Диктант. ДИКТАНТ МӘТІНДЕРІ. азастан республикасыны білім жне ылым министрлігі рлеу бао а филиалы оо бойынша педагогикалы ызметкерлерді біліктілігін арттыру институты диктант мтіндеріні жинаЫ
Скачать 303.15 Kb.
|
Тоғжан аулында Сүйіндіктің аппақ үлкен үйі жылы екен, іші толы тірелген жүк, буулы тең менен сандықтар. Оның ар жағы екі босағаға шейін текемет,алаша, тұс киізбен қоршалыпты. Саптама мен тиін ішікті әлі тастамаған Абай бұл үйде тоңазитын емес. Биылғы көктемде алғашқы рет киіз үйге қонғалы отырғаны осы. Мұнда бір жеңіл салқындық,кең тыныс бар. Көктемдегі киіз үй Абайға әрқашан таңсық болатын. Үлкен үйдің ортасында ала көлеңкелеу жанған тас шам бар. Сүйіндік бәйбішесімен және екі баласы– Әділбек, Асылбекпен – бәрі де қонақтармен бірге болды. Бұл үйге, әсіресе, өзгеше көктем нұрын енгізген бір жан бар. Ол Сүйіндіктің қызы -Тоғжан. Абай келгеннен бері, Тоғжан үлкен ағасы Асылбектің отауынан осы үйге бірнеше рет келіп кетті. Сылдырлаған шолпысы, әлдеқандай былдырлаған тілменен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Құлақтағы әшекей сырғасы,бастағы кәмшат бөркі,білек толған неше түрлі білезіктері – баршасы да бұл өңірден Абайдың көрмеген бір сәні сияқты. Толықша келген, аппақ жүзді,қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай болдып қиылып тұр. Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас,жүрекке шабар жендеттің жебесіндей. Тоғжан үйдегі сөзге құлақ салып, не күліп, не қымсынса сұлу қастары бір түйіле түсіп, бір жазылып, толқып қояды. Елбіреп барып дір еткен қанат лебіндей. Самғап ұшар жанның жеңіл әсем қанатындай. (192 сөз) Ақсақ Темір Ол елу жыл жапанды жалпағынан басып,өзінен өзге де күш барын сезген адам емес. Темірдің темір өкшесі талай қаланы молаға, талай елді елсіз далаға айналдырды. Талай мемлекетті балшықтай жаншып,шалшықтай шашып жіберді. Пілдің шойын табаны құмырсқаның илеуін қалай таптаса, бұл одан да асырды. Оның жүріп өткен жерлерін төрт жағына түгел аққан қан өзендері сай-саланы топандай басты. Жеңілген елдің сүйегінен биік мұнаралы минарет,сарайлар салдырды. Темір ажалмен күш теңестіріп, өмірді талқандады. Өзінің жалғыз ұлы Жәңгірді ажал алғанын кектеп, ажалға талай жерде қамшы соғып, қармысын қаптырды. Ол ажалдың күнбе-күн алып тұратын құрбандығын тартып алғысы келді. Содан кейін қайғыға булығып, арып-талып, ажалдың өзі де аштан өлсін деді. Жалғыз баласы Жәңгір өлгенде, Самархан халқы от түкіріп, қан қақырған арыстанын қаралы қошеметпен қарсы алған ғой. Өлім егіп, өлімтік қорғап, айналасына у шашқан ақсақ арыстан қара мен көктен ғана киініп, ішін жалын өртеп, шер кернеп шыққан еді. Отырарда өліммен ұшырасып, ұлын берген сағаттан бастап, отыз жыл бойы Темір бір езу тартқан емес-ті... Сол ұшырасқанда өлім оны жеңіп, өзім өлсем, дүниеге у шашарым болады деген ұлын тартып алған-ды. Содан бері отыз жыл бойы адам баласын