Алмас Темірбай - Автопортрет. Алматы. ш иян баспасы. Бл кітапа аынны 19962006 жылдары жазылан, республикалы газетжурналдарда жарияланып, Аллажар, Жма жрт
Скачать 0.65 Mb.
|
КІШКЕНТАЙ КҮНӘ ─ Күнәң бұл, осымен нешінші?! ─ Күнәсіз адам жоқ... Кешірші... Кешірші кішкентай күнәмді, Кешірер Құдай да кінәмді. Қасыңа жатпадым мен неге, Басыма жастанып Құранды?!. Бейтаныс бір әйел азғырды. Алдады. Арбады. Аздырды. Мойныма мініп ап сол сайтан, Қойныма кіріп ап... мәз қылды. Әлгінің әккісін айтам-ай, Бүлдірдім, Бүл-дір-дім байқамай! Қолымнан келетін дәрмен жоқ, Соңымнан қалмай жүр, сайтан-ай! Ойыны о, неткен күшті еді, Ойына келгенін істеді. Бір кәрі қаншықтай құтырып, Тырнады. Талады. Тістеді... Жылама, қой енді, жылама, Жылауға хақың жоқ, сірә да. Бейкүнә еркектің барлығы, Батып жүр осындай күнәға... Бір пәле бүлкілдеп ішімде, Берекет болмай тұр ісімде. ...Көзіңе шөп салдым, ия, рас, Кешірші... мен кеше... түсімде... 48 КГ. АЛТЫНЫМ... Оң қолыменен аялап, Сол қолыменен «ұратын». Бәйгеге басын байлап ап, Ұнатты сені ұлы ақын. Ұлылық күттің сен одан, Жылылық күтті ол сенен. Дүниенің бәрін сол адам, Сенімен ғана өлшеген. Дүниедегі ең тәтті Тіліңнен сенің, айналдым. Дүниедегі ең қатты Діліңнен сенің, айналдым. Біздерге бекер күледі ел, Бір сүйіп көрсе кім егер... Қызыға білу ─ бір өнер, Қызғана білу ─ ұлы өнер. Қылығым неткен ерсі еді, Қылпылдап неге тұр ішім?! Қызғанбай жүрсем мен сені, Қыз деген атың құрысын! Күні ертең құның қашпасын, Қалмайын, қалқам, құр мақтап. Бақыттан бағаң асқасын, Барасың күнде қымбаттап. Раушан-көңлің солмаса, Сезімді екі етпейін. Өз басың қымбат болмаса, Көз жасың сенің ─ көк тиын... Көзіме көк мұз қататын, Көрмесем сені жарты күн. Қойныма басып жататын, Қырық сегіз келі алтыным!!! ...Білмеймін, өзім мыспын ба?! Бісміллә дейін, бісміллә... СЕНІ САҒЫНҒАНДА... Жүрегін ұстап қолына жүгіріп алдан шығатын, айтайын деген сөзімді айтқызбай жатып ұғатын, қойып кеткен жерімде қозғалмай күтіп тұратын, оңаша қалсақ, отыз күн ойын, қырық күн тойын қылатын, әдемі киім киетін, әдемілікті сүйетін, елге сәлем салғанда еңкейтіп басын иетін, еңкейген сәтте бір құлаш бұрымы жерге тиетін, суығыма тоңатын, ыстығыма күйетін, маған тиген таяқтың бір ұшы соған тиетін, шынын айтып жылатқан, сырын айтып жұбатқан, көк Аспанның астында, қара Жердің үстінде, көп Еркектің ішінен Мені ғана ұнатқан, у мен балды тең ішкен, «Сізді ғана сүйем» деп, сертінде тұрып сеніскен, Құдай қосқан қосағым болмақшы болып келіскен, пешенеме бұйырып, пенде боп туған періштем, осы елге келіп жоғалды-ау, адасып шығып пейіштен... ...