Главная страница
Навигация по странице:

  • С.О. СИМБАЕВА

  • ¦ 1, педагогика ¦4, 2016. аза бiлiм академиясыны баяндамалары 4, 2016


    Скачать 1.24 Mb.
    Названиеаза бiлiм академиясыны баяндамалары 4, 2016
    Дата21.02.2022
    Размер1.24 Mb.
    Формат файлаdoc
    Имя файла¦ 1, педагогика ¦4, 2016.doc
    ТипДокументы
    #368434
    страница12 из 12
    1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

    ӘОЖ 372.416.2:371.3
    ЛАТЫН НЕГІЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІНІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ (1920-1940)
    А.Ж. ДОСАНОВА

    педагогика ғылымдарының кандидаты,

    «Тұран-Астана» университетінің доценті

    С.О. СИМБАЕВА

    филология ғылымдарының кандидаты,

    «Тұран-Астана» университетінің доценті
    Аннотация

    Мақалада қолданыста болған латын әліпбиі жөніндегі мәселелер сөз болып, бірнеше әліппе оқулықтарына әдістемелік талдаулар жасалды. Ондағы мақсат әр кезеңдердегі әліппелердің, әр ғалымның әліппе оқулығын құрудағы өзіндік ерекшеліктерін, айырмашылықтарын ажырата отырып, тиімді-тиімсіз жақтарын ашып, болашақта латын әліпбиіне көшу мәселелерінде тиімді пайдалана білу болды.

    Түйін сөздер: латын әліпбиі, латын жазуына өту, жазу жүйесі, орфография, кіріктіре оқыту, интеграция.
    Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңінде қазақ даласында оқу араб әріптері бойынша жүргізіліп келген болатын. Бұл шара балалардың тездеп сауат ашуына, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін үйретуге, сондай-ақ мектеп оқулықтарын жасауға көп қиындықтар келтірді. Сондықтан қазақ халқына араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшудің қолайлылығы түсіндірілді. Латын әліпбиіне көшу туралы әңгіме Қазақстанда 1923 жылдың аяғында Мәскеу, Орынбор, Ташкент тәрізді ірі қалалардағы зиялы азаматтар мен сол жерлерде білім алып жүрген қазақ жастары тарапынан көтерілді. Бұл мәселенің көтерілуінің негізгі себебі, сол кезде Кеңес Одағының жүргізіп отырған саясатына орай, КСРО құрамындағы барлық түркі халықтарында латын жазуына өту жайы сөз бола бастаған еді, сондай-ақ өркениетті Еуропа елдерінің латын жазуын қолдануы, Түркия латын әліпбиіне көшуі де себепші болды. Олар өз ойларын баспасөзде жариялап, араб жазулы қазақ әліпбиін ауыстыру жөнінде Қырғыз (қазақ) білімпаздарының 1924 жылы жазда болатын тұңғыш съезінде талқылауды ұсынды.

    Съезге латын әліпбиінің үш жобасы дайындалып (Н.Төреқұлов (Москва), Х.Досмұхамедов (Ташкент), Мурзин (Орынбор)), талқылауға Н.Төреқұловтың жобасы ұсынылды. Жалпы жазу жүйесі, орфография жайлы жасалған баяндамаларда түркі халықтары қолданып жүрген әліпбилер сарапқа салынып салыстырылды, мәселен, профессор Л.В. Щерба әліпбидің төрт түрлі жүйесі:

    - дыбыс жүйелі әліпби (қазақ пен қырғыз емлесі);

    - туыс жүйелі жүйелі әліпби (орыс емлесі);

    - тарих жүйелі әліпби (араб жазуын өзгертпей қолданушылар, ағылшын, неміс, француз емлелері);

    - таңба жүйелі әліпби (қытай, шумерлер) болатынын көрсетіп, «бұлардың ең жақсысы – дыбыс жүйелісі» - десе, Ә. Ибрайымұлы «Емле түзеу жүзінде түрік жұрттарының алдыңғысы – қазақ» - деп қазақ әліпбиінің басқаларға қарағанда биік тұратынын атап айтады.

