Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
Скачать 2.7 Mb.
|
4.4 Сараптау жүйелері және ғылыми зерттеудің жаңа технологиялары Білімді компьютер желілері арқылы беру – жасанды интеллектіні құрудағы маңызды мәселелердің бірі. Бұл мәселені шешу арқылы бағдарламалық жүйелерді үйренбеген мамандарға ЭЕМ-мен тікелей «іскер проза» тілінде сұхбаттасуға, қажетті шешімдерді беруге және қабылдауға мүмкіндік беріледі. Компьютерлік желілермен осындай тығыз байланыс орнату арқылы ЭЕМ-нің көмегімен адамның интеллектуалдық қызметін күшейтуге болады. Білімді электрондық түрде беру кезең-кезең бойынша жүргізілді. Алғашында ғылыми деректер мен оларды өңдейтін бағдарламалар электронды білім беруге жатқызылды. Өз мүддесі үшін ЭЕМ-ді пайдаланатын түрлі сала мамандарының бір-бірімен байланысы қолданбалы математика мамандары мен бағдарламашылардың көмегімен жүзеге асырылды. Бертін келе, деректер бағдарламалардан бөліне бастады – базалар мен деректер базасы құрылды, бұл өз кезегінде, түрлі типтегі және деңгейдегі ақпараттық-анықтамалық, ақпараттық-іздеу жүйелерінің құрылуына негіз болды. Адам ЭЕМ-мен сұхбат орнатуға (тілін табуға) мүмкіндік алды, бұл бағдарламалық жүйелерді үйренбеген мамандардың компьютермен жұмыс жасау мүмкіндігіне септігін тигізді. Өз кезегінде, деректер банкі мен базасының, сондай-ақ әрқилы күрделі бағдарламалардың құрылу мүмкіндігінің туу себебі, бағдарламалық қамтамасыз етудің тілі мен принциптері түбегейлі өзгерді. Жасанды интеллектінің эволюциясы ЭЕМ тілі мен адам тілінің жақындасу жолымен жүрді. Үлкен ақпараттық-іздеу жүйелерінің пайда болуы тұтынушы мен ЭЕМ-нің шектеулі табиғи тілде, яғни «іскер проза» тілінде сұхбат орнатуына мүмкіндік тудырды. Осы жолдағы келесі қадам мәтіндердің мағынасын талдау үдерісі, бұл кезде белгілі бір тақырыптық саланың семантикалық (мағыналық) моделі өңделіп, жасалады. Алайда, заманауи ЭЕМ тек нысандандырылған деректерді өңдеуге қабілетті болғандықтан, мұндай үлгілер осы саладағы білімдер сәтті ресімделгенде ғана құрыла алады. Сондықтан жасанды интеллект үшін «білім берудің формализмі», семантикалық желілер, фреймдер, өнім жүйелері құрылды. Жасанды интеллектінің формализмі, бір жағынан, деректер базасына ұқсас білімдер базасын құруға, екінші жағынан, сипаттамалы және әлсіз нысандалған ғылым салаларының (геология, медицина, биология, қоғамдық ғылымдар және т.б.) білім беру моделін құруға мүмкіндік береді. Алайда, адам миына ұқсас жасанды интеллектіні қоршаған ортаны толықтай формализациялау жолымен құру мүмкін емес. Бұл тұйыққа тірейтін амал: абсолютті формализация басталатын жерде шынайы интеллект аяқталады. Себебі, шынайы интеллектінің негізінде адам миының ажырамас қасиеті болып табылатын шығармашылық еркіндігі жатыр. Ал компьютер желілеріне қатысты бұл ережені былай келтіруге болады: «толықтай формализация – жасанды интеллектінің жауы». Бүгінгі күні ЭЕМ білім беру құралы ретінде кеңінен қолданылып отыр. Алайда, ЭЕМ-ның өзі білімге емес, ақпаратқа ие, яғни білім беруші немесе білімнің моделі болып табылады. Мұндай модельдің негізінде тұтынушы өзіне қажетті білімді қайта құрады. ЭЕМ «жадының» мазмұны адамның біліміне сапасы жағынан да, көлемі жағынан да тең емес. Бұл күрделі феномен болып табылады, алайда қарым-қатынас жасауға қолайлы білім моделі қызметін атқарады. Сараптау жүйелері адамның интеллектуалдық қызметіне жағдай жасайтындықтан, оларды жасау қызметін жасанды интеллект саласындағы жетістіктерге жатқызады. Көпшілік мамандар сараптау жүйелерін жасанды интеллектінің тиімді баламасы деп санайды, бұл жүйелерді құруға жасанды интеллект жүйесінің бірқатар соңғы жетістіктері пайдаланылды. Сонымен, екі жүйенің өзара ұқсастықтарынан гөрі, айырмашылықтары көп. Жасанды интеллект болмыстың интеллектуалды модельдерін құруға арналған, бұл үлгілер лайықты тәртіпті қамтамасыз етеді, ал сарапшылардың алдында – болмыстың белгілі бір қыры туралы кәсіби білімнің үлгісін жасау міндеті тұрды, бұл білімді сарапшы-адам немесе бірнеше сарапшылар игереді. Жасанды интеллект саласындағы зерттемелер адамның интеллектуалдық қызметін ЭЕМ-ның қызметтерімен алмастыруға бағытталған. Сараптау жүйелері, адамды интеллектуалдық қызметтің қандай да бір саласынан ығыстырмайды, керісінше, құрылымы нашар ақиқатты кез келген жасанды үлгіден жақсырақ түсіндіретін мамандардың кәсіби білімдеріне арналады. Сараптау жүйелерінің басты міндеті бір немесе бірнеше сарапшының білімдерін сол саладағы кез келген маманға қажетті игілік ретінде пайдаға асыру. Сараптау жүйесінің тұтынушысы өз саласының кәсіпқойы болуы тиіс, бұл оған ұсынылған кеңестерді ұтымды пайдалануға көмектеседі. Тұтынушы сараптау жүйесімен қарым-қатынас жасай отырып, өзі де осы жүйеге кіретін білімдердің сарапшысына айналады. Жасанды интеллектіде зерттеуші пассивті қызмет атқарып, күрделі мәселелерді шешуді ЭЕМ-ге тапсырады, ал сараптау жүйелері зерттеушінің шығармашылық амалына бағытталған. Мұнда зерттеуші өзінің кәсіби білімдерін пайдалана отырып маңызды шешімдер қабылдайды. «Шынайы» жасанды интеллектінің құрылуы жақын болашақта орын алмаса да, бүгіннің өзінде компьютерлер жеткілікті деңгейде дербестікке ие және адам тарапынан бақыланбайды. Бұл ақпараттың өңделу (оны алуды, сақтауды және өзгертіп, қайта беруді қосқанда) нәтижелеріне деген сенімсіздікті оятты. Бұл мәселелер көбіне техникалық немесе тәжірибелік сипатта болып келеді де, көп жағдайда шешімін табады. Ең қиыны компьютер жасаған жұмыстың сапасына толықтай бақылау орнату және қойылған міндеттерге сәйкестігіне баға беру. Белгілі бір мөлшердегі деректер мен олардың белгілі бір жылдамдықта өңделуі кезінде алынған нәтижелердің нақтылығына толықтай сенімді бола алмаймыз, себебі бақылау әдісінің құралдары шектеулі, ал адам компьютер орындайтын операциялардың көпшілігін тексере алмайды. Сонымен, ғылыми зерттеудің жаңа технологиялары мен сараптау жүйелерінің де өздіндік әлсіз тұстары бар: олар машиналық операциялар мен компьютерлік есептерді бақылау әдістерін қамтамасыз ететін сала дамыса ғана өнімді бола алады. Әдебиеттер Белл Д. Грядущее постиндустриальное общество. Опыт социального прогнозирования. – М., 1999. Кастельс Мануэль. Информационная эпоха: экономика, общество и культура. – 1999. Тоффлер Э. Третья волна. – М.: ООО «Фирма» «Издательство АСТ», 1999. 