жалғыз жүрген жан еді, аққу құстай бөлініп, жүргені де әдемі, ақ жүрегі көрініп, күлгені де әдемі, мөлт-мөлт етіп моншағы, жылағаны әдемі, жылап тұрып, кешірім сұрағаны әдемі, бір періштем бар еді, бір пе-ріш-тем бар е-ді, бір пе-ріш-тем бар е-ді... Сол періштемді жоғалттым! Кім ұрлады?! Кім көрді?! ............................................. Көрсеңіз оны, замандас, мына телефонға хабарлас: 8-701-534-2006. АҒАЙЫН КЕТІП, МЕН ҚАЛЫП... Үшінші бөлім АЙ ТУАРДАҒЫ ЖЫР – Есірке, ескі Айым, Жарылқа, жаңа Айым. Қызарып батсыншы кеш дәйім, Ағарып атсыншы таң ләйім – деп атам, жарықтық, күбірлеп Оқитын беймәлім аятын. Дүниенің дидары күлімдеп, Ай оған алақан жаятын. Мен қазір соны ойлап жатырмын, Жыртылған жүрекке жыр жамап. Жарғандай жалғанның жатырын, Оңынан Ай туды іңгәлап. Атамның аяты тіліме Оралып, еске алдым сөзін кей. Кетсе де ол марқұм боп бүгінде, Қалды Ай атамның көзіндей… Көк құлпытасына марқұмның Салғанбыз Айы бар бір сурет. Бейітке келетін әркімнің, Дұғасын қабыл ғып тұрсын деп… БІР АДАМ Сен де, мен де... бір адамбыз, бір адам, Кет әрі емес кінә менен күнәдан. Бір арамды ақтай алмай мың адал, Мың адалды қаралаған бір арам!.. Сіз де, біз де... бір адамбыз, бір адам, Бір-біріне бірегей боп ұнаған. Бірге ойнап, бірге күліп, жылаған, «Екі жарты – бір бүтінді» құраған. Ұлттың қамын күйттеп жүрген ұлы адам, Жұрттың бәрін «ит» деп жүрген сұм адам. Бұтындағын бит жеп жүрген құл адам, Бәріміз де бір адамбыз, бір адам!.. Сәнге құмар, биге құмар бір адам, Әнге құмар, күйге құмар бір адам. Күлкілі ғып, қайғылы ғып, мұңды ғып, Мың түрлі ғып айтарымыз – бір-ақ ән!.. Мен де адаммын, сен де адамсың, ол да адам, Мұңды, мұңсыз, құнды, құнсыз, оңбаған. Бір міні бар әркімдердің, әйтеуір, Бұ дүниеде бүтін адам болмаған. Тағдыр жолы – тайғақ соқпақ, бұралаң, Күні жетсе, қалар дейсің кім аман?!. ... Бір-біріңе қолыңды соз, бауырлар, Бәріміздің арғы атамыз – бір Адам!.. ҚАЗАҚЫ НАМЫС 2000 жылдың алғашқы күндері дүниеге келген екі мың сәбидің әрбіріне 100 мың теңге сыйақы беріледі. Газеттен. Жақсы хабар аралап жүр ел-елді... Сәл де болса қалған күйі жақсарып, Жақан үйі қос бақытқа кенелді, Ұлды боп һәм жүз мың теңге ақша алып. Обалы не, көрші Жақан жарады, Жиып жұртты шілдехана тойына. Бірі жүрсе айналшықтап баланы, Біреуі жүр жүз мың теңге ойында. – Өзі сынды қу екен-ау әйелі, Мерзімінде қалай тауып үлгерген? Сол қатынның артық менен қай жері Мен де табам... – деп желігіп жүр жеңгем. – Қырықтамыз, қалған жоқпыз қатардан, Ол шаруа қиын ба екен е, маған?! Біз кембіз бе, сонда жаман Жақаннан, Егіз бала тапқызамын – деді ағам. Мына тойдың мұнша әсерін кім білген, Жұрт қайтты үйге ойға батып не түрлі. ...Аға-жеңгем ұйықтамай жүр түнімен, Бірін-бірі жаңа көрген секілді. ЖАҢА ҚАЗАҚ. ТОЗҒАН АУЫЛ. ХРОНИКА. 2000 ЖЫЛ. Ол да ауылда өсіп-өнген ұл еді, Туған жері түсіне көп кіреді. Он жыл бойы болмаса да ол жақта, Түсінде ылғи келіп-кетіп жүреді. Түсіне оның кіре қалса ауылы, Жоғын іздеп жүреді ылғи бауыры. Бұған қарап кісінейді кәрі боз, Қарға шоқып қанталаған жауыры. Болғандай бір тәтті түсі себепші, Барып елге жал мен жая жемекші. Жолға шықты соны ойлап сабаз бұл, «Есің барда еліңді тап» – демекші… Қас қарая туған жерге таяды, Орынында екен елі баяғы. Қиялында келіншегі көршінің, Айдан аппақ алқымы мен аяғы. Кенет, нәпсі – көңілдегі