Главная страница
Навигация по странице:

  • 2.6 Қайта Өрлеу және Жаңа заман дәуіріндегі ғылымның қалыптасу ерекшеліктері

  • «Аспан денелерінің айналма қозғалысы туралы»

  • Фрэнсис Бэконды

  • Рене Декарт, Джон Локк, Давид Юм

  • Галилей, Кеплер, Исаак Ньютон, Готфрид Лейбниц

  • «Сананы басқаруға арналған ережелер», «Әдіс туралы пікір» және «Философияның бастауы

  • Гольбах пен Гельвецийда

  • Философия. 1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде


    Скачать 2.7 Mb.
    Название1 Блім ылым тарихы мен философиясы философиялы білімні саласы ретінде
    АнкорФилософия
    Дата13.12.2022
    Размер2.7 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаtreatise34769.docx
    ТипДокументы
    #842973
    страница5 из 17
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

    Авиценнаны (Ибн Сина, 980-1037 жж.) Шығыста философия мен медицинаның патшасы деп атайды. Дәрігер, заңгер, астроном, ақын, музыкант және философ ғалым 100-ден астам еңбек жазған. Басқа перипатетиктер секілді ол да исламның ортодоксальды жақтастарының тарапынан қудаланған. Теологтардың көңіліне Авиценнаның іліміндегі қай нәрсе ұнамады? Ол таным үдерісінде сананың рөлі жоғары екендігі сөзсіз деген ұстанымда қатаң тұрады және метафизика, гносеология, логикада аристотельдік идеяны дамытады, ал онтологияда неоплатонизм тұжырымын ұстанады, яғни материалдық әлем уақыт аясында өмір сүреді және өз эволюциясын жалғастырады деп нақтылайды. Материалдық әлем – құдіретті сананың – мызғымайтын алғашқы қозғалтқыштың, барлық форманың басты формасы Жаратушының туындысы.

    Авиценнаның басты философиялық туындысы – «Сауығу кітабы» – логиканың, физика, математика және метафизиканың негіздерін қамтиды. Бұл ғылыми энциклопедияда әлемдегі барлық жаратылыс Құдайдың уақыттан тыс эманациясы ретінде қарастырылады.

    Авиценна білімді теориялық (ақылды дамытатын) және тәжірибелік деп екіге бөледі. Оның ғылымдарға жасаған классификациясында теориялық ғылымдар адамдардың әрекетімен тікелей байланысты болмаса да, олардың бұл әлемде бағдар алуына көмектеседі. Олар: жоғарғы ғылым – метафизика, яғни жалпы болмыс туралы және табиғаттан тыс жатқан жаратылыс туралы ғылым; орта ғылым – математика, ол дербес ғылымдардың (арифметика, геометрия, оптика, астрономия, музыка) кешені болып табылады; төменгі ғылым – физика. Тәжірибелік ғылымдарға этика (адамдардың мінез-құлқы туралы), экономика (шаруашылықты басқару туралы), саясат ( мемлекет пен халықты басқару туралы) жатады.

    Авиценнаның ғылыми білімді топтастыруы Аристотельдікіне ұқсас, алайда мұнда жаңа реалийлер есепке алынған. Мұндағы Ибн Синаның қызметі, ол: болмыс туралы жалпы ілім ретінде метафизика мен нақты, дербес ғылымдардың арасындағы байланысты көрсетті.