5 БӨЛІМ ҒЫЛЫМИ БІЛІМНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ 5.1 Ғылымдағы теориялық және эмпирикалық деңгейлер Зерттеу барысында алынатын білімдерді ғылымнан тыс, ғылыми емес және ғылыми деп бөлу қалыптасқан. Ғылыми білім – бұл нақты, логикалық жағынан қайшылыққа толы емес білім. Оның ғылымилығының басты өлшемі білімнің объективті-шынайы мазмұнының өсуі болады. Бұл оның шынайылыққа сәйкестік деңгейін көрсетеді. Мұны арнайы құралдар мен таным әдістерінің көмегімен тексеруге болады. Гносеология – таным теориясы тұрғысынан алғанда ғылыми танымның екі түрі, екі басты деңгейі ажыратылып көрсетіледі, олар эмпирикалық және теориялық. Олар өзара бір-бірінен толықтығы, тереңдігі және объектіні жан-жақты қамту, білімді алу тәсілі, зерттеу әдістері мен амалдары, таным формалары (елестету, қабылдау, сезіну – сезімдік деңгейде; ой қортыу, пайымдау, түсіну – оңтайлы деңгейде) бойынша ажыратылады. Танымның эмпирикалық және теориялық деңгейлері бір-бірімен тығыз байланысты. Эмпирикалық таным барысында, яғни бақылаудан экспериментке дейін теориялық алғышарттардың мәні мен рөлі тоқтаусыз өседі. Экспериментке кіріспес бұрын, зерттеуші оны жоспарлайды, алдына мақсат қояды, бақылау әдістері мен құралдарын ойластырады. Мұның барлығын логиканы, ғылыми ұғымдар мен пікірлерді пайдалана отырып жасайды. Бір сөзбен айтқанда, бір де бір эксперимент теорияның қатысынсыз бастала да, аяқтала да алмайды, ал эмпирикалық зерттеу бақылау мен эксперименттің көмегімен жаңа деректерді анықтай отырып, теориялық танымды ынталандырып, оның алдына едәуір жаңа, күрделі міндеттерді қояды. Екінші жағынан, теориялық таным, тәжірибе жүзінде өзінің жеке мазмұнын дамыта және нақтылай отырып, эмпирикалық таным үшін жаңа, кеңірек көкжиекті ашады да, оны жаңа фактілерге іздеуге бағыттайды, оның әдістерін жетілдіруге мүмкіндік жасайды. Бұл деңгейлердің арасындағы шекара шартты және қозғалмалы. Дамудың белгілі бір нүктелерінде эмпирикалық теориялыққа ауысады және керісінше. Ғылыми зерттеу мәселені қоюдан басталады. Гносеологиялық көзқарас тұрғысынан, мәселе – бұл бір қайшылық, ол бұрынғы білімдер ескіріп, жаратылыс туралы жаңа деректерге сәйкес келмей қалғанда пайда болады. Басқаша айтқанда, мәселе – бұл, адам тарапынан анықталмаған және өз шешімін күтіп отырған түсінік. Мәселелер адамның тәжірибелік қызметінің қажеттіліктерінен өсіп отырады, бұл жаңа білімге алып баратын ерекше баспалдақ. Әдеткі және ғылыми мәселелердің арасында үлкен айырмашылық бар. Нақты мәселені қоюға қажетті және жеткілікті негізге ие болу үшін ғылым әлі «өсуі» керек. Әдістемелік көзқарас тұрғысынан, қайшылықты мәселенің туу себебі бұрынғы таным әдістерінің жаңа фактілерді түсіндіруге қабілетсіздігінен болады. Сондықтан, мәселені қоюдан алдын толықтай болмаса да оны шешудің жаңа тәсілдерін білген жөн. Мәселені қою үшін алдымен фактілер қажет. Ғылыми факт (жасалған, орын алған) – бұл танымның эмпирикалық деңгейіндегі шынайы құбылыстар мен оқиғалардың көрінісі, сондай-ақ осы білімдердің теориялық деңгейде түсіндірілуі. Теориялық деңгейде жалпыланған фактілердің негізінде анықтамалар, болжамдар, теориялар құрылады. Басқаша айтқанда, фактілер мен теориялық ережелердің арасында диалектикалық өзара байланыс бар. Нақты білімге эмпирикалық әдіспен қол жеткізуге болады. Алайда, мәселені шешу үшін бір ғана факт жеткіліксіз. Фактілердің топтастырылуы мен жүйеленуі – ғылыми зерттеудің құрамдас бөлігі. Алынған деректердің ақиқаттығын дәлелдеу де маңызды болып табылады. Білімнің ақиқаттығы – оның ғылыми фактіге айналуы үшін қажетті жағдай, сондықтан факт басты зерттеу объектісі ретінде қабылданады, ол зерттеу үшін қолайлы немесе қолайсыздығына қарамастан түсіндіруді қажет етеді. Фактінің басқа белгілері оның шынайылығына байланысты туындайды. Фактілердің жинақталуы – ғылыми зерттеудің маңызды бөлігі, алайда мәселені шешу үшін бұл жеткіліксіз. Бізді қызықтыратын құбылысты немесе үдерісті сипаттайтын және түсіндіретін білім жүйесі қажет. Сонымен, ғылыми зерттеу мәселені қоюдан басталады. Мәселенің шешілуі оның әрі қарай тереңірек зерттелуіне және өңделуіне алып барады, бұл үдеріс болжам жасаумен және теорияны дәлелдеумен аяқталады. Ғылыми зерттеуді жүргізуге түрті болатын нәрсе – идея. Ол жалпы теориялық қағиданы құрады. Бұл қағида құбылыстардың мәнін пікірталассыз, қорытынды жасауға негіз болатын сілтемелерсіз түсіндіреді. Принцип – зерттелетін жүйенің жалпы және маңызды өлшемі, ол формалар мен әдістерге, тіпті зерттеу нәтижелеріне белгілі бір шектеулер орнатады. Мысалы үшін, себептілік принципі жалпылама сипатқа ие, сондықтан оны теріске шығаратын теория шынайы ғылыми теория бола алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, себептілік принципі теориялық жүйені шектейді. Ғылыми идея жорамал түрінде көпшілікке ұсынылады. Жорамал – тексеруді және нақтылауды қажет ететін ғылыми болжам, ғылыми білімнің бұл формасына күрделілік және дерексіздік тән. Гипотеза екі сатыдан тұрады: қандай да бір болжамды ұсыну және оны логикалық және тәжірибелік тұрғыда дәлелдеу. Қарапайым болжамнан гипотезаның бірқатар айырмашылығы бар. Гипотезаға тән белгілер: болжамды жасауға негіз болған фактілерге сәйкестік; бақыланушылық; құбылыстардың кең қатарына жарамды; салыстырмалы түрде қарапайым. Гипотезалар қандай да бір құбылыстарды немесе көзқарастар жүйесін түсіну және түсіндіру тәсілдерінен тұратын тұжырымдардың аясында ұсынылады. Әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық ғылымдардағы гипотезаның шынайылығын көрсететін өлшемдер кең тараған ережелерге (іргелі ғылымдарда осылай) емес, статистикалық мәліметтерге сүйенеді; физика мен математикада көбіне сәйкестік принципі қолданылады, алайда математикалық модельдер де (компьютерлік немесе есептеуіш эксперимент) пайдаланылады; жаратылыстану ғылымдарында, географияда және бірқатар басқа ғылымдарда ойша немесе тәжірибелік эксперимент пайдаланылады. Тексерілген және дәлелденген гипотеза сенімді ақиқаттардың қатарына өтіп, ғылыми теорияға, яғни ғылыми білімнің неғұрлым дамыған, толық жүйесіне айналады. Білімнің бұл формасына эволюциялық теорияны, тірі ағзалардың құрылымының жасушалық теориясы, электромагниттік теория және басқаларды жатқызуға болады. Әрбір ғылым ғылыми теорияларды өзіне тән әдіспен топтастырады және типологиясын жасайды, олардың феноменологиялық, аналитикалық, детерминистік, позитивті, нормативті түрлері, микро және макротеориялар және т.б. бар. Ғылыми теория білімнің толық жүйесі ретінде жаратылыстың материалдық және кемшіліксіз заттары мен құбылыстарының, үдерістерінің пайда болуын, қызмет етуін және дамуын түсіндіреді. Ғылыми теорияның құрамдас бөліктеріне мыналар жатады: бастапқы эмпирикалық негіз, зерттеу пәні; тіл (табиғи немесе жасанды, символдық); эмпирикалық шындықтан жалпы, мәнді, заңды теорияға өтуге мүмкіндік беретін құралдар; болмысты қайта құруға мүмкіндік беретін ережелердің, қағидалар мен логикалық амалдардың жиынтығы. Теорияның басты элементі – кемшіліксіз деп танылған объект, ол – зерттеу пәндерінің маңызды қасиеттері мен байланыстарының абстрактілі моделі болып табылады. Идеалдандырылған объектілердің көп типтері болатыны секілді, теориялардың да көптеген түрі бар: сипаттамалы, математикалық, дедуктивті және индуктивті; іргелі және қолданбалы; ресми және мағыналы; «ашық» және «жабық»; түсіндіруші және сипаттаушы (феноменологиялық); физикалық, химиялық, психикалық және т.