Әдебиеттік оқу 2-сынып Әдістеме 1 бөлим 2022. Б. Т. абатай, Д.. Тлеулесова, В. А
Скачать 1.17 Mb.
|
ОҚУЛЫҚТЫҢ ЖАҢА МАЗМҰНЫН МЕҢГЕРТУ ЖОЛДАРЫКөркем мәтіндерді оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану Біздің ойымызша, кез келген оқыту технологиясын сол сипатталған қалпында білім беру үрдісінде қолдана беруге болмайды. Әсіресе бастауыш сатыда оқыту технологиясын оқушының уақытын, күшін, оқу құрал-жабдықтарын өз орнымен пайдаланып, балалардың оқу жүктемесін жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне қарай белгілеп, денсаулығына зиян келтірмейтіндей және баланың өзі түсінетіндей әрі оны жетілдіретіндей етіп икемдеп қолдану қажеттілігі туындайды. Мәселен, сыни тұрғысынан ойлау технологиясының әдіс- тәсілдерінің барлығын бірдей бастауыш сыныптарда қолдану тиімді нәтиже бермеуі мүмкін. INSERT, ЖИГСО-1, ЖИГСО-2 т.б. стратегиялар 2-сынып балалары үшін күрделілеу. Сондықтан ұстаздар кез келген әдісті таңдарда аса мұқияттылық танытып, керегін дұрыс таңдай алуы абзал. Қазіргі кезде ғаламторда, кейбір әдебиеттерде «сыни тұрғысынан ойлау – сынау емес шыңдалған ойлау» деген анықтамадан аяқ алып жүре алмайсыз. Сонда шыңдалған ойлау деген не? Мүмкін бұл тіркестің мағынасын дамыта оқыту технологиясында сипатталғандай, оқушыны практикалық ойлауға, яғни ойлау операцияларын қолдана алуға, атап айтқанда, салыстыруға, талдауға, жинақтауға, пікір айтуға төселдіру деп айтқанымыз әлдеқайда түсініктірек болар еді. Дегенмен сыни тұрғысынан ойлау технологиясынан оның мазмұнын құрайтын қызығушылықты ояту, мағынаны ажырату, ойтолғаныс құрылымы дегендерді оқулық құрастыруда басшылыққа алдық. Қызығушылықты ояту – оқушылар үшін сабаққа қатысудағы алғашқы қадам. Бұрынғы білімдері мен сезімдеріне немесе әсерлеріне еніп, жаңа білімге мазмұн қалап, болашақта зерттеу жүргізулеріне күш алуларына және орындалуы керек тапсырмалар жөніндегі жеке және топтық түсініктерді қалыптастыруларына көмектеседі. Сонымен қатар оқушының жаңа идея мен мәліметтерді үйренуге және оны өзіндегі білім негізімен ұштастыруда іштей немесе сырттай белсенді болатын-болмайтындықтарын шешуі де алғашқы фазада іске асады. Қызығушылықты ояту ұзақ әрі сапалы оқытудың қажетті психологиялық негізін салады. Біздің оқулықта ойқозғауәдісімен берген тапсырмаларымыз оқушының сабаққа қызығушылығын тудыру мақсатын көздейді. Мағынаны тану фазасы оқушылар жаңа мәліметпен, идеямен немесе жаңа мазмұнмен кездесіп қалғанда іске асады. Дәрісті басқаратын талқылау, кітап оқу, бейнетаспа, өнер қойылымдары немесе басқа да нұсқау әдістерінің қайсысы болмасын осы кезеңде қамтылады. Оқушылар жаңа білімді бұрынғымен біріктіре отырып және ақпараттың жаңа мазмұнға қолданбалылығы мен қолайлылығын қарастыра отырып, белгісізден белгіліге қарай жүретін ақпарат пен идеяның маңыздылығы жөнінде шешім қабылдаулары қажет. Оқушылар жаңа идеяны қабылдайды, ескі мен жаңаны ұштастырады, ойлау қабілетін кеңейтіп, не түсінгенін анықтайды. Оқулықтағы ойжалғау,түртіпал,топтық,жұптық,ұжымдық,сондай-ақкесте,сурет,сұрақтүрінде келтірілген тапсырмалар – осы кезеңнің тапсырмалары. Ойтолғанысүйрену