Главная страница
Навигация по странице:

  • З. Фрейд

  • «либидо»

  • Архетиптер туралы ілімді

  • Еркіндіктен қашу», «Болу немесе ие болу», «Дзе н- буддизм және психоанализ

  • Елесқұрсауынан. Менің Маркспен Фрейдке тап болуым

  • 7 БӨЛІМ БІЛІМ БЕРУ ФИЛОСОФИЯСЫ МЕН ПЕДАГОГИКАНЫҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ 7.1 Білім берудің дәстүрлі жүйесі

  • Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде


    Скачать 2.7 Mb.
    Название1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
    АнкорФилософия
    Дата13.12.2022
    Размер2.7 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаtreatise34769.docx
    ТипДокументы
    #842973
    страница15 из 17
    1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

    10.4. Психоаналитикалық философия

    (З. Фрейд, Э. Фромм, К.Г. Юнг)

    Психоанализ (психикалық талдау) – бұл З.Фрейд дамытқан санасыз психикалық процестер мен құбылыстарды зерттеу және түсіндіру әдісі. Оның мәдениетті, қоғам мен адамды ұғынуға арналған гуманитарлық пәндердің кешеніне таралуы Жаңа уақыт адамының дін аясынан «шығып кетуімен» шартталады. З. Фрейд (1856-1939 жж.) осы әдістің негізін қалаушы, санасыз құбылыстардың табиғаты мен нышанын «Түс жору» (1900), «Тотем және табу» (1913), «Психикалық талдауға кіріспе бойынша дәрістер» (1915-1917), «Қанағаттану принципінің екінші жағы» (1920), «Мен және Ол» (1923) «Психикалық талдау очеркі» (1938) жұмыстарында зерттеген.

    Фрейд адамның психикасы бір-біріне қарама-қарсы, өзара «саналыға дейінгімен» ажыратылатын екі аядан – саналы және санасыздан тұратындығын көрсеткен. Санасыздық аясының адам өмірінде атқаратын рөлі ұланғайыр. Ол адаммен үнемі басылып келсе де, кейде түс көру, оқыс айтылыс, жаңылыс жазба, еріксіз қимыл, невроз түрінде сырттан көрініс тауып жатады. Санасыз құбылыстар иррационалды әрі уақытқа тәуелсіз. Фрейд бойынша барлық «рухани процестер негізінен санасыз болып келеді». Сана санасыздықтан жоғарырақ тұрады, ол сыртқы әлемнің із-таңбасы бола тұра, осы әлем мен санасыздық арасындағы делдал рөлін атқарады.

    Адам өміріндегі санасыздық пен түйсіктің рөлін анықтай келе, Фрейд психологияға өз мағынасына қарай екі қарама-қарсы ұғымды енгізеді – «либидо» (жыныстық түйсік, «тіршілікті жаңғыртуға ұмтылатын» сексуальды энергия) және «мортидо» (адам бойына туа біткен өлімге ұмтылыс түріндегі бастау).

    Фрейдтің пікірі бойынша, либидо қандай да бір нақты жас кезеңінде пайда болмайды, ол адамға туа бітетін қасиет және ол түрлі нышанда, мәселен, «эдип кешені» түрінде көрініс табуы мүмкін. Туылған сәтте сәби тұтастықпен, яғни анасымен ажырау түрінде жанжарақатын басынан кешеді; бұған әкесі кінәлі болады, сондықтан ол санасыз түрде «әкесін өлтіруді» қалайды (бұл сондай-ақ, масаттанумен, табынушылықпен, бақталастықпен байланысты болады). Фрейдпен аталып кеткен «балалық сексуалдық» емшектегі нәрестелерге тән соруда көрініс табады, адамның эрогенді аймағы ретінде бастапқыда ауыз саналады.

    Фрейд бойынша, адам сексуалдығының дамуы, дәлірек айтқанда, эволюциясы рекапитуляция заңы бойынша жүзеге асырылады.Осыған сәйкес әрбір жеке тұлға өзінің жеке, онтогенетикалық дамуында түр эволюциясының кезеңдерін қайтадан басынан кешіреді.