    Авиценнаның философиясы мистицизм және материализм элементтеріне ие. Ол араб перипатетизмінің негізін салушылардың бірі, алайды оның жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдері аристотельдікіне қарағанда терең, әрі кең. Өзінің көзқарастары бойынша ол исмаилиттерге жақын, ол – теоцентрист, яғни әлем Құдайдың еркімен емес, оның ақылымен жаратылған, ал Құдайдың еркі оның ақылына тәуелді деген сенімді ұстанады. Әлем эманация жолымен бірте-бірте пайда болды, ол материалды. Ал материя мәңгі. Адамның жаны өлмейді, ол – тәннің рухани формасы. Саналы жанның «тәні болмайтындығын» ойлаудың «тәнсіздігімен», яғни кемшіліксіздігімен көрсетеді. Ақылды дерексіз ұғым ретінде зерттей отырып, ибн Сина адам миының сезу, елестету, түс көру секілді қызметтерін бөліп көрсетеді, ол адамның табиғаты екі жақты деп айтады. Ол: «Адам өз жаратылысының өмір сүріп отырғандығына, дәл өзінің жаратылысында өмір кешіп отырғандығына күмәнсіз көз жеткізе ала ма?» деген сауалды қояды. Адам өз жанының деңгейі бойынша періштелерге жақын және Құдайдың жердегі орынбасары болып табылады. Авиценна да Аристотель секілді Құдай – бұл әлемдік Ақыл, формалардың формасы, болмыстың мәңгі жаратылысы деп санайды. Еуропада оның көп томдық «Медициналық канондары» кең танымалдылыққа ие болды, осы кітап бойынша бірнеше ғасырлар бойы еуропалық көптеген университеттер дәрігерлік теориясы мен тәжірибесін оқытты. Ол танымалдылығы бойынша Библиядан кейінгі орында тұрды.

    Егер халифаттың шығысында философияның патшасы Авиценна болса, араб тілді Батыста испан Кордовасынан шыққан Аверроэс (ибн Рушд, ХІІ ғ.) болды. Ол дәрігер, заңгер, теолог және философ ретінде танымал, оның трактаттары ислам теологтары тарапынан теріске шығарылса да, адал шәкірттерінің арқасында біздің күнге дейін жетті.

    Барлық перипатетиктер секілді ибн Рушд танымда сананың рөлі басым деп көрсетті. Ол Құдай алғашқы емес, ол мәңгі, табиғат қандай мәңгі болса, Құдай да сондай мәңгі деп үйретті. Құдайды алғашқы қозғалтқыш, формалардың формасы деп санаған Аристотельден бөлек, Аверроэс «мәңгі өмір сүретін, жойылмайтын материяларда бастапқыда-ақ барлық формалар өмір сүреді», бұл формаларды Құдай ақиқатқа айналдырмайды, материяның дамуы барысында олардың өздері көрініс береді. Аверроэс жеке жанның өлмейтіндігі туралы идеяны жоққа шығарады, жан да сезім, ес секілді адаммен бірге жойылады деп санайды. Ол пассив және белсенді ақылды бөліп көрсетеді. Пассивті ақыл жеке адамға ғана тән, ал белсенді ақыл жалпы сипатта болады, ол мәңгі және жалпы адамзаттық ақылмен қатысы бар.

    Аверроэс, сонымен қатар, «шындықтың екі жақтылығы» теориясының авторы ретінде белгілі, ол: сенімнің шындығы мен ғылыми шындық бір-біріне қайшы келмейді, олардың екеуі де бірдей өмір сүруге құқылы деп санайды.

    Көрнекті ғалым Бирунидің еңбектерінде табиғаттың түрлі құбылыстары – таң пен ымырт, су тасу және тартылу, жаңбыр, найзағай, айдың тұтылуы, бағалы тастардың қасиеттері және т.с.с. сипаттама беріледі. Ғалым өз зерттеулерін эксперименталды жолмен, яғни физикалық тәжірибелер барысында, минералдардың қасиетін зерттеуде, өсімдіктер мен материалдардың фармацевтикалық қасиеттерін үйренуде алынған мәліметтерді пайдалана отырып жүргізген. Кәнігі тәжірибе ғалымның зерттеу қызметінің басты компоненті ретінде әліге дейін мойындалған жоқ, жаңа білімді алудың басты әдісі болып бақылау, салыстыру, логикалық анализ қалды. Бұған қоса, XIV ғасырда араб-мұсылмандық Шығыс ғылымында антикалық зерттеулерден ерекшеленетін қатаң беталыс байқалды. Байқау-эксперименталдық тәжірибе ізденушіге өз сауалдарының сенімді жауабын табуға мүмкіндік береді, ал ғылым – сананың мүмкіндігін арттыратын әдістемелік құрал.

