¦ 1, педагогика ¦4, 2016. аза бiлiм академиясыны баяндамалары 4, 2016
Скачать 1.24 Mb.
|
ОӘЖ 371.3 БОЛАШАҚ КӘСІПТІК ОҚЫТУ ПЕДАГОГЫНЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ДАЯРЛЫҒЫН ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ А. САИПОВ педагогика ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Ю.Н. КАМАЛОВ педагогика ғылымдарының кандидаты, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Н.Ш. АЛМЕТОВ педагогика ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры М.Ю. КАМАЛОВ М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің PhD докторанты Аннотация Бұл мақалада болашақ кәсіптік оқыту ұстаздарының әдістемелік даярлығын жетілдіру жолдары қарастырылады. Атап айтқанда, мұғалімнің педагогикалық қызметінің құраушы компоненттері мен оның әдістемелік машықтарының арасындағы өзара байланыс ажыратыла баяндалады. Кәсіптік оқыту ұстаздарының әдістемелік қызметінің айқындалған бағыттарының нәтижелері көрсетіледі. Болашақ кәсіптік оқыту ұстаздарының әдістемелік даярлығы жүйесінің құраушы элементтер кешені ұсынылады. Түйін сөздер: әдістемелік қызмет, әдістемелік дағды, құзыреттілік, әдістемелік жүйе, әдістемелік дайындық қызметі, кәсіптік оқыту әдістемесінің нысаны және пәні. Қоғамның қазіргі даму үдерісінде білім саласы адам қызметінің ең көлемді және ең қажетті аймақтарының біріне айналып отырғанына біздер бүгінгі күні куә болып отырмыз. Білім саласының әлеуметтік рөлі де ерекше мәнге ие болуда: оның бағыттылығы мен тиімділігіне сәйкес адамның даму перспективалары да өзгеріп отырады. Яғни, адамның коммуникациялық әлеуметтік мәдени кеңістікке енуіндегі ең негізгі факторлардың бірі ‒ оның білімділік деңгейіне байланысты болады. Әсіресе, бұл саналуан өзгерістерге толы педагогикалық білім беру саласына да тән. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған соңғы 25 жылда білім беру аясында үздіксіз жүргізіліп жатқан жүйелі реформа өзінің нақты нәтижелерін беріп жатқаны белгілі. Яғни, ұлттық білім беру деңгейінің нәтижелілігін алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарынан көрінуге ықпал ететін құжаттар қабылданып, тәжірибеге енді. Олардың бірқатары: Болон үдерісіне негізделген кредиттік оқыту технологиясы; жаңа мазмұндағы заманауи талаптарға сай түзіліп бекітілген білім беру стандарттары; ұлттық біліктілік шеңбері; QF-ENEA жоғары білім берудің Европалық біліктілік шеңбері; TUNING жобасы; үздіксіз білім берудің Европалық біліктілік шеңбері; халықаралық деңгейдегі академиялық ұтқырлық негізіндегі біліктілікті жетілдіру бағдарламасы; үштілділік аясындағы білім беру үдерісінің тұжырымдамасы; инклюзивтік білім беру бағдарламасы; қосдипломды білім беру бағдарламасы 12 жылдық білім беру жүйесінің тұжырымдамасы; 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу үдерісінде анықталған тұжырымдамаға сәйкес 2020 жылға дейінгі уақыт аралығында толыққанды нәтижеге жету көзделуде. Бұл үдеріс саналуан күрделі мәселелерді шешуді жүзеге асыруда. Соның бір ғана тармағы елімізге қажетті, бәсекеге қабілетті, функционалдық сауатты, әлеуметтік құнды сапаларды гармониялық үйлесімді негізде бойына сіңірген болашақ педагог кадрларын дайындау өзекті, кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Десек те жаңа тұрпаттағы