    1927 жылы Қызылорда қаласында «Жаңа әліпбишілер қоғамы» (ЖАҚ) құрылды. Бұл қоғам республикадағы латын әліпбиінің мүддесін қорғайтын әліпбиі тұңғыш ресми ұйым еді. Осы жылдың жазында Жалпыодақтық жаңа түркі әліпбиі Орталық Комитетінің бастығы Агамалыоғлы Қазақстанға келіп, латын әліпбиіне көшу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жаңа түркі әліпбиі комитетінің екінші Пленумы 1928 жылы 7-12 қаңтар аралығында Ташкент шаһарында өткізілді. Бұл мәжілісті Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Якутия және Солтүстік Кавказ республикаларындағы жаңа әліпбиге өту процесінің барысы жайлы баяндамалар тыңдалды. Осы пленумда белгілі лингвист-ғалымдар – академик Е.Д. Поливанов, профессор П.Ф. Яковлев тіл ғылымының, яғни лингвистиканың даму (эволюционная лингвистика) қағидалары жайлы баяндама жасады.

    Сауат ашу, әліпби мәселелері жөнінде Н. Төреқұлов та көптеген маңызды тақырыптарды қозғады. Ең алғашқы латын әліпбиіндегі «Жаңа әліппе» (жаңа қазақ-қырғыз әліппесі) атты сауат ашу оқулығын жазған Н.Төреқұлов еді. Небәрі 1 баспа табақтық оқулық 1924 жылы ССРО халықтарының орталық баспасының қазақ сессиясы арқылы Мәскеуде 2000 данамен басылып шыққан. Араб және латын әліпбиімен жазылған бұл оқулықтың негізгі мақсаты – жаңа әліпбиге ауысуға оқушыларды даярлау еді. Оқулыққа ұлттық әдебиетіміздің көрнекті тұлғалары Абайдың, А.Байтұрсыновтың тәрбиелік мәні бар шығармалары алынған.

    Оның ғылыми-педагогикалық бағытта жазылған «Жаңа әліпби неге керек?», «Ұлт мәселесі және мектеп» деген еңбектері белгілі. «Ұлт мәселесі және мектеп» деген орыс тіліндегі мақаласы 1926 жылы Мәскеуде оқытушылардың жалпыодақтық тобында сөйлеген сөзі екені ескертілген. Бұл мақалада Н.Төреқұлов патша үкіметінің басты мақсаты – «бұратаналардың біржола тұқымын құрту, болмаса орыс қылып жіберу» екенін ашына айтты. «Бізге алдымен жаңа мектеп керек деген пікірді тарату жолында алысуға тура келеді» - деп сол кездегі сауатсыздықпен күресудің әлсіз ахуалы мен ащы шындығын батыл айта білген. Мақалада Н.Төреқұловтың сөйлеген сөзі бойынша көптеген ұсыныстар жасалғаны айтылады. Н.Төреқұловтың әліпбиге байланысты көлемді де көрнекті – «Жаңа әліпби неге керек?» деп аталатын ғылыми мақаласында жалпы әліпбилер тарихы, қазақ-қырғыз мәдениеті және әліпби ауыстыру мәселелері қарастырылған Ол әр кезеңдегі түркі халықтары әліпбилерінің шығу тарихы мен даму кезеңдері туралы айта келіп, сол кездегі «әліпбиді ауыстыру» мәселесі неден туып отырғанына тоқталады [3].

    Жазба тілі қалыптаспаған немесе жазу жүйесі болғанымен сол тілдің дыбыстық ерекшеліктерін толық қамти алмайтын әліпбилерді қолданып жүрген түркі халықтарында латын жазулы жүйеге өту дау-дамайсыз іске асырылды. Ал, ана тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне, табиғатына сай араб әліпбиінен реформаланған, тілдік қажеттілікті толық өтей алатын төл әліпбиі бар қазақ халқында бұл мәселе үлкен айтыс-тартыс туғызды. А.Байтұрсынов бастаған М.Дулатов, Қ.Кемеңгеров, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Е.Омаров, С.Садуақасов тәрізді қазақ зиялылары қазақ әліпбиін латын жазуы негізінде жасалған жаңа әліпбиге көшіруге үзілді-кесілді қарсы болды.

