Главная страница
Навигация по странице:

  • А.А. ДЮСЕМБАЕВТЫҢ К.С. ОРМАНТАЕВ, РЕДАКЦИЯЛЫҚ БАСҚАРУЫМЕН ШЫҒАРЫЛҒАН ҚР медицина жоғары оқу орындарының

  • А зат Ануарбекұлы Дюсембаев

  • К амал Сәруарұлы Ормантаев

  • М ахмұтбай Санбаев

  • Маратбек Тоқанұлы Аубакиров

  • Қуан Тұрысбекұлы Жүнісов

  • І. ЖАЛПЫ БӨЛІМ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ

  • БАЛАЛАР ЖАСЫНДАҒЫ ХИРУРГИЯНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

  • БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ ДЕОНТОЛОГИЯСЫ

  • ІІ. ТОРОКАЛЬДЫҚ ХИРУРГИЯ КЕУДЕ ҚУЫСЫ АҒЗАЛАРЫНЫҢ ІШТЕН ТУА БІТКЕН АҚАУЛАРЫ ЖӘНЕ АУРУЛАРЫНЫҢ СЕМИОТИКАСЫ МЕН ТЕКСЕРУ ӘДІСТЕРІ

  • 1 балалар хирургиясы кітап. Балалар хирургиясы


    Скачать 7.1 Mb.
    НазваниеБалалар хирургиясы
    Дата25.02.2022
    Размер7.1 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файла1 балалар хирургиясы кітап.docx
    ТипДокументы
    #372906
    страница1 из 50
      1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50


    ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ

    СЕМЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ АКАДЕМИЯСЫ
    ОҚУЛЫҚ

    Медициналық жоғарғы оқу орындарының студенттеріне,

    дәрігер – педиатрларға және

    жалпы тәжірибелік дәрігерлерге арналған
    БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ


    А.А. ДЮСЕМБАЕВТЫҢ

    К.С. ОРМАНТАЕВ,

    РЕДАКЦИЯЛЫҚ БАСҚАРУЫМЕН

    ШЫҒАРЫЛҒАН

    ҚР медицина жоғары оқу орындарының

    оқу-әдістемелік бірлестігі ұсынған

    АЛМАТЫ -2008

    ББК 57.33

    Б 22
    Рецензенттер:

    м.ғ.д., профессор А.Е.Ерекешов

    м.ғ.д., профессор А.Қ.Қарабеков

    Б22 Балалар хирургиясы. Оқулық/ А.А.Дюсембаев , К.С.Ормантаев, М.Санбаев, М.Т.Аубакиров, К.Т. Жүнісов. Семей Мемлекеттік медицина Академиясы. Семей, 2008, 670 б.
    ISBN 9965-514-70-4
    Оқулық балалар хирургиясы ілімінің осы күнгі талабына сай жазылған. Авторлар әрбір аурудың этиологиясын, патогенезін клиникасын, диагнозын қою тәсілдері мен емдеу жолдарын жан-жақты жазған. Оқулық әр түрлі суреттер және рентгенограммалармен безендірілген. Кітапта бала халының кідіртуге болмайтын шұғыл медициналық көмек көрсету жолдары бөлек тараумен берілген.

    Оқулық медицина университеттері мен академияларының педиатрия факультеті студенттеріне, дәрігер-педиатрларға және жалпы практикалық дәрігерлерге арналған.


    Б 4108170000

    00(05)-08

    ISBN 9965-514-70-4 ББК 57.33

    © А.А.Дюсембаев Алматы 2008.

    © К.С.Ормантаев

    © М.Санбаев

    © М.Т.Аубакиров

    © К.Т. Жүнісов

    © «Халықаралық жазылым Агенттігі» ЖШС (ХЖА)

    ОҚУЛЫҚ АВТОРЛАРЫ ТУРАЛЫ
    А зат Ануарбекұлы Дюсембаев - профессор, медицина ғылымдарының докторы, Семей мемлекеттік медицина академиясының “Балалар хирургиясы” кафедрасының меңгерушісі.

    А. А. Дюсембаев 1970 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1974-1978 жылдар аралы-ғында Ташкенттегі дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының аспирантурасын бітіріп, медицина ғылымдарының кандидаттық дис-сертацияны қорғады.

    1987-1991 жылдары Курган қаласыңдағы Г. А. Илизаров атын-дағы травматология және ортопедия институтының докторантурасын бітіріп, сол жылы медицина ғылымдарының докторлық диссертациясын қорғады. 133 ғылыми мақаланың, 1 монографияның және 27 өнертабыстың (изобретение) авторы.
    К амал Сәруарұлы Ормантаев 1959 жылы С.Ж.Аспандияров атындағы мем-лекеттік медицина институтын бітірген.

    1966 жылы медицина ғылым-дарының кандидаты, 1971 жылы меди-цина ғылымдарының докторы деген дәреже алу үшін диссертация қорғады.

    1972 жылы профессор атағы берілді, 1981 жылы «Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ алды.

    1989 жылы Қазақстан Республикасы ғылым академиясының корреспонден мүшесі, 1994 жылы Қазақстан Респуб-ликасы ғылым академиясының академигі.

    110 медицина ғылымының кандидаты, 11 ғылым докторын дайындады. 13 ғылыми еңбектер мен конференциялардың жинағының, 7 монография, 42 өнертабыстың (изобретение), 1 патенттің және 310-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

    М ахмұтбай Санбаев 1974 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын бітірген.

    1979 жылдан бастап балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті, медицина ғылымдарының кандидаты. 87 ғылыми мақалалар және 6 өнертабыстың (изобретение) авторы.


    Маратбек Тоқанұлы Аубакиров 1976 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1992 жылдан бастап балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті, 1999 жылдан - балалар хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі.

    Медицина ғылымдарының кандидаты. 62 ғылыми мақала, 1 монография және 7 өнертабыстың (изобретение) авторы.



    Қуан Тұрысбекұлы Жүнісов 1976 жылы С.Ж. Аспандияров атындағы мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1985 жылдан бастап Семей облыстық балалар ауруханасының анестезиология және реаниматология бөлімшесінде анестезио-лог-реаниматолог болып істейді. Жоғарғы санатты дәрігер-анестезиолог, 8 ғылыми мақалалардың авторы.
    І. ЖАЛПЫ БӨЛІМ
    ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ

    ДАМУ ТАРИХЫ
    Балалардың бойындағы туа біткен және жүре пайда болған аурулар мен кемшіліктердің себебін (этиологиясын), даму ерекшелігін (патогенезін), белгілерін (клиникасын), анықтау тәсілдерін (диагностикасын), емдеу жолдарын зерттейтін және оларды операция жасау арқылы емдейтін ілімді балалар хирургиясы ілімі деп атайды. Балалар хирургиясы - нәрестелер мен сәбилердің қалыпты анатомиясы мен физиологиясы негізінде олардың өсіп-өнуін зертте, кездесетін аурулар емдейтін және алдын алып, қалпына келтірумен шұғылданатын педиатрия деп аталатын үлкен ғылыми медицина саласының ажырамас бір бөлігі.

    Қазақ елінде де балаларды операция жасау арқылы емдеу тәсілдері ертеден басталғаны анық. Мысалы, қол-аяқ сүйектері сынған сәбилердің сынықтарын орнына салу арқылы емдеуді халық арасынан шыққан емшілер, яғни сынықшылар, соқталы іріңді (абсцесс) жарып емдеуді оташылар, суық тиіп немесе iшінe жел қарысқан нәрестелерді емшілер емдегені бәрімізге белгілі.

