Главная страница
Навигация по странице:

  • 1 БӨЛІМ ҒЫЛЫМ ТАРИХЫ МЕН ФИЛОСОФИЯСЫ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ БІЛІМНІҢ САЛАСЫ РЕТІНДЕ 1.1 Ғылым тарихы мен философиясының пәні және оның басты тақырыптары

  • 1.2 Ғылым тарихы мен философиясының әдістемелік негіздері

  • Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде


    Скачать 2.7 Mb.
    Название1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
    АнкорФилософия
    Дата13.12.2022
    Размер2.7 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаtreatise34769.docx
    ТипДокументы
    #842973
    страница1 из 17
      1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17













    КІРІСПЕ

    Магистранттарға арналған «Ғылым тарихы мен философиясы» пәні магистратураның оқу жоспарындағы міндетті пәндерге жатады және студенттерде ойлау мәдениеті дағдылары мен өкілеттігін дамытуға бағытталған.

    Магистранттың оқу әрекетіне қосылған курс тақырыптары мен оқу құралында берілген материалдар мемлекеттік міндетті стандарттарға сәйкес студенттердің ғылым тарихы мен философиясы бойынша іргелі білімдерді жинақтауына мүмкіндік беруі тиіс.

    «Ғылым тарихы мен философиясы» пәнінің басты міндеттері келесілер:

    • ғылымның даму қарқынын, оның қоғам дамуына ықпалын ашып көрсету;

    • ғылымның социомәдени көрінісіндегі өзіндік сана-сезімін анықтау;

    • қоғамды рухани дамыту кеңмәтінінде ғылыми білімді дамытудағы құндылықтық бағдарларын айқындау;

    • ғылымның негізін әлеуметтік институт, өндіріс күші ретінде айқындап көрсету;

    «Ғылым тарихы мен философиясы» пәнін оқу қорытындысында магистрант білуі тиіс:

    • ғылым дамуының басты кезеңдері;

    • ғылым тарихы мен философиясы бойынша білімдерді игеруі;

    • ғылыми-зерттеу қызметінің басты принциптері туралы білімге ие болуы;

    Магистрант игеруі тиіс:

    • ғылыми сипаттағы әдебиетпен еркін жұмыс жасай алуы;

    • түйінді ғылыми-зерттеу мәселелері мен олардың шешімдерін таба алуы;

    • логикалық, жүйелік және сыни ойлай алуы;

    • ғылыми мәселелер бойынша өз ойларын тұжырымдауда және дәлелдеуде алған білімін пайдаға асыра алуы.


    1 БӨЛІМ

    ҒЫЛЫМ ТАРИХЫ МЕН ФИЛОСОФИЯСЫ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ БІЛІМНІҢ САЛАСЫ РЕТІНДЕ
    1.1 Ғылым тарихы мен философиясының пәні және оның басты тақырыптары

    Философиялық рефлексияның дербес саласы ретінде ғылым тарихы мен философиясы жаратылыстану саласында нақты білімдер пайда бола бастаған уақытта қалыптасты. Олардың нақты ғылымдар деп аталу себебі математикалық ойлау, ғылыми әдістер немесе эмпирикалық нақтылау секілді тәсілдердің көмегімен шығарылды. Осы тәсілдердің арқасында, жаратылыстану ғылымдары сенімді болды, сондықтан олар ХІХ ғасырда философиялық рефлексияның пәніне айналды.

    Осы білімдердің қайсысы философиялық ойлау пәніне айналуы тиіс деген сауал төңірегінде әдебиетте түрлі көзқарастар келтірілген.

    Мысалы, В.И. Добрынинаның ойынша, «ғылым философиясы» ғылыми пайымдар мен теориялардың дұрыстық және құқықтылық өлшемдерін орнатуы, сонымен қатар ғылымның қазіргі мәдениеттегі алатын орны мен атқаратын рөлін айқындауы тиіс. Алайда «ғылым философиясының» пәніне түрліше анықтама беруге болады. Кейде ғылым философиясы метағылымға теңестіріледі, кейде одан да кеңірек қарастырылады, оның тіпті ғылымның мінсіз моделін қалыптастыруға әрекет жасайтыны айтылады. Ғылым философиясы кейде ғылымды әлеуметтік-психологиялық зерттеу пәні немесе зерттеу тәжірибесі сауалдарының этикалық анализі ретінде түсіндіріледі.

