Алмас Темірбай - Автопортрет. Алматы. ш иян баспасы. Бл кітапа аынны 19962006 жылдары жазылан, республикалы газетжурналдарда жарияланып, Аллажар, Жма жрт
Скачать 0.65 Mb.
|
3). Дара қазақтарға айтқаны Төңіректеп зор Үйді, Қара басын күйттеді. «Итаяғын» қориды Инвестиция иттері. Сүйек керек оларға! Жілік көрсе – жүгірді. Тілде сүйек болар ма, Қайтсін, сонсоң тіліңді?!.. Көнбес айтқан ақылға, Иттің тілі – абалау. Жатқа үрмей, жақынға Үретіні жаман-ау. Қорқауменен шатыс па, Қажетсінбес жылы үйді?! Қарны тойса, Батысқа Қарап қойып ұлиды… Жон арқасы жотадай, Көрем күнде оларды. Атып тастау оп-оңай, …Күшігіне обал-ды. Өзін-өзі зор тұтар, Құрғырлардың құлқыны-ай! Қан қақсатып, қорқытар Қасқыр болса, шіркін-ай!.. Сыртқы жүнін қампитар, Сүйек мүжіп, май асап. Әлі-ақ аузын аңқитар Әккі түлкі – саясат!.. 4). Бала қазақтарға айтқаны Қалмақты қаңсыратқан тіл, Ойратты сансыратқан тіл. Қамшы-сөзбенен осқылап, Қанын да тамшылатқан тіл. Күндердің күні болғанда, Қиын да қыстау жолдарда, Жалғыз-ақ сөзін өткізген Орайын тауып, он малға. Неліктен заңың – «мүгедек»? Неліктен бағын – «сүмелек»? Бармысың бала қазағым, Тіліңнің халін біле кет. Дәнегім бар-ды мәйекті, Дәлелім бар-ды дәйекті. Өткел жоқ өткен күндерге… Жыл өтті, талай ай өтті. Неліктен ауыр азабың? Неліктен ащы мазағың? Жатырсың неге үндемей, Қарға тамырлы қазағым?! Дауласпап едім ешкіммен, Жауласпап едім ешкіммен. Халықтың түрін көрген соң, Балықтың күйін кештім мен. Шатпағын тыңдап шатаның, Жаттады жастар жат әнін. Мәңгүрттерге не керек Мәтелім менің мақалым?! Тілдің де уы, зәрі бар, Аман-сау адам ауырар. Тілдің де емі, балы бар, Ауырған адам сауығар. Есалаң адам – сөзқұмар, Есін ел-жұрттың тоздырар. Есебін білмей сөз қылар, Ескі бір дауды қоздырар. Ақ нұрын төгер түнімен, Ақынның жыры – шамшырақ. Ақынның отты тілінен Сөз майы тұрар тамшылап. Ақындар жырын тыңдамай, «Батырлар жырын» тыңдамай. Ұлтына қызмет қыла алмас Ұр да жық қазақ ұлдар-ай! Отаршыл тілдің күні – тұл, Отаршыл елдің тілегі – еш. Орыстың тілі – ұлы тіл, Орыстар, бірақ, ұлы емес. Бабаңның ділін сыйламай, Бабаңды қайтіп сыйларсың?! Анаңның тілін сыйламай, Анаңды қайтіп сыйларсың?! Анаңның алсаң алғысын, Ұлтыңның ұлы боларсың. Атаңның алсаң қарғысын, Құлқыңның құлы боларсың. Атаңның тілін ал, балам, Батасы өрге шығарар. Анаңның тілін ал, балам, Тілегі төрге шығарар. Анаңның тілін білген соң, Адамның тілін білерсің. Адамның тілін білген соң, Ғаламның тілін білерсің… 5). Қара қазақтарға айтқаны Шешен анам тілімнің Дауы да көп бұл күні. Көсем ана тілімнің Жауы да көп бұл күні. Жатқа жанын жалдаған – Жақындарын жақтамас. Әке тілін алмаған – Ана сүтін ақтамас. Атұстарын ер жетсе Атқамінер атанар. Кердең қағып, кері кетсе Елден теріс бата