Главная страница
Навигация по странице:

  • 3.2 Э. Махтың ғылым философиясы және оның мектептері

  • Анри Пуанкаре

  • 3.3 Ғылымның неопозитивистік бейнесі

  • «әдебиет жанры»

  • Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде


    Скачать 2.7 Mb.
    Название1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
    АнкорФилософия
    Дата13.12.2022
    Размер2.7 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаtreatise34769.docx
    ТипДокументы
    #842973
    страница6 из 17
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

    Әдебиеттер:

    1. Баткин Л.М. Итальянские гуманисты: стиль жизни, стиль мышления. – М., 1978

    2. Горфункель. Философия. Эпохи Возрождения. – СПб., 1991.

    3. Рутенбург В.И. Титаны возрождения. – СПб., 1991.

    4. Хесле В. Гении философии Нового времени. – М., 1992.

    5. Ильин В.В. Философия Нового времени. – СПб., 1993.

    6. Философия эпохи Возрождения и реформации: хрестоматия. – СПб., 1996. Кн. 2.

    7. Соколов В.В. Европейская философия XV-XVII вв. – М., 1999.


    3 БӨЛІМ

    ҒЫЛЫМНЫҢ ПОЗИТИВИСТІК ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ
    3.1 Позитивизм философиясы: Конт, Спенсер, Милль

    ХІХ ғасырдың аяғына қарай Жаңа заман философиясы ғылымның алға қойған мәселелерін шешуге қабілетсіз болып қалды. Өз уақытында, француз философ-моралисі Ф. Ларошфуко ғылымдағы арзан скептицизм мен соқыр фанатизмге баға бере отырып, философияның ғылымдар жүйесіндегі орнын көрсетті. Ол: «философия – өткен мен болашақтың қиындықтары мен қасіреттерін жеңіп отыр, ал бүгінгінің қасіреті оның үстінен салтанат құрып отыр» дейді. Бұл кезде жаңаеуропалық метафизика ғасырлар шегінде болды.

    Позитивизм (лат. positives – оң) өкілдерінің ойынша, «бұрынғы» философия ғылыми емес, ол шектен тыс ақылды дамытуға арналған. Сондықтан да, ол жаратылыстану және нақты ғылымдар секілді шынайы (тәжірибеде тексерілген) білімге сүйеніп, тәжірибелік пайда әкелуі қажет. Философия тек фактілерді зерттеуі тиіс, ол кез келген бағалаушылық қызметтен босатылып, зерттеу құралдарының ғылыми арсеналын басшылыққа алуы керек.

    Позитивизмнің басты ұстанымдарын осы бағыттың негізін салушы Огюст Конт (1798-1857) «Позитивизм философиясы» курсында жасады. Бұл принциптер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында пайда болған көптеген позитивистік теориялар мен тұжырымдардың жасалуында негіз болды. Позитивизм белгілі бір дәрежеде XVIII ғасырдағы француз Ағартушылық философиясының мұрагері болды. Ағартушы-энциклопедистер секілді Конт шамасы келгенше ғылым мен шексіз сенім культін жариялады, ойлаудың ғылыми әдістері (метафизиканы қосқанда) қолданылатын заттық аймақтың шектеусіздігі туралы мәлімдеді.

    Конт «танымда біз өз тәжірибемізге байланысты әрекет етеміз». Ол ғылым дамуының позитивті сатысы шамамен 1800 жылы басталды деп санайды. «Жаңа» философия жеке ғылымдардың арасындағы байланысты ашып, қолданбалы сипаттағы іргелі емес мәселелермен айналысуы тиіс. Метафизикада бұрын қолданылған әдістер, яғни болмыс негіздерін, заттар мен құбылыстардың арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды іздеу секілді іс-шаралар позитивті ғылымдарға керек емес. Жаңа философия «неге?» деген сауалға емес, «қалай?» деген сауалға жауап бере отырып, құбылыстарды тек сипаттауы қажет.

