Главная страница

кітап. Бірінші блім. Ккінай тау бктері ттасан жабайы алма болатын


Скачать 1.41 Mb.
НазваниеБірінші блім. Ккінай тау бктері ттасан жабайы алма болатын
Анкоркітап
Дата22.11.2022
Размер1.41 Mb.
Формат файлаdocx
Имя файлаfkvf.docx
ТипДокументы
#806798
страница26 из 33
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   33



Сөйтіп, Қоғалы бұлаққа шөпке бара жатқан Қыдырман мен Зибаш Нәзира әпкеме берген уәделерінде тұрып мені өздерімен бірге ала жүрген. Әлі таптаурын бола қоймаған жол ауыр екен, жазда екі-үш сағатта барып қайтатын жерге түске қарай малтығып әзер жеттік. Зибашты шанасымен осында біраз күн бұрын Махмұд пен Манар бұзған бергі шеттегі маяның түбіне қалды-

рып, Қыдырман екеуміз бұлақтың жарлауыт қабағын жағалап, тұғылға түсе берістегі біздің шөпке қарай жол аштық. Жазда Нәзира әпкем екеуміз жинағанымызда, кішігірім маядай көрінген шошағымызды қалың қар төбесіне дейін сіреп бүркеп тастапты, айдалада адасып отырып қалған жетім баладай көзге әзер шалынады Әпкем екеуміз күнделікті таңғы алагеуімнен тұрып, бірер сағат тан қол шалғымен бір ай бойы шауып едік. Бұлақтың төңірегіндегі жырым-жырым боп тарамданған құлама жыраларға өскен қалын шалғын таңға жуық шыққа бөгіп жататын, жапырақтар мен гүлдердің бүршіктеріне қонақтаған мөп-мөлдір моншақ тамшылар тиіп кетсең сау-сау ететін, сондайда жылы төсектен жаңа ғана тұрған өне бойыңды балғын леп тітірентіп, діріл- детіп жіберуші еді. Шалғыны біраз құлаштай тартып, бойың жылына бастаған кезде, балғын шалғыннан қышқылтым қошқыл иіс бұрқырай бастайтын, бүкіл тынысың, көкірегің содан жарылып кетердей болатын. Қазір Қыдырман әуелі шошақтың төбесіндегі қарды күрекпен опыра ойып аударып тастап, онан кейін алты айырлы ашасын бойлата сұғып, судыраған құрғақ шөпті аудара көтерген кезде, жаздан бері тұншығып бұғып жатқан көк шалғынның құп-құрғақ ашулы иісі кеңсірігі- мізді жарып жіберердей бұрқырай жөнелді. «Апшхи!.. Апшхи!.. паһ, паһ, шіркін!..» Мойындары салбырап сүмірейіп тұрған өгіздер де шыдай алмай, мойынтұры- қтарынан бұлқына тартынып шөпке қарай тұмсықтарын өзеурей созған.

      • Жә, жә, Қанаттың азғантай шөбіне көз алартпаңдар- ей — деп қойды қозғалақтаған шананың үстінде көтерген шөбімен құлап қала жаздаған Қыдырман.

Аяғының тойтықтығына қарамастан Қыдырман өте қайратты екен, әне-міне дегенше шошақты ойсыратып жіберді. Шамамның келгенінше мен де екінші бүйірден

тиеуге кіріскем. Жаздағы өзім орып, өзім жиған шөптің әр талшығы таныс сияқты, қайсысын қай жырадан орға- ныма дейін білетін сияқтымын. Сондықтан шашау шығарғым келмейді, ал Қыдырман болса алды-артына қарамай опырта істегендіктен, қаншама шөпті жерге түсіріп шашып, ысырап қып тұрған сияқты, секіріп жерге түсіп, сол шашылған шөптерді жинаймын. Шошақтың жартысына жуығы тиелген соң, Қыдырман:

    • Бір жолға осы да жетеді,- деді жарты шанадан аздау шөпті үстінен жаймалай тұрып.-Ендігісін тағы бір келгенімде жеткізіп берем. Әйтпесе әлгі Байдалы қақпас көріп қалса, колхоздың малы ашығып жатқанда, жеке меншіктің шөбін тартып жүрсің деп пәле қылады.

Онысы да рас, басқаны білмесек те Байдалыны білеміз ғой.

    • Мақұл.

Мұнан соң әлгінде Зибашты шанасымен қалдырып кеткен маяға қайтып келдік. Қыдырманның біз қайтып оралғанша дем ала тұр дегеніне қарамастан, Зибаш өз шанасына әжептәуір шөп тиеп қойыпты.

    • Түу, жаңа айтып ем ғой дем алсаңшы деп,- деген Қыдырман оған ұрса сөйлеп.

    • Қойшы, босқадан босқа қалай отырмақпын,- деді Зибаш күліп.

Қыдырман енді маяның үстіне шығып, жердегі шана- ларға жоғарыдан жойқын күшпен шөптен қопара аударып тиеуге кірісті. Біз Зибаш екеуміз екі шананың үстінде тұрып, ол аударып тастаған шөпті жаймалап үлгере алар емеспіз.

    • Шамаларың жетпесе онша қиналмаңдар. Артынан мен өзім жаймалаймын ғой,- деп қояды Қыдырман. Онан Зибашқа арнайы: — Сен онша. зорланбасаңшы, дем алсаңшы,-дейді.

      • Зорланып тұрған жоқпын,- дейді Зибаш ерке үнмен.- Құрғақ шөп жеңіл ғой.

Біраз қимылдап тершігендікі болу керек, Зибаш өрттей боп қызарып тіпті әдемі боп кетті, күлкі ойнаған көзі жалт-жұлт етіп, сөйлеген, езу тартқан кездерде аппақ тістері жарқырай көрінеді.

Бір кезде Зибаш шөп түсіп кеткен болу керек, көзін уқалап тұрып қалған.

      • Не болды? — деді маяның үстіндегі Қыдырман тойтық елең етіп.

      • Көзіме…

Ойпыр-ай, ертегі-аңыздардағы «Жолбарыстай атылып» деген осындай-ақ болар, сонау маяның үстінде тұрған Қыдырман қас-қағым сәтте бір-ақ орғып, Зиба- штың алдына кеп дік ете түсті ғой, тіпті аяғының тойтық екенін ұмытып кеткен.

      • Тұра тұр!.. Қолыңды тигізбе…- деп есі кете епелектей тұрып, Зибаштың көзіне түскен шөпті тілімен жалап шығарды.

      • Түу, көзің қызарып кетті ғой. Міне, көзіңе түскен мынау қылтанақ,- деді тілінің ұшымен алған шөпті көрсетіп.

      • Тікенше қадалып еді, тікен бе өзі, немене?

      • Тікен сияқты… Әлі ауырып тұр ма?

      • Қойды,- деді Зибаш қызара жасаураған көзін жыпы- лықтата тұрып. Онан соң Қыдырманға еркелегендей күле қарады: Осының бәрін қайдан білесің?

      • Нені?

      • Көзге түскен шөпті тіліңмен жалап шығарғанды.

      • Е, білем ғой,- деп Қыдырман да күліп, теріс айналып кетті.

