Сот жүйесі. _аза_стан Республикасыны_ сот ж_йесі. азастан Республикасыны сот жйесі
Скачать 0.94 Mb.
|
4 Қазақстан Республикасының сот жүйесін ұйымдастыру Мақсаты: Қазақстан Республикасының сот жүйесін ұйымдастыруды ашу; сот сатыларына, сот деңгейлеріне нақты анықтама беру; Қазақстан Республикасының аудандық, облыстық соттарының және Жоғарғы сотының қызметтерімен таныстыру Өздерінің құзыреттеріне, оларға қойылған міндеттерге және мақсаттарға сәйкес құрылған соттар жиынтығы сот жүйесін құрайды. Заңға сәйкес Республикамызда соттар жүйесін Жоғарғы Сот және жергілікті соттар құрайды. Жергілікті соттарға жататындары: - облыстық және оларға теңестірілген соттар (астана және республикалық маңыздағы қалалар соттары, әскердің Әскери соты); - аудандық (қалалық) соттар, одақтардың (гарнизондардың, құрамалардың, армияның) әскери соттары. Соттың қызметін ешқандай органның, лауазымды немесе басқа тұлғаның өзіне алу құқықығы жоқ. Қандай да болмасын атаумен арнайы және төтенше соттар мекемелерін құруға рұқсат етілмейді. Республикамызда соттардың және судьялардың мамандандырылуы жүзеге асырылады: әкімшілік, экономикалық, қылмыстық істер бойынша және т.б.. Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде ювеналдық соттар жүйесінің әрі қарай дамуы, болашақта салықтық және басқа мамандандырылған соттар пайда болуы болжамдап отыр. Соттың әкімшілік-аумақтық мәртебесінің тек қана құқықтық өкілеттігімен және ортақтығымен, ұйымдастыру құрылыс қағидаларымен сипатталатын сот жүйесіндегі орны сот деңгейі деп танылады. Сот жүйесін шартты түрде үш деңгейге бөлуге болады: негізгі (аудандық, қалалық соттар, гарнизондардың, құрамалардың, армияның әскери соттары); орта (облыстық соттар, астана және республикалық маңыздағы қалалар соттары, әскердің Әскери соты); жоғарғы (Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты). Сот жүйесіндегі сот төрелігін жүргізгенде негізгі үлес негізгі деңгейдегі соттарға – аудандық (қалалық) және одақтық әскери соттарға түседі. Олар қылмыстық, азаматтық істердің, әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы материалдардың және т.б. басым көпшілігін қарастырады. Сонымен бірге сот сатысы түсінігі бар, ол дегеніміз берілген құзырлық көлемімен және сипатымен, шешілетін міндеттер шеңберімен, орындалатын қызметтерімен, істі шешу деңгейімен сипатталатын іс жүргізудегі соттың алып отырған жағдайы. Соттарды бірінші, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатысындағы соттарға бөледі. Істі қарастыратын және мәні бойынша шешетін сот бірінші сатының соты деп аталады. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша, мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері бойынша, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьяларымен істі жеке қарастырып шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдер мен қаулыларға келтірілген апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді қарастыратын сот апелляциялық сатыдағы сот деп аталады. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша алқабилердің қатысуымен шығарылған, облыстық және оған теңестірілген соттармен істі апелляциялық тәртіппен қарастырғанда шығарылған, заңды күшіне енбеген үкімдер мен қаулыларға (ҚІЖК 423 бабының 3 бөлімімен белгіленген қаулылардан басқа) келтірілген кассациялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді қарастыратын сот кассациялық сатыдағы сот деп аталады. Алдыңғы сатыдағы соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне келтірілген шағымдар мен наразылықтар бойынша қадағалау тәртібімен істерді қарастыратын сот қадағалау сатысындағы сот деп аталады. Қазақстан Республикасы сот жүйесінің бірлігі: Конституция, іс жүргізу және басқа заңдармен белгіленген, барлық соттарға және судьяларға ортақ және бірыңғай, сот төрелігінің қағидаларымен; заңдармен белгіленген барлық соттарға бірыңғай сот ісін жүргізу нысандарымен сот билігін жүзеге асырумен; Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығын барлық соттардың пайдалануымен; судьялардың бірыңғай мәртебесін заң жүзінде бекітумен; Қазақстан аумағында заңды күшіне