    БК(б)П Орталық Комитетінің 1935 жылғы 3 қыркүйектегі «Бастауыш, орталау және орта мектептегі оқу жұмысын ұйымдастыру және ішкі тәртіп туралы» қаулысы шығып, соған байланысты бұрын қолданылып келген бағдарламаларға біршама өзгерістер енгізілді. Онда сауат ашу, бастауыш білім беру бойынша төмендегідей талаптар ескерілді:

    - ірі басылған қысқа сөздерді, қысқа сөйлемдерді, қысқа мақалаларды ежіктемей, буындамай, сөзін қайталамай оқи алу;

    - ірі басылған сөйлем ішінен сөз қалдырмай, сөз ішінен әріп қалдырмай, жол қалдырмай оқу;

    - өз қолжазбасын да осылай оқи алу;

    - жыл аяғында дауыстап оқығанда, минутына 20-25 сөз, ішінен оқығанда 30-35 сөз оқи алу;

    - күнделік сабақ кестесінен ертең не сабақ болатынын оқып білу [5].

    Алғашқы кезеңде жазба тілі қалыптаспаған халықтарға латын жазуына негізінде әліпбилер түзу идеясы таралып сөз бола бастаса, кейіннен КСРО-ның құрамындағы барлық түркі халықтарын бірыңғай жазу жүйесіне көшіру мәселесі қолға алынып, барлық түркі халықтарының латиницаға көшуі талап етіле бастады.

    1930 жылы Жаңа түркі әліпбиінің қаулысымен КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Жаңа әліпбидің Бүкілодақтық Орталық Комитеті (ВЦК НА) болып қайта құрылды. Бұл өзгеріс тек түркі халықтарының ғана емес Кеңес Одағындағы басқа да халықтардың жазуын жетілдіруге бағытталған еді. Жаңа комитет «Шығыс мәдениет және жазуы» (Культура письменность Востока), «Жазу және революция» («Письменность и революция»), «Революция және жазу» («Революция и письменность») атты журналдар шығарып, олардың беттерінде жазу, әліпби туралы мәселелерді талқылауға, басқа да жазу жүйесінің өзекті мәселелеріне арналған мақалалар жарияланып тұрды. Кеңес үкіметі сол кезде бұл ағымға «латындастыру – Күншығыстағы революция» деп баға береді. Бірақ бұған сол кездегі ғалымдардың бір тобы оңайлықпен келіспей: «Араб әліппесін тастауға болмайды, бұл 1000 жылдық мәдениетке байланысты, ескі мәдениетіміз құрып кетеді, Кеңес Одағынан басқа жердегі мұсылмандардан қол үземіз...» десе, кей жерлерде: «араб әліппесі құранмен бірге аспаннан түскен, оның жоғалуы адам баласымен бірге болады, ол ақыр заманда ғана жоғалады...» деп надан елдің зәресін алмақ болып бақты.

    Мұндай мақалалар қатарында латын жазулы түркі әліпбилерінің жетістіктері мен кемшіліктері жайлы да сөз болды. Комитеттің жұмысында Е.Д. Поливанов, Н.Я. Марр, А.Н. Самоилович, Н.Ф. Яковлев, Б.Я. Владимирцов, Д.Ф. Бубрих, Б.М. Грандс, Е.Э. Бертельс, В.А. Артемов, А.А. Реформатский тәрізді белгілі ғалымдармен қатар әр ұлт республикаларының мамандары да белсене қатысты.

    Осы кемшіліктерді жою мақсатында 1930 жылы 11 маусымда Қазақстанда Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен жаңа қазақ әліпбиіне бас әріптер бекітілсе, 1938 жылы Қазақстан Орталық атқару комитетінің және Қазақ кеңестік халық комитетінің қаулысымен әліпби құрамына жаңадан бес әріп (в, й, ф, ю, я) қосылып, соған байланысты орфографияға да өзгерістер енгізілді, кейбір дыбыстардың таңбалары өзгерді. Латын жазулы қазақ әліпбиінде сонымен барлығы 32 әріп болды. Орталық Атқару Комитетінің Жаңа әліпби Комитеті латынға негізделген «Біркелкі Түрік алфавитін» (Жаңәліп) жасап шығарды. Осы әліпбиге басында қарсы болса да, қазаққа лайықтап жасағандардың бірі мемлекет қайраткері, ғалым Х. Досмұхамедұлы еді.