    Жалпы қазақ еліндегі медицинаның дамуы туралы әңгіме қозғаған кезде, бүкіл дүние жүзі ғалымдары терең білімінің алдында бас иген, пip тұтқан, «Адам ағзалары жайлы», «Жануарлар ағзалары жайлы», «Темпераменттер туралы», «Адам ағзалары жөнінде Аристотельмен алшактығы туралы Галеннің пікірінe қарсы жазылған трактат» атты, медицина іліміне тікелей қатысы бар ғылыми, зерттеу еңбектерін жазып қалдырған, бүкіл әлемдік дәрігерлер қауымының үлгі-өнегесіне айналған, сан гасырлар бойы барлық дәрігерлер оқулық ретінде пайдаланып келе жатқан «Медицина негіздері» деп аталатын, теңдесі жоқ бес кітаптың авторы, ұлы шипагер Әбу Әли Ибн-Синаның (Авиценна) ұстазы болған, Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» атанган, қазақ халқының ұлы перзенті, киелі бабамыз Әбунасыр Мухаммед Ибн Мухам­мед Ибн Ұзлаг ибн Тархан Әл Фарабидің атын ең бipiншi атап өткен жөн.

    Әбу Насыр Мұхаммед 870 жылы Түркстандағы Отырар (Фараб) қаласында туған, сөйтіп туған жерінің атымен Әл Фараби атанған. Медицина мен философиядан Багдатта білім алған. Аристотельдің логикалық шығармасы «Органонға» түсініктемелер жазып «Екінші ұстаз» деген, яғни бipiншi ұстаз Аристотельдің ізбасары деген ең құрметті мәртебеге ие болады (А. Көбесов, 1971; М. М Хайруллаев, 1975; Әл Фараби, 1994).

    Қазақстан ғылымына еңбектері сіңген, Фараби ілімін зерттеуші ғұлама ғалымдар Әлкей Марғұлан мен Ақжан Машановтың мәліметтері бойынша, Әл Фараби соқыр ішегі қабынып ауырған адамға алғаш рет операция жасап емдеген екен. Ұлы ұстаз 950 жылы Дамаск қаласында дүние салады.

    Ежелгі қазақ жеріндегі медицинаның дамуы туралы сөз болғанда, атын атамай кетуге болмайтын адамның бipеуi — ол XV ғасырда қазақ хандығын алғаш құрған Әз Жәнібек ханның тапсырмасы бойынша, артындағы ұрпағына «Шипагерлік баян» атты медициналық ғылыми кітап жазып қалдырған, ғұлама ғалым, қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы екендігінде дау жоқ. «Шипагерлік баянды» оқып отырған адам, қазақ еліндегі шипалау ілімінің түп төркінi тереңде, ғасырлар қойнауында, тіптi Әл Фарабиден де әріректе жатқанына көз жеткізеді.

    Ол кісінің жазып кеткен еңбегіне ой жүгірте отырып, бip замандарда скифтер, сақтар, түркілер, қыпшақтар, қайсақтар, қазақтар аталған көшпенділердің де өз алдына кемелденген медициналық жүйесінің, ғылыми атаулары мен сөздіктерінің, адам анатомиясы мен физиологиясынан хабардар ете алатындай түсініктемелерінің, көптеген аурулардан айықтырып жібере алатындай дәрі-дәрмектерінің түрлері болғанына көз жеткізесің. Бip замандарда жер бетіндегі халықты шыбындай қырғынға ұшыратқан сүзек, қара шешек, оба тәрізді індет ауруларына тосқауыл қойып, ұлтының түп-тұқиянына дейін жойылып кетпеуіне ceбeпшi болған, осындай емшілердің болғандығына таң қаласың.

    Мысалы ұлы шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы балаларды шешектен сақтандыруды былайша емдеген. Баланың шешек іріңін алып, бұзаудың шап тepiciн тіліп, қан шыққан соң, сол жерге жағады. Бip жұмадан соң әлгіжер жұдырықтай болып томпаяды, ісінеді. Томпақты жарып, қуысты қамыс қурай көмегімен бүйрек қабына құйып, күн тимейтін салқын орынға қойып, ағашты қаламдай үшкірлеп, баланың бiлeгiнe жағып, сол жерді инемен сызып қойса болғаны» — дейді(Өтейбойдақ Tiлeyқабылұлы, «Шипагерлік баян», Алматы, «Жалын», 1996, 19 бет). Әлемдік өркениеттіліктің (цивилизация) дамуына «мың өліп, мың тірілген», «көшпенділер» аталған, ержүрек қазақтардың да үлесі бар екендігіне көзiң жеткен сайын, мақтаныш ceзiмi билеп, жігерлене түскендей боласың.

    Ұлтымыздың ежелден келе жатқан дәcтүpлi медицинасында, емшілер аурулардың бeлгiлepiн оның бетәлпетіне, көзінe, тіліне, өне-бойына қарап, тамырын ұстап, алақанын ашып көріп, денесін, iшін сылап-сипау арқылы анықтаған, сөйтіп диагноз қойып емдеген.

    Емдеу барысында емнің әр түрлі тәсілдерін пайдаланған. Дәpi-дәpмeктepдi, көбінесе дәpiлiк шөптерден, малдың, жан-жануардың, жәндiктepдiң eмдік қасиеті бар ағзаларынан жасап пайдаланған.

    Дегенмен де әр түрлі тарихи оқиғалардың кepi әсер етуіне байланысты, соңғы бip ғасырға жуық уақыт ішінде, ел арасында халық eмшілігi дәстүрі дамымай қалды, көпшілігi ұмытылды. Тек соңғы жылдары ғана қайта жандана бастағандай сыңай бар.

    Қолдағы бар мәліметтерге қарағанда XIX ғасырдың аяғында Peceйдiң отары боп келген Қазақстандағы бала өлімінің көрсеткішi өте жоғары деңгейде болған. Мысалы, 1892 жылы бала өлімі64%-ке жетіпті (К.С.Ормантаев, 1973 ж.).

    Біздің елімізде балаларға арналған мамандандырылған арнайы дәрігерлік көмек беру 1930 жылдан бepi басталған тәрізді. Оның ішінде балаларға берілетін хирургиялық көмеқ ең бipiншi рет 1938 жылы Қазақстан мемлекеттік медицина институтының госпитальдық хирургия кафедрасы орналасқан ауруханада, балаларды жеке-дара емдеу үшін арнайы 4 төсек бөлуден басталған. Ол кезде кафедра меңгерушісі профессор В.В.Зикеев болатын.

    Ал 1941 жылы хирургиялық кеселдері бар балаларды емдеуге арналган 8 төсектік жеке палата бөлінеді. Алғашында балаларды емдеуді жалпы хирургиялық бөлімнің дәрігерлері жүзеге асырады. Сәбилерді күтіп, тамақтандырып, бағып-қарау үшін, арнайы орта буындағы медицина қызметкерлерін оқытып, дайындауға кіріседі.

    Бұл жұмысты басқару ici, балалар хирургиясы бойынша Мәскеуден арнайы білім алып, маманданып, келген осы кафедраның ассистенті Евдокия Давыдовна Черкасоваға жүктеледі.

    Балалардың анатомиялық-физиологиялық айырмашылықтарын және оларды емдеудің ерекшеліктepiн жетік түсініп, тәжірибе жинақтай келе, оларды ересектерден бөлек, арнайы дайындалған мамандық иелерінің емдегендері әлдеқайда тиімді екеніне көздері жеткен соң, біртіндеп төсектің санын да көбейте түседі. 1946 жылы балаларды емдеуге арналған төсектің саны 18-ге жетеді. Осы кезден бастап балалар дәрігерлерін дайындайтын (педиатрия) факультеттің студенттерін, ау­ру балаларды көрсете отырып оқыту үшін, доценттік курс ұйымдастырылады.