аяу дегенге, адам баласын сүю дегенге мүлде жабылып қалған. (192сөз) Тәрбие бұрыс болса Бір күні ауыл ақсақалы бидің алдына келіп, ұлына шағымданып былай дейді: - Тақсыр! Кеше өз ұлым мені егістіктің басында ұрып-соқты. Өгізді ұратын қамшымен ұрып, жанымды көзіме көрсетті. Оның бұл ісіне қатты өкіндім. Мен сонда ұлымды мені ұрсын деп өсірдім бе? Істің ақыры бұлай болады деп кім ойлапты. Қартайғанда мұндай қорлық көрем деген ой кіріп те шықпапты. Осыған шара іздеп келіп отырмын. Маған ақыл айтып, қол ұшын беріңіз. Қарияның әңгімесін мұқият тыңдап болған соң, би былай сұрақ сұрайды: - Аллаһ сақтасын мұндайдан! Әкесіне қалайша жұдырық жұмсайды. Сен өз ұлыңа Аллаһтың дінін үйретіп пе едің? Әке-шешеге құрмет көрсету керектігін түсіндірмедің бе? Жас кезінде балаға әдеп пен тәрбие сабақтарын бермедің бе? - Тақсыр! Ауылдың жағдайын білесіз. Азаннан кешке дейін күйбең тіршіліктен қол тимейді. Малға қарайсың, егін егіп, жем-шөп жинайсың дегендей. Ондайға мән бермеппіз, - деп жыламсырап жауап қатқан қарияға: - Олай болса, сенің ұлыңа өкпелейтін ешқандай жөнің жоқ. Ол сені соқа тартатын өгіз деп қалған ғой шамасы. Өйткені ұлың үшін сені мен өгіздің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ұлыңа әкенің қадірін үйретпепсің. Ұлың өгізді ұрам деп сені ұрған екен. Ол ұлынның әкесіне қол көтеруі мүмкін емес, деп әкелік міндетін атқара алмағандығын түсіндіріп жіберген екен. (193 сөз) Егіншінің табысы Егін егіп, түскен өнімді күнкөріс етіп жүрген егінші соқа тартып жүреді. Сол жерден өтіп бара жатқан елдің патшасы өзін оған таныстырғаннан кейін былай деп хал сұрасты: - Тұрмыс жағдайың қалай? Тапқан табысың жанұяңды асырап-бағуға жете ме? Егінші былай жауап берді: - Иә, қадірлі падишам! Еткен еңбегім, күнделікті күнкөрісіме де, өткен қарыздарымнан құтылып әрі келешек өміріме де аздап азық дайындапжүрген жайым бар. Оның берген жауабы патшаны таңқалдырды. Егіншіліктен түсетін пайданың жайы белгілі. Бұл қалайша мұның барлығына жеткізіп, үлгеріп жүр. Ол мұның сырын үйренгісі келіп тағы сұрақтың астына алды: - Егіншіліктен түскен өнімнің күнделікті күнкөріске жететіндігі белгілі. Бірақ қарыздарыңды өтеп, келешек өміріңе азықты қалай жеткізіп жүрсің? Сонда егінші сөздің мәнісін былай түсіндіріп берді: - Мырзам, қарызымды өтеймін дегенім, жасы келген ата-анама қараймын дегенім. Олар кезі келгенде бізді бағып-қағып өсірді. Ал енді кезек бізге келді. Қарыздарымды өтеп жүрмін дегендегі сөздің төркіні осы еді. Келешек өмірімнің азығын дайындап жүрмін дегенім, балаларымды бағып-қағып, оларды өмірлік күреске дайындап жатырмын деп айтпақ едім. Біз үшін ең қайырлы азық оларға жақсы тәрбие беру емес пе? Оның тапқыр ойына патша дән риза болды. Қол астында осындай ақылды адамдардың болғанына өзін бақытты сезінді. Сөйтіп егіншіге бір кесе алтын беріп үлкен тарту-таралғы жасады. (194 сөз) Ақын