    Жалпы ғылымдардың үстінен рефлексиядан бөлек, дербес ғылымдардың философиясы бар, мысалы үшін, математика философиясы, физика философиясы, құқық философиясы және т.б. Добрынинаның ойынша, осы факт мәселені анықтауда қосымша қиындық тудырады. Дербес ғылымдар философиясының пайда болуы зерттеу аясының тарылуына, зерттеудің жеке ғылым саласына тиісті болуына байланысты, осыдан жалпы ғылым философиясы мен жеке ғылымдар философиясының қарым-қатынасы мәселесі ашық қалып отыр.

    В.С. Степиннің айтуына қарағанда, ғылыми білімді өндіретін ғылыми танымның жалпы заңдылықтары мен үрдісі ғылым философиясының пәні болады. Бұлар тарихи даму және тарихи өзгерістердің социомәдени кеңмәтінінде көрсетіледі. Басқаша айтқанда, ғылым философиясы келесі сауалдарға жауап беруге тырысады, олар: ғылыми білім дегеніміз не, ол қалай құрылған, оның ұйымдасу және және қызмет ету принциптері қандай, білімдер өндірісі ретінде ғылым нені ұсынады, ғылыми пәндерді қалыптастыру және дамыту заңдылықтары қандай, бұл пәндер бір-бірінен несімен ерекшеленеді және өзара қалай ықпалдасады? Степиннің ойынша, бұл аталғандар ғылым философиясын бірінші кезекте қызықтыратын сауалдардың толық тізімі емес.

    М. Томпсон бойынша, ғылым философиясы – бұл өздерінің ғылыми гипотезаларын дәлелдеу және жинаған фактілерінің негізінде заңдылықтарды жасау үшін ғалымдар тарапынан пайдаланылатын ғылыми әдістерді, сондай-ақ өздерінің әлемге көзқарасының дұрыстығын дәлелдеуге көмек беретін сілтемелерді зерттейтін жалпы философияның саласы.

    Оның ойынша, ғылым философиясы ғылыми қызығушылықтардың табиғатын зерттеуге басты назар аударады. Ол ең алдымен адамның табиғат құбылыстарын бақылау арқылы әлем туралы пікір қалыптастыруға өту қабілетіне назар салады. Ол белгілі бір гипотезаның дұрыстығын дәлелдейтін, бір құбылысты түсіндіретін әр түрлі теориялардың бірін таңдауға мүмкіндік беретін өлшемдерді анықтауды міндет етеді. Ғылым философиясы ғылыми теориялардың пайда болу және өзгеру үдерісін зерттейді.

    Ғылым философиясы жалпы философияның метафизика (әлемнің жалпы бейнесі), эпистемология (таным теориясы, немесе гносеология) және семиотика (ақпаратты беру тәсілдерінің анализі) секілді басқа да салаларымен тығыз байланысты деп санайды М. Томпсон. Басқаша айтқанда, философияны ғылымдағы тәртіптің зиялы қарауылы ретінде ғана санау қажет емес, керісінше ғылыми жетістіктердің тәжірибелік маңызын анықтай отырып, ол ғылымға белсенді көмек көрсетеді.

    М. Томпсон философия мен ғылымның арасындағы байланысты түсінудің үш жолын көрсетеді:

    - ғылым мен философия берілген тақырыпқа әр басқа қырынан келетін ғылым салалары. Ғылым әлем туралы деректерді берсе, философия осыған қажетті өлшемдерді қарастырады, баға береді және мәнін түсіндіреді. Белгілі бір дәлелдемелерді жеткізу үшін пайдаланылатын ғылым тілін философия түсіндіргісі келеді, ғылыми ізденістердің бағыттарын түсіндіруге, олардың негізге алып отырған логикасын түсінуге көмектеседі. Бұл философия мен ғылымның рөлі туралы кең тараған көзқарас.