    Араб-мұсылман философиясында әлеуметтік-педагогикалық ойлар жарқын көрініс береді, бұл оның әрі қарай даму бағыттарының бірін анықтады. Арабтық Батыста өмір сүрген ибн Халдун, көптеген зерттеушілердің пікірінше, қазіргі социологияның негізін қалаушы болды. Оның атын шығарған еңбек «Үлкен тарих», немесе «Өнегелі мысалдар кітабы және үлкен көлемді билікке ие арабтар, парсылар және берберлер мен олардың замандастарының күндері туралы хабарламалар жинағы». Осы іргелі еңбектің үлкен кіріспесі – «Мукаддима» («Сөз бастаушылар») – ортағасырлық араб еліндегі мәдени өмірдің энциклопедиясы болды. Ол жер байлықтары мен климат туралы, әр түрлі халықтардың тарихы туралы, мемлекеттердің пайда болуы мен жойылуы туралы, жер өңдеу ісі және ұсташылық, қаржы, ғылым, өнер туралы әр түрлі деректер береді. Дәуірдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірін ибн Халдун қоғамдық өмірге толықтай анализ жасау, «әлеуметтік физиканың» (қоғамтану) басты принциптерін мазмұндау арқылы сипаттады.

    Ол мемлекеттің тағдырын қоғам өмірінің экономикалық деңгейінің өзгерісімен байланыстырғысы келді. Ибн Халдун, артық өнімнің пайда болуының арқасында қоғамда алғашқы қауымдық қатынастар жойылып, жаңа типтегі қатынастар қалыптасады, соның нәтижесінде мемлекет пайда болады деп көрсетеді. Шенеуніктер аппаратының мүддесі үшін үстеме өнімнің және оның ішкі бөліктерінің таратылуы бұл мемлекеттің тоқырауы мен өліміне алып келеді. Ибн Халдунның қоғамдық өмірге берген тарихи сипаттамалары қоғам туралы ғылымның элементтеріне айналды, еңбегінің жоғарғы сапасының арқасында ол Макиавелли, Вико, Монтескье секілді кейінгі еуропалық ойшылдардың қатарына қосылды.

    Әдебиеттер:

    1. Гуревич А.Я. Категории средневековой культуры. – М., 1972.

    2. Соколов В.В. Средневековая философия. – М., 1979.

    3. Майоров Г.Г. Формирование средневековой философии. – М., 1979.

    4. Колпстон Ф.Ч. История средневековой философии. – М., 1997.

    5. Нысанбаев А.Н. және басқалар. Әл-Фараби және шығыс философиясының дамуы. – Алматы, 2005.


    2.6 Қайта Өрлеу және Жаңа заман дәуіріндегі ғылымның қалыптасу ерекшеліктері

    Бірінші ғылыми революция 1543 жылда орын алды деп есептеледі, осы жылы Николай Коперниктің (1473-1543жж.) көпжылдық еңбегі «Аспан денелерінің айналма қозғалысы туралы» кітабы жарыққа шығады. Онда әлемнің гелиоцентрлік жүйесі толықтай сипатталады. Өз уақытының астрономиялық және математикалық жетістіктерін пайдалана отырып, ол Жердің Күнді айнала қозғалатындығын дәлелдеді. Коперник өзіне дейін басым болып келген Птолемей-Аристотельдің геоцентрлік тұжырымдамасына өзінің көзқарасын қарсы қойды. Планеталардың қозғалысы мен орналасуына планиметрия мен тригонометрияның (оның ішінде сфералық) теоремаларының негізінде астрономиялық есептеулер жүргізді.

