Сот жүйесі. _аза_стан Республикасыны_ сот ж_йесі. азастан Республикасыны сот жйесі
Скачать 0.94 Mb.
|
6.3 Судьялардың тәртіптік жауапкершілігі Судьялардың тәртіптік жауапкершілігіне негіз болып табылады: - сот істерін қарастырғанда заңдылықты бұзу; - судья этикасына қайшы келетін, ұятқа қалдыратын қылық жасау; - еңбек тәртібін қатаң бұзу. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңымен көзделген негіздер бойынша судьяны лауазымынан босату; қызметтік міндеттерін тиісті орындамағаны үшін сот төрағасын немесе сот алқасы төрағасын лауазымынан босату; біліктілік классын төмендету; сөгіс; ескерту сияқты тәртіптік жазалар түрлері судьяларға салынады. Судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы сұрақты шешу кезінде «әрбір тәртіптік қылық үшін бір тәртіптік жаза» ережесі қолданылады. Тәртіптік өндірісті қозғау құқығы: 1) Республиканың кез келген судьясына қатысты – Республикалық тәртіптік-біліктілік алқасына; 2) аудандық сот судьясына және төрағасына, облыстық сот судьясына қатысты – облыстық тәртіптік-біліктілік алқаларға тиесілі. Судьяға қатысты тәртіптік өндіріс теріс қылық анықталған күнен бастап, судьяның негізді себептерге байланысты жұмыста болмуын және қызметтік тексеріс уақытын есептемегенде, үш ай ішінде және теріс қылық жасалған күннен бастап бір жыл ішінде қозғалуы мүмкін. Сот ісін қарастыруда судьяның заңдылықты бұзуымен байланысты тәртіптік теріс қылықты анықтау күні болып жоғарғы саты сотының сот актісі заңды күшіне енген күн саналады, ал сондай қылықты жасаған күн болып заңсыз сот актісін шығарған күн саналады. Тәртіптік іс оны қозғағаннан кейін екі айдың ішінде қарастырылуы тиіс. Республикалық тәртіптік-біліктілік алқасы Жоғарғы Сот судьяларына, алқаларының төрағаларына, облыстық сот төрағаларына және алқаларының төрағаларына қатысты тәртіптік істерді, тәртіптік өнідірістерді қозғау туралы сұрақтарды және облыстық тәртіптік-біліктілік алқаларының шешімдеріне қатысты шағымдарды қарастырады. Облыстық тәртіптік-біліктілік алқалары аудандық сот судьяларына және төрағаларына, облыстық сот судьяларына қатысты тәртіптік істерді, тәртіптік өндірістерді қозғау туралы сұрақтарды қарастырады. Тәртіптік істерді қарастыру тәртібі және тәртіптік-біліктілік алқаларының қызметі Қазақстан Республикасы Президентімен бекітілген ережелермен регламенттеледі. Тәртіптік-біліктілік алқасы тәртіптік іс бойынша келесі шешімдердің бірін шығарады: тәртіптік жаза салу туралы; тәртіптік өндірістің доғарылуы туралы; төмен тұрған тәртіптік-біліктілік алқа шешімін өзгерту немесе істі жаңадан қарастыруға қайтару немесе шешімді өзгеріссіз қалдыру туралы. Егер жаза салынған күннен бастап бір жыл ішінде судья жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, ол тәртіптік жазаға тартылмаған болып саналады. Судья өзінің міндеттерін сапалы орындаса және мінсіз мінез-құлық көрсетсе, тәртіптік жаза салынған күннен бастап алты ай өткен соң уақытынан бұрын алынуы мүмкін. Тәртіптік жазаны салған тәртіптік-біліктілік алқасымен тәртіптік жаза уақытынан бұрын алынуы мүмкін. 7 Сот жүйесінің қызмет қылуын қамтамасыз ететін органдар Мақсаты: Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Соттар қызметін қамтамасыз ету бойынша департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының аппаратының) және Қазақстан Республикасының Жоғарғы срт кеңесінің қызметімен және өкілеттігімен таныстыру 7.1 Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Соттар қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының аппараты) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметiн қамтамасыз ету департаментi (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) (бұдан әрi - Департамент) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергiлiктi және басқа да соттардың (бұдан әрi - соттардың кеңселерiнiң) қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ететiн орган болып табылады. Осы орайда соттардың қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету деп сот төрелiгiн жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға бағытталған ұйымдық және материалдық-техникалық сипаттағы iс-шаралар түсiнiледi. Департамент өзінің жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік-құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының өкімдерін басшылыққа алады. Департамент