Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
Скачать 2.7 Mb.
|
3.4 Карл Поппердің сыни рационализмі Постпозитивизмнің негізін салған логик және социолог Карл Поппер (1902-1994). Өзінің «Объективті білім. Эволюциялық амал». «Ғылыми зерттеудің логикасы», «Ашық қоғам және оның жаулары» еңбектерінде ол білімді алудың теориялық және эмпирикалық деңгейлерінің органикалық бірлігі туралы жазады. Ол «арнайы философиялық әдіс жоқ, нақты мәселелерді рационалды талқылау және сыни талдау әдісі бар» дейді. Кез келген ғылыми білімде ақиқат та бар, қателесу де бар, ғылымның табиғаты сондай. Ол фальсификация принципін (кез келген дәлелді теріске шығару) негіздеді, оны верификация принципіне қарсы қойды. Верификация (ғылыми білімді ғылыми еместен айыру) тәжірибе мен теорияның сәйкес келуін болжайды. Алайда, білімнің ғылымилық дәрежесін анықтау үшін бұл принцип жеткіліксіз. Ол тек «біздің өз ойымыздың дұрыстығы жайлы субъективті сенімділігімізді арттырады». Поппер бойынша, ғылыми танымның бүкіл тарихы – бұл батыл болжамдар мен олардың тоқтаусыз теріске шығарылуының тарихы. Сондықтан, фальсификациялық тексерістер барысында қателіктер табылған ғылыми теорияларды ақиқат деп тану қажет, себебі сыннан өткен теориялардың ғылыми әлеуеті сенімдірек болады. Поппер ғылыми білім мен ғылыми емес білімнің ара жігін анықтап алу қажет деп санайды. Әр түрлі болжамдардың қойылуы және олардың теріске шығарылуының, сынға ұшырауының арқасында ғылыми білім өседі. Егер ғылыми тұжырымдамаларды теріске шығаруға мүмкін болмаса (жартылай болса да), онда оларды ғылымның емес, діннің аясына жатқызу керек. Поппер бойынша, ғылыми білім жаңа ғылыми деректерді тоқтаусыз жинақтаудың арқасында өспейді, ол ғылыми теорияларды қайта-қайта теріске шығарудың және оларды қатесіз, одан да жақсырақ теориялармен алмастыру арқылы өседі, мұндай амалды Поппер фальсификация принципі деп атайды. Басқаша айтқанда, ол таным теориясында өзіндік бетбұрыс жасағысы келді: объективті шындыққа жақындау үшін, теория мен тәжірибенің айырмашылығына негізделіп, ақиқатты іздеу жолын «керіден» бастау керек. Бұрмалау технологиясы қойылған сауалға біржақты жауап («иә» немесе «жоқ») алуға мүмкіндік береді. Өз тұжырымын дәлелдеу үшін Поппер неодарвинизм идеялары мен эмерджентті (эволюциялық) даму принципін пайдаланды. Ғылымның дамуы үшін қажетті құралдарға тіл, мәселенің қойылуы, болжам және жаңа проблемалық жағдайлардың туындауы, бәсекелес теориялардың болуы, пікірталас барысындағы сын жатады деп санайды Поппер. К.Поппердің ең алғаш жарық көрген еңбегі «Logik der Forschung» (Зерттеудің логикасы. Вена, 1934) ғылым философиясына арналған. «Ғылыми жаңалықтың логикасы» атауымен ширек ғасырдан кейін (1959) басылып шыққан бұл кітаптың ағылшынша нұсқасы танымалдылыққа ие болып, классикаға айналды. К. Поппердің «Ұсыныстар мен теріске шығарулар», «Объективті білім: эволюциялық әдіс», физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, ағылшын нейрофизиологы Дж.Эклспен бірігіп жазған «Жеке тұлға және оның миы» еңбектері де ғылым философиясы мәселелеріне арналды. Тарихшы және ғылым философиясының әдіскері К.