      • Құдай-ау, осыны да көп көрер ме екенсің,- деген Зибаш әлі де көзінен сорғалаған жасын тыя алмай тұрып.

Маяға өрмелеп бара жатқан Қыдырман кейін қарай жалт бұрылды.

    • Саған осындай сөзді айтпашы деп талай ескерттім ғой,- деді.

    • Сенен де айрылып қалам ба деп қорқам.

    • Қорықпа,- деді Қыдырман көңілдене сөйлеп.- Ол жағынан қорықпа. Айрылып қалам деп емес, осы тойты- қтан құтыла алмаймын-ау деп қорық. Солай ма, Қанат!

  • деп маған қарап көзін қысып қойды.- Әйел деген осы да. Қит етсе көз жастары дайын тұрады.

Осы сәтте Қыдырман маған кереметтей әдемі, сұлу жігіт боп көрінді, ат жақты ақ сұр өңі, күлімсірей қараған қысыңқы көзі, қалың қабағы, дөңестене біткен үлкен мұрны — нағыз ерге лайық айбынды кескін- келбет екен ғой. Ой, аллай, осы уақытқа дейін қалай байқамай жүргенмін, кейін өскенімде осындай болсам дейтін жігіт қой мынау. Нәзира әпкемдер мұны неге мазақтайды екен? Оу, мазақтайтын емес, қызығатын, ғашық болатын жігіт қой. Сол Нәзира әпкем, сол Нұрбике, сол Үміттер кезінде мазақтап жыртың- жыртың күлгендерінше, мұның нағыз ер келбетті жігіт екенін аңғарулары керек еді ғой. Енді, міне, Зибаш иемденіп алған. Зибаштың қазір оған елжірей қарап ғашық боп тұрғанына мен әбден сенем. Әне, ол маяның үстіне көтерілді, төмендегі біздерге күлімсірей қарап.а- шасын қолына алды да, шөптен қопара көтеріп екі шанаға кезек-кезек құлаштай лақтыра бастады. Шіркін, мен қашан осы Қыдырмандай болар екем. Мейлі, тіпті тойтық болуға да бармын, тек тезірек ер жетіп, жігіт боп осы Қыдырмандай болсам! Шіркін!..

Мұндай күшті бірінші көруім, алты айырлы ашасын алты ай қыстан тығыздалып басылып, киіздей боп жатқан шөпке бойлата сұғып одан үй орнындай ғып қопара көтеріп ап, қайқайта тұрып шананың үстіне гүрс

еткізіп тастаған кезде, жер солқылдағандай болады. Зибаш екеуміз жаймаламақ түгілі, шөптің астында бастырылып қала жаздаймыз. Сөйтіп, екі шананы да қайқита тиеп болған кезде, дәу маяның да бір жартысы опырылып ортайып қалған еді.

Түс ауа ауылға бет бұрғанбыз. Мен алдыңғы Қыдыр- манның шанасында жалғызбын да, ол өзі кейінгі Зиба- штың шанасына отырған. Күн жылына, қары жантақтала бастаған көпсік жолда өгіздер аяқтарын санап басқандай зорға адымдап, жон арқалары, сауыр- лары бірде созылғандай, бірде жиырылғандай мықшия тырмысып, әзер тартып келеді.

Әлгіндегі шөп тиеген кездегі терім біртіндеп басы- лып, бойым тоңази бастаған соң, бастырықтың үстінен отыруға жайлы болсын деп салынған бос шөпке үңги кіріп, шалқалай жатқам. Қысқы аспан бұлыңғыр. Кірпік қақпай ұзақ қарасаң, көзіңді бұлдыратады. Осы аспанның төбесі тиіп тірелетін жері бар ма екен? Ал төбесі бар болса, оның ар жағында не бар екен?.. Бірнеше күн толассыз боран соққан кезде, әжем жары- қтық: «Аспанның тесігі ашылып кеткен бе?» — дейді, демек, аспанның тесігі бар да, оның арғы жағында аңырап соғып тұратын бораны бар; ал жағрапия пәнінен Әнипа апайымыздың түсіндіруінше, аспан деген — түбі жоқ тұңғиық кеңістік, ешбір шегі жоқ,-дейді; ал жеке менің өзіме салса, сол «түпсіз», «шексіз» дегенге онша түсіне де алмаймын, сене де қоймаймын, маған со әжемнің айтқанының жаны бар сияқты көрінеді. Дүние- дегі заттың бәрі көзге көрінетін, қолмен ұстайтындай болуы керек қой, ал олай болмаған күнде сенуге болмайды. Боран соғады, тау бар, тас бар, дала бар, қар бар, шана бар, шөп бар, су бар, нан бар… Осы тұста жүрегім сазып, іші-баурым бір түрлі темен тартып жаман боп талықсып кетті. Қарнымның ашқанын қанша

еске алмайын десем де, ұры мысықтай ішімді тырналай жөнелді. Жо, жоқ, тамақты ойламау керек. Әне, кең аспанды қарашы! Осыны шексіз дейді, тұңғиық дейді. Сонда ол қалай шексіз болады? Әйтеу бір жерде, тіпті сонау көзге көрінбейтіннің арғы жағындағы шексіздікте де түптің түбінде бір шек болады ғой. Оны жаңағы жағрапия пәні де білмейтін тұста шығар… Өстіп ұйқылы-ояу күйде маужырап жатқам, Қыдырманның қарқылдаған күлкісінен оянып кеткендей болдым.

  • Қойдым… қойдым… айналайын…- дейді күлкісін тыя алмай жалына сөйлеп.

  • Жоқ, сен бәрібір қоймайсың,- дейді сыңғырлаған Зибаштың үні. Басымды көтеріп кейін бұрылсам, Қыдырман шалқалаған күйде қол-аяғын ербеңдетіп күлкіге түйіліп бұлқына тулап жатыр да, Зибаш оның үстінен төне түсіп қытықтап отыр екен. Қыдырманның қарқылдағаны бүкіл даланы жаңғырықтырып тұр, «қой- дым… қойдым…» деп өлердегі сөзін айтады, ал Зибаш өзі де сықылықтай күліп, Қыдырманның омырауына қолын тығып өршелене түседі. Ақыры қытықтан қашқан Қыдырман тулай дөңбекшіп барып шанадан домалап түскен, жол шетіндегі қалың қарға оңқа-шоңқа болды. Сонда да күлкісін тыя алар емес, бөксесіне дейін батқан қалың қардан үйелеп қалғандай тұра алмай жатып: «Қой- маймын!… Қоймаймын!..» — деп қарқылдай күледі, Зибаш шанадан секіре түсіп, енді Қыдырманды сол қарға батып жатқан жерінен үстінен бас салуға ұмтылған. Қыдырман жан дәрмен ұшып тұрып қаша жөнелген, бірақ тойтық аяғымен қайда барсын, Зибаш оны қия бастырмастан қуып жетіп, бар салмағымен жігіттің мойнынан асыла құшақтай алған, екеуі де сол сықылық- таса күлген бойлары омбы қарға ұмар-жұмар құлады. Лып етіп ұшып тұрған Зибаш жігіттің мойны-қойнына қарды тықпалап-тықпалап жіберді де, өзі қаша жөнелді.

