Главная страница
Навигация по странице:

  • «білім өндіру индустриясын»

  • 3.7 М. Поланидің айқын емес білім туралы тұжырымдамасы

  • 3.8 Пол Фейерабендтің «Эпистемологиялық анархизмі»

  • «эпистемологиялық анархизм»

  • «эпистемологиялық анархизм» теориясын

  • «идеялардың бассыздығын», иррационализм

  • Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде


    Скачать 2.7 Mb.
    Название1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
    АнкорФилософия
    Дата13.12.2022
    Размер2.7 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаtreatise34769.docx
    ТипДокументы
    #842973
    страница8 из 17
    1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17

    3.6 Томас Кунның ғылыми білімнің қарқыны туралы тұжырымдамасы

    Т.Кунның (1922-1996) философиялық мұрасының негізі «Ғылыми революциялардың құрылымы» атты еңбегі. Бұл кітап ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары батысеуропалық философияның «жарқ еткен жарқын туындысына» айналды. Кун да Лакатос тәрізді ғылым дамуының неопозитивистік және попперлік модельдерін сынға алды. Оның басты назарында – өзгеріс және ғылыми білімді дамыту механизмдері. Кун бойынша, ғылымның дамуы бағытты сипатта емес, ғылыми білім кезең-кезеңмен орын алатын түбегейлі өзгерістер мен парадигмалардың (тәртіпті ұяқалыптардың) алмасуының арқасында көтеріледі. Бұл дегеніміз ғылыми қауымдастық мүшелері тарапынан бөлінген білімдердің, әдістер мен құндылықтар жиынтығының алмасуы арқасында ғылыми білім жоғарылап отырады деген сөз.

    Кун ғылымның даму тарихын бірнеше кезеңдерге бөлген: парадигмаға дейінгі ғылым, әдеттегі ғылым (парадигмалық), ерекше ғылым (ғылыми революциямен аяқталатын парадигмадан тыс кезең). Бір парадигманың аясындағы ғылыми білімнің эволюциясы алдымен ұқсас болжамдардың бейберекет біріктіріліп, сосын бастапқы жоспарға қандай да бір теорияның шығу жолымен жүзеге асырылады. Бұл теориялар ғылыми қауымдастық тарапынан ғылымның парадигмалық кезеңін теориялық және әдістемелік негіздеу үшін үлгі ретінде пайдаланылады. Ескі парадигмаға сәйкес келмейтін ғылыми деректердің жинақталуынан әлемді түсінудің басқа жүйесі қалыптасады және парадигмалардың алмасуы, яғни ғылым дамуындағы сапалы секіріс, ғылыми революция орын алады. Сосын барлығы қайталанады. Кунның айтуы бойынша, білімнің өсуі мен жетілуі «қалыпты ғылым» кезеңінде орын алады, бұл кезде зерттеушілер бал араларына ұқсап сабырмен білімнің нәрін жинайды.

    Кунның тұжырымдамасы ғылым философиясының құрылуына үлкен ықпал етті. Ол заманауи ғылым тарихшыларының арасында алғашқы болып ғылыми танымның социомәдени негіздемесіне назар аударды, бұл үшін экстернализм принципін қолданды.

    Оның ойынша, ғылыми қауымдастық ғылыми қызметтің логикалық субъектісі болып табылады. Ғалым ғылыми қауымдастықтың мүшесі болғанда ғана ғалым ретінде қабылданады. Ғалымның жеке шығармашылық жұмысы, ең алдымен, өзінің ұжымдастарына арналады, демек, ғалымның шығармашылығы арналмаған басқа «дилетанттардың» бағалауына тәуелді емес. Сондықтан, ғалым өзінің көзқарастары мен сенімдерін бөлісетін әріптес-мамандарының тар аудиториясы үшін жұмыс жасайды. Ғалым бірыңғай стандарттардың жүйесі – парадигманы дәлелсіз қабылдайды. Кун былай деп жазды: «Көпшілік тарапынан мойындалған ғылыми жетістіктерді парадигма деп санаймын, ол белгілі бір уақыт ішінде ғылыми қауымдастыққа мәселені қою және оның шешімін табудың моделін ұсынады... Парадигмаларға заңдар, теориялар, олардың тәжірибелік қолданысы және қажетті жабдықтары жатады».

