Алмас Темірбай - Автопортрет. Алматы. ш иян баспасы. Бл кітапа аынны 19962006 жылдары жазылан, республикалы газетжурналдарда жарияланып, Аллажар, Жма жрт
Скачать 0.65 Mb.
|
Қайда өзі?! Бетіне бір түкірейін… – Сыңар кебіс секілді сыңар қалды-ау, Кім екен ұрлап алған туфлиін?! – Жетеді, доғар сөзді, оттамаңдар, Жетеді, жетеді енді, тоқта, қарлар! Мен білсем, судан таза, сүттен ақ ол, Сыртынан сорлы қызды соттамаңдар!!! …Осындай сөз гулейді ел ішінде, Келе алмай бір-бірімен келісімге. Қызығы қыз баланың өткінші ғой, Бар бәле – өзінде емес, кебісінде. Қалайша жан сарайың сыздамасын, Әрине, кіжінесің, қызғанасың. Біреулер әлек қылса ел алдында, Біреудің әлпештеген қыз баласын. І-бөлім Толғанай, Толғанай ғой қыз дегенім, Көрінген кейіпкер қыз бізге керім. Шыққандай болмас па еді, көрсең оны Алдыңнан өмір-бақи іздегенің. Әттең-ай, әттеген-ай, шырайлының Әп-сәтте ауырлатты Құдай жүгін. Суретін Сальвадор да сала алмайтын Сұлуды көрсең, шіркін, бір ай бұрын. Дейсің бе бір ай бұрын қандай еді, Айтуға сөз жетер ме, Алла-ай, оны?! Бір өзі – әлемге ортақ Айдай еді, Мінезі – жайма-шуақ, жайдары еді. Жамалы – жаңа жауған қардай еді, Жанары – рауандаған таңдай еді. Пейілі – шөлдеп ішкен шайдай еді, Мейірі – шайға қосқан балдай еді. Еркектің есін алған еліктіріп, Жетпістен асқан шалды желіктіріп. Әуейі жігіттерді жынды қылып, Әдейі жеңілетін, жеңіп тұрып. Күлкісі күй секілді киелі еді, Жүрісі бейне балет – би өнері. Мұң болған қарға адым жер мүгедектей, Міне, енді қалмады елде сүйенері. Сол сұлу, сол Толғанай бүгін басқа, Серт еткен сезімсізге бұрылмасқа. Күнәсі тамшыдай ма, теңіздей ме, Ұрынды үрзада жан ұрынбасқа. Қабағын қара шұбар қайғы басты, Қайғысы апта түгіл, айға ұласты. Бақытты емес пе еді бұл да өзінше, Бұлт етіп, қайран бақыт қайда қашты?! Толғанай биыл ғана, биыл ғана, Толықсып толмап па еді жиырмаға?! Бақытпен күлкі, ұйқы бірге қашты, Бірі де бұған соның бұйырмады, ә?! Кетті ғой. Кетті бәрі. Бақыт кетті. Күлкі ғып күллі елге уақыт кетті. Ол тұрмақ, сүйкімдісі, сүйіктісі, О, сұмдық, жай кетпеді, сатып кетті. Қалғаны – Қайғы. Азап. Сыңар кебіс. Көрген жұрт өсек қылып тұрар тегіс. Арудан Толғанайдай қашып жүрген Ақылы бұ бақыттың шығар кеміс?! Сұғанақ тағдыр бөгеп жолын анық, Сыртынан жүретіндей оны бағып. Сорлы қыз жылайды үнсіз, жылайды үнсіз, Сол сыңар кебісті ылғи қолына алып… ІІ-бөлім Сыңар да сыңар кебісім, Кімдердің, айтшы, кегісің?! Күнәм бар кімнің алдында Күнәһар қылар мені шын?!. Не сөзім оңбай, не ісім, Жем болды жұртқа жемісім. Бөлгенің мені аз ба еді, Бөлдің-ау екі ел ішін. Сыңар да сыңар кебісім, Сен үшін бәрі, сен үшін! Құдайға кім бар көнбеген, Көн, байғұс, енді, көн, байғұс. Көзімнің жасын көрмеген, Көрсоқыр екен ел байғұс. Өлем деп жүріп өлмеген, Өлексе екем мен байғұс. Ақ жауын аңсап, шөлдеген, Жасымды жұтты-ау жер байғұс… Сыңар да сыңар кебісім, Сен үшін бәрі, сен үшін! Құдай-ай, Құдай, Құдай-ай, Қайтейін енді, жыламай. Қорлықты көрдім кебістен, Қолымда қалып сыңары-ай. Көзімнің алды