Главная страница
Навигация по странице:

  • 2.5 Орталық Азия, Таяу және Орта Шығыстағы ортағасырлық ғылым

  • Насриддин Туси

  • Абу Юсуф ибн-Исхак әл-Кинди

  • Әбу Насыр Мухаммад ибн Мухаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби

  • Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде


    Скачать 2.7 Mb.
    Название1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
    АнкорФилософия
    Дата13.12.2022
    Размер2.7 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаtreatise34769.docx
    ТипДокументы
    #842973
    страница4 из 17
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

    Аристотель (б.д.д. 384-322 жж.) алғашқы Ұстаз, «ежелгінің ең ұлы философы» ретінде танымал. Оның шығармалары ғылыми және философиялық білімнің барлық саласын қамтиды. Стагирит білімнің дамуына ерекше назар аударды. Ежелгі Грекияның ғалымдары қарастырған философия, логика, психология, жаратылыстану, техника, саясат, этика және эстетика мәселелері Аристотельде толықтай және жан-жақты ашып көрсетілді. Ғылым тарихы үшін оның табиғи-ғылыми бағытындағы шығармаларының («Физика», «Аспан туралы» «Жануарлардың бөліктері туралы» және т.б.) маңызы зор. Ол математика бойынша нақты зерттеулер жүргізбеген, алайда математикалық танымның маңызды жақтарына терең философиялық талдау жасаған, бұл кейінгі ұрпақ математиктерінің қызметі үшін әдістемелік негізге айналды.

    Аристотельдің уақытысына дейін теориялық математика елеулі жолды басып өтіп, жоғарғы даму деңгейіне жеткен болатын. Математикалық танымды философиялық талдау дәстүрін жалғастыра отырып, Аристотель ғылыми білімді игеру тәсілдерін реттеу, танымдық қызметті мақсатқа сай жүргізу өнері туралы мәселелерді алға тартты. Бұл қызмет «сауаттылық» және «істі ғылыми тұрғыда білу» бөлімдерінен құралады.

    Аристотельдің айтуынша, танымдық қызметтің бастапқы бөлігі – бұрыңғы білімге негізделген оқыту... Математикалық ғылым да, басқа өнерлер де (дәл) осы тәсілдің көмегімен алынады». Білімді білместіктен ажырату үшін Аристотель «осы салада кейбір ойшылдардың айтқан өзіндік пікірлерін» талдау қажет деп санайды. Сосын, пайда болған күрделіліктердің жауабын табу қажеттігін ұсынады. Бұл талдау «не (зат) бар, не үшін (ол) бар, (ол) бар ма және не бар» деген сауалдарға жауап табуға көмектеседі.

    «Істі ғылыми тұрғыда білудің» құрылымын анықтайтын басты принцип – барлық нәрсенің түбіртегін анықтау және барлығын түбіртектен алып пайдалану. Білімді түбіртектен тудырудың әмбебап тәсілі – дәлелдеу деп көрсетеді Аристотель. «Білімді беретін силлогизмді мен дәлел деп атаймын,- деп жазады Аристотель. Дәлелдеу ілімінің теориясы Аристотельдің «Органон» еңбегінде мазмұндалған. Бұл теорияның басты ережелерін бөлімдерге топтастыруға болады, олардың әрқайсысы математиканы дәлелдеуші ғылым ретіндегі бір қырын ашып көретеді. Бұл бөлімдердің ұстанатын қағидасы: «неге қатысты дәлелденуде, не дәлелденуде және неге негізделіп дәлелденуде» мәселесін анықтау. Осылайша, Аристотель объектіге, затқа және дәлелдеу құралдарын саралап қарастырған.