енген барлық сот актілерінің міндетті түрде орындалуымен; барлық соттардың республикалық бюджеттен қаржыландырылуымен қамтамасыз етіледі. Сот билігін тасушы ретіндегі соттың құзыреті заңмен анықталады. Тек сот құқығына жататындар: 1) тұлғаны қылмыс жасауда кінәлі деп тану және оған жаза тағайындау; 2) тұлғаға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын немесе тәрбиелік ықпалдағы мәжбүрлеу шараларын қолдану; 3) төмен тұрған сотпен қабылданған шешімді өзгерту немесе күшін жою; 4) айыпталушыға, күдіктіге қатысты тергеушімен, анықтау органымен, прокурормен таңдаған үйде ұстау, қамау түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау және олардың мерзімін ұзарту; 5) жаңадан ашылған жағдайлар бойынша сот актілерін қайта қарастыру. 4.1 Аудандық және оған теңестірілген соттар Қазақстан сот жүйесінің негізгі буынына аудандық және оған теңестірілген соттар жатады, өйткені сот төрелігі бойынша жұмыстардың зор үлесі солармен жүзеге асырылады. Аудандық және оған теңестірілген соттар Жоғарғы Сот Төрағасының ұсыны бойынша Қазақстан Республикасының Президентімен құрылады, қайта құрылады және таратылады. Қазақстан Республикасының Президенті бірнеше әкімшілік-аумақтық бірлікте бір аудандық сот немесе бір әкімшілік-аумақтық бірлікте бірнеше аудандық соттар құруы мүмкін. Аудандық сот бірінші сатыдағы сот болып табылады. Аудандық сот төрағадан және тұрақты судьялардан тұрады. Аудандық соттар судьяларының жалпы санын Қазақстан Республикасының Президенті Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша бекітеді. Әрбір аудандық сот судьяларының саны сол сот төрағасының Жоғарғы Сот Төрағасымен келісілген ұсынымы негізінде Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша уәкілетті органмен (әрі қарай – уәкілетті орган) белгіленеді. Егер штат бойынша ауданда бір судья (бір құрамды сот) қажет болса, ол төраға құзыретін біржола жүзеге асырады. Аудандық сот төрағасы судьяның және сот буыны жетекшісінің қызметін біржола атқарады. Судья міндеттерін орындай отырып аудандық сот төрағасы: - судьялармен сот істерін қарастыруды ұйымдастырады; - аудандық сот кеңсесіне жалпы басшылық жүргізеді; - азаматтарды қабылдайды; - аудандық сот жұмысының жоспарын бекітеді; - судья лауазымына үміткерлердің тағылымдама өтуін ұйымдастырады; - сыбайлас жемқорлыққа қарсы және судьялық этика нормаларын сақтау бойынша жұмыстарды қамтамасыз етеді; - өкімдер шығарады; - заңмен көзделген басқа құзырлықтарын жүзеге асырады. Аудандық сот төрағасы уақытша болмаған жағдайда төрағаның өкімімен оның міндеттерін атқару осы соттың бір судьясына жүктеледі. Аудандық соттың төрағасы және судьялары болмаған жағдайда олардың міндеттерін орындау облыстық сот төрағасының өкімімен басқа сот судьяларына жүктеледі. Аудандық сот төрағасының құзыреті уақытынан бұрын тоқтаған немесе мерзімі аяқталған жағдайларда төрағаның міндеттерін уақытша орындау облыстық сот төрағасының өкімімен сол соттың бір судьясына жүктеледі. Аудандық соттар кеңселерінің негізгі рөлі және міндеттері – судьялармен сот есебін жүргізу және сот тәжірибесін қорытындылау, сот төрелігін жүзеге асыру бойынша судьялар жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған көмекші - қызмет етуші міндеттерін жүзеге асыру. 4.2 Облыстық және оған теңестірілген соттар Облыстық және оған теңестірілген соттар Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Президентімен құрылады, қайта құрылады және таратылады. Облыстық соттар судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді. Әрбір облыстық сот судьяларының саны сол сот төрағасының Жоғарғы Сот Төрағасымен келісілген ұсынымы негізінде уәкілетті органмен белгіленеді. Облыстық соттар құзыреті: - оның соттылығына жатқызылған сот істерін қарастыру; - сот тәжірибесін зерттеу және оны жинақтау қорытындылары бойынша облыс соттарымен сот төрелігін жүргізгенде заңдылықты сақтау сұрақтарын қарастыру; - Астана мен Алматы қалалары соттарының, облыстық соттың кеңсесі қызметіне бақылау жүргізу; - заңмен белгіленген басқа құзырлықтарын жүзеге асыру. Облыстық және оған теңестірілген сот апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот ретінде қызмет жүргізеді. Облыстық сот органдары болып табылады: - пленарлық отырыс; - апелляциялық сот алқасы; - кассациялық сот алқасы. Облыстық сот төрағадан және судьялардан тұрады. Облыстық сотта, аудандық соттағыдай, судьяларды сот қызметінің бағыттары бойынша мамандандыру тәжірибеленеді. Бұл азаматтар құқығын және бостандықтарын, заңдар және Конституция талаптарын сақтауды қамтамасыз ету, судьялардың кәсіби өсуін, сот төрелігін жүргізгенде заңдылықты бекіту және сапасын арттыру себептерімен аталып өткен. Өйткені «бір жақты» маман «кең профильдіге» қарағанда әрқашан білікті болып келеді. Сот төрағасына, қажет болған жағдайда, мамандандырылған судьялар құрамын құру құқығы берілген. Облыстық сот төрағасы тұрақты судья болып табылады. Судья ретінде ол сот төрелігін жүргізуге құқылы. Оған сот төрелігін жүргізуге қатысы жоқ бірнеше өкілеттік тиесілі. Облыстық сот төрағасы өзінің міндеттерін орындаумен бірге: 1) судьялармен сот істерін қарастыруды ұйымдастырады; 2) сот алқасы және мамандандырылған құрамы отырыстарында төрағалық етуге құқылы; 3) облыстық соттың пленарлық отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етеді; 4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы және судьялық этика нормаларын сақтау бойынша жұмыстарды қамтамасыз етеді; 5) пленарлық отырыс қорытындысы негізінде Жоғарғы Сот Кеңесіне судья лауазымына үміткердің тағылымдама өту қорытындылары туралы тұжырымды жолдайды; 6) облыстық сот жұмысының жоспарын бекітеді; 7) сот тәжірибесін зерттеуді ұйымдастырады; 8) өкімдер шығарады; 9) Астана мен Алматы қалалары соттарының, облыстық соттың кеңсесіне жалпы жетекшілік жүргізеді; 10) азаматтарды жеке қабылдау жүргізеді; 11) заңмен белгіленген басқа өкілеттілктерді жүзеге асырады. Облыстық сот төрағасының міндеттері ұйымдастыру-басқарушылық бағытпен сипатталады және оларға әкімшілік-құқықтық мазмұн тән. Бұл өкілеттіктердің облыстық сот судьяларының негізгі қызметіне басып кірмейтіндігі туралы айрықша атап өткен жөн, олар жалпы сот қызметін, соның ішінде судьялардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Кәсіби дәрежесін ұстап тұру мақсатында төраға сот алқаларының жұмысына қатысуы мүмкін. Оған осы алқалардың сот істерін қарастырудағы отырыстарында төрағалық ету құқығы тиесілі. Сот төрағасымен осы құқығын жүзеге асыру ештеңемен шартталмаған және кімнің болсын: сәйкес алқаның немесе пленарлық отырыс төрағасының келісімін қажет етпейді. Пленарлық отырысты шақыру құқығы тек облыстық сот төрағасына тиесілі, онда ол төрағалық етеді. Облыстық сот төрағасының құзыреті уақытынан бұрын тоқтаған немесе мерзімі аяқталған жағдайларда төрағаның міндеттерін уақытша орындау Жоғарғы Сот Төрағасымен облыстық соттың сот алқасының төрағасына (судьясына) жүктеледі. Сот төрағасының міндеттері жазбаша өкіммен олардың біреуіне жүктеледі. Және өкімде берілген өкілеттік көлемі ескертілмейді, өйткені заңда қандай да болсын шектеулер қойылмаған. Облыстық сотта сот алқалары құрылады. Облыстық сот судьяларының барлық құрамы оның алқаларының арасында бөлінеді. Сот төрағасының ұсынысы бойынша облыстық соттың пленарлық отырысы әр алқаның тек сандық құрамын ғана белгілейді. Және облыстық сот төрағасымен де, пленарлық отырысымен де әр алқаның сандық арасалмақтығын белгілейтін, болжап отырған жұмыс көптігі, істер қиындығы және басқа да жағдайлары ескеріледі. Жоғарғы Сот пленарлық отырысының шешімі және Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы негізінде Жоғарғы Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Қазақстан Республикасының Президентімен бес жылға тағайындалған төраға сот алқасын басқарады. Сот алқасының сандық және кісілік құрамы облыстық сот төрағасының ұсыныс бойынша облыстық соттың пленарлық отырысымен белгіленеді. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер және мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері бойынша, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьяларымен істі жеке қарастырып шығарған, заңды күшіне енбеген үкімдері мен қаулыларына келтірілген апелляциялық (жеке) шағымдар, наразылықтар бойынша істерді апелляциялық сот алқасы қарастырады. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша соттардың, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған әскери соттардың алқабилердің қатысуымен шығарылған, облыстық және оған теңестірілген соттармен істі апелляциялық тәртіппен қарастырғанда шығарылған, заңды күшіне енбеген үкімдерін (қаулыларын) кассациялық сот алқасы қарастырады. Алқалар кісілік құрамы сот төрағасының ұсынысы бойынша облыстық соттың пленарлық отырысында белгіленетін судьялардан тұрады. Облыстық сотта мамандандырылған құрамдар құрылуы мүмкін. Мамандандырылған құрамдар облыстық сот төрағасымен құрылады. Облыстық сот алқасының төрағасы тұрақты судьяның мәртебесіне ие және судьялық өкілеттікті орындаумен бірге, оның лауазымдық өкілеттігін анықтайтын және ұйымдастыру сипатындағы, бірнеше қосымша міндеттерді орындайды. Облыстық сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья міндеттерін орындаумен бірге: сот алқасының судьяларымен сот істерін қарастыруды ұйымдастырады; сот алқаларының отырыстарында төрағалық етеді; сот төрағасына мамандандырылған құрамды құру бойынша ұсыныстар енгізеді; сот тәжірибесін зерттеу және оны жинақтау бойынша жұмысты ұйымдастырады; сот алқасының қызметі туралы ақпаратты соттың пленарлық отырысына ұсынады; заңмен белгіленген басқа өкілеттіктерді жүзеге асырады. Сот алқалары төрағаларының уақытша болмауы олардың күнделікті жұмысына әсер етпеуі керек. Мұндай жағдайда сот төрағасы алқалар отырыстарына төрағалық етуі мүмкін немесе алқа төрағаларының міндеттерін орындауды сол алқалардың бір судьясына жүктеуі мүмкін. Облыстық сотта пленарлық отырыстардың өткізілуі жылына екі реттен кем болмайды. Оларды шақыру туралы шешім сот төрағасымен қабылданады және жазбаша өкім түрінде ресімделеді. Пленарлық отырыс процессуалдық мағынадағы сот органы болып табылмайды, ол сот төрелігін жүргізумен айналыспайды, сот процессіндегі саты болып саналмайды. Оның рөлі мен маңызы ұйымдастыру мәселелерін шешу, жалпы сот тәжірибесін әзірлеу және басқа сұрақтарды дайындау. Бұл аумақтық деңгейде жалпы сот-құқықтық саясатты дайындайтын және жүзеге асыратын сотқа жатпайтын жоғарғы орган ретінде. Пленарлық отырыстың компетенциясы оның ерекше құқығы болып табылады, облыстық соттың ешқандай басқа органы оны ауыстыра алмайды. Облыстық соттың пленарлық отырысы: тиісті сот алқасының сандық және кісілік құрамын белгілейді; облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының ақпаратын тыңдайды; сот тәжірибесін талқылайды және оны жинақтау қорытындылары бойынша облыс соттарымен сот төрелігін жүргізгенде заңдылықты сақтау сұрақтарын қарастырады; уәкілетті органға облыстық сот, Астана мен Алматы қалаларының сот кеңселерінің жетекшісін тағайындауға келісім береді; облыстық сот, Астана мен Алматы қалалары соттары жетекшісінің қызметі туралы есеп беруді тыңдайды; облыстық сот судьясының бос лауазымдық орнына кандидатураны қарастырады және оның қорытындысы бойынша сәйкес тұжырым шығарады; уәкілетті органға облыстық сот, Астана мен Алматы қалаларының сот кеңсе,лерінің жетекшісін орнынан босату туралы ұсыныс енгізеді; судья лауазымына үміткерлердің тағылымдама қорытындысын қарастырады және сәйкес тұжырым береді; сот төрелігін жүргізуде төмен көрсеткіштері бар немесе сот істерін қарастыруда заңдылықты жүйелі түрде бұзған судьяға қатысты материалдарды Сот төрешісіне (жюри) жолдау туралы сұрақты талқылайды және тақылау қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдайды; заңмен белгіленген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады. Облыстық сот төрағасының ұсынысы бойынша пленарлық отырыс тиісті сот алқасының сандық және кісілік құрамын белгілейді. Бұл сот төрағасының ұсынысын формальды бекіту емес. Әрбір алқадағы судьялар санын белгілеуде соңғы сөз пленарлық отырысқа тиесілі. Пленарлық отырыс облыстық сот судьяларының жалпы санының үштен екісінен кем болмаған жағдайда ғана құқықты болып келеді. Облыстық соттың пленарлық отырысының жұмыс тәртібі бекітілген регламентпен анықталады. |