    Қазақстанда бipiншi рет, 1951 жылы, госпитальды хи­рургия кафедрасы орналасқан ауруханада балаларды емдеуге арналған 40 төсектік жеке бөлім ашылады. Оның бipiншi меңгерушісі болып И.А. Абрамова бекітіледі. Е.Д.Черкасова 1949 жылы «Балаларда кездесетін ми жарығының этиологиясы, патогенезі, клиникасы, емдеуі» деген тақырыптағы, медицина ғылымының кандидаты дәрежесін алуға арналған диссертациясын қорғайды.

    1957 жылы Алматы мемлекеттік медици­на институтының құрамында, 50 төсектік клиникалық базасы бар, алғашқы балалар хирургиясы кафедрасы ұйымдастырылды. Кафедра меңгерушісі болып медицина ғылымының кандидаты, доцент Е.Д.Черкасова, кафедраның доценті болып И. Раушанбах, ассистенттері болып В.П.Кузнецова мен О.Я.Чичасова тағайындалады.

    Ал 1964 жылы дәрігерлердің білімін жетілдіру институ­тында балалар хирургиясының доценттік курсы ашылады да, оның меңгерушici болып м.ғ.к. доцент Галина Иоси­фовна Раушанбах (1914—1968) бекітіледі. Ол кандидаттық диссертациясын «Бүйрегінде хирургиялық кеселі бар аурулардың бауырының антитоксикалық функциясы» («Антитоксичная функция печени при хирургических забо­леваниях почек») деген тақырыпта қорғаған. Курс ассистенттepi болып алғашында балалар xиpypri Т.Т.Молдабаева, кейіннен Б.Б.Жұмагұлов қабылданады.

    1964 жылы шілдеде шыққан ҚСРО денсаулық сақтау министрлігінің «КСРО-дағы балаларға көрсетілетін хирургиялық көмекті жақсарту шаралары» деген № 400 бұйрығына сәйкес, Қазақстандағы балалар хирургиясына арналған төсектің саны 1964—1973 жылдары 1200-ге, республикада жұмыс істейтін балалар хирургтерінің саны 130-ға көбейтіледі. Сонымен бipre балалар хирургия кафедрасы Қарағандының медицина институтында ашылып, меңгерушісі болып м.ғ.к., доцент Е.С.Кужекеев, Семейде ашылып, меңгерушісі болып м.ғ.к., доцент З.А.Аханзарипов, Ақтөбеде ашылып, меңгерушісі болып м.ғ.к., доцент Э. А. Рудин сайланады.

    Осыған байланысты Алматыдағы балалар хирургиясы кафедрасы орналасқан № 1 қалалық клиникалық балалар ауруханасындағы хирургиялық аурулар емделетін төсектің саны 1964—1973 жылдары 240-қа жетеді.

    Балалар хирургиясы кафедрасы ашылғаннан бастап-ақ болашақ маман иелерін дайындау үшін, балалар хирургиясы ілімін одан әpi дамыта беру үшін, жоғарғы курс студенттеріне арналған ғылыми үйірме жұмыс icтей бастайды. Үйірменің белсенді мүшелерінің бipi болған педиатрия факультетінің студенті Камал Сәруарұлы Ормантаев 1958—59 жылдары Ресейдің Нижний Новгород (ол кезде Горький) пен Саратов қалаларында өткен студенттер мен бала хирургтерінің Бүкілодақтық ғылыми конференцияларында баяндамалар жасап көзге түседі. «Қорғасынмен уланған иттен қайталап қан ағызғандағы оның организмінің реакциясы» (Горький қаласы, 1958 ж.), «Іштен туа біткен маймақ табанға арналған сұрақтарға орай» (Саратов қаласы, 1959 ж.) атты ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көреді.

    Сол арада Ресейдегі балалар хирургиясы мектебі мен ілімінің негізін салушы дүние жүзіне аты әйгілі ғалым, профессор Сергей Дмитриевич Терновскиймен танысып, ақсақалдың ақ батасын алады.

    Ал С.Д.Терновский (1896-1960 жж.) болса, қарапайым ординатордан бастап профессорлыққа, одан СССР-дың медицина ғылым академиясының (MFA) мүше-корреспонденттігіне дейін көтерілген, «Балалар хирургиясы» атты үш рет (1949, 1952, 1959 жылдары) қайта басылып шыққан оқулықтың авторы, eciмі бүкіл әлемге әйгілі балалар хирургі еді. Кейіннен ол кісінің тәрбиелеген шәкірттерінің өзі Кеңестер Одағының ең атақты балалар хирургтары мен денсаулық сақтау ісінің шебер ұйымдастырушылары болады.

    К. С. Ормантаев институтты бiтipгeн соң №1 қалалық клиникалық балалар ауруханасында, алғашында ор­динатор, содан соң бөлім меңгерушісі қызметін атқара жүріп, кейін госпитальды хирургия кафедрасының меңгеpyшici, белгілі педагог, шебер хирург, профессор М.И.Брякиннің жетекшілік етуімен аспирантураға түседі. Ал 1966 жылы Қазақстанда бipiншi болып, балалар хирургиясы саласында, қазақ ұлтының өкілі Камал Сәруарұлы Ормантаев, «Балалар миының шайқауын сипаттайтын мәліметтер» деген тақырыпта, медици­на ғылымының кандидаттығына арналған диссертация қopғaйды. Сөйтіп ба­лалар хирургиясы ілімінің қазақ топырағында аяғынан тік тұрып кетуіне, кең құлаш жайып дамуына біраз болса да алғашқы үлесін қосады.

    К. С. Ормантаевтың шебер хирург, зерттеуші ғалым ретінде, өз icінe шын берілген азамат ретінде тәрбиеленіп, ер жетуіне тікелей ықпалын тигізген, алғашқы рухани ұстазы, профессор Михаил Иванович Брякиннің (1902—1985 жж.) еңбегі зор болды.

    Ал, профессор М.И.Брякиннің мектебінде тәрбиеленген хирургтердің жақсы дәстүрлерінің, шәкірттерінің бipi К.С.Ормантаев өзi басқарып отырған балалар хирургиясы клиникасында бұлжытпай жалғастыруда.

    Ол дәстүрлердің ең басты шарты: хирургтердің арасындағы бұрыннан қалыптасқан, темірдей «жартылай әс­кери» тәртіпті қатаң сақтай отырып, ауруға барынша адал болу, сауатты ем жүргізіп, қатесіз операция жасау, қалтқысыз еңбек ету, өтipiк айтпау, абайсызда жіберген қатесі болса әріптестерінің алдында мойындай білу, білімін жетілдіру, тәжірибе жинап, шеберлігін арттыру, адамгершіліктің қағидаларынан аттап қарапайым халыққа қиянат жасамау.

    1968 жылы м.ғ.к., доцент Е.Д.Черкасованың зейнетке шығуына байланысты, кафедра мeңrepyшіci болып м.ғ.к., доцент К. С. Ормантаев бекітіледі. Дәл осы кезеңнен бастап Қазақстандағы балалар хи­рургиясы ілімінің дамуы жаңа бағытқа бетбұрыс жасайды. Республикамызда балалар хирургиясы ілімінің ме­дицина ғылымының баска салаларымен салыстырганда әжептәуір кенжелеп калғанына көзі жеткен К.С.Ормантаев, Қазакстандағы балалар хирургиясы ілімінің ғарыштап өciп, дамуы үшін оның жұмысын мүлдем жаңа ғылыми жолға қояды.