«О-о-о!..» деген Қыдырман қисалаңдай тұрып еңкейіп, мойнына, қойнына тығылған қарды еңкейіп қағып, тыржалаңдай күліп біраз тұрды да, ондайда қатқақ қардың үстінде бұған көлденеңдей сес көрсетіп ойнақшып тұрған Зибашты қуып берген. Міне қызық, жүгіре алмайды деген тойтық Қыдырманым түлкідей бұлаңдаған келіншекті аттатпастан лезде қуып жетіп, бас салды да (сірә, Зибаштың өзі де соны тілеп тұрды-ау деймін), күректей алақанымен жерден қарды көсіп іліп ап, келіншектің мойнына салған, Зибаш: «И-и-и!..» деп шыңғыра секірген, екеуі қар үстіне қайта құлады. Қыдырманның қарқ-қарқ күлкісі, Зибаштың еркелей шыңғырғаны, одан сықылықтап күлгені бұл дүниеде торығу барын, мұңаю барын мүлде ұмыттырғандай. Дөңес-дөңес боп мелшиіп жатқан қысқы дала да енді сылқ-сылқ күліп жатқан сияқты. Бірі тұра қашады, екін- шісі тұра қуады, одан қалың қарға ұмар-жұмар қайта құлайды. Шаршау деген ойларына да келер емес, екі беттері нарттай боп қызарып, жүздері бал-бұл жайнайды, екеуі де ерекше құлпырып, сұлуланып кеткен.

    • Қыдырма-а-ан-н!..- дейді Зибаш қасында жүрген тойтықтан адасып қалғандай шырқырай дауыстап.

    • Зиба-а-аш-ш!..- дейді Қыдырман да даланы басына көтере айқайлап.

    • Мен бақытты-ы-мын!..

    • Мен де бақытты-ы-мын!..

Шананың үстінде отырып мен күлем: үп-үлкен адамдар да ақымақ боп кетеді екен-ау деймін, ал іштей екеуінің осы қылықтарына қызыға қараймын. Расында да, жаңағы өздері айқайлап айтқандай бақытты болған соң осылай шығар. Бір ауық қарнымның ашқанын да ұмытып кетіппін, тек ауылдың қарасы көрініп, мұржала- рынан жарыса көтерілген көк шуда түтіндерге көзім

түскенде ғана, ертеден бері аш екенімді есіме алдым. Осы кезде Зибаш та:

  • Бәлі, мына Қанатты байқамаппыз да ғой,- деді мені енді ғана көргендей көзі шарасынан шыға.

  • Қанат, сен бізге күліп отырған шығарсың,- деді Қыдырман да.

  • Ұят-ай, ұят болды ғой,- деді Зибаш қызара тершіген бетін сүрте тұрып.- Қанатай, айналайын, сен біздің мұнымызды ешкімге айта көрме… Бала құсап кетіппіз ғой.

Қыдырман әуелі Зибашты көтеріп шанасына отырғызды да, өзі кеп менің қасыма өз шанасына шығып отырды.

  • Қалай, ішің пысқан жоқ па?

Өңі жақыннан тіпті әдемі, елжіреп тұрған жылы еді. Мен Зибаштың мұны жайдан жай ұнатпағанын енді ұққандаймын.

Мал қораның алдына кеп тоқтағанымызда, Байдалы шал бастаған сиыршы-малшы шал-шақпыт бір топ адам қарсы алдымыздан шыққан. Орталарында дөңгелек көк бөрікті, қара пальто киген күжірейген бір бейтаныс адам бар, ауданнан келгені айтпай-ақ көрініп тұр.

  • Әлтаев кеп қапты ғой,- деді Қыдырман.

Иә, ортада тұрған шолақ қол өкіл Әлтаев жолдас екен. Бәрі біздің жолымызға қарап күтіп тұрған сияқты.

  • Қанат, сен қазір шанадан түс те үйіңе қайта бер, шөбіңді мен өзім артыңнан жеткізіп берем,- деді Қыдырман маған сыбырлай сөйлеп.- Әйтпесе мына- лардың көзінше әкете алмаймыз.

  • Мақұл,- дедім Мен жағдайды ол айтпаса да жақсы түсініп.

Байдалы шал топтан озыңқырап шығып:

  • Әй, тойтық, мына тұрған жерге сонша жоғалып қайда жүрсің? — деген.

    • Түлкі қудық,- деді Қыдырман жайбарақат үнмен.

    • Не дейді?!

    • Түлкі қудық деймін.

    • Жә, бос қалжақты қайтесің,- деді Байдалы шал зекіре сөйлеп. Онан соң малшы, сиыршы шалдарға бұрылып: — Сендер мына екі шананың шөбін түсіруге Қыдырманға көмектесіңдер! — деді бұйырып.- Ал, Зибаш шырағым, біз Әлтаев жолдас екеуміз сені күтіп тұрмыз. Сөйлесетін сөз бар,- деді жұмсақ үнмен.

Зибаш біз жаққа, Қыдырманға жалтақтап бірер қарады да, енді қайтейін, менде ерік бар ма дегендей, шарасыздықпен шанасынан сырғи түсіп, Байдалы шал мен шолақ қол өкілдің алдына барған. Шолақ қол өкіл оған күлімсірей қарап, сау қолын беріп амандасты.

    • Түу, қолыңыз тоңып қапты ғой,- деген, Зибаш ұялшақтап теріс қарап, үндеген жоқ.

Біз де шанадан түскенбіз. Қабағы жабылып, тұнжырап кеткен Қыдырман шөп бастырықтың бір басын ызалана кеп шешіп оқыс босатып жіберген, шіреп тұрған бастырық қатты серпіліп барып, Байдалы шалдың иығын жанап барып дәл арт жағына ұшып түскен.

    • Ой, тойтық неме, кісі өлтірейін деп пе ең, абайла- майсың ба?! деді Байдалы шал ақырып.

    • Шананың іргесінде тұрмай аулақ барып сөйлеспей- сіңдер ме,- деді Қыдырман да қиястанып. Онан соң өз қылығына өзі риза болғандай маған қарап көзін қысып қойды да, үйіңе қайта бер дегендей ымдады.

Мен үйге қайтқам. Қарнымның қатты ашып, әлсіре- генімді енді сезіп, аттаған адымым кейін кетіп қиқа- лақтап келе жатқанымда, жолда Петька кездесті. Есі- дертім тамақ боп келе жатқан мен оған:

    • Ертеңгісін Әбілтайдың арқасында бауырсаққа бір тойған шығарсыңдар,- дегем.

  • Әбілтайдың арқасында дейсің бе?! — деп күлді Петька сирек тістерін Әбілтайдан көк көзі күлімдеп.- Сабақты дұрыстап оқи алмайтын сол Әбілтайдан не шығушы еді,- деді.- Рас, бауырсақ жедік, бірақ Әбіл- тайдың арқасында емес…

Мен кеткен соң сәлден кейін, Байдалы шал Әбіл- тайды желкесінен түйгіштеп қуып шығыпты үйінен. Сөйтсе Байдалы шалдың оқытпақ болған қағазы жаңаша мен ескі латын әріптері араластырып жазылған екен, соны Әбілтай оқи алмапты. «Түк шықпайтын, адам болмайтын арам тамақ неме»,- депті Байдалы шал. Онан соң есігінің алдында отын бұтап жүрген атқа- рушы Ысқақ шалға: «Қайтсең де анау Санатты барып алып кел»,- деп бұйырыпты. Содан Ысқақ шал Санаттың атасына барып айтып, Санаттың өзіне жалынып жүріп, ақыры атқа алдына мінгізіп әкетті. Ал Санат болса әскерден келген хаттарды оқи жүріп, латын әріптерін де жақсы танып алған емес пе, Байдалы шалдың әлгі қағазын мүдірместен судыратып оқып беріпті.