    Фрейдтің пікірі бойынша, сексуалдық әуестік энергиясы жанама немесе тікелей түрде көрініс табуы мүмкін. Ал аталған энергия тікелей көрініс таппаса және сублимацияланбайтын болса, ол түрлі жүйке және психикалық ауруларын тудырады. Либидоның жұмыс істеу механизмі мен табиғатын негіздей келе, Фрейд «сублимация» (орнын басу, айналу) ұғымын пайдаланып, сексуалдық әуестік әлеуметтік тұрғыда неғұрлым құндырақ шығармашылық энергияға айналуы мүмкін екендігін алға тартады. Соңғы жұмыстарында ол «либидо» ұғымымен сексуалдық әуестікті ғана емес, сондай-ақ, адам сүйіспеншілігінің, соның ішінде достық пен ата-аналық махаббат аясын да қамтиды.

    Фрейд бірдей әуестіктер жан күйзелісін тудырып, «адам рухының мәдени, көркем және әлеуметтік құндылықтарын қалыптастыруға қатысады, олардың қосатын үлесін бағаламауға болмайды» деп санайды.

    «Тотем және табу» жұмысында Фрейд психоанализ әдісін жалпыадами мәдениеттің аялары мен діни сенімдердің ерте кезеңдегі нышандарына таратады. Сол арқылы ол ХІХ ғ. социологиясы мен антропологиясының дәстүрлері рухында адам тіршілігін биологияландыруды жүзеге асырады. «Мен және Ол» кітабында Фрейд психология мен философияны жақындастыруға әрекет жасап, жеке тұлғаның үлгісін негіздейді: оның құрылымы мен қорғаныс механизмдерін сипаттайды. Тұлға құрылымы Фрейд бойынша «Оны» (санасызды), «Мені» (санасызға дейінгіні) және «Менен жоғарыны» (ұят түрінде көрініс табатын сана) қамтиды. «Менен жоғары» болған кезде, адам психикасы бірыңғай тұтастық ретінде әрекет етеді.

    Фрейд өзінің тұжырымдамасының негізінде адам – бірегей жаратылыс екендігін, бірақ өз-өзімен, қоғаммен және мәдени қағидалар әлемімен мәжбүрлі үздіксіз соқтығысуы оның тағдыры болып табылатындығына қарамастан, ол «Менен жоғарының» көмегімен өзінің соқыр сезімін бағындырып, іс-әрекеттерін шығармашылық арнаға бағыттау арқылы оларды шеше алатындығын қорытындылайды.

    Адам жан дүниесінің тұңғиығында саналы «Мен» және «Менен жоғары»-дан басқа санасыз «Ол» да жасырынатындығы Фрейдтің жаңалығы болып табылады. Егер философияда адамның рухы бейнебір мінсіз нәрсе ретінде қарастырылатын болса, Фрейд адамның рухани өмірін генетикалық жолмен берілетін «Ол» арқылы анықталады деп санайды. Бұған қоса, Фрейд «Оның» табиғаты туралы ешбір жерде анық әрі нақты пікір айтпаған. Сексуалдық әуестік энергиясымен байланысты «Ол» адам бойындағы биологиялық бастау ретінде болуы тиіс. Дегенмен деректер деңгейінде адам бойында мұндай бастаудың бар болуы расталмайды. Осының нәтижесінде Фрейд «Ол» туралы адамның мінез-құлығының ерекшеліктерін түсіндіретін бейнебір «ойша құрылым», өнер табыс ретінде айтады.

    Оның ілімі ХХ ғасыр мәдениетіндегі негіз қалаушы құбылыстардың бірі – қоғамның рухани өміріндегі дағдарыстың ғылыми базасының кірпішін қалайды. Бірақ бұл биологиялау әдістерімен жүзеге асырылады. Фрейд ілімінде мәдениет пен жаратылыс, норма мен патология – бәрі де орнымен ауысады. Ғасырлар бойына қалыптан тыс әуестік болып саналған нәрселер Фрейд теориясында либидоның қалыпты дамуындағы жай ғана кезең ретінде, және керісінше, әдеттегі мәдени өмір сексуалдық энергияны «жаратылысына қарсы» қолданудың нәтижесі болып шығады. Бұдан әрі осы тәрізді «бұрмалаулар» постмодернизмнің негізіне айналады, осылайша рухани өмір дағдарысы өзін «ғылыми» тұрғыдан ақтап шығып, тұлғаның патологиялық күйі – норма дәрежесіне ие болады.