    Коперник өз теориясын Жердің шар тәріздес формасына сүйеніп негіздейді, ол «Аспан денелерінің айналуы» трактатында: «Жердің қозғалысы (Күнді айналып – авт.) оның формасына сәйкес емес пе деген мәселені, сондай-ақ, оның әлемдегі алатын орнын анықтау керек», - дейді. Мұны анықтамастан аспан денелері туралы сенімді білім алу мүмкін емес деп санайды. Өз көзқарастарын негіздеу үшін ежелгі ғалымдардың дәлелдерін (мысалы үшін, б.д.д. ІІІ ғ. грек астрономы Самостан шыққан Аристархтың), күрделі математикалық есептеулер мен өзі құрастырған аспаптардың көмегімен жүргізген эксперименталды деректердің негізінде алған дәлелдерін пайдаланды. Сонымен қатар, Коперник логикалық әдісті белсенді қолданды. Жер дөңгелек болғанда ғана, – дейді Коперник, – солтүстіктен оңтүстікке қарай кез келген меридианды бойлай қозғалған кезде, аспанның оңтүстік бөлігіндегі жұлдыздар көкжиектен жоғары көтеріледі, ал солтүстік бөлігіндегі жұлдыздар көкжиекке қарай түседі не болмаса көкжиек артына жасырынып, көрінбей қалады. Яғни, Жердің формасы шар тәріздес болғанда ғана, әр түрлі меридиандардың бойындағы бірдей қашықтықтағы қозғалыс пен көкжиек үстіндегі жұлдыздардың биіктігіндегі өзгерістер бірдей болады.

    Польшалық ғалымның барлық логикалық ой қорытындылары жалпы барлық қозғалыстағы секілді механикалық қозғалыстың да қатыстылық принципіне негізделеді. Оған сәйкес, «қозғалыс» түсінігі егер оның координаталары есептелмесе өзінің мәнін жоғалтады.

    Коперникті Әлемнің көрінетін бөлігінің өлшеміне жасаған батыл болжамдары танымал етті: «...Аспан Жермен салыстырғанда шексіз үлкен өлшемге ие; сезімдік түсінік бойынша айтсақ, Жердің аспанға қатынасы денедегі қал тәрізді, ал өлшемі шексіздіктің ішіндегі нүкте тәріздес». Бірқатар батыл болжамдардың авторы, астроном Коперник өз болжамдарын ғалым ретінде негіздесе де, әлемнің пайда болуы мен дамуын құдіретті күштің қызметімен түсіндіреді. Бұлар – ортағасырлық ойлау типінің елесі және ғылымның пісіп жетілмегендігінің дәлелі.

    Қазіргі ғылымның негізін салушылар ретінде индуктивті ғылымның іргесін қалаушы, ағылшын мемлекеттік қайраткері Фрэнсис Бэконды (1561-1626), итальяндық астрофизик Галилео Галилейді (1564-1642) және ағылшын дәрігері Уильям Гарвейді (1578-1657) атауға болады. Ғылыми білім мен әдістемелік ғылымның өсімі мәселелерімен айналыса отырып, бұл зерттеушілердің барлығы, әрқайсысы өз аумағында теория мен тәжірибені сәтті үйлестірді. Бэкон «Ғылымды қалпына келтіру» атты үлкен жобамен айналысты. Осы циклдағы өзінің басты шығармасы – «Жаңа Органонда» (1602) ол білім беру мен танымның бұрыңғы схоластикалық әдістерін сынайды, себебі олар өткеннің беделді деп қабылданған шығармаларын ғана оқып, талдайды. Табиғат туралы білімді оны тікелей зерттей отырып қана алуға болады, – дейді Бэкон. Сөйтіп, шындықты зерттеудің жаратылыстанымдық, эксперименталды-теориялық принциптерінің негізін салды. Ғылыми білімді дамытудың басты көзі – бұл зерттеушінің бақылау мен эксперимент жүргізу арқасында алған фактілер. Алайда, мұндай жолмен алынған білімдер индуктивті ой қорытындыларының көмегімен жеке ұғымнан жалпы ұғымдарға қарай талдауды талап етеді. Танымның индуктивті және эмпирикалық әдістері бір-бірін қажет етеді. Жалпы таным үдерісі эксперимент және бақылау барысында жеке заттар мен құбылыстарды сезімдік қабылдаудан басталады. Бэкон танымның эмпирикалық деңгейінің мүмкіндіктерін асырып бағалаған жоқ, себебі кез келген эксперимент рационалды түрде негіздеусіз, ғылыми болжамдар мен теорияларсыз мүмкін емес, ал тәжірибе мен ойлаудың, бақылау мен теорияның арасында тығыз байланыс бар. Бэкон бойынша, индуктивті қорытындылау – танымдық үдерістің заңды кезеңі, яғни жекелеген ғылыми фактілерді жүйелеу, қорытындылау арқылы теорияға айналдыру. Ол индукцияны эмпирикалық ғылымдардың кез келген заңын және теориясын объективті негіздейтін метафизикалық принцип деңгейіне дейін апарды. Бұл ғылыми танымның нақты және интерпретациялық, дүниетанымдық сипаттағы қиыншылықтарын есепке алмайтын біржақты амал. Ғылыми білімді дамытуға деген индуктивті әдіс (Бэкондық модель) жалпы ғылымдардың дамуы қалай жүзеге асады деген өте маңызды сауалға жауап бермейді.