процесінің соңғы фазасы болады да, бұл кезде оқушылар алған білімдерін сыртқа шығарып, түсінгендерін өз сөздерімен жеткізіп бере бастайды. Саналы талқылаулар мен білімді тәжірибеде қолдану, жаңа идеялар мен ұғымдарды жинақтаумен, мазмұн жөніндегі өздерінің ашық ұсыныстарымен немесе бір зерттеуді бастаумен айғақталады. Бұл кезеңде оқушылар өздерінің ойын нақтылайды, қатарластары мен мұғаліммен кері байланыса отырып, мәліметтер жинағы мен құрылым мағынасын сынақтан өткізеді. Іштей ойлануға үйренеді, ой алмасады. Белсенді түрде өз білімін үйрену жолына қайта көз жіберіп, өзгерістер енгізеді. Бұл – ең ұзақ та маңызды кезең. Мәтіндегі көркемсөздерді түсіндірудің тәсілдері Жалпы алғанда, оқушының мәтіндегі көркемсөзді түсіну механизмін психологиядағы ассоциациялық ұстаныммен (М. Мұқанов) түсіндіруге болады. М. Мұқановтың түсіндіруі бойынша ассоциациялық ұстанымды жүзеге асыру тәсілдері: көршілестік ассоциация, ұқсастық ассоциация, қарама-қарсы ассоциация, себепассоциациясы(Мұқанов М.М. Бақылау және ойлау. – Алматы: Қазмембас, 1959. – 118 б.). Ерте дәуірдегі грек оқымыстысының бірі Аристотель (б.д.д. 384–322 жж.) осы келтірілген ассоциациялардың көбісін жобалап шешті. Бірақ бұл ерте заманнан бері белгілі болғанымен, ол тек И.П. Павлов ілімінің негізінде терең зерттеліп, дәлелденді. Бұрынғы оқымыстылар осы ассоциациялардың болатынын жобалағанымен, оның қалай іске асатынын ғылыми әдістермен зерттей алмаған еді. Олар ассоциацияларды сыртқы дүниеден келетін әсерлермен байланыстырмай, мида болатын өзінше бір бөлек күш деп түсінген. Осымен бірге олар бұл ассоциацияларды тек тікелей елестетумен байланыстырып, онымен ой процестерін түсіндіре алмады. И.П. Павлов ертедегі ассоциация ілімін қостап, мұны шартты рефлекс теориясымен ғылым жүзінде дәлелдеп, оның жасалуы сыртқы дүниенің әсерімен болатынын ашып берді. Адамның ойын түсінуге И.П. Павловтың екінші сигналдық жүйе туралы ілімінің үлкен маңызы бар. Екінші сигнал жүйесі тек адамға тән болғандықтан, сыртқы дүниені саналы түрде бейнелеуге мүмкіндік береді. Адамның екінші сигналдық жүйесінде жасалатын ассоциациялар бір-бірімен мәнді түрде байланысып тұрады. Мысалы, «тоғай» деген сөз осыған дыбыс жағынан ұқсас қарағай, терек, қайың және басқаларын еске түсіреді. Осы мәнді ассоциациялардың қандай ерекшелігі бар? Екінші сигналдық жүйенің көлемінде қалыптасып, мәнді түрде бір-бірімен байланысатын бұл мәнді ассоциациялардың өзіндік ерекшелігі мынада: белгілі жүйеге салынып қалыптасқан ассоциациялардың бір тізбегі, басқа ассоциациялардың тізбектерімен байланысты болғандықтан, олар бір-біріне хабар («сигнал») беріп, бірін-бірі оятады. Мысалы, бір жасалған ассоциацияның тізбегі, оның екінші және басқа тізбегіне хабар беріп, сонымен бұл ойымыздың сайрап тұратынын жақсы дәлелдейді. Егер миымызда жасалатын ассоциациялар ешбір жүйесіз, бір-біріне байланысты болмай, үзілісті болған болса, онда ойлауға мүмкіндік те тумаған болар еді. Өйткені ассоциациялар үзілісті болғандықтан, біз бір ойдан екінші және т.