Алмас Темірбай - Автопортрет. Алматы. ш иян баспасы. Бл кітапа аынны 19962006 жылдары жазылан, республикалы газетжурналдарда жарияланып, Аллажар, Жма жрт
Скачать 0.65 Mb.
|
ІІ – Жүрсің-ау, ерім, адасып, Бір жолың сенің бар ашық. Бері кел, өлгің келмесе, Берейін тегін бал ашып» – деді ол күліп жанары, Қабағы жылып қарады. Жағына қайдан, жылтыңдап Жылан – сөз жұмыртқалады. Сенбеймін, қарғам, қағынба, Сенбеймін жалған балың да. Сайқалың түгіл, аз ба еді Сайтанға алданғаным да?!. Қолымды қаратамын да, Күнімді санатамын ба?! Адамның емес, тағдырым – Алланың алақанында. Сенімді үнмен күліп мен, Серпіліп бірден күдіктен. Қараймын алақаныма, Үңіліп үлкен үмітпен. Жол кесер пенде табылып, Ауызы демде жабылып. Қарабет қызы сығанның Қарайды жерге қамығып... *** Жанымда, жаныма ыстық ақ маңдай қыз, Сезімді сергітетін сәт таңдаймыз. Оңаша отау үйде ояу жатып, Тәтті түс – тамашаға батқандаймыз. Құмарлық қыз көңілін көндіреді… Ар жағын айтпасақ та ел біледі. Қызықтап қос ғашықтың қылықтарын, Ай ашық терезеден телміреді. Білініп бойы суып мұздағаны, Көрпесін жерге түскен қыз алады. Қыз үшін қысылғандай, қымсынғандай, Ай байғұс бетін басып, қызарады… ҚЫЗҒАНЫШ Дәрі-сезім дәруін дарытпады, Ақыл-ойдан адасып қалдық тағы. Есеңгіреп жүреміз екеуміз де, Қызғаншақтық дертіне шалдыққалы... Асқынды екен, апыр-ай, дертің неден, Жаның жаздай жадырап, желпінер ме ең. Қойдыра алмай соны бір қор болдым-ау, Қызғанасың қыз түгіл, кемпірлерден. Намыс-арым нақақтан күйгесін бе, Сүйерім де, белгісіз, сүймесім де. Қызғанғаның – секілді-ау теңегенің, Екі жүзді махаббат иесіне... Ұйтқи соғып көңілің, мұздап ішің, Қызғанғанда қыстан да ызғарлысың. Шын сүйгендер бір-бірін қызғанбайды, Құрып қалсын, құны жоқ қызғанышың!.. *** Міне, түн келді жайып құшағын, Сен жоқсың бүгін тағы да. Есіме түсіп айыпты шағым, Бермейді маза жаныма. Бұйырмағандай өзге ештеңе, Табылмағандай өзге түк. Құдай-ау, біздер сол кеште неге Махаббат жайын сөз еттік?!. Орындаймын деп тілегін тәннің, Жастыққа тамды көз мұңы. Айтпашы, айтпа, білемін, жаным, Қинадым сені…өзімді. Қинамас еді – ұнатса мені, Сүймейді екен – демегін. …Өзімді-өзім жылатсам енді, Сұрама оның себебін. ЖАУАП ХАТ Міне, тағы хат келді сағындыртып, Жүрген шақта тағатсыз жаным күтіп. Тұмарындай сезімнің Тәңір берген Қастерлеймін хатыңды әрбір келген. Айдың күміс сәулесін шырақ қылып, Хатыңды оқып отырмын жылап, күліп. «Ұмытпа...» деп жазыпсың хат сонында, (Сөзін қара, түсерсің қап, қолыма!) Неге ұмытам, сен жайлы түсім кілең, Жақсы ырым деп, көптігін, түсіндім мен. Мың қосылып жүремін, мың айырылып, Кейде шошып оянам құдай ұрып. Айрылуым – алыста жүргендігің, Қосылуым – өтері бірге күнім... Қызық болды өткенде; жылы жүзді, Қарта ашты сығанның сұлу қызы. Түйді сөзін: «Сіз оны сүймейсіз» деп, Мен жымидым: «Бал ашу білмейсіз» деп. Қыз сөзіне, қайтейін нанып сонша, Сүйетінім бір сені анық болса!.. АРУ І Жылы жүзің жүректерді жылытып, Көзір-көркің жұрт көңілін жұр