    Ғылымды философияға қарсы қоя отырып, Конт, ғылым – тәжірибеде қолданылатын позитивті, шынайы білімнің көзі деп мәлімдейді. Білімнің жалпы жүйесі ретінде философия ғылымға керек емес. Ол «синтетикалық» ғылым және жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін қорытындылаумен айналысуы қажет. Ол «әрбір ғылым – өзіне өзі философия» деп жазды. Осы жерден оның «Метафизика жоғалсын, физика жасасын!» деген ұраны мен адам ойын дамытудың «үш саты заңы» (діни, метафизикалық және ғылыми) пайда болады. Ол кейіннен барлық позитивистер тарапынан қолданыс тапты.

    Оның ғылымдарға жасаған классификациясы көп жағдайда энциклопедистер өсиетінің жүзеге асырылуы секілді қарастырылады. Ол ғылымдарды «табиғи иерархия» бойынша бөлді: математика – астрономия – физика – химия – биология – социология. Оның ойынша, осы ғылымдардың арасындағы байланысты ашып беретін «жалпы» ғылымға философия деп атау беруге болады. Алайда, ол дәстүрлі метафизикамен ешқандай ортақтыққа ие болмауы тиіс, себебі олардың зерттеу пәндері мен әдістері әр түрлі.

    О. Конттың өлімінен кейін позитивистік ой орталығы Англияға көшірілді және ең алдымен логик Джон Стюарт Милльдің (1806-1873) атымен байланысты. «Силлогистикалық және индуктивті логика жүйелері» еңбегінде ол ағылшын эмпиризмінің негізін қалаушы Ф. Бэконның индуктивті логикалық әдістерін дамытты. Себебі, эмпиризмнің «біздің барлық біліміміз сезімдік тәжірибеден, сезінуден алынған» деген басты принципі бақылаудың арқасында алған деректеріміз қандай жолмен ғылыми заңдылықтарға айналады деген сауалды тудырады. Оның ойынша, эмпирикалық және теориялық пайымдаулардың арасында қатып қалған айырмашылық жоқ.

    Милль адамның мінез-құлқының механикалық және физикалық түсіндірмесін сынға алады, себебі олар адамның еркіндігі және адамгершілік таңдауымен санаспайды. Милль адамдар барлық нәрседен пайда алады, сол үшін олар адамгершілікпен әрекет етуі қажет, себебі «осылай жасаған әлдеқайда ұтымды» деп мәлімдейді.

    Ағылшын философы және әлеуметтанушысы Герберт Спенсер (1820-1903) «Негізгі бастаулар», «Психология негіздері», «Әлеуметтану негіздері», «Әлеуметтану зерттеу пәні ретінде», «Этика негіздері» секілді бірқатар еңбектердің авторы. Ол Дарвиннен бұрын биологилық әлемде эволюцияның бар екендігін анықтаған және табиғи іріктелу мен табиғат әлеміндегі тіршілікпен күрес принциптерін қалыптастырған. Спенсер қоғам мен табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстарда – ғарыштан, органикалық және бейорганикалық табиғаттан қоғамға дейін эволюция жолынан өтеді деген идеяны таратты. Оны әлеуметтанудағы екі бағыт – «органицизм» мен «эволюционизмнің» негізін қалаушы деуге болады. Бұл бағыттар әлеуметтік прогрессті қоғамдық құбылыстардың дифференциациясы мен интеграциясы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

    Осы әдістердің арқасында Спенсер алғашқылардан болып жүйелердің жалпы теориясын жасады. Құрылымдық-функционалдық және эволюциялық анализ жасау арқылы ол әлеуметтік жүйелердің құрылымы мен қызмет етуінің бірқатар ерекшеліктерін ашты. Яғни, қоғамның едәуір күрделі типтерінің пайда болуына алып келетін даму және құлдырау циклы, интеграция және дифференциация үдерістері.

    3.2 Э. Махтың ғылым философиясы және оның мектептері

    Позитивизмнің екінші тарихи формасы – махизм, эмпириокритицизм (Э. Мах, Р. Авенариус және т.б.) – «таза тәжірибеге» құрылған философиялық жүйе. Басқаша айтқанда, ол, яғни сыни эмпиризм «әлем туралы табиғи түсінікті тудыру» мақсатында ешқандай метафизиканы қолданбай, тәжірибеде алынған деректердің көмегімен философияны шектеуге тырысады. Позитивизмдегі махизм сатысында таным мен тәжірибенің табиғаты; субъект және объект мәселесі; «зат», «субстанция» категорияларының сипаты; болмыстың басты «элементтерінің» табиғаты; физикалық пен психикалықтың өзара қарым-қатынасы және т.с.с. мәселелер қарастырылады.