педагог кадрларын даярлау үдерісі жан-жақты мазмұндық және процессуалдық мәселелерді шешуді көздейді. Жаңа мазмұндағы, жаңа тұрпаттағы педагог кадрларын даярлаудың мемлекеттік стандарттарына сай дайындалған мамандықтардың модульдік білім беру бағдарламалары болашақ педагогтардың өз саласында жоғары құзыреттілікке ие болуын көздейді [1,2]. Сондай түйінді құзыреттіліктердің қатарында болашақ педагогтың әдістемелік дайындығы нәтижелі деңгейде қарастырылады [3,4]. Оқу бағдарламаларының мазмұнында көрсетілген теориялық мағлұматтарды оқып үйрену нәтижесінде, сонымен қатар зертханалық және іс-әрекеттік, сарамандық жұмыстарды орындау барысында оқытушы мен оқушының арасында жүзеге асырылатын педагогикалық іс-әрекетке сәйкес бірқатар нәтижеге қол жеткізіледі. Яғни, оқушылар бойында теориялық мағлұматтарға негізделген жүйелі білімдер мен іс-әрекеттің сарамандық жұмыстарына негізделген іскерлік пен дағды қалыптасады [5,6,7,8]. Демек, оқу бағдарламасына сәйкес оқушылар бойында қалыптасатын білім, іскерлік, дағдының нәтижелілігі және оның сапалық деңгейі көп жағдайда оқытушының педагогикалық қызметіне яғни іс-әрекетіне сәйкес негізделгенін анықтайды. Ал бұл өз кезегінде оқытушылардың әдістемелік дайындық деңгейіне тікелей байланысты екендігін көрсетеді. Осы орайда оқытушының әдістемелік дайындық деңгейін және оны құраушы элементтерінің мазмұндық сипатын анықтау мұғалімнің жалпы педагогикалық қызметінің құрылымынан туындайтын дүние екендігін ескертеді. Оқытушы-мұғалімдердің жалпы педагогикалық қызметін Н.В.Кузьмина [9] негізгі төрт құраушы компонентке бөліп қарастырады: - Гностикалық ‒ педагогикалық қызметтің объектісін, субъектісін және үдерісін танып білу; - Конструктивтік ‒ объектің соңғы күй-жайын жобалау, педагогикалық қызметтің объектісіне әсер ететін әдістерді дайындап жасау; - Ұйымдастырушылық – педагогикалық үдерісті ұйымдастыру; - Коммуникативтік – педагогикалық үдерістің субъектісі мен объектісінің іс-әрекетін үйлестіру. Педагогикалық қызметтің осы жоғарыда көрсетілген құраушы компоненттері негізінде болашақ оқытушының педагогикалық шеберлігінің негізін түзетін іскерліктер жіктелінеді. Түрлі пәндер бойынша педагогикалық қызметке негізделген жалпы педагогикалық іскерліктер мазмұны бірқатар зерттеулерде көрініс тапқан. Кәсіптік білім беру бағыты мен оқытушының әдістемелік даярлығы бойынша да бірқатар зерттеу жұмыстары жүргізілген. Олардың қатарында С.Я. Батышев, В.И. Загвязинский, В.С. Кукушкин [9,10,11,12,13] бар. Дегенмен оқытушының кәсіптік білім беру бағытындағы белгілі бір нақтыланып анықталған әдістемелік іскерліктердің жетілдірілген жүйесі әлі де болса жан-жақты зерттеуді қажет ететіні көрініп отыр. Сондықтан біз зерттеу жұмысымыздың барысында кәсіптік оқыту педагогінің іс-әрекет қызметін құраушы компоненттерінің мазмұнын талдап-зерттеу нәтижесінде оқытушының әдістемелік даярлығын жетілдіруге бағытталған жүйені қарастыруды мақсат еттік. Кәсіптік оқыту педагогінің қызметін гностикалық тұрғыдан талдау оның мазмұндық сипатына енетін іс-әрекеттерді көрсетеді. Олар: оқушылардың жеке-дара ерекшеліктерін танып білу; практикалық іскерліктерді қалыптастырумен техника-технологиялық бағыттағы жүйеленген білімдер топтамасын ұғу; өзінің педагогикалық іс-әрекеттік қызметін