тұман-ай, Сөзімнің алды күмән-ай. Күнәм бар, қандай күнәм бар, Көрсетер қорлық мынадай?! Сыңар да сыңар кебісім, Сен үшін бәрі, сен үшін! Ермегім, қайран Ермегім, Сөзіме неге сенбедің? Көзіме неге сенбедің? Сүйетін болсаң шынымен, Өзіңе неге сенбедің? Апта өтті талай, ай өтті, Артымнан іздеп келмедің. Тірлігің бүйткен құрысын, Тірідей мені жерледің. Сыңар да сыңар кебісім, Сен үшін бәрі, сен үшін! Ермегім, жаным, Ермегім, Елес пе бәрі, елес пе?! Адалдығыма сенбедің, Ақ төсек куә емес пе?! Артымнан дұға оқырсың, Алатын болсаң мені еске. Лағынет айтам, лағынет, Лажым жоқ солай демеске!?. Сыңар да сыңар кебісім, Сен үшін бәрі, сен үшін! Сен үшін бәрі, сен үшін, Сыңар да сыңар кебісім!!! ІІІ-бөлім Көрінер, уа, оқырман, ісім бұзық, Айтайын, айып етпе, түсіндіріп. Әлқисса, бастан-аяқ баяндайық, Әдемі қызға кетті-ау ішім бұрып. Әлқисса, бастан-аяқ баяндайық, Әліміз жетіп жатса аянбайық. «Сыйға – сый, сыраға – бал», тыңда, ендеше, Сөз – қонақ, дүние – жалған, адам – ғайып. Әкесі Толғанайдың Жан деген шал, Ертеңін, елін ойлап қам жеген шал. Толғанай әрі қызы, әрі ұлы, Жалғызбен жан сарайын сәндеген шал. Халайық хандай сыйлап, мақтаған шал, Құс салып, құмай тазы баптаған шал. Адалға жалғыз атын сойып беріп, Арамның асынан дәм татпаған шал. Анасы Толғанайдың Гүлден кемпір, Өзінің шаруасын білген кемпір. Айтатын сөзін алтын сырға қылып, Қызының құлағына ілген кемпір. Таңдантып, топты бұзып-жарған кемпір, Талайдың арманы боп қалған кемпір. Өзінің айтуынша, концерт қойып, Кезінде Керекуге барған кемпір. Бар болсын өміріне өкпе нендей, Күн кешкен көңілдері көкке өрлей. Қыздары көз алдында келеді өсіп, Қызғалдақ қыр төсінде көктегендей. Қызының көрсеткені қандай қылық, Кеткендей кемпір-шалды маңдайға ұрып. Білмейді жын алды ма, пері алды ма, Бір түнде жалғызынан қалды айырылып. Жат біреу жалғыз қызын алып қашты, Албасты шалды, өстіп, анық басты. Шытынап шыныдайын шыдамы оның, Кемпірі кемсеңдеді. Халық састы. Білмеймін болған жайдың бәрін нақты, Ауыртты қызы шалдың жанын қатты. Кектеніп, қатынөрме қамшыменен Кемпірдің арқасының шаңын қақты. Қарт байғұс қарап қалды жерге, міне, Айналып өсекші елдің ермегіне. Беймәлім ерте үйленген екі жасқа Батасын берді ме, әлде, бермеді ме. Шарасыз шал шамданып, қаһарланып, Күнімен күбір-күбір жатар налып: «Кемпір-ай, қалың малы құрып қалсын, Кетпеді-ау, тым құрыса, батамды алып! Құмартып отырғам жоқ қалың малға, Өзімнің аман қылсын малымды Алла. Жан үшін сатқан емен намысымды, Намысым биік тұрар арымнан да! Құдай-ау, құда қайда, құда қайда?! Қалайша шыдап жатам мынадайға?! Бауырымнан баламды тартып алған Баласы үшін кешірім сұрамай ма?!». …Осылай жата тұрсын шал кіжініп, Біздерге болар істің алды қызық. «Кім екен? Күйеу бала кім екен?» деп, Бүйірі оқырманның алды қызып. Бұл біздің күйеу бала – Ермек деген, Екі жыл шетел асып «ерлеп» келген. «Маладес жігіт екен…» қыздарша айтсақ, Мал тапса, айыбы не еңбекпенен. Жар етіп жаннан артық жалқы қызды, Алды ғой аң-таң қылып жалпы бізді. Қағынып