алар. Көрпесалар бой жетсе Көңілі сүйген жат алар. Көрінгенді сөз етсе, Көргенсіз қыз атанар. Баба дінің бір күні Вахаббизмге айналар. Ана тілің бір күні Архаизмге айналар. Аузым талай күйген-ді… Тісте дейсің қай қолды?! Бишарымыз би болды, Байғұсымыз бай болды. Елім дейтін ерің жоқ, Ерім дейтін елің жоқ. Ұлаң-байтақ далаң бар, Ұлтарақтай жерің жоқ. Күлтөбенің басында Күнде жиын құрмаспыз. Кіндігі бос жас ұлға Күнде «қақсап» тұрмаспыз. Үкіметке бүгінгі Үні жетпей сенделді ел. Мемлекеттік тіліңді Менсінбейді менмендер. Көзқаманға не дермін, Көзімізге күйік құр. «Зиялы қауым» дегеннің Зияны елге тиіп тұр. Заңсыздықтың белгісі – Заман басқа, заң басқа. Арсыздықтың белгісі – Адам басқа, ар басқа. Үнім жұртқа жетер ме, Көп – уайымым, аз – әлім?! Ұйықтап қайта кетер ме Ұйқылы-ояу қазағым?! Шыбын жанның шырылы – Қазақ тілі обалы. Құрылды да құрыды «Қазақ тілі» қоғамы. Сырбаз тілден сый кетті, Бітер қашан бұл мазақ?! Қазақ тілін үйретті Бір қазаққа бір қазақ… Тағы қандай мазақ бар?! Не көрмеген маңдай бұл! Тың игерген қазақтар Тіл игере алмай жүр. Миымды жеп мұң қанша, Өзімді-өзім жүдетем: «Ұлт тірегі – тіл болса, Тіл тірегі кім екен?!.» Тәлкегі бар о, қанша, Тәуелсіздік – ұлы сын! Қазақтығың жоғалса, Азаттығың құрысын… Ұят пен тіл – біртуған Әлмисақтан, әуелден. Ұят кетсе ұлтыңнан, Әдеп кетер әлемнен. Жүрмендерші өкініп, Жау ішінде жауыз бар. Мақтап-мақтап өтірік, Мақтаменен бауыздар. Береді деп Тәңірім, Бекер пайда күтпегін. Тілің – күретамырың Бір үзілсе… біткенің! Қара қылды қақ жарар Қызыл тілдің күні өтті. «Қалауын тапса – қар жанар», Қалды ма елде бір епті?! Жұрттың іші жылымай, Әупірімдеп күн кешкен. Қайран ана тілім-ай, Ат артына мінгескен. Құрып қалсын күнім – бұл, Өлер болдық намыстан. Кеше – Абай, бүгін – тіл Мыңмен жалғыз алысқан. Омонимі жоқ оның, Синонимі жоқ оның. Анталаған әр тұстан Антонимі көп оның! Антонимі көп, бірақ, (Зарын тыңдар жоқ құлақ). Әлдекімдер әуре етті, Әрбір тұстан топ құрап. Өкпе-назым орынды, Кім тыңдасын онымды?! Кірме сөздер құтырып, Кес-кестеді жолымды. Бұның бәрі бекер деп, Артыңды өзің ашасың. Жаңалыққа жетем деп, Ескіліктен қашасың. Құймандаршы отқа май, Көне сөзде көп мән бар. Көне көзді жоқтамай, Көне сөзді жоқтаңдар! Күйін кешкен ғаріптің Қайран, тілім, сорлым-ау. Ең аяғы, әріптің Қатесі де болды жау! Құмырсқадай өріп жүр Қате деген әлі күн. Қырық пышақ болып жүр Қырық екі әрібім! Дал-дал болып көңілім, Дәлдүрішпен қағысып. Өтер ме екен өмірім Қатеменен алысып?! Сөз баққанды, қайтейін, «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Сөз тапқанды, қайтейін, Сөз тыңдайтын орта жоқ. Мысықтілеу болмағам, Тышқантірлік кешсем де. Сорлы тілім, сорлы анам, Кешіре алсаң, кеш сен де!.. Ашына айтты десең де, Асыға айтты демессің. Асыға айтты десең де, Асыра айтты демессің!.. ЖОРЫҚ ЖЫРЛАРЫ (Махамбеттің атынан) Бермей ме екен Құдайым, Біздей тарыққан ердің тілегін?! М.