және соттардың кеңселерi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергiлiктi және басқа да соттардың қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi органдардың бiрыңғай жүйесiн құрады. Департамент және соттардың кеңселерi мемлекеттiк мекемелердiң ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғалар болып табылады, олардың өз атауы жазылған мөрлерi, мөртаңбалары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерде шоттары болады. Департаменттiң құрылымын және штат кестесiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен штат саны лимитiнiң шегiнде Департамент басшысының ұсынымы бойынша және Қазақстан Республикасының Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекiтедi. Соттар кеңселерiнiң құрылымдары мен штат кестелерiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен штат саны лимитiнiң шегiнде тиiстi соттардың кеңселерi басшыларының ұсынымы бойынша Департамент басшысы бекiтедi. Департаменттiң негiзгi мiндеттерi Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергiлiктi және басқа да соттардың қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету болып табылады. Департамент белгіленген өкілеттіктер шеңберінде келесі қызметтерді жүзеге асырады: 1) соттардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету; 2) судьялардың сот төрелiгiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметiн ұйымдастыруды қамтамасыз ету; 3) заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесi жанындағы Бiлiктiлiк комиссиясын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру; 4) сот приставтарының қызметiне ұйымдық және әдiстемелiк басшылық жасауды жүзеге асыру; 5) Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне сот статистикасы туралы, сот төрелiгiн жүзеге асырудың, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, жергiлiктi және басқа да соттардың қызметiн ұйымдық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудiң жай-күйi туралы ақпарат дайындау; 6) заңнамада белгiленген тәртiппен соттардың жұмысын кадрлық қамтамасыз ету; 7) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Сот жюриiнiң, Судьялардың республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот органдарының жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ету; 8) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қабылдаған шешiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету; 9) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасына жергiлiктi және басқа да соттарды құру, қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы ұсыныстар енгiзу; 10) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының келiсiмiмен және тиiстi соттардың төрағаларының ұсынымы негiзiнде Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен штат саны лимитi шегiнде әрбiр жергiлiктi және басқа да соттың судьяларының санын анықтау; 11) судьялар мен сот қызметкерлерiнiң жүктемелерiнiң нормативтерiн әзiрлеу; 12) сот жүйесi органдарының ғимараттарын, үй-жайларын және басқа да объектiлерiн салуды, жөндеудi және техникалық жабдықтауды ұйымдастыру; 13) соттар кеңселерiнiң және Департаменттiң ведомстволық бағынысты ұйымдарының бюджет қаражатын жұмсауына бақылауды жүзеге асыру, олардың қаржы-шаруашылық қызметiне ревизия жүргiзу; 14) сот статистикасын жүргiзу; 15) судьялар мен сот қызметкерлерiнiң жеке есебiн жүргiзу; 16) судьяларды, оның iшiнде отставкадағы судьяларды заңнамаға сәйкес материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз етудi ұйымдастыру; 17) өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеуге және құқықтық сараптама жасауға қатысу; 18) өзiне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру. Департамент өз құзыретiнiң шегiнде: 1) белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан және лауазымды тұлғалардан қажеттi құжаттар мен материалдарды сұратуға; 2) өз құзыретiнiң шеңберiнде аумақтық бөлiмшелерде және ведомстволық бағынысты ұйымдарда тексеру жүргiзуге; 3) заң жобалау, сараптама, зерттеу жұмыстарын орындау және консультациялар беру үшiн белгiленген тәртiппен ғылыми ұйымдарды, мемлекеттiк және өзге де органдардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерiн, мамандар мен сарапшылар тартуға; 4) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметiне судьялар мен сот қызметкерлерiнiң