күй тынып, Қоя берді әлдеқайдан ит ұлып. Тоз-тоз ауыл көз алдына келгенде, «Тойотасы» тоқтай қалды итініп… Кеші қайда ауылының мақпалдай, Көрші қайда қыз қылықты, ақ маңдай?.. Сол бір сәтте сезінді өзін, үйге емес, Зиратқа бір кіріп келе жатқандай… ЖЕТІ ЖЕТІМ Аузынан күндегі сөз – «шүкір» кетіп, Ыза кернеп әжімді бүкіл бетін, Қара шал жүр күбірлеп, қарғап-сілеп Күнде мақтап қоятын Үкіметін. Қос кәріні ұры жоқ обалсынған, (Кім кепіл өзі сондай болмасына?!). Кеше түнде ұрланды сегіз қойы Қарияның құлыпсыз қорасынан. «Жынды шалды әй, несін мазалады, Өз қолыммен көріңді қазам әлі!..» Деген оймен жұбатып өзін-өзі Қосауызын шамшыл қарт тазалады. «Байғұстардың кетті ғой «бағы жанбай», Семіз еді шетінен бәрі қандай…» Сары кемпір қойларын көп ойлайды, Жиі-жиі ойласа табылардай. – Болса неге біздерге қарамайды, Жоқ қой, – деді кенеттен шал Құдайды. Енесінен тірідей айырылған Қора жақтан бес қозы маңырайды… БОС УАҚЫТ ЖАЙЛЫ БІР ШАЛДЫҢ ПӘЛСАФАСЫ «Бос уақытын өткізеді қалай кім? Байқап жүрміз тіршілігін талайдың...» – дейсің дағы сағатыңа қарайсың, Ал мен сенің қабағыңа қараймын. «Бос уақытым барады өтіп қап, әттең...» – дейсің, саған таң қаламын қарап мен. Бос уақыт дегенің бос өмір ғой, Ал өмірің өлшене ме сағатпен?! Өлшенбейді ол сағат түгіл, күнменен, Өлшем емес оған, тіпті, жыл деген. Ей, балам-ай, өмірді өлше, былайша; Өтті қалай, қайда және кімменен?!. Бұ дүниядан бұйырғанын татып мен, Жүрдім-тұрдым, уағдаласпай уақытпен. Бос уақытсыз ғұмыр кешкен осынша, О, мен неткен, Құдайым-ай, бақытты ем!.. ШАРАП ПЕН ШАЙЫР Шаршаған жан. Шала өлең. Шарапхана. Шарапқа да зауқы жоқ, тамаққа да. Біршама сәт өткенін білдіреді, Кеудедегі кесек ет – сағат қана. Сырты – шөлдей дүние-ай, іші – көлдей, Күйін оның кімі бар түсінердей?!. Өрт ішінде қалғандай өкіреді, Қас қылғанда қасына кісі келмей. Өрт ішінде қалғандай өкіреді, Өмірінен жоқ ешбір өтінері. Осал екен өзі де, өлеңі де Көкелері «күшті !» деп көкіп еді... Терезеден түнеріп Түн қарайды, Бұлт қалқалап, қанаты сынған Айды. Жарты өмірі қалғанын сездіргендей, Жарты тамшы жанардан сырғанайды... Толы шарап... Тостаған ішілмеген, Тостағанның тұнып тұр ішінде өлең... «...Ішімдегі сырымды, ішің білсін, Қызыл шарап, бізді ешкім түсінбеген!.. УҺ-Һ!..» 28 наурыз 2002 жыл ТЫРНАҚШАЛАРЫ ҚОЙЫЛМАҒАН ЖЫР Мылқаулар ғана бақытты, Кереңдер ғана бақытты, Соқырлар ғана бақытты, Жаратқан солай хақ Алла. Ұрысып жатсаң – тілдемес, Ұғысып жатсаң – үндемес, Көре алмай сені – күндемес, Залалсыз саған, маған да. Мылқаулар ғана бақытты, Кереңдер ғана бақытты, Соқырлар ғана бақытты, Бақытсыз мына заманда… 4 қараша 2004 жыл. ТЕРМЕ Іздегенім табылмаған сияқты. Көңілде мұң қалыңдаған сияқты. Мен біреуді сағынамын күні-түн Бірақ та ол сағынбаған сияқты. Жақсы жырым жазылмаған сияқты. Көктем өтіп, жазым қалған сияқты. Шаттығымды жасырған ем бір жерге Біреу тауып, қазып алған сияқты. Жанарымда жас қалмаған сияқты. Сәтті жылым басталмаған сияқты. «Жассың