жетілдіруге бағытталған талдау жұмыстары; түрлі педагогикалық мәселелерді оңтайлы негізде шешу үшін өз әріптестерінің қызметін талдау; педагогикалық үдерістің тиімділігін және оған түзетулер енгізудің жолдарын анықтау мақсатында оқушылардың іс-әрекет қызметін талдау. Кәсіптік оқыту педагогының конструктивтік іс-әрекеттік қызмет түрлері: оқу бағдарламасына сәйкес берілген материалдарды күнтізбелік тақырыптық жоспарлау, сабақтың құрылымын анықтау, техникалық және технологиялық ақпараттарды іріктеу және оларды дидактикалық тұрғыдан өңдеу; еңбек нысандарын таңдау; білім берудің тиімді әдіс-тәсілдері мен құралдарын іріктеп талдау; дидактикалық материалдарды жасап дайындау. Кәсіптік білім беру оқытушысының ұйымдастырушылық қызметіне енетін мазмұндық компоненттер: сабақ үдерісінде оқушылардың танымдық және іс-әрекеттік қызметін ұйымдастыру; оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сәйкес сабақ ішілік ұйымдастыру формаларын (жалпы топтық, топтық, жеке-дара) дұрыс және тиімді таңдау; оқу материалының мазмұндық ерекшеліктеріне сай сабақтың түрін (теориялық, практикалық, аралас) дұрыс таңдай білу іскерліктерін қарастырады. Кәсіптік оқыту мұғалімінің коммуникативтік қызметінің мазмұндық сипатын түзетін компоненттер: оқушылармен педагогикалық тұрғыдан сыйымды әріптестік қарым-қатынас орнату, олардың эмоционалдық түйсігіне әсер ете білу және т.б. Демек, педагогикалық қызметті құраушы компоненттердің негізгі мазмұнды бөлігі оның әдістемелік даярлық деңгейінің нәтижелі қалыптасуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі деп қабылдаймыз. Әдістеме ‒ педагогикалық білімнің жеке тармағы ретінде дамуын 1789 жылдан бастайды. 1800 жылы Ресейде 70-тен астам оқу әдістемелік құралдар дайындалған. Әдістемелік білімдер кәсіби қызметтің жарты бөлігі болып есептелінеді. Кәсіби мектеп педагогикалық әдістемелік қызметінің нысанасы кәсіби білім, іскерлік және дағдыны қалыптастыру үдерісі болып есептелінеді Әдістемелік қызметтің пәні ретінде нақты оқытылатын пәннің мазмұндық ерекшелігіне сәйкес жаңа білімдер мен іскерліктерді қалыптастыру үдерісінің әдістері, тәсілдері және оны жүзеге асыру мен реттеудің жолдары қарастырылады. Жалпы педагогика ғылымындағы әдістемелік дайындық саласының өзіне тән функционалдық қызметі жүзеге асырылса, олар төмендегідей төрт бағыт бойынша қарастырылады: Аналитикалық (талдау): кәсіптік оқыту үдерісін теориялық және іс-әрекет тұрғысынан әдістемелік талдау; Жобалау: ұзақ мерзімдік жоспарлау және оқыту мазмұнын түзіп жасау, оқыту қызметін жоспарлау және дайындау; Құрылымдау: сабақтарды жоспарлау (мазмұнды іріктеу, оқу ақпаратын композициялық рәсімдеу), оқу материалын ұсынудың формасын анықтау; Мөлшерлеу: білім беру мекемелерінің функционалдық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру стандарттарының, оқу бағдарламаларының талаптарын қанағаттандыратын, білім беру үдерісіне қойылатын талаптарды жүзеге асырудың құралдарын анықтау және дайындау. Зерттеушілік:әдістемелік мәселелерді шешуге бағытталған зерттеу жұмыстарын жүргізудің әдістемесі. Әдістеме пәнінің оқыту нысанасы оқу орындарында белгілі бір пәнді оқыту үдерісі болып есептелінеді. Ал оқыту пәні: педагогикалық білім мен іскерліктің жеке тармағы ретінде жүктелген білімдер мен