    - белгілі бір құбылыстың барлығы туралы пайымдаулар (ғылымның өз ойларын айтуына мүмкіндік беретін «синтетикалық» пайымдаулары) мен сол құбылыстың мәні туралы пайымдауларды (философияның ақиқат деп таныған «аналитикалық» пайымдаулары) ажырату мүмкін емес. Заттардың мәні туралы пайымдаулар көбіне осы заттардың «атауына» айналып, сыртқы әлеммен міндетті түрде сәйкесуі тиіс. Сондықтан, философия ғылыми ізденістердің нақты базасына қатысты мәселелерді қарастыра отырып, ғылыми амалды кеңейте түседі. Ғылымда көптеген тұжырымдамалар бар, олардың әрқайсысын түрліше түсіндіруге болады. Философия фактілерді сипаттап қана қоймай, теорияларды жасауға да тырысады – міне, сондықтан да ғылым мен философияның арасына шекара орнату қиын (Уиллард ван Орман Куайн);

    - философия шынайылықты сипаттайды, ол болмыстың анықтамаларына қатысты ғылыми дәлелденбеген ақиқаттарды қабылдай алады. Бұл ақиқаттар ғылымға тәуелді болмаса да, шындық болып табылады. Мұндай көзқарас тілдің табиғатын және оның тәжірибемен, эмпирикалық деректермен байланысын зерттейтін философтарға тән. Олардың қатарына Джорж Эдвард Мур (1873-1958), Людвиг Витгенштейн (1889-1951), Джон Остин (1911-1960), Питер Стросон (1919 ж. туылған) және Джон Сёрл (1932 ж. туылған) жатады.

    Ғылым тек қана ғылым философиясының зерттеу объектісі болып қоймай, сонымен қатар тарих, әлеуметтану, экономика, психология, этика, ғылымтану секілді ғылым салаларының да зерттеу нысанына жатады. Алайда осы ғылымдардың ішінде ерекше орынды ғылым тарихы мен философиясы алады. Олардың арасындағы диалектикалық байланысты аша отырып, Имре Лакатос былай деп айтады: «ғылым тарихы болмаса ғылым философиясы бекер; философиясыз ғылым тарихы соқыр». Канттың айтқандарын өзінше жеткізе отырып, оның түсіндіргісі келгені, ғылым тарихнамасы ғылым философиясынан көп нәрсені үйренетініндей, философия да ғылым тарихынан көп нәрсе алады. Лакатостың ойынша, ғылым философиясы, ең алдымен, нормативті әдістемені жасап шығарады, соның негізінде тарихшы «ішкі тарихты» қайта құрады, осы арқылы объективті білімнің өсіміне оңтайлы жауап қайтара алады; екіншіден, бәсекеге түсіп отырған екі әдістемені нормативті интерпретацияланған тарихтың көмегімен бағалауға болады; үшіншіден, тарихтың оңтайлы қайта құрылу процесі эмпирикалық (әлеуметтік-психологиялық) «сыртқы тарихпен» толығуды қажет етеді.

    «Нормативті-ішкі және эмпирикалық-сыртқының арасындағы айырмашылық әр әдістемелік тұжырымда әр түрлі қарастырылады» деген Лакатостың тұжырымы дұрыс. Ішкі және сыртқы тарихнамалық теориялар біріге отырып, тарихшының мәселені таңдауына ықпал етеді. Оның ойынша, сыртқы тарихтың кейбір маңызды мәселелері белгілі бір әдістеменің негізінде ғана құрылуы мүмкін; сондықтан, ішкі тарих бірінші болады, ал сыртқы тарих – екінші. Лакатоспен келісуге болады, себебі ішкі тарихтың дербестігінің арқасында ғылымды түсіну үшін сыртқы тарихтың рөлі маңызды емес.