    Сонымен, «парадигма» – «теория» ұғымынан, тіпті «ғылыми-зерттеу бағдарламасынан» да кең ұғым, ол тұлғалық аядан тыс социомәдени құрылыс ретінде түсініледі. Кунның моделінде ғылым парадигма көрінісіне ие, ол ғалымға әлдебір көрінбейтін күш ретінде өз еркін жеткізіп отырады, ал ғалым – бұл өз уақытының талаптарын білдіруші ғана.

    Ғылыми қауымдастық және парадигма ұғымдарын енгізу дегеніміз ғылымды дәстүр ретінде түсінуді білдіреді. Кун алғашқы болып ғылымды орталық зерттеу объектісі арқылы талдау дәстүрін енгізді, яғни зерттеудің орталық объектісі ғылымның дамуындағы басты айқындаушы фактор болып саналады дегенді ұсынды. Шындығында, ғылымның өмір сүруінің негізгі тәсілі бұл «әдеттегі ғылым» болып табылады Кунның айтуынша. «Әдеттегі ғылым – бір немесе бірнеше бұрыңғы ғылыми жетістіктерге (парадигмалық сипаттағы) негізделген зерттеулер жүйесі, бұлар біршама уақыт ішінде белгілі бір ғылыми қауымдастық тарапынан өзінің ғылыми қызметін әрі қарай дамытуға қажетті негіз ретінде қабылданады».

    Кунның айтуынша, қалыпты ғылымның аясындағы әрбір ғалымның қызметі өзіндік ерекшелікке ие. Әр ғалым кәсіби біліммен түсіндірілген тұжырымдамаларды табиғатқа байланыстыру үшін табанды және қарқынды әрекет жасайды. Әдеткі ғылымның мақсаты – жаңа құбылыс түрлерін болжау емес, тұжырымдаманың аясынан алынған құбылыстар мүлдем қарастырылмайды. Әдеттегі ғылым жаңа фактілердің ашылуы немесе жаңа теорияның құрылуы секілді ірі ашылымдарға аз көлемде бағдарланады. Әдеттегі ғылымның аясында ғалымның қатаң бағдарламаланғаны соншалық, ол жаңа нәрсені ашуға немесе құруға ұмтылмайды, тіпті жаңаны мойындауға немесе байқауға бейім де емес.

    Сонымен, қалыпты ғылым қарастыратын мәселелер парадигмамен анықталған шекарадан тыс шықпайды. Сондықтан, Т.Кун оларды бас қатырғыш мәселелер деп атайды, себебі шешу үлгісі бар, шешу ережелері де бар, яғни мәселенің шешілуі анық. Ал ғалым берілген жағдайлардағы өзінің жеке жасампаздық қабілетін сынап көреді. Сондықтан да ғалымдарды әдеттегі ғылым қызықтырады, себебі онда барлық нәтижелер алдын ала шешіліп қойған, ал қалған белгісіз мәселелер тіпті қызығушылық тудырмайды.

    Қалыпты ғылыммен айналысатын ғалымдар «тәртіп орнатумен», яғни белгілі фактілерді тексерумен және нақтылаумен, сондай-ақ теорияда көрсетілген және айқындалған жаңа фактілерді жинақтаумен айналысады.

    Кунның көрсетуі бойынша, ғылыми дәстүр білімдерді жылдам жинақтаудың қажетті шарты болады. Қалыпты ғылымның құндылығы сол, ол әдістердің нақтылығына, сенімділігіне және кеңдігіне кепіл болады. Қалыпты түсіндіру және талдау тәсілдерін пайдаланып, барлық жаңа құбылыстарды қабылданған парадигма тұрғысынан түсіндіру ғылыми қауымдастықтың қызметін ұтымды етеді. Сондай-ақ, өзара түсіністікке және нәтижелерді салыстыруға жағдай жасайды. Мұндай амал қазіргі ғылымда байқалып отырған «білім өндіру индустриясын» тудырады.