    Фрейд ілімінің мықты тұстарын сақтап қалып, оның айқын биологизмін жоюға деген ұмтылыс ХХ ғасырда психологияда бірқатар бағыттардың, соның ішінде швейцариялық психолог, психиатр және философ К.Г.Юнгтің (1875-1961жж.) «қауымдық санасыздық» тұжырымдамасының қалыптасуына себеп болды. Ол адам психикасында сана мен жеке санасыздықтан басқа бүкіл адамзатқа ортақ қауымдық, нәсілдік санасыздық болатындығын анықтайды. Бұл адамды күллі адамзатпен, табиғатпен, ғарышпен және Әлеммен байланыстыратын қауымдық жады. Қауымдық санасыздық аясы өткенге бағытталып қана қоймай, «болашақты та болжай алады».

    Юнг адам психикасының бастапқы әрі анағұрлым ежелгі «түпкі негізін» «қайта құрудың» өз әдісін жасап, оның адамзаттың баршаға ортақ тайпалық жадысының «архетиптерін» бөліп көрсетеді. Юнг іліміне сәйкес, архетиптер біздің психикамызды (және мінез-құлығымызды) тура емес, қайталанатын символдар арқылы жанама түрде айқындайды. Осы символдардың көмегімен архетиптер адамға нуминозды, яғни сиқырлы әсер етеді. Архетиптің күш-қуаты онда ежелгі адамның дүниені қабылдауы, ішкі толғаныстары мен бағдарлануы барысында жинақтаған тәжірибесі жинақталуымен байланыстырылады.

    Архетиптер туралы ілімді қалыптастырған Юнг олардың шығу тегі мен табиғатын бір мағыналы түрде түсіндіре алмаған, ол тек ұжымдық санасыздық «ортақ рух» ретінде архетиптердің жиынтығы (адамзаттың тайпалық жады) болып табылатындығын мәлімдеумен шектелген. Архетиптер – бізге миымыздың құрылысымен бірге мұралыққа өтетін әмбебап образдар, жоғары ақиқаттар, адамзаттың «шифрленген» тарихы. Адамның мақсаты – архетиптердің «шифрін тауып», оларды ұғыну. Кейін Юнг архетиптерге мұндай түсініктеме беруден алшақтап, неғұрлым мистицизмге бой алдырған.

    «Кемеліне жеткен» Юнг ілімінде архетиптер арқылы адамзаттың психикалық тәжірибесінен гөрі, сол тәжірибе көлеңкесінде тұрған «белгісіз мән» анықтала бастайды. Архетиптерді зерттей келе, ол алхимиялық мәтіндер мен парапсихологиялық феномендерді, карма мен реинкарнация туралы шығыс ілімдерін қолданып, архетипті психиканың мифологиялық көріністерді қалыптастыруға, «адамдардың психикалық энергиясының реттеуіштері» ретінде Құдайлар мен әзәзілдерді ойлап табуға дайындық түрінде түсіндіреді.

    Юнг бойынша діни символдар мен дәлелденбеген қағидалар адамдағы саналы мен санасыздың арасындағы қарым-қатынастарды үйлестіреді. Бірақ еуропалық өркениеттің тарихы – үйлесімнің қирауына әкелетін жол. Еуропалықтар мен американдықтар, Юнгтің пікірі бойынша, біртіндеп бүкіл әлемдегі тіршілік пен сананың дәстүрлі нышандарын күйреткен. Реформация мен Ағартушылық, кейін жаратылыстанудың кеңінен өріс жаюы, оның ойынша, «қауымдық есалаңдықтың қиратушы күшіне» айналған өзіндік вакуумды қалыптастырған.

    Сана мен санасыздың арасында жаңа үйлесім ізденісі барысында Юнг өз ілімін жиі «батыс йогасы» деп атаған. Дегенмен Юнг ілімінің ресми атауы – аналитикалық психология. Ол ХХ ғасырда философияның, эстетиканың дамуына, мифологияның зерттелуі мен түсіндірілуіне үлкен әсер етті.