    Кафедра ашылған күннен бастап, осы уакытқа дейін, оның бұрынғы аз ғана топ қызметкерлерінің бала хирургиясының тек практикалық жағына ғана көңіл бөліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын мүлдем қолға алмағанын байқаған жас ғалым, осы саланы дамыта бас­тайды.

    Медицина, оның iшіндe педиатрия мен бала хи­рургия саласы күнделікті сараптауды, салыстырмалы зерттеуді, сөйтіп емделіп, сауығып шыққан аурулардың нәтижелері бойынша, белгілі бip қорытындыға келіп, оның жақсы жақтарын тікелей icкe асырып, жаман жақтарын қалдырып отыруды қажет ететін ілім екеніне, сонау сту­дент кезінде-ақ көңіл аударып маңызын айқын түсінген Камал Сәруарұлы кафедраның меңгерушісі болып сайланған бipiншi күннен бастап-ақ, Қазақстандағы балалар хирургиясы ілімін жан-жақты дамытуға бел буады да, алдын ала жоспар жасайды. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, ол кісі үлкен icтi бастамас бұрын, ceнiп тапсырған iciн бұлжытпай алып кете алатындай талантты, талабы бар, еңбекқор бала дәрігерлерінен өзіне шәкірттер таңдайды. Білімді, білікті, мәдениетті, қолдары шебер маман иелерін дайындауға кіріседі.

    Қазақстандағы жаңадан ғана шаңырақ көтерген балалар хирургиясының іргетасын бeкiтіп, сапасын арттырып, ғылымын дамытып, атақ-даңқын сол кезден Бүкіл Одаққа аттары белгілі Мәскеудегі Ю.Ф.Исаков, С.Я.Долецкий, Санкт-Петербургтегі Г.А.Баиров басқарып отырган іргелі кафедралардың деңгейіне жеткізуді мақсат етеді.

    Осы мақсатпен сол кездегі Кеңес Одағының астанасы Мәскеудің ipi ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланыс жасап, атақты ғалымдармен, балалар хирургтермен, анестезиологтарымен танысып, жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, білімдерін жетілдіріп, шеберліктерін арттырып, тәжірибе жинап қайту үшін сол орталықтарға оқуға жібере бастайды.

    Өзі де КСРО Ғылым Академиясының педиатрия ғылыми-зерттеу институтына, докторантураға түciп, әйгілі ғалым С.Д.Терновскийдің шәкірті болған, аса көрнекті бала хирургі, Ресейдің ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, медицина ғылымының докторы, профессор Анатолий Георгиевич Пугачевты жетекшілік етуімен «Балалардың eкі өкпесінің созылмалы іріңді ауруларын хирургиялық жолмен емдеу» деген тақырыпта 1971 жылы Қазақстанда 6ipіншi болып 35 жасында диссертация қорғап, медицина ғылымының докторы, ал 1972 жылы профессор деген атаққа ие болады.

    Осы арада Қазақстандағы педиатрияның, оның ішінде балалар хирургиясының дамуына үлкен көмек көрсетіп, қолғабыстарын тигізіп, ақыл-кеңестерін бepiп, көптеген ipi ғалымдарымыздың теориялық жағынан пісіп жетілуіне, білім алып, іс-тәжірибелік шеберліктерін арттыруына зор үлестерін косқан, Ресей медицина ғылым академиясы (ол кездегі Кеңес Одағының) педиатрия ғылыми-зерттеу институтының директоры, дүние жүзіне аты белгілі, педиатрия ғылымының ipi өкілі, академик М.Я.Сту-деникиннің, сол институттың балалар хирургиясы бөлімінің мeңrepyшici профессор А.Г.Пугачевты, балалар проктологы А. И. Ленюшкиннің, балалар хирургы, портальды гипертензия кеселінің қас шебepi А.Ф. Леонтьевтің, патоморфолог И.Н.Патапованың, уролог П.К.Яцыктың, нефролог В.И.Наумованың аттарын ерекше атап өткен жөн.

    Қазақстандағы балалар хирургиясының дамуына ерек­ше ықпалын тигізген, қазақ дәpігepлepiнiң арасынан өзіне лайық көптеген iзбacap шәкірттep дайындаған (ака­демик К.С.Ормантаев, профессор Т.А.Жумабеков, доценттер Т.М.Мырзабеков, С. Ешмухамбетұлы, Д.Т.Турсынов, Г.Ж.Мусин т. б.), аты дуние жүзіне белгілі ғалым, қолы шебер балалар хирургы, жиырмаға жуық монографиялар мен кітаптардың авторы, хирургияның әр саласына қосқан қомақты үлесі бар, Ресей ғылымына еңбек сіңген қайраткер, профессор Анатолий Георгиевич Пугачевты ұлы eciмi қазақ медицинасының тарихында мәңгiлiк қалатындығында күмән жоқ.

    А. Г. Пугачев 34 жасында «Жаңа туған нәрестелердің iшек өтпеуі» деген тақырыпта докторлық диссертациясын корғап, бip жылдан кейін профессорлық атаққа ие болады. Ол кісінің жазған:

    1970 жылы Мәскеудегі КСРО медицина ғылым академиясы, педиатрия ғылыми-зерттеу институтында балалар хирургиясы мен анестезиология саласы бойынша аспирантурада оқыған Төребек Мырзабекұлы «Eкі өкпeci созыл­малы ауруға шалдыққан балаларды хирургиялық тәсілмен емдеудің нәтижесі» деген тақырыпта (ғылыми жетекшілер А.Г.Пугачев, К.С.Ормантаев), Төлеген Алтайұлы Жұмабеков «Өкпелері спецификалық кеселге тән емес созылмалы ауруларга шалдыққан балаларға жасалған операциядан кейінгi ерекшеліктері» (ғылыми жетекшілері А.Г.Пугачев, О.Д.Кузьминов) деген тақырыпта кандидаттық диссертациялар қорғап, Алматыға оралады.

    К.С.Ормантаевтың тікелей ұйымдастырып, жетекшілік етуімен балалар хирургиясының барлық салалары бойынша жан-жақты, тереңдетілген, орнықты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 110 медицина ғылымынң кандидаты, 11 ғылым докторы дайындалды.

    Балалар хирургиясының әр саласы бойынша жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен тұжырымдары кафедра қызметкерлерінің қатысуымен жазылып, К.С.Ормантаевтың редакциялауымен жарық көрген 13 ғылыми еңбектер мен конференциялардың жинағында жан-жақты баяндалған. Сонымен қатар К.С.Ормантаевтың тікелей авторлығымен жазылған бала хирургиясының көкейкесті мәселелері, Бүкілодақтық деңгейде шыққан бірнеше жетекші кітаптар мен 9 монографиялардың бөлімінде және шәкірттерімен бірігіп жазған ең құнды 7 монографиясы мен 310-ден астам ғылыми мақалаларында да сипатталады.

    Бүкіл балалар хирургтары қолдарынан тастамай оқитын, күнделікті жұмыстарында нұсқау ретінде ақыл-кеңес алып отыратын академик К.С.Ормантаевтың ғылыми еңбектеріне мыналар жатады: «Балалардағы ми шайқалуы» (1969); «Балалардың екі өкпесінің созылмалы іріңді аурулары» (А.Г.Пугачевпен бірге, 1973); «Балалардың зәр тасы ауруы» (О.Я.Чичасовамен бірге, 1975); «Балалар травматологиясы» (Р.Ф.Марковпен бірге, 1978); «Балалардың остеомиелиті кезінде сүйек қуысын жуу»(Т.Ж.Сұлтанбаевпен бірге, 1979); Балалардағы ең ауыр бас сүйек-ми жарақаты»(1982); «Экология және ана мен бала денсаулығы» (С.Н.Ешмұхамбетовпен бірге, 1992).