    Ақылға сиятын шындықтың бастаулары туралы ілім Аристотельдің «Метафизика» деп аталатын трактаттар жинағында келтірілген, бұл еңбектің басты міндеті ақылдан тыс ақиқатты зерттеу. Аристотельдегі түбіртек – «дәлелдеуші» ғылымның іргесін қалаушы басты нәрсе; түбіртек ғылымды басқалардан ерекшелеп, оның нағыз мәнін ашуға көмектеседі. Себебі әрбір ғылымның бастамасына, оның түпкі тегіне назар салмастан, оның мәнін толықтай ашу мүмкін емес. Кез келген «дәлелденетін затты не құбылысты» түрліше, кеңінен түсіндіруге болады. Бір жағынан алып қарағанда, бұл жай ғана дәлелдеуші силлогизм. Осы жай силлогизмдерден теориялар жасалып, дәлелдеуші ғылымның қаңқасы құрылады. Бұлар теориялар жүйесінен тұратын ғылымды тудырады. Алайда дәлелдердің барлығы теорияны жасамайды. Теорияға айналуы үшін ол дәлелденетін ұсыныстардың мазмұнын қамтитын белгілі бір талаптарға сәйкес келуі қажет. Ғылыми теорияның аясында бірқатар қосымша анықтамалар орын алады, олар негізгі болып табылмаса да, теорияның тақырыбын ашуға көмектеседі.

    Архимед (б.д.д. 287-212 жж.) механикамен және математиканың қазір интегралды есептеу деп аталатын саласымен айналысты. Ол жазық фигуралардың аумағы және денелердің көлемі туралы теоремаларды дәлелдеді, ПИ (шеңбер ұзындығының диаметрге қатынасы) санының мәнін 0,01 % дәлдікпен анықтады, сфераның және басқа күрделі денелердің бетінің аумағы мен көлемін есептеп шығарды. Архимед гидростатиканың негізгі заңын ашты, бұл заң оқулықтарда қазірге дейін дәл оның ашқан формасы бойынша беріледі: дене сұйықтыққа салынғанда қанша мөлшерде сұйықтықты ығыстырса, сонша мөлшерде салмағынан айырылады.

    Ежелгі уақытта да математика дәл қазіргідей астрономиямен тығыз байланыста болды. Эллиндік кезеңде астрономия натурфилософиялық, ғарыштық сипатынан айырылып, қатаң мөлшерлік пәнге айналды.

    Гиппарх Родосский (шамамен 180-123 жж.) аспан денелерінің күрделі әркелкі қозғалысын сипаттау үшін ең алғаш бірнеше бірдей айналма қозғалыстарды жасау әдісін қолданды. Бұл әдісті математик Апполоний Пергамский ұсынған болатын. Өз моделінің көмегімен Гиппарх Родосский ең алғаш болып күн мен айдың тұтылатын кездерін есептейтін кестені құрастырды.

    Астрономиялық құбылыстардың математикалық сипаттамасы александриялық астроном және географ Клавдий Птолемейдің зерттеуінде өзінің жоғарғы шегіне жетті. Птолемейдің геоцентрлік теориясының негізіне «әлемнің ортасында қозғалмайтын Жер тұрады, оның айналасында планеталар мен Күн айналып жүреді» деген Аристотельдің болжамы алынған.

    Әдебиеттер:

    1. Асмус В.Ф. Античная философия. – M., 1976.

    2. Левек Пьер. Эллинистический мир. – М., 1989.

    3. Куманецкий Казимеж. История культуры древней Греции и Рима. – М., 1990.

    4. Кравчук Александр. Перикл и Аспазия. – М., 1991.

    5. Лосев А.Ф. Философия, мифология, культура. – М., 1991.

    6. Чанышев А.Н. Курс лекций по древней философии. – М., 1991.

    7. Антология даосской философии. – М., 1994.

    8. Восток. Философские традиции Индии, Китая и мира ислама//История философии: Запад-Россия-Восток. Книга первая: философия древности и средневековья: учебное пособие для студентов высших учебных заведений. Под. ред. Н.В. Мотрошиловой. – М.: Греко-латинский кабинет, 1995.

    9. Целлер Э. Очерки истории греческой философии. – СПб., 1996.