    Фрейдтің Юнгтен басқа тағы бір атақты ізбасарлары қатарындаЭрих Фромм (1900-1980 жж.) болды, оның ілімі – фрейдшіл, марксистік және экзистенциалдық идеялардың синтезі. Өзінің көзқарастарын ол «радикалдық гуманизм», «диалектикалық гуманизм», «гуманистік психоанализ» ретінде сипаттаған. Фромм көзқарасының қалыптасуындағы Фрейд пен Маркстің ерекше рөлі оның ілімін фрейдомарксизм деп атауға мүмкіндік береді.

    «Еркіндіктен қашу», «Болу немесе ие болу», «Дзен-буддизм және психоанализ» сияқты бірқатар жұмыстарында Фромм адамның гуманистикалық тұжырымдамасын жасаған. Ол адам баласының табиғатын биологиялық, әлеуметтік және экзистенциалдық тұрғыдан қарастырады. Ол адам «нақты туа біткен механизмдермен заңдар синтезіндегі тарихи эволюцияның нәтижесі, ол – ақыл мен сана сезімге ие жаратылыс деп мәлімдеген. Сол себепті, өз болмысының кереғарлығын, ақыл мен табиғат, еркіндік пен қажеттілік, жеке даралық пен әлеуметтік арасындағы алшақтықты сезіне тұра, ол әрқашан таңдау алдында тұрады: «болу» немесе «ие болу», белсенді шығармашылық өмір сүру немесе «дүниелік нәрселер арасында өмір сүру».

    Қазіргі қоғамға сындарлы баға бере отырып, Фромм ондағы «кез келген әрекет экономикалық мақсаттарға тәуелді болғандығын, құрал мақсатқа айналғанын…» мәлімдейді. Бұл жағдайда адамзаттың тіршілік етуі үйлесімсіз әрі тым кереғар болады. Табиғатпен тұтастылықтан айрылу, келмеске кеткен үйлесімдікті қалпына келтіруге ұмтылыс адами тіршіліктің экзистенциалдық қарама-қайшылықтарын тудырады. Бұл адам өмірі мен оның өлім-жітімі, патриархат пен матриархат, гуманистік және авторитарлық сана, билік пен бағыну, жеке болмыс пен тарихи болмыс, адам мүмкіндіктері мен олардың жүзеге асырылу шектері, «біреуден еркіндік» пен «біреу үшін еркіндік» – жағымды және жағымсыз еркіндік арасындағы «дихотомиялар». Мұны жеңу үшін, адамның әлеммен және өз-өзімен бірлігін қалпына келтіру қажет. Фромм бұл қарама-қайшылықтарды жалпыға бірдей сүйіспеншілік пен қоғамдағы радикалдық әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді дәріптеу арқылы шешуге болады деп санайды. Адам сүюді үйренуі қажет. Сүйіспеншіліктен басқа, ол сенім мен үмітке мұқтаж. Сүйіспеншілікке деген сенім – жеке құбылыс емес, ол қоғамдық құбылыс, осы тұрғыдан ол адамның шынайы қажеттіліктерін қанағаттандырады.

    Фром өз ілімінде адам психикасының деңгейі немесе сатысы болып саналмайтын әлеуметтік санасыздықтан бастау алады. Оның пікірі бойынша, санасыздық – бұл психика жағдайы. Бұл қоғамның бірқатар «сүзгілері»: тіл, логика, әлеуметтік тыйымдар арқылы айқын саналықтан жұрдай қылған адамдардың идеялары, көңіл-күйлері мен ішкі толғаныстары.

    Фроммның келесі бір жаңалығы – оның адамның жеке мінез-құлқынан ажыратқан «әлеуметтік мінез-құлқы». Фромм «әлеуметтік санасыздық» пен «әлеуметтік мінез-құлық» идеяларының көмегімен қоғамның экономикалық базисі мен оның саяси-идеологиялық құрылымы туралы марксистік ілімді нақтылап, тереңдетуге тырысқан. Осының нәтижесінде «Елесқұрсауынан. Менің Маркспен Фрейдке тап болуым» атты жұмысы жарық көреді.