  • Сөйтіп, Санаттың арқасында үш-үштен бауырсақ жедік, тәтті болғанда тәтті,- деді Петька ертеңгісінгі жеген бауырсақтың дәмі таңдайында әлі де тұрғандай тамсана тұрып: «Қап, шөпке бармағанда мен де жейтін едім-ау»,- дедім іштей өкініп.

Үйге кеп әжеме шөпті біраздан кейін Қыдырманның өзі әкеледі дедім. Бірақ Қыдырман шөпті әкелген жоқ, кешкілік іңір кезінде шайқалақтай басып өзі келді. Мен мал қоралап сыртта жүргем.

  • Қалай, Қанатай, шаршамапсың ба? — деген, Мен басымды шайқадым. Шөпке барған жолымыз, оны тиегеніміз, онан қайтардағы Зибаш пен Қыдырманның бала құсап ойнағандары бәрі есіме түсіп, еріксіз күлдім.

  • Өте көңілді барып қайттық қой,- дедім ризалы-

ғымды білдіріп.- Ендігі барғандарыңда мені тағы да бірге ала жүрсеңдерші.

    • Әй, енді өйтіп бара алмайтын шығармыз,- деді Қыдырман күрсініп.

    • Неге?

    • Неге дерің бар ма. Қанатай, әзәзілдер жолымызды бұзғалы тұр ғой.

Әлгіндегі шолақ қол өкілдің Зибашқа күле қарағаны, сау қолын беріп өбектеп кеп амандасқаны, Байдалы шалдың әлдеқандай боп паңданып Қыдырманға қоңы- рақтауы тегін болмады ғой. Бір түрлі әлденеден секем алғандай, жақсы бір нәрсемнен айырылып қалатындай, көңілім құлазыңқырап қалды.

    • Жә, оларды да көріп алармыз,- деді Қыдырман мені жұбатып, әлдекімдерге кіжінгендей тіктене сөйлеп.

    • Олардың дегені бола қоймас. Әжең қайда?

Онан соң үйге кіріп әжемнен кешірім сұрай тұрып, өкіл мен Байдалы қадалып қарап тұрған соң, шананың астыңғы жағындағы біздің шөпті де амалсыз колхоздың мал қорасының төбесіне шығарғанын айтты.

    • Сіздердің шөпті белгілеп бөлек жинап қойдым.

Бірер күнде ретін тауып түсіріп берем, әже,- деген.

Бірақ Қыдырман солай деп уәде бергенімен де, біздің сол шөбіміз ақыры өзімізге бұйырмады.

БАЙДАЛЫ БАСТЫҚ

Осы жолы шолақ қол өкіл ауылда біраз күн болып, елді біраз дүрліктірді. Сол келген күннің ертеңіне ол Байда- лыны ертіп, Нұғыманның үйіне көңілін сұрай кіріп шығыпты. Аурудың енді қайтып төсектен тұрмасына көзі анық жеткен соң, келесі күні түске қарай жаңа

бастық сайлау үшін көпшіліктің жалпы жиналысын шақыртқан. Анда-санда бір өтетін осындай жиналыстың өзін тойдан кем көрмейтін біздің ауылда үлкендерден қалмай балалар да тегіс жиналатынбыз. Бір-бірімізді түртпектеп, алысып-жұлысып ойнап, клубтың арт жағындағы қара көлеңке бұрыштарда топырласа тұрып, үлкендердің аузынан шыққан сөздерін де, іс-қылы- қтарын да қалт жібермейтінбіз. Жиналысқа кімнің қалай келгені, қандай киім киіп келгеніне дейін біздің назары- мыздан қақас қалмайтын. Ондайда шетімізден мысқыл- шыл, қалжақ сөзді қақпақылдай қағар керілдеу боп аламыз. Сол әдетпен бүгінгі жиналысқа келгендерді де өзімізше мінеп-шенеп, іліп-шалып сөз етіп тұрғанбыз.

  • Ойбай-й, әнең қараңдар, Зибаштың бүгінгі әдемі- леніп келгенін,- деген балалардың бірі ішегін тартып.

Шынында да, есіктен басында бөртпе шәлі бар, үстіне қара пүліш пальто киген, шашының маңдайын қақ жарып жылтырата тараған Зибаш кіріп келгенде, балалар тегіс ішегімізді тартып, аузымызды ашыппыз да қаппыз. Зибаштың дәл осылай үлде мен бүлдеге орануын көргеніміз бірінші рет еді. Бұрынғы сұлулығы сұлулық па, мына сұлулығына тіпті тіл жетпестей. Өзі бұрала басып, былқ-сылқ ете қапты.

  • Паһ, паһ!.. Уай, шіркін-ай!..

  • Тура Қыз Жібектің өзі ғой!

  • Әжібек ғашық болса болғандай ғой,- деседі балалар тамсана тұрып бір-бірімен сыбырласып. Артынша біреу, сірә, Қайрат болу керек:

  • Әй, өзі бүгін неғып сонша сәндене қалған? — дейді таңырқап.

  • Ой, маубас, соны да білмейсің бе?! — дейді екінші бала, сірә, Бәтен болу керек, оны кінәлағандай.- Анау, шолақ қол өкіл келген соң, ол сәнденбей кім сәнденсін.

«Біліпсіңдер,- деп қоям мен оларды іштей қыжырта,

Зибаштың ендігі жерде кім үшін сәнденетінін дәл осы арада өзімнен жақсы білетін ешкім жоқ екенін еске ала тұрып. Сондықтан Зибаш қақында айтылған әлгіндей бопса сөздерді басқым кеп:

    • Бәрі бос сөз,- деймін.

    • Иә, саған бос сөз, бүкіл ауыл шулап жүргенде.

    • Мейлі, шулай берсін, бәрібір бос сөз,- деймін нық сеніммен әр сөзімді шегелеп. Өз сөзіме қолдау ізде- гендей көзіммен Қыдырман тойтықты қарастырам, бірақ ол көріне қоймайды. «Қайда жүр өзі, мына жұрттың Зибаш туралы қаңқу сөздерін неге басып таста- майды»,- деп қоям.

Қыдырман тойтық кешігіңкіреп келді. Үстінде сол кешегі шөпке барғандағы киімдері, сірә, мал қора жақтан келген беті болса керек, түсі бір түрлі суық, ашулы көрінді. Кимелеп барып көпшіліктің орта тұсына сығы- лыса отырды.