ӨТЕМІСҰЛЫ. БІРІНШІ ЖЫР Алаң да алаң күн кештім, Алуан да алуан мұң кештім. Ағайын кетіп, мен қалып, Алламен іштей тілдестім. Атаға тартып туған ер, Атаның жолын қуған ер, Айрылса дағы еркінен, Айнымақ емес сертінен! Ал, әгәрки, айтқанымнан айнысам, Аламан топқа кірмеспін, Арғымақ атқа мінбеспін, Адыра қалып қу жаным, Адам боп ғұмыр сүрмеспін!!! Алдымнан тосқан жол қанша, Артымнан ерген қол қанша. Алармын-ау кегімді, табармын-ау теңімді, Алай-бұлай болғанша!.. ЕКІНШІ ЖЫР Ақ патшадан не қайыр Ақ Ордада алауыздық орнаса?! Ақ Ордадан не қайыр Анау он екі бидің көңілін күдік торласа?! Аға сұлтан немелерден не қайыр «Ақ киіз, қызыл киіз» деп Ақы алатын үй іздеп, Арамза, бұзық молдаша, Алдап-сулап жұртымды, салық салып қорласа?! Ағайыннан не қайыр Ақ сирақ жұттан сорласа, Ақырын күтіп оңбаса?! Атаңа нәлет, Жәңгір ханнан не қайыр Атасы басқа ноғай мен сарттың сөзін қолдаса?! Ал, біздерден не қайыр Алысқанда қол бастар, Адасқанда жол бастар, Ақыреттік жолдасым ер Иса-екең болмаса?! Ай, бәрін айт та, бірін айт, Айтар жерін біліп айт, Арғы ел мен бергі елге ұран болған ұрыста Ағатайдың аруағы Исатайға қонбаса!!! ҮШІНШІ ЖЫР Ағам мінген арғымақ, ат тарланы Ақтабан, Алты айшылық жерлерді алты-ақ күнде аттаған. Алса дұшпан шаужайдан тұяғымен таптаған. Айға қарап арқырап, Күнге қарап кісінеп, Алдын сезіп күн бұрын өзін-өзі баптаған. Арқасы – алтын, бауыры – күміс қазанат Адам бар ма майданда саған таңдай қақпаған?! Аузыменен құс ілген, Ауыздықпен алысқан. Ауырсынып тартқылаған тізгінді Ауыз омыртқасы қарысқан. Ақпанның қары белуардан келсе де, Аумаған құлан шабыстан. Алдынан сарт-сұрт таға ұшқан, Артынан бұрқ-бұрқ шаң ұшқан. Арқасын дүбір қоздырып, құйрығын көкке шанышқан. Арман бар ма жылқыда сенімен тізгін қағысқан. Айналайын иеңнен, ат таныған – данышпан, Айналайын өзіңнен, жаратылған намыстан!.. ТӨРТІНШІ ЖЫР Ақылы – азық, сөзі – сусын биіміз Ашық-жарқын кеңесіп, көңіл түбі толған күн. Ата жұртты айнала ұшқан аққу – күйіміз Албырт жастың бойына кие болып қонған күн. Азан-қазан у-шудан әбден мезі миымыз Азын-аулақ тынығып, тәтті ойларға шомған күн. Айдалада отырған қара лашық үйіміз Ақ Ордаға жақындап, мәре-сәре болған күн. Ақ сақалды, сары тісті бабаның Ақ батасын көкірекке түйген күн. Алпыс екі тамыры босап байғұс ананың Ақ емшегі иіген күн. Ақ жерден қара болған баланың Аққа ауызы тиген күн. Алма мойын, айнам көз арумен қош айтысып, Ақша маңдайдан сүйген күн. Аруағымды шақырып, Аждаһадай ақырып, Аранын ашқан ажалға Арыстандай атылып, Ашу қысқан аш бүркіттей қомданып, Абжыландай толғанып, (Алла ісімді