Аяпбергенова гульсум сагындыковна
Скачать 4.5 Mb.
|
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ӘОЖ 371.13:378 Қолжазба құқығында АЯПБЕРГЕНОВА ГУЛЬСУМ САГЫНДЫКОВНА Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттілігін жобалар әдісі негізінде қалыптастыру 6D010200 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация Ғылыми кеңесші педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абильдина С.К. Шетелдік кеңесші педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ян Данек Қазақстан Республикасы Қарағанды, 2021 МАЗМҰНЫ
НОРМАТИВТІК СІЛТЕМЕЛЕР Бұл диссертациялық жұмыста келесі нормативтік құжаттарға сілтемелер қолданылған: Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық баяндамасы // http://www.akorda.kz/ kz/events/akordanews. Астана, 12.04.2017. «Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-III Қазақстан Республикасының Заңы (2019.01.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен). Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №988 қаулысымен бекітілген. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1900000988 Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. – Астана, 2012 жылғы 14 желтоқсан. http://www.akorda.kz. 10.01.2016 жыл. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін ақпараттандыру 2002-2004 жылдарға арналған тұжырымдамасы. 2001 жыл. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P01000149 Қазақстан Республикасының Заңы 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 293-VІ ҚРЗ. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1900000293 ҚР МЖМБС 3.001-2000 Қазақстан Республикасы жалпыға міндетті білім беру стандарты. Кәсіби жоғары білім беру. Негізгі ережелер. ҚР МК 08-2001 Қазақстан Республикасы жоғары кәсіби білім мамандықтары және дайындық бағыттары классификаторы. ҚР МЖМБС 3. 07. 029-2001 Қазақстан Республикасы жалпыға міндетті білім беру стандарты. Кәсіби жоғары білім беру. Негізгі ережелер. ҚР МЖМБС 3. 08. 002-2004 Қазақстан Республикасы жалпыға міндетті білім беру стандарты. Кәсіби жоғары білім беру. Астана: ҚР Білім және ғылым министрлігі, 6.08.058-2010 ҚР Білім және ғылым министрінің 29.09.2018 №521«Кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын және практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларын бекіту туралы» ҚР білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 107 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы бұйрығы. АНЫҚТАМАЛАР Бұл диссертациялық жұмыста келесі терминдерге сәйкес анықтамалар қолданылған: Құзырлық (лат. competentis қабілетті)-құзыреттілікке, яғни белгілі бір мәселелерді шешуде қандай да бір нәрсе туралы айтуға немесе өкілеттілікке ие болуға мүмкіндік беретін білімге, тәжірибеге ие болуды көрсетеді. Құзыреттілік (латынның competentis-бейім сөзінен) - қандай да бір оқу пәнін оқыту үдерісінде қалыптасатын білім, білік, дағдылар жиынтығы, сонымен қатар, қандай да бір қызметті орындай алу қабілеттілігі, сонымен қатар ол күнделікті өмірдің нақты жағдайларында пайда болатын проблемалар мен міндеттерді тиімді түрде шешуге мүмкіндік беретін қабілеттілік. Арнайы құзыреттілік - болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттілігі ұғымын пәндік, әдістемелік, жобалау компоненттерінің жиынтығымен сипатталатын және нақты пәндік немесе пәннен тыс саласының ерекшелігін көрсететін бәсекеге қабілетті даярлығы ретінде қарастырамыз. Қалыптастыру – жеке тұлғаның даму нәтижесі және оның тұрақты қабілеттері мен қасиеттер жиынтығының пайда болуы, қалыптасуы. Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің арнайы құзыреттілігін қалыптастыру пәндік, әдістемелік, жобалау компоненттерінің жиынтығымен сипатталатын және нақты пәндік немесе пәннен тыс саласының ерекшелігін көрсететін бәсекеге қабілетті даярлығы. Ақпараттық технология - ақпаратта жинау, сақтау, өңдеу және тарату тәсілдері мен құралдары динамикалық түрде өзгеріске ұшырап, солар арқылы қоғамның инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталады. Білім беру бағдарламасы – білім беру мазмұны мен оқу үрдісін ұйымдастыру ерекшеліктерін сипаттайтын білім беру мекемелерінің нормативтік – басқару құжаттары. Мемлекеттік жоғары кәсіби білім беру стандарты – жоғары білім беру құрылымын, мазмұнын және жоғары білімнің негізгі бағдарламаларының көлемін анықтайтын құжат. Кәсіби дайындық – белгілі кәсіп бойынша арнаулы білім, дағды, шеберлік, еңбек тәжірибесін қалыптастыру. Кәсіби дайындық кәсіби біліктілігінің күрделілігі мен әзірлік деңгейіне қарай жоғары, арнайы, орта немесе төмен білім түрлерінебөлінеді. Таңдау курстары мазмұны – білім алушылардың танымдық қызығушылықтарын жеке бейімі мен таңдауына сәйкес қанағаттандыруға мүмкіндік беретін, пәндер бойынша білімдердің кеңейтілуі мен тереңдетілуіне ықпал ететін оқу курстары. Таңдау курстарының жиынтығы оқу жоспарының вариативті бөлігін құрайды. Пәндерді оқыту әдістемелері – белгілі пәндерді оқытатын арнайы заңдылықтардан тұрады (гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық; жалпы математикалық және жаратылыстану-ғылыми пәндері) және керекті әдістемелерді шешуді, сол пәндердің мазмұнын қабылдайтын технологиялық құралдардан тұрады. БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР
КІРІСПЕ Зерттеудің көкейкестілігі. Бүгінгі таңда мемлекеттің білім беру саласындағы қазіргі саясатының негізін құрайтын «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының [1], Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының [2], мемлекеттің білім беру саласындағы қазіргі саясатының негізін құрайтын Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес, педагог кадрларды даярлау мәселесін түбегейлі қайта қарау қажеттілігі артып келеді. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында басты мақсат ретінде анықталған «Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту» білім беру деңгейлері арасындағы мазмұнның сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында бүкіл білім беру траекториясы бойы жинақталатын құзыреттердің мазмұндылығын айқындау үшін негіз болатындығына аса мән берілген [3]. Бұл болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің бойында өзінің қабілетін жүзеге асыруы мен өзін-өзі дамытуына ықпал ететін арнайы құзыреттерді қалыптастыруды міндеттейді. Бүгінгі таңда «бүкіл өмірге арналған оқу» парадигмасының орнына «өмір бойы оқу» (үздіксіз білім беру) құзыреттілікті парадигмасын ауыстырып қою қажет болып отыр. Қазіргі қоғамда адамның жеке және кәсіби қасиеттеріне, оның шығармашылық қабілеттеріне, стандарты емес жағдайлар мен өмірлік мәселелерді шешу процесінде білім мен дағдыларды қолдана білуге, өзінің біліктілігін арттыруға және білімнің мүлдем жаңа қырларын игеруге құзыреттілігін қалыптастыруға бұрынғыдан көп мән берілуде. [4]. ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша әлемдік білім беру саласындағы маңызды бағдарламалардың өзара әрекеттестігі нәтижесінде «Барлығына арналған ақпарат» бағдарламасы жарыққа шықты. Бұл бағдарламада білім беруді ақпараттандыру жүйесінде ақпараттық технологияларды, әсіресе телекоммуникациялық технологияларды, электрондық оқулықтар мен кешендерді пайдалана отырып оқыту ерекше орын алады [5]. Осыған сүйене отырып, болашақ мұғалімдердің арнайы құзыреттіліктерін қалыптастыруда ақпараттық технологияларды, оның ішінде жобалар әдісін қолдану арқылы оқыту процесінде туындайтын мәселелерді шешу үшін кәсіби білім мен дағдыларды қалыптастыру өзекті болып табылады. Шетелдік ғалымдар (Р. Арнольд [6], Дж. Равен [7], К. Роджерс [8], V.A Adolf [9], Th.N. Hopfenbeck [10], Oliver McGarr [11], I. Drach, O. Slobodianiuk [12], P.A. Ianni [13], Leonard, Basuki Wibawa [14] ). прагматизм идеяларынан басталған «құзыреттер», «құзыреттілік» ұғымдарының педагогикалық және психологиялық аспектілерін ұсынады. А.Ф. Присяжная берген анықтамасы бойынша: «Арнайы құзыреттер кәсіби қызметтің белгілі бір пәндік немесе пәннен тыс саласының ерекшелігін көрсетеді және оларды кәсіби қызметтің белгілі бір саласында негізгі және нақты құзыреттерді жүзеге асыру ретінде қарастыруға болады» [15]. Білім берудегі прагматизм түбегейлі жаңа құбылыс емес. Оқытудағы жобалық іс-әрекетке деген қызығушылықтың белең алуы XX ғ. 90 жылдарына дәл келді. Бірқатар ғалымдардың диссертациялық зерттеулері педагогикалық теория мен практикадағы жоба әдісін зерттеуге арналған. В. Н.Стренберг [16], И. А. Малахова [17], С. А. Халилов [18] және т. б. ғалымдар атап өткендей, жобалар әдісінің негізін америкалық ғалым және педагог Дж. Дьюи, сондай-ақ оның ізбасарлары В.Килпатрик, Э. Коллингс және т.б. ғалымдар жасаған «жасау арқылы оқыту» атты прагматикалық педагогиканың тұжырымдамасы құрайды. Қазіргі педагогикада жобалар әдісі жеке тұлғаға бағытталған оқыту технологияларының бірі ретінде қарастырылады, ол проблемалық тәсілдеме, топтық әдістер, рефлексивті, презентативті, зерттеу, іздеу және басқа да әдістемелерді біріктіреді. Осылайша, XX-XXI ғғ. шегінде жобалар әдісі мұғалім мен оқушылардың өзара байланысты қызметін ұйымдастыру тәсілдерінің бірі («оқыту әдісі») ретінде ғана емес, педагогикалық әлеуеті бар, оқу жобасын іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде мұғалім мен оқушылар әрекетінің тәсілдері мен нысандарының негізделген жүйесін, жобалау әрекетінің нәтижелерін бағалаудың (тұжырымдалған) критерийлерін тұспалдайтын тұтас «педагогикалық технология» ретінде түсіндіріледі. Жобалар әдісі білім беру жүйесінде белсенді түрде қолданылады, мектептегі барлық пәндер мұғалімдерінің үлкен қызығушылығын тудыруда. Сонымен бірге дидактикалық және әдістемелік сипаттағы отандық және шетелдік ғалымдардың түпнұсқа монографиялық жұмыстарын, жоғары және орта мектепте жобалар әдісінің мәні мен қолданылуына қатысты жинақтар мен мерзімді басылымдардағы мақалаларды, жобалар әдісін зерттеуге арналған диссертацияларды, тиісті мазмұндағы Интернет – сайттар қазіргі заманғы мектеп жобалар әдісінің педагогикалық әлеуетін толық көлемде іске асырмайтынын көрсетеді. Жобалар әдісін жақтаушылар қатары көбейіп келе жатқанына қарамастан, Е.С.