ұтып. Сені көрсе Мәжнүн (қайта тіріліп) Ұнатар ед, Ләйлісін ұмытып. «Қайдан табам маған лайық жігітті…» – деп қараған көзің неткен күдікті. Шынында да, сенің сұлулығыңнан Пенде түгіл, сайтандар да үмітті. Мен тағар ем, Болса саған тағар мін, Кімнің құтты құрсағынан жаралдың?! Бөліп берсе, сенің сұлулығыңды Бәрі сұлу болар еді адамның!.. ІІ Сұлулығың құпиялы, сыйқырлы, Арбап алды күлкім менен ұйқымды. Сені айтам-ау, сен туралы айтылған Сөздің бәрі сұлу әрі сүйкімді. Бойыңдағы бар қасиет, бар қылық, Елдің бәрін есінен жүр тандырып. Жұрттың сұқты көзі тиер маған да, Сөзсіз сені алар едім жар қылып. Сені көріп… Дауасы жоқ дерт төніп, Қанша еркектің жан-сезімі кетті өліп. …Қызғанбаймын сені ешкімнен, қызғансам Қаламын ғой өзімді-өзім жек көріп. ІІІ Ай аймалап, самал сүйіп бетіңді, Құмар бәрі құрмет жасап не түрлі. Көңіліңді күн-түні күзеткен, Табиғат та саған ғашық секілді. Көз қызартып, қызыққанмен жұрт дүйім, Қызды әдемі қыла алмайды құр киім. Құр киім де құлпырады сен кисең, Болсын, мейлі, бағасы оның бір тиын. Адасқанның бағын ашар ай-маңдай, Бір өзіңе мінезің де сай қандай. Сені көріп – алтыннан да ардақты, Періште де пәк жолынан тайғандай!.. IV Серік қылған сендей сұлу еркені, Адам ғана арманына жетеді. Саған қолы жетпей қалған жігіттің Маңдай соры бес елі емес, жеті елі… Құдай сені қиыстырып қиыннан, Бұ дүниеге баға жетпес сый қылған. Мінсіз – мүсін, арзу – ақыл, асыл – ар… Бәрі сенің бақытыңа бұйырған. Өз қыздарын қойса сенен жоғары, Өзге жұрттың өз-өзіне обалы. Сен секілді қыз көп болса, көп болса, Бақытты ғой бұ дүниенің қонағы!.. ЫРЫМШЫЛ ЫНДЫН Құмарлықты хош көретін қаны бар, Қылымсыған қылықты қыз табылар. Табылмайды-ау бірақ, сіздей, ананың Ақ сүтімен сіңген аппақ ары бар. Жанарыңыз толып мұңды арманға, Соңымда Сіз үнсіз өксіп қалғанда. Ұға алмадым, несін айғай салдыңыз, «Сенен артық жігіт жоқ, – деп, – жалғанда». Жалғыз қалған үйдей ескі жұрттағы, Сорлы көңіл Сізді аңсап тұр тағы. Сезіміме ұқсатамын, сол түні Көп түнеріп, жаумай кеткен бұлттарды. Түк қалған жоқ Сіз туралы тәтті ойдан, Сол бір түннің құшағында қап қойған. Мендік тағдыр ойынындай шахматтың, Бақтан бұрын қайғы – ферзі шах қойған. Махаббаттың таусылғалы ай-күні, Кеш көз іліп, түс көремін қайғылы; Теңіз мұңға батып бара жатамын, Арманымның аударылып қайығы. Сонда жаным бір кіреді, бір шығып, Өз мұңыма жатам өзім тұншығып. Шошынам да иман айтып оянсам, Көз алдыма – сол баяғы тіршілік. Еһ, сондағы мен жек көрер сәт қандай, Ерте оянған күн көрініп ақ маңдай. Азаншының естіледі дауысы, Арманыма құран оқып жатқандай… Тамыз 2000 жыл. АКРОӨЛЕҢ Қарлығаш құс мінезді қарындасым, Алыстағы ұяңды сағынасың. Лашындай жүр ұшып ағаң мұнда, Айналшықтап бір шыңның қарлы басын. Медеу болар жан іздеп жаныңа шын, Қалып жалғыз сеземін, қамығасың. Аялағым келеді көргенімде Сен секілді біреудің қарлығашын… * * * Түнгі дыбыстар, Түрлі дыбыстар; Өлі үндер мен Тірі тыныстар. Үннің мұңы бар, Бұны кім ұғар?! Жаның