    Қалыпты ғылымда ғалымдар қабылданған модельдер мен ережелерге сәйкес жұмыс жасағандықтан, бұл ғылым зерттеу нәтижелеріндегі, белгілі теориядан күтілген шешімдердегі кез келген сәйкессіздіктерді бірден байқайды. Кей жағдайларда қалыпты ғылымдағы белгілі ережелер мен тәртіптер арқылы шешілуі тиіс мәселелер шешілмей қалады. Басқа жағдайларда, қалыпты ғылымның мақсаттарына арналған әдістеме күтілгендей әрекет етуге қабілетсіз болып шығады.

    Әдеттегі ғылым осылайша ауытқушылықтарды табатын сергек құралға айналады, бұл кейіннен парадигманы қайта қарауға түрткі болады. Ғалым қабылданған ережелерге сүйеніп жұмыс жасай отырып, ойламаған жерден ережеге сәйкес келмейтін фактілерге тап келуі мүмкін, бұл осы ережелерді өзгертуді талап етеді. Мұндай жағдайда ғалымдардың әрқайсысы парадигмаға түрліше қарай бастайды, осыған сәйкес олардың зерттеулерінің сипаты да өзгереді. «Ережеден тыс жағдайлардың» (алынған фактілердің парадигмалық қағидаларға сәйкес келмеуі) саны тым көбейіп кетсе, ғылым саласында дағдарыс жағдайы орын алады, сөйтіп дағдылы ғылым «қойнауында» ерекше ғылым пайда болады. Ескірген қағидалар қайта қарастырылады. Ғылым бір орнында тұрмайды, зерттеулер де ешқашан тоқтамайды, сондықтан әр түрлі парадигмалардың, кәсіби ұйғарымдардың орын алмасуы дағдарыстан шығуға мүмкіндік береді. Осыны ғылыми революция деп атаймыз. Одан соң, қайтадан қалыпты ғылымның әрекет етуіне қажетті жағдайлар қабатталады. Үлгі болатын матрица таңдауда келісімге (қауымдастық мүшелерінің арасындағы келісім) қол жеткізу жаңа парадигманың құрылуына негіз болады.

    Кунның айтуы бойынша, ғылыми революцияның әрқайсысында ғылыми қауымдастық бір-бірімен сәйкеспейтін ғылыми теориялардың бірінен бас тартуы қажет. Алайда, Попперге ұқсап бүкіл ғылыми қызметті революциялық кезеңде қолданылатын терминдермен сипаттауға болмайды деп есептейді. Ғылыми қызметті ұзақ уақыт бойы жинақталған, жүйеленген, тексерілген білімдерді ескермей, тек революциялық көзқараспен қарастыратын болсақ ғылыми білімнің дамуына қол жеткізе алмаймыз.

    Кунның көзқарасы бойынша, жаңа парадигмаға өту үдерісін әлеуметтік тұрғыдан түсіндіруге болады. Бұл үдеріс логикалық немесе эксперименталдық жәрдемнің негізінде, сондай-ақ ғылыми қауымдастықтардың қайта қабылданып отырған парадигманың тиімділігіне деген сенімінің негізінде жүзеге асырылады.

    Жаңа парадигма ғалымдардың көпшілігі қалыпты ойлаудан шығып, жаңаша идеялар ұсынуға қабілетсіз кезінде, ал ғылым аппаратының жаңа мазмұнды қабылдауға дайын емес кезінде қабылданады. Әрбір парадигманың ұтымды жақтары болғандықтан, олардың бірін қабылдау қиынға соғады. Теорияларды өндіретін объективті шындықты әр қауымдастық әр түрлі қабылдайды. Сондықтан парадигмалар бір-біріне ұқсамайды, олардың арасында ешқандай тікелей логикалық сабақтастық жоқ, жаңа парадигма ескісін ығыстырады. Осылайша, әлемнің ғылыми бейнесі де өзгереді.