көзімен қарағанда Бұл аптада Қасымбек пен Мұхтар ұзақ-ұзақ үйге оралмай, Әуез ата берген пәрменмен «Абай аға шыққан қырға шығып, Абай аға түскен ойға түсіп», алты күн ат үстінде жүрді. Мұхтар мен Қасымбек бүгін таң ата Бөрліден Шыңғысқа қарай бет түзеп, Қарауылдың қашанғы қасқа жолымен аттарын сау желдіріп,Ералы жазығына шығып еді, ұшы-қиырсыз кең дала күн қыза көк бұйра сағымға шомылып шетсіз-шексіз көк теңізге айналды да кетті. Жер бетінде бұлың-бұлың құбылып қозғалмайтын бұршақтай бұлдыр жоқ. Төңірек түгел толқып-шалқып жатты. Сол жақта маң даланың биіктен жалбыраған жалы секілді ұлан-асу Арқат биіктеген үстіне биіктей түсіп, Шыңғысқа қарай зулап көшіп барады. Қарсы беттегі үйме-жүйме үйіліп қалған қос Орда да қопарыла қозғалып, әрі ығыса, ысырыла түскен. Оң қанатта мұнартқан Ақшоқы таулар тәрізді телегейге жүзбейді,шоқтығын көк торғын шымылдықпен көлегейлеп тұрады.Тұрады да,ауық-ауық көкбұйра толқынға сүңгіп жоқ боп кетеді. Жүргіншілер ат басын солай бұрып, желе жортып жақындай түскенде ғана төбеде көлеңдеген көк жібек шымылдығын кеудеге түсіре бере бетін ашып, мыналарды қол бұлғап шақырғандай болады. Бірақ бұл да бір орында тұрып шақырмайды,әрі қарай сағым кеше жылжып жүріп бара жатып шақырады. Бұлардың бәрі қайда бара жатыр? Шыңғыстауға – Шыңғыс сілеміндегі Жидебайға,осынау өзі ғұмыр бойы жырлап еліне нәр болар сырға, жеріне әр берер нұрға айналдырған, жалғанның жарығын тастап, фәниден бақиға аттанған Абайға бара жатыр,әрине. (200 сөз) Әке, саусақтарым..? Азамат есік алдында тұрған жаңа мерседесімен бір шаруасын тындырып келмек болып тысқа шығады. Біз кезде машина тұрған жақтан тарс еткен ащы дауыс шығады. Не болып қалды деп қараса, өзінің 3 жасар баласы қолына темір алып машинаның алдыңғы жағын майыстырып қойғанын көреді. Ашуы шыққан әке әлгі темірмен баласының қолынан ұра бастайды. Қатты ашуланған болу керек, көзіне ештеме көрінбейді. Бір кезде баласының қолынан қан саулап шыға келгенде ғана есін жинайды. Қан тоқтамағандықтан, істеген ісіне өкініп, баланы ауруханаға апаруға мәжбүр болады. Дәрігерлер баланың саусақтарының қатты жарақаттанғанын көріп, аман алып қалудың шарасын жасап көргенімен ештеме өзгермейді. Амалсыз саусақтарын кесуге тура келеді. Бала ауыр операциядан кейін есін жинағанда қолына аппақ мата оралғанын көреді. Әкесіне жаутаңдап қарап: - Әке, сіздің машинаңызды бүлдіргенім үшін кешіріңізші, енді олай істемеймін, дейді де, саусақтарым жаңадан шығады ма? – деп жыламсырап сұрайды. Баласының даусын естіген әке, өзін ұстай алмай жылап жібереді де сыртқа шығып кетеді. Мұндай дөрекілікке барған әке қатесін түсініп, ақыры шыдай алмай өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болады. Жақсы көретін адамға қарсы сабырыңыз таусылса, ашуға берілмей тұрып, жақсылап ойланып алыңыз. Мерседестер жөнделеді, бірақ, сынған саусақтар мен жаралы