оянып, Тәнің тынығар. Біреу бұлқынар, Біреу жұлқынар. Жансыз ыңылдар, Арсыз ыңқылдар. Түнгі дыбыстар, Түрлі дыбыстар; Ащы қорылдар, Тәтті сыбыстар… ҚЫРСЫҚ Дәл осылай боларын біліппін бе, Бағы жанды бұл жолы күдіктің де. Ақылымның аңдаусыз аузын ұрып, Қырсықтығың жүк болды қырық күнге. Жатбауырлау жаныңа үңілмеуің, Жөн ғой ғой, сірә, өзімнің мінім деуің. Бүркегендей Күн бетін қараша бұлт Қырсығасың орнына күлімдеудің. Саған дейін бір тәуір жанды білгем, Ол да қалды, білмеймін, қалды кіммен. Мен – Шығысқа жол тарттым, ол – Батысқа, Қырсығамын деп жүріп тағдырыммен. Көбелектей құбылып, билегің кеп, Мені де отқа орынсыз сүйредің тек. «Сүйші» десем, күлесің, «жек көрем» деп, «Жек көр» десем, жылайсың, «сүйемін» деп. Соны естіп қауырсындай дауылдағы Бір жеңілдеп, жаным бір ауырлады. «Жылатпашы» дейсің сен, кім біледі Құдайдың қолындағы шаруаны?! Шу асаудай шабытым ыршып қанда, Періште ойлар жүректе тұншыққанда. Жазсам деп ем сен жайлы бір жақсы өлең, Ол да нашар болды ғой қырсыққанда... ЖЕК КӨР МЕНІ О, бір үзік тағдырым, жек көр мені, Қылығымды еске алып өткендегі… Өзіңді-өзің кінәлап жыламағын, Құр жылаудан ашылмас сірә, бағың. Әдемісің, қылықты һәм еркесің, Ғұмырыңды менсіз-ақ мәнді етерсің. Ақылдым-ау, демеші бекер мұның, Мен өзіңнен үн-түнсіз кеткендігім. Арқалағым келмеді обалыңды, Сездім менсіз бақытты боларыңды. Сені және өткенді… ұмытқым кеп, «Дүниедегі ең жаман жігітпін» деп, Өзімді-өзім Сен болып жек көремін, Өз-өзімнің отыма өрттенемін. Сөйтіп, бір күн барлығын ұмытармын, Жан жаураса жырыммен жылытармын. …Осы ойға тоқталдым көптен бері, О, бір үзік тағдырым, жек көр мені… ПЕРІШТЕ (Баллада) Анамыз Гүлбарамға арнадым. Жанарында жалт-жұлт етіп бір сағым, Жарарында жарық дүние құрсағын, Сәби Аллатағаламен көрісіп, Жанның сырын Жаратқанмен бөлісіп, Тұңғыш рет тіл қатыпты ақырын: – Уа, Алла, не білер бұл пақырың, Кетіп барам, кең дүниеге кетемін, Кеткеніммен мен ол жақта не етемін?!. – деген шақта мұң ұялап көңілге, Алла айтыпты: – Мен сен үшін өмірде Жаратқан бір періштем бар арайлы, Сол періштем саған күн-түн қарайды. - Мен олардың тілін қайтіп ұғамын, Қайтем енді, қалай тірлік құрамын?!. Айтыңызшы соны, Аллатағала – деген шақта шыдай алмай шарана. Алла айтыпты: – Былай болсын келісім; Мен жаратқан сол періштем сен үшін; Мейіріммен, пейілімен сабырлы, Сүйеді де сенің сәби жаныңды, Үйретеді саған тілін солардың, Үйретеді саған дінін солардың! – Естуімше дүниеде не түрлі Жамандық пен харамдық бар секілді. Мен олардан енді қайтіп қорғанам, Қорғанбасам – сор болмай ма ол маған?!. Айтыңызшы соны, Аллатағала – деген шақта шыдай алмай шарана. Алла айтыпты: – Былай болсын келісім; Мен жаратқан сол періштем сен үшін; Өз өмірін от пен суға салса да, Жанын қинап, азап шегіп қаншама, Өлсе дағы, көрсе дағы сор-қайғы, Сені әр кез сақтайды ол, қорғайды!.. – Уа, Алла, өзіңізге қайтадан, Қашан, қалай ораламын қайта аман?.. Айтыңызшы соны, Аллатағала – деген шақта шыдай алмай