іскерліктерді құрылымды пайдалану және арнайы оқу құралдарын дамытуға бағытталған және солардың көмегімен оқытушының оқыту қызметін реттеу әрі оқушының білімі мен іскерлігін дамытуға бағытталған когнитивті қызметі. Жалпы әдістемелік қызмет дегеніміз: пәндер топтамасы немесе жеке пән бойынша оқу және оқыту қызметін реттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, педагогтың кәсіби қызметінің жеке бір бағыты ретінде оқу құралдарын жобалау, дайындау және құрылымдау зерттеу қызметі деп анықталады. Әдістемелік қызметті меңгеру әдістемелік іскерліктерді қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады [14]. Әдістемелік қызметті жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері ‒ күрделі ақыл-ой еңбегін талап ететін үдеріс. Мысалы сабақтар жүйесін жоспарлап ұйымдастыру барысында оқытушы әдістемелік қызметін төмендегідей құраушы бағыттарына көңіл аударады: - оқыту мазмұнын негізгі дидактикалық бірліктер арқылы ажыратып, ақпаратты ұсынудың логикалық құрамын дидактикалық бірліктердің ақпараттық сыйымдылықтарын және жалпы берілетін ақпаратты анықтап алады; - сабақтың мақсаттарын (оқыту, дамыту, тәрбиелеу), құралдарын, формасы мен әдіс-тәсілдерін анықтайды; - сабақтың құрылымын түзеді және оның әрбір кезеңдерінің микромақсаттарын анықтайды; - микромақсаттардың орындалу тәсілдерін ойластырады (формасы, әдістері, тәсілдері, көрнекілігі, сабақтың типі мен түріне, оның логикасы мен құрылымы қойылған мақсатқа сәйкестігі); - студенттердің сабақ барысының әрбір кезеңіндегі іс-әрекет қызметін жобалай отырып төмендегідей мәселелерді шешуді көздейді: а) студенттерді мақсаттылық үдерісіне қалай енуі керек және олардың іс-әрекетін кәсіби мәнді, танымдық мотивациясын қалай қамтамасыз ету керек? ә) студенттер қызметін қалай жандандыру керек? б) ой және дене еңбегін қалай ұштастыру керек және олардың эмоционалдық көңіл күйін қалай сақтау керек? в) әрбір студенттің жеке-дара ерекшеліктерін, сұраныстарын, қызығушылықтарын, теориялық дайындықтарын ескере отырып дифференциалды қатынасты қалай жүзеге асыру керек г) ашық сабақ өткізу барысында студенттердің бірлескен қызметін (формасы, әдістері) қалай ұйымдастыру керек? д) сабақтың әрбір кезеңінде оқушының қызметі (репродуктивті, продуктивті) қалай болуы керек? е) сабақтар үдерісінде оқушылардың технологиялық іс-әрекеттерді меңгеруін қалай ұйымдастыру керек? ж) студенттің іс-әрекеттік қызметін орындау нәтижесінде өзін-өзі бақылау және өзіндік талдау үдерісін қалай ұйымдастыру керек? - оқу қызметінің нәтижесін бақылау (кері байланыс), танымдық іс-әрекеттің жемістілік деңгейін жетілдіру мәселесі ойластырылады; - сабақтың әрбір кезеңіне кететін уақытты есептей отырып оның жоспар-жазбасын құрылымдап түзеді; - қысқа және көрнекі формада үлкен көлемді ақпарат беруге мүмкіндік беретін сабақты оңтайландырудың оқыту құралдарын әзірлейді; - сабақ мазмұнына сәйкес қажетті құрал-жабдықтарды іріктеп таңдайды. Таңдалған оқыту технологиясының тиімділігі бірқатар факторларға байланысты болмақ. Олар педагогтың құзыреттілігі, өз қызметіне деген ынтасы, психологиялық дайындығы, оқу үдерісінің материалдық қамтамасыз етілуі т.б. Кәсіби мектептердің арнайы бағыттарына және пәннің күрделілігіне сәйкес кәсіптік білім беру педагогтарының әдістемелік іскерліктерін Н.