    Кун ғылыми өрлеудің қатыстылығы туралы тезисті дәлелдеді. Оның көзқарасы бойынша, білімнің дамуындағы сабақтастықты кәсіби білім беру мен оқулықтар қамтамасыз етеді. Алайда мұндай білім басым болып тұрған парадигманың аясында түсіндіріледі, сол үшін оның прогресін эволюциялық деп айта алмаймыз. Білімнің жетілдірілуі мен өсуі тек «дағдылы ғылым» уақытысында орын алады, алайда оның прогрессивтілігі дербес жүрмейді, себебі осы кезеңде зерттеушілер тарапынан қарастырылатын ғылыми мәселелердің сипаты «таза» ғылымның теориялық және әдістемелік дәлелденуі, тарихи уақыт пен ғылымнан тыс факторлар арқылы жасалады.

    Кунның ғылым философиясы үлкен сынға ұшырады. Оның пайымдары негізсіз және қарама-қайшылыққа толы; психологиялық көзқарас шамадан тыс, бұл логикаға қайшы; жаңашылдық пен дәстүрдің салыстырмалы анализі жоқ; өзінің ғылымды жасау моделінде ғалым парадигманың құрсауына қатты түскен де, таңдау еркінен айырылған; білімнің ғылыми емес формалары мен ғылым демаркациясынан бас тартты деген сындар айтылды.

    Кун негіздеген ғылыми білімді дамыту моделі қазіргі «үлкен ғылымды» сипаттауға арналған алғашқы ұмтылыс. «Үлкен ғылым» ұжымдық сипатта жұмыс жасайды, онда еңбек бөлінісі бар, ғылыми қызметкерлердің шығармашылық әрекеттерін шеберлік дәрежесіне дейін жеткізетін мамандандыруға ие, сондай-ақ жалпы зерттеу туралы айқын түсінікке ие болмай-ақ белгілі бір қызметті атқарады. Ол ғылымды біртұтас, дамушы ағза ретінде қарастырады, бұл күмәнсіз оның ғылымға қосқан үлесі.

    3.7 М. Поланидің айқын емес білім туралы тұжырымдамасы

    М. Полани (1891-1976) Т.Кун секілді ғылымды дамыту мәселелерімен айналысты. Ол ғылымның маңызды сипатамасы ретінде мәдени-тарихи алғышарттарды қарастырады, бұлар ғылымның қоғамдық институт ретіндегі бейнесін ғана емес, сондай-ақ, ғылыми ұтымдылық өлшемін де қалыптастырады. Оның ойынша, ғылым философиясының басты міндеті – адамзат факторын жан-жақты зерттеу. Неопозитивистердің таным объектісі мен субъектісін қарама-қарсы қою туралы тұжырымынан бас тарта отырып, Полани адам заттардың мәніне абстрактілі негізде үңілмейді, ол ақиқатты адамзат әлемімен байланыстырады деп жазады. Әлемнің ғылыми бейнесінен адамзаттың келешегін алып тастауға арналған кез келген ұмтылыс объективтілікке емес, мағынасыздыққа алып барады. Поланидің ойынша, ғалымның зерттеу міндетінің мәнін терең түсінуі – ғылыми өрлеудің негізі болады. Ғылыми ұжым сәтті қызмет атқаруы үшін оның мүшелері ортақ интеллектуалдық дағдыларды игеруі қажет, мұндай дағдылар ғалымдардың бірігіп жұмыс жасауына негіз болады.

    Поланидың айтуынша, ғылыми зерттеудің мәні объективті ұтымдылыққа және шындықтың ішкі құрылымына енуде жатыр. Ғылыми болжамдар тікелей бақылау нәтижесінде жасалмайды, сол секілді ғылыми ұғымдар да эксперименттен алынбайды, себебі ғылыми жаңалықтың қисынын формальды жүйе ретінде жасау мүмкін емес. Полани таза эмпирикалық және формальды-логикалық амалдардан бас тартады, ол айқын емес білімнің эпистемологиясын негіздеді.

    Ол «бүкіл әлемді тану үдерісіне қатысатын білімнің екі типі бар» деп көрсетеді, олар: орталық (айқын) және жасырын (айқын емес). Айқын емес білім – білімнің логикалық формаларына арналған қажетті негіз. Ол ғылыми ізденіс шеберлігіне тікелей үйрету («қолдан қолға») кезінде және ғалымдардың жеке қарым-қатынастары арқылы беріледі. Полани бойынша, әрбір зерттеуші ғылыми тәжірибені алып қана қоймай, оны «бастан да кешіреді», себебі ғылыми шындыққа білуді қатты қалайды. Мұндай тәжірибе «тұлғалық ерекшелікке» ие, ол дербес болып табылады.