    Осы механизмдердін ақтылай келе, Фромм адамдар бұқарасының энергиясын нақты бір арнаға бағыттайтын «әлеуметтік мінез-құлық» туралы түсінікті қалыптастырады. Жекетұлға әлеуметтік мінез-құлықты аталмыш «әлеуметтену» барысында меңгереді. Бұл жағдайда әлеуметтік мінез-құлық құрылымы дәуірден дәуірге қарай өзгере отырып, Фромм іліміне сәйкес, тарихи уақыт экономикасы, саясатымен идеологиясы арасында органикалық байланысты қамтамасыз етеді.

    7 БӨЛІМ

    БІЛІМ БЕРУ ФИЛОСОФИЯСЫ МЕН ПЕДАГОГИКАНЫҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
    7.1 Білім берудің дәстүрлі жүйесі

    Білім берудің дәстүрлі жүйесі XVIII ғасырдың аяғында ХІХ ғасырдың басында Коменский, Песталоцци, Фребель, Гербарт, Дистервег, Дьюи және басқалардың еңбектерінің нәтижесінде қалыптасты. Олар ғылыми педагогиканың негізін салушылар болған, оның аясында білім берудің «классикалық» жүйесі (моделі) құрылды (мектеп). Бұл модель екі ғасыр бойы даму жолынан өтсе де, негізгі сипаты бойынша өзгеріссіз қалды.

    Білім берудің дәстүрлі жүйесі барлық уақытта белгілі бір қоғам мен мемлекеттегі мономәдениеттің қарапайым трансляциясын ұсынады. Білім берудің мұндай типінің басты міндеті адамзаттың түрлі салалар бойынша жинақтаған білімдерін оқушыларға жеке пәндер бойынша оқыту, бұл ағымдағы әлеуметтік-экономикалық институттар мен кешендерге қосылуға дайын мамандарды даярлау үшін қажет. Алайда, «білім алушының» арнайы даярланған және өңделген мәдени материалды игеруі оның «маман» болып шығуы үшін жеткіліксіз. Әрине, мұндай оқу-білім үдерісінде адам білім алу процесінің субъектісіне айналады, алайда тұлға ретінде өзін-өзі жетілдіре алмайды. Білім беру қызметінің дәстүрлі формалары – сабақ, сұрақ, жауап; дәріс, тапсырма, семинар – мазмұны жағынан да, формасы жағынан да тым авторитарлық (өктем).

    Бұл алдыңғы білім беру үдерісінің сипатын көрсетеді. Мұнда тұлғалық өзін-өзі тануға, өзін-өзі жетілдірудің шығармашылық амалдарын іздеуге мүмкіндік жоқ. Басқаша айтқанда, адамның қалыптасу үдерісі ретінде түсінілетін оқу-білім мүлдем білімге жатпайды.

    Осы жүйенің аясында Кант, Шлейермахер, Гербер, Гумбольдт, Гегель тұлғаға гуманистік білім беру және оның өзін-өзі тану идеясын алға тартып, мектептік және университеттік білім беру жүйелерін реформалау жолдарын ұсынды. Олар жасаған білім берудің философиялық тұжырымдамасы білім берудің ағартушылық тұжырымдамасының орнын басты. Ол білім берудің жаңа формаларын іздеуге, мәдени-адамгершілік құндылықтарға бағытталған бірқатар педагогикалық реформаларды жүргізуге мүмкіндік берді. В. Гумбольдттың бағдарламаға сәйкес жоғарғы білім беру реформасы ХІХ ғасырдың ортасында-ақ күрделі мәселелерге тап болды. Англияда білім берудің бұл жүйесі арнайы білім алуға және жаратылыстану бағытын дамытуға деген қоғамдық қажеттілікке қарсы келді. Осы жылдары елде ағылшын жаратылыстану ғылымы өкілдерінің (Фарадей, Тиндаль, Гершель) қатысуымен жаратылыстану ғылымдарын оқытуды дамыту қажеттілігі туралы пікірталастар орын алды.