    Ғылым философиясы ғылымды, оның принциптері мен мақсаттарын зерттеудегі өзінің басты міндетін қарастырып отырғанына қарамастан, бірыңғай философиялық ағым ретінде көрініс бермейді. Мұның екі түрлі себебі бар: бірінші себеп ғылымның өзінде, оның дедуктивті, эмпирикалық және гуманитарлық түрлерінің даму үдерісінде, жетістіктері мен дағдарыстарында жатыр. Екінші себептің шығу тегі философиялық болып табылады және эпистемологиялық сипаттағы басты мәселелерді шешу жолдарымен тікелей байланысты. Қарастырылатын мәселелердің сипаты мен олардың ғылым философиясы тарапынан ұсынылу тәсілі білімнің күйіне, нақты зерттеушінің философиялық бағдарына байланысты болады. Басқаша айтқанда, ғылым философиясының негізіндегі ғылым – философиялық ойлаудың пәні болып қана қоймай, дәстүрлі философиялық даулар орын алатын алаң болады.

    Осыдан келіп, ғылым философиясының міндеті зерттеудің оңтайлы тәртібінің принципін, яғни жаратылыс туралы қандай да бір білімдерді алуға мүмкіндік беретін принципті анықтау; оңтайлы әрекеттерге қажетті теориялық негіз беру болады. Алайда мұның орнына ғылым философиясы зерттеушілердің алдына жаңа қиындықтар ашып, ғылыми білімді шектеді.

    Ғылым философиясы әр уақытта нақты ғылыми пәндер қамтитын білімнің құрылымындағы өзгерістерге анализ жасап отырады. Сонымен қатар, ол әр түрлі ғылыми пәндерді салыстыруға, олардың жалпы даму заңдылықтарын ашып көрсетуге бағдарланған.

    Бұдан бөлек, қазіргі ғылым философиясы ғылыми танымды социомәдени феномен ретінде қарастырады. Оның маңызды міндеттерінің бірі – жаңа ғылыми білімнің қалыптасу тәсілдерінің тарихи өзгерісін анықтау және социомәдени факторлардың осы үдеріске әсер ету механизмдерін айқындау.

    Ғылыми танымды дамытудың жалпы заңдылықтарын анықтау үшін ғылым философиясы басқа нақты ғылымдардың тарихына үңілуі тиіс. Ол білімді дамытудың белгілі жорамалдары мен үлгілерін жасап шығарады. Сонымен қатар, олардың тарихи материалдармен сәйкестігін тексеріп отырады. Мұның барлығы ғылым философиясы мен тарихи-ғылыми зерттеулердің тығыз байланыс орнату қажеттігіне алып келді.

    Ғылым тарихы мен ғылым философиясының зерттеу пәнін түсіндіру, қарастыру амалдары әр түрлі. Ғылым әлем туралы деректерді жеткізсе, философия оның өлшемдерін анықтайды, баға береді және ұғымдарын түсіндіруге тырысады. Философия ғылымның өз дәлелдемелерін түсіндіру үшін пайдаланатын тілін талдайды, дәлелдемелерді беруде негізге алып отырған логикасын бақылайды, ғылыми зерттеулердің бағытын түсіндіруге көмектеседі. Бұл философия мен ғылымның рөліне қатысты ең кең тараған көзқарас.
    1.2 Ғылым тарихы мен философиясының әдістемелік негіздері
    Қазіргі әдістеме білімнің көптеген тәсілдерін пайдаланады, олардың барлығы ақиқатты жүйелі түрде іздеуге бағытталған. «Әдіс» ұғымы болмыстың тәжірибелік және теориялық игерілу жолдары мен операцияларының жиынтығын білдіреді. Бұл белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін білім алу үдерісінде басшылыққа алынатын ұстанымдар, амалдар, ережелер мен талаптар жүйесі.