Поппер әлеуметтік инженерия, ғылыми космология, кванттық механика мен физика және ғылыми білімнің басқа да көптеген салаларымен айналысты. Ол кванттық механика философиясының ғылым философиясындағы алатын орнына баға берді. Кванттық механика философиясы – ғылым философиясының едәуір өңделген бөлімдерінің бірі, бұл бөлім осы пән ғылыммен тікелей байланысқа түседі. Байланыс барысында ғылымдағы күрделі мәселелерді алға тартып, олардың шешімін тауып қана қоймай, ғылымның математикалық және тұжырымдамалық әдістерін де игереді. Кванттық механика философиясы физика философиясының парадигмасы қызметін атқарады деп айтуға да болады. Өткен ғасырдың басындағы ғылым философиясының дамуын анықтайтын мәселелердің бірі демаркация мәселесі (бұл терминді К.Поппер енгізді). Әңгіме ғылым мен бейғылымның арасындағы шекараны анықтау жайында болып отыр. Ол былай жазды: «Ол уақытта мені «теория қашан ақиқат болады?» және «теория қай кезде жарамды болады?» деген мәселе қызықтырған жоқ. Мен алдыма басқа мәселе қойдым. Мен ғылым мен жалған ғылымның арасындағы айырмашылықты анықтағым келді, себебі ғылым жиі қателесуі, ал жалған ғылым кездейсоқ ақиқатты ашуы мүмкін екендігін жақсы білдім». Бұл сауалға ең кең тараған жауап, ғылымның жалған ғылымнан (немесе «метафизикадан») айырмашылығы, ол фактілерге, эмпирикалық әдістерге сүйенеді. «Вена үйірмесі» аясында қарқынды дамыған тұжырымдама ХХ ғасырдың ірі философы Л. Витгенштейн тарапынан ұсынылды. Ол «шынайы бақылау барысында ұсынылған немесе верификацияланған ұсыныстарды ғылыми деп тануға болады» дейді. Осы жерден, ғылымилыққа үміткер кез келген теория тәжірибемен тексерілуі қажет дегенді ұғамыз. Поппер бұл тезисті сынға алады. Оның ойынша, бақылаудың өзі қандай да бір теориялық қойылым мен болжамның арқасында орындалады. Ешнәрсеге сүйенбей жәй бақылау жүргізуге болмайды. Бақылау барлық уақытта жоспарланып, белгілі мақсатқа арналады, ол өз бастауын рационалды ойлаудан бастайды, біз бір міндеттен келіп шығып, оны шешуге қажет деп тапқан нәрсені бақылаймыз. Сондықтан, Поппер бойынша, схоластика мен казуистикадан еркін және бақылаушы тарапынан табиғатқа қойылатын сауалдарға негізделген сыншылдық білімді жаңартуға негіз болады. Табиғат, – дейді ол, – қандай да бір теорияның ақиқаттығы туралы нақты жауап бере алмайды, ол тек «жоқ» деуі мүмкін. «Ғылыми жаңалықтың логикасы» еңбегінің алғысөзінде Поппер өзінің ғылым философиясын ғарышнамаға, «дүниетанымға, әлемнің бір бөлігі ретінде өзін-өзі (өз білімін де) тануға қатысты сипаттайды. Бүкіл ғылым ғарышнама, мен үшін философияның маңызы, ғылымнан кем емес». Поппердің идеалы – сынау еркіндігін ұстанатын ашық қоғамдағы ашық ғылым. Ғылымның ашықтығы дегеніміз ғалымдардың философиялық пікірталастарға қатысуы және «метафизикалық зерттеу бағдарламасын» жасауы. Ғалымдар философия мен дұрыс мағынаға құрметпен қараған кезде ғана ғылым ашық жүйе бола алады. Мұнымен, дұрыс мағынаның философиялық доктриналары мен жорамалдарына сынмен қарамау қажет деуге болмайды. Ғылыми «шындықта» тәрізді философиялық тұжырымдар да үнемі өздерінің өмір сүруге құқықтылығын дәлелдеп тұруы тиіс. Олар өзара бәсекелестікке түседі және өздерінің батылдық, анықтық, өнімділік секілді қасиеттері бойынша сынға ұшырайды. К. Поппер позитивистердің ғылыми білімді логикалық талдау доктринасының әлсіздігіне бірден назар аударды. Ол ғылымның негізінен кемшіліксіз объектілермен жұмыс жасайтынын атап өтті. Бұл объектілер позитивистік ғылыми таным тұрғысынан алғанда хаттамалық ұсыныстармен анықтала алмайды, сол үшін мәнсіз деп есептелінеді. Вена үйірмесі мүшелерінің көпшілігімен жақын қарым-қатынаста болғандықтан, Поппер логикалық позитивистердің мақсаттарын іштей білу және