Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
Скачать 2.7 Mb.
|
Модельдеу әр түрлі объектілердің сапаларының ортақтығына, ұқсастығына, аналогияларға, форманың салыстырмалы түрдегі дербестігіне негізделген. Бұл «зерттеушіні қызықтырып отырған объектінің оған ұқсас басқа бір объектпен алмастырылуы арқылы орын алатын зерттеу әдісі». Бірінші объект түпнұсқа болып есептеледі, екіншісі модель. Әрі қарай, модельді зерттеу барысында алынған білімдер аналогия мен ұқсастық теориясының негізінде түпнұсқаға көшіріледі. Түпнұсқаны зерттеу мүмкін болмағанда немесе қиын болғанда және үлкен шығындар мен қауіптерге байланысты болғанда модельдеу әдісі қолданылады. Модельдеу әдетте ұшақтардың жаңа құрылымдарының қасиеттерін аэродинамикалық құбырға жайғастырылған кішірейтілген модельдердің көмегімен зерттеуде қолданылады. Модельдеу заттық, физикалық, математикалық, логикалық, белгілік болып келеді. Барлығы модельдің таңдалған сипатына байланысты. Үлгі – түпнұсқа орнында қабылданған объектінің қасиеттері мен сәйкестіктерін көрсету құралы және тәсілі. Үлгі – таным объектісінің орнын басатын ақиқат өмірде объективтендірілген немесе ойша елестетілетін жүйе. Модельдеу барлық уақытта үлгісі жасалып отырған объектінің кейбір жеңілдігіне байланысты болып келеді. Сонымен қатар, ол жаңа теорияның алғышарты ретінде үлкен рөл атқарады. Қазірде ғылымда кеңінен тараған модельдеу секілді зерттеу амалының негізінде аналогиялық ой қорытындылары жатады. Жалпы, модельдеу өзінің күрделі кешенді сипатының арқасында ең алдымен зерттеу әдістері мен амалдары тобына жатқызылған болуы мүмкін. Эксперимент – зерттеушінің зерттеу объектісінің белгілі бір жақтарын, қасиеттері мен байланыстарын анықтау және зерттеу мақсатынла жүргізетін белсенді, мақсатты, қатаң бақылау әрекеті. Эксперимент жүргізу ісі оны жоспарлау, ұйымдастыру және бақылау, нәтижелерін интерпретациялау әрекеттерін қажет етеді. Экспермент екі өзара байланысты мақсатты көздейді: гипотезаларды мұқият тексеру және жаңа ғылыми гипотезаларды құру. Атқаратын қызметтеріне қарай эксперименттер келесі түрлерге бөлінеді: зерттеу, байқау (бақылау), қалпына келтіру, оқшау. Объектілердің сипатына қарай келесі түрлерін атап көрсетуге болады: физикалық, химиялық, биологиялық және әлеуметтік эксперименттер. Бақылау мен экспериментте, ең алдымен, табиғи объектілер зерттеледі. Бұл әрине барлық уақытта мүмкін емес. Сондықтан, объектілерді олардың үлгілерінің көмегімен зерттеу қажеттілігі туады. Қазіргі ғылымда ойлау эксперименті, яғни дәріптелген объектілерге жүргізілетін ойлау әрекеттерінің жүйесі кең таралып отыр. Ойлау эксперименті – бұл эксперименталды жағдайлардың теориялық моделі. Мұнда зерттеуші заттар мен олардың өмір сүру жағдайының шынайылығына иек артпайды, олардың тұжырымдамалық бейнелерімен жұмыс жүргізеді. Жеке ғылыми әдістер немесе нақты ғылымдар әдістері келесі ғылымдарда орын алады: физикада – спектроскопия, электрондардың дифракциясы, ренгендік-құрылымдық анализ; химияда – активациялық анализ, химиялық-спектрлік анализ; биологияда – гибридологиялық әдіс, биометрия. Әдістеме қандай да бір ғана, тіпті «өте маңызды әдіске» болса да қатысты бола алмайды, әсіресе «жалғыз ғылыми» әдіске. Әрбір әдіс өздігінен оқшау түрде пайдаланылмайды, ол басқа әдістермен үйлесімділікте қолданылады. Әдебиеттер Рассел Б. Адам танымы, оның шегара аумағы. – М., 1957. Лакатос Имре. Ғылым тарихы және оның оңтайлы құрылымдары// Ғылым құрылымы мен дамуы. Ғылым философиясы бойынша Бостондық зерттеулерден. – М.: «Прогресс» баспасы, 1978. Куайн Уиллард ван Орман. Заттар және олардың теорилардағы орны/ А.