    Бұл мәселелерді зерттеуде махистер феноменология көзқарасы тұрғысынан қарайды, бұл позитивизмнің Д. Юмның философиясы мен Д.Берклидің субъективті идеализміне жақындығын көрсетеді. Олар «әлем элементтерінің» «бейтарап» сипаты туралы тезисті негіздеді. Махизм материализм мен идеализмнің «метафизикалық» қарама-қарсылықтарын жеңуге тырысты, ол субъективті идеализм және феноменология бағыттарын ұстанды.

    Ғылымда басты категориялар сынып, ғылымның логикалық заңдылықтары тәжірибеде қаншалықты дәлелденген деген сауал туындағанда теорияның абстрактілі ұғымдары мен эмпирикалық деректердің арасындағы байланыс мәселесі алға қойылады. Жаратылыстану ғылымдары саласында революция орын алған ХІХ-ХХ ғасырларда ғылымда осы мәселенің өзектілігі артты. Классикалық физиканың негізгі теориялық түсініктерінің логикалық сипатын талдауда Э. Махтың еңбегі белгілі бір рөл ойнады. Өзінің «Механика» еңбегінде Ньютонның кеңістік пен уақыттың абсолюттілігі туралы ұсынысын сынға алады және салмақ ұғымының, есептеу жүйесінің «логикалық мазмұнын» және т.б. ашуға тырысады.

    Электронның ашылуы Мах пен Авенариусқа «материя жойылды» деп жариялауға негіз болды. Егер басты философиялық түсініктер шынайы болмысқа сәйкес келмейтін жалған болса, онда материя туралы алдыңғы метафизикалық ойлардың қате болғаны, сондықтан ғылымды бос метафизикалық абстракциялардан тазалау қажет. Осыдан келіп шығып, олар «эмпириокритицизмнің материализм мен идеализмнен жоғары тұрғандығын» айтты. Субъективті идеализм тұрғысынан, Мах пен Авенариус заттар мен бізді қоршаған ортаны «адам сезімдерінің кешені» ретінде қарастырады. Олар мұндай қорытындыға локктық бірінші және екінші сапа туралы тұжырымдаманың ықпалымен келген болуы мүмкін. Сапаларды объективті және субъективті деп механикалық, формальды түрде бөлу «әлем біздің сезімдеріміздің кешені» деген қате қорытындыға алып келді. Әлемдегі заттардың түсі де, салмағы да, жылуы да, салқыны да жоқ. Адамдар оларды өздерінің сезу органдары қалай қабылдауға қабілетті болса, солай қабылдайды. Алайда, бұл мәселенің шешілуі сезіну көздері қандай және оларды құру механизмдері қандай деген екі сауалды тудырады. Бұл мәселе махистердің ойына келмеген болатын.

    Таным мәселелерімен айналыса отырып, Мах пен Авенариус, кез келген тәжірибе (эмпирия) – бұл объекті мен субъектінің сипаттамаларының «үйлесуі» деген қорытындыға келді. Басқаша айтқанда, ол «объект» жайлы зерттеушінің субъективті ойлары. Адам ақиқатты сезім арқылы қабылдайды, яғни барлық уақытта субъективті түрде, сондықтан да гносеологияда (таным теориясында): «Субъектісіз объект жоқ және объектісіз субъект жоқ» (Авенариус). Объективті білім қол жетімсіз, себебі әлем «біздің түйсіктеріміздің кешені» болады (Мах). Объект субъект арқылы танылады. Сондықтан, қоршаған ортаны тану адам қатынастарын тәжірибелі түрде зерттеу арқылы ғана мүмкін болады.