б. Теория бірқатар қызметтерді атқарады. Ол сенімді білімдерді, оқшау фактілерді тұтас жүйеге біріктіреді. Құбылыстар мен заттардың себептік байланыстары мен өзара тәуелділіктерін талдайды және түсіндіреді. Осының негізінде олардың болашағын болжайды.Теория нақты фактілердің түсінігін нақтылайды және жеңілдетеді. Теория базасында зерттеу қызметінің көпжақты әдістері, тәсілдері мен амалдары құрылады. Алайда теорияның басты қызметі оларды тәжірибеде іске асыру. Теория жүзеге асырылуы үшін заттанып, адамдардың әрекеттерін басқаруы тиіс. Теорияның тәжірибеде іске асырылуы – бұл бір уақытта болатын әрекет емес, ол іске асырылған теориялық ережелердің орнына жаңа, жетілген ережелердің құрылу үдерісі. Табиғи және қоғамдық ортаны сипаттайтын көпшілік теориялар әлемнің бірыңғай ғылыми бейнесін құрады. Ғылыми танымның басты формалары осындай. Идеалдар, ғылыми зерттеудің нормалары, аксиомалар, жорамалдар мен қарама-қайшылықтар секілді басқа да формалар бар. Ғылыми танымның формалары өзара тығыз байланыста. 5.2 Философия мен ғылымдағы шындық мәселесі, ғылыми шындық өлшемдері Әлемді тану және біздің әлем туралы білімдеріміздің шынайылығы – маңызды философиялық мәселелердің бірі болып табылады. Ол гносеологияның іргелі сауалы болып табылатын – «Ақиқат не?» деген мәселені қарастырады. Философия тарихында ақиқатқа деген қатынас қоғамда басымдылыққа ие салаларға байланысты түбегейлі өзгеріп отырды. Антик философиясында ақиқат білімдердің заттарға сәйкес келуі ретінде түсінілді; заманауи классикалық философияда ақиқат «бейненің айнадай теориясының» аясында қарастырылды, ол объективті шындықтың таным субъектісі арқылы көрініс беруі деп түсіндірілді; сөзсіз ақиқатқа жақындауға арналған шексіз қайшылықты үдеріс ретінде қабылданды. ХХ ғасырдың классикалық емес философиясында ақиқат ұғымы деонтологизацияға ұшырады. Оған объективті статус берілмеді. Ақиқатқа екінші дәрежелі немесе субъективті ұғым ретінде анықтама берілді. С. Кьеркегор бойынша, ақиқат – бұл тұлғаның психикалық күйінің формасы; герменевтика мен өмір философиясында ақиқат тілдік шындықтың элементі ретінде түсіндіріліп, тілдік қатардағы феноменге дейін апарылды. Басқаша айтқанда, классикалық емес философияда ақиқат мәселесі түсіндіру мәселесіне алмасады. Постмодернизмнің философиялық кеңістігінде осы мәселе бойынша және бір үлкен «теориялық қозғалыс» орын алды: классикалық философияның басты гносеологиялық және құндылықтық категориясы – ақиқаттың беделі түсті, яғни субъект-объект қатынастарынан және танымның бинарлық теориясынан бас тартылып, когнитивті үдеріс сәйкес деп түсінілді. Дау ақиқаттың айналасында ғана туып отырған жоқ, сондай-ақ объективтіліктің табиғаты туралы идеялар төңірегінде де пікірталастар орын алды. Ақиқат объективті болуы тиіс пе? Немесе ол «индифферентті бақылаушының немқұрайлы көзқарасына» және «қатысушының ықпалына» тәуелді ме? Мұндай амал ақиқатты іздеуге емес, «ақиқат ойынына», ақиқат деп қабылданатын заттардың «көшірмесін көшіруге» (симулякр) бағытталған (Бодрийар), ол білімдегі шынайы болуы мүмкін заттарға емес, «ақиқат ойындарын» талдауға бағдарланған. Басқаша айтқанда, постмодернизм тұрғысынан, ақиқатты табу үшін таным үдерісінде бұрмалау ойынын іске қосу қажет, осы арқылы ақиқат пен жалғанның айырмашылығын табуға болады (Фуко). Біздің әрқайсысымыздың түсінігіміздегі ғылым – қоршаған орта туралы білім іздеу құралы. Сондықтан, ғылым эпистемологиясының (таным теориясы) басты міндеті – бұл, алынған білімнің объективті болмысқа сәйкестігінен туатын ақиқатты іздеу. Ақиқатқа берілген классикалық анықтамадан келіп шығып, ғылым эпистемологиясы ғылыми білімнің табиғатын, оның құрылымын, пайда болуы мен дамуын талдайды. Бұл ретте басты мәселе ретінде ақиқат мәселесі қала береді. Қазіргі уақытта ақиқатты әр түрлі көзқарас тұрғысынан түсіндіруге болады, мысалы: семантикалық, когерентті (келісілген), шындыққа жақындығы немесе қайшылықсыздығы, логикалық негізделуі немесе фактілерге сәйкестігі тұрғысынан. Санамалай берсек өте көп. Мұның барлығының ақиқат феноменін сипаттауға қатысы бар. Бұл ұғымның осыншалықты көпжақты түсіндірмелерінің болу себебі, қазіргі ғылымда ақиқаттың өлшемдері ретінде «ойлауға немесе санаға байланысты» субъективті факторлар алынды. Ғылымның классикалық гносеологиясы тұрғысынан, таным және оның нәтижелері мен таным объектісі адамдардың тәжірибелік қызметімен үздіксіз байланысты. Қоғамдық-тарихи тәжірибе – бұл ғылыми білімнің шынайылығының басты өлшемдерінің бірі, басты мақсат (объект). Бұл тұрғыдан алғанда, ақиқат толық емес білімнен толық білімге өтудің күрделі, қайшылыққа толы, шексіз үдерісі болып табылады. Ежелгі замандардан бері қазірге дейін зерттеушілер тарапынан қолданыс тауып отырған ақиқат туралы классикалық тұжырым бойынша, ақиқат табиғатынан көпжақты болып табылады. Оның құрамына объективті шындық (адамға тәуелсіз білім), салыстырмалы шындық (қоғам дамуының белгілі бір деңгейіне сәйкес келетін толық емес білім), абсолюттік шындық (ешқашан теріске шығарылмаған бір нәрсе туралы нақты білім) жатады. Ғылыми танымның өз деңгейлері, формалары мен әдістері бар. Ол әдеттегі танымнан бірқатар белгілері бойынша ерекшеленеді. Ғылыми танымға білімдерді жалпылаудың жоғарғы деңгейі; оңтайлылық, қайшылықсыздық, жүйелілік, дәлелденушілік; жақсы дамыған категориялық аппарат (бұл ғылым тілі) тән. Таным жүйесінің екі сатысы бар, олар – сезімдік таным және ұтымды ойлау, сондай-ақ оның екі деңгейі – эмпирикалық және теориялық деңгейлер. Сезімдік таным – бұл танымның бастапқы сатысы, ол субъект пен объектінің тікелей қарым-қатынасында орын алады. Заттың қайта-қайта қабылдануы салдарынан, ол жеке адамның санасында сақталып қалуы мүмкін. Сезімдік танымның ең жоғарғы дәрежесі – елестету, ойлау. Алайда, сезімдер құбылыстардың бет жағындағыларды байқайды. Олар заттардың мәнін ашпайды. Сезім арқылы қабылданған деректердің нәтижелері ұғымдар, пайымдар мен ой қорытындыларының көмегімен біздің санамызда тіркеліп, қайта өңделеді. Ұғым – зат немесе үдерістің ішкі, мәнді белгілері жинақталған ой формасы. Құбылыстардың байланысы мен өзара тәуелділігін көрсету үшін ұғымдар өзара байланысты болуы қажет. Мұндай байланыс абстрактілі ойлаудың басқа бір формасы – пайымдауды тудырады. Пайымдау – бұл логикалық ойлаудың формасы, мұнда таным объектісіне қатысты қандай да бір нәрсе расталады немесе теріске шығарылады. Бірнеше пайымдардың біріктірілуі абстрактілі ойлаудың үшінші формасы – ой қорытындысын тудырады. Ой қорытындысы – бірнеше пайымдардан мәнді және қажетті байланыстардың негізінде жаратылыс туралы жаңа білімді қамтитын жаңа ой туатын логикалық үдеріс. Сонымен, таным үдерісі сезімдік және ұтымды формалардың жиынтығына негізделген. Олар өзара байланыста: бір-бірін қажет етеді және толықтырады. Адам санасында сезімдік таным формасы рационалды таныммен түйрелген, ал рационалды – сезімдік таныммен. Таным формаларының бірін абсолюттендіріп, басқасын орынды бағаламау ақыр аяғында логикалық қателікке алып келеді, бұл мысалы үшін, сенсуализм мен рационализмде орын алды. Таным үдерісінде ұтымды операциялармен қатар ұтымды емес операциялар да орын алады. Мысалы үшін, шығармашылықтың ең маңызды механизмдерінің бірі түйсік болып табылады. Түйсік – білімсіздіктен білімге сапалы секіріс жасаудың ерекше формасы, ой қозғалысының сатылылығын үзу, адамның логикалық және психикалық ойлау механизмдерін үйлестіру, бастапқы деректерден нәтижеге қарай секіріс. Түйсіктің басты сипаттарына ойлау үдерісінің тұтқиылдығы және аңдаусыздығы жатады. Алайда, түйсікте құпиялы ешнәрсе жоқ. Түйсік ойлаудың ерекше, «үшінші формасы» болып табылмайды, ол танымдағы сезім мен логиканың ішкі құрылымын білдіреді. Оның негізгі алғышарттары ретінде бірнеше факторларды атап өтуге болады: адамның белгілі бір салада қызметтік тәжірибесінің болуы; бай деректі материалдар жинағының болуы; шығармашылық ойлау қабілетінің жетілгендігі; күрделі мәселенің пайда болуы; белгілі бір салада дарынның болуы. Сонымен, таным – бұл күрделі диалектикалық үдеріс, ол өзінің дамуы барысында қарапайым сезінуден күрделі ғылыми теорияларға дейінгі ұзақ жолды жүріп өтеді. Оның негізінде теория мен тәжірибенің, сезімдік және рационалдының бірлігі, білімнің құбылыстан мәнге дейін сатылай тереңдеуі, бірінші дәрежедегі мәннен екінші дәрежелі мәнге өтуі және т.б.Танымның жоғарғы деңгейі – логикалық, теориялық білім. Таным нәтижелерін тәжірибеде ұтымды пайдалану үшін алынған білім сенімді, яғни ақиқат болуы қажет. Сондықтан, ақиқат мәселесі таным теориясындағы маңызды мәселелердің бірі. Әдетте, ақиқат ретінде адам ойында дәлме-дәл көрініс тапқан ақиқатты түсінеміз. Басқаша айтқанда, ақиқат дегеніміз біздің зат туралы біліміміздің сол затқа сәйкес келуі (тең болуы, эквиваленттілігі). Ежелден-ақ, күнделікті сөз қолданысы ақиқатты іздейтін, иелік етуге болатын зат ретінде қарастырады. Шындығында, ақиқат (немесе жалған) белгілі бір объектіге мән үстейтін (денотат) қасиетке ие болады. Қазіргі эпистемологияда ақиқат теориясының кең тараған үш түрі бар: корреспонденция теориясы, когеренция теориясы және коммуникатив-тік-прагматикалық теория. Корреспонденция теориясы (немесе сәйкестік теориясы) бойынша, зат туралы білім сол затқа сәйкес келгенде ғана шынайы болып саналады. Когеренция теориясы бойынша, шын білім қайшылықсыз және білім жүйесінің барлық элементтерімен үйлесімділікте болып табылады. Коммуникативті-прагматикалық теория құбылысты түсіндіріп, болашағын болжайтын және болжамдарды өз қызметіне тиімді пайдаланатын кез келген білімді ақиқат деп санайды. Корреспонденция теориясына қарсы дәлелдерге сүйенсек, шынайы ұқсастыққа негізделмеген сәйкестік тек конвенционалды болып табылады, алайда, ой мен зат немесе ой мен әрекет секілді әр типтес феномендерді қалайша ұқсатуға болады деген сұрақ туады. Үйлесімді білім жүйесіндегі ішкі элементтер әлемнің кейбір құбылыстарымен сәйкеспей қалуы мүмкін, осы тұста когеренция теориясына қарсы дау тууы мүмкін. Себебі, кейде білімдердің өзара үйлесімділігінің логикасы білімдердің ұқсастығының қисынына қайшы келеді. «Пайда әкелетін» қателіктер ақиқат ретінде танылуы мүмкін, алайда мұндай қателіктер кез келген уақытта пайдалы болудан қалады, осы кезде ақиқат өз деңгейін сақтап қала алмайды, осы уақытта прагматикалық теорияға қарсы пікірлер туады. Прагматиктер ақиқатқа берілген классикалық анықтамадан бас тартты, олар «ақиқат – жалған» ұғымдарын «сенім – күмән» ұғымымен алмастыруды ұсынды. Сенім – адамның тікелей (сезімдік бейнелер) немесе қосымша құралдардың көмегімен (әңгіме, ақпарат) алған білімді ешқандай дәлелсіз ақиқат деп қабылдауы. Адам пікірлерге қарағанда, өз сезімдеріне көбірек сенеді. Ол басқалардың ойлары мен әңгімелеріне көп сенім білдіре бермейді. Алайда барлық білімді тәжірибеде сынап көру мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, адам екінші, үшінші типтегі білімдерді пайдалануға мәжбүр. Көбіне білімнің бұл үш түрі бір-біріне қайшы келеді, сондай-ақ түрлі ақпарат көздерінен алынған білімдер де сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан, адам білім алудың кейбір көздеріне басымдылық беріп, оларды басқалармен салыстырғанда сенімді деп қабылдайды. Діни сенімнің жағдайы мүлдем бөлек. Белгілі бір діндердің әрқайсысындағы діни дәстүрлер әр түрлі болып келеді, осыған қарамастан сенімнің әр түрлі модельдерін біріктіретін жалғыз себеп, ол – «белгілі бір нәрсеге деген сенім». Діни сенім белгілі бір «интеллектуалдық өлшемге» ие, өйткені ол болмыстың табиғатына қатысты кейбір ақиқатты мойындауға негізделеді. Сенім негізінде қабылданған білімнің басқа білімдерден айырмашылығы, мұнда ақиқатты тану үдерісіне адамның еркі қатысады. Сенімділік мәселесі теориялық ережелерге қатысты емес, ол мағынаның дұрыстығына байланысты. Философия тарихындағы мәңгі бітпес дау – бұл бізден тыс сыртқы әлемнің бар екендігін дәлелдеу мәселесі. Реалистер мен олардың қарсыластарының (олар әр уақыттарда скептиктер, агностиктер және солипсистер деп аталды) арасындағы пікірталас бірде күшейіп, бірде бәсеңдеп отырды. Білім алу көздерінің сенімділігіне байланысты сенімнің түрлерін бөліп көрсетуге болады: өмірлік тәжірибе мен дұрыс мағына сезім органдары арқылы алынған тікелей білім ғана сенімге лайық екендігін көрсетеді, ал басқа білімдерге күмәнмен қарау қажет; сол өмірлік тәжірибе адамды қоғам тарапынан мақұлданған ақпарат көздеріне сенуге шақырады, себебі бұлардың орнын дәстүр және қоғамдық пікір бекіткен; сонымен қатар, ақыл да елеулі рөл атқарады, ол білімді барлығына белгілі дәлелдер жүйесіне сүйеніп қабылдайды. Мұны Батыстың интеллектуалды элитасы қалыптастырды, алайда басқа мәдениеттерде де көрініс береді; діни таным білімнің алудың басты көзі ретінде тікелей жұмбақ тәжірибені алға тартты. Заманауи материализм, оның ішінде диалектикалық материализм бойынша ақиқат дегеніміз объектінің субъект санасындағы барабар көрінісі. Басқаша айтқанда, оның формасы