    10. Гомперц Т. Греческие мыслители. – СПб., 1999.


    2.5 Орталық Азия, Таяу және Орта Шығыстағы ортағасырлық ғылым

    Рим Империясында христиандық қабылданғаннан кейін философиялық оқу орындары жабылып, Таяу Шығыс елдері – Сирия, Иранды паналаған философтар мен ғалымдар қудаланды. Қалалық өмір дамып келе жатқан бұл елдерде философиялық және ғылыми мектептер, аударма орталықтары, кітапханалар, кейіннен академиялар пайда болды. «Даналық үйлерінде» (діни-мәдени және аударма орталықтары осылай аталды) философиялық және теологиялық оқулардан бөлек, медицина, математика, астрономия, география оқытылды. Сонымен қатар, мұнда антик заманының көрнекті ойшылдарының еңбектері грек тілінен сирия, орта парсы, араб тілдеріне аударылды. Батыс үшін Шығыс антикалық философиялық және ғылыми мұраны сақтады. Халифаттар құрылғаннан кейін мәдени және ғылыми байланыстар кеңейіп, зерттеулер тереңдей бастады. Әрі бұл догматизмнің қыспағында қатып қалған мұсылмандық сенімнің рухына толықтай сәйкес келді.

    Халифаттың барлық елдерінде белсенді аударма қызметі жүргізілді. ІХ ғасырда оның орталығы Сирияның астанасы Бағдадтағы «Даналық үйі» болды, оны халиф Харун ар-Рашид негіздеді. Араб-мұсылман ғалымдары грек-рим әлемінің негізгі ғылыми және философиялық еңбектерінің барлығын жақсы білді. Олардың ішінде Птолемейдің астрономиясы, Эвклид пен Архимедтің, Гиппократтың, Гален, Платон, Аристотель, Порфирийдің еңбектері бар.

    Саналы түрде білім алуға деген ұмтылыс ортағасырлық араб-ислам мәдениетін екі ғасырдың ішінде көркейтіп жіберді, бұл құбылыс адамзат мәдениетінің дамуындағы тұтастай бір кезеңді қамтыды. Бұл саладағы жетістіктердің себебі араб-мұсылман философиясының ислам және оның догматтарын қорғауымен ғана түсіндірілмейді. Жетістіктерге математика, физика, логика, медицина, тіл білімі, музыка және құрылыс салаларында кең білімдерге ие жан-жақты ғалымдардың қызметі себеп болды. Ғылыммен одақтастығының арқасында философия тәжірибеге жақындап, перипатетиктердің еңбектерінде жаратылыстану бағытына жатқызылды. Осылайша, философияның күнделікті өмірмен байланысы туды.

    Діни білім де, дүнияуи философиялық білім де ақиқатты іздеуге бағытталды, алайда олардың арасында үлкен айырмашылық болды. Діни білім арғы әлемге бағытталды, сондықтан да жердегі әлем дінде екінші орында тұрды, бұл әлем арғы дүниеге қадам басуға дайындық ретінде қарастырылды. Философиялық-ғылыми білім діни ақиқаттарды анықтауға ғана емес, сондай-ақ жердегі өмірді, табиғат әлемін тануға да бағытталды. Математик әл-Хорезми өз зерттеулерінің мақсатын «Алгебралық есептеулер және аль-мукабала кітабы» алгебралық трактатында былай түсіндіріп өтеді: «Мен қысқаша кітап құрастырдым... онда арифметиканың қарапайым және күрделі мәселелері келтірілген, өйткені бұл адамдарға мұраны бөлгенде, өсиет құрастырғанда, мүлік пен сот істерінде, саудада және басқа да мәмілелерде, сондай-ақ жерді өлшеуде, каналдар жүргізуде, геометрияда және сол секілді басқа істерде көмектеседі».