Л. Никифоровтың аудармасы. – М., 1981. Уайтхед А.Н. Философия бойынша таңдаулы еңбектер. – 1990. Добрынина. ХХ ғасыр философиясы. – М., 1997. Кохановский В.П. Ғылым философиясы мен әдістемесі. – Ростов-на-Дону, 1999. Степин В.С. Теориялық білім. – М., 2000. Томсон М. Ғылым философиясы/ ағылшын тілінен А. Гарькавовтың аудармасы. – М. ФАИР – 2003. 2 БӨЛІМ ҒЫЛЫМНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРИХИ ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ 2.1 Египет, Вавилон мәдениеті: математика, астрономияның алғашқы пайда болуы Ежелгі Египетте экономикалық міндеттерді шешуге байланысты математикалық білім салалары мықты дамығандығына тарих куәгер. Райнд папирусы (б.д.д. шамамен 2 мың жыл) «барлық заттарды толықтай және негізді түрде зерттеуге, олардың мәнін түсінуге, барлық құпияларды ашуға» үйрету уәдесінен басталған. Онда мемлекеттік шенеуніктерге арналған сандық және бөлшектік есептер мазмұндалған. Ежелгі египеттік басқарушылар тәжірибелік есептердің ауқымды қатарын шешуге тиіс болатын. Олар: белгілі мөлшердегі жұмысшылардың арасында жалақыны теңдей үлестіру, белгілі бір мөлшердегі нанды даярлауға кететін дән мөлшерін есептеу, құрылған жабдықтардың ауқымы мен жоғарғы бетін есептеу. Алайда, египеттіктер бірінші деңгейлі теңдеуден және қарапайым квадраттық теңдеуден әрі асқан жоқ, оларға мұның қажеті болған жоқ. Олардың математикалық есептеулері қолданбалы сипатта болды және материалдық өндіріс қажеттіліктеріне арналды. Олар күнделікті өмірден алыс және ойды дамытатын философиядан алшақ болды. Ежелгі Египетті ғылым нағыз өзінің қазіргі мағынасында орын алды деп айтуға болмайды. Мұнда тәжірибелік мақсаттағы және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға арналған терең, алайда үзік білімдер жинақталды. Негізгі білім иелері абыздар болды, олар «байлармен қарым-қатынас жасау» арқылы биліктің тұрақтылығын және өзара түсіністікті сақтауға мүдделі болды. Осы себептен, Ежелгі Египеттегі «ғылыми» ойдың эволюциясы логикалық пайымдау арқылы емес, нұрға бөлену жолымен жүзеге асырылды. Мұнда ақыл әрекеттен алшақ кеткен жоқ, себебі ғасырлар бойы өңделген салттарды орындау механизмі адам мен әлемнің бірлігін орнатып, абыздарды білім иелері ретінде билікпен қамтамасыз етті. Ежелгі Египет мәдениетінің ғылыми кетігін мифтер мен құдайлар өмірі туралы аңыздар толықтырды, олар толығымен жердегі тіршілікке арналды, олар адамның қоғамдық өмірдегі орны мен қызметін көрсете отырып әлеуметтік реттеуші қызметін атқарды. Климент Александрийскийдің айтуы бойынша, египеттіктер өздерінің иероглифтік жазуларын Тот құдайы ойлап тапты деп сенетін болған. Тот – барлық киелі ғылымдардың таратушысы деп саналған, ол уақытты өлшеген, тағдырды жазған, Египеттің киелі әдебиетінің авторы деп есептеген. Тот жалпы саны 42 кітаптың авторы саналады, оның 36-сы – философиялық, 6-ы –медициналық. Египеттіктер Тот құдайын өздерінің арғы атасы, түпкі