    Галилео Галилей эксперименталды әдісті тәжірибеде пайдаланды, бұл әдіске қосымша сипаттар берді, мысалы, шынайы үдерістің мінсіз моделін құру, өмірде жоқ факторларды дерексіздендіру, тәжірибені көп реттік қайталау және т.б. Ол Архимедтің табиғат құбылыстарын зерттеудегі математикалық әдісін қайта жаңартты, Леонардо да Винчидің соңынан «табиғаттың ұлы кітабы математика тілінде жазылған» деп жариялады. Ол инерция заңын дәлелдеуге шындап кірісті, «көлденең жазықтықта қозғалып бара жатқан шар өз қозғалысын тегістік біткенше жалғастырады» дейді. Денелердің өз жылдамдығын сақтап қалу қасиетіне сүйене отырып, Галилей гелиоцентрлік көзқарас бойынша келесі құбылыстардың себебін түсіндірді, олар: неге айналып отырған Жерге ауыр зат тастағанда тігінен түседі, неге жел барлық уақытта шығыстан соқпайды, неге құстар Жердің айналуына қарсы ұшпайды (бұлар Жерді қозғалмайды деп санайтындардың ең маңызды мәселелері).

    Ғылыми биология кезеңі өз бастауын 1628 жылы алады, осы кезде ағылшындық табиғат зерттеушісі Уильям Гарвейдің эмбриология негіздеріне арналған «Жануарлардың жүрегі мен қанының қозғалысын анатомиялық зерттеу» еңбегі жарық көрді.

    Осылайша, Жаңа заманның жаратылыстану бағытындағы бірқатар зерттеулері ғылым әдістемесін құрудың тәжірибелік негіздемесіне айналды, онда теория мен тәжірибе бірге жүреді. Даулар болмыстың құрылымын қалай сипаттау керек деген мәселе бойынша ғана емес, оны қалай тануға болады, оны тану әдістері мен шегі қандай деген мәселе төңірегінде орын алды. Әлемді теориялық сипаттау құқығын философтар табиғат зерттеушілеріне, яғни физиктерге, химиктерге және биологтарға берді. Өздерінің артында субъект-объект қарым-қатынастары, таным әдістемесі, ақиқат туралы ілімді негіздеу секілді мәселелерді қалдырды. Жаңа еуропалық таным теориясын қалыптастыруда Рене Декарт, Джон Локк, Давид Юм және т.б. үлкен үлес қосты.