оңғарып!), Алты құлаш ақ найзаны қолға алып, Ақ кіреуке киген күн. Атам заманғы батырлардың салтымен Ат құйрығын түйген күн. Айласы құрып, атаңа нәлет, ата жау Айдалада Айға қарап сиген күн! Ақтық сөзін айта алмай, Ақылы ауысқан сайқалдай, Ақырғы үміті өшкен күн, Ақырзаман кешкен күн, Ақыретке көшкен күн! Айһай дүние, ай дүние, Айналып кері келер ме?! Айқайласам Тәңірім Айтқан тілекті берер ме?!. БЕСІНШІ ЖЫР Айбалтадай айбатты, Алдаспандай қайратты, Алаш рухын асырып, Аллаға ғана бас ұрып, Айырық жолда біз тұрмыз Ауыр сайман асынып, Алыспаққа асығып!.. Атойлаған әскерім, Азды-көпті жас перім. Алды-артына бұрылмас, Анталаған дұшпанның Аяғына жығылмас. Ала қашып ат-тонын, Ат артына тығылмас! Алды – боран, арты – қар, Ала шапқын күнімізді , Алмағайып түнімізді ойласам, Алқынып әзер жан тұрар. Алпыс екі тамырым Адырна құсап тартылар. ...Атқа міндік, аттандық, Арманы бір бәрінің... Ал, кәнекей, жар бола гөр ,Тәңірім!!! АЛТЫНШЫ ЖЫР Алас ұрған тағы – үміт өрден-өрге өрлесе, Албастыдай самұрық төбемізден төнбесе, Алтын иық төренің, Ант атқыр, әккі неменің Айдауына жүрмесе, айтқанына көнбесе, Адай менен Берішті алауыздар бөлмесе, Абылхаят суындай АЗАТТЫҚҚА шөлдесе, Аруағы иманды болғыр, біздің Исатай Ажалынан үш күн бұрын, үш күн бұрын өлмесе !.. ...Арманына жетер еді ел бүгін, Арманыма жетер едім мен бүгін... ЖЕТІНШІ ЖЫР Алғыр бүркіт мен едім, Ала қыстай тамағы – Алтайы қызыл түлкіні Алыстан шалған жанары. Аш өзегім өрттеніп, Ашу дейтін дерт төніп, Ашылмай қойды-ау көңілімнің қабағы, Алуан-алуан ой түскір, сарсаңға салып сананы. Айрылғыр қарс араны, Айрылғыр тарс талағы, Алтын иық төрелер Айырмай ақ-қараны, Алаңғасар жұртымды Алдады талай, қанады. Ара ағайын табылмай, Арадайын талады. Аң-таң болып, ашық ауыз ағайын Алақаныма қарады. Ақырзаманның белгісі Айланкес келер адамы. Айланкестің жолын кес-кестер Айла-шарғым да шамалы. ...Алдаспанның өтіп дәурені Алты атардың туды-ау заманы!.. СЕГІЗІНШІ ЖЫР Ай, мен едім, мен едім, Атан жілік, арқар мүйіз ер едім. Ақ үйек малдың басындай Ақ саңдақ жүйрік кер едім. Адырнаның адал күшін ақтаған Алты қарыс қозыжауырын жебе едім. Алпамсадай ерлердің шыбын жанын сақтаған Алтынды сауыт көбе едім. Арқа сынды кең едім, Алтай сынды өр едім. Айбатшыл бөрі мен едім, Айтақшыл төбет сен едің. Ау, Бай-еке, Бай-еке, Абалайсың неге сен, Айтшы, кәне, себебін?! Ағат істі білгізіп, Ағаш атқа мінгізіп, Артымды аштың демесең, Артық-ауыс не дедім?!. Арманым нұрын себер күн, Артымнан елім ерер күн, Алыс па, әлде, жақын ба, Алла жалғыз тілегімді берер күн?! Айналамнан жүргізбей, Айтақтатпай, үргізбей, Ау, Бай-еке, сен секілді иттерді Аузынан бір-ақ тебер күн?!. ТОҒЫЗЫНШЫ ЖЫР ...