тегі ретінде санайды. Олар үшін, Тот – даналықтың, дағдылардың барлық оңды істердің бейнесі. Ол ғылым мен өнерді жаратушы ғана емес, сонымен қатар кәсіби білімнің негізін салушы, «заңдылық пен өлшемге» негізделген табиғи және әлеуметтік әлемдік тәртіпті орнатушы болып есептеледі. Ол – ғалымдардың, абыздардың, басқарушылардың, заң шығарушылар мен барлық мәдениет иелерінің құдайы (покровитель). География, жұлдыздар әлемінің құрылымы, медицина, тарих, пирамидалар құрылысы және қала құрылысы бойынша киелі білімдердің барлығы египеттіктердің діндерімен, дәстүрлері және сенімдерімен органикалық бірлікті құрады. Вавилонда да математикалық білімдер таза тәжірибелік мақсатта қолданылды, мысалы суғару, құрылыс, шаруашылық және бухгалтерлік есеп, ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін маңызды болып табылатын уақытты күнтізбелік есептеу секілді міндеттерді атқару үшін пайдаланылды. Қазірге дейін жеткен құжаттарда көрсетіліп отырғандай, вавилондықтар есептеудің 60-тық жүйесіне негізделе отырып квадрат түбірлердің, кубтар мен кубтық түбірлердің, квадраттар мен кубтардың суммасын, сандардың деңгейінің кестесін құру секілді төрт арифметикалық әрекетті орындай алды. Олар прогрессияның жалпы санын шығару ережелерін білді. Сандық алгебра саласында да үздік нәтижелерге қол жеткізілді. Вавилондықтар алгебралық белгілер жүйесін білмесе де, есептер жоспар бойынша шешілді, олар бірыңғай «қалыпты» түрге келтіріліп, одан кейін жалпы ережелер бойынша шешіліп отырды, сондай-ақ келтірілген «теңдеулер» бастапқы нақты деректермен байланыссыз болды. Кейде үшінші деңгейдегі және төртінші, бесінші, тіпті алтыншы деңгейдегі теңдеулерді шешуге тура келетін есептер де кездесетін. Егер Египет пен Вавилонның математикалық ғылымдарын салыстырып қарайтын болсақ, олардың элитарлық, авторитарлық, сынсыздық, дәстүрлерді қатаң ұстану секілді ұқсастықтары бар, сондай-ақ екі елде де математикадан дінге және философияға дейінгі барлық ғылым салаларында білімдер эволюциясы баяу жүрді. 2.2 Қытайдағы ғылыми білімнің бастаулары Аспанасты елінде арифметика, математика, химия негіздері, металл, шыны және мата өндірісі сәтті дамыды. Ауыз қуысында ота жасауда және басқа да хирургиялық оперцияларда ұйықтату (наркоз қолдану) әдісін қытайлық хирург және акупунктура маманы Хуа Туо (б.д. 112-219 жж.) алғаш рет қолданысқа енгізген. Операция барысында ол ауруды басу үшін «Мафэй-сан» шәй қоспасын пайдаланған. Осы уақытта ғалым Чжан Чжуанчин (б.д. 150-219 жж.) өзінің «Суықтың әсерінен болатын түрлі ауруларды анықтау» еңбегін жазды, бұл еңбекте қытай медицинасының «диалектикалық диагностика» әдісі сипатталған, бұл әдіс қазіргі күнде де қолданылады. Бұл грек-рим дәрігері Галеннің өмір сүру тұсында орын алды, ол медицина саласында негізді және ауқымды зерттеулер жүргізген, оның зерттеулері орта ғасырлардың аяғына дейін батыстық дәрігерлер тарапынан қолданыс тапты. Медицина саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Цин (б.д.д. 221-26 жж.) және Хань (б.д.д. 206 ж. – б.д. 220 ж.) әулетінің кезінде-ақ Қытай мен Корея, Вьетнам мен Жапонияның арасында медициналық біліммен алмасу жүріп отырды, ол кейіннен араб әлеміне, Түркия мен Ресейге дейін таралды. Дәрілік терапия бойынша нормативті мәнге ие қытайлық «Бэн-Цзяо Ган-Му» кітабы көптеген тілдерге, оның ішінде латын, корей, жапон, орыс, ағылшын және француз тілдеріне аударылған және батыс әлемінде кең таралды. «Көктем және күз дәуірі» (б.