    Ғылыми таным теориясын жасай отырып, махистер бірқатар мәселелерді қарастырады: танымның теориялық және эмпирикалық деңгейлерінің табиғаты қандай; танымдағы субъект пен объектінің қатынасы; гносеологиялық категориялардың («зат», «субстанция», «болмыстың басты элементтері») айрықша сипаттары, танымдағы физикалық және психикалық сипаттардың өзара байланысы және т.б. Философиялық эмпиризм тұрғысынан ғылым философиясының негіздерін жасай отырып, олар танымдағы кейбір факторлардың рөлін асыра бағалады және ғылыми дүниетанымды қалыптастыру – философиялық іс емес деп сендірді.

    Танымал француз математигі және физигі Анри Пуанкаре (1854-1912) бірқатар гносеологиялық мәселелер бойынша эмпириокритицизмге жүгінді. Өзінің «Ғылымның құндылығы» (1905) еңбегінде ғылымның дамуы барысында ондағы ең тұрақты қағидалардың өзі күмәнға ұшырап отырады деп жазады. Мысалы үшін, Эйнштейннің ашқан жаңалығы жарықтың жылдамдығы жарық берушінің жылдамдығына қатысты емес екендігін көрсетті. Ньютонның үшінші заңы радио хабар берушіден шығатын энергияның тыныштық күйде болатыны және әрекет пен қарсы әрекет эквиваленттілігіне ие болмайтыны туралы факті дәлелденген соң «босаңси бастады». Евклид геометриясының жалғыз геометриялық жүйе емес екендігі айқындалды. Барлық осындай сәйкессіздіктер ХІХ-ХХ ғасырларда физиканы дағдарысқа ұшыратты.

    Әдеттегі теориялардың аясынан шығып кететін жаңа ғылыми деректер табиғат заңдарын конвенциялар, яғни келісім бойынша қабылданған заңдар ретінде түсіну қажеттілігіне негіз болды. Пуанкаре өзінің таным теориясында: «заң – шартты түрде қабылданған ереже» деп түсіндіреді. Бұл көзқарас «конвенционализм» деген атау алды. Пуанкаре: «бұл конвенциялар біздің рухымыздың еркін әрекетінің туындылары. Ол аталмыш салада ешқандай кедергілерді білмейді және өзі белгілеген бағыт бойынша қабылдауы мүмкін...».

    3.3 Ғылымның неопозитивистік бейнесі

    Позитивизмнің үшінші тарихи формасы – неопозитивизм. Оның басында ХХ ғасырдағы ағылшындық логик және математик Б. Рассел және «Вена үйірмесінің» мүшелері (М.Шлик, Р. Карнап және т.б.) тұрды. Олар логикалық позитивизмнің негіздерін қалады, басты мақсаты ғылым тіліне логикалық анализ жасау болды. Олар логикалық негізделген, «ғылыми» тілмен мазмұндалған, яғни қарапайым және біркелкі тілмен түсіндірілген білімді шынайы білім деп қабылдады.

    Логикалық позитивистер (эмпиристер) – М.Шлик, Р.Карнап, Г.Рейхенбах, Л.Витгенштейн махистердің шектен тыс психологизмі мен биологизміне сыни баға берді. Олар ғылыми дәлелдердің эмпирикалық мәнділігіне қол жеткізді. Философияны табиғи және жасанды тілдерге анализ жасайтын қызмет түрі ретінде қарастырды. Мұндай философия ғылым тілінен тәжірибелік мәні жоқ барлық пікірлер мен «жалған мәселелерді» алып тастауы қажет. Осы арқылы «маңызы бар ойлардың» логикалық модельдерінің құрылуын қамтамасыз етеді. Аналитикалық философия үшін мінсіз «таным құралы» ретінде математикалық логика аппараты саналды. Эксперименталды жолмен тексерілмеген ғылыми пайымдаулар дұрыс емес және ешқандай танымдық құндылығы жоқ. Ғылым тілі «хаттамалық» ұсыныстардың негізінде, яғни ғылыми эксперимент барысында алынған (немесе дәлелденген) фактілер туралы пікірлерден құрылуы тиіс.

    Логикалық эмпиристер верификация принципін негіздеді, ол бойынша егер логика мен тәжірибе арқылы тексерілсе айтылған пікірлердің маңызы бар. Верификация ғалымдарға ғылым тілі мен философияны архаикалық, қайшылықты пайымдардан, «жалған мәселелерден», мәнсіз пікірлер мен шектен тыс жалпылаулардан тазалау үшін қажет. Мысалы үшін, «мән; қайырымдылық; ақиқат; өмір; адам деген не?» секілді біркелкі жауабы жоқ сауалдардан немесе логикасы мен мәні жоқ «метр килограммнан көбірек» деген секілді пайымдаулардан арылу қажет.