    Ақмола медицина академиясында 1972 жылы балалар хирургиясы курсы, ал 1984 жылы балалар хирургиясы ашылып, профессор Г.Н.Нейков басқарды. Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік академиясында 2002 жылдан бастап кафедраны профессор Ә.Е.Ерекешов басқарады.

    Ақтөбе қаласында балалар хирургиясы курсы 1970 жылы, балалар хирургиясы кафедрасы 1974 жылы ашылды. 1970 жылдан 1974 жылға дейін кафедра меңгерушісі м.ғ.к., доцент Э.П.Рудин болды. 1974 жылдан 1986 жылға дейін кафедраны Т.Ж.Сұлтанбаев басқарды. 1986 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Б.Қ.Дженалаев басқарады.

    Қарағандының мемлекеттік медицина академиясының балалар хирургиясы кафедрасын профессор А.Б.Марденов басқарады.

    Оңтүстік Қазақстан медицина академиянда балалар хирургиясы кафедрасын А.Қ.Қарабеков басқарады.

    1974 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтының құрамында Облыстық балалар ауруханасы базасында балалар хирургиясы бойынша доценттік курс ұйымдастырылды. Доценттік курстың меңгерушісі болып тәжірибелі хирург, медицина ғылымының кандидаты Кох А.А тағайындалды. 1975 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтында балалар хирургиясы кафедрасы ұйымдастырылды. Кафедра ұйымдастырылған кезден бастап 2002 жылға дейін медицина ғылымының докторы, профессор Аханзарипов Заманбек Аханзарипович кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

    2002 жылдың қыркүйек айынан бастап балалар хирургиясы курсының жетекшісі медицина ғылымының докторы, профессор Дюсембаев Азат Ануарбекович болды.

    БАЛАЛАР ЖАСЫНДАҒЫ ХИРУРГИЯНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
    Біздің отандас және шетел педиатрларының, физиологтарының, топограф-анатомдарының еңбектерінде балалар мен ересек адамдардың арасыңдағы физиологиялық және анатомиялық өздеріне тән ерекшеліктеріне мән берілген (А.П.Гундобин, АА.Ки-сель, Ф.И.Валькер).

    Эмбриогенезді және жан-жануарлардың, адамның перенатальдық, постнатальдық даму заңдылықтарын түсінуде П.К.Анохиннің системогенез деген ғылыми кағидасы үлкен роль атқарады. Белгілі бір функцияны орындау үшін ағзаның әрбір жеке морфологиялык құрылымдары өзіне ғана тән және әр түрлі бағытта дамып жетіледі де (гетерохромдык даму) ағзаға керек уақытында жаңа жағдайларға икемделіп, оның жан сақтап қалуын қамтамасыз етеді.

    Адам өмірін, физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, үш кезеңге бөлуге болады: жетілу, толысқан кезең және инволюция. Бірақ жас балаларға тән ерекшеліктер, олардағы ең тез жетілу алғашқы 15 жыл деуге негіз болады. Жоғарыда айтылған жетілу кезеңдері морфологиялық және функциялық өзгерістермен көзге түседі. Балалардың түрлі ағзалары, әрқалай уақытта өсіп жетіледі. Мысалға: өкпе -7 жаста, бүйректер - 9 жаста, ал эндокриндік бездер тіпті өмір бойы өзгеріске ұшырайды. Тіндік, немесе ағзалық жетілмегендік кейбір жағдайларда функцияның бұзылуына әкеліп соғады. Тіннің және ағзаның морфологиялық жетілмеуін уақытша жетілмегендік деп атауға болады, ал мұндай жетілмегендік ағза функциясының бұзылуына себеп. Мұндай бұзылыс бірақта дәл осы жастағы балада болуы тиіс. Осындай өзгерістерді уақытша жетілмегендік белгісі деп атайды. Осыған мынадай мысалдарды келтіруге болады:

    1. Гипертермиялық синдром әр түрлі жеңіл-желпі себептердің салдарынан дамиды, оның ауырлығы мен тез дамитындығы оны тудырған себептердің күрделілігі мен ауырлығына сәйкес келмейді.

    Мысалға: жеңіл-желпі операция, электролиттер мен су балансының бұзылуы, инфекциялық үрдіс, баланың жасына сәйкес атропиннің дозасын енгізу, т.б. осылар сияқты күнделікті істелініп жататын емдік шаралар жас нәрестелерде, емшек жасындағы балаларда дене қызуының өте жоғары көтерілуіне себеп болуы мүмкін. Ал ересек балаларда немесе ересек адамдарда мұндай жағдайларда дене қызуының көтерілу мөлшері осыны тудырып отырған себептердің күрделілігіне сай болады.

    1. Тыныс алу жүйесі орталығының сылбырлығынан, жаңа туған нәрестелерде, әсіресе шала туған нәрестелерде, тыныс алу жиілігі бұзылады. Мысалға: аздаған ғана түкіріктің, немесе сүттің тыныс жолдарына түсуі тыныс алуды кенеттен тоқтатуы мүмкін /В.В. Гаврюшов, 1962/. Баланың жасы есейген сайын тыныс алудың бұзылуы сирек кезігеді де, есейгенде мұндай бейімділік мүлде жойылады.

    2. Ас жолдары сфинктерлерінің "бұзылуынан" (дисфункциясы) тағамның жүрмей қалуы мүмкін. Мысалы: кардиальдық сфинктердің ашық болуы (халазия), немесе жабылып қалуы (ахалазия), пилороспазм - асқазанның шыға берісіндегі сфинктердің уақытша жабылып қалуы. Жас нәрестелерде, әсіресе шала туған нәрестелерде, функциялық ішек дискинезиясы болады да, бұл ішек өтімсіздігінің белгілерін еске түсіреді. Мұндай жағдайда оперативтік ем ешқандай көмек жасай алмайды. Ал баланы "жетілдіруге" арналған консервативтік емдер жақсы нәтиже береді (А.И.Ленюшкин, 1965; С.Я.Долецкий, 1984).

    Осы сияқты жас нәрестелерде уақытша байқалатын функциялық жетілмегендік туралы көп мысал келтіруге болады. Мұңдай жетілмегендіктер нәресте есейген сайын азая береді. Егер балада әр түрлі асқынулар болмаса немесе өліп қалмаса, көп жағдайларда жоғарыда айтылған жетімсіздіктердің көбі өздігінен жоғалады. Басқаша айтқанда, біраз уақыт өткеннен кейін бұл "бұзылыстар" клиникалық белгі бермейді. Баланың ағзасынде байқалатын осындай өзгерістер, олардың әртүрлі ағзаларының әр түрлі уакытта жетілетіндігін дәлелдейді.