д.д. 770-476 жж.) және «Жаулаушы империя» (б.д.д. 475-221 жж.)династияларының кезінде «Нэй-цзин» медициналық ережесі құрылды. Батыс медицинасының атасы, б.д.д. 446-377 жж. өмір сүрген грек дәрігері Гиппократтың еңбектері кейінгі уақытқа жатады. «Нэй-Цзин» әлемдегі ең ежелгі медициналық трактат. Онда қытайлық дәрігерлердің алдыңғы ұрпақтары жинақтаған медициналық тәжірибелері біріктіріледі, Қытайдың дәстүрлі дәрігерлік өнерінің жүйесі негізделеді, қытайлық дәрілік терапияның, сондай-ақ инемен емдеу және күйдіріп емдеу, акупунктураның негіздері беріледі. Қытай медицинасының тарихындағы және бір маңызды кезең – фармацевтерге арналған ресми ережелер жинағының қалыптасуы. Ли Шичжен 1578 жылы өзінің өмір бойы жазған «Бэн-Цзяо Ган-Му» фармацевтикалық жинағын шығарады. Бізге дейін алты мыңнан астам қытай медициналық кітаптары жеткен, оларда емдеудің әр түрлі тәсілдері туралы жазылған, ол қытай дәрігерлері тарапынан қазіргі күнге дейін анықтамалық құрал ретінде қолданысқа ие. Қытай медицинасында аурудың алдын алуға арналған дәрігерлік үнемі маңызды орын алған. Ауруларды емдеу идеясы Ежелгі Қытайдың біздің күнге дейін жеткен дәрігерлік мұрасында алғашқы орында тұрды. Мысалы үшін, «Нэй-Цзин» еңбегінің бірінші бөлімінде адамның өз денсаулығын қалай сақтауға болатындығы туралы жазылған. Ол гигиеналық шараларды қолдану және паразиттермен күресуді сипаттаудан басталады. ІV-ХІІ ғғ. даостық трактаттарда («Аспан арты кітапханасының жеті кітабы») «Денсаулық құпиялары» ашып көрсетілді және салауатты өмір туралы толық ұсыныстар берілді. Әйгілі даостық дәрігер Сунь Сымяо (VІІ ғ.) – медицина, фармокопея, гигиена бойынша бірқатар классикалық еңбектердің авторы, өз тәжірибесінде «рухты сақтау, қуатты жаттықтыру» және қоршаған ортадан қуат алу әдісін кең қолданған. «Мәңгі өмір сүруге қол жеткізуге» арналған даостық ішкі жұмыс жаттығуларының басты мақсаты – алтын дәріні, яғни мәңгілік өмірдің ұрығын «өсіру», «қалыптастыру». Даостар адамға тумысынан берілген ішкі энергияның «жер бетіндегі» сыртқы энергиямен өзара әрекеттестігіне баса назар аударады. Сыртқы энергия қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түскенде, яғни тыныс алғанда, тамақтанғанда жән т.б. жағдайларда жаңарып отырады деп есептелген. «Мәңгілік өмірдің» кепілдігі рухани энергия мен биологиялық үдерістердің үйлесімділігінде жатыр. Барлық аурулардың себебі – осы екі бастаудың үйлесімсіздігінен болып отыр. Қытай дәрігерлерінің айтуы бойынша, адамды «қоректендіретін» таза ішкі энергия (ин ци) адам ағзасының энергетикалық жүйесін құрайтын меридиандардың ішінде шоғырланған; ал сыртқы – жаңарып отыратын, «қорғаушы» энергия (вэй ци) адам ағзасын инфекциялардан, суықтан және басқа да жазымдардан қорғайды, ол «теріде, бұлшықетте орналасып, көкірек пен қарында» таралады. Рух пен денені жетілдірудің, мәңгі өмір дәрісін өсірудің мәні ағзадағы өмірлік үдерістерді «кері айналдыруда», өзін-өзі жасартуда жатыр. Бұған «аспаннан алдыңғы энергия» қорын «аспаннан кейінгі энергияның» үздіксіз толықтырып отыруына бағытталған рухани және физикалық тәжірибенің