түсіну мүмкіндігіне ие болды. Соның арқасында ол позитивистердің ғылыми таным бойынша логикалық доктриналарының дәрменсіздігі және өмірге қабілетсіздігін бірден түсінді. Логикаық позитивистердің ғылыми танымды іздеудегі таңдаған жолының болашағы жоқтығын түсінген Поппер басқа жолды дұрыс көреді, яғни ғылыми білімнің дамуын талдауға көшеді. Позитивистерге ұқсамайтын бұл жолда философия ғылыми білімді қалыптастыру және дамыту қызметін атқарады деп санайды Поппер. Әдістеменің міндеті ғылыми білімнің өсу механизмдерін зерттеу деп мәлімдейді Поппер, сөйтіп ғылыми танымды құрайтын түсінілген және қабылданған ақиқатқа негізделеді. Ол «ғылымның ақиқатқа қатысы жоқ, өйткені ғылыми-зерттеу қызметі әлем туралы болжамдарды тудырады, ықтимал теориялар мен заңдарды құруға негіз болады» деп сендіреді. Сондықтан да, философияның міндеті – ақиқатқа жақындауға мүмкіндік беретін жолды табу. Поппердің логикалық-әдістемелік тұжырымдамасында фальсификация принципі механизмі бар. Эмпирикалық деректермен теріске шығарылатын заңдар ғана ғылыми бола алады, – деп санайды ол. Теориялардың ғылым фактілерімен теріске шығарылуы осы теориялардың ғылымилығының өлшемі болады деп көрсетеді «Ғылыми жаңалықтың логикасы» еңбегінде. Фальсификация және демаркация теорияларының идеялық мазмұны ғалымдарды дүниетанымдық өлшемге алып баратындай үлкен мәнге ие. Поппердің «ашылымның қисыны» тұжырымдамасының негізінде ғылымда ешқандай ақиқаттың да және ақиқатты ашу өлшемінің де жоқтығы туралы сенім идеясы жатыр. Сондықтан, ғылыми қызметтің мәнін ақиқатты іздеу деп түсіну қажет емес, ол қателіктер мен шатасушылықты анықтауға бағытталады. Бір қарағанда, теорияларды теріске шығару және жаңа теорияларды іздеу үдерісі ғылыми білімді дамытуды көздейтін позитивті үдеріс ретінде көрінеді. Алайда попперлік ғылым түсінігінде бұл даму жоғарыда аталған себепке қатыссыз жүреді, ол табиғаты бойынша өзгермелі болады. Бір теорияның орнын екіншісімен алмастырылуы – ғылымдағы бөлшектік үдеріс. Бір-бірін алмастырып отыратын теориялар өзара сабақтастыққа ие болмайды, керісінше, жаңа теория ескі теорияларға мүлдем ұқсамайтындықтан жаңа деп аталады. Ескінің орнына келген жаңа теорияның мәні мен құндылығы оның мәселені шешудегі жоғары қабілеттілігінде. Егер жаңа теория шешуі тиіс болған мәселелерді күтілгеннен де асығырақ шешетін болса, онда бұл теория сөзсіз прогрессивті деп саналады. Осыдан ғылымдағы прогресс дегеніміз мазмұны жағынан неғұрлым күрделі мәселелерді шешуге деген беталыс ретінде, ал осы прогресс кеңмәтініндегі білімнің өсуі бір мәселенің басқасымен алмастырылуы және «мәселені қозғайтын» теориялардың кезектесуі деп түсініледі. Поппер эволюциялық-биологиялық парадигмаға бағдарланған физикалистік монизмге ұқсас (физикада қолданылатын таным әдістерін абсолюттендіретін) теорияны жасайды. ХХ ғасырдың 70-80 жылдары жазған еңбектерінде, әсіресе Джон Экклзбен бірігіп жазған «Жеке тұлға және оның миы. Интеракционизмнің дәлелі» еңбегінде жеткілікті деңгейдегі тұтас және жалғаспалы метафизиканы жасайды. Ол мұны «болжам» және «сынақ» теориясы деп атайды да, гносеологиялық тұрғыдан физикалық теорияға жатқызбайды. Алайда, осыған қарамастан теория деп саналады, себебі одан шығатын нәтижелер фактілермен дәлелденеді. Поппер Әлемде үш ақиқат (реалий) бар: физикалық құбылыстар әлемі, атомдар, өрістер мен күштер немесе «қатты материалдық заттар» – ағаштар, үстелдер және т.с.