б. ойларға көше алмас едік. Осы ой тәсілдерінің мәтінді түсіну барысында жүзеге асуын нақты мысалдар келтіре отырып дәлелдеп көрейік. Көршілестікассоциациясыныңосылай аталуының себебі – бір нәрсені екінші көршілес нәрсемен бірге қабылдайтындықтан, 2–4-сынып оқушылары үшін сол жастағы баланың іс-әрекеті сюжеттік оқиға ретінде суреттелген мәтіндердің таңдап алынуы көршілестік ассоциацияның көрнекті мысалы бола алады. Мысалы, хрестоматиядағы Д. Қасеновтің «Өкініш» әңгімесіндегі Аңсардың басынан кешкен оқиғасы арқылы балалар нақты өмірде өз бастарында болған көршілес оқиғаны естеріне түсіруі мүмкін (әңгімеде Аңсар деген бала әп-әдемі күшігін бұзылған сағатқа айырбастап жібереді). Міне, осы әңгімедегі Аңсардың көңіл күйін түсіну өзі де осындай оқиғаны басынан кешкен бала үшін оңай өтеді. Ұқсастықассоциациясыменқарама-қарсыассоциациялар,әсіресе, көркем мәтіндердегі кейіпкерлерге қатысты қолданылған әсерлі сөздерді түсіндіруде жиі қолдануға болады. «Ұқсастық ассоциациясының табиғи негізі жүйке процестерінің жайылу (иррадиация) заңына және оның нәтижесінде болатын «шатастыру» процесімен байланысты». Біздің түсінігімізде бұл тәсіл ойлаудың салыстыру операциясынан өзгешелеу. Мысалы, Ф. Оңғарсынованың «Жылу» өлеңін алайық: Жылылықтан жаралған Құшағы оның – таң мекен. Менің айдай анамнан Асқан сұлу бар ма екен?! Мейірім – нұр төгілген Күн көзіндей жанары, Ойымды оқып өңімнен, Дірілдейді қабағы. Жердегі бар тағамнан Ана сүті нәрлі екен. Бұл жалғанда анамнан Сүйікті адам бар ма екен?! Жер бетінің ғұмыры Күн нұрымен арайлы. Біздің үйдің жылуы Анамыздан тарайды. Өлеңдегі айдай анам, жанары күн көзіндей, мейірімі – нұр төгілген, үйдің жылуыанамыздантарайдыдеген сөз тіркестеріндегі көркем ойды ұқсастық ассоциациясымен түсіндіру тиімді. Қарама-қарсы ассоциациялар. Әдетте кездесетін нәрселердің бәрі бір-бірімен ұқсас бола бермейді. Олар бір-біріне қарама-қарсы болып та кездесетіндіктен, мұны қарама-қарсы ассоциациялар дейді. Мысалы, біздің есімізге мейірімді, сүйкімді бейне түссе, дәл сол уақытта оған қарама-қарсы, тек өзінің қамын ойлайтын адамдардың бейнесі түсуі де мүмкін. Бұл өмірде жиі кездеседі. Өйткені есімізде түрлі нәрселерді, яғни бейнелерді салыстырғанда тек ұқсастығын ғана емес, тіпті қарама-қарсы жақтарын да еске аламыз. «Осындай жағдайдың табиғи негізі өзара оң индукцияның күшімен іске асады. Мәселен, бір нәрсе туралы ойлағанда, оған еш қатысы жоқ тежеліп тұрған мидың басқа орталықтары тежеуден қозуға айналады. Осының нәтижесінде кейде ойлап отырғанымызға ешқандай қатысы жоқ, басқа қарама-қарсы ойлар да келіп тұрады». Оқулықтағы білім мен білімсіздік сөздерінің мағынасын түсіндіруге арналған сұрақтар мен тапсырмалар қарама-қарсы ассоциацияларды қолдануға мысал бола алады. тапсырма: Суретке зер сал. «Білім» деп аталатын күннің сәулелеріне ат ойлап тап. Күннің түсі қандай? «Білім» атты күннің түсі неге осындай (қызыл немесе жарық) деп ойлайсың? тапсырма: «Білімсіздік» атты күннің түсі неліктен сұр деп ойлайсың? Оның сәулелерін қалай атар едің? тапсырма: Саған қай күн ұнайды? Өзің күннің суретін қандай түспен салар едің? Өз бетіңше күннің суретін салып, сәулелерін қалай атайтыныңды жаз. Ассоциацияның ендігі соңғы түрі – себепассоциациясы. Бұл ассоциация ойды тиянақты дәлелдеуде ерекше орын алады. Мұның себебі ой процесі бір немесе бірнеше қорытындыға келіп дүниедегі құбылыстардың өзара байланысын, себебін шешуге бейімделеді. Мысалы, хрестоматиядағы С. Жүнісовтің «Кімнің мекені жақсы?» деп аталатын көркем мәтінді алайық. Осы сұрақты оқушыларға бірден қойсақ, түрлі жауаптар алуымыз мүмкін, бірақ «дүниедегі ең бір жақсы мекен, жайлы қоныс – әркімнің өз мекені, өз жері екен» деп келетін мәтіннің өзінде айтылған дұрыс та дәлелді жауапқа кейіпкерлер – құрбақа, тышқан, құмырсқаның басынан кешкен түрлі оқиғаларды талдау арқылы ғана көз жеткіземіз: жақсы мекен, жайлы қоныс іздеп шыққан құрбақа, тышқан, құмырсқа шалшық судан шыққан борсыған иістен жиіркеніп тұрса, көкқұтан «бұдан артық жайлы қоныс жоқ» деп мақтанады; жазық даланың ми қайнатқан ыстығына шыдамаған кейіпкерлерді «осы жерден артық ешқандай мекен жоқ» деп шырылдаған бозторғайдың іс-әрекеті таңғалдырады; қатты жаңбырға тап болып қиналған кейіпкерлер «жауынды жерге не жетсін!» деп мәз-мейрам болып жатқан жауынқұрттарды кездестіреді. Ертегі-мәтіннің түйінді ойы өзімізге таныс кейіпкерлердің сөзінен аңғарылады. «Құрбақа, тышқан, құмырсқа бұдан әрі ілгері жүрмеді. Кейін қайтты. Арып-ашып, іңір қараңғысында өз мекен, өз қоныстарына әрең оралды. Тышқан жып беріп өзінің ініне еніп кетті де, түбіне қарап жатып: О, шіркін! Дүниеде менің інімнен артық жақсы мекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі тар, өзі қараңғы, өзі қауіпсіз, – деді. Құмырсқа да өз илеуіне келіп кірді де: О, шіркін! Дүниеде менің илеуімнен жақсы мекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі жайлы, өзі биік, өзі жұмсақ, – деді. Ал құрбақа да өзінің орнына секіріп түсіп: О, шіркін! Дүниежүзінде менің орнымнан жақсы мекен, жайлы қоныс бар ма екен? Өзі салқын, өзі дымқыл, өзі көлеңке, – деді». Сонымен, М. Мұқановтың «Лингвопсихология тіл мен психологияның шегарасы болып есептеледі, лингвопсихологияның объектісі – ойды түзетудегі (дамытудағы – Қ.Б.) мәтіннің атқаратын қызметін зерттеу» (Мұқанов М.М. Ойды этно және лингвопсихология тұрғысынан дәлелдеу. – Алматы: Ғылыми методикалық кабинет, 1971. – 47 б.) деген пікірін ескерсек, баланың мәтінді түсінуіне қол жеткізу – оның ойын дамытудың алғышарты. Психолог ой мен тілдің өзара қатынасын генетикалық және функционалдық бағытта қарастыру кезінде кереғар пікірлер болуын заңдылық деп санайды. Функционалдық бағыт деп есептейді. …Ой процесінің түрлі жұмбақ міндеттерді шешудегі атқаратын қызметі, ал генетикалық бағыт сөйлеу әрекеті кезінде пайда болған ойлау деп есептейді. Кейбір зерттеушілер ой мен тілдің арасында ешқандай байланыс жоқ дегенде, олар ойдың функционалдық жағын алып қарастырады. Шынында, бұл дұрыс, өйткені ойды қызмет жағынан алып қарастырғанда, ептілік, тапқырлық, тілді жетік білетін сипаттарға байланысты болып келмейді. Ол тәрбие үстінде, сол адамдарды қоршаған мәдени жағдайларға байланысты дамиды. Ал ой мен тілдің өзара қатынасын генетикалық бағыт тұрғысынан алып қарасақ, онда мәселе мүлде басқаша болып шығады. Ой процесінің жүзеге