субъективті болғанымен, мазмұны жағынан объективті. Танымның материалистік теориясы ақиқаттың дәстүрлі тұжырымдамасын нақтылай түседі, ол «объективті шындық», «субъективті шындық», «абсолюттік шындық», «салыстырмалы шындық», «шындықтың нақтылығы» ұғымдарының өзара байланысын ашып көрсетеді. Объективті шындық – бұл болмыс туралы адамның білімдері, ол субъектіге де, адамға да, қоғамға да тәуелсіз. Таным үдерісінде ақиқаттың субъективтілігін есепке алу тиіс, себебі шынайы білім барлық уақытта белгілі бір субъектіге – жеке тұлғаға, әлеуметтік топқа, адам атаулыға тиесілі. Ақиқатты дайын, өзгермейтін білім ретінде түсінуге болмайды. Объектінің әр қырын жан-жақты ашу арқылы оған жақындай түсу үдерісі ақиқат болып саналады, осылай объект туралы ақиқатқа жетуге мүмкін болады. Таным дамуының қандай да бір нақты-тарихи деңгейінде анықталған білім салыстырмалы түрде шынайы болып табылады. Салыстырмалы шындық – бұл болмыс туралы дұрыс, бірақ толық емес білім, ол болмыстың жан-жақты, толық бейнесін бермейді. Абсолюттік шындық – бұл субъектінің санасындағы объект туралы толық, нақты, жан-жақты түсінік; кеңірек айтқанда, бүкіл әлем туралы абсолютті білім. Бұл тұрғыдан, абсолюттік шындық – ғылыми таным жетуге ұмтылатын, алайда ешқашан қол жеткізбейтін идеал болып табылады. Тар мағынасында, абсолюттік шындық – болмыстың жеке құбылыстары туралы толықтай және нақты білім, бұл мағынада ол қол жеткізілген білімнің элементі болып табылады. «Таза» күйдегі абсолюттік шындық та, салыстырмалы шындық та жоқ. Бір ғана ақиқат бар – ол мағынасы жағынан объективті; абсолютті және салыстырмалы шындықтың диалектикалық бірлігі ретінде танылады, бұл дегеніміз белгілі бір салыстырмалы шегараға ие абсолютті шындық. Абсолюттілік пен қатыстылық – бұлар объективті шындықтың қажетті екі қасиет. Абсолюттік және салыстырмалы ақиқатты талдаудан ақиқаттың нақтылығы туралы ілім келіп шығады. Нақты шындық – бұл белгілі бір құбылыстардың мәнін және олардың нақты даму жағдайларын көрсететін ақиқат. Егер «объективті шындық» болмыс туралы сенімді ақиқат болса, «салыстырмалы және абсолюттік шындық» – ақиқатты тану үдерісі болып табылады, ал «шындықтың нақтылығы» түсінігі алынған білімдерді тәжірибеде қолдану мүмкіндігін білдіреді. Сонымен, дерексіз ақиқат жоқ, ақиқат барлық уақытта нақты. Ақиқат – объективті әлемнің субъективті бейнесі, ол абсолютті мен салыстырмалының, объективті мен субъективтінің бірлігі. Танымның табиғатына, сипаты мен мақсаттарына шектеу қойылмаған, ол әлемнің объективті және нақты бейнесін көрсетеді. Алайда, ақиқат барлық уақытта нақты, яғни тарихи шартталған, оның белгілі бір қолданылу аясы бар. Өзінің нақты мазмұны мен қол жеткізген жетістіктері болғаны үшін ол шектеулі және салыстырмалы болып табылады. Ақиқатты тану үдерісі – шындықты анықтаудағы адам мүмкіндіктерінің шектеулілігін жеңуге қарсы күрес. Әдебиеттер: Гадамер Г.-Г. Истина и метод. – М., 1998. Касавин И.Т. Познание в мире традиций. – М., 1990. Айдинян В.Ф. Система понятий и принципов гносеологии. – Л., 1991. Кохановский В.П., Лешкевич Т.Б. Философия науки в вопросах и ответах. – Ростов-на-Дону, 2006. 6 БӨЛІМ 5 БӨЛІМ ҒЫЛЫМИ БІЛІМНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ 5.1 Ғылымдағы теориялық және эмпирикалық деңгейлер Зерттеу барысында алынатын білімдерді ғылымнан тыс, ғылыми емес және ғылыми деп бөлу қалыптасқан. Ғылыми білім – бұл нақты, логикалық жағынан қайшылыққа толы емес білім. Оның ғылымилығының басты өлшемі білімнің объективті-шынайы мазмұнының өсуі болады. Бұл оның шынайылыққа сәйкестік деңгейін көрсетеді. Мұны арнайы құралдар мен таным әдістерінің көмегімен тексеруге болады. Гносеология – таным теориясы тұрғысынан алғанда ғылыми танымның екі түрі, екі басты деңгейі ажыратылып көрсетіледі, олар эмпирикалық және теориялық. Олар өзара бір-бірінен толықтығы, тереңдігі және объектіні жан-жақты қамту, білімді алу тәсілі, зерттеу әдістері мен амалдары, таным формалары (елестету, қабылдау, сезіну – сезімдік деңгейде; ой қортыу, пайымдау, түсіну – оңтайлы деңгейде) бойынша ажыратылады. Танымның эмпирикалық және теориялық деңгейлері бір-бірімен тығыз байланысты. Эмпирикалық таным барысында, яғни бақылаудан экспериментке дейін теориялық алғышарттардың мәні мен рөлі тоқтаусыз өседі. Экспериментке кіріспес бұрын, зерттеуші оны жоспарлайды, алдына мақсат қояды, бақылау әдістері мен құралдарын ойластырады. Мұның барлығын логиканы, ғылыми ұғымдар мен пікірлерді пайдалана отырып жасайды. Бір сөзбен айтқанда, бір де бір эксперимент теорияның қатысынсыз бастала да, аяқтала да алмайды, ал эмпирикалық зерттеу бақылау мен эксперименттің көмегімен жаңа деректерді анықтай отырып, теориялық танымды ынталандырып, оның алдына едәуір жаңа, күрделі міндеттерді қояды. Екінші жағынан, теориялық таным, тәжірибе жүзінде өзінің жеке мазмұнын дамыта және нақтылай отырып, эмпирикалық таным үшін жаңа, кеңірек көкжиекті ашады да, оны жаңа фактілерге іздеуге бағыттайды, оның әдістерін жетілдіруге мүмкіндік жасайды. Бұл деңгейлердің арасындағы шекара шартты және қозғалмалы. Дамудың белгілі бір нүктелерінде эмпирикалық теориялыққа ауысады және керісінше. Ғылыми зерттеу мәселені қоюдан басталады. Гносеологиялық көзқарас тұрғысынан, мәселе – бұл бір қайшылық, ол бұрынғы білімдер ескіріп, жаратылыс туралы жаңа деректерге сәйкес келмей қалғанда пайда болады. Басқаша айтқанда, мәселе – бұл, адам тарапынан анықталмаған және өз шешімін күтіп отырған түсінік. Мәселелер адамның тәжірибелік қызметінің қажеттіліктерінен өсіп отырады, бұл жаңа білімге алып баратын ерекше баспалдақ. Әдеткі және ғылыми мәселелердің арасында үлкен айырмашылық бар. Нақты мәселені қоюға қажетті және жеткілікті негізге ие болу үшін ғылым әлі «өсуі» керек. Әдістемелік көзқарас тұрғысынан, қайшылықты мәселенің туу себебі бұрынғы таным әдістерінің жаңа фактілерді түсіндіруге қабілетсіздігінен болады. Сондықтан, мәселені қоюдан алдын толықтай болмаса да оны шешудің жаңа тәсілдерін білген жөн. Мәселені қою үшін алдымен фактілер қажет. Ғылыми факт (жасалған, орын алған) – бұл танымның эмпирикалық деңгейіндегі шынайы құбылыстар мен оқиғалардың көрінісі, сондай-ақ осы білімдердің теориялық деңгейде түсіндірілуі. Теориялық деңгейде жалпыланған фактілердің негізінде анықтамалар, болжамдар, теориялар құрылады. Басқаша айтқанда, фактілер мен теориялық ережелердің арасында диалектикалық өзара байланыс бар. Нақты білімге эмпирикалық әдіспен қол жеткізуге болады. Алайда, мәселені шешу үшін бір ғана факт жеткіліксіз. Фактілердің топтастырылуы мен жүйеленуі – ғылыми зерттеудің құрамдас бөлігі. Алынған деректердің ақиқаттығын дәлелдеу де маңызды болып