жүректер ешқашан бұрынғы қалпына келмейді. Адамдар қателеседі. Бірақ ашу мен ызаға булығып істеген істер, адамды өмірінің соңына дейін қинауы мүмкін. Ойланып әрекет қылайық. Сабырлы болайық. (201сөз) Жеті қазынаның бірі Аң патшасы арыстан қызметшісі жолбарысқа ормандағы аңдарды жинауды бұйырыпты. Арыстан патша әлемде ең қайратты, әрі ақылды, епті кім екенін білгісі келіпті. Аңдар лезде жинала қалады. Арыстанның сөзін естіген соң түлкі алға шығып: О, әлемде теңдесі жоқ патшам! Бұл өмірде сізден қайратты, ақылды, епті жан жоқ.Сондықтан да біз сізді патша сайлағанбыз!. Сіздің қайырымдылығыңыз шексіз, — депті.Басқа аңдар да арыстанға жағымпаздана, оны дүниедегі ең күшті, ақылды деп лепіртеді.Мақтау сөздерге мәз болған ақымақ арыстан бір бұрышта құлағы салбырап, өзі маужырапжатқан итті көреді. Дереу гүрілдеп итке төне түседі де: Әй, сен оңбаған, мыналардың айтып жатқанын естіп отырсың ба? Неге үндемейсің? -дейді. Ит салмақты қалпын бұзбастан: Ә, сен бе едің. Сонша неге орманды басыңа көтересің. Менің де сені мақтап бас ұруымкерек пе? — деп, басын көтерместен тәкаппарлана сөйлейді. Ал сонда дүниедегі ең қайратты, әрі ақылды, әділ әрі епті кім? - дейді арыстан. - Мен үшін дүниедегі қайратты, әрі ақылды, ол тек – адамзат! Арыстан одан бетерысқырып, дереу жолбарысқа: - Ит иттігін жасап, адамды мақтады. Біздің арамызда бұдан былай оған орын болмауға тиіс. Дереу орманнан аластатыңдар!—депті күндей күркіреп. Бұл сөзден соң ит мүлде көңілі қалып, олардың арасынан біржола кете барған екен.Содан бері ит адамның досы, көмекшісі. Кейін "Ит — жеті қазынаның бірі" деген сөз қалыптасыпты. (206 сөз) Ағайындар Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын малды. Сөзге жүйрік мінезбенен іске де алғыр. Осының бәрі өз ортасын бойымен басып жыға беруге себеп болатын. Бірақ, Құнанбайдың мықты жері тобықты іші болса,әлсіз жері де осы тобықтының ішінде. «Құс қанатымен ұшып,құйрығымен қонады». Сол қанаты мен құйрығы – ел ішінде өзі тұстас ру басылар. Осы Байсал, Бөжейлер. Осылар соңғы бір жыл бойында бұрынғыдай ашық-жарқын емес. Іштей Құнанбаймен аңдысып қалған сияқты. Оны Құнанбай біледі. Бірақ, осындай қын қосарына ілестірсе болғаны. Түбі,бәрінің де бағатын таразысы –ел. Сол елдің алдында байлауды Құнанбаймен бірге байласқан. Осылар болған соң жетті. Күйсе Құнанабайлармен бірге күйеді. Ал, ішінде не жатыр, оны білмейді. Олай болса, Құнанбайдың да сырты бұлардың ішін білмеген,елемеген кісі тәрізді болатын. Бөжей-қалың жігітектің адамы. Бұрын орталарынан Кеңгірбайдай теріс азу,мықты биі шыққан ел. Бертінде ұрыншақ, қолшыл болып және барымташы,жортуылшы жігіті көп шықты. Шетінен сөзуар жігітек. Байсал да сондай мол ру көтібақтың тұрғысы. Бұл, әсіресе, мал көбейтіп, жерді мол қамтуға тырысатын,көптігіне сеніп, анау-мынаудан онша ағайынды елдер ішінде ең азы-бөкеншінің кісісі. Мал, дүниеге