асуы сөйлеу әрекетінің негізінде болмақ. Мұқановтың теориясына сүйеніп, ой процесінің ішкі механизімін түсіндіріп көрейік. Әдетте, ой адамда бірден пайда болмайды. Ол үшін оны тудыратын жағдай, яғни қажеттілік керек. Психолог Мұқанов «Қажеттіліктің нәтижесінде ойлану бірден пайда болмайды, бұлардың арасында ниет бар», – дей келіп, ниетке «Адамның тек өзіне әйгілі, бірақ сөз «қабығына» әлі енбеген – оның ішкі ойы» деген анықтама береді, яғни адамның алдағы істерін не айтылатын сөздерінің жоспарын іштей құруы. Осы жоспардың жүзеге асып, орындалуының екі түрлі жолы бар: егер ниет сол адамның өзіне ғана арналса, онда ол сыртқа (өзге адамдарға) бағытталмайды, «үнсіз сөйлеу деп аталатын алапта» (М. Мұқанов) қалады. Ал егер сол ниеттің дұрыс не бұрыс екенін тексерудің қажеті болмаса, онда жоспар (ниет) жөнінде мәлімет бірден сыртқы сөйлеуге, яғни қарым-қатынасқа арналады. Кейде үнсіз сөйлеудің қорытындылары ұғым, пікір түрінде сыртқы сөйлеу алабына да беріледі. Соңғы жағдайда үнсіз сөйлеу тек ішкі жоспар алабы арқылы сыртқы сөйлеу алабына жіберіледі. Міне, ойлау деп «ниет алабының үнсіз сөйлеу алабымен үздіксіз байланыста болу процесі» (Мұқанов) аталады да, ал егер ішкі жоспар туралы мәлімет үнсіз сөйлеу алабына бұрылмай, бірден қарым-қатынасқа жіберілсе, онда оны ойлау процесі деп атауға болмайды. Себебі, сөйлеу арқылы бір адамнан екінші адамға ой процесінің өзі берілмей, оның тек жемісі (ұғым, пікір т.б.) ғана келеді. Әдетте, адамның өзгелерге білдіргісі келмейтін ниеті де болады: себебі, ол әлі сол ойының дұрыс, не бұрыс екеніне көз жеткізген жоқ. Сондықтан ол өзінің ниетін өзгелерге жарияламай тұрып, алдымен өз санасының талқылауына салады. Егер осының нәтижесінде оның ниетінің қате екені анықталса, онда ол сол ойын өзгелерге айтпауы да мүмкін. Осыдан келіп ой мен ойлау ұғымдарының арақатынасын ажырату қиын. «Ойлау терминінің негізгі мағынасы ішкі жоспар алабынан келген мәліметтерді үнсіз сөйлеу арқылы тексеруден тұрады» (М. Мұқанов). Демек, «Естіртіп сөйлеу өзгелермен қатынас жасаудың құралы болып есептелінсе, үнсіз сөйлеу ойланып-толғанудың құралы болып саналады» (М. Мұқанов). Қорыта айтқанда, психолог М. Мұқановтың осы айтқандарының мәтінді қабылдау механизмін түсінуге тигізер ықпалы зор болмақ. Мәтінді эстетикалық қабылдау мен талдау жолдары Мәтінді эстетикалық қабылдау эмоция, сезім ұғымдарымен байланысты. Эмоция объективті шындықтың бейнелену, танылу және бағалану формаларының бірі екенін түрлі ғылым өкілдері, әсіресе философтар мен психологтар көптен бері дәлелдеп келген. Адам өзін қоршаған ортаны, оның түрлі заңдылықтарын таза өз күйінде де, әртүрлі сезімдік күйде де қабылдайды. Көктемкелдідеген сөйлем мен Күлімдепкөктемкелдідеген сөйлемнің мағыналық жігін ажырату аса қиын емес. Алғашқысы – ақпараттық, соңғысы эмоционалдық мәнде айтылып тұр. Бұл сезімдік қабылдау философияда танымпроцесідеп аталады. Танымдық процесс сананы дамытады, өйткені объекті мен субъектінің арасындағы күрделі қарым-қатынас адамды ойға жетелейді. Танымды анықтауда басшылыққа алынатын принциптер – оның бейнелеу мен қабылдау деп аталатын категориялары. Бұл диалектика заңынан белгілі. «Бейнелеу дегеніміз «танып білуге тиіс объекті мен танушы субъектінің арасындағы күрделі қарым-қатынас процесі» делінген психологиялық сөздікте (Қазақша- орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Педагогика және психология. Авт.: Б.