Жиналыс басталып, бірден сөз алған шолақ қол өкіл әуелі соғыстың барысы туралы, біздің әскерлеріміздің қанқұйлы жауды ес таптырмай өз жеріне қарай түре қуып, қаһармандықпен соғысып жатқанын әңгімелеп өтті де, онан соң біздің ауылдың жағдайына ауысты. Соңғы кезде Нұғыманның төсек тартып мүлде жатып қалуына байланысты жаңа колхоз бастық сайлау қажет- тігін айтты және аудан атынан бастықтыққа осы уақытқа дейін бригадир боп істеп көзге түскен, тәжіри- бесі бар, шаруа жайын жақсы білетін, іскер адам деп Байдалыны ұсынады деді.

Мұндай тосын шешімге көпшілік бірден не дерлерін білмей әуелі тосылып отырып қалған, артынша кейбіре- улері күңкілдеп Байдалының сауатсыздығын айта бастап еді, ондайларды шолақ қол өкіл қабақ шытып тыйып тастады.

    • Бізге Бәкеңнің сауаты емес, шаруа жайын білетін

іскерлігі керек,- деді қатқыл үнмен қайталай мақтап.- Қағаз жазуға осында есеп-қисапты жүргізуші бала бар ғой,- деп осы тұста иегімен жиналыстың хатшысы боп отырған Бектайды меңзеп өтті,- осылар істейді. Қазіргі кезеңде бізге колхоз жұмысын ақсатпай жоспарды орын- датып отыратын белсенді адам керек. Міне, сондай адам деп біз, аудан Бәкеңді ұсынып отырмыз.

Өкілдің өзі сөйлеп тұрған соң кім не десін! Қатын- қалаш, бала-шаға Байдалыға қарсы сөйлеп өле алмай жүр ме, мақұл десіп, бір ауыздан қол көтерді. Осылайша Байдалы шалдың колхоз бастық боп сайланғанын, шолақ қол өкілдің оны әлгіндей деп қайталай мақтағанын өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіп, біз, балалар да, көпшіліктің арт жағында тым-тырыс тұрдық. Колхоз- шылардың жалпы жиналысы осылай деп қаулы алды, Бектай есепші осының бәрін хаттап қағазға түсіріп отырды. Сөйтіп, әліпті таяқ деп білмейтін Байдалы шал колхоз бастық боп шыға келді.

  • Енді Байдалы шал біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын шығар,- деген Петька қалжыңдай күліп.

  • Егер бауырсаққа тойғызып тұрса, қағаздарын оқып беріп тұрам ғой,- деді Санат та күліп.

  • Әй, балалар, шуламаңдар,- деді осы кезде шолақ қол жиналысты әрі қарай жалғастырып: — Жолдастар, енді екінші мәселе қаралады.

Көпшілік бастық боп сайланған Байдалының орнына кім бригадир болар екен деп елеңдескен. Оны да Әлтаев жолдас өзі айтатын шығар деп, шолақ қол өкілдің аузына қараған.

  • Бригадирді Бәкең өзі тағайындасын,- деді өкіл бұл жолғы билікті жаңа бастықтың өзіне беріп.

Көпшілік арасында күбір-сыбыр гулей жөнелді. Әркім өз жорамалын айтып, анау болатын шығар, мынау болатын шығар деп, ауылдағы азын-аулақ еркек кіндік-

тердің аттарын атасып дуылдасып кетті. Байдалы шал орнынан көтеріліп, сөзін неден бастарын білмегендей жөткірініп, тамағын кенеп, күбір-сыбыры басыла қоймаған көпшілікке бір, одан менің шаруам жоқ, кімді атасаң да өзің біл дегендей боп, еріндері дүрдиіп, алдына бедірейе қарап, мелшиіп отырған өкілге бір қарап жөткіріне берген.

    • Ал айтыңыз ойыңызды,- деді өкіл оған демеу бергендей, онан соң гуілдесіп отырған көпшілікке қабағын шытып: — Жолдастар, тынышталыңыздар, бастықтарыңыз сөйлегелі тұр ғой,- деді.

    • Мен айтсам… менің ойым… мен тағайындасам…- Жайшылықта боқтықты қардай боратып, жарықшақ ащы даусы ауылдың бір басынан екінші басына дейін шарылдап, құлағыңды жарып жібере жаздайтын айқай- шының аяқ асты дымы бітіп, мыңқылдап қапты.

    • Иә, кімді айтасың? Ойың кім? Кәне, аташы? — десті шыдамсызданған көпшілік жан-жақтан кеу-кеулеп. Байдалы шал жалтақтап өкіл жаққа тағы бір қарап алды да:

    • Біргәдір Зибаш болсын,- деді.

    • Әй, не дейді?!

    • Зибаш болсын дей ме?!

    • Атпал азаматтар тұрғанда Зибашы несі-ей, мына- ның?! — десіп, көпшілік мүлде гуілдесіп кетті.

    • Жолдастар, тынышталыңыздар! — деді шыдай алмай кеткен Әлтаев жолдас столды тықылдатып, көпшілік оған да тоқтай қоймаған соң орнынан тұрды.- Кәне, шуламаңыздар!

Өкіл орнынан тұрған соң, көпшілік басыла қалды.

    • Жолдастар! — деді Әлтаев жолдас тағы да со қабағын шытқан күйі, кәне, осыдан қайсың дауыс көтерер екенсің дегендей, көпшілікке жағалай қарап өтті де, ақыл айтқан сабырлы үнмен: — Бригадирді басты-

қтың өзі тағайындап алады. Өйткені ол адам бастықпен тіл табысып істей алатын болуы керек. Бәкең сол себепті Зибашты атап тұр.

  • Өзі тағайындап алғанына қарсы емеспіз, бірақ енді еркектерден алуы керек қой,- деді көпшіліктің орта тұсынан гүжілдей шыққан жуан дауыс. Бұл — Қыдыр- манның даусы еді. Жұрттың бәрі бірден соған бұрылып, елең ете қалды.

  • Сен кімсің? — деген өкіл қабағын кіржитіп.

  • Мен Қыдырманмын,- деп, тойтық орнынан тұрды.

Қыдырман тойтықтың Зибашқа қарсы болғанына көпшіліктің таңырқағаны өзінше бір басқа шығар, ал менің таңырқауымда тіпті шек жоқ еді.

  • Өй, мұнысы қалай? деппін қасымдағы балаларға. Маған жауап берген ешкім болған жоқ, бәрінің назары сахнада тұрған шолақ қол өкіл мен Қыдырманда. Енді не болар екен деп, бір қызықты күткендей телміре қалған.

  • Ал керек болса!.. Міне, қызық!..- деседі балалар да сыбырласып.

Шолақ қол өкіл:

  • Сен қарсымысың? — деп қайталай сұраған.