с. – бұл объективті шындық; менталды немесе психикалық күйлердің – сананың субъективті күйінің, диспозиция және т.с.с. әлемі – сананың күйі және оның белсенділігі; ойлаудың объективті мазмұны мен адам ақылы өнімдерінің әлемі. Бұлар – болжамдар, мәселелер, ғылыми теориялар, машина, сәулет, ғимарат, кітап түрінде материалданған жобалар. Генетикалық жағынан әлемдердің барлығы бір-бірімен өзара байланыста. Олардың физикалық әлемде кездейсоқ орналасуы салдарынан органика мен психика туындады. Жануарлардың психикасындағы мутациялар тілдің және «толық саналылықтың» пайда болуына негіз болды, осының арқасында әлемде саналы қызметтің нәтижелері жарыққа шыға бастады. Үшінші әлем құрылғаннан соң «әлемдердің барлығы адам болмысының алдында ашық күйге өтті». Неопозитивистермен салыстырғанда, Поппер ғылыми білімнің бірқатар ерекшеліктерін ашты, оның идеялары көбіне ғылым әдістемесі мен тарихын синтездеуге көмектесті. Ал Поппер идеяларының сынға ұшырауы бүкіл постпозитивистік бағытты әрі қарай дамытатын қозғалтқыш күшке айналды. Оның теориясы «бұрмалауға», сынға ұшырады, ал осының барлығы оның идеяларының ғылыми орталарда мойындалуына себеп болды. Поппердің ғылым философиясы сыншыл ғана емес, ол қайшылыққа толы. Оның философиясындағы конструктивті идеялар логикалық позитивистердің, тоталитаризм идеологтарының, лингвистикалық философтардың көзқарастарын бұрмалау және теріске шығару барысында тозығы жетті. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында ол сыни назарын дәстүрлі философияның «соңғы бекінісіне» шабуыл жасаған сана философиясына аударды. Бұл философияның енуі әр түрлі фронттар арқылы және түрлі белгілер астында (У.Куайнның, Г.Фейглдің, А.Куинтонның, Б. Скиннердің, Д.Армстронгтың, Дж.Смарттың теориялары пайдаланылды) орын алды. Әр түрлі ұстанымдар – теңдестіру теориясы, психофизикалық параллелизм, эпифеноменализм, функционализм және т.б. қалыптастырылды. Бұл ретте тән және рух мәселесін алып тастауды ұсынған, неопозитивистердің дәстүрін жалғастырушы физикалистердің бірқатар негізгі мәселелер бойынша көзқарастары басты сарынды құрады. Физикализмнің түрлі нұсқаларының жалпы ортақ қорытындысы бойынша адам басындағы менталды құбылыстар жайлы, ерік бостандығы және т.б. туралы дәстүрлі интуитивті ойларды теориялық тұрғыда түсіндіріп жеткізу мүмкін емес. Адам нейрофизиология, мінез, тіл және қарым-қатынастан бөлек ешнәрсе емес. Себебі әлемде физикалық жаратылыстан басқа нақты жаратылыс жоқ, физиканың тілін ғана онтологияға сәйкес жалғыз тіл деп қабылдауға болады. 3.5 Имре Лакатостың ғылыми-зерттеу бағдарламалары туралы тұжырымдамасы К. Поппердің шәкірті И.Лакатос (1922-1974) ұстазының идеяларын қайта құрып, әрі қарай дамытты. Бұл ретте ол ғылым философиясындағы тарихнамалық бағытты ұстануды жалғастырды. Өзінің басты еңбегі – «Фальсификация және ғылыми-зерттеу бағдарламаларының әдістемесінде» ол өзінің ғылыми әдістемелік моделін ұсынды, оның «ішкі тарихын», сондай-ақ ғылыми білімнің қалай және ненің арқасында дамып отырғандығын сипаттап түсіндірді. Лакатос бойынша эмпирикалық ғылымдар да, теориялық ғылымдар да белгілі бір логикалық талаптарды басшылыққа алуы және бірқатар логикалық ережелер мен заңдарға бағынуы тиіс. Бұл – ғылыми білімнің өсуіне қажетті міндетті жағдай. Попперлік ғылым үлгісін қайта құра отырып Лакатос өзінің «Ғылым тарихы және оның оңтайлы ұйымдастырылуы» еңбегінде оңтайлылықтың өлшемдері бола алатын төрт