    Білімнің екі типінің арасындағы байланыс екі жаққа да бірдей: әрбір ғылыми термин, Полани бойынша, «айқын емес біліммен жүктелген» және оның мәнін дұрыс түсіну тек теориялық кеңмәтінде қолданылғанда ғана мүмкін болады.

    Полани ғылыми танымда дәстүрлер мен құндылық бағдарлары маңызды орын алады деп көрсетеді. Бұл – айқын емес, тәжірибелік білімнің құрамдас бөлігі, мұнда логикалық-вербалды формалар көмекші рөл атқарады. Ғалымның өз еңбегінде арқа сүйеген алғышарттарын толықтай вербалдандыру, яғни тілмен жеткізу мүмкін емес. Осындай типтегі білімдерді ол айқын емес деп атады: «... Ғылымның дәл жүрегінде тұжырымдау арқылы түсіндіру мүмкін емес білімнің тәжірибелік саласы бар». Оған дәстүрлер мен құндылық бағдарларын жатқызуға болады.

    Айқын емес білімге тұтастық (әлемнің) элементтерінің сыртқы білімдері жатады, ол сонымен қатар осы білімдердің тұтастыққа қосылуына көмектесетін интегративті үдерістерді де қамтиды. Жалпы, таным үдерісі дегеніміз айқын емес білім шекараларының үнемі кеңейіп отыруы және оның компоненттерінің орталық білімге қосылуы деп санайды Полани. Кез келген анықтама айқын емес білімнің аумағын шегергенімен, жойып жібермейді. Сезім органдары арқылы қабылданған ақпарат санадан өтетін ақпараттан әлдеқайда бай, адам жеткізе алатынынан гөрі көбірек біледі. Осындай санадан өтпеген түйсіктер айқын емес білімнің эмпирикалық базисын құрайды.

    Айқын емес білімнің және айқын емес дәстүрдің екі типін бөліп көрсетуге болады. Біріншісі, білімнің тікелей қарым-қатынас арқылы берілуі, жеке байланыссыз мұндай білімді беру мүмкін емес; екіншісінде мәтін білім беруші ретінде саналады, мұнда тікелей қарым-қатынастың қажеті жоқ. Айқын емес дәстүрлердің негізінде әрекет үлгілері мен өнім үгілері жатуы мүмкін. Абстракция, жалпылау, формализация (ресімдеу), топтастыру, аксиомалық әдіс операциялардың орнатылған белгілі реті жоқ. Мұндай операциялардың болуының өзі міндетті емес.

    Айқын емес білім туралы тұжырыммен Поланидің тұлғалық білім теориясы тікелей байланысты. Білімді нақты тұлғалар алады, таным үдерісін бір қалыпқа келтіру мүмкін емес, ал білімнің сапасы ғалымның жеке қабілеті мен тұлғалық қасиетіне байланысты деген ойды дәйек етеді Полани. Ол өз тұжырымын келесідей еңбектерінде мазмұндаған: «Тұлғалық білім. Постсыншыл философияға барар жолда»; «Айқын емес білім»; «Білім мен болмыс».

    Поланидың жазуынша, ғалым қандай да бір теорияны қабылдар кезде оның сыни негізделуі мен ғылымдағы нормативтерге сәйкестігіне мән бермейді, ол өзінің осы теорияға деген сенімі мен жеке көзқарасына сүйенеді. Полани үшін таным мен білімді ұғынуда ең бастысы сенім категориясы болады. Адамның ғылымға қатынасын ол жеке көзқарас ретінде қарастырады, мысалы үшін адамның діни сенімі секілді ғылымға деген қатынасы да әр адамда әрқалай болады.

    Поланидың теориясының кемшілігі ол білімнің айқын және айқын емес типтерінің генетикалық өзара байланысына назар аудармайды. Бұдан бөлек, ол ғылыми зерттеудегі формальды емес, мазмұндық компоненттердің рөлін ерекше бағалай отырып, танымды толықтай алгоритмдеуге болмайтындығы туралы тезиске сүйеніп әдістемелік зерттеулердің пайдасы аз деген қорытынды жасайды.