шарана. Алла айтыпты: – Былай болсын келісім; Мен жаратқан сол періштем сен үшін; Саған қалай оралуды осында, Үйретеді, оны ойлап, тосылма!.. Осы сәтте, осы сәтте о, Алла, Келіп басқа періштелер оларға, Тоғыз ай мен тоғыз күннің толғанын, Кең дүниеге кетер уақыт болғанын, Айтыпты да, «әмірімен Алланың Өзің енді көрерсің - деп – қалғанын», Асықтырған кезде «жүр-жүр, болды» деп, Сәби сұрақ қойған екен соңғы рет: – Уа, Алла уайым бар көңілде, Сіз мен үшін осынау бір өмірде, Жаратқан сол періштенің аты кім?.. – Мән-маңызы қанша саған атының, Алай дағы «АНА» дейсің оны сен – деп айтқанда оған Аллатағала, Тұңғыш рет толғатқанда Хауа-ана, Кең дүниеге келген екен күлімдеп, Іңгәлаған ең алғашқы шарана… 13 наурыз 2002 жыл. КӨРШІ АУЫЛДЫҢ ҚЫЗЫНА Жүруші ек жүйрік тайдай салып ойнақ, Сыпсыңдап сыртымыздан ауыл-аймақ. Қасымнан өте шықты-ау, қасын керіп, Сүйген кез сұлуларды «жаным-айлап». Бұл күні бәрі де елес, бәрі де аңыз, (Астымда – ат, басымда – бақ, жанымда – қыз). Сенімі серттен артық сен тұрғанда, Қызығын қыз-қырқынның нағыламыз?!. Табылмай туған үйден тұрағымыз, Жаңғыртып жапан түзді жыр-әніміз. Желпініп, желе жортып жетуші едік, Ауғанда ауылыңа құмарымыз. Тұрғанда қиғаш қасты күліп керіп, Бір сенен бір топ жігіт үміттеніп. Аузына құм құюшы ек шіркіндердің, Клубқа «Кеш жарық» деп кіріп келіп. О, шіркін ғажап жандар ғашықтар-ай, Тынарсың аптығыңды басып қалай?!. Сыртына ауылыңның шығушы едік, Сұғанақ сырт көздерден қашып талай... Біртүрлі болып, білмей не етерімді, Емексіп, еппен түріп етегіңді, Құшақтап қыпша белден жатқанымда, Ойлап па ем, ой, дәурен-ай, өтеріңді. Жүруші ек жүйрік тайдай салып ойнақ, Бәріне куә – анау ауыл-аймақ. ...Алқынып, алқымыңнан алғашқы рет Сүйген кез, есіңде ме, «жаным-айлап»... КЕРЕУЕТ Бұны да бір басымызға салғасын, Төсек етті талай жерді жамбасым. Күндер де өтті жылқы баққан, қой баққан, Кереует қып кей қойшының арбасын. Жатсам дағы шалқып-тасып шахтай бір, Жұмсақ төсек жамбасыма жақпай жүр. Қаншалықты құнды, қымбат болса да Бұның дағы арғы атасы – тақтай құр. Қайта оралмас кезді қозғап не керек, Жар төсегі... емес ол да керемет. Қымбат маған бойдақ күннің белгісі Сықырлаған жаман темір керует... 23 желтоқсан 2002 жыл НОСТАЛЬГИЯ Аңқып аспан астында құстың демі, Құс секілді менің де ұшқым келді. Алты Алаштың баласы аман ба екен Алты құрлық, төрт мұхит үстіндегі?!. Қиқулаған құстардың сүйкімді әні, Қиялымды дуалап, сыйқырлады. Безгелдектей безіп ем жылы орнымнан, Жұмыртқадай иесіз ұйқым қалды. Қазір – көктем, Ертең-ақ күз келеді, Мұздатқыштай мұздатып сыз денені. Көшеден де, үйден де табылмайды, Көк көгершін-көңілдің іздегені… Көктем. Ақбас тырналар тыраулаған. Көктем. Маубас мысықтар мияулаған. Құс Жолына телміріп терезеден, Құс жастықты жастанып қиялданам… Көңілім құс секілді, жаным – кісі, (Бұның бәрі – бесаспап Тәңір ісі). Құштар қылды жеріне деген іңкәр Құйтақандай құстардың сағынышы. Қайтар еді, қу көңіл, бір күнгі есең, Қайтер еді бәрі де мүмкін десең. Құмыр құсқа айналып кетер едім, Қырық бір түн Құдайдан шын тілесем. Қарысса да қанатым, талса дағы, Түк етпейді, басылар шаршағаны. …Солтүстіктен кеткенмен құстарға еріп, Оңтүстіктен кім мені қарсы алады?.. 