қала кезген ұл емес пе, Қайдан білсін қазақы салтымызды?! Торғайдай тосып таңын үмітпенен, Торына талай жанның ілікпеген. Сүймекке асықпаған қыз ешкімді, Билеп те көрген емес жігітпенен. Теңіздің толқынындай тербеп мұңы, ((Осы мұң Толғанайды жеңбек, түбі)). Бақыттан басы айналған, кездесуге, Ия, рас, шақырғанда Ермек мұны. Шықпаған талай-талай биік бар-ды, Кімдердің тағдыр жолы тұйықталды. Ақыры, амал қанша, аңқау ару Сүймеймін деп жүрді де, сүйіп қалды. Келін боп түсті үлкен үйге, міне, Толғанай мәз қосылып сүйгеніне. …Қырмызы қызға Ермек қызықты анық, Білмеймін, сүйді ме, әлде, сүймеді ме?! ІV-бөлім Бір ғажап той басталды, той басталды, Бұл қазақ той-қызыққа тоймас мәңгі. Көңілдің көгершінін көкке ұшырып Асаба асқақтатты «Тойбастарды». О, неткен өң мен түстей өмір еді, Көңілің көрген сайын семіреді. Отырған осы тойда кәрі-жастың Барлығы бақытты боп көрінеді. Ішпеймін деген еді болмады ақыр, Ішкенде бұл да батыр, ол да батыр. Қылығы қыздан бетер екен, сірә, Құдаша зорлап жатыр, зорлап атыр… Біреулер қалғып кетті. Тас боп мәңгі. Біреулер лағып кетті. Мас боп қалды. Ішіне сыймады ма, кейбіреудің Көзінен арақ, шіркін, жас боп тамды… Қазақтың тойы ғажап ауылдағы, Аңқылдап аға-жеңге, бауыр, бәрі. Жазды күн келген сынды кері айналып, Мәз бүгін масың дағы, сауың дағы. Дәметпей дәулет дейтін патшалықтан, Тапқанын тойға құртқан, асқа құртқан. Қазаққа қойды көп қып, тойды көп қып, Құдайым берген артық басқа жұрттан. Сынаптай өте шығар сырғанап күн, Мына той – бірі ғана мың ғажаптың. Қойлары кемігені ештеңе етпес, Тойлары кемімесін бұл қазақтың. Үш жүзге, руға кейде бөлін, мейлі, Той барда ел іргесі сөгілмейді. Анасы Толғанайдың отыр, әне, Әкесі қайда кеткен, көрінбейді… Қызығын қарт та көріп, жас та көріп, Кеткендей беу, дүние басқа болып. Иті де көршілердің жырғап қалды, Итаяқ қалған-құтқан асқа толып. «Дүние ұзын емес, шолақ бізге, Біз дағы бір күн ғайып қонақпыз де» – Дегендей дастарханға барын салып, Жолынан жығылмады жомарт күз де. Сұңқардай сері жігіт саңқылдайды, Серігі көңқарғадай қарқылдайды. Қораның төбесіне қонақтаған Қораз бен төрт-бес тауық ән тыңдайды. Жалығып көрші үйдегі көп еркеден, Жалығып керзі етіктен, бәтеңкеден. Сүйретіп сұр күшігі Қолқабайдың, Ойнайды босап қалған бөтелкемен. Көзінен күшікке тән сырды аңдатып, Есіріп, есік алдын жүр шаңдатып. Қыздардың етегінен тартқылайды, Құйрығын қайта-қайта бұлғаңдатып. Иесін бұл күшіктің – Қолқабайды, «Қой-қой» деп құрдастары қолқалайды. Бурадай айбат шегіп, жынын шашып, Бір жұтса, бір шөлмекті орталайды. Қылығы құдашаға ұнамады, ә, Сөзінде тұра алмай ма, тұра ала ма?! Қылағай мен үлектен туған будан – Қалбағай секілді екен құда бала. Бас құда – бас терісі қалың адам, Ұйқышыл болар, сірә, әрі надан. Желкесі шұқыр екен – қырсық, демек, Не сөзге, не мінезге жарымаған. Құдағи – ойы ұшқыр, тілі ұтқыр, (Құдаға бұйырмаған ірілік бұл). Саласы саусағының ұзын екен, Қолының ашықтығы білініп тұр. Ананың құшағында іңгәләған, Айналып кетпейсің бе бұл