Азаттық, шіркін, Азаттық!.. Алыстардан мұнартты, Албырт көңілім құмартты. Алақаныма жетер-жетпес жүрекке Ат түгілі, Атан да көтере алмас жүк артты. Ау, Алаш дейтін алып елдің Арыстандай, қабыландай ерлері, Алыстамай, кел бері! Атой салып аруақты мұң қанда, Арқа сүйер сендер тірі тұрғанда, Аз демеймін Тәңірімнің бергені. Ал, жігіттер, жігіттер, Аттанайық, тәуекел! Анау – Нарын, мынау – Жем тақияңа тар келмес, Атақоныс жерінен бақ табайық, тәуекел! Ақылсыз сорлы мен емес, Ақылды сөзге дау етер, Ақырғы досын жау етер. Айрылып жан-тән бірліктен, Аз ғана сәттік тірліктен, Ауырмай-ақ сау да өтер. Ал, тәуекел, нар тәуекел, тәуекел!!! Алдыңды ойлап қорықпа, Артыңды ойлап торықпа. Алланың пейілі кәпірлерге бұйырмас, (Алхамдү лилла, мұным – рас,) Аллаһу акбарсыз мұсылман мойны қиылмас, Аласапыран, алмағайып жорықта!!! КЕНЕСАРЫНЫҢ КЕЛМЕСКЕ КЕТЕРДЕГІ ЖЫРЫ (Зар-толғау) Кенесары өзін өлтірер алдында, иін тірескен халық жиналып тұрған сол бір шақта өлеңдетіп қоя берді. Өлеңінде өз елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында өзі жүргізген аса ауыр күрестің бүкіл өткен жолын баяндады. Сарыарқаның кең даласын, шайқаста қаза тапқан серіктерін еске алды... «Тургайская газета». №21.1903 жыл. Қайран да қайран, қайран күн, Қапыда кетіп барамын. Қауқарсыз жанға айналдым, Қастық қып сенген адамым. Қайтейін, босқа ашынып, Қалмағаннан соң амалым. Қас жаудың құтын қашырып, Қаттырақ шық, ей, қаралы үн!.. Құдіреті күшті Құдай-ай, Қарауылына ілген кім? Қай қылығым ұнамай, Қарғысын алдым кімдердің?! Қыпшақ, Керей, Арғын да, Қозған, Найман, Уақ та, Қабақ, Шекті, Табын да, Қоқпақ, Жаппас, Дулат та, Қарпық, Алтай, Тама да, Қаракесек, Әлім де, Қалқаман, Төртқара да, Қысқасы, елдің бәрі де. Қасыма менің қосылды, Қалың қол болып жиылып. Қас дұшпан бізден шошынды, Қайғы-мұң қысып, күйініп. Қоқан мен орыс тістенді, Қара су өтпей тамақтан. Қолтықтан демеп күш берді, Қолдап бір бізді, Жаратқан!.. Қалжырамай, шаршамай, Қарысып бақтық бәріміз. Қапырықта қаншама ай Қақталды күнге тәніміз. Қасат қарды да омбылап, Қаңтарда қанша тоңбадық?! Қанымыз жерге сорғалап, Қас қақпай елді қорғадық! Құсалы жұртты жылатпай, Құтқарсам деп ем сұмдықтан. Қара шаңырақты құлатпай, Құтылсам деп ем құлдықтан. Қималы найза едім мен, Қадалмас жерге қадалған. Қабат та қабат темірден Қиналмай өтіп, жан алған!.. Құландай ащы даусымды, Қозы көш жерден асырған. Қаһарлы күнім таусылды, Құзғындар ұшты басымнан... Қалың оқ қабақ аштырмай, Қынадай қалдық қырылып. Қамауға түскен қасқырдай Қарап бір көкке ұлыдық. Қаз мойын тұлпар сүрініп, Қара жерді құшқанда. Қарусыз шығып, кіжініп, Қарсы ұмтылған дұшпанға Қабылан мінез сардарым, Қапыда кетіп Наурызбай, Қайырсыз дүние, жалған күн Қарашығымды ағызды-ай!.. Қайрылды құрыш – қанатым, Қалықтай алмай, ұша алмай. Қатепті