    Таным әдістемесінің жасалуы және философиялық негізделуі капитализмнің бастапқы сатысындағы қоғамдық өмірдің қажеттіліктерімен, ғылыми және техникалық революциямен түсіндіріледі. Жаңа прогрессивтік тап – буржуазияның мүдделері толықтай теориялық дәлелдерді қажетсінді. Капиталистік өндірістің қарқындап өсуі ғылым саласындағы сапалы секіріске, таным және әдістеме теориясының жасалуына, әлеуметтік мәселелердің қойылуына және шешілуіне себеп болды. Ғылымның табиғатты игерудегі рөлі артып, бірте-бірте өндіріс күшіне айналу жағдайында бұрыңғы ойға негізделген схоластикалық философия жаңа уақыттың қойған сауалдарына жауап бере алмады.

    Галилей, Кеплер, Исаак Ньютон, Готфрид Лейбниц және т.б. эксперименталды жаратылыстану ғылымының негізін қалаушылар. Олардың идеялары білімнің жаңа салаларының пайда болуына себеп болды, ғылым дамуының классикалық сатысына бастау жасады және әлемнің механикалық бейнесінің қалыптасу негізіне орнықты. Бұл жолда Р.Декарттың да (1596-1650) қызметі орасан зор, ол картезиандық (декарттық) парадигманың авторы. Бұл парадигма бойынша, болмыстың субстанционалды негізі, екі шынайы ақиқат – ойлайтын «Мен» (сана) және тәндік, материалдық бойлық. Екі субстанция – материалдық және рухани – бір-біріне тәуелсіз түрде өмір сүре алады. Алайда олардың болмысы біздің танымымыздың шынайылығына кепіл ретінде «құдайдың араласуын қажет етеді». Декарттың ұраны – «Cogito, ergo sum» («Ойлаймын, демек өмір сүремін») болды, ол ойлайтын «Меннің» ақиқаттылығын көрсетіп, схоластикалық философияға қарсы бағытталды. Бұл белгілі ақиқат, француздық философтың ойынша, білім алуға болатын басқа айқын шындықтарды негіздеуі тиіс.

    Ф. Бэкон секілді Р. Декарт танымның әмбебап әдісін іздеумен айналысады. Ол схоластикалық кезеңнің «бақыланбайтын жаратылыстар» мен «жасырын сапаға» бай ескі философиялық мұрасын сынға алды. Өз парадигмасын дәлелдеуді ол әлем туралы ойлар айтудан бастамайды, осы әлемді танитын адамның шынайы, айқын ішкі тәжірибесін сипаттаудан бастайды. Ол таным әдістемесіне өзінің бірқатар еңбектерінде терең философиялық негіздемелер жасайды, мысалы үшін, «Сананы басқаруға арналған ережелер», «Әдіс туралы пікір» және «Философияның бастауы» еңбектері. Декарт барлық ғылымдарың ішінде математиканы ерекше бағалады, оны «сыртқы ақиқатқа» азырақ тәуелді және ойлайтын «Менге» барынша жақын деп түсіндірді. Сондықтан да, дәл осы ғылымның көмегімен ақиқат білімге қол жеткізуге болады деп санады. Ғылыми танымда «физика, астрономия, медицина және сол секілді барлық басқа ғылымдарға күмәнді баға беріледі», ал арифметика, геометрия, математика тәрізді пәндер «шынайы және күмәнсіз білімдерге ие...».

    Оның зерттеулері Жаңа замандағы жаратылыстану мен философияның алдағы даму жолын анықтады. Декарт «ақыл өзінен бастау алуы керек» (Гегель) деген қағиданы ұстанды. Зерттеушінің алдындағы бірінші және міндетті жағдай – «беделділердің» берген анықтамаларына сәйкес танымның шынайылығын негіздеуге болмайды, «барлық нәрсеге күмәнмен қарау керек». Білімнің ақиқаттылығы ойлайтын «Менде» ең бірінші ақиқат, рухани субстанция ретінде жасырынып тұр. Декарт бойынша, танымның шынайылығының кепілі Құдай. «Әдіс туралы пікір» еңбегінде Декарт ақиқат білімдерді алуға кепілдік беретін ережелерді ұсынды, ұсыныстарын әдістемелік скептицизмге негіздеді. Позитивті, яғни тәжірибелік маңызы бар білімдерді алудың оңтайлы әдісі ретінде эмпирикалық индукцияны қолданған Бэконнан айырмашылығы, Декарт рационалды дедукцияны ұсынады. Яғни, сезімдік таным мен эксперименттің маңыздылығын теріске шығармастан, рационалды дедукция себеп-салдарлық қатынастар мен өзара байланысты ашуға мүмкіндік береді. Ғылыми білімнің ары қарай даму жолы эмпиризм мен рационализмнің арасында алынбайтын шекара жоқ екендігін көрсетеді. Олар ғылыми танымның әдістемесінде бір-бірін толықтырып отырады.