    Оның зерттеулері көбіне постпозитивистік философияның ары қарай даму жолын анықтап берді. Полани осы бағыттың бірқатар іргелі идеяларын негіздеді, мысалы үшін, әр түрлі тұжырымдамалық жүйелердің өлшемсіздігі, ғылыми ұтымдылық нормаларының өзгермелілігі, ғылыми дамудың ауытқушылықтары туралы ұсыныстар және т.с.с.
    3.8 Пол Фейерабендтің «Эпистемологиялық анархизмі»

    П. Фейерабенд (1924-1994) – американдық-австриялық философ және ғылым әдіскері, постпозитивтік философияның радикалды қанатының өкілі. Бұл оның ғылым әдістемесінен де, оның неопозитивизмді сынау сипатынан да көрінеді.

    Оның ХІХ ғасырдың 70-ші жылдары дәлелдеген «эпистемологиялық анархизм» тұжырымы кең танымалдылыққа ие болды, мұнда ол ғылыми және дүниетанымдық плюрализмге тоқталады. Ол үшін қоғамның саяси өмірінде анархизм қатты қызығушылық тудырмайды, алайда таным теориясы мен ғылым философиясында оның орнын ешнәрсе баса алмайды, себебі ол шығармашылық еркіндігін қамтамасыз етеді. Фейерабендтің ойынша, шексіз мөлшерде бәсекелес теориялар болғанда ғана ғылыми білім дами алады, себебі теориялардың бір-бірін сынға алуынан ғылыми білім жетіліп, даму үдерісінің қозғаушы күшіне айналады. Ғылымның дамуын ұтымды түрде түсіндіріп беру мүмкін емес, себебі, ол – объективті негізі жоқ үдеріс. Ол объективті шындықты іздеуге бағытталған, шындығына келгенде объективті шындық жоқ, ол әр түрлі тұжырымдардың жүйесіз үймеленген жиынтығы. Алайда ғылым ұтымдылықтың жалғыз формасы емес. Зерттеуші білімнің әр түрлі ғылыми емес формаларынан догматтық түрде бас тартпауы қажет. Алайда оның таңдау құқығы бар. Ғылыми ізденістің көптеген бағыттары бар, ізденіс барысында ұқсас тұжырымдар мен танымның әрқилы құралдары пайдаланылады. Эпистемологияда «ғылыми танымның бірыңғай әдістемелік стандарттары мен нормалары болуы мүмкін емес». Әдістемелік плюрализм – бұл танымның табыстылығының кепілі. Кез келген ғылыми білім идеологияға ие. Сондықтан, ғылымдағы ұқсас амалдардың, әдістер мен теориялардың бір-біріне қарсы келуі зерттеушінің әлеуметтік және дүниетанымдық бағдарымен түсіндіріледі. Ғылым – бұл өнім, ол адам мәдениетінің, өркениетінің бөлігі. Осы тұрғыда оны «тәуелсіз қоғам» тудырған. Алайда, сонымен қатар ол – жеке тұлғалардың көп бағдарлы белсенділігінің өнімі. Сондықтан да, «ғылыми идеологияда авторитаризмге орын жоқ». Фейерабенд «әдістемелік жарылыс» – ғылыми білімді дамыту шарттарының және факторларының бірі деген қорытындыға келеді.

    Фейерабенд неопозитивистердің маңызды болып саналатын келесідей тезистерін де өткір сынға алады: теориялардың дедукциялануы немесе қатар қолданылуы туралы тезис және әр түрлі теорияларға жататын терминдердің мағыналарының қайталану принципі. Ол аталған тезистердің алғашқысын қанағаттанарлық емес деп санайды: жаңа теорияның ескімен қатар қолданылуы жаңа теорияның қолданыстан алынуына әкеп соғады, осының салдарынан ғылыми білім тоқырайды.