табылады. Білімнің ақиқаттығы – оның ғылыми фактіге айналуы үшін қажетті жағдай, сондықтан факт басты зерттеу объектісі ретінде қабылданады, ол зерттеу үшін қолайлы немесе қолайсыздығына қарамастан түсіндіруді қажет етеді. Фактінің басқа белгілері оның шынайылығына байланысты туындайды. Фактілердің жинақталуы – ғылыми зерттеудің маңызды бөлігі, алайда мәселені шешу үшін бұл жеткіліксіз. Бізді қызықтыратын құбылысты немесе үдерісті сипаттайтын және түсіндіретін білім жүйесі қажет. Сонымен, ғылыми зерттеу мәселені қоюдан басталады. Мәселенің шешілуі оның әрі қарай тереңірек зерттелуіне және өңделуіне алып барады, бұл үдеріс болжам жасаумен және теорияны дәлелдеумен аяқталады. Ғылыми зерттеуді жүргізуге түрті болатын нәрсе – идея. Ол жалпы теориялық қағиданы құрады. Бұл қағида құбылыстардың мәнін пікірталассыз, қорытынды жасауға негіз болатын сілтемелерсіз түсіндіреді. Принцип – зерттелетін жүйенің жалпы және маңызды өлшемі, ол формалар мен әдістерге, тіпті зерттеу нәтижелеріне белгілі бір шектеулер орнатады. Мысалы үшін, себептілік принципі жалпылама сипатқа ие, сондықтан оны теріске шығаратын теория шынайы ғылыми теория бола алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, себептілік принципі теориялық жүйені шектейді. Ғылыми идея жорамал түрінде көпшілікке ұсынылады. Жорамал – тексеруді және нақтылауды қажет ететін ғылыми болжам, ғылыми білімнің бұл формасына күрделілік және дерексіздік тән. Гипотеза екі сатыдан тұрады: қандай да бір болжамды ұсыну және оны логикалық және тәжірибелік тұрғыда дәлелдеу. Қарапайым болжамнан гипотезаның бірқатар айырмашылығы бар. Гипотезаға тән белгілер: болжамды жасауға негіз болған фактілерге сәйкестік; бақыланушылық; құбылыстардың кең қатарына жарамды; салыстырмалы түрде қарапайым. Гипотезалар қандай да бір құбылыстарды немесе көзқарастар жүйесін түсіну және түсіндіру тәсілдерінен тұратын тұжырымдардың аясында ұсынылады. Әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық ғылымдардағы гипотезаның шынайылығын көрсететін өлшемдер кең тараған ережелерге (іргелі ғылымдарда осылай) емес, статистикалық мәліметтерге сүйенеді; физика мен математикада көбіне сәйкестік принципі қолданылады, алайда математикалық модельдер де (компьютерлік немесе есептеуіш эксперимент) пайдаланылады; жаратылыстану ғылымдарында, географияда және бірқатар басқа ғылымдарда ойша немесе тәжірибелік эксперимент пайдаланылады. Тексерілген және дәлелденген гипотеза сенімді ақиқаттардың қатарына өтіп, ғылыми теорияға, яғни ғылыми білімнің неғұрлым дамыған, толық жүйесіне айналады. Білімнің бұл формасына эволюциялық теорияны, тірі ағзалардың құрылымының жасушалық теориясы, электромагниттік теория және басқаларды жатқызуға болады. Әрбір ғылым ғылыми теорияларды өзіне тән әдіспен топтастырады және типологиясын жасайды, олардың феноменологиялық, аналитикалық, детерминистік, позитивті, нормативті түрлері, микро және макротеориялар және т.б. бар. Ғылыми теория білімнің толық жүйесі ретінде жаратылыстың материалдық және кемшіліксіз заттары мен құбылыстарының, үдерістерінің пайда болуын, қызмет етуін және дамуын түсіндіреді. Ғылыми теорияның құрамдас бөліктеріне мыналар жатады: бастапқы эмпирикалық негіз, зерттеу пәні; тіл (табиғи немесе жасанды, символдық); эмпирикалық шындықтан жалпы, мәнді, заңды теорияға өтуге мүмкіндік беретін құралдар; болмысты қайта құруға мүмкіндік беретін ережелердің, қағидалар мен логикалық амалдардың жиынтығы. Теорияның басты элементі – кемшіліксіз деп танылған объект, ол – зерттеу пәндерінің маңызды қасиеттері мен байланыстарының абстрактілі моделі болып табылады. Идеалдандырылған объектілердің көп типтері болатыны секілді, теориялардың да көптеген түрі бар: сипаттамалы, математикалық, дедуктивті және индуктивті; іргелі және қолданбалы; ресми және мағыналы; «ашық» және «жабық»; түсіндіруші және сипаттаушы (феноменологиялық); физикалық, химиялық, психикалық және т.б. Теория бірқатар қызметтерді атқарады. Ол сенімді білімдерді, оқшау фактілерді тұтас жүйеге біріктіреді. Құбылыстар мен заттардың себептік байланыстары мен өзара тәуелділіктерін талдайды және түсіндіреді. Осының негізінде олардың болашағын болжайды.Теория нақты фактілердің түсінігін нақтылайды және жеңілдетеді. Теория базасында зерттеу қызметінің көпжақты әдістері, тәсілдері мен амалдары құрылады. Алайда теорияның басты қызметі оларды тәжірибеде іске асыру. Теория жүзеге асырылуы үшін заттанып, адамдардың әрекеттерін басқаруы тиіс. Теорияның тәжірибеде іске асырылуы – бұл бір уақытта болатын әрекет емес, ол іске асырылған теориялық ережелердің орнына жаңа, жетілген ережелердің құрылу үдерісі. Табиғи және қоғамдық ортаны сипаттайтын көпшілік теориялар әлемнің бірыңғай ғылыми бейнесін құрады. Ғылыми танымның басты формалары осындай. Идеалдар, ғылыми зерттеудің нормалары, аксиомалар, жорамалдар мен қарама-қайшылықтар секілді басқа да формалар бар. Ғылыми танымның формалары өзара тығыз байланыста. 5.2 Философия мен ғылымдағы шындық мәселесі, ғылыми шындық өлшемдері Әлемді тану және біздің әлем туралы білімдеріміздің шынайылығы – маңызды философиялық мәселелердің бірі болып табылады. Ол гносеологияның іргелі сауалы болып табылатын – «Ақиқат не?» деген мәселені қарастырады. Философия тарихында ақиқатқа деген қатынас қоғамда басымдылыққа ие салаларға байланысты түбегейлі өзгеріп отырды. Антик философиясында ақиқат білімдердің заттарға сәйкес келуі ретінде түсінілді; заманауи классикалық философияда ақиқат «бейненің айнадай теориясының» аясында қарастырылды, ол объективті шындықтың таным субъектісі арқылы көрініс беруі деп түсіндірілді; сөзсіз ақиқатқа жақындауға арналған шексіз қайшылықты үдеріс ретінде қабылданды. ХХ ғасырдың классикалық емес философиясында ақиқат ұғымы деонтологизацияға ұшырады. Оған объективті статус берілмеді. Ақиқатқа екінші дәрежелі немесе субъективті ұғым ретінде анықтама берілді. С. Кьеркегор бойынша, ақиқат – бұл тұлғаның психикалық күйінің формасы; герменевтика мен өмір философиясында ақиқат тілдік шындықтың элементі ретінде түсіндіріліп, тілдік қатардағы феноменге дейін апарылды. Басқаша айтқанда, классикалық емес философияда ақиқат мәселесі түсіндіру мәселесіне алмасады. Постмодернизмнің философиялық кеңістігінде осы мәселе бойынша және бір үлкен «теориялық қозғалыс» орын алды: классикалық философияның басты гносеологиялық және құндылықтық категориясы – ақиқаттың беделі түсті, яғни субъект-объект қатынастарынан және танымның бинарлық теориясынан бас тартылып, когнитивті үдеріс сәйкес деп түсінілді. Дау ақиқаттың айналасында ғана туып отырған жоқ, сондай-ақ объективтіліктің табиғаты туралы идеялар төңірегінде де пікірталастар орын