    Логикалық позитивистердің айтуынша, субъект эксперимент барысында алған деректері негізінде «оқиға» немесе «фактіні» саналы түрде қабылдағанда ғылыми таным басталады. Осы позитивистік бағыттың ерекшелігі ол объектінің объект теориясымен теңестірді. Бұл объективті әлемнің өмір сүретіндігі туралы мәселені қойып, философиялық таным саласын логикалық тілдің анализімен шектеді.

    Логикалық позитивистер ғылымның басты қисыны – ол ғылымның тілін талдау деп түсіндірді және ол дәстүрлі философиялық онтологияның ғана емес, дәстүрлі гносеологияның да орнын басуы тиіс деп бекітті. Алайда, ғылыми танымның философиялық анализін «қатаң позитивті», «әр түрлі философиялық сілтемелерден азат» ғылым логикасымен алмастыра алмады. «Ғылым тілін» талдау әдісін жасай отырып, олар дәстүрлі гносеологияның әдістерін де пайдалануға мәжбүр болды. Яғни, ақиқатты тану тәсілінің, ғылым тілінің ақиқатқа қатынасының белгілі тұжырымдамасына және басқа да философиялық негіздемелерге сүйене отырып жасады.

    Бүтін бір философиялық анализді формальды-логикалық модельдермен алмастыра отырып, олар жеке ғылыми әдістерді философиялық қағидаларға айналдырды және философиялық мәселелердің теориялық шешімін табу мүмкін емес деп мәлімдеді.

    Неопозитивизмнің екінші желісі – лингвистикалық анализ немесе аналитикалық философияның өкілдері (Дж. Мур, Дж.Уиздом, Дж. Райд, Дж. Остин) «әлем адамдарға тіл арқылы ашылады», сондықтан ең алдымен ол туралы талқылау керек деп санады. Олар верификациялық теория мен басқа да ережелерден бас тартты, өз назарын мінсіз, логикалық жетілдірілген ғылым тіліне аударды. Үлгі ретінде математикалық логиканың тілі алынды.

    Американдық философ Р. Рорти, аналитикалық философтардың ғылымилық туралы арманы білімді негіздеудің мүмкіндігіне деген сенімге құрылған. Осы сенім фундаментализм идеологиясының (басқаша айтқанда, верификационизм немесе жақтау идеологиясының) өзегін, негізін құрайды деп айтуға болады. Қазіргі заманның басты ерекше белгісі – бұл фундаментализмнің күйреуі. Неопозитивистердің верификационистік стратегиясының құлауы жеке теориялардың бірінің ғана сәтсіздігі емес. Ол жалпы білімді негіздеудің мүмкін еместігін, платондық-декарттық-канттық дәстүр мифке негізделіп, Ақиқатқа сенгенін білдіреді.

    Рорти бойынша, заманауи аналитикалық философия «терапияны» қажетсінеді. Ең алдымен, гносеологизмнен – еуропалық философияның тұқым қуалаушы кеселінен айықтыру қажет. Ол: «...мен аналитикалық философия жаман нәрсе немесе нашар жағдайда деп айтып тұрғаным жоқ. Мен аналитикалық стильді жақсы стиль деп санаймын... Менің айтқым келгені: аналитикалық философия – гуманитаристиканың басқа да аймақтарында – «қатаңдық» пен ғылыми беделдің маңызы төменірек болып келетін департаменттерде табуға болатын пәннің түріне (оған ұнай ма әлде жоқ па) айналып бара жатыр. Бұған қоса, бұл пәндердегі қалыпты өмір өнер мен көркем әдебиеттегі секілді болады».

    Осылайша, Рорти статустарға қайта баға беруге шақырады: «терапия» - «ғылыми» және «әдеби» философия статустарын теңестіру ғана емес және философиялық идеологияны өзгерту ғана да емес, ол «философиялық білім», «ғылыми білім» ұғымдарына қандай да бір объективті мән беруден толықтай бас тарту дегенді білдіреді.