    Мұсылмандық Шығыстағы тәжірибелі білімге және бақылау тәжірибесін ұйымдастыруға деген қызығушылықты оның ғылымының тарихына үңілсек байқай аламыз. Бұл жерде ғалымдарға жеткілікті түрде жағдай жасалмаса да, басқарушыларды қызықтыратын кейбір зерттеулер олардың тарапынан қаржыландырылды. Шығыста «Даналық үйлерінен» бөлек, соған ұқсас зерттеу орталықтары болды. Мысалы үшін, күрделі құрал-жабдықтармен жабдықталған мегарлық Насриддин Туси обсерваториясы (ХІІІ ғ.) немесе Самарқандқа жақын жерде орналасқан Ұлықбек обсерваториясы (ХV ғ.). Х ғасырдан бастап ғылым Үйлері құрыла бастады. Араб ғалымдары математика, астрономия, физика, оптика, химия, медицина салаларында бірқатар жаңалықтар ашты. Бұл философияның дамуына, оның ғылыми таным әдістемесін жасауына, тәжірибелі білімнің ғылымдағы рөлі мен орнын анықтауға да ықпал етті.

    Ортағасырлық Шығыстың танымал химигі Джабир ибн Хайан тәжірибені ғылыми зерттеудің негізі ретінде атады, ол: «Физикалық ғылымдар мен химияның ғылым алдындағы қарызы – еңбек және тәжірибе жүргізу. Тек осылардың арқасында білімге ие боламыз».

    Араб-мұсылман философтары танымның бірыңғай теориясын жасауға тырысты, оны сопылық мистикалық гносиспен, зороастризммен және буддалық өзін өзі кемелдендіру идеяларымен толықтырғысы келді. Ислам мәдениетінің бір бөлігі ретінде бұл философияның өзіне дейінгі кезеңдері жоқ, алайда, ІХ-Х ғасырларда өзіндік мәселелері мен әлемге көзқарасы бар дербес пән ретінде қалыптасты.

    Ортағасырлық Шығыста араб-мұсылман философиясының негізін салушы Абу Юсуф ибн-Исхак әл-Кинди (800-879 жж.) антик ойшылдарының еңбектерін аударумен белсенді түрде айналысқан алғашқы ғалым, оны «арабтардың философы» деп атайды.

    Ол дәрігер, математик, логик, астроном, аудармашы және Аристотель мен Платонның мұрасын жеткізуші ретінде кеңінен таныс. Теологияға оңды көзқараста бола отырып, әл-Кинди сенімді шектен тыс ұстанатындарды, яғни «шектеулі адамдарды» сынға алады, олар «өздері сенім мен ақиқаттың дұшпандары бола отырып, сенімді саудаға салады» дейді. Ғылымның көмегімен жаратылысты тану мүмкін емес деп, Қасиетті жазбаға (Құран Кәрім) ғана иек артатын мұсылман теологтарына қарсы «арабтардың философы» жаратылысты танудың жалғыз көзі және өлшемі – адам санасы» дейді. Ол білімді сезіммен және санамен қабылданатын деп екі түрге бөледі. Санамен қабылданатын білім адамға ғана тән, ол дәлелдерге негізделіп құрылады. Аристотельге ұқсапі әл-Кинди де: «философия – бұл өзге ғылымдар арқылы жинақталған энциклопедиялық ғылыми білімнің негізі және аяқталған көрінісі» деп айтады. Философия заттардың шынайы табиғаты туралы білім береді. Әл-Киндидің философиялық шығармаларының ішіндегі ең танымалдары: «Бірінші философия туралы», «Аристотельдің еңбектерінің саны және философияны игеру үшін қажеттілігі туралы трактат», «Бес маңыз туралы кітап». Бұл еңбектерде ол Аристотельдің жолын жалғастырушы, білімді сенімге қарсы қоюшы рационалист ретінде, жаратылыстану ғылымының білімдерін, сондай-ақ математикалық ғылымдар кешенінің – арифметика, геометрия, астрология және гармонияның зерттеу деректері мен әдістерін кеңінен пайдаланатын энциклопедиялық білімге ие ғалым ретінде көрінеді. Әл-Киндидің ойынша, «гармония барлық жерде орын алады, ол дыбыстарда, Әлем құрылысында және адам жанында анығырақ көрінеді».