шағыны да осылар. Бөкеншінің кірмелеу туысы – борсақ. Жаңағы бұлар сөз қылған Қодар – сол борсақ болатын. Құнанбай болса Ырғызбай руынан. Бұл бас жағына келгенде жігітектен де аз. Бірақ әрі малды,әрі көптен бері тобықтыны билеп –төстеп келе жатқан ауылдар. (207 сөз) Даланы сағыну Қызуы азайған дала күні қала жақта көлденең сұлап жатқан көксұр белге төніп,аспанның арғы шалғайына өрт жібергендей,батыс көкжиек әлдебір оқыс лап еткен алкүрең шұғыламен арайланады. Жайлауда ауыл-ауыл боп жағалай қонған, Көктөбенің іргесін көмкере ойдым-ойдым қотандасып тігілген ақбоз үйлер; үйден -үйге кіріп қарбаласқан, ауылдан -ауылға бара жатқан үлкенді-кішілі әйел- еркектер, қыз-келіншектер; ауыл сыртына алтыбақан орнатып, әлпеншек тепкен, ән салып күй тартқан, мың бұралып би билеген көңілді жастар;одан әрі сонау сарқырама бұлақ бойында, мынау көк айдын қоғалы көл жағасында ат ойнатқан, ит жүгіртіп, құс салған шабандаоз сері жігіттер; бәрінен аулақ ошарылып,бірақ жайлау шетін тегіс басқан, түгел жапқан қара-құрым мал,ауыл адамдарының әніне үн қоса жамыраған жас төл: боздаған бота, маңыраған қозы, кісінеген құлын... Бәрін ертегідей мұнарта кіреукелеген торғын шымылдық тәрізді жұқа қызғылт нұр... Осынау жан тебірентер жақсы көрініске қыр үстінен қызыға, сүйсіне қараған Мұхтар ойдағы жайлау көркінен көпке дейін көз ала алмады. Көңілі көтеріңкі. Ойы өрбіп, қиялы сергіп алысқа алып қашқандай. Сондықтан Мұхтар бүгінде қалада жүріп даланы сағынады. Түбінде Мұхтардың мұхтарлығы дәл осы далаға деген сағынышта жататын шығар. «Отан отбасынан басталады» дегендей, Мұхтардың отбасы да осы далада, демек, отаны да осы дала. Тірі кісі жыл өткен сайын ілгерілейді,өседі десек, Мұхтарды ілгерілететін, өсіретін осынау далаға деген сағыныш болса керек. Даласын сағынып өсіп келеді Мұхтар... (208 сөз) Халық бейнесі Жалпы XIX ғасырдың соңғы елу жылындағы қазақ өмірінің көркем шежіресі боп табылатын ұлан-ғайыр эпопеяда барлық қыр-сырымен халық бейнесі жасалды десек, сол халық өкілдерінің ішінен айрықша атап айтарлық бедерлі бейнелер – Дәркембай мен Базаралы. Балағаз бен Абылғазыдан Дәрмен мен Сейітке дейінгі ондаған кейіпкерлер – Дәркембай мен Базаралының әлеуметтікортасы, қоғамдық қоршауы. Бұл екеуі жүрген жерлердегі келешек үшін күрестің де сыр-сипаты бөлек, қарсыластардың ара жігі ақ пен қарадай айқын. Осылар арқылы автор романдағы жүздеген типтер мен характерлер ішінен уақыт сынынан өтіп өсетіндерін де, келешегі жоқ өшетіндерін де өмірдің өзіне іріктетіп, сұрыптатып отырады. Дәркембай - кедей. Малы жоқтың халы жоқ, соры көп, бағы байланған заманда Дәркембайдың малдылардан, күштілерден көргені – зорлық, қорлық; өмірден алған сыбағасы - жоқшылық, тапшылық. Абай айтқандай, Дәркембайдың өмірге қыран көзіндей ғып көзін ашқан да жоқшылық. Оның көп өмірі Сүйіндік пен Сүгірдің малын бағып, көшіне ілесіп текке өткен. Соны