  • Иә, мен қарсымын,- деді Қыдырман тойтық та қайталап.- Ол қатын біргәдіріңе ешкім бағынбайды. Осы ауылда біраз еркек бар ғой, біргәдірді солардан қою керек. Мысалы, әне, жақында ғана әскерден қайтқан Көбеген бар, ал егер ол жарымжан десеңдер, есепші боп жүрген анау Бектай, әр түрлі жұмыста жүрген мына мен бармын…- Ол өзін айтқан кезде, жұрт ду күлген. «Алда, шіркін-ай, мұның өз ойы бар екен ғой!», «дәмесін қарай гөр, тойтықтың!», «қайтсін енді, өзін-өзі айтпаса басқалар аузына алмайды»,- десіп, дуылдасып қалған. Жұрттың күлкі-мазағына Қыдырман ыза боп кетті.- Әй, сендер неменеге күлесіңдер?! Осы да күлкі ме? — деп төңірегіндегілерге көзін аларта қарады, жылқының ту

құйрығындай қайратты шашын артына қарай қақыра сипап қойды да: -Бәрібір ол Зибаш бригадир боп оңдыр- майды, мен қарсымын, өйткені ол…

    • Әй! деп Әлтаев жолдас мұнан әрі оны сөйлетпей ақырып қалды.- Сен өзің қазір не сөйлеп тұрғаныңды білесің бе? Үкіметтің саясатына қарсы сөйлеп тұрсың. Әйел жолдастарды көтеру, оларды басшылыққа сайлау

  • бүгінгі таңдағы үлкен саяси мәселе. Ал ол саясатқа қарсы адамды біз маңдайдан сипай алмаймыз…

    • Мен саған маңдайымнан сипа деп тұрған жоқпын,- деді Қыдырман тойтық дүңк етіп.-Мен саясатқа қарсы емеспін, мен мына қатынның біргәдір болғанына қарсымын.

    • Тоқтат, кәне, сөз таластырғанды! — деп, Әлтаев жолдас столды қойып қалды.- Бұл неғылған бейба- стақтық!

    • Сен өйтіп айқайлама! деп, Қыдырман да орнынан қай- тадан атып тұрған.— Әркім өзі ұнатқан қатынды біргәдір сайлай берсе, іс бола ма екен.

    • Мынау не сөйлеп тұр, жолдастар?! — деді кенет қызарақтай бастаған өкіл лажсыз күліп.

Осы кезде әр тұстан:

    • Әй, Қыдырман, қойсаңшы! Ол қатынға сен де алыс емессің ғой.

    • Өкілмен салғыласып қайтесің, ұят болады.

    • Кімді сайласа да бәрібір емес пе,- дескен басу сөздер естілді.

    • Өкіл жолдас, ол тойтықтың сөзін тыңдамаңыз,- деді Байдалы шал да бәйпектеп. Әлтаев жолдас та сабасына түскендей болды.

    • Жолдастар,- деді енді сабырлы сөйлеуге тырысып,- аудан Бәкеңнің таңдауын қолдайды. Өзі таңдаған адамын бригадир қоймақ екен, онысын құптаймыз. Кәне, осыған кім қарсы?

Көпшілік тым-тырыс отырып қалды.

  • Бәрібір мен қарсымын,- деді Қыдырман тойтық.

  • Сен қой… Сенімен басқа жерде сөйлесеміз әлі.

  • Құдай өзі берген жанын өзі алады. Ал мына қатын біргәдіріңе мен бағынбаймын.

  • Бағындырамыз.

  • Бағынбаймын… Жарайды, Көбеген ақсақ болсын, мен тойтық болайын, ал енді анау отырған Бектайды лайық емес деп кім айтар екен. Қолы хат таниды, жазуы да жақсы, шаруа жайын да Байдалыдан артық білмесе, кем білмейді.

  • Дұрыс, дұрыс! Сол Бектай болсын да бригадир! — дескен құптаған дауыстар әр тұстан естілген.

Шолақ қол өкіл cay қолымен столды тағы да қойып қалды.

  • Тоқтатыңдар тәртіпсіздікті! — Онан соң көзі шатынай тұрып көпшілікке төне қарады да: -Бастықта- рыңыз бұл баланы емес, Зибашты атап тұр ғой, кәне, кім соған қарсы, тұрсыншы орындарынан?! — деді.

Қыдырман тойтықтан өзге ешкім тұрған жоқ.

  • Әй, тойтық неме! — деді осы шыдай алмай кеткен Байдалы шал.- Әй, осы жұрттың шырқын бұзбасаң отыра алмайсың ба-ей, сен ит, а?! Қойсаңшы енді! Мына жұртқа қырсығың тиеді ғой. Өкіл жолдаспен салғы- ласып нең бар-ей, а?!

  • Өкіл болса қайтейін. Мен одан қорқады дейсің бе?! Мен кейбіреулер сияқты бай-құлақтың құйыршығы боп көрген емеспін, сондықтан құдайыңнан да қорықпаймын.

Әрине, «кейбіреулер» деп тұрғаны Байдалы шалды айтқаны. Үлкендер жағы Байдалы шалға ренжіген- дерінде, ылғи да өстіп оның бір байдың атшысы болғанын еске алып, бетіне басатын. Қыдырман да сонысын мегзеп тұр.

Мұнан әрі Қыдырман тойтықпен сөз таластырып жеңе алмайтынын білген Байдалы шал:

    • Жарайды, қыңыр адам бір жақ, қырық адам бір жақ демекші, сенің сөзің өтпейді. Ал басқа кімнің қарсылығы бар? — деген.

Шолақ қол өкілден ығып қалған жұрт үндеген жоқ.

    • Ал, жолдастар, онда көпшілік жиналыстың қолда- уымен Зибаш біргәдір боп сайланды,-деді Байдалы шал сөздің тоқ етерін айтып.- Енді келесі мәселеге — зайымға жазылу мәселесіне көшеміз…- дей берген, осы кезде өкіл оған бірдеңе деп күңк ете түсті.- А! Иә, айтпақшы, ұмытып барады екем,- деді сасып қалған Байдалы шал.- Жолдастар, Зибаш мына жерге шығып отыруы керек. Зибаш! Әлгі Зибаш қайда? Кәне, бері кел, мына біздің қатарымызға кеп отыр. Кел, кел! Ұялатын дәнеңе жоқ, еркек көрмей жүрсің бе?!.- деп сөзінің соңын бәдік қалжыңына айналдырып, жұртты бір күлдіріп алған.

Алдыңғы жақта шетте отырған Зибаш ұялшақтай басып сахнаға көтерілді. Ұялшақтығы сонша, жерден басын көтерместен аяғы-аяғына шалынысып, жығылып қала жаздады. Үстіне бар жақсысын киіп әдеміленіп келгені енді белгілі болды, бригадир сайланатынын білген екен ғой. Байдалы шал мен Бектайдың ортасына барып отырған. Екі беті өрттей боп қызарып, көзін көтермейді. Дәл осы сәтте көпшіліктің орта тұсынан бір әйел даусы:

    • Әй, жаман қар, ақыр отырған соң тұп-тура анау өкілдің қасына отырмайсың ба?! — деген самбырлай жазғырып.

Жұрт тағы да ду күлді. Әлтаев жолдас қабағы түксиіп әлгі жаққа жалт қарады.

    • Әй, жолдастар, қалжақ сөзді қойсаңдаршы,- деді Байдалы шал қипақтап.

  • Қап, мына қатынның Қыдырманды жер ғып кеткені-ай! — деген бізден ілгерірек тұрған Татубай сиыршы күңкілдеп.

  • Шынында да, тойтыққа обал болды,- деді екінші біреу.

  • Е, біраз күн сусындады ғой, жетер,- деді үшінші біреу.

  • Қыдырман тойтықтың қызығы осымен бітті.