    Танымдағы ғалымның рөлі мен қызметіне қатысты жаңа еуропалық түсінікке сәйкес, ғалым – табиғатты тануда белгілі бір әдістемелік ережелерді басшылыққа алатын адам, ол «танушы субъектіге», яғни ескірген деректерден, ережелерден, жеке пікірлерден және эмоционалды баға беруден азат жанға айналады.

    Француз ағартушылары табиғаттан тыс нәрселерді теріске шығарды, олар табиғатты эксперименталды жаратылыстану деректерінің негізінде түсіндірді. Бұл деректердің базасы XVII ғасырдағы материалистердің деректер базасынан да кең. XVIII ғасырда биология, химия, геология дербес ғылыми пәндер ретінде бекітілді.

    Жаратылыстану ғылымдарының деректеріне сүйене отырып, француз материалистері жалғыз шындық ретінде шексіз қасиеттерге ие материя туралы ілімді дамытты. Барлық табиғат мәңгі қозғалыста және даму үстінде – барлық нәрсе бір формада өледі және басқа формада қайта туылады («Жанның Әлемді айналып жүруі туралы» болжам). Табиғатта кездейсоқ нәрсе жоқ, онда қатаң қажеттілік басшылық етеді: кез келген салдардың себебі бар. Қозғалыстың арқасында бүтін нәрсе өзінің бөлшектерімен бірге тозады, ал бөлшектер бүтінмен. Әлем шебер ойластырылған жетік механизмге ұқсайды. Ол – бір-бірімен тығыз байланыстағы себептер мен салдардың үлкен тізбегі. Материалдық үдерістерде ешқандай кездейсоқтық немесе мақсатты әрекет болмайды. Кездейсоқтық – бұл себептерді субъективті түрде білмеу, танылмаған қажеттілік.

    XVIII ғасырда Ньютон, Эйлер, Лаплас, Лавуазье, Буффон тарапынан ашылған жаңалықтар француз ағартушыларының философиялық қорытындыларының жаратылыстанымдық негіздемесіне айналды. Жаңа заманда бөлінбейтінн заттардан тұратын материя әрқалай қарастырылды. Мысалы, Гольбах пен Гельвецийда – бұлар геометриялық механикалық сипаттарға (қаттылық, ұзақтық, ауырлық, инерциялық күш, қозғалғыштық) ие атомдар; Ламетри, Дидрода – бұлар сезімталдық пен сарқылмайтын ішкі энергияға ие молекулалар (корпускулалар).

    Әр түрлі сападағы элементтердің қақтығысуы мен қосылуы материя формаларының әр түрлілігіне себеп болады, солай бола тұрса да материя іштей белсенді, ол сыртқы қозғалтқышты қажет етпейді. Сондықтан да, – дейді Дидро, – инертті молекуладан тірі молекулаға өтеді. Ол «әлемнің алғашқы негізі механикалық атомдар емес, сезу қабілеті бар органикалық молекулалар» деп санайды. Қолайлы жағдайда біріге отырып, олар жануарларды «дүниеге келтірді». Эволюциялық өзгеру үдерісі мұнымен тоқтамайды. Сыртқы жағдайлардың өзгеруімен жануарлардың өздері де өзгереді (белсенді жұмыс жасайтын мүшелері ұлғайып, жұмыс жасамайтындары жансызданады). Осындай жолмен алынған бейімдеуші ерекшеліктер тұқымқуалаушылық арқылы беріліп отырады. Басқаша айтқанда, табиғатта шынайы іріктеу құбылысы жүреді.