қара нар – ақын, Қош болғын, қош бол, Нысанбай!.. Қыңқ етпес еттен ет кессе, Қарулас, батыр достарым. Қиямет-қайымға жеткенше Қош болыңдар, қош бәрің!.. Қасымда адам қалмады, Қорқаулар түсіп соңыма. Қарақоныстың аңғары Қоныс па, әлде қорым ба? Қазақтың сайын даласын, Қадірлі кемпір-шалдарын, Қатын-қалашын, баласын Қайтіп бір көрер бар ма күн?!. Қотандағы малың бір, Қойныңдағы жарың бір, Қазақтан бөтен жерің жоқ, Қасиетсіз, қырғыз Қалығұл!.. Қырғи-қабақ таныттың, Қырғыздан шыққан Орман хан. Қойдан да қоңыр халықтың Қан-жынын биттей сорған хан. Құйтұрқы неме Әлішер, Құтыру сенің теңің бе?! Қызыл көз Жантай қанішер, Қиылар қылтаң сенің де!.. Қалығұл маған әуелі, «Қабылдашы» деп келіп ең. Құдайдың сөзі – уәдені, Қылымсып қыздай беріп ең. Құрметтеп, күтіп сені мен, Қонақасымды жеп едің. «Қырғыздар қазақ елімен Қоспақшы басын» – деп едің. Қайдан білейін, о, тоба, Қайлаңды іште жасырдың. Қоқаңдап жүрген Қоқанға Қол қусырып, бас ұрдың. Қоқаннан пана таптың ба, Қиындай шілдің шашылдың. Қара жаурынымнан қақтың да, Қулығыңды асырдың.... Қараң қалғыр-ай, Қалығұл, Қырғыз еліңе айта бар; Қазағым менің, бәрібір, Қарымта-кегін қайтарар. Қаларсың әлі байқамай, Қара орман болып жайқалар. Қарымтамды қайтармай, Қалайша жаны жай табар?! Қабырғамды ұрып-тепсеңдер, Қиянат көріп сорлайсың! Қабірімді бұзып кетсеңдер – Қиямет күні оңбайсың. Қазақты осал жан деме, Қайтып бір шаппай тұра алмас. Құласа дағы хан Кене, Қазақтың туы құламас. Қипақтап қайтем, ол үшін, Қалсам да жем боп далада. Құрбандық болу – борышым, Қазақтан басым садаға!!! Қыранның орны шың – биік, Құзғындар қатар қона алмас. Қырық мың қырғыз жиылып, Қыңқ етпес Кене бола алмас! Қаралы күнге жолықтым, Қуат бер, бабам Абылай!.. Қалады ие болып кім, Қастерлі, құтты тағыңа-ай?! Қыршыннан қияр мені де, Қырғын да қырғын дүние. Қан жұтқан қайран еліме Қыласың енді кімді ие?! Қарайтын бет жоқ артыма, Қалмады тірек сүйенер. Құсалы менің халқыма Құдай-ай, өзің ие бол!.. Қайратым қайда қалды екен, Қуаты жаудың артық-дүр. Қуанар күнім алда екен, Қабағым оң жақ тартып тұр!!! Қайтты деп Кене хан бүгін, Қу тірлік көшін кідіртпес. Қайрылып келіп, Тәңірім, Қайтадан мені тірілтпес. Қанша жыл, бірақ өтсе де, Қылышты алмас тот баспас! Қасымның қайсар ұлдарын Қаһарман ұрпақ жоқтатпас. Қоймассың жатқа мазақ қып, Қас түгіл, досың табалап. Қол жетпей кеткен Азаттық, Қазағым саған, аманат!!! Қаныма жерік дұшпаным, Қорласа мені, қорласын! Қазаққа қарсы шыққанның Қашан да жолы болмасын!!! 13 тамыз 2002 жыл. СЫҢАР КЕБІС (Поэма - гротеск) Экспозиция – Қыз емес, Жанның қызы қатын екен… – Үйінде есі ауысып жатыр екен… – Айттым ғой, мен білмесем айтамын ба?!. – Ия, рас, жын-перінің жақыны екен… – Қу талақ, қара бет қып бүкіл үйін, |