    Ғылыми әдістің сипатты белгілері: объективтілігі, қалпына келтіру мүмкіндігі, эвристикалылығы, қажеттілігі пен нақтылығы. Әдістің басты қызметі – әрекеттің не қызметтің танымдық және басқа да формаларын іштей ұйымдастыру және реттеу. Адам әрекетінің көп түрлілігі әдістердің де алуан түрлі болып келуіне әкеп соғады, оларды әр түрлі негізде топтастыруға болады.

    Ғылыми таным әдістері олардың ортақ белгілеріне сәйкес үш топқа бөлінеді:

    1. жалпы ортақ (немесе әмбебап) әдістер, яғни жалпы философиялық. Бұл әдістер «жалпы адам ойын сипаттайды және адамның танымдық әрекетінің барлық саласында қолданысқа ие»;

    2) жалпы ғылыми әдістер, бұл әдіс барлық ғылымдардағы таным үдерісін сипаттайды. Зерттеудің жалпы ғылыми әдістеріне сондай-ақ келесілер жатады: жүйелік, құрылымдық, ықтималдық әдістер мен рәсімдеулер. Негізі, әдістердің топтастырылуы ғылыми танымның деңгейлеріне тікелей байланысты.

    Формализацияға жарқын мысал ретінде ғылымда кеңінен қолданылатын объектілердің математикалық сипаттамасын, яғни сәйкес келетін мазмұндық теорияларға негізделген құбылыстарды келтіруге болады. Бұл ретте қолданылып отырған математикалық белгілер жүйесі зерттелініп отырған объектілер, құбылыстар туралы бұрыңғы білімдерді бекітуге көмектесіп қана қоймай, оларды ары қарай тану үдерісіндегі құрал ретінде де қызмет етеді.

    3) Жеке ғылыми әдістер, яғни жеке ғылым саласы немесе белгілі бір нақты құбылысты зерттеу аясында ғана қолданылатын әдістер. Бұл әдістердің ерекшелігі – жеке жағдайға негізделген, объективті әлемнің нақты аумағын зерттеуге арналған жалпығылыми танымдық әдістерді қолданады.

    Қолданылатын әдістерге сәйкес, жаратылыстану ғылымдарын шартты түрде екі негізгі топқа бөлуге болады:

    • қолданбалы болып саналатын сипаттаушы ғылымдар, олар негізінен фактілерді жинақтау және олардың арасындағы байланысты зерттеумен айналысады;

    • теориялық сипаттағы түсіндіруші ғылымдар, олар байланыстарды қағидаларға, заңдарға және жалпы заңдылықтарға біріктіреді.

    Жалпы ғылыми әдістердің жиынтығы зерттеудің эмпирикалық және теориялық деңгейінде қолданылатын эмпирикалық және теориялық таным әдістеріне топтастырылуы мүмкін.

    Танымның эмпирикалық деңгейі – бұл сезімдік деректерді, яғни сезу органдары арқылы алынатын ақпаратты ойша және тілдің көмегімен өңдеу үдерісі. Бұл әрекет бақылау нәтижесінде алынған материалды талдау, топтастыру, жалпылау үдерістерінде орын алуы мүмкін. Осы жерде бақыланып отырған заттар мен құбылыстарды біріктіретін ұғымдар пайда болады, соның арқасында белгілі бір теориялардың эмпирикалық базисі қалыптасады.

    Танымның теориялық деңгейіне тән нәрсе «мұнда білімнің тағы бір көзі ретінде пайымдау қызметі келіп қосылады: бақыланып отырған құбылыстарды түсіндіретін, жаратылыс заңдылықтарын ашатын теориялар құрылады. Танымның эмпирикалық және теориялық деңгейлерінде қолданылатын ғылыми әдістерге талдау, жинақтау, үйлестіру және және модельдеу әдістері жатады.