еңбегiн қорғау, оларды материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз ету мәселелерi бойынша ұсыныстар енгiзуге; 5) заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органдардың иелiгiндегi ақпараттық деректер қорын пайдалануға; 6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы. Департаменттi Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы және Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесiнiң келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Басшы басқарады. Департамент басшысының орынбасарлары болады, оларды Департамент басшысының ұсынымы бойынша Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Департамент басшысы Департамент қызметiн ұйымдастырады және басқарады, өзiне жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен олардың өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн дербес жауапкершiлiкте болады. Департамент басшысы: 1) заңнамада белгiленген тәртiппен Департаменттiң қызметкерлерiн, ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен орынбасарларын, соттар кеңселерiнiң басшылары мен олардың орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады; 2) Департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимылға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шаралар үшiн жеке жауапкершiлiкте болады; 3) Департамент қызметкерлерiнiң, сондай-ақ соттар кеңселерi басшылары мен олардың орынбасарларының функционалдық мiндеттерiн (лауазымдық нұсқаулықтарын) бекiтедi; 4) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына өзiнiң орынбасарларын көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету немесе тәртiптiк жаза қолдану туралы ұсыныстар енгiзедi; 5) заңнамада белгiленген тәртiппен Департамент қызметкерлерiн көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету немесе тәртiптiк жаза қолдану мәселелерiн шешедi; 6) мемлекеттiк органдармен, азаматтармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынаста Департамент атынан өкiлдiк етедi; 7) Департаменттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi және соттар кеңселерi туралы үлгiлiк ереженi бекiтедi; 8) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысын Департаменттiң қызметi туралы хабардар етедi; 9) соттар мен Департаменттi қаржыландыру мәселелерi жөнiндегi Жоғарғы Соттың Төрағасымен келiсiлген ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкiметiне енгiзедi; 10) өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша өкiмдер шығарады; 11) Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Ережеде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады. Департамент и соттардың кеңселері азаматтық-құқықтық қатынасқа өз атынан қатысады. Департамент және соттар кеңселерi қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады. 7.2 Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі –(бұдан әрi - Кеңес) - соттарды қалыптастыру, судьялардың тәуелсiздiгi мен оларға ешкiмнiң тиiспеу кепiлдiктерi жөнiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық өкiлеттiктерiн қамтамасыз ету мақсатында заңды тұлға құрмастан құрылатын мекеме. Жоғарғы Сот Кеңесінің қызметін құқықтық регламенттеу Қазақстан Республикасының Конституциясының, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының, «Жоғарғы сот кеңесі туралы» Заңның, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің негізінде жүзеге асырылады. Жоғарғы сот кеңесінің өкілеттіктері: 1) судьялардың тәуелсiздiгi мен оларға ешкiмнiң тиiспеу кепiлдiктерiн қамтамасыз етеді; 2) конкурстық негiзде жергiлiктi және басқа сот судьясының бос орнына кандидатты iрiктеудi жүзеге асырады; конкурстың қорытындылары бойынша жергiлiктi және басқа сот судьясының бос орнына тағайындау үшiн кандидатты Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады; 3) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша жергiлiктi және басқа соттар төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос орнына кандидатураларды қарайды; жергiлiктi және басқа соттар төрағалары мен сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос орнына қызметке тағайындау үшiн кандидаттарды Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады; 4) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот судьясының бос орнына кандидатураны қарайды; Жоғарғы Сот судьясының бос орнына кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады; 5) Жоғарғы Сот Төрағасының бос орнына кандидатураны қарайды; Жоғарғы Сот Төрағасының бос орнына кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынады; 6) Жоғарғы Сот Төрағасының, сот алқалары төрағалары мен судьяларының, жергiлiктi және басқа соттар төрағаларының, сот алқалары төрағалары мен судьяларының өкiлеттiктерiн тоқтату мәселелерiн орнынан түсу, орнынан түсудi тоқтату нысанында қарайды; сот таратылған немесе тиiстi сот судьяларының жалпы саны қысқартылған жағдайда, егер олар басқа соттағы судьяның бос орнына орналасуға келiсiм бермесе, жергiлiктi және басқа соттардың төрағаларын, сот алқаларының төрағалары мен судьяларын атқаратын қызметтерiнен босату мәселелерiн қарайды; Жоғарғы Сот судьяларының жалпы саны қысқартылған жағдайда, егер олар басқа соттағы судьяның бос орнына орналасуға келiсiм бермесе, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағалары мен судьяларын атқаратын қызметтерiнен босату мәселелерiн қарайды; тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны үшiн, кәсiби жарамсыздығына орай немесе "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшiн Судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқасының немесе Сот жюриiнiң шешiмдерiне негiзделген Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларын, жергiлiктi және басқа соттардың төрағаларын, сот алқалары төрағалары мен судьяларын атқаратын қызметтерiнен босатуға ұсыным беру жөнiндегi мәселенi қарайды; Қазақстан Республикасының Президентiне жергiлiктi және басқа соттардың төрағаларын, сот алқалары төрағалары мен судьяларын, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын қызметтерiнен босатуды ұсынады; Парламент Сенатына Жоғарғы Сот Төрағасы мен судьяларын қызметтерiнен босату туралы ұсыныс енгiзу үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне ұсынымдар енгiзедi; судьяның шектi жасқа толуына байланысты оның судья қызметiнде болуын бес жылдан аспайтын мерзiмге ұзартуға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының келiсiм беруi туралы мәселенi қарайды; 6-1) заңмен белгіленген тәртіпте Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынысы бойынша жергілікті және басқа соттардың, Жоғарғы Соттың қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша уәкілетті орган басшысының лауазымына үміткерді тағайындауға келісім беру туралы сұрақты қарастырады; 7) судья болып жұмыс iстеуге ниет бiлдiрген азаматтардан бiлiктiлiк емтихандарын қабылдауды ұйымдастырады; 8) судьяны тұтқынға алуға келiсiм беру, оны күштеп алып келу, оған сот тәртiбiмен салынатын әкiмшiлiк жазаны қолдану, судьяны қылмыстық жауапқа тарту мәселесiн шешу үшiн Қазақстан Республикасының Президентiне қорытынды ұсынады; 9) сот жүйесi мен заңнаманы жетiлдiру жөнiнде ұсынымдар мен ұсыныстарды тұжырымдайды және оны Қазақстан Республикасының Президентiне енгiзедi, судья корпусының сапалы құрамын, кадрларды даярлау жүйесiн жақсарту, судьялардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiнде шаралар қабылдайды; 10) Кеңес регламентiн бекiтедi; 11) судья қызметiне орналасу үшiн бiлiктiлiк емтихандарын тапсырған адамдардың есебiн жүргiзедi; 12) Жоғарғы Сот Кеңесі туралы Заңнан және Кеңестiң регламентiнен туындайтын өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады. Кеңес өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру үшiн: мемлекеттiк органдардан, лауазымды тұлғалардан, ұйымдардан, азаматтардан қажеттi ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды сұратуға және алуға; тиiстi лауазымды тұлғалардың ауызша түсiнiктемелерiн тыңдауға және жазбаша түсiнiктемелерiн талап етуге; Кеңес мүшелерiнiң, мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, ұйымдар мен мекемелер өкiлдерiнiң арасынан комиссияларды, жұмыс топтарын құруға, өз жұмысына мамандар тартуға құқылы. Жоғарғы Сот Кеңесі Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төрағадан, хатшыдан және басқа мүшелерден тұрады. Кеңес Төрағасының өкілеттіктері: 1) Кеңестi басқарады және оған жалпы басшылықты қамтамасыз етедi, сондай-ақ мемлекеттiк органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынас жасауда Кеңес атынан өкiлдiк етедi; 2) Кеңестiң жұмыс жоспарларын бекiтедi; 3) Кеңес отырысын шақырады және Кеңес отырыстарына төрағалық етедi; 