Полаттың пікіріне сүйенсек, бұл түсініктерді ығыстыру және тіпті басқаша пайымдау орын алған [19]. Соңғы жылдары кез келген іс-шараны дерлік жоба деп атай бастаған. Қазіргі теория мен практикада мәселенің жай-күйін зерделеу жобалар әдісі кәсіби педагогикалық білім беру ұйымдарында әлі де қажетті деңгейде пайдаланылмайтындығын көрсетеді. Көпшілік жағдайда курстық және дипломдық жобалау процесінде ғана жүзеге асырылып жүр. Жоғары оқу орны түлектерінің арнайы құзыреттілігін қалыптастыруды қамтамасыз ету үшін оқытудың бүкіл кезеңі барысында, оқу жоспарындағы барлық пәндерді оқу кезінде ең қарапайым проблемалы міндеттерден бастап, кәсіптік білім беру және өндіріс мекемелерінің тапсырысы бойынша айтарлықтай күрделі нақты жобалармен аяқталатын жобалық іскерліктерін қалыптастыру қажет. Осылайша, кәсіби бағытталған жобалар құралдарымен болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін тиімді даярлау процесін дидактикалық және оқу-әдістемелік қамсыздандырудың әлсіз әзірленуі; оқытушылардың кәсіби бағытталған жобаларды жүргізуге дайын еместігі, жасқануы немесе қаламауы, сондай-ақ жобалау әдістемесі мүлдем қарастырылмаған болашақ мұғалімдерге арналған оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу кезінде жобалау әдістемесін елемеу қазіргі заманғы жоғары мектеп жобалар әдісінің педагогикалық әлеуетін толық көлемде іске асырмайтыны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Психологиялық және педагогикалық әдебиеттерді талдау болашақ мұғалімді даярлауда жобалар әдісі негізінде арнайы құзыреттілігін қалыптастыру ерекшелігін зерттеудің теориялық алғышарттары болып табылатын бес жұмыс тобын бөліп қарастыруға мүмкіндік берді. Бірінші топты жоғары оқу орны жағдайындағы (Г.А. Забелина [20], А.В. Самохвалова [21], С. Р. Халилов [18], М. Г. Лапердина [22] және т.б.); колледждегі (А. А. Кулешов [23], Л. А. Дорджиева [24] және т.б.); жалпы білім беретін мектептегі (А.Е. Маркачев [25], Л.И. Палаева [26], М.М. Морозов [27], Е.О. Козина [28] және т.б.) жобалар әдісінің сипаттамасын ұсынатын зерттеулер құрайды. Екінші топтағы зерттеулерде жалпы білім беретін мектепте (Л.И. Палаева [26], Т.С. Цыбикова [29], И.Н. Малахова [17], Д.А. Слинкин [30]); қосымша білім беру мекемелерінде (О.Н. Рябова [31] және т.б.) жобалар әдісі пайдалану бойынша зерттеулермен ұсынылған. Аталған топқа болашақ педагогті (С.Р. Халилов) және студенттерді (К. Л. Свечников [32] және т.б.) және техникалық модельдеуді үйрену кезіндегі шет тілі мұғалімдерді (М.Г. Лапердина, Л.П. Овчинникова [33] және т. б.) кәсіби даярлауда жобалар әдісін жүзеге асыруға арналған зерттеулер кіреді. Зерттеулердің үшінші тобы жеке тұлғаға бағдарланған оқыту контексінде (И. И. Джужук [34], А. Л. Блохин [35], Е. В. Хмельницкая [36] және т.б.), сондай-ақ оқушылар мен студенттердің (Е. Ю. Баркова [37], Ю. О. Лобода [38], И. В. Корякина [39], О. И. Гридасова [40], Ю. В. Киримова [41], Э. В. Максимова [42], Н. Г. Никокошева [43], Ж. С. Фрицко [44], В. В. Черных [45], Ю. Г. Шихваргер [46] және т. б.) жобалау іс-әрекетіндегі жобалау әдістерінің түрлі аспектілерін қарастырады. Жұмыстардың төртінші тобы кәсіби қалыптастыру мәселелеріне (Н.В. Мирза [47], Б. Ж. Нұрбеков [48], Г.Е. Құрманқұлова [49] және т.б.); басқарушылық (Д.К. Садирбекова [51]), коммуникациялық (К.У. Касентаева, С.Т. Мұхамбетжанова [52], А.Д. Рысқұлбекова [53], Ш.О. Омарбекова [54], Б.Б. Кенджаева [55], және т.