    Жалпы ғылыми әдістерге қатысты айтар болсақ, мұнда жалпы қабылданған топтастыру жоқ, ол әр түрлі негіздерде жүргізілуі мүмкін. Жалпығылыми әдістердің құрылымын үш деңгейге бөліп топтастыруға болады («жоғарыдан төменге»): жалпы логикалық, теориялық және эмпирикалық. Ұқсастығы мен әрекет ету саласы бойынша жалпы және жеке ғылыми әдістемелік амалдарды бөліп көрсетуге болады. Кейбір жалпы ғылыми әдістерді қарастырып өтейік:

    Бақылау – адамның тікелей қабылдауына қол жетімді объективті болмыс заттары мен құбылыстарын олардың табиғи қалпында, табиғи жағдайында зерттеу әдісі. Эксперимент бақылауға байланысты болып келеді, алайда бұлар тең емес.

    Индукция (лат. inductio – жетелу, түрткі болу) формалды-логикалық ой қорытуға негізделген таным әдісі, ол жеке сілтемелерге иек арта отырып жалпы қорытынды шығаруға алып келеді. Ол ғылыми танымда қолданыла отырып, келесі әдістер түрінде жүзеге асуы мүмкін:

    • жалғыз ұқсастық әдісі (белгілі бір құбылысты бақылаудың барлық жағдайында бір ғана ортақ фактор анықталады, басқалары өзгеше; сондықтан, осы жалғыз ұқсастық факторы аталмыш құбылыстың себебі);

    • жалғыз айырмашылық әдісі (егер қандай да бір құбылыстың орын алу жағдайы мен орын алмау жағдайы барынша ұқсас болып, тек бір фактормен ғана ерекшеленетін болса, онда осы айырмашылық факторы аталмыш құбылыстың себебі болады деп қорытынды шығаруға болады);

    • ұқсастық пен айырмашылықтың біріккен әдісі (жоғарыда аталған әдістердің комбинациясын құрайды);

    • жалғаспалы өзгерістер әдісі (егер бір құбылыстың белгілі өзгерістері басқа бір құбылыстағы өзгерістерге әкеп соқса, онда осы құбылыстардың себептік байланысы туралы қорытынды жасауға болады);

    • қалдықтар әдісі (егер күрделі бір құбылыс көп факторлы себептермен туындаса, бұл факторлардың бірі осы құбылыстың белгілі бөлігінің себебі ғана болып табылуы мүмкін, бұдан шығатын қорытынды: құбылыстың басқа бөлігінің себебі – осы құбылысты тудыруға қатысып отырған қалған факторлар.

    Дедукция (лат. deductio – шығару) қандай да бір жалпы ережелердің негізінде жалқы қорытындыға келу. Басқаша айтқанда, бұл біздің пайымымыздың жалпыдан жекеге, жалқыға орын алмастыруы.

    Ғылыми танымда кеңінен қолданылатын терминдер: ұқсату, салыстыру, өлшеу, талдау және жинақтау.

    Талдау – бұл зерттелініп отырған объектіні дербес зерттеу мақсатында оны құрамдас бөліктерге, тараптарға, даму бағдарына және қызмет ету тәсілдеріне бөліп қарастыратын пайымдау амалы. Объектінің қандай да бір заттық элементтері немесе оның қасиеттері мен сапасы осындай бөліктерге жатады. Ол материалдық әлемнің объектілерін зерттеуде маңызды орын алады, алайда таным үдерісінің тек бастапқы кезеңін ғана құрайды. Талдау әдісін заттың құрамдас бөліктерін зерттеуде пайдаланады. Пайымдаудың қажетті амалы болатын талдау әдісі таным үдерісінің бір сәті ғана. Талдаудың құралы санадағы абстаркцияларды басқару, яғни пайымдау болып саналады.