    Неопозитивистердің эмпирикалық және теориялық білім деңгейлерін бөліп қарастыру туралы тұжырымын сынға ала отырып, Фейерабенд Поппердің «бақылаудың теориялық жүктелуі» туралы идеясын әмбебап деп сипаттайды. Ол теориялық білімнің әдістемелік рөлін дәлелдеуге тырысты, оның ойынша бұл «теориялық реализмнің» негізін құрайды. Термин нақты бір теорияның аясында дәлелденген мәнге ие, оның басқа мағынасының болуы мүмкін емес. Әрбір теория өзіндік бастапқы жорамалдар жинағына ие болғандықтан, олардың терминдерінің мағынасы қайталанбайды және салыстырылмайды. Бұған қоса, ғылыми теориялар дербес және салыстырылмайтын болғандықтан, олардың әрқайсысын жеке түрде бақылау қажет. «Бөтен» терминология мен тілдің ешқандай сынға ұшырамай ғылымға енуі ғалымның қызметіне зиян келтіреді.

    Фейерабенд – теориялардың өлшемі жоқтығы туралы тезистің жақтаушысы. Қолданыстағы теориялардың өзара қайшылыққа ұшырауының себебі олардың әрқайсысының өз стандарттары мен нормалары бар. Ол ғылыми теориялардың полиферациясы (көбеюі) мен контриндукциясы (білімнің жекеден жалпыға қарай «өсірілуіне» қарсы) жайлы жеке ұстанымдарын алға тартты. Оның ойынша, ғылым теорияларды көбейту үдерісіне айналып, білімнің көптеген тең құқықты типтерінің бірге өмір сүруіне мүмкіндік береді. Танымның әмбебап әдісі мен объективті ғылыми шындық бар деген ойды Фейерабенд жоққа шығарады. Ұтымдылық өлшемдері нақты емес, олар салыстырмалы түрде берілген және барлық жерде және барлық уақытта пайдалануға болатын өлшемдер жоқ.

    Контриндукция кеңінен танылған және мойындалған теориялармен және жан-жақты негізделген фактілермен сәйкес келмейтін болжамдарды жасауды және енгізуді талап етеді. Фейерабенд ұсынған бұл принцип «эпистемологиялық анархизм» теориясын тудырды. Кун ғылыми білім мен ғылыми ұтымдылық принциптерінің қатыстылығы туралы тұжырымды ұсынып, оларды ғылыми қауымдастыққа байланыстырса, Фейерабенд ғылыми қауымдастықты жеке тұлғамен алмастырды. Ол: «ғалым қандай да бір нормаларға бағынбауы тиіс, ол фактілер мен құбылыстарды ешқандай идеялар мен теориялардың қысымына түспей, дербес зерттеуі қажет. Ғалым дәстүрлерге, нормаларға, парадигмаларға иек артса, оның зерттеу тақырыбы басқа тақырыптарға тәуелді болса, бұл ол жасаған теорияның объективтілігі мен шынайылығына кепіл болмайды. Басқалардың ғылыми қызығушылықтарын қолдай отырып, өзге көзқарасқа сабырмен қарау қажет, осының өзі жеткілікті» деп жазды. Фейерабендтің ойынша, ғылыми ойлау стандарттары материалдық ықпал күшіне, метафизикалық күшке ие, сондықтан ғалым көп жағдайда оларға бейімделуге мәжбүр болады. Фейерабендтің «эпистемологиялық анархизмін» «идеялардың бассыздығын», иррационализм ретінде түсіндіруге де болады. Ол білімнің сабақтастығына, ғылымның тұрақты дамуына алып келетін факторларға жеткілікті назар аударған жоқ. Алайда, оның шынайы ғылымға берген сипаттамалары көбіне дұрыс болып келетін, сондықтан оның идеялары бірден сынға ұшырап отыратын. Заманауи ғылымға «ішкі жағынан» қарай отырып, Фейерабенд көптеген зерттеушілерге классикаллық ғылымның архаикалық, догматтық идеалдарынан бас тартуға көмектесті. Ол заманауи ғылымда плюрализм, толеранттылық принциптерінің қолданылу құқығының бірдей екендігін, ғылыми элитаның ғана емес, ғалымның да шығармашылық ізденіс жүргізуге құқығы бар екендігін көрсетті. Бұл принциптердің орындалмауы ғылыми танымның тоқырауына алып келеді.
    1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17


    написать администратору сайта