ғой» деп кекетеді бір ағам Өзі мендей жас болмаған сияқты. Ешкім мені алдамаған сияқты. Жолдас болар жан қалмаған сияқты. Жаман досым жан-жағына жалтақтап, Жақсы ісімді аңғармаған сияқты. Аруана-жыр иіп қалған сияқты. Бет ұяттан күйіп қалған сияқты. Бойымдағы мінді көрмей бір ару Мені қатты сүйіп қалған сияқты. Санам әлі толыспаған сияқты. Тілім аздап орыстанған сияқты. Қырғи – арман қанатынан қиылып, Құсбегісіз қолда ұсталған сияқты. Құр у-шудан миым талған сияқты. Заманым да қиындаған сияқты. Есті жандар ескерту көп айтса да, Етек-жеңім жиылмаған сияқты. Кіші үлкенді сыйламаған сияқты. Соны түзер би қалмаған сияқты. Осы айтқан сөздерімнің, бәзбіреу Шындығына иланбаған сияқты. АТА ЗАҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖЕТІНШІ БАБЫ … Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады... Қазақстан Республикасының Конституциясы. 1 бөлім. 7 бап. Атыңыздан айналайын, Парламент пен Үкімет, Ата Заңды он жыл емес, ондаған жыл күтіп ек. Ат кекілін кесіскен халық қанша әлемде, Атай көрме, зұлымдықты, осы күнге шүкір ет… Ата Мұра, Ата Кәсіп, Ата Салтын сақтаған, Ата Жұртын қорғап өткен аты шулы Сақ бабам. Ата Заңы, Елтаңбасы, Әнұраны, Туы бар Ата тегі қасиетті «Қазақпын!» деп мақтанам! Атан түйе болмаса, миясы көп шөл жетім, Ата қазы болмаса, ұясы көп көл жетім. Ата-анасы болмаса, жаулары көп ер жетім, Ата Заңы болмаса, даулары көп ел жетім. Ата Заңның түп-қазығы – татулық пен келісім, Атсалысар осы жолда қазақ, орыс, немісің. Ата Заңға бағынбаса, антын бұзып егерде, Атқамінер жаны түгіл, малын бермес ел үшін! Атқа мінер қырық кісі, таққа мінсе бір адам, Ататүрік жолын қуып, ел билеген Нұр-ағаң. Аттиладай «Көкте – Күн» деп, «Жерде – Ғұн» деп, ел-жұртын Атпай-шаппай жау ішінен алып шықсын дін-аман. Атыңыздан айналайын, Сенат пенен Мәжіліс… Атқара алмай міндетіңді, баса көрме жаңылыс! Ата Заңның жетінші бабын биыл өзгертсең, Ата-баба зәузаты үшін жасар едің нағыз іс… Аталы сөз айтса біреу, бәрің қоштап тыңдаңдар, Аталастың сөзін сөйлеп, рушылдыққа бұрмаңдар. Атыңа сай затың болсын, алпыс жеті депутат, Аттас заряд бірін-бірі тепкендейін қылмаңдар! Ата Заңға бағынбайтын, көке, қандай хақың бар?! Атқосшың да тыңдамайды қанша айтса да ақындар. Ата құтын, Ана сүтін ақтай алмас ешқашан, Аты-жөнін өз тілінде жаза алмайтын пақырлар! Атына заты сай елдің әкімі – адал, соты – әділ, Атымтайдай жомарт қазақ, өткеніңе тоба қыл. Атасының құнын сұрар, жұтқыншағы жыбырлап, Аты өшкір, жемқорлардың сазайын бер, о, Тәңір! Атқа мінер көкелер-ай, атқарушы биліктен, Атақ үшін арын сатып, құрмет тілеп, сый күткен. Ат құйрығын шарт түйіп, ел басына күн туса, Ата жаудан қорғаймысың самұрықтай шүйліккен?! Ата Заңым, ат басындай алтыннан да ардақтым, Ата Заңым, қой басындай күмістен де салмақтым. Аты – бөлек, заты – бөтен орыс пенен қазақты, Атыстырып қояйыншы деген ойдан аулақпын. Артымызда – қара қытай, алдымызда – орыс тұр, Атыстырмай-шабыстырмай, тату-тәтті қоныс құр. …Атар таңың, батар күнің ашық болсын әманда, Атомды емес, соғыстырсаң, бокалдарды соғыстыр!!! 