  • Өзі Зибаш болсын да, тойтыққа байланып қалсын.

  • Бәсе десеңші!..

  • Әй, мына шолақ өкілің де мүттәйім екен, бұғалықты қыл сағақтан салды ғой.

  • Е, қолында билігі болса керек еді…

Біздің алдыңғы жағымызда тұрған үлкендер осылайша қақпақылдасып, күңкілдесе бастаған.

  • Әй, арт жақта тұрғандар, тынышталыңдар! — деді Байдалы шал.

Мұнан әрі заемға жазылу жүргізілді де, біздер — балалар үшін қызықсыз көрінген соң, сыртқа шығып ойынға кірістік. Барлығымыздың тамсана сөз қылға- нымыз Қыдырман тойтық. Әне, ешкімнен қорықпайды деп соны айт. Тіпті әуелі өкіліңнің өзімен тайталасты ғой.

Біраздан кейін жиналыс бітіп, жұрт үйді-үйіне тарай бастаған, үлкендермен бірге біз -балалар да қайттық. Қыдырман тойтық жеңгесі Сәруеге ілесіп, біздің жаққа қарай жүрген.

  • Әй, жүгірмек-ау, немене, сендер істеген жұмысты біз істей алмайды дейсің бе, бір Зибашқа бола бүкіл қатын атаулыны кемсіткенің не?! — деген Сәруе былай шыққан соң жазғырып.- Екі ортада жеки, үкіметтің саясатына қарсысың деп өкіл өзіңе айып тақты.

  • Ой, жеңеше, барлық қатындарда шаруам қанша, бірақ сөзім солай шығып кетті. Әйтпесе мына сендерді

сайлап жатса, қарсы сөйлеп нем бар,- деді Қыдырман ақталғандай үнмен.

    • Тіпті со Зибашты сайлағанға да қарсы бола қоятын дәнеңе жоқ. Сайлана берсін. Жүгірмек-ау, содан зиян шегемін дейсің бе? — деген сөзінің соңын сыбырлай күліп.

    • Жоқ, маған оның ондай пайдасының керегі жоқ. Мен ол шолақ қол өкілді өлтірем,- деді жеңгесінің әзіліне міз бақпаған Қыдырман кіжіне сөйлеп.

    • Жә, жайрағыр, қатын үшін кісі өлтіремі несі мына- ның?! Бірдеңеге ұрынып, сотталып кетіп жүрерсің.

    • Сотталсам, кетем.

    • Не дейді?!. Бетім-ау, әркімнен қалған бір салдақыға бола өміріңді қор қылып не көрінді, сонша?! Жә, мына сөзіңді менен басқа ешкім естімесін,- деді ұрса сөйлеген Сәруе.- Әй, осы ауылда не көп, бойжеткен қыз-қырқын мен жесір келіншек көп. Соларды шетінен шертіп жүріп ұнатқаныңды айтшы маған, алдыңа өзім жетектеп әкеп беремін.

    • Жоқ, маған басқа ешкімнің керегі жоқ. Бәрібір мен ол өкілді Зибашқа жолатпаймьін. Ерегескенде мен оның анау сау қолын сындырам енді.

    • О, шірік!.. Жақсы ағама тартпай кеткір шірік!..- деді қайнысының мына қылығына күйіп-піскен Сәруе ыза болып.

Мұнан әрі Сәруе бұрылып өз үйінде қалып қойды да, Қыдырман тойтық ақсаңдай басып әрі қарай кетті. Біз, балалар, енді бір сойқан болатын шығар деп, сол күні сырттай Қыдырманың қайда барып, қайда жүргенін аңдумен болдық.

Петьканың: «Байдалы шал енді біздің Санатты өзіне хатшы етіп алатын шығар»,- деген қалжыңы шынға айналды. Айтқанындай-ақ бастық болған күннің ертеңіне Байдалы шал Санатты сабақта отырған

жерінен шақыртып әкеткен. Содан бір сабақты өтіп, одан келесі сабаққа кірерде ғана, Санат қалтасы толы бауырсақ, жымың қағып тоқ көңілмен оралды.

  • Иә, не болды? Неге шақырыпты? деп, жан-жақтан жапырлай қалған біздің сұрауымызға Санат:

  • Жай,- дей салды.- Мә, одан да бауырсақ жеңдер,- деді онан соң қалтасындағы бауырсақтан бәрімізге жеткенінше үлестіріп. Ақ ұннан пісірілген иісі аңқыған қызыл сары бауырсақ нанды ұмыта бастаған біздер үшін тәттіден бір кем емес еді. Сондықтан бәріміз шетінен аз- аздан қана тістелеп дәмін алсақ, енді біріміз құрт құсатып сөлін сорып тамсанамыз. Бүкіл класс ішін бауырсақ иісі алып кетті. Тек бір кезде біздердің аузы- мыздың малжаңдап отырғанын сезіп қалған Әнипа апай:

  • Кәне, сабақ үстінде тамақ жегендеріңді қойыңдар! — деп зеки ұрысқан, аузымыздағы бауырсақты жұтып- жұтып жібердік.

Ертеңіне атқарушы Ысқақ шал тағы келген, бірақ бұл күні Санат ауырып қалған еді.

  • Онда,- деп ол кластағы балаларды тегіс шола қарап шықты да, көзі маған түсіп: — Қанат, сен жүр,- деді. Мен оның назарына іліккеніме қуана қорбаңдап орнымнан тұрдым. Төңірегімдегі балалар: «Бауырсақ әкелетін бол… бауырсақ…» деп сыбырлап қап жатыр.

Атқарушы шал мені алдына сап кеңсеге қарай алып жүрді. Байдалы шал қақ төрдегі қызыл мата жабылған үлкен столдың басында көк мауыты тысты бөркін бір шекесіне қарай қисайта киіп, бүктеп ұстаған қызыл тобылғы қамшысымен алдында қобырап жатқан қағаз- дарды түртпектеп қойып отыр екен. Мені көріп қабағын кіржитіп, тіксініп қалды.

  • Әлгі Санат ауырып қапты, оның орнына мынаны алып келдім,- деді атқарушы шал.

Байдалы шал астыңғы ерініндегі насыбайды алып

тастап, аяғының астына қақырына былш еткізіп бір түкірді де, маған шегір көзімен шаншыла қарап, атқа- рушы Ысқақтан:

    • Мұның аузы қалай еді, берік пе еді? — деп сұрады дәл бір өмірі мені көріп, білмеген адамдай.

    • Ол жағын қайдам, бірақ хат тануы жақсы деп жүрген балалардың бірі ғой.

    • Әй, онда бері кел, отыр,- деді Байдалы шал қарсы алдындағы орындықты нұсқап, өзі менен көз айырар емес. Бұрын байқаған баламен де, шағамен де қалжақ- тасып жүретін, бірде бату, бірде тату дегендей мінезі бар, өзіміз кейде «аталап» соңынан қалмай әзілдеп, кейде сыртынан мазақтап жүретін, ақ көңіл сияқты көрінетін Байдалы шалдың қазіргі сұсы адам қорқарлық еді. Шегір көзі өңменімнен өтіп, ішіп-жеп, бет қаратар емес.

    • Сенің өзі, аузың қалай, берік пе? деп сұрады.