29 сәуір 2004 жыл. МОНО ЛИРА Муза, мені түн ішінде қинама, Жүк түсіріп жүрекке де, миға да. Лиро-эпос заманына оралам, Лирикалық өлең жазсам Лираға. Бұзып-жарып бөгеттерді қоршаған, Бақытыма бастар төте жол салам. Либреттоға айналады мына өмір, Лирикалық кейіпкерім болса аман. Құйылғанда құдіретті ой көктен, Сөйлемейтін сезімдерді сөйлеткен. Мона Лиза – тәні сұлу кәрі қыз, Моно Лира – жаны сұлу бойжеткен. Лапылдаған сезім жанын қари ма, Мен жоқ кезде мұңға батып, нали ма?! Күйе жақпас күйеуінің арына, Француздың сұлуындай Фарида. Түсініксіз тірлігімнен, ісімнен, Түк шықпасын тұңғыш рет түсінгем. Өзімді-өзім өле-өлгенше жек көріп, Өзімді-өзім аяп тұрам ішімнен. Өліп-өшіп өмір бойы жинаған, Өп-өтірік сезіміме иланам. Кәлимаға тілі келмес кәпірдей, Фаридаға түк айта алмай қиналам… 6 қаңтар 2005 жыл. ТҮРКІСТАНДА БІР ҚЫЗ БАР… Түркістанда бір қыз бар Лира деген, Құштар қылып сол қызға қинады өлең. Үміттенген Сұлулық құдайынан Үнді болсам мен оны Шива дер ем. Ол он сегіз жасында өзгеше-тін, Өзгеше-тін, расында, өзгеше-тін. Сурет болып, сиқырлы сюжет болып, Газеттердің бетінен кездесетін. Баяғыдан білетін адамымдай, Танытатын тағдыры маған ыңғай. Күлімдейтін кейде оның көзінде Күн, Мұңаятын кейде оның қабағында Ай. Оның көңлі оңаша аралдай-тын, Менен басқа тірі жан таба алмайтын. «Сіз екеуміз…» деп бастап әңгімесін, «Біз екеуміз…» деп ылғи тәмамдайтын. Қылғанымен ол мені үлгі өзіне, Қинамадым сендіріп құр сөзіме. Оның ғашық болғаны – бір хикая, Менің ғашық болғаным – бір шежіре. Музадай ол ешбір жан жырламаған, Музыкадай ешбір жан тыңдамаған. Президенттің қызындай бәлсінбеген, Премьердің қызындай бұлданбаған. Сүйдім іштей, «сүйем» деп сүйіспедім, Сүйкімсіздей сүйкеніп тиіспедім. Жаны таза адамға жолыққанша, Ары таза болуы тиіс дедім. Ұмытармын, есімнен шығар дедім, Қателігім сол ғана шығар менің. Бұрынғыдай емеспін… енді маған Бұрар ма екен мойынын бұраң белім?!. Түркістанда бір қыз бар Лира деген, Ойлай-ойлай, ойымды жиғам әрең. …Жүз кітапқа сыймайды-ау жаза берсем, Жұдырықтай жүрекке сыйған өлең!.. 14 сәуір 2005 жыл. СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ Ұмыт бәрін, Жүрегіңді жүрегім жылытқанын. Өрт құшады өзегім … еске түссе Қыз күндегі бейкүнә қылықтарың. Жыламашы, Шыда, тағдыр осылай сынағасын. Көрсетпеші күнәсіз көз жасыңды, Не бар дейсің мен үшін мұнан ащы?!. Сен басқасың, Өзгеріппіз бүгінде мен басқамын. (Тақиядай тарылды кең аспаным). Келіні өзің болсаң деп ем анамның, Құрысын, сенсіз бүйтіп жер басқаным. Кінәламан, Сәтсіз ғұмыр бұйырған сірә, маған. Менің жетім жанымның жарасы ауыр, Өзіне өз тағдыры ұнамаған. Маған бүгін, Ең соңғы рет күлімдеп қара, күнім. Сонсоң… біздер жыламай қоштасайық, Бастамайық тағы да жаман ырым… |