арқасында қол жеткізіледі. Даостық әдебиеттерде мұндай «ішкі жұмыстың» мәні мынадай формуламен сипатталады: «ұрықты жаттықтыр (яғни, бастапқы энергияны), ол тынысқа айналсын; тынысты жаттықтыр (зейінді іштей шоғырлау жолымен), ол рухқа айналсын; рухты жаттықтыр, ол бостыққа қайтсын (яғни, Даоға, әлемдік үйлесімділікке)». Юань әулеті кезінде өмір сүрген даос Ли Дао-Чунь өзінің «Орташалық және үйлесімділік туралы шығармалар жинағында» былай деп жазады: «адам барлық жаратылыстың ішіндегі ең рухани-құдіреттісі. Әлемнің кеңістігі мен уақыт оның қолында. Оның денесінде шексіз өзгерістер туады. Тағдыр (адамның) тыныс арқылы, табиғат (адамның) рух арқылы көрініс береді. Рух жүрекке тиелген. Тыныс денеде шоғырланған. Адамның өмір жолы осылардың ортасында». Қытай мәдениетінде тұлғалық жетілу идеалы өнер дәрежесіне дейін көтерілген. Ол Аспан асты елінің ежелден қазіргі кезге дейінгі тұрмысының барлық саласын қамтиды. Даостықтардың көзқарасы бойынша, барлық істе, «неке тыныштығын сақтау өнерінде» де кемелге жеткен «дана адам» өзі үшін қанша өмір сүрсе, өзгелер үшін де соншалықты өмір сүреді. Қытай сексологиясының тамыры б.д.д. IV-II ғасырларға барып тіреледі. Тань әулеті кезінде-ақ (б.д. 618-907 жж.) қытайлық дәрігерлер алапес ауруының жұқпалы кесел екендігін біліп, науқастарды дені сау адамдардан оқшау ұстаған. Бастапқыда оларды шөптермен емдеген, кейін екпе жасай бастаған. Шешек ауруының алдын алу үшін екпе жасау ең алғаш Батыстықтардың ойлағанындай ағылшын дәрігері Дженнер (1749-1823) тарапынан жүргізілген жоқ. Оған дейін бес ғасыр бұрын Қытайда шешекке қарсы егу жасалған. Мұнда шашамен он бірінші ғасырда шешекпен ауыратын науқастардан алынған сарысу даярланып, сау адамдарға алдын алу үшін егілген болатын. Қытайлық «Шешек ауруына қарсы екпе туралы жаңа кітап» еңбегі (Чжунтоу Хин-жу) – иммунология саласындағы жаңашыл еңбектердің бірі, ол XVI ғасырдан бастап белгілі болды. 2.3 Ежелгі Үндістандағы математика, астрономия, медицина Ежелгі үнділердің нақты ғылым салаларындағы жаңалықтары таяу және қиыр Шығыс елдерінің ғылыми білімдерін дамытуға ықпал етті. Бес мыңжылдыққа таяу уақыт өмір сүріп келе жатқан ведалық әдебиеттерде дүниетанудың құрылуы туралы, ғылыми мәні жайлы әр түрлі мәліметтер келтірілген. Бұл космологиялық, астрономиялық, математикалық деректер бөлшектеніп кетсе де, олар Ежелгі Үндістанда ғылымның іргесін қалады. Алғаш рет осы елде санау жүйесі ондыққа дейін жетті (яғни, нөлден басталды). Дәл осы санау қазіргі нумерация мен арифметиканың негізіне еніп отыр. Үндістанда алгебра жақсы дамыды, оның көмегімен күрделі астрономиялық есептеулер жүргізілді. «Цифр», «синус», «түбір» түсініктері алғаш рет осы ежелгі мекенде пайда болды. Астрономия және космология бойынша ежелгі үнді трактаттары осы аумақтағы білім деңгейінің жоғарғы болғандығын көрсетеді. Санаудың ондық жүйесін енгізудің нәтижесінде нақты астрономиялық есептеулер жүргізуге мүмкін болды, алайда ежелгі үнділерде обсерватория да, телескоптар да болған жоқ. Б.