баладан?! Сәбидің тілегі шын қабыл болар, Ешкімге ештеңесін бұлдамаған. Қарқыны тамаданың алабөтен, ((Қалжыңмен нәпақасын табады екен)). Бұ да біздің Бақытбек Нұралиндей, Таңдайының бағы бар тамада екен. Шамасы молда болар бұл Құрекең, Қарашы, түрі – бөлек, тұрқы – бөтен. Жарбиып жарға қонған жапалақтай, Оңаша отырысы күлкілі екен. Кісіні қылығымен баурап ерен, Күнелткен ұсақ-түйек саудаменен. Қыз жолдас – Қолқабайдың қарындасы Жәнипа, лақап аты Жанна деген. Сол Жанна сылқ-сылқ күліп, тасып-толып, Асын да алдындағы шашып-төгіп. Қылымсып, қылмыңдайды, қырындайды, Ермекке қалды-ау, сірә, ғашық болып. Той дейтін ұзын-сонар тамашаның, Жасауда жастар жағы «жолашарын». Ермек те, Толғанай да толқып отыр, Болжатып бір-біріне болашағын. Өзің біл, не қалайсың, не татасың, Жемістің жерсің, бәлкім, жеті атасын. Кәрілер кесек-кесек ет асатып, Жастарға беріп жатыр ел батасын. Етті жеп, қол созғанда сорпасына, Жеткенде тойдың нағыз ортасына. Бақытты қалыңдықтың – Толғанайдың Үйілді, үйірілді сор басына. Толғанай толған айдай мұңға батты, Апыр-ай, аяғына кім қарапты?! Не үшін? Білмейді ешкім. Бір қаскүнем Кебісін қалыңдықтың ұрлап апты. Сұмдық-ай: «Тасты ұрғандай жапалақпен», Құрғыр-ай, тағдырларын қатал еткен. Мас Ермек Толғанайды боқтап-боқтап, Бетінен шарт еткізді шапалақпен. Кінәлі, олла-біллә, ол емес-ті, Екі жақ екі-үш мәрте ерегесті. «Е-е-е, бүйткен қыздарыңды ұрайын!» деп, Бас құда бастап кетті төбелесті. …Жалғайын әңгімемді үзе тұрып, (Кеткендей ертекші шал түзге шығып). Берейін бұлдыр тұсын түсіндіріп, Болмасын бізге – рас, сізге – өтірік. Кебістің сыңар қалған анты бар-ды, Антының арты зілдей зарпы бар-ды. «Кебісі ұрланған қыз – арсыз» деген, Қазақтың қатыгездеу салты бар-ды. Біреуге ақы төлеп бір қаралық, Сыртынан сақ-сақ күліп сұмдар анық. Көрсеткен қара бет қып қалың елге, Кебісін кейбір қыздың ұрлап алып. Құдайым қырсық іске бастамасын, Ылайым орта жолда тастамасын. Не қызда, не жігітте кегі барлар Шығарған талай жанның масқарасын. Адыра қалып айтқан тілегің де, Ауырар той үстінде жүрегің де. Қара бет қылған талай қалыңдықты, Осындай салт бар еді бұл өңірде… Жарайды, кірме сөзді доғарайық, Етпессің еу, оқырман, оған айып. Ақыры не болды екен, не болды екен, Тойдағы төбелеске оралайық… Тәмәм жұрт тулап-тулап тынышталды, Және де хош көрмеді ұғысқанды. Ырым ғып «бақыт үшін» деді дағы, Сындырып кетті кемпір хрустальді. Осылай той көңілсіз аяқталды, Қалыңдық қалың елден саяқ қалды. Оңбады-ай онан кейін оның өмірі, Толғанай талай рет таяқталды… Осы ма, сайтан алғыр, кек дегені, Өз қызын өзегінен теппеп еді. Шал байғұс кетті өзгеріп бүгін мүлде, Жалғызын жек көреді, жек көреді… V-бөлім Күндер-ай, күн артынан түн аунаған, Түндер-ай, бір-бірінен түрі аумаған. Тырнайды Толғанайдың жүрегін мұң, Тырнаның даусы шықса тыраулаған. Күмістей қырау қонып қыр басына, Күтеді Наурыз келер күнді асыға. Толғанай Ермек жайлы ән шығарған, Сол ғана-ай сырласы да, мұңдасы да. – Білмеймін, ой, дүние-ай, не етерімді? Умаждап ұстай берем