түрлі әдістемелік доктринаны сипаттады. Олардың ішіндегі алғашқы үшеуіне – индуктивизм, конвенционализм, әдістемелік фальсификационизмге ғылымды оңтайлы ұйымдастыруда «тиімсіз» деп баға берді. Поппердің фальсификационизм тұжырымдамасын ғылым тарихымен байланыстыра отырып, Лакатос өзінің төртінші доктринасын ұсынды. Бұл доктрина ғалымдардың танымдық қызметін, ғылыми зерттеудің логикасын және ғылымның тарихи дамуын зерттеуге және түсіндіруге мүмкіндік береді. Ол мұны ғылыми-зерттеу бағдарламаларының (ҒЗБ) тұжырымдамасы деп атады. ҒЗБ Поппердің эпистемологиясымен сабақтастықты сақтап қалады. Лакатос бойынша, идеялар әлемі ғылыми білімнің өсуінің бастапқы моделі болады. Идеялар әлемінде білім дербес дамып, танымның «ішкі тарихы» жүзеге асырылады. Поппердің ойынша, бір теорияның орнына басқасы келеді де, ескі теория толықтай теріске шығады, осының арқасында ғылым дамиды. Ал Лакатосқа сүйенсек, білімнің өсуі зерттеу бағдарламаларының арасындағы бәсекелестіктің арқасында орын алады. Теориялар емес, дәл осы зерттеу бағдарламалары ғылым дамуының іргелі бірліктері болады. Теориялардың үздіксіз кезегінен тұратын зерттеу бағдарламалары алмасып отырады, осының арқасында «пісіп-жетілген» теориялық ғылым дамиды. Лакатос бойынша, ғылыми-зерттеу бағдарламасы – бұл рационалды негіз, едәуір маңызды идеялардың, теориялар мен болжамдардың жиынтығы. Оның қатты ядросы бар (бастапқы негіз), бұл ядро ғылыми қауымдастық мүшелері тарапынан конвенционалды (келісім бойынша) түрде қабылданады, сол үшін оны теріске шығару мүмкін емес. Ғылыми-зерттеу бағдарламасының көмекші жорамалдардан тұратын «қорғаныш белдеуі» бар, бұл жорамалдар ғылыми-зерттеу бағдарламасын негіздеуде, оның бастапқы элементтерін ұйғаруда және ғалымдардың танымдық әрекеттерін түсіндіруде беріледі. Бұл ғылыми зерттеуде не нәрседен алшақ болу қажеттігін алдын ала көруге мүмкіндік береді. Ғылыми-зерттеу бағдарламаларының құрамында әдістемелік «зерттеу ережелерінің» жиынтығы бар, мысалы, оң және теріс эвристика, ауытқулар, контрмысалдар, көмекші болжамдар, қарама-қайшылықтар және т.с.с. Позитивті эвристика зерттеу мәселелерін іріктейді, бағдарлама аясында құрылған теорияларды жетілдіру жолдарын, теориялардың контрмысалдар мен ауытқуларға бейімделуін анықтайды; негативті эвристика қажетсіз әдістемелік амалдарды, сондай-ақ теріске шығарушы фактілерді теорияның өзегінен қорғаныш белдеуіне алмастыру тәсілдерін көрсетеді. Зерттеу бағдарламасы теориялардың тарихи дамуы барысында жүзеге асырылады. Ал теориялардың әрқайсысы алдыңғысынан модификациялану жолымен, яғни өзіне қарсы эксперименталды контрмысалдарға тап келу арқылы туындайды. «Қатты өзек» бағдарламаның бір теориясынан басқасына өтіп отырады, ал көмекші болжамдардан тұратын қорғаныш белдеуі ішінара құлдырауы мүмкін. Ғылыми-зерттеу бағдарламасының басты құндылығы – оның білімді толықтырушы ғана емес, жаңа фактілерді алдын ала болжау қабілетінің болуы. Қандай да бір құбылыстарды түсіндіру барысындағы қарама-қайшылықтар мен қиыншылықтар ғалымдардың оларға деген көзқарасына әсер етпейді. Теориялық жағынан мықты идея барлық уақытта қорғауға тұрарлық. Жаңа болжамдарды алға тарту үшін ескілерді теріске шығару қажет және олардан бас тарту керек деген қағиданы ұстанатын Кунның «парадигмасы» мен Поппердің моделіне Лакатостың көзқарасы кері келеді. Ол ғылыми білімнің дамуын ішкі интеллектуалды өлшемдер тұрғысынан түсіндірді. Лакатос