    Бұл жаңа идеялар білім берудің классикалық парадигмасының идеалдарын, нормаларын қайта қарастыру қажеттігін тудырды. Бастауыш және орта білім беру жүйесінде басым болып табылатын гуманитарлық білім беру бағдары кейіннен жаратылыстану ғылымдарының пәндерімен толықты.

    Қазіргі уақытта білім берудің классикалық моделі толығымен жойылды: ол қазіргі қоғам мен өндірістің білім беруге қоятын талаптарына жауап бермей қойды. Орта білімнің міндеттілігі білім берудің ең күрделі мәселесі болып табылады, ағымдағы білім беру жүйесі дағдарысқа ұшырамайтындықтан, ол қоршаған әлемнің өзгерістеріне икемделуі қажет емес. Білім беру қандай да бір өзгерістерге жауап қайтаруға міндетті емес, ол жеткілікті дәрежеде қамтылған, сол үшін өмір мен өлімнің шегарасында тұрған жоқ, ол осы күйінде қанша мүмкін болса сонша өмір сүреді.

    Білім беру белгілі бір уақытта белгілі қоғам мен мемлекетте басымдылық танытып отырған мәдениетті тікелей трансляциялайды. Мұндай білім берудің басты мақсаты адамзаттың түрлі салалар бойынша жинақтаған білімдерін оқушыларға жеке пәндер бойынша оқыту, бұл ағымдағы әлеуметтік-экономикалық институттарға қосылуға дайын мамандарды даярлау үшін қажет.

    ХХ ғасырда постиндустриалдық, ақпараттық, заманауи қоғамға өту барысында білім беру саласы, оның құрылымы мен бөліктері, қызметі мен қатынасы, институттары мен субъектілері қарқынды дамыды. Мұндай өзгеріс білім беру ісін дағдарысқа ұшыратты, себебі білім беруге, оның мазмұнына және білім берудің мақсаттарына деген қатынас ескіріп қалды. Қоғам дамуының жаңа кезеңінде білім берудің Жаңа Заманның идеалдарына негізделген бұрыңғы парадигмасы – тұлғаны тәрбиелеудің әдістемесі мен амалдары ығыстырылды. Жастарды социалистік идеология, схоластикалық мәлімдеу рухында тәрбиелейтін білім беру жүйесі де өткен шақта қалды. Сондықтан, әлеуметтік болмысты түсіндіруге арналған бұрыңғы әдістемелік амалдар ескіріп, бүгінгі күнде орын алып отырған өзгерістерді сипаттауға қабілетсіз болып қалады. Осыдан, аралас экономикасы бар ашық демократиялық қоғамда білім беру механизмдерін жасауға деген объективті қажеттілік туды. Бұл – мемлекеттік маңызы бар міндет, ол өз тағдырына жауапты, мәдениетті-әдепті тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.

    Республикада мемлекеттік маңызы бар бұл міндетті шешу ісі құрылымдық қайта құру жолымен жүрді. Бұл үдеріс «жоғары білім» түсінігін анықтаудан басталды. Әлемдік қауымдастықтың ойынша, жоғары білім – мемлекеттік билік тарапынан тағайындалған университеттер немесе басқа оқу орындары тарапынан берілетін оқыту немесе ғылыми зерттеуге дайындау курстары.

    Біздің республикамызда жоғары білімді жоғары кәсіптік білім беру мекемелерінен алуға болады, олар Қазақстанның «Білім туралы» заңына сәйкес университеттер және академиялар деп аталады. Көріп отырғанымыздай, кәсіптік білім берудің ұғымдары мен мақсаттары әлемдік қауымдастық пен қазақстандық қауымдастықта түрліше анықталады. Білімнің мазмұнына, құрылымына, жүйесі мен стандарттарына қатысты ұқсастықтар орын алуы мүмкін. Бір жағынан, білім беру саласында мұндай ұқсастықтардың болуы заңды, кез келген мемлекет әдетте бұл салада өзінің ұлттық саясатын жүргізеді. Екінші жағынан, білім алу құқығын пайдалана отырып, азамат алған білімін қолданысқа енгізгісі келеді, өзінің мәдениет деңгейін білім берумен қамтамасыз еткен елінде де, сондай-ақ өзге елде де мойындағанын қалайды.
    1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17


    написать администратору сайта