлі тілек-мақсаттарға байланысты да болып келеді. Бала бай, дәулетті болсын деген мақсатпен Байбол, Дәулет, Алтынбек, Алтынбай; күшті де батыл деп Арыстан, Батырбек, Қаһарман, Ербатыр; сұлу да көрікті болсын деп Айсұлу, Әсем, Ботагөз, Ажар; ақылды да тапқыр болсын деп Ақылбек, Ақылбай, Есбол сияқты есімдерді таңдап қойған.

    Көптеген есімдер халықтың әдет-ғұрпына, күн, жыл аттарына да байланысты болып келген. Мысалы, Наурызбай, Жұмабай, Бейсенбай; балалары шетіней берген отбасылар жаңа туған сәбилерге Тоқтар , Тұрсын, Тоқтасын деген есімдер қойған.
    (116 сөз)
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


    написать администратору сайта