    Қ.Басымұлының 1932 жылы Қазақстан баспасынан шыққан «Жаңа әріп пен жаңа емле және дыбыстарымыздың жіктері» атты еңбегінде жалпы дыбыс пен әріп ұғымына түсінік бере келіп, араб және латын әліпбилерінің артықшылықтарын, кемшіліктерін салыстырмалы түрде саралап жазған.

    1933 жылы Өлкелік партия комитетінің Ү пленумында еліміздегі бастауыш мектептер мәселесі арнайы сөз болып, Ж. Садуақасұлының жасаған баяндамасы мен «Бастауыш мектеп туралы» баяндама бойынша қаулы шығарылды. Бұл Алматыдан Орталық партия комитетінің «Партиздат» баспасының қазақстандық бөлімінен басылып шықты. Орталық партия комитеті «бастауыш және орта дәрежелі мектептерде оқу жұмысын ұйымдастырудың негізі сол бөлімдегі болатын сабақтардың тізбесі болуында, оқушылардың тұрақты құрамы болуында» екендігі жөнінде қаулы қабылдады. «Бүкіл кеңес елінде, бүкіл кеңес Одағында міндетті бастауыш оқытуды іске асыру тек мәдениет майданында емес, шаруашылық майданында да ұлы табысымыз болады» - деген И.В. Сталиннің Пленумда сөйлеген сөзін алға тартты.

    Ғалым-ағартушы С.Аманжолов 30-жылдары қазақ мектептері үшін оқу бағдарламалары мен қазақ тілінің нормативтік грамматикасын жасады. 1932 жылы қазақ тілінде жарық көрген «Мектептерде өз ана тілінде оқытудың мәні» жөніндегі мақаласы С.Аманжоловтың ғылыми-педагогикалық қызметінің бағдарлылығын көрсетті. 1933 жылы Қазақстан баспасынан халық ағарту комиссиариаты колегиесі қарап бекіткен ауылдық және қалалық мектептердің І, ІІ, ІІІ, ІҮ бөлімдері үшін бастауыш мектеп бағдарламасы шықты.

    1937 жылы латын әліпбиінде баспадан «Әліппеге әдіс жөнінен жетекші» атты бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған әдістемелік құрал басылып шықты. Онда: «Балаларды сауаттандырған уақытта анализ-синтез негізіне құрылған дыбыс әдісін қолданамыз. Үйткені бұл әдіс жүйелі жолмен қат танытуда қолайлы әдіс» - делінген. Сауат ашуда дыбыстарды талдау-жинақтау әдісі арқылы меңгерту бүгінгі күнге дейін жалғастық тауып келеді.

    Латынға көшу оны оқыту ісіне лайықтап, сауат ашу оқулықтарын жасап, оқыту мәселелеріне қызу араласқандардың бірі Т.Шонанов болды.

    Кеңес үкіметі орнағаннан кейін елдің әл-ауқаты, еңсесін көтеру үшін оны рухани-мәдени жағынан да жетілдіріп, олардың сауатын ашу керек болды. Соған байланысты сол тұстағы қазақ зиялылары сауат ашу оқулықтары мен оқу құралдарын жазу ісіне белсене ат салысты. Бастауыш сынып педагогикасы мен әдістемесін терең меңгерген Т.Шонановтың игі істері қазақ балаларының сауат ашып, тәлім-тәрбие алуына орасан зор ықпал етті. Т.Шонанов бастауыш сыныптарға және жаңа сауаттанып келе жатқан ересектерге арнап әліппелер жазды. Балалардың сауат ашу мәселесі жөніндегі ғалымның еңбектері жаңаша қырынан көрініп, оқу-ағарту ісінің жетістігі болып саналды. Ғалым 1920 жылдардың