теорияны теріске шығару үшін жалғыз ғана эксперимент жеткіліксіз деп санады, ол «ескі ғылыми-зерттеу бағдарламасынан жаңасына өту үшін бағдарламаның «қатты өзегі» толықтай жойылуы қажет, сонда ғана бұл теория жаңа болып саналады» деп көрсетті. Осылайша, Лакатостың жаңашылдығы Поппердің бинарлық қақтығысу (теория – эксперимент) идеясын тернарлық (төртжақты) қарсы тұру (бәсекелес ғылыми-зерттеу бағдарламалары – эксперимент) идеясымен алмастыруында болып отыр. Оның ойынша, ғылымды дамытудың басты көзі – теориялар мен эмпирикалық деректердің өзара әрекеті емес, ал бақыланатын құбылыстарды сипаттау мен түсіндірудегі зерттеу бағдарламаларының бәсекелестігі және ең маңыздысы фактілерді алдын ала болжауы. Лакатостың тағы бір маңызды жетістігі – ол попперлік сыни рационализм бағытынан зерттеушінің тұлғасына «бұрылыс» жасады. Оның ойынша, ғылыми-зерттеу қызметі – алдын ала бекітілген ережелер бойынша жүретін «ғылыми ойын». Бұл ережелер ғалымның әрекетінің ұтымдылығына баға береді, ғылым мен жалған ғылымды ажырататын өлшем, сондай-ақ «ғылыми әділдік кодексі» (memento mori) болып табылады. Бұл ғалымның өзі құрып отырған теориясын асыра бағалаудан сақтайды, яғни кішіпейіл әрі ұстамды болуына көмектеседі. Ғалым үшін маңыздысы оның қандай ғылыми-зерттеу бағдарламасының және теорияның аясында әрекет етіп отырғанын білу. Бұл теориялар мен бағдарламаларды салыстырып талдауды қажет етеді. ҒЗБ-ның ғылыми зерттеудің бастапқы пункті ретінде қабылдануы «теориялық ғылымның» дербестігі мен танымдық құндылығын көрсетеді, Лакатостың ойынша, ғылыми зерттеудің попперлік моделі мұндай мүмкіндікке ие емес. ҒЗБ аясында ғылымның даму сипаты бұл тұжырымды Т.Кунның «қалыпты ғылымды» дамыту теориясымен жақындастырады. Алайда, кундық эвристиканың таза негативті сипаты ғалымдардың ғылыми білімнің дамуы қалай орын алады деген сауалға жауап беруін қиындатты. Куннан ерекшелігі, Лакатостың тұжырымдамасында ғылыми білімнің жоғарылауы «ғылыми қауымдастықтың» психологиясы арқылы емес, осы үдерістің объективті логикасының негізінде түсіндіріледі. Оның ойынша, зерттеу бағдарламасы жаңа фактілерді «болжай отырып», эвристикалық қызметті сәтті атқарса ғана өркендейді, яғни оның теориялық дамуы эмпирикалық өсімге себеп болуы қажет. Сондай-ақ, бәсекелес бағдарлама тарапынан болжанған жаңа фактілерге кешіккен түсіндірмелер берсе ғылыми бағдарлама кері шегінеді. Егер бір зерттеу бағдарламасы басқасына қарағанда озығырақ түсіндірме берсе, онда ол екіншісін ығыстырып тастайды. Сонымен, Лакатоста попперлік сыни рационализм өзінің негативті-жойғыш сипатынан айырылып, конструктивті сипатқа ауысады. Зерттеу бағдарламаларының әдістемесі тұрғысынан алғанда сыни рационализм қағидаларын ұстану арқылы теориялық жүйе теріске шығарылмайды, керісінше сәйкес тұжырымдар жасалады. Бұл мәселені жан-жақты көзқарас бойынша қарастыруға мүмкіндік береді. Кез келген ғылыми тұжырымның күшті және әлсіз жақтары бар. Ғылыми-зерттеу бағдарламасы идеясы қазіргі ғылымдағы терең өзгерістерді түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Лакатостың тұжырымдамасында ғылыми зерттеудің шынайы құрылымы «ғылыми ойынның ережелерімен» алмастырылады. Бұл ережелердің ақиқатпен ешқандай байланысы жоқ. Лакатос бойынша, ғалымның қызметінде әлдебір жаһандық тұлғалық аядан тыс үдеріс, «метафизикалық принцип» жатыр. Алайда, қабылданған бастапқы заңдылықтардың аясында бұл принципті негіздей алмады. |