4) Кеңестiң ұсынымдарына, қорытындыларына, шешiмдерi мен басқа да құжаттарына қол қояды; 5) Кеңес отырыстарының қарауына енгiзiлетiн мәселелердi айқындайды; 6) Жоғарғы Соттың жалпы отырысына, судьялардың кеңестерiне қатысуға құқылы; 7) Кеңес жұмысын ұйымдастыруды жақсартуға бағытталған шаралар қабылдайды, Кеңес шешiмдерiнiң орындалуына бақылауды жүзеге асырады; 8) Кеңес қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi; 9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де ұйымдастырушылық-өкiмдiк функцияларды атқарады. Кеңес Төрағасы болмаған жағдайда оның мiндеттерiн уақытша атқару Кеңес хатшысына жүктеледi. Кеңес Төрағасының, хатшысының және мүшесiнiң лауазымы коммерциялық ұйымның басшы органының және байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен, саяси партиялардың басшылық қызметiнде болуымен сыйыспайды. Кеңес мүшелері: Кеңестiң қарауына ұсынылған материалдармен танысуға; материалдарды зерттеуге және тексеруге қатысуға; қаралатын мәселелер бойынша өтiнiштер мәлiмдеуге, өзiнiң ұсыныстарына уәждер мен негiздемелер келтiруге; қолында бар құжаттарды ұсынуға; дауыс беру арқылы шешiм қабылдауға қатысуға құқылы. Кеңес мүшелері : Кеңестiң отырыстарына қатысуға; Кеңестiң құзыретiне кiретiн мәселелердi қарау кезiнде бейтарап әрi объективтi болуға; өзiне жүктелген өкiлеттiктердi орындауға байланысты судьялыққа кандидаттардың және судьялардың жеке өмiрi туралы оған белгiлi болған мәлiметтерге қатысты құпиялылықты, сондай-ақ дауыс беру құпиясын сақтауға; егер оған қатысты шешiм қабылданатын адамның жұбайы (зайыбы), жақын туысы немесе жекжаты болса, Кеңес отырысының күн тәртiбiне енгiзiлген мәселенi қарау кезiнде өздiгiнен бас тартуын мәлiмдеуге мiндеттi. Кеңес хатшысының өкілеттіктері: Кеңес аппаратының қызметiн ұйымдастырады; Кеңес мүшелерiнiң ұсынысы бойынша алдағы отырыстың қарауына енгiзiлетiн мәселелердiң тiзбесiн түзедi және ол туралы Төрағаға алдын ала баяндайды; отырыс хаттамаларының, Кеңес қабылдаған ұсынымдар мен қорытындылардың үзiндiлерiне өз қолын қойып растайды; қажет болған жағдайда тексерулер ұйымдастырады; Кеңес отырысына шақырылған адамдардың тiзiмiн айқындайды және олардың келуiн қамтамасыз етедi; Төрағаның өкiмдерiн және Кеңестiң шешiмдерiн орындайды. Кеңес хатшысы болмаған жағдайда оның мiндеттерiн атқару Төрағаның тапсыруы бойынша Кеңес мүшелерiнiң бiрiне жүктеледi. Кеңес отырыстары қажеттiлiгiне қарай, бiрақ жылына кемiнде төрт рет өткiзiледi. Кеңес мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда Кеңестiң отырысы заңды болып есептеледi. Кеңес отырысы ашық және жариялы түрде өткiзiледi. Отырысқа мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi шақырылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайларда Кеңес жабық отырыстар өткiзуге құқылы. Кеңес материалдарды олар келiп түскен күннен бастап үш ай мерзiмнен кешiктiрмей қарап, қарау нәтижелерi туралы өтiнiш иесiн мiндеттi түрде хабардар етедi. Кеңес отырыстарын өткiзу тәртiбi, сондай-ақ Кеңес жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелерi Кеңес мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданатын регламентпен айқындалады. Кеңес отырысында материалдарды қарау тиiстi қызметтерге орналасуға үмiткер немесе атқаратын қызметтерiнен босатылатын адамдардың қатысуымен жүргiзiледi. Егер оның тiкелей қатысуы талап етiлмесе, отырыстың өткiзiлетiн уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлген адамның болмауы мәселенi мәнi бойынша қарауға кедергi болмайды. Кеңес қорытындылар, хаттамалық шешiмдер және (немесе) ұсынымдар нысанында шешiмдер қабылдайды. Кеңес шешiмдерi өзiне қатысты мәселе қаралатын адамның, сондай-ақ өзге де шақырылған адамдардың қатысуынсыз отырысқа қатысып отырған мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. Кеңес мүшелерiнiң дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Кеңес мүшесi қабылданатын шешiммен келiспеген жағдайда Кеңес отырысының хаттамасына қоса тiркелетiн ерекше пiкiрiн жазбаша баяндауға құқылы. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушiнiң даусы шешушi дауыс болып табылады. Кеңес шешiмдерi жазбаша нысанда баяндалады және олардың шығарылған күнi мен орны, мәселенi қараған Кеңестiң құрамы, қабылданған шешiмнiң уәждерi қамтылуға тиiс. Шешiмдерге төрағалық етушi мен Кеңес хатшысы қол қояды. |