    Жоғарыда айтылған, балаларда байқалатын морфологиялық уақытша жетілмегендіктердің клиникалық белгілері көп. Балаларды тексеріп қараған кезде, ең бірінші кезекте оларда іштен туа біткен ақаулар бар не жоқ екеңдігін анықтауға тиіспіз. Көп жағдайларда бұл қиын емес (мысалы өңеш атрезиясы), ал кейде қиынға түседі, мысалы, ішектің туа болған тарылуы /стеноз/. Баланы қарап тексеру кезінде органикалық /хирургиялық/, инфекциялық, соматикалық т.б. ауруларды таба алмасақ, баладағы байқалып түрған бұзылыстар, уақытша морфологиялык жетілмегендіктің салдары деп есептеуге болады. Мұндай жағдайда клиницист жай ғана күтіп отырмайды, ол жаңағы бала ағзасында орын алып отырған морфологиялық уақытша жетілмегендіктерді жоюға арналған жүйелі шараларды қолданып, балада байқалып жатқан тыныс алу бұзылуын, гипертермияны, тері түсінің сарғаюы сияқты т.б. уақытша жетілмегендіктерді жою әрекеттерін жасайды. Бір сөзбен айтқанда, витаминдер, әр түрлі дәрі-дәрмектер, гормондар беріп балада орын алып отырған мүшелердің дисфункциясын түзейтін консервативті емді қолданады.

    Балаларда байқалатын әр түрлі бұзылыстардың тағы бір себебі - мүшелердің өсіп-жетілу диспропорциясы немесе өсу дисгармониясы. Клиникалык бақылаулар көрсетіп отырғандай, балалардың түрлі мүшелерінің өсу жылдамдықтары әртүрлі. Соның салдарынан аздаған патологиялық бүзылыстар, тіпті кейде ауыр патологиялық бұзылыстар болуы мүмкін. Міне осындай жағдайда, клиницистке алдында тұрған екі мәселені шешуге тура келеді: балада байқалып отырған бұзылыс жедел дамитын ауру ма, әлде уақытша патологиялық жағдай ма, өйткені осыған байланысты баланы тексеру және емдеу әдістері әртүрлі болады.

    Өсу диспропорциялары ішінен ең жиі кездесетін түрлерінен мысал келтірейік: 2-5 жастағы балалардың кәрі жілік сүйегінің басының көлемі мен шеңбер тәріздес қосқыштың диаметрі бір-біріне сай келмегендіктен (сүйек басының көлемі шеңбер тәріздес қосқыштан кіші) сүйектің басы буыннан жартылай шығып тұрады да, орнынан тайып кетуге бейім болады. Кейін, 5 жастан асқан соң (ересек балаларда) бұл қайшылық жоғалған кезде сүйек басының буыннан шығып кету бейімділігі азайады, тіпті мүлде жоғалады.

    БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ ДЕОНТОЛОГИЯСЫ
    Хирургиялық аурулармен сырқаттанған балаларға уақытында диагноз қою, емін дұрыс ұйымдастыру және емнің нәтижелілігі көптеген факторларға байланысты. Солардың ішінде деонтология принциптерін ұстану өте маңызды. Бұл ғылым ересектер хирургиясында жақсы меңгерілген (Н.Н.Петров, Н.І.Ізімбергенов, 2004), ал балаларды емдейтін мамандарда аз игерілген (С.Я.Долецкий, 1984).

    Науқас мен дәрігердің қарым-қатынасына байланысты принциптерді «деонтология» ұғымы біріктіреді. Педиатрияда бұл принциптерді медициналық қызметкерлер мен баланың ата-анасы, туысқандары арасындағы қарым-қатынас негізінде ажырату керек. өйткені бұл принциптер емдеудің маңызды мәселелерін шешеді (операция жасауға, қан, белокты сұйықтықтар құюға, зерттеу жүргізуге және т.б. рұқсат алу).

    Балалар хирургиясында деонтология принциптерін жүзеге асыру қиындайды, өйткені балалар психологиясын түсіну ересектерге, тіпті балалары бар дәрігерлерге де қиын соғады. Жалпы дәрігерлік деонтология педиатриялық тұрғыдағы мәселелерді қамтымайды. Педиатриялық деонтологияда педагогика заңдары қамтылады, бірақ олар педиатрия факультетінде оқытылмайды.

    Хирургиялық ауруы бар баланың хирург-маманмен алғашқы танысуы әр түрлі жағдайда болуы мүмкін. Қызметкердің ең негізгі міндеті балалардың психологиялық доминантын жеңу, яғни қорқыныш сезімін жою. Хирургиялық бөлімнің қызметкерлері сыпайы, ақжарқын, мейірімді болуы қажет. Адам бойындағы оптимизм өмірге құштарлық балаларды қызықтырады, сөйтіп бұл қасиеттер таразының екінші басын басып, оны теңестіріп, яғни хирургиялық бөлімде жатқанына байланысты ауыр сезімді, уайымшылдықты жеңуге мүмкіндік береді. Ересек балалар тобымен жұмыс істеген жағдайда балалардың осы тексеруге әр түрлі көзқараста болуы мүмкіе екенін ескеру қажет.

    Хирургия бөлімшесінің қарбалас жұмысы көбінесе неврозбен және ашушаңдықпен қатар жүреді. Мейірбикелер мен дәрігерлердің бір-бірімен қатты сөйлесуі, керексіз ауыр жағдай тудырады да ол балаларға беріледі. А.С.Макаренконың айтуынша, балаларды тәрбиелемес бұрын, өз тәртібіңді қатал сынға алуың керек. Сондықтан орай сенімділік, ұстамдылық және тілеулестіктен басқа интонациялар қажет емес.

    Ешбір жағдайда балаларды еркелетіп ойнауға, олардың көңілін аулауға болмайды. Балалар өтірікті сезіп, өтірік әңгімелесетін дәрігерлерді ұнатпайды.

    Дәрігер баламен кез-келген жағдайда қарым-қатынаста болады. Дәрігердің қабылдау бөліміндегі жұмысы негізгі кездесу орны болып табылады. Алайда ол үнемі солай бола бермейді, мысалы кейбір жағдайда басқа бір жерлерде, шектелген уақыт аралығында нақты патологияны анықтау керек болады. Сондықтан қажетті жағдайларды, балаларға психикалық қысым әсері аз болу үшін, арнайы ұйымдастыру қажеттілігі туындайды.

    Босану үйлерінде, балабақшада, мектепте алдын алу тексерулер кезінде, 3 жасқа дейінгі балаларда керекті шараларды ұйымдастыру үлкен қиыншылыққа соқтырмайды. Мамандандырылған дәрігерлердің жіберетін қателіктері - балаларды тексеру барысында тек шектелген аймақты ғана қамту.

    Даму ақауларын анықтауға байланысты балаларды тексеру кезінде әр баланы жеке және толық тексеру қажет. Ақаулыққа байланысты тұқым қуалаушылықтың бар-жоғын анықтау мақсатында міндетті түрде баланың ата-анасынан сұрастыруы қажет. Ересек балаларды тексеру кезіндегі ерекшелік - балалардың тексеруге әр түрлі тұрғыдағы әсері. Кейбір балалар, әсіресе өздерінде бір ақаудың бар екендігін сезетіндер, тексеруді ауыр қабылдайды. Осыны ескере отырып дәрігер жиналған балалармен біраз әңгіме жүргізуі керек. Балаларға тексеру мақсатын, барысын, дайындық жүйесін түсіндіріп, тыныштық сақтауын сұрайды, сенім ұялатып көмектесушілерді дайындайды. Осындай алдын ала әңгімелесу тексеру барысының дұрыс жүруіне үлкен ықпал етеді.

    Емханада жұмыс істеудің бірқалыптылығы, науқастардың әртүрлілігі жұмысқа ауыртпалық әкеледі. Қабылдау бөліміне, омырау жасындағы баласы бар әйелдер мен ауыр жарақат алған науқастардың ең бірінші кіруіне жағдай жасалуы қажет.