Р. Айтманбетова, Ә. Алдамұратов. – Алматы: «Рауан», 2000 ж.). Осы қарым-қатынастың негізінде белсенді сезімдік таным пайда болады. Сезімдік танымға жататын сезу мүшелері: көру, есту, сезіну және ол үш формада – түйсік, қабылдау және елестету арқылы жүзеге асырылады. Түйсік сезім мүшелеріне тікелей ықпал жасайтын құбылыстардың жеке сапаларын, қасиеттерін мида бейнелеу болса, қабылдау (сезімдік қабылдау) мен елестету – белгілі бір формада қабылданған заттың сезімдік бейнелері, бірақ бұлардың әрқайсысы практикалық деңгейіне орай танымға әрқалай әсер етеді. Мәселен, біреуге қатты толқыныс тудырған жағдай екінші біреуге солғын әсер етуі немесе қуанғаннан жылап жіберу, қорыққаннан, тіпті қуанғаннан талып қалу, қолпаштап, қол шапалақтап жіберу т.б. жайттар – осының дәлелі. Олай болса, таным процесін сөз еткенде, осы процесс үстінде санада пайда болатын сезім мен эмоцияның қыр-сырына үңілеріміз сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлының тұжырымы бойынша, көркемсөз – көп қабатты құбылыс. Оның құрамында сөздің негізгі теориялық басымдықтары белгіленген: «Көркемсөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі. Жалаң сөз – зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркемсөз – қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркемсөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, ақиқат түрінде айтады. Көркемсөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, көбінесе ұйғару түрінде айтады. Жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады» (Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: «Алаш», 2003. – 176 б.). Осы айтылғандарға орай бастауыш сыныптарда көркем мәтіндердің қыр-сырын танытып білдіру үшін, әр сынып көлемінде бірізділікпен жүргізілетін жүйелі жұмыстар арқылы оқушылар шығарманы талдаудың қалыптасқан жүйесін меңгеруге алып келеміз. Біріншіден, мазмұндық-тақырыптық талдау, шығарманы тұтастай ала отырып, бөлім бойынша мазмұнын, тақырыбын таныта отырып талдау. Екіншіден, тілдік эстетикалық талдауға көңіл бөлу. Шығарманың тілдік ерекшелігін, сөз өрнегін, суреттемелік шеберлігін, көркемдігін, сөздер табиғатын, стильдік айырмашылықтарын таныту. Үшіншіден, кейіпкерлік-бейнелік талдау. Шығармадағы кейіпкерлерді талдау, олардың өзара сабақтастығын шығарма тақырыбы мен оқиға желісіне қатысын айқындата отырып, ажырату әрі салыстыру. Бастауыш сынып жасындағы бала қандай әдеби шығармаларды жеңіл қабылдайды дейтін сұраққа жауап берер болсақ, бағдарламада 2-сынып оқушылары үшін ұсынылған оқу тақырыптары мыналар: мысал, ертегілер, аңыздар, әңгіме; өлеңдер (халық ауыз әдебиетінің балаларға арналған шағын түрлері: ойын өлеңдер, айтыс өлеңдері, өтірік өлеңдер), жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, тұрмыс-салт жырлары, бата, ән өлеңі, шешендік сөздер, табиғат