Е. Эрганова [15] төмендегідей үш топқа жіктеп қарастыруды ұсынды: Педагогтың кәсіби қызметтерінің дидактикалық-әдістемелік негізі бойынша жіктелуі. Оқу материалдарын оқып-үйренудің арнайы ерекшеліктеріне сай жіктелуі. Ілгеріде қалыптасқан іскерліктерді жинақтауға (синтез) негізделген жіктелу. Біздің жүргізген зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесіне сәйкес кәсіптік білім беру педагогінің әдістемелік қызметін (іс-әрекетін) негізгі сегіз түрге бөліп қарастыруды анықтадық. Олар: Оқу бағдарламалық құжаттар мен оқу-әдістемелік кешендерді талдау. Оқу материалдарын әдістемелік талдау. Теориялық және практикалық оқыту сабақтарының әдістемелік жүйесін жоспарлау. Пән бойынша оқыту әдістемесін дайындау және техникалық ұғымдармен практикалық іскерліктерді қалыптастыруға бағытталған оқушылардың іс әрекетін құрылымдау. Сабақ барысында оқу ақпараттарын ұсыну формасын модельдеу және құрылымдау. Сабақ барысында оқушылардың іс-әрекетін басқару және бағалау. Оқушылардың білім, іскерлік, дағдысын бақылаудың формасын таңдау және бақылау-бағалау материалдарын дайындау. Сабаққа дайындалу барысында және оның нәтижесін талдауға, өзінің жеке іс-әрекетіне рефлексия жасау. Жоғарыда анықталған әдістемелік қызметтің 8 құраушы компоненттері болашақ кәсіптік оқыту педагогының бойында бір ғана әдістеме пәнін оқып үйрену барысында қалыптаса қоймайды. Яғни, әдістемелік іс-әрекет негізінде қалыптасатын іскерліктер болашақ оқытушының жоғары оқу орнында мамандықтың білім беру бағдарламасы аясында игеретін әдістемелік даярлық жүйесін құраушылардың мазмұнын игеру нәтижесінде жүзеге асырады. Біз жүргізген зерттеу жұмысымыздың нәтижесіне сәйкес әдістемелік жүйе негізін құрылымдайтын кешенге оқу үдерісіне енетін төмендегілерді атап көрсетуге болады: Кәсіптік оқыту әдістемесі пәні; Әдістемелік бағытта оқытылатын элективтік курстар; Оқу-өндірістік және педагогикалық іс-тәжірибелер, СӨЖ-тапсырмаларын орындау; Оқу-зерттеу және ғылыми-зерттеу жұмыстары; Курстық жұмыстарды орындау; Техникалық және шығармашылық бағыттағы үйірме жұмыстары; Дипломдық жұмысты орындау. Ұсынылып отырған әдістемелік жүйенің жекелеген пәндік бағыттарын авторлар бірқатар еңбектерінде жариялаған болатын. Сондықтан да алдымызға қойған ендігі мақсатымыз ұсынылған жүйе элементтерінің бірімен-бірінің тығыз байланыстағы нәтижелі жүйе екендігін көрсету болмақ. Сонымен қорыта айтқанда, әдістемелік қызмет дегеніміз: пәндер топтамасы немесе жеке пән бойынша оқу және оқыту қызметін реттеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, педагогтың кәсіби қызметінің жеке бір бағыты ретінде модельдеу, жобалау, құрылымдау, оқу үдерісін дидактикалық қамтамасыз ету, оқыту және оқу үдерісін үйлестіру қызметі деп анықталады, әдістемелік қызметті меңгеру әдістемелік іскерліктерді қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады. Пайдаланылған әдебиеттер Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты. 6М012000 – Кәсіптік оқыту (магистратура). ҚР БҒМ РОЭК-нің М.Әуезов атындағы ОҚМУ-і жанындағы ... Оқу әдістемелік секция. Камалов Ю.Н.. Саипов А. және т.б.– Шымкент: М.Әуезов атындағы ОҚМУ. Баспа орталығы, 2012. – 16 б. Камалов Ю.Н.. Саипов А. және т.б. Модульдік білім беру бағдарламасы. 