алды. Ақиқат объективті болуы тиіс пе? Немесе ол «индифферентті бақылаушының немқұрайлы көзқарасына» және «қатысушының ықпалына» тәуелді ме? Мұндай амал ақиқатты іздеуге емес, «ақиқат ойынына», ақиқат деп қабылданатын заттардың «көшірмесін көшіруге» (симулякр) бағытталған (Бодрийар), ол білімдегі шынайы болуы мүмкін заттарға емес, «ақиқат ойындарын» талдауға бағдарланған. Басқаша айтқанда, постмодернизм тұрғысынан, ақиқатты табу үшін таным үдерісінде бұрмалау ойынын іске қосу қажет, осы арқылы ақиқат пен жалғанның айырмашылығын табуға болады (Фуко). Біздің әрқайсысымыздың түсінігіміздегі ғылым – қоршаған орта туралы білім іздеу құралы. Сондықтан, ғылым эпистемологиясының (таным теориясы) басты міндеті – бұл, алынған білімнің объективті болмысқа сәйкестігінен туатын ақиқатты іздеу. Ақиқатқа берілген классикалық анықтамадан келіп шығып, ғылым эпистемологиясы ғылыми білімнің табиғатын, оның құрылымын, пайда болуы мен дамуын талдайды. Бұл ретте басты мәселе ретінде ақиқат мәселесі қала береді. Қазіргі уақытта ақиқатты әр түрлі көзқарас тұрғысынан түсіндіруге болады, мысалы: семантикалық, когерентті (келісілген), шындыққа жақындығы немесе қайшылықсыздығы, логикалық негізделуі немесе фактілерге сәйкестігі тұрғысынан. Санамалай берсек өте көп. Мұның барлығының ақиқат феноменін сипаттауға қатысы бар. Бұл ұғымның осыншалықты көпжақты түсіндірмелерінің болу себебі, қазіргі ғылымда ақиқаттың өлшемдері ретінде «ойлауға немесе санаға байланысты» субъективті факторлар алынды. Ғылымның классикалық гносеологиясы тұрғысынан, таным және оның нәтижелері мен таным объектісі адамдардың тәжірибелік қызметімен үздіксіз байланысты. Қоғамдық-тарихи тәжірибе – бұл ғылыми білімнің шынайылығының басты өлшемдерінің бірі, басты мақсат (объект). Бұл тұрғыдан алғанда, ақиқат толық емес білімнен толық білімге өтудің күрделі, қайшылыққа толы, шексіз үдерісі болып табылады. Ежелгі замандардан бері қазірге дейін зерттеушілер тарапынан қолданыс тауып отырған ақиқат туралы классикалық тұжырым бойынша, ақиқат табиғатынан көпжақты болып табылады. Оның құрамына объективті шындық (адамға тәуелсіз білім), салыстырмалы шындық (қоғам дамуының белгілі бір деңгейіне сәйкес келетін толық емес білім), абсолюттік шындық (ешқашан теріске шығарылмаған бір нәрсе туралы нақты білім) жатады. Ғылыми танымның өз деңгейлері, формалары мен әдістері бар. Ол әдеттегі танымнан бірқатар белгілері бойынша ерекшеленеді. Ғылыми танымға білімдерді жалпылаудың жоғарғы деңгейі; оңтайлылық, қайшылықсыздық, жүйелілік, дәлелденушілік; жақсы дамыған категориялық аппарат (бұл ғылым тілі) тән. Таным жүйесінің екі сатысы бар, олар – сезімдік таным және ұтымды ойлау, сондай-ақ оның екі деңгейі – эмпирикалық және теориялық деңгейлер. Сезімдік таным – бұл танымның бастапқы сатысы, ол субъект пен объектінің тікелей қарым-қатынасында орын алады. Заттың қайта-қайта қабылдануы салдарынан, ол жеке адамның санасында сақталып қалуы мүмкін. Сезімдік танымның ең жоғарғы дәрежесі – елестету, ойлау. Алайда, сезімдер құбылыстардың бет жағындағыларды байқайды. Олар заттардың мәнін ашпайды. Сезім арқылы қабылданған деректердің нәтижелері ұғымдар, пайымдар мен ой қорытындыларының көмегімен біздің санамызда тіркеліп, қайта өңделеді. Ұғым – зат немесе үдерістің ішкі, мәнді белгілері жинақталған ой формасы. Құбылыстардың байланысы мен өзара тәуелділігін көрсету үшін ұғымдар өзара байланысты болуы қажет. Мұндай байланыс абстрактілі ойлаудың басқа бір формасы – пайымдауды тудырады. Пайымдау – бұл логикалық ойлаудың формасы, мұнда таным объектісіне қатысты қандай да бір нәрсе расталады немесе теріске шығарылады. Бірнеше пайымдардың біріктірілуі абстрактілі ойлаудың үшінші формасы – ой қорытындысын тудырады. Ой қорытындысы – бірнеше пайымдардан мәнді және қажетті байланыстардың негізінде жаратылыс туралы жаңа білімді қамтитын жаңа ой туатын логикалық үдеріс. Сонымен, таным үдерісі сезімдік және ұтымды формалардың жиынтығына негізделген. Олар өзара байланыста: бір-бірін қажет етеді және толықтырады. Адам санасында сезімдік таным формасы рационалды таныммен түйрелген, ал рационалды – сезімдік таныммен. Таным формаларының бірін абсолюттендіріп, басқасын орынды бағаламау ақыр аяғында логикалық қателікке алып келеді, бұл мысалы үшін, сенсуализм мен рационализмде орын алды. Таным үдерісінде ұтымды операциялармен қатар ұтымды емес операциялар да орын алады. Мысалы үшін, шығармашылықтың ең маңызды механизмдерінің бірі түйсік болып табылады. Түйсік – білімсіздіктен білімге сапалы секіріс жасаудың ерекше формасы, ой қозғалысының сатылылығын үзу, адамның логикалық және психикалық ойлау механизмдерін үйлестіру, бастапқы деректерден нәтижеге қарай секіріс. Түйсіктің басты сипаттарына ойлау үдерісінің тұтқиылдығы және аңдаусыздығы жатады. Алайда, түйсікте құпиялы ешнәрсе жоқ. Түйсік ойлаудың ерекше, «үшінші формасы» болып табылмайды, ол танымдағы сезім мен логиканың ішкі құрылымын білдіреді. Оның негізгі алғышарттары ретінде бірнеше факторларды атап өтуге болады: адамның белгілі бір салада қызметтік тәжірибесінің болуы; бай деректі материалдар жинағының болуы; шығармашылық ойлау қабілетінің жетілгендігі; күрделі мәселенің пайда болуы; белгілі бір салада дарынның болуы. Сонымен, таным – бұл күрделі диалектикалық үдеріс, ол өзінің дамуы барысында қарапайым сезінуден күрделі ғылыми теорияларға дейінгі ұзақ жолды жүріп өтеді. Оның негізінде теория мен тәжірибенің, сезімдік және рационалдының бірлігі, білімнің құбылыстан мәнге дейін сатылай тереңдеуі, бірінші дәрежедегі мәннен екінші дәрежелі мәнге өтуі және т.б.Танымның жоғарғы деңгейі – логикалық, теориялық білім. Таным нәтижелерін тәжірибеде ұтымды пайдалану үшін алынған білім сенімді, яғни ақиқат болуы қажет. Сондықтан, ақиқат мәселесі таным теориясындағы маңызды мәселелердің бірі. Әдетте, ақиқат ретінде адам ойында дәлме-дәл көрініс тапқан ақиқатты түсінеміз. Басқаша айтқанда, ақиқат дегеніміз біздің зат туралы біліміміздің сол затқа сәйкес келуі (тең болуы, эквиваленттілігі). Ежелден-ақ, күнделікті сөз қолданысы ақиқатты іздейтін, иелік етуге болатын зат ретінде қарастырады. Шындығында, ақиқат (немесе жалған) белгілі бір объектіге мән үстейтін (денотат) қасиетке ие болады. Қазіргі эпистемологияда ақиқат теориясының кең тараған үш түрі бар: корреспонденция теориясы, когеренция теориясы және коммуникатив-тік-прагматикалық теория. Корреспонденция теориясы (немесе сәйкестік теориясы) бойынша, зат туралы білім сол затқа сәйкес келгенде ғана шынайы болып саналады. Когеренция теориясы бойынша, шын білім қайшылықсыз және білім жүйесінің барлық элементтерімен үйлесімділікте болып