12 қыркүйек 2005 жыл. КӨК БӨРIНIҢ ҚАЙҒЫСЫ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ РУХЫ Көк Тәңірге сыйынып, Көктен күткен тiлегiн. Көк бөрiнiң ұрпағы, Көк байрақты ұлы елім!.. Көк бөрiнiң мiнезi қандарыңда бар ма әлi, ...Бұрын жерік анамыз жепті қасқыр жүрегін. Күжірейген жоны бар көкжал түссе есіңе, Қаны ойнап арқаңда, рухтанушы ең несiне?! Қасқырлығын бiреудiң көре қалсаң сүйсiнiп, Ал иттiгiн көргенде қоймаушы ең құр кешіре... Абадандай қорыған жерiнiң әр бөлiгiн, Атам қазақ –бiз үшін садаға еткен өмiрiн. Себебі олар, жан қияр күшiгiнiң күнi үшiн, Көріп өскен, өзiндiк логикасын бөрiнiң!.. Рухты қазақ қиындық көрсе дағы не түрлі, Ел болуды армандап, аңсап жүрiп жетiлдi. Жетiлдi ол, қасқырды қанша асырап бақсаң да, Қарап түзге, тауына ұлитыны секiлдi. Қақпандағы көкжалдай күйді кешіп ел кеше, Тексіз төбеттерге де таланды-ау, ер неше?! Итақайы иттің де құтырынған заманда, Өлім артық бөріге, қолдан жемтік жегенше. Жанарында жарқ еткен найзағайлы намысы, Қазақи рух бейнесі – түздің текті тағысы! Түсімде, сол Көк бөрі ұлиды жер тырмалап, Жанында оның... көмусіз қалған Алаш арысы!.. Көптен бері Көк бөрі кетпей қойды ойымнан, Тексiздiктi көргелі көп жiгiттiң бойынан, Қауiп төнсе басына қора айналып қашатын, Тексіз төбет тәрiздi тегін асқа тойынған. Көшті үдере төбемнен бодандықтың бұлты әрі, Десек дағы, тәуелсіз ел туралы жұрт әні. ...Әлденені жоғалтып алмадық па тегi бiз, Ескі жұртта Көк бөрі ұлып-ұлып жүр тағы!?. Көк бөріге қажет пе қу тiрлiктiң жайлысы, Қажет емес, жо-жо-жоқ, жiлiктiң де майлысы!.. Ескі жұртта ұлиды ол, қазақ ЖОҒЫН тапқанша, Көк бөрiнiң зар-мұңы – әр қазақтың қайғысы!.. *** Жазамын өлең, жазамын, жазамын өлең, Ақыл-сезімнің алысып азабыменен. Сырласам дағы Хайямның рубайыменен, Мұңдасам дағы Хафиздің ғазалыменен. Көз жасы болып төгілем еркенің, кейде, Шекесінен де шер-мұңның шертемін, кейде. Қырық бір тасын сөйлетіп құмалақ – күннің, Еппенен айтам елімнің ертеңін, кейде. Таласа жүріп тағдырдың тажалыменен, Тірліктің түрлі тіл жетпес ғажабын көрем. Іші тар жандар сырымды іштей ұғынып, Мақтауды қажет етпейтін жазамын өлең!.. Жазамын… ҚОҢЫР ӨЛЕҢ Қоңыр тірлік, қоңыр күз, қоңырлау бақ, Қоңыр кешті алғандай омыраулап. Көшкен сынды қоштасып туған жермен, Қоңыр қаздар төбемде қоңыраулап. Қоңыр ала көлеңке алған жайлап, Көңілсіздеу кейіпте бар маң, аймақ. Қоңыр жүзі мұңданған жапырақтар, Қоңыр қошқыл жер құшты «жалған-айлап». Қоңыр емен (бұтағы теріс біткен) Қыңырайып күзден де егес күткен. Қоңыр тәннің қызуын ала қашты, Қоңыр салқын жел есіп терістіктен. Қоңыр кешпен арбасқан түн үрейлі, «Күшенбе, күш-шамаңды білдім» дейді. Қоңыр төбел күй кешсем, домбыраның Қоңыр үні құлақта күмбірлейді. Қоңыр сырлар көңілде тасиды еркін, Қоңыр түстің түсіндім қасиетін. …Қоңыр күймен жазамын қоңыр өлең, Қоңыр ойлы қазағым бас иетін… |