д. V-ші және VI ғасырының басында Үндістанда өмір сүрген ғалым Аьяпхата математика тарихында құрметті орынға ие. Ол «пи» санының мағынасын білген, жолақты теңдеулердің оңды шешімін ұсынған. Антикалық ғылымнан бөлек, үндістандық бұл ғалым Жердің өз өсін айналуы туралы идеяны айтқан, сол үшін абыздар тарапынан жазаланған. Қазіргі күнге дейін Үндістанда аюрведа үлкен құрметке ие, ол – ұзақ өмір сүру және дұрыс өмір сүру салты туралы ғылым, өте ежелгі уақыттарда-ақ пайда болған. Ежелгі үндістандық дәрігерлер шөптердің қасиетін, ауа-райының адам денсаулығына ықпалын, биоритмдерді, энергетиканы және адамдардың түрлі соматикалық типтерін зерттеді. Психиканың, жан мен тәннің күйіне, диетологияға басты назар аударылды. Хирургия да жоғарғы деңгейде болды: ежелгі үндістандық дәрігерлердің 120-дан астам хирургиялық аспаптарды қолданып жасаған үш жүз түрлі операциясы белгілі. Қазірде бүкіл әлемге танымал Тибет медицинасы ежелгі үндістандық ғылым – аюрведаға негізделген. Ежелгі египеттік дәрігерлер адам ағзасының негізін басты үш өмірлік шырын құрап отыр, олар: жел, ашу мен сабыр, яғни қозғалыс, от және жұмсақтық принциптері деп санайды. Үнді медицинасы адам ағзасына табиғи жағдайлардың ғана емес, тұқымқуалаушылықтың да әсер ететіндігіне баса назар аударды. Дәрігерлік этика бойынша трактаттар да жазылды. Үндістанға оқу үшін көптеген мемлекеттерден мамандар келді. Үндістанның бірқатар қалаларында діни-философиялық ілімдер, астрономия, астрология, математика, медицина және санскрит оқытылатын университеттер жұмыс жасады. Бұл мемлекеттің мәдени дәстүрі аса оңтайлылықпен ерекшеленген жоқ, сондықтан да үнді ғалымдарын ғылыми зерттеулердің логикасы қызықтырған жоқ, оларды көбіне әлем құпиялары және практикалық мәселелер (есеп, калькуляция, күнтізбе жасау, кеңістік формаларын өлшеу, фармакопея) толғандырды. 2.4 Антикалық логика және антикалық математика Грек өркениеті өзінің даму жолының бастапқы кезеңінде Шығыс, Ілгергі Азия және Африкадан – вавилондықтардан, египеттіктерден, парсылардан, лидиялықтардан, үнділерден және өздерінің жұмбақ тікелей ата-бабалары, едәуір көне және дамыған өркениет болып саналатын минойлықтардан көп нәрсе алған. Элладаның тұрғындары ешнәрсеге сенбейтін, тіпті Құдайлардың еркіне де күдікпен қарайтын болған, сондықтан олар ғылыми білімді де осындай негізде алған. Бұл әдеттің табиғилығы соншалық, олар «барлық нәрсенің үстінен күлді, мұның барлығы афиналық демократияның негіздерінің бірі» болып саналады. Философияның қойнауында пайда болған Ежелгі Грецияның ғылымына философиялық ілім типтерінің, ғылыми гипотезалардың көптігі тән. Бұған Элладаның ұрпақтарының өткір сыни ақылы мен өндіріс дамуының төменгі деңгейінде эксперименттің болмауы себеп болып отыр. Қойылған сауалдарға жауаптарды басты құрал – ақылдың көмегімен, яғни теориялық жолмен негіздеуге тура келеді. Сондықтан, ғылыми зерттеулердің басты әдістері бақылау, аналогия және гипотеза болды, бұлар ойдың ұшқырлығы мен ғылыми ізденістің логикасын шыңдайды. Кейбір жорамалдарды эксперименталды жолмен тексерудің мүмкін еместігі салдарынан, ойшылдардың әрбірі табиғаттың бір құбылысын әрқалай түсіндірді. Мысалы, Эмпедоклдың, Анаксагордың, элеаттар Протагор мен Зенонның, атомистер Левкипп пен Демокриттің космогониялық және физикалық жорамалдарында табиғат пен материалдық әлемнің қасиеттері туралы болжамдар түрліше түсіндірілді. Алайда олардың барлығын бір нәрсе біріктірді, ол – абстарктілі ойлау қабілеті және математикалық ілімдердің негізінде қалыптасқан ғылым тілі. |