    Әл-Кинди ғылыми танымның үш баспалдағы тұжырымын жасап, негіздеген, олар: 1) логика және математика; 2) жаратылыстану ғылымдары; 3) метафизика.

    Аристотельдің артынан ол болмыс –материяға, қозғалысқа, кеңістік пен уақытқа, формаға жалпы анықтамалар береді. Өзінің ең танымал еңбегі «Бес маңыз туралы кітабында» әл-Кинди материяны барлық заттың негізі болатын басты мазмұн деп қарастырады.

    Оның интеллект туралы ілімі – ноология – «Интеллект туралы» трактатында негізді түрде түсіндірілген. Аристотельдің «Жан туралы» еңбегіне сүйене отырып, әл-Кинди санаға өзіндік классификация жасайды. Ол интеллектінің төрт түрін сипаттайды: біріншісі – белсенді, үнемі әрекетте; екіншісі – потенциалды, жанға тән; үшіншісі – потенциалды күйден әрекетке көшіп отыратын; төртіншісі – көрініс берген (жаннан табылатын) интеллект. Осылардың барлығы бірге «субъектінің ойлау әрекетін» құрайды.

    Ол Стагирит айқындаған іргелі философиялық мәселелерді тереңдетті және кеңейтті. Оның артынан бұл дәстүрді ибн Сина мен әл-Фараби жалғастырды. Әл-Киндидің көзқарасы бойынша, белсенді интеллект – бұл әлемдік Логос, ол ойлаудың мазмұнын құрайды. Еркін пікірлейтін, энциклопедиялық білімге ие әл-Кинди «ақиқатты іздеуші үшін ақиқаттан артық ешнәрсе жоқ» деп санап, ежелгі және қазіргі ғылыми білімдерге сүйене отырып ақиқатты «барынша түсінікті әрі ұқыпты» тануға тырысты.

    Әбу Насыр Мухаммад ибн Мухаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби – кемеңгер ойшыл, Аристотельдің жолын жалғастырушы (перипатетик), Фараб (Отырар) қаласының тумасы. Ол Араб халифатында мұсылман дініне идеологиялық бақылау күшейген, ал Таяу Шығыс елдерінде қала өмірі мен экономика дамып, ғылыми білім мен философияға деген қажеттілік зор болып тұрған уақытта өмір сүрді.

    Ғылым мен философияны әл-Фараби Бағдадта игере бастады. Өз заманының басқа философтары секілді ол да дәрігер, музыкант, ақын, шешен болды, жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін жақсы түсінді. Алайда, ол ең алдымен философ болды және бұл салада әл-Киндиді ғана емес, өзінің ұстазы деп есептейтін Аристотельдің өзін басып озды. Әл-Фараби антик философтарының қол жеткізген жетістіктерін игеріп, оларды сыни тұрғыда талдады, Аристотельдің «Органонының» толық кешенін жинады және реттеді, оның барлық шығармаларына пікір жазды. Стагириттің логикалық мұрасын ғылымның соңғы жетістіктері мен ортағасырлық идеологияның талаптарын есепке ала отырып өңдеді. Оның логика мен музыка теориясын дамытудағы қызметінің ұлылығы соншалық, оны қазіргі күнге дейін «Екінші Ұстаз» (Муаллим ассана) деп атайды, яғни Аристотельді басып озушы.