    Рорти философиядан қандай да бір әрекет түрлерін алып тастауды ұсынған жоқ. Философия құрылысында бір нәрсені өзгертудің қажеті жоқ, барлығын өз күйінде қалдыру керек. Жалғыз ғана нәрсе, ол – философиялық құрылымның іргетасы, философиялық білімді, ақиқат пен жалғанды ажырату өлшемдерін көрсететін қандай да бір дереккөздер бар деген түсініктен арылу.

    Философиялық ғимараттың табиғи іргетасы жоқ, ол – «тілдік ойын» деген қабылдаулар нигилистік қорытындылар жасауға себеп болмауы тиіс. Философия ұзақ өмір сүруге қабілетті болуы және мәдениет саласында өркендеуі мүмкін, әрине егер гносеологиялық шағымдарсыз «әдебиет жанры» немесе «әдеби сын» ретінде қызмет етсе. Яғни, қатаң академиялық қағидалармен шырмалған, метафоралық, әдеби хабарлау тілін пайдаланатын жанр ретінде болса. Бұл жағдайда, логика мен гносеологияның орнын «мүдделі сұхбат», ал ақиқат туралы теориялық келісімнің орнын өлшенбейтін және редукцияланбайтын сенімдердің «бірлестігі» басады.

    Неопозитивистер белгілі бір түсініктердің қызмет етуінің қисыны кеңмәтінге байланысты болып келетінін байқады. Терминдердің мағынасы мен қызметі – тілдегі сөздерді пайдаланудың белгілі бір тәсілі. Үйреншікті тілдегі көпшілік сөздер үшін қандай да бір анықтамалар беру мүмкін емес. Себебі философиялық проблемалар табиғи тілдің логикасын түсінбеудің нәтижесінде пайда болады. Бұл үйреншікті тілдегі кейбір сөздерді пайдалану ережелерінің сақталмауының нәтижесі. Мысалы үшін, білу, шынайы, анық, ақиқат, өмірде бар және т.б. Сондықтан, әлем біз үшін тілдік тұтастық, ал философияның басты міндеті – адам әрекетін осы фактілермен түсіндіру.

    Неопозитивизм ғылым тілін талдаудан үйреншікті тілді талдауға дейінгі даму жолынан өтті. Оның өкілдері, сөздер мен белгілердің мағынасын талдай отырып, семиотикалық мәселелерге тап болады. Бұл тікелей тәжірибеге қарай (есептеуіш техникасын құру, жасанды тілдерді жасау және т.б.) жол ашты. Философияны табиғи және жасанды тілдерге анализ жасайтын қызмет түрі ретінде қабылдай отырып, логикалық позитивистер белгілі бір тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізді: ғылыми танымдағы белгілік-символдық құралдардың рөлін көрсетті; білімнің математикалану шектерін, сонымен қатар, ғылымның теориялық аппараты мен эмпирикалық базисінің арақатынасын анықтады. Осы секілді мәселелерді шешу мақсатында олар математикалық логика аппаратын кеңінен пайдаланды.

    Ғылым тілінде «ішкі сұрақтар» толып жатыр, оларға осы тілдің ережелері мен заңдылықтары шеңберінен шықпай жауап қайтару қажет, сондықтан оны логикалық-семантикалық көзқарас тұрғысынан қарастырғанда шынайы объектілердің өмір сүруі туралы «сыртқы» сауалдарға жауап беруге болмайды. Зерттеулердің логикалық-семантикалық әдістері және олардың қарастыратын мағыналық ережелері осы тілдегі кейбір терминдер немесе сөйлемдердің қандай жағдайда мағынаға ие болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Алайда, бұл объективті әлемде осы мағынаға сәйкес келетін бір нәрсе бар ма әлде жоқ па дегенді түсіндірмейді.