б.) құзыреттіліктерін қалыптастыру мәселелерін; болашақ педагогты оқушылардың жеке білім траекторияларын жобалауға даярлау (К. А. Улановская [56], Р. И. Кузьминов [57] және т.б.), электронды білім беру ресурсын жобалау (Ж. Ж. Карбозова [58]), интернет-жобалау, телекоммуникациялық жобалар (В. А. Обыденкова [59]), интегративтік-жобалау (Е. Г. Нелюбина [60], Н. А. Кочетурова [61] және т. б.) әдіс-тәсілдерін зерттеуге арналған. Зерттеудің бесінші тобына болашақ мұғалімдердің ақпараттық технологияларды қолдану мен іске асыруға (А.М. Жұмабаева [62], С.Т. Сиргебаева [63], А.Л. Ташимов [64], Ш.У. Унгарбаева [65], А.О. Мұхаметжанова, Д.Н. Исабаева [66], К.Ж. Аганина [67], А.М. Жубандыкова [68] және т.б.) дайындығын қарастыратын зерттеу жұмыстарын жатқызамыз. Жоғарыда аталған жұмыстар жоғары мектептегі жобалар әдісін қолдану негізінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінде арнайы құзыреттерді қалыптастыру мәселелерін жүйелі түрде зерттеу қажеттілігін өзекті етеді, себебі олардың күш салуының арқасында кәсіби білім беруді модернизациялау процесі мүмкін болады. Сонымен қатар, аталған мәселені шешудің көкейкестілігі мына себептермен анықталады. Әлеуметтік-педагогикалық деңгейде: қоғамның, экономикалық саланың, өндіріс пен жоғары кәсіптік білім беру жүйесінің нақты жағдайларда білім беру инновацияларын пайдалануға дайын және қабілетті, бастауыш сынып оқушыларын оқыту барысында жобалар әдісін пайдаланудың ғылыми-әдістемелік ерекшелігін түсінетін мұғалімге қажеттілігімен шартталған. Ғылыми-теориялық деңгейде: болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау жүйесін құру үшін жобалар әдісін пайдаланумен теориялық негіздерді анықтау қажеттілігінен берілген; «болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттілігін жобалар әдісі негізінде қалыптастыру» ұғымын нақтылау, оның құрылымдық-мазмұндық сипаттамаларын анықтау, оны жүзеге асырудың ғылыми-әдіснамалық тәсілдерін іздестіру. Ғылыми-әдістемелік деңгейде: болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттілігін жобалар әдісі негізінде қалыптастыруға ықпал ететін құрылымдық-мазмұндық модельді әзірлеу мен педагогикалық шарттар кешенін анықтау, жобалар әдісі негізінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінде арнайы құзыреттердің қалыптасқандығын диагностикалау әдістемесін таңдау қажеттілігімен айқындалады. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттілігін жобалар әдісі негізінде қалыптастырудың көкейкестілігінің арта түсуіне қарамастан, мақсаттар мен нақты нәтижелер арасында: - жобалар әдісі негізінде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттілігін қалыптастырудың қажеттілігі мен қазіргі қолданыста жобалар әдісін бұл мәселені шешудегі мүмкіндіктерінің жеткілікті деңгейде толық болмауы; - болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттілігін қалыптастыруды теориялық негіздеу мен оны тәжірибеде жүзеге асырудың оқу-әдістемелік жағынан жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеуі арасында қарама-қайшылықтар байқалады. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер мен қайшылықтарды жою қажеттілігі, тұжырымдалған мәселенің теориялық тұрғыдан жеткіліксіз әзірленуі және оны шешудің практикалық маңыздылығы диссертациялық зерттеудің тақырыбын анықтады: «Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттілігін жобалар әдісі негізінде қалыптастыру». |