    Әл-Фараби бірқатар трактаттарында этикалық-әлеуметтік доктринаны мазмұндайды. Ол: «адам қызметінің басты мақсаты – бақыт» деп айтады. Оған таным мен ерік бостандығынсыз қол жеткізу мүмкін емес: «Бақыт – адамның мақсаты. Оған қол жеткізу үшін білім, ерік және бостандық керек. Ерік сезімдік танымға байланысты, бостандық – логикалық пайымдаумен. Тек ақылдаса отырып бақытқа жетуге болады». Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатында» Платон мен Аристотельдің жолымен мінсіз мемлекет моделін жасайды. Ол «адамдар нақты мемлекеттің ішінде ғана бақыт пен қайырымдылыққа оңай жетеді» деп санайды. Осындай қала-мемлекеттің таптарын әл-Фараби адам ағзасының бөліктеріне ұқсатады: ағзадағы барлық мүшелер бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне көмектеседі. Бұл жерде назар адамдардың ортақ өміріндегі этикалық құндылық мәселелеріне аударылады. Алайда, бастысы әл-Фарабидің Шығыста бірінші болып қоғамдық өмірдің мәселелерін көтеріп, шешуге тырысқаны емес.

    Бұл трактаттың басты бөлігі жалпы дүниетанымдық мәселелерге, ал соңғы бөлімдері – этикалық-әлеуметтік мәселелерге арналған. Фараби: «адам санасы – құдіреттің рационалды рухының көрінісі, ол адамды әрекетке, жақсы мен жаманды айыруға шақырады» дейді. Мемлекет пен қоғамның мүдделері адамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталуы тиіс. Осы міндеттерді сәтті орындау үшін мемлекеттің басында қайырымды, саналы, жігерлі, көзі ашық адам тұруы керек. Ол өзінде рухани және светский билікті үйлестіруі, қайырымды, сау тәнге және рухқа ие болуы, дана болуы тиіс. Осындай ғалым билеуші ғана ағарту ісі мен ғылымды дамытуға жағдай жасайды, адамды өзінің бұғауланбас сезімдерінен бас тартып, жақсы көруге және сабырлы болуға бағыттайды. Фарабидің ойындағы қайырымды қалада адамдар бір-біріне көмек беру үшін ынтымақтасады, осы арқылы шынайы бақытқа қол жеткізеді.

    Ғылымдардың топтастыра келе, әл-Фараби басты орынға «құдіретті ғылым» – метафизиканы қояды. Өз классификациясының бірінші бөлімін «тіл туралы ғылым» – грамматикаға арнайды. Мұнда ол тілді басқаратын заңдылықтардың әмбебап сипатын айқындайды. Екінші бөлім логикаға арналған. Әл-Фараби үшін логика жай ғылым емес, ол грамматикаға туыс болып келетін өнер. Логиканың интеллект пен интеллекцияның ақылға сиятын объектілеріне қатынасы грамматиканың тіл мен сөздерге қатынасымен бірдей». Логика – бұл білімнің өлшемі және барлық білім түрінің босағасы секілді, ол – шынайы білімді алуға көмектесетін құрал. Үшінші бөлім математикаға арналады, онда математикалық ғылымның толықтай кешені қамтылған: арифметика, геометрия, оптика, астрономия, астрология. Арифметика мен геометрияны ол қолданбалы және теориялық деп екіге бөледі. Бұл сол уақыттағы білімнің терең деңгейде дифференциацияланатынын көрсетеді. Әл-Фараби жерді әлемнің орталығына орналастырады және шар тәріздес формада деп болжам жасайды. Оның «жұлзыдар туралы ғылымы» астрономияны, астрологияны және физикалық географияны, яғни Жердің мекендейтін және мекендемейтін бөліктері туралы ілімді қамтиды.

    Келесі бөлімдері қолданбалы ғылымдарға – музыкаға; ауырлық туралы ғылымға; құрылыстың шебер амалдары, ағаш шеберлігі туралы ғылымға және т.б., арифметика мен геометрияны қамтитын «сандық қулықтар» ғылымы деп аталатын алгебраға арналған.