    Емхана дәрігерін шектейтін екі жағдай бар. Біріншіден баланың ата-анасына бала ауруы туралы толық түрде, ұғынықты етіп, мәлімет беру және, екіншіден нақты ақыл айту оларда түрлі ойлар туындауы мүмкін. Алайда екеуі де дұрыс емес. Егерде нақты, толық түрде мағлұмат берілсе, баланың ата-анасы бала ауруы өте ауыр түрде деп ойлайды. Ал терең түрде ақыл-кеңес айту нәтижесінде, баланың ата-анасында уайымдау да жоғары болуы мүмкін. Осындай жағдайларда, науқас бала мен ата-анасы сырқаттану деңгейі мен науқас жағдайы қажет етпесе де, басқа мамандарға, емделу мекемелеріне баруға итермелеуі мүмкін.

    Егер ауру туралы дәрігер толық және қысқа түрде мағлұмат беріп, үйдегі емделу тәртібі мен келесі реттік келуді түсінікті түрде, қағазға жазып берсе дұрыс болады. Осы қағидалар сақталған жағдайларда қайталаған тексерулер мен түсініспеушіліктер және асқынулар аз болады.

    Хирург науқастың үйіне барып, бақылау жүргізуі кезінде бірқатар қиындықтар кезігеді. Егер дәрігер-педиатр диагнозды дұрыс қоя алмаса, науқасқа басқа аурулармен ажырату диагнозын жүргізу қажет. Дәрігер науқас үйінде болған кезде жіберілетін бірінші қателік - жарықтың дұрыс түспеуі. Жарығы жақсы түсетін шам көмегімен күтпеген өзгерістер байқауға болады. Егер науқас хирургиялық дертпен сырқаттанбаған болып, қызамық диагнозы қойылса, инфекциялық ауруханаға жіберілуі мүмкін. Екінші қателік педиатр жағынан да, хирург жағынан да кетуі мүмкін. Баланы тік ішек арқылы тексеру үшін олар стерилді перчатка, май алып жүрмейді. Бұл зерттеу бірқатар диагноз қоюда өз көмегін тигізеді (аппендикулярлық инфильтрат, инвагинация, ісік). Егер педиатр жинаған шағымдар соматикалық ауруларға сәйкес келмесе, науқасты хирургиялық мекемеге жіберу науқас үшін қолайлы болады. Бұл кезде, әсіресе бала омырау жасында, немесе шала туған болса ата-анасы госпитализациялауға қарсылық білдірсе хирургтың жеке сұхбат жүргізуі керек болады.

    Егер дәрігер хирург баланы стационарда ем алуға жатқызуға ойы болса, ата-анасының келісімін алу үшін үй жағдайында диагноз қою қиындық туғызатынын айтып, түсіндіріп, мәселені шешу қажет. Баланы үйде бақылау қауіпті екенін, стационарда баланы бақылаумен қатар тексерулер, лабораториялық зерттеулер жүргізілетін айту керек. Науқасты стационарға жатқызу жөніндегі мәселе шешілгеннен кейін, егер операция қажет болса, ата-анасыныңкелісімін алу, болмаса баланы үйге қайтару керек.

    Стационарлық жағдайда, хирургиялық бөлім дәрігерінің науқаспен танысуы, анамнез жинау, объективті қарау қабылдау бөліміндегі дәрігердің құзырында. Анамнез жинағанда осы аурудан басқа да, бұрын болған аурулары, инфекциялық аурулар, баланың талма ауруы бар-жоғын және бұрын болған сынықтар жайлы, аллергиялық көріністер, қанау және оның психосоматикалық дамуына көңіл аудару қажет. Бұрын алған антибиотиктер, гормондар болса сұрастырып білу, баланың мінез-құлқына баға беру (көңілді, тұйық, жылауық, жалқау, т.б.). оның қалай тамақтанатынын, тәбетін, ұйқысын сұрау қажет. Бала мен ата-ана арасындағы қарам-қатынасты да бағалау маңызды. Бала мен ата-анасы арасындағы қысқа диалогқа көңіл аударып, кейбір мәліметтерді алуға болады (бала тәрбиесі).

    Балаларға қарсы әсер ететін факторлар қатарында қабылдау бөліміндегі медициналық жиһаздар, жаялықтар да болуы мүмкін. Ауруханаға түскен бала психикасына гигиеналық талаптар әсер етпейді. Ойын бөлмесіндегі балалар бақшасындағы тәрізді суреттер, ойыншықтар, аквариум балаға жылы көрінеді.

    Қабылдау бөліміндегі бала әрекеті әртүрлі: бір балалар тыныш, басқалар – немқұрайлы, үшіншілері – қорқыныштарын жасырмайды, бірақ олардың барлығы толқиды. Кей балалар көп жылайды, оларға ата-анасынсыз қиын болады. Әсіресе жақын адамы алдаған («біз тек дәрігерге көрінуге ғана барамыз»), түсіндірмеген балалар госпитализацияны қиындатады. Барлық жағдайда ата-аналары мен дәрігерге баланы даярлау керек. Оған емделу, ауруханаға жату қажеттілігін түсіндіруі керек, сонда ғана бала тынышты болады және психикалық әсер аз болады. Бұл, кез келген емдеу-тексеру әдісін жасағанда: асқазанға зонд енгізу, тік ішекті тексеру, қан алғанда, инъекция жасау кезінде баланы қобалжытпау үшін қажет. Қабылдау бөлімінде ақ көңіл, жайдары мінезді дәрігерге еркіне көнбейтін балаға әлсіздік танытуға болмайды. Әйтпесе, балабақша және мектеп жасындағы балаларды тексеру ұзаққа созылып, жүргізілген емдеу және тексеру әдістері аз нәтижелі болуы мүмкін. Керек болса баланы ата-анасынан бөлек тексеру қажет. Тіпті тыныш балалардың өзі де ата-анасының қасында олардың көмектесетініне сеніп еркелейді, жағымсыз әрекеттер жасайды. Сондықтан баланы ата-анасынсыз қарау қолайлы. Мәліметтерді ауру тарихына жазады, арнайы қосымша жол енгізеді, ондағы баланың әрекеттерін, психикалық негізде анамнезін толтырады. Бұл жазба, емдеуші дәрігерге, анестезиологқа, палаталық мейірбикеге, педагогқа және стационардағы баланың кез келген реакциясына дайын тұруға көмектеседі.

    Стационарда бала басқа ортаға түседі. Бұл дәрі иісі, теріс эмоциялар шақыратын түрлі факторлары бар орта. Егулер, басқа процедуралар бала есіне поликлиниканы түсіреді. Ауруханада басқа киім, тамақ береді, режим өзгереді, бір түрлі кестеге тәуелді болады, артық бос уақыт пайда болады.

    Хирургиялық бөлімде балалар үшін жағдайлар баланың қалауы бойынша болмайды. Процедуралық кабинет балаға қорқыныш сезімін тудырады және олар балаларға ауыр әсерін тигізеді. Баланың процедуралық кабинетте ем қабылдауы кейде күшпен, олардың қол-аяғын ұстап немесе байлау арқылы жүргізілсе, балалардың жылаған немесе айқайлаған дауысы жаңа түскен науқас балаға кері әсер етуі мүмкін.

    Хирургиялық бөлімде, дәрігер балалардың арнайы тексеруден өтуіне, операцияға дайындығын және операция жасалуына көңіл аударады. Сондықтан баланың жалпы күтімін орта арнайы білімді медициналық қызметкерлер атқарады. Медициналық мейірбике кішкентай пациентпен тығыз қарым-қатынаста болуы керек, баланың сеніміне кіріп, дәрігер тағайындамаларын толық орындап, педиатриялық деонтология негіздерін біліп және тереңдетілген тәжірибелік білімін толығымен қолдануы керек.