    • Берік,- дедім мен.

    • Кеңсенің құпиясын сыртқа шашпайсың ғой?

    • Шашпаймын.

    • Егер осыдан сенен естідік деген бір сез шықса, мына қамшы төбеңде ойнайды. Ұқтың ба?

Мен басымды изедім.

    • Әй, Ысқақ! — деді ауыз үйге қарай дауыстап.

Есіктен қорбаңдай басып атқарушы шал кірген.

    • Әлі бағанағының әкеп бергені мына хат па? — деді көк конвертті көрсетіп.

    • Иә, осы төрт бұрышты. Ауданға жазылған екен деді ғой.

    • Жә, онда орныңа бара бер.

Атқарушы шал шығып кеткен соң, әлгі көк конвертті маған ұсынды да:

    • Онда, мә, оқышы,- деді. Мен әлгінде атқарушы шалдың өзім туралы «хат тануы жақсы» деген мақтауын ақтау үшін айдақ-сайдақ жазылған қағазды бар ынтамды

салып судыратып Оқи жөнелдім. Өйткені жақсы хат танудың басты шарты қағазды тез оқу ғой.

  • Әй, тоқта,- деді Байдалы шал мені бөліп.

  • Жау қуып келе жатқан жоқ қой, сен өйтіп аптықпай, әр сөзді түсінікті етіп, дұрыстап оқы деп, өзі ұғып қалған алғашқы сөйлемді қайталап шықты: «Арыз. Аудандық партия комитетіне. Біз бір топ колхозшы осы арызды жазуға мәжбүр боп отырмыз…»

Мен Байдалы шалдың өзінің мақамына салып, әр сөзді дауысты дыбысы бар тұсында соза отырып, қайтадан оқи бастадым.

«Арыз. Аудандық партия комитетіне. Біз бір топ колхозшы осы арызды жазуға мәжбүр боп отырмыз. Өйткені Байдалы колхоз бастық болып ешкімді көгерт- пейді. Өзі бұрын бай-құлақтың құйыршығы болған адам…

  • Не дейді?! Жә, тоқтат иттің күшігі! — деп ұшып тұрған Байдалы шал қамшысымен столды салып қалды. Шегір көзі шатынап ашудан қалш-қалш етіп маған төне қарайды. Енді болмаса қамшысымен салып жіберетін- дей. Қорқып кеткен мен қағазды өзінің алдына тастай сап зыта жөнелмек ем, дабыр-дұбырға ауыз үйдегі атқа- рушы шал кіріп, жолды бөгеп, есікке кесе-көлденең тұра қалды.

  • Әй, күшік, не оқып тұрсың-ей, а? — деген маған тап бере ақырып.

  • Өзіңіз оқы дедіңіз ғой қағазда жазылғанды…

  • Мына қағазда шынымен солай деп жазылған ба?

  • Иә. Солай жазылған.

  • Әй, бұлар ма?! Бұлардан бәрі шығады. Ел емес қой,- деді тағы Байдалы шал түңіле сөйлеп.- Шетінен жер аударып жіберсең обалы жоқ иттер ғой. Кәне, отыр орныңа! — деді маған ақырып. Амал жоқ, оның қарсы алдына барып қайтадан отырдым.- Иттің балалары,

баяғыда менің Мәтіжан байға жалшы болғанымды әлі күнге бетіме басып, бай-құлақтың құйыршығы болған деп жала жапқылары келеді.

    • Көре алмайтындардың ісі ғой,- деді Ысқақ шал жағына сөйлеп.

    • Со көре алмайды. Жә,- Байдалы шал біраз бұлқан- талқан боп барып сабасына түсейін деді.- Сен орныңа бара бер,- деді атқарушы шалға, онан соң орнына отырып, шегір кезі со шатынаған қалпында маған қарап:

  • Оқы әрі қарай! — деп бұйырды. Мен әлгіндегі тоқтаған жерімнен әрі қарай жалғастыра оқыдым: — … Сөзінде еш пәтуа жоқ. Тек одыраңдап қатын-қалаш, бала-шағаға қамшы үйіргеннен басқа қолынан түк келмейді. Ойлайтыны қара басының қамы. Соңғы кездерде жас келіншектерге қырындайтын әдет шығарды…

    • Жә, оқыма, әкел бері,- деп Байдалы шал мұнан әрі шыдай алмай арызды жұлып алды.-Ойпырай үйің күйгір-ай, қайсысы екен мұны жазып жүрген?!. Қайсысы екен, ә? -Ойланып қалған ол қарсы алдында менің отырғаным біраздан кейін барып есіне түскендей: Әй, сен неғыл деп омалып отырсың?! Кәне, жоғалт көзіңді!

  • деп, қамшысын үйіре ақырған. Мен зытып сыртқа шықтым. Әуелі таяқ. жемей аман құтылғаныма қуансам да, кеңседен ұзай бере құр қол кетіп бара жатқаным есіме түсіп, Саматтың бауырсақ әкелгеніне үйреніп қалған балалар қолыма қараса не деймін. Құр қол сүмірейіп қайтқанымды көрсе, бәрі де: «Әй, сені қойшы…» деп бірден теріс айналады ғой. Әй, тәуекел, не болса о болсын,- деп кеңсеге қайта қайттым. Ауыз бөлмеден өтіп, ішкі есікті ашқам, Байдалы шал әлгіндегі бір парақ қағаздың басы қайсы, аяғы қайсы екенін біле алмай айналдыра қарап тұр екен.

    • Ата, бауырсақ берші! — дедім.

  • А! Ә, сен кетпеген екенсің ғой,- деді әлгіндегідей емес ашуы тарқағандай үнмен Байдалы шал. Онан соң:

  • Мә, бауырсағың,- деп қалтасынан бір уыс бауыр- сақты алып столдың шетіне қойды. Оның бір уысы менің кішірек қалтамды толтырды да қойды. Кете беріп едім:

  • Тұра тұр, енді мына бір қағазды оқышы,- деді ол тағы бір парақты ұсынып. Бұл — акт қағаз екен. Мен әлгіндегідей әр сөзді анықтап, мақамдап оқып шықтым:

  • Акт. Мен колхоздың бақташысы, Шотай Дайырбе- ков, колхоздың қызыл қасқа құнажынының ақырға құлап, қазыққа арандап өлгенін хабарлаймын. Мұны куә Көлбай керең мен Сағила кемпір растайды. Сол үшін қол қоюшылар…

Мұнан әрі ирек-ирек адам түсініп болмайтын әріп- термен үш адам қол қойған.

  • Жандарың шыққырлар, ақырға құлап өлді деп өздері сойып алмаса неғылсын,- деді Байдалы шал кіжініп.- Басқаны білмесем де Шотай итті білем ғой. Кәне, берші,- деп актінің қағазын қолына алды да: Әй, Қанат, сенің көзің өткірірек қой, анықтап қарашы, мына екі қағаз бірдей емес пе? деді.

Расында да, әлгіндегі арыздың қағазы мен мына актінің қағазы бірдей екен, бір дәптерден жыртып алынған. Мен соны айттым.

  • Бәсе, бұ Шотай қайдан тыныш жүрсін деп едім-ау.


1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   33


написать администратору сайта