етегімді. Біреудің сөзіне еріп кеткенің бе, Білсемші, екіжүзді екеніңді. Дүние – жалған, Дүние – жалған. Сорлы жоқ бұл жалғанда қыздан асқан, Сопайып жалғыз өзі үйде қалған. Сүйгенім сайтан ба еді мың құбылған, Құбылып, сау адамды жынды қылған. Өмірде түсінгенім бір-ақ нәрсе: Өтірік артық екен шындығыңнан! Дүние – жалған, Дүние – жалған. Сорлы жоқ бұ жалғанда менен асқан, Сопайып жалғыз өзі үйде қалған. Үйде қалған… үйде қалған… Осынау әнге салып ыңылдайды, Ән салса сол жақ көзі жыбырлайды. Қайғы ма, қуаныш па, Құдай білсін, Әйтеуір, жақсылыққа ырымдайды. Осынау әнге салып ыңылдайды, Ән салса сол жақ көзі жыбырлайды. Қосылып бір бүйірден Қолқабай да, Өтірік жымыңдайды, қырындайды. Бұндай деп кім ойлаған Қолқабайды, Алдында қыздың құрдай жорғалайды. Қолынан аға болу келер ме екен, «Қарындас» деп қояды Толғанайды!?. Күнімен карта ойнап, арақ ішіп, Ішкенін шала жұтып, шала құсып. Жүретін тіміскілеп төңіректі, Секілді жұртта қалған қара күшік. Өтті ғой, өтті-кетті, бәрі бастан, Қатынның қазір бұған қадірі асқан. Ақылы қырықта да кірмеген соң, Ақыры әйелі өзі ажырасқан. Біресе ой кешетін түрі жылып, Біресе сөйлесетін тілі жібіп. Толғанай Ермек жайлы сөз бастаса, Тұратын тасбақадай тыжырынып. – Адалдық – ғұмыр-бақи сертім едің, Жел болып көкірегімді желпі менің. Біздерде арман бар ма, уа, дариға, Басым бос, дархан далам, еркін елім! Әділдік – ғұмыр-бақи сертім едің, Топасты тәубесіне келтіремін. Кебісін қарындастың ұрлап кеткен Ұрыны ұстап алсам – өлтіремін! – Деп кейде кіжінеді ішіп алып, Қолқабай – сөзі – анық, ісі – танық. Аңшыдай аң артынан далбақтаған, Кететін айдалаға құсы лағып. Қыз оны қолдай ма, жоқ, қолдамай ма, Көңілін білдірмекші ол қалайда. Ия, рас, Жанна Ермекке ғашық еді, Қолқабай ғашық еді Толғанайға… Кім қолдап, кім жаны ашып, кім аяды, Тұрғанда жар шетінде бір аяғы?!. «Қосылсам сүйгеніме, осы арақты Қояр ем…» деп, Қолқабай мұңаяды. Қу таңдай әріптесі Береке кеп, Тұрғандай Толғанайды келекелеп: «Білімдар қыз, саған да құтты болсын Білім күні – бүгінгі мереке…» деп. Қызметі бір қолды екі еткенімен, Қол үзген сабақ берген мектебінен. Зымыстан жұрт ойлайды басқашалау, Жұмыстан өзі шығып кеткенімен. Өкпемен, өкінішпен өтті күні, Қаһары қай сайтанның соқты мұны?! Қарайып бара жатыр ашаң жүзі, Ағарып бара жатыр тоқ бұрымы. «Ұры кім? Айтыңдаршы, кім біледі?». Жүрегін өткір сұрақ тілгіледі. Обал-ай, есі ауыса бастаған ба, Толғанай бір жылайды, бір күледі. Тағдыры жаман кеней асық қыпты, Кенейдей тозып бітті, жасып бітті. Ол бұрын жек көретін жасықтықты, Ол бүгін жек көреді пасықтықты. «Айрылып қалдым қалай кебісімнен, Қайғырып жүрем бүйтіп не үшін мен?! Өмірден өлім жақын, сірә, маған, Өмірден өлім жақын!..» - деді ішінен. Жазығы – Махшар дейтін таңға асығып, Жазмыштан озбақ болды алға шығып. Шолтитып шашын қиып, арқан есіп, Өзінің бұрымымен қалды асылып. Жалғанның жалғандығын алғаш ұғып, Дегендей алдамшы – арман, далбаса – үміт. Мәңгілік бақытының мәнін таппай, Мәңгіріп, мәжнүн талға қалды асылып… |