    Классификацияның төртінші, соңғы бөлімі табиғи және жасанды денелерді зерттейтін жаратылыстану ғылымы ретінде физиканы және метафизиканы қамтиды. Метафизикада әл-Фараби онтология мен гносеологияны нақты ажыратады, бұл істе ол Стагириттен асып түседі. Оның гносеологиясы логика мен математикаға, физикаға сүйене отырып заттар мен құбылыстардың мәні мен ерекшеліктерін ашады. Онтологияда басты зерттеу объектісі – Құдай. Осы жерден метафизиканың құдіретті ғылым ретінде анықтамасы шығады.

    «Екінші Ұстаздың» құдайдың жаратылысын философиялық түсіндіруі неоплатондық Абсолютка жақын. Бұл әл-Фарабиге әлемнің пайда болуын түсіндіруге көмектеседі: ол болмысты екі түрге бөледі: «өмір сүруі мүмкін заттар», олар бірдей өмір сүруі не сүрмеуі мүмкін. Олардың өмір сүруі үшін қандай да бір сыртқы себептер араласуы қажет. Болмыстың екінші түрі ешқандай сыртқы себептерді қажет етпейді, себебі олардың өмірде болуы сөзсіз қажет, мұндай болмыстың ең жоғарғы түрі ол – Құдай. Құдай – барлық нәрсенің басы, Абсолют, «Алғашқы Жаратылыс». Құдайда объект пен субъекті сәйкес келеді. Құдай абсолютті білімге, ерікке, шексіз құдіретке ие, ол тәнсіз, жалғыз, бөлінбейді, қарама-қайшылықтардан арылған және «таза ақыл жетерлік және таза ақылға жеткізерлік» жаратылыс. Құдайды эманациялау үдерісінде тұрмыстың әр түрлі салаларының – аспан және жер апаттары, табиғат пен адамның эволюциясы үшін жағдай жасалады.

    Басты құрамдас бөлігі интеллект (сана) болып табылатын жан туралы ілімде (психологияда) әл-Фараби әрекеттегі сананы үнемі өзекті күйде тұратын жалпы ұғымдармен теңестіреді. Осы жерде ол аристотелизм мен неоплатонизмді біріктіре ала отырып, платондық түсіндірмеге жақын келеді. Әл-Фараби сананы «жан» секілді түсініктердің көмегімен қарастырады. Ол Жанды «материалдық сана» деп атайды. Әл-Фараби «қарқынды» (потенциалды) және «белсенді» сананы бөліп көрсетеді. Бұл – платондық типтегі реализм, онда таным теориясының мәңгілік проблемасы былайша қойылады: біздің ойымыздың жалпыға ортақтық және қажеттілік сипаты қайдан шығады?

    Әл-Фарабидің айтуынша, адамның жаны табиғаты жағынан тәннен толықтай ерекшеленеді, бірақ, сонымен бір уақытта тәнге тәуелді болып келеді. Жан бағыт бермесе тәннің әрекет етуі мүмкін емес. Нысан ешқашан өзгермейді. Адам жаны (интеллект) Құдайдың барлығын білуге ұмтылады. Алайда сезімдерге жүгінбестен тану мүмкін емес. Алайда сезімдік деңгейде болмыстың да, құдайдың да барлығын білуге мүмкін болмайды. Бұл тәнге тәуелсіз өмір сүретін сананың ғана қолынан келеді. Фараби сананы сезімдік деректер, бейнелер негізінде пікірлейтін пассивті; тәндік және заттық ұғымдарға тәуелсіз өзекті сана деп бөледі. Сана – өзінен тыс нәрсеге ақыл жеткізе алатын және әрекетке қабілетті таза форма. Алынған білімдермен толыққан өзекті сана рухани-ғарыштық формалар мен Құдайды тану арқылы әрекет етеді. Сана, интеллект туралы ілім онтологиялық және ғарыштық сипатта болады. «Екінші ұстаз» неоплатондық эманация тұжырымдамасы мен аристотельдік «ғарыштық жүйені» біріктіреді.
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


    написать администратору сайта