    XVIII ғасырдан бастап ғылым бірте-бірте шынайы өндіріс күшіне айнала бастады және оның қоғамдық өмірдегі рөлі артып отырды, ХХ ғасырда ғылыми танымда рационалды элементтердің құны жоғары болды. Бұл ғылым философиясының феноменологизациясына, яғни ғылымды өз заңдылықтары бойынша әлемнен оқшау түрде өмір сүріп, дамып отырған «ішкі заттар» ретінде қарастыруға алып келді. Ол позитивизм жүйелерінде, кейіннен – неопозитивизмде көрініс берді. Алайда олардың жасаған ғылым бейнесінің «статикалығы», білімнің генезисін де, ғылым дамуының заңдылықтары мен қарқынын да дұрыс көрсетудің мүмкінсіздігі ХХ ғасырда бұл жүйелердің әлеуетін төмендетті, осы кезде олардың орнына постпозитивизм келді.

    Неопозитивизм мен постпозитивизм танымның рационалды әдістеріне жоғарғы назар аударды, екі жүйені жақындастырған факт осы. Алайда, постпозитивизмге ғылыми теориялардың дүниетанымдық, метафизикалық әдістеріне, білімнің даму және «өркендеу» әдістерін үйренуге деген жоғарғы қызығушылық тән.

    Постпозитивизм әркелкі тұжырымдар қатарына ие, оның авторлары өзара көптеген сұрақтар бойынша тартысқа түседі. Шартты түрде онда екі негізгі бағытты Т.Кун, П.Фейерабенд, М.Полани ұстанған релятивизм және өкілдері К.Поппер, И.Лакатос фаллибилизмді бөліп көрсетуге болады. Релятивистер ғылыми білімнің қатыстылығын, шарттылығын, жағдайға байланыстылығын көрсетеді және ғылымды дамытудың әлеуметтік факторларына баса назар аударады.. Ал екінші бағыттың өкілдері ғылыми білімнің «кемшілдігі», оның уақыттық тұрақсыздығы туралы тезиске сүйене отырып өз тұжырымдарын жасайды.

    Постпозитивизм ғылыми білімге логикалық-әдістемелік және тарихи-ғылыми анализ жүргізу әдістерін синтездеуге тырысады. Танымның идеалды моделін жасаудың орнына постпозитивистер оның шынайы тарихына назар аударды. Кун, Лакатос, Фейерабенд және т.б. таным үдерісі социомәдени факторларға тәуелді екендігін, ғылым дамуындағы танушы субъектінің алатын рөлін көрсетті.

    Олардың зерттеулерінде ғылыми факт өзінің метафизикалық қасиетін жоғалтып, аса утилитарлық мәнін сақтайды. Оның тұжырымдамалық негізі келесі идеялардың жиынтығынан тұрады:

    • ғылыми білімнің динамикалық бейнесін құрғанда ғана ғылымды теориялық тұрғыда түсінуге мүмкін болады;

    • ғылыми білім табиғаты бойынша тұтас, оны бір-біріне тәуелсіз болып келетін эмпирикалық және теориялық деңгейлерге бөлуге болмайды, кез келген эмпирикалық пайым теориялық жағынан толықтырылған болады;

    • философиялық тұжырымдамалар (онтологиялық және әдістемелік) нақты ғылыми біліммен тығыз байланысқа ие. Философия ғылымның дамуына жол ашып қана қоймай, сондай-ақ философиялық пайымдаулар ғылым «тәніне» үйлесе енеді;

    • ғылыми білімнің қарқыны қатаң шоғырланған үдеріс емес, ғылыми теориялар бір-біріне тәуелсіз және салыстырылмайды, өлшенбейді;

    • ғылыми білімді өзгертудің мақсаты объективті шындыққа қол жеткізу емес, келесі аталатын міндеттердің бірін немесе бірнешеуін орындау: белгілі феномендерді жақсы түсіну, көп ғылыми мәселелерді шешу; едәуір қарапайым және ықшам теорияларды құру;

    • ғылымның тарихи-әдістемелік моделін жасау әдісі ретінде келесі амалдардың жиынтығы пайдаланылады: тарихи-ғылыми, әдістемелік, ғылымтану, психологиялық, социологиялық, логикалық және т.б. Бұл жерде логикалық әдіс басымдылыққа ие болмайды.

    Постпозитивизмнің мұндай ішкі ерекшелігін оның жеке өкілдерінің тұжырымдарына салыстырмалы анализ жасау арқылы ашуға болады.
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


    написать администратору сайта