    Себеп туралы ғылымда француз материалистері себепті қажеттілікпен теңестірсе, кездейсоқтықты «субъективті білместік» деп сипаттайды. Ламетри: жануарлар мен өсімдік түрлерінің өзгерісіне не себеп – деген сауалға табиғи іріктеу теориясына жақын бірқатар идеяларын айтады. Ол алғашқылардың бірі болып жердегі өмірдің пайда болуы мен дамуына ғылыми түсіндірме ұсынды. Мысалы, ауадан мұхитқа өмір тамшылары түседі, күн сәулесінің түсуінен мұхит құрыған соң, олар тірі денелерге айналады. Осы жолмен қарапайым ағзалар, сосын күрделі жаратылыстар (адам) пайда болды. Сүтқоректілердің анатомиялық құрылымын салыстыра келе, Ламетри адамның жануардан шыққандығы туралы батыл болжам жасайды.

    Дидро материя мен сананың бірлігі туралы тұжырымды дәлелдеді, соның негізінде, жанның өлмейтіндігі туралы идеясын алға тартты. Өз пайымдауларында ол детерминизм принципін кеңінен қолданған.

    Француз материализмінің таным теориясының басты сипаты – сезімнен жоғары тәжірибесіз, тума білімді теріске шығару және үнемі кеңейіп, тереңдеп отыратын білімнің мүмкіндіктерін дәлелдеу. Ол агностицизм мен идеялардың туылғаннан пайда болатындығы туралы декарттық ойды теріске шығарудың негізінде жасалған және Локктың сенсуализмін дамытады. Яғни, барлық білімнің көзі болып табылатын сезінулер сыртқы әлемнің сезім органдарына әсер етуі арқылы пайда болады, ішкі тәжірибе, рефлексия екіншілік сипатқа ие. Идея – бұл сезімдерді тудыратын заттың бейнесі, ақиқат – бұл біздің заттар туралы ойымыздың сол заттарға сәйкес келуі, ол тәжірибе, эксперимент арқылы тексеріледі. Мұндағы көрініс жарық сәулелерінің физикалық көрінісімен ұқсас қабылданады. Сана – сезім арқылы алынған деректерді жинақтау қабілеті ретінде түсіндіріледі. Бақылау, ойлау және эксперимент – танымның басты әдістері.

    Гольбах өзінің «Табиғат жүйесі» атты іргелі еңбегінде редукциялану принципін, яғни материалдық бөлшектер қозғалысының түрлі формалары табиғаттың барлық құбылысына себепші деген ұстанымды дәлелдеді. Басқа француз материалистері секілді ол да: табиғат – материяның түрлі қозғаушы күштерінің жиынтығы деп санайды. Әлемде қозғалыстағы материядан артық ешнәрсе жоқ. Қозғалыс әмбебап, ол – табиғаттағы барлық өзгерістердің себебі. Бүкіл табиғат қозғалыстағы материя болғандықтан, онда кездейсоқтыққа орын жоқ, барлығы қатаң детерминделген (өзара шартталған). Гольбах, Ламетри, Гельвеций адамды табиғаттың жалпы жүйесіне жатқызады.

    Сонымен, XVII-XVIII ғасырларда еуропа елдерінің рухани өмірінде органикалық бірлікті құрайтын екі идеялық бағыт – механикалық материализм мен Ағартушылық – буржуазиялық революциялардың, дәуірлер алмасуының және қоғамдық өмірдегі ғылымның рөлінің түбегейлі өзгеруінің жаршысына айналды. Бұл ғылым тарихы мен философиясының қалыптасуы мен дамуына, қоршаған орта туралы объективті шынайы білімдерді айыра білу және игеру тәсілдеріне жағдай жасады. Ғылым тарихы мен философиясының зерттеу пәні табиғаттың жалпы мәселелері, ғылыми білімнің өсуі мен дамуы, құрылымы мәселелері.
    1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


    написать администратору сайта