табылады. Коммуникативті-прагматикалық теория құбылысты түсіндіріп, болашағын болжайтын және болжамдарды өз қызметіне тиімді пайдаланатын кез келген білімді ақиқат деп санайды. Корреспонденция теориясына қарсы дәлелдерге сүйенсек, шынайы ұқсастыққа негізделмеген сәйкестік тек конвенционалды болып табылады, алайда, ой мен зат немесе ой мен әрекет секілді әр типтес феномендерді қалайша ұқсатуға болады деген сұрақ туады. Үйлесімді білім жүйесіндегі ішкі элементтер әлемнің кейбір құбылыстарымен сәйкеспей қалуы мүмкін, осы тұста когеренция теориясына қарсы дау тууы мүмкін. Себебі, кейде білімдердің өзара үйлесімділігінің логикасы білімдердің ұқсастығының қисынына қайшы келеді. «Пайда әкелетін» қателіктер ақиқат ретінде танылуы мүмкін, алайда мұндай қателіктер кез келген уақытта пайдалы болудан қалады, осы кезде ақиқат өз деңгейін сақтап қала алмайды, осы уақытта прагматикалық теорияға қарсы пікірлер туады. Прагматиктер ақиқатқа берілген классикалық анықтамадан бас тартты, олар «ақиқат – жалған» ұғымдарын «сенім – күмән» ұғымымен алмастыруды ұсынды. Сенім – адамның тікелей (сезімдік бейнелер) немесе қосымша құралдардың көмегімен (әңгіме, ақпарат) алған білімді ешқандай дәлелсіз ақиқат деп қабылдауы. Адам пікірлерге қарағанда, өз сезімдеріне көбірек сенеді. Ол басқалардың ойлары мен әңгімелеріне көп сенім білдіре бермейді. Алайда барлық білімді тәжірибеде сынап көру мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, адам екінші, үшінші типтегі білімдерді пайдалануға мәжбүр. Көбіне білімнің бұл үш түрі бір-біріне қайшы келеді, сондай-ақ түрлі ақпарат көздерінен алынған білімдер де сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан, адам білім алудың кейбір көздеріне басымдылық беріп, оларды басқалармен салыстырғанда сенімді деп қабылдайды. Діни сенімнің жағдайы мүлдем бөлек. Белгілі бір діндердің әрқайсысындағы діни дәстүрлер әр түрлі болып келеді, осыған қарамастан сенімнің әр түрлі модельдерін біріктіретін жалғыз себеп, ол – «белгілі бір нәрсеге деген сенім». Діни сенім белгілі бір «интеллектуалдық өлшемге» ие, өйткені ол болмыстың табиғатына қатысты кейбір ақиқатты мойындауға негізделеді. Сенім негізінде қабылданған білімнің басқа білімдерден айырмашылығы, мұнда ақиқатты тану үдерісіне адамның еркі қатысады. Сенімділік мәселесі теориялық ережелерге қатысты емес, ол мағынаның дұрыстығына байланысты. Философия тарихындағы мәңгі бітпес дау – бұл бізден тыс сыртқы әлемнің бар екендігін дәлелдеу мәселесі. Реалистер мен олардың қарсыластарының (олар әр уақыттарда скептиктер, агностиктер және солипсистер деп аталды) арасындағы пікірталас бірде күшейіп, бірде бәсеңдеп отырды. Білім алу көздерінің сенімділігіне байланысты сенімнің түрлерін бөліп көрсетуге болады: өмірлік тәжірибе мен дұрыс мағына сезім органдары арқылы алынған тікелей білім ғана сенімге лайық екендігін көрсетеді, ал басқа білімдерге күмәнмен қарау қажет; сол өмірлік тәжірибе адамды қоғам тарапынан мақұлданған ақпарат көздеріне сенуге шақырады, себебі бұлардың орнын дәстүр және қоғамдық пікір бекіткен; сонымен қатар, ақыл да елеулі рөл атқарады, ол білімді барлығына белгілі дәлелдер жүйесіне сүйеніп қабылдайды. Мұны Батыстың интеллектуалды элитасы қалыптастырды, алайда басқа мәдениеттерде де көрініс береді; діни таным білімнің алудың басты көзі ретінде тікелей жұмбақ тәжірибені алға тартты. Заманауи материализм, оның ішінде диалектикалық материализм бойынша ақиқат дегеніміз объектінің субъект санасындағы барабар көрінісі. Басқаша айтқанда, оның формасы субъективті болғанымен, мазмұны жағынан объективті. Танымның материалистік теориясы ақиқаттың дәстүрлі тұжырымдамасын нақтылай түседі, ол «объективті шындық», «субъективті шындық», «абсолюттік шындық», «салыстырмалы шындық», «шындықтың нақтылығы» ұғымдарының өзара байланысын ашып көрсетеді. Объективті шындық – бұл болмыс туралы адамның білімдері, ол субъектіге де, адамға да, қоғамға да тәуелсіз. Таным үдерісінде ақиқаттың субъективтілігін есепке алу тиіс, себебі шынайы білім барлық уақытта белгілі бір субъектіге – жеке тұлғаға, әлеуметтік топқа, адам атаулыға тиесілі. Ақиқатты дайын, өзгермейтін білім ретінде түсінуге болмайды. Объектінің әр қырын жан-жақты ашу арқылы оған жақындай түсу үдерісі ақиқат болып саналады, осылай объект туралы ақиқатқа жетуге мүмкін болады. Таным дамуының қандай да бір нақты-тарихи деңгейінде анықталған білім салыстырмалы түрде шынайы болып табылады. Салыстырмалы шындық – бұл болмыс туралы дұрыс, бірақ толық емес білім, ол болмыстың жан-жақты, толық бейнесін бермейді. Абсолюттік шындық – бұл субъектінің санасындағы объект туралы толық, нақты, жан-жақты түсінік; кеңірек айтқанда, бүкіл әлем туралы абсолютті білім. Бұл тұрғыдан, абсолюттік шындық – ғылыми таным жетуге ұмтылатын, алайда ешқашан қол жеткізбейтін идеал болып табылады. Тар мағынасында, абсолюттік шындық – болмыстың жеке құбылыстары туралы толықтай және нақты білім, бұл мағынада ол қол жеткізілген білімнің элементі болып табылады. «Таза» күйдегі абсолюттік шындық та, салыстырмалы шындық та жоқ. Бір ғана ақиқат бар – ол мағынасы жағынан объективті; абсолютті және салыстырмалы шындықтың диалектикалық бірлігі ретінде танылады, бұл дегеніміз белгілі бір салыстырмалы шегараға ие абсолютті шындық. Абсолюттілік пен қатыстылық – бұлар объективті шындықтың қажетті екі қасиет. Абсолюттік және салыстырмалы ақиқатты талдаудан ақиқаттың нақтылығы туралы ілім келіп шығады. Нақты шындық – бұл белгілі бір құбылыстардың мәнін және олардың нақты даму жағдайларын көрсететін ақиқат. Егер «объективті шындық» болмыс туралы сенімді ақиқат болса, «салыстырмалы және абсолюттік шындық» – ақиқатты тану үдерісі болып табылады, ал «шындықтың нақтылығы» түсінігі алынған білімдерді тәжірибеде қолдану мүмкіндігін білдіреді. Сонымен, дерексіз ақиқат жоқ, ақиқат барлық уақытта нақты. Ақиқат – объективті әлемнің субъективті бейнесі, ол абсолютті мен салыстырмалының, объективті мен субъективтінің бірлігі. Танымның табиғатына, сипаты мен мақсаттарына шектеу қойылмаған, ол әлемнің объективті және нақты бейнесін көрсетеді. Алайда, ақиқат барлық уақытта нақты, яғни тарихи шартталған, оның белгілі бір қолданылу аясы бар. Өзінің нақты мазмұны мен қол жеткізген жетістіктері болғаны үшін ол шектеулі және салыстырмалы болып табылады. Ақиқатты тану үдерісі – шындықты анықтаудағы адам мүмкіндіктерінің шектеулілігін жеңуге қарсы күрес. Әдебиеттер: Гадамер Г.-Г. Истина и метод. – М., 1998. Касавин И.Т. Познание в мире традиций. – М., 1990. Айдинян В.Ф. Система понятий и принципов гносеологии. – Л., 1991. Кохановский В.П., Лешкевич Т.Б. Философия науки в вопросах и ответах. – Ростов-на-Дону, 2006. |