    Объектіні бірыңғай тұтастық ретінде түсіну үшін оның құрамдас бөліктерін зерттеумен ғана шектелмеу қажет. Таным үдерісінде олардың арасындағы объективті байланыстарды ашып, оларды өзара бірлікте, жиынтықта қарастырған жөн. Талдау әдісі жинақтау әдісімен толыққан жағдайда осы екінші кезеңді таным үдерісінде жүзеге асыруға – объектінің жеке құрамдас бөліктерін зерттеуден оны біртұтас бөлік ретінде зерттеуге көшуге мүмкін болады. Жинақтау үдерісінде зерттелініп отырған объектінің талдау кезінде бөлінген бөліктерін (тараптары, қасиеттері, сапалары және т.б.) біріктіру жүргізіледі. Осы негізде объектіні одан әрі қарай зерттеу жүзеге асырылады, алайда бұл жолы тұтас бірлік ретінде. Талдау негізінен бөліктерді бір-бірінен ерекшелейтін айырмашылықтарды анықтайды.

    Жинақтау тұтас жүйедегі әрбір элементтің орны мен атқаратын қызметін ашады, олардың өзара байланысын орнатады, яғни бөлшектерді біріктіретін ортақ нәрсені түсінуге мүмкіндік береді. Талдау мен жинақтау өзара бірлікте болады. Өз мәні бойынша, олар – «танымның бірыңғай аналитикалық-синтетикалық әдісінің екі жағы». Анализ бен синтез өз бастауын тәжірибелік әрекеттен алады. Өзінің тәжірибелік қызметінде үнемі әр түрлі заттарды құрамдас бөліктерге бөле отырып, бірте-бірте адам баласы заттарды оймен бөліп те үйренді. Тәжірибелік қызмет заттарды бөліктерге бөлуден ғана құралмайды, сонымен қатар оларды бірыңғай тұтастыққа біріктіруден де тұрады. Осы негізде пайымдау үдерісі туындады.

    Анализ бен синтез ойлаудың басты амалдары, олар заттардың тәжірибесінде де, логикасында да өзінің объективті негіздемесіне ие. Біріктіру және айыру, жасау және жою үдерістері әлемнің барлық үдерісінің негізін құрайды. Танымның эмпирикалық деңгейінде зерттеу объектісімен алғаш рет қысқаша танысу мақсатында тікелей анализ бен синтез қолданылады. Олар зерттеліп отырған заттар мен құбылыстарды жалпылайды.

    Танымның теориялық деңгейінде қайталама анализ бен синтез қолданылады, олар синтезден қайта анализге бірнеше рет көшу жолымен жүзеге асырылады. Бұл кезде зерттелініп отырған объектілер мен құбылыстарға тән едәуір терең, маңызды жақтар, байланыстар мен заңдылықтар ашыла түседі. Зерттеудің мұндай өзара байланысты екі тәсілі ғылымның әрбір саласында өз нақтылығын табады. Олар жалпы әдістен арнайы әдіске алмасуы мүмкін, математикалық, химиялық және әлеуметтік анализ әдістері осылай өмір сүреді. Аналитикалық әдіс кейбір философиялық мектептер мен бағыттарда да дамыған, синтез әдісі де осыған ұқсас.

    Аналогия – бұл «екі заттың қандай да бір белгісі бойынша ұқсастығы туралы ықтималды қорытынды». Аналогия белгісізді белгілімен байланыстыратын фактілерді түсінуден тұрады. Жаңа нәрсе бәлкім ескі, айқын заттардың бейнелері мен ұғымдары арқылы қабылданып, солай түсінілуі мүмкін. Аналогия тек ықтимал қорытындылар жасауға мүмкіндік беретініне қарамастан, олар танымда үлкен рөл атқарады, себебі гипотезалар (болжам), яғни ғылыми ашылымдар мен болжамдарды жасауға жетелейді. Олар қосымша зерттеу және дәлелдеу барысында ғылыми теорияларға айналуы мүмкін. Аналогия белгілі нәрсе арқылы белгісіз нәрсені түсінуге тырысады. Аналогия қарапайым нәрсе арқылы едәуір күрделі болып табылатын затты не құбылысты түсінуге көмектеседі. Аналогияны әдіс ретінде пайдаланатын неғұрлым кең тараған аумақ – ұқсастық теориясы, ол модельдеу кезінде кеңінен қолданылады.
      1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


    написать администратору сайта