    Баланың ауруханаға жатқызылуы кезінде оның жасына байланысты қандай психикалық теріс қылықтары бар екендігін анықтау қиын болады. Дегенмен баланың түріне қарап, оған нақты мінездеме беріп, баланың қарым-қатынасын анықтаған дәрігер-хирург, баланы кез-келген психикалық жарақаттан алып шығуы керек. Стационардағы баланы негізгі және басқа да қосымша аурулардан емдеу міндетті деп есептеледі.

    Баланың ұзақ уақыт анасыз ауруханада болуы балаға апатия немесе депрессия, тағы басқа тітіркенушілік пен агрессия көріністерін шақыртады: эмоционалдық бұзылулар, түнгі қорқушылық, невроз, психоз, баланың мінезі дамуының бұзылуы. Госпитализациядан кейінгі инфантилизм –«үйден кету» («үйсіздік») синдромы – жекелеген авторлардың беруі бойынша 10-15% құрайды.

    Негізгі көңіл аударуды қажет ететіндер, ол 3 жасқа дейінгі бала бірінші рет ауруханаға түскен болса, бөлімшеде ерекше көңіл бөлетін қызметкерлер болуы қажет. Кейде мұндай бала мүлде басқа болып кетеді, яғни үрейленген немесе тұйық мінезді болуы мүмкін. Стационардан үйге оралғанда бала, үйіне және ата-анасына бірден көндігіп кете алмайды, сондықтан бірнеше апта, кейде айлар бойы түнде қорқуы, жылауы, дұрыс ұйықтамауы мүмкін.

    Біздің елімізде стационардан кейінгі «үйден кету» («үйсіздік») синдромымен аурулар кездеспейді, өйткені әйелдердің өндірісте, ауыл шаруашылығында қызмет етуі, т.б . балалардың балалар ортасында жиі болуына (бала бақша, лагерь, т.б.) әсер зор.

    Хирургиялық бөлімде балалардың тәртібін қадағалап отырады. Онда түскен балалар жаңа ортаға өздігінен тез көндігіп кететіні байқалады. Бөлімшедегі тәртіпке, айналасындағы құрбыларына, келген ата-анасына және оларға келген сәлемдемелерге қызығушылық тез орнайды. Балаларды толғандыратыны, қайталап қоятын сұрақтары: «операция қашан?», «керек емес, операциядан қорқамын». Бұл әрекет оның қорқынышын көрсетеді, баланы қараусыз қалдыруға болмайды. Невропатиясы бар балада, операция жасау қорқыныш туғызады, оларда операциядан кейінгі кезең ауыр өтеді, кейде ауырсынуға әкеледі. Ондай балаларда ауырсыну сезімі де жоғары болады.

    Ересек жастағы балаларда да қорқыныш сезімі жоғары болады, олар жүргізілетін процедура туралы бейхабар екенін білдіреді, кейде оны сезсе де, оны жасыруға тырысады. Нервті-психикалық жағдайлар кейде манипуляцияға да қатысты болады, кездейсоқтан істелген ем-дом шаралары оларды үрейлендіреді.

    ІІ. ТОРОКАЛЬДЫҚ ХИРУРГИЯ
    КЕУДЕ ҚУЫСЫ АҒЗАЛАРЫНЫҢ ІШТЕН ТУА БІТКЕН АҚАУЛАРЫ ЖӘНЕ АУРУЛАРЫНЫҢ СЕМИОТИКАСЫ МЕН ТЕКСЕРУ ӘДІСТЕРІ

    Кеуде қуысы ағзаларының туа біткен ақаулары және ауруларын диагностикалауда маңызы зор белгілер: цианоз (көгеру), жөтел, қан құсу, ентігу, стридор, құсу, ауырсыну.Осы айтылған белгілердің айқындығы, ерекшелігі, ұйқастығы, олардың бір-бірімен байланыстылығы, қосарлануы кеуде қуысы ағзаларында патологиялық үрдісстер бар екенін мөлшерлеуге немесе оның қай ағзада екенін анықтайды. Тек, негізгі белгілерді терең сараптағаннан кейін, аускультативтік және перкуторлық өзгерістерді салыстыра отырып жедел тексерудің көлемін анықтайды. Жүргізілетін тексеру қарапайым түрінен басталып күрделі түріне қарай жүргізілгені дұрыс. Кейде, өте жедел кезеңде, күрделі тексеруді қолданған жөн, өйткені ол дұрыс мәлімет береді. Өкпенің хирургиялық ауруларында, барлық клиникалық белгілер дем алу көлемінің азаюына және трахеобронхиальдық өтімсіздіктің бұзылуына негізделеді.

    Балаларда өкпенің дем алу көлемінің азаюы, өкпенің іштен ақау болып туғанынан (гипоплазия), өкпеде қабыну үрдісінің болуынан, көлемді ісікпен қысылып қалуынан немесе плевра қуысына жиылған ауамен және кеуде қуысына көкет тесігінен кіріп кеткен ішекпен қысылуынан байқалады. Балаларда трахеобронхиальдық өтімсіздігінің бұзылуы көбінде жалғама дәнекер асты кеңістігінің ісінуінен, іштен және жүре пайда болған трахеяның стенозынан, бөгде заттардан, тамыр сақинасының ақаулығында (аортаның қосалқы доғасы), онымен қатар көкірек аралығында, трахея немесе бронх қабырғасында орналасқан ісікте және кистада пайда болады.

    Кейбір патологиялық үрдістер балаларда созылмалы өтеді және өсе келе олардың белгілеры айқындала бастайды: көбінде ол өкпеде орналасқан іріңді-қабыну үрдістеріне тән.

    Әке-шешесінен мәлімет жинағанда, балалардың кейбіреулерінде отбасында орын алған іштен туған кеуденің, өкпенің, өңештің генетикалық ақауларына жақындығы анықталады. Созылмалы іріңді-қабыну ауруларының басталуы баланың нәресте кездерінде байқалады, сондықтан жас нәресте кезінде жиі байқалған жедел пневмонияға және жедел респираторлық вирустық ауруларға көңіл бөлген дұрыс. Кей кезде бөгде затпен дем алу жолдарының аспирацияға ұшырауы созылмалы іріңді өкпе ауруына әкеліп соғады.

    Дүниеге келгеннен кейінгі балаларда байқалған жедел респираторлық бұзылыстар оның ағзасында іштен туа болған өкпенің, көк еттің ақаулары кеуде клеткасының қысымын арттырып тұрғанын мақұлдайды (көк ет жарығы, туа болған ошақты эмфизема, өкпе торсылдағы) немесе дем алу жолдарының обструкциясы, оның ақаулылығынан, яғни оның тамыр ақауынан тарылуынан, ісіктерімен қысылудан болады.

    Цианоз (көгеру) туа біткен ақауларды және хирургиялық ауруларда терінің және шырышты қабатының көгеруі науқастың ауыр күйде екенін көрсетеді. Сонымен қатар көгерудің ұзақтығы және айқындылығы физикалық күш түскенде артатындығы анықталады.Біраз күш түскеннен кейін көгерудің пайда болуын, сонымен бірге баланың бетінің ісінуі, бармақтары «барабан таяқшалары» түрде болуы, тырнақтары «сағат шынылары» тәріздес байқалуы науқаста созылмалы гипоксия бар екенін көрсетеді. Ол созылмалы іріңді-қабыну өкпе ауруларына тән нәрсе. Баланың қанағатты жағдайында байқалған бір қалыптағы көгеру, өкпеде қабыну үрдісі болмағанда, тек өкпенің тамырларының ақауында анықталады (аневризмалар).
      1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50


    написать администратору сайта