кейін аңғарған Дәркембай өз еңбектерімен жер жыртып, дән сеуіп күн көріп отырған жатақтарға қосылады. Қырық үйлі жатақтың Сүйіндік пен Сүгір сияқты өзімен «атасы туыс емес, тірлігі туыс. Көрген көресі, кешкен соры туыс» деп қосылады. «Күйі бірдің күні бір,- дейді Дәркембай. – Туысым-аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар; руым, ұраным да осылармен!» Демек, Дәркембайды өзі секілді кедейлермен тағдыр табыстырады. Бұл оның байлармен іргесін біржолата ажыратып, ат құйрығын кескені, өз мүдделестерімен біржола бірігіп, тілекке тілек, білекке білек қосқаны еді. (220 сөз) Маған қара да ғибрат ал Құмар ойнамаса тұра алмайтын ауруға шалдыққан бір жас жігіттің алдына қойған жалғыз арманы болады. Ол – ең шебер әрі ешкім тең келмейтін құмарпаз болу. Осы мақсатының орындалуы үшін ұстаз іздеп бармаған жері қалмады. Бірақ еш жолы болмады. Ол сонда да үмітін үзбей, ізденісін жалғастыра берді. Бір күні құмар ойнаудан алдына жан салмаған атақты бір құмаршы жайлы хабар алады. Әлгі жас жігіт мұны ести сала баруға бел буып, алдынан бір-ақ шығады. Көрісіп, қол алысып, танысқаннан кейін уақыт өткізбей дереу негізгі мәселеге көшеді. Оған ең шебер құмаршы болғысы келетінін айтып, осы үшін жәрдем беруін сұрайды. Егер үйретер болсаңыз не қаласаңыз да орындауға дайын екендігін айтады. Жасы егделеу тартқан құмаршы: - Балам-ау, сенің мұнша құмаршы болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Мақсатың не, онымен не істемексің? – деп сұрайды. Сонда жігіт: - Мен осы жол арқылы тез байығым келеді, - деп жауап берді. Мұны естіген құмаршы тәжірибесін былай бөліскен екен: - Жігітім, егер құмаршы болу арқылы баюға болатын болса, мен байыған болар едім. Сен мені ең шебер құмаршы деп естіп, келіп отырсың. Мен шынында да, құмарлықтың шегіне шыққан адам едім. Бірақ қазіргі халімді қара, жағдайым өте нашар. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айырылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да ғибрат ал! (210 сөз) Қайтқанда Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықта көп бұлаңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңадан атқан. Салқын күннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына дейін суландырған. Ералының кең жазығына келіп ілінген жүргіншілер – ерте көшкен ауылдың ер-азаматтары. Көшіп келе жатқан –Абай ауылы мен көрші ауылдар. Сол көштің алдында ұзаңқырап кеткен мынау бір топ аттылар – Абай мен оның кей достары, кей ақын-әншілер. Топтың алдыңғы қатарында Абай, Көкбай, Шұбар – үшеуі өзгелерден озыңқырап,оңаша әңгімелесіп барады. Артқы топ – Ақылбай, Мағаш, Кәкітай, Дәрмен болатын. Бұлардың артында Ербол мен Баймағамбет бір бөлек келеді. Жүрістің ертелік мазасыздығына қарамай, күн райының мұңды, сұрқай көңілсіздігіне қарамай, ортадағы жастар тобы үнемі дабырлап сөйлесіп, әзілдесіп, күліп келе жатыр. (245сөз) |