5В012000 – Кәсіптік оқыту. Дайындық бағыты: білім беру. Берілетін дәреже: білім беру бакалавры. Шымкент: М.Әуезов атындағы ОҚМУ, 2016. – 25 б. Пошаев Д.Қ., Саипов А., Адырбекова Г. Арнайы пәндерді оқыту әдістемесі. Оқу құралы/ҚР БҒМ РОЭК-нің М.Әуезов атындағы ОҚМУ -і жанындағы ... Оқу әдістемелік секция. – Астана: «Нұрбейне», 2012. – 160 б. Байдалиев Қ.А., Саипов А., Камалов Ю.Н. Кәсіптік оқыту әдістемесі. Оқу құралы/ҚР БҒМ РОЭК-нің М.Әуезов атындағы ОҚМУ-і жанындағы ... Оқу әдістемелік секция. - Шымкент: М.Әуезов атындағы ОҚМУ, 2016. I бөлім, – 392 б. Байдалиев Қ.А., Саипов А.,Камалов Ю.Н.Кәсіптік оқыту әдістемесі курсы бойынша зертханалық практикум. Оқу құралы / ҚР БҒМ РОЭК-нің М.Әуезов атындағы ОҚМУ-і жанындағы химия-технологиялық, кәсіптік білім, өнер, қызмет көрсету мамандықтары бойынша Оқу әдістемелік секция. – Шымкент, 2016. II бөлім. – 64 б. Методика профессионального обучения с практикумом:учеб.пособие для студентов высш.учеб.заведений / Т.И.Кругликов. – М.: издат.центр «Академия», 2005. – 288 с. Методика профессионального обучения: практикум / А.С.Степанова-Быкова, Е.Е.Савченко, А.С.Корманова, О.В.Константинова. – Красноярск.: «ИПК СФУ», 2009. – 99 с. Шалунова, М.Г.Практикум по методике профессионального обучения. – Екатеринбург: изд. «Урал», 1995. – 82 с. Кузьмина Н.В. Профессионализм деятельности преподавателя и мастера производственного обучения профтехучилища. – М:. 1990. – 125 с. Профессиональная педагогика: учебник для студентов, обучающихся по педагогическим специальностям и направлениям / С.Я. Батышев. – М.: «Профессиональное образование», 1997. – 512с. Методология и методы психолого-педагогического исследования: для студентов высш.учеб.заведений / В.И.Загвязинский. – М.: Издат.центр «Академия», 2005. – 208 с. Теория и методика обучения / В.С.Кукушкин. – Ростов н/д.: «Феникс», 2005. – 474с. Marasulov A. SaipovA. et al. Modern Principles of Educational Process at the Secondary Vocational and Professional Training. MCSER Publishing, Rome-Italy. Mediterranean Journal of Social Sciences. Vol. 6, No. 1, February 2015. Supplement2. Pages 72-77 Impact Factor 6.44 Page 72-77 Marasulov A., Saipov A., Аrymbayeva K., et al.Development Mechanism of an Integrated Model for Training of a Specialist and Conceptual-Theoretical Activity of a Teacher. The International Journal of Environmental and Science Education (IJESE) e-ISSN: 1306-3065 Publisher: LOOK Academic Publishers Journal Abbreviation: Int J EnvSci Ed (Web of Science). 2016, VOL. 11, NO. 10, 3651-3660. pp. 3651-3660 http://www.ijese.net/sayfa/1/about Эрганова, Н.Е. Методика профессионального обучения: учеб.пособие для студентов высш.учеб.заведений. – М.: Издат.центр «Академия», 2007. - 160 с. Резюме В данной статье рассматриваются пути совершенствования методической подготовки будущих педагогов профессионального обучения. Предлагается комплекс составляющих элементов системы методической подготовки будущего педагога профессионального обучения. Resume This article discuss the ways of improving the methodical preparation of the future teachers of vocational training. The complex of the constituent elements of the system of methodical preparation of a future teacher of vocational training is suggested. |