лирикасы, азаматтық лирика; балаларға арналған юморлық және сатиралық шығармалар; балалардың түсінігіне сай ғылыми-танымдық шығармалар. Бастауыш сыныптарда «Әдебиеттік оқу» пәні материалдарын сұрыптауда монографиялық ұстаным басшылыққа алынады. Бұл ұстанымның талабы Ы. Алтынсариннің, А. Құнанбайұлының, Ш. Құдайбердіұлының, С. Көбеевтің, С. Торайғыровтың, С. Дөнентаевтың, А. Байтұрсынұлының, М. Дулатовтың, М. Жұмабаевтың, Ж. Аймауытовтың, С. Сейфуллиннің, І. Жансүгіровтің, Б. Майлиннің, М. Әуезовтің т. б. классик ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармалары әр сыныпта қайталанып отырады. Оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай олардың әртүрлі жанрда, әртүрлі тақырыпта жазған шығармаларын оқуға мүмкіндік алады. Осындай шығармаларды қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстар мынадай: мәтіндегі негізгі ойды анықтау; мәтінді әңгімелеу; мәтінге жоспар құру; мәтіндегі оқиғаға, мәтін авторының көзқарасына өз пікірін білдіру; мәтінді эстетикалық-сезімдік тұрғыда қабылдау. Әдебиеттану ұғымдарымен практикалық түрде танысу да балалардың мәтінді қабылдауын жеңілдетеді. Атап айтсақ, мұндай жұмыс түрлеріне: өлең туралы қарапайым түсінік: ұйқасқа құрылатыны, ақынның ойы мен көңіл күйі, өлең жолдары мен шумағы, өлеңнің ырғағы; әңгіме туралы қарапайым түсінік: әңгіме авторы, кейіпкерлері, әңгіменің тақырыбы мен негізгі ойы; мәтін түрлері: сипаттау, әңгімелеу, пайымдау; халық ауыз әдебиеті үлгілерінің өзіне тән белгілері; теңеу, кейіптеу, эпитет, пейзаж туралы қарапайым түсінік; шығарма кейіпкерлерін сипаттау: портрет, монолог, диалог туралы қарапайым түсініктер беру жатады. Шығарманы қабылдауда қарастырылатын аса маңызды мәселелердің бірі – шығарманың тіл ерекшелігіне көңіл бөлу. Егер оқушы көркем шығарманың тілі деп автордың тілі мен кейіпкердің тілін ұғатын болсақ, бұл – образ, ол характерлерді танытуда, шығарманың идеясын ашып түсінуде басты қызмет атқарады. Әрбір ақын, жазушының өзіне тән, даралық сипаты бар стиль, тіл өзгешеліктері болады. Бұл ерекшеліктер оның лексикасынан, қолданған троптары мен фигурасының түрлерінен көрініп тұрады (теңеу, эпитет, метафора, әсірелеу, метонимия, арнау, қайталау, шендестіру, дамыту т. б.). 2-сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» кітабының жаңа басылымында мәтінге тек сурет қана беріліп қоймай, оқушылардың мәтінді эмоционалды қабылдауын қамтамасыз ететін сұрақ-тапсырмалар кеңінен қамтылды. Суретпен жұмыс – қабылдаушы кішкентай оқырманды тәрбиелеудің бір жолы. Суретпен жұмыс жасау кезінде оның мәтінмен арақатынасын анықтай отырып, баланың сезіміне әсер ету, рухани дамыту басты назарда болады. «Суретшінің көңіл күйі қандай деп ойлайсың? Оны қандай бояулар көрсетіп тұр? Ақын да өлеңде белгілі бір көңіл күйін бере алады. Осы өлеңнің түсі қандай деп ойлайсың? Оны қандай сөздер арқылы байқадың? Осы мәтін бойынша сен қандай сурет салар едің?» деген сияқты сұрақтар шығарманың сыртқы қабын – бояуын ғана емес, оның ішкі мәнін танып, ұға білуге жетелейді. Сондай-ақ ақын- жазушылардың көңіл күйін, оқушының мәтіндегі оқиғаға, кейіпкерлерге қарым-қатынасын смайликтер арқылы белгілеп, білдіріп отырулары да – шығарманы эстетикалық қабылдауға әкелетін әдіс-тәсілдер. Әдебиеттік оқу сабақтарында ойындарды қолдану Тілдің дамуына ойын өте үлкен әсер етеді. Ойын жағдайы оған енген әрбір баладан белгілі мөлшерде қатынас жасау қабілетін талап етеді. Сондай-ақ ойын әрекетінде баланың денесі мен ақыл-ойы дамып, өзін қоршаған ортаның заттары мен құбылыстарын танып біледі. Екінші сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығы мен хрестоматияда ойынның жоғарыдағыдай мүмкіншіліктері ескеріліп, қазақ ауыз әдебиетінің айрықша саласы – ойын фольклоры, яғни санамақтар, сұрамақтар, қаламақтар, айтыс ойындары берілген. Ойын жырларының атқаратын қызметі – балалардың сөйлеу тілін дамыту. Сондай-ақ оқыту әдістемесінде баланы ойлауға үйрететін «Күн шұғыласы», «Балық» ойыны, «Пікірлер ағашы», «Адасқан сөздер» ойындарын жүргізу жолдарына жеке-жеке тоқталып өтейік. «Күн шұғыласы» ойыны оқушыларға ортасында тақырып не сурет салынған күннің шуақтарының аттарын жазу арқылы тапсырылады. Мысалы, ойынның үлгісі мынадай: «Күн шұғыласы» ойыны. Оқу,білімдеген сөздер көз алдыңа нені елестеді? Сызбаны толтыр. Сондай-ақ суретке қатысты берілген ойынның үлгісі мынадай: Тиін мен түлкі туралы не білесің? «Күн шұғыласына» не білетініңді жаз. Өлеңге сүйеніп, «қарт» ұғымына мағынасы жуық сөздерді теріп жаз. Ол сөздерді «Күн шұғыласына» орналастыр. Ойын түрінде берілген осы тапсырманы орындау барысында оқушы «қарт» сөзінің синонимдік қатарлары қария, тірі шежіре, баба, ата екендігін табады. Тапсырма күрделі, ал ол ойын түрінде келтірілгендіктен – оқушы үшін қызықты, сондықтан жылдам орындалады. Бұл ойынды кейде сабақ басталмас бұрын ойқозғау әдісі арқылы Тақырыпты болжау үшін (мысалы, оқылатын мәтінге байланысты «амандасу, сәлемдесу» дегенді қалай түсінесің?» деген сұрақ түрінде) қолдануға болады. Мәтін оқылып біткеннен кейін оқушының осы бағытта қаншалықты білімін көтергенін байқау үшін осы сұрақты тағы қойып, күн шұғыласының аттарын тапқызу арқылы сабақты қорытуға болады. Сонда мәтін оқылмас бұрын бір-екі ғана күн шуағының аты аталса, мәтін оқылғаннан кейін үш-төрт күн шуағының аттары табылып, балалар да, ұстаз да өз еңбектерінің нәтижесін (мәтін бойынша дұрыс жұмыс жүргізілгенін, оқушының түсінгенін т. б.) көре алады. «Күн шұғыласы» ойынын жеке де, топтық түрде де ұйымдастыра беруге болады. Оқулықта ребус та берілді. Ребус шешу – балаларды логикалық ойлауға үйрететін танымдық жаттығу. Ребусты қолдану белгілі бір дидактикалық мақсатты көздейді. Мысалы, ребусты дұрыс шешсең, келесі ертегінің аты шығады. Ең алдымен мұғалім оқушылардың ребуста бейнеленген заттардың дұрыс атауын қадағалауы керек: сағат,,,, қалам,,,,, ине,,, ,,шана. Содан кейін берілген үтірлерге сәйкес әріптер алынып тасталады. Оқулықта сөзжұмбақтар көбірек берілді. Сөзжұмбақ шешу де баланы ойлануға, ой операцияларын қолдануға жетелейді. Ескерту. Оқулықтағы әр бөлімнен кейін берілетін «Не үйрендім?» сабақтарын (15, 27, 37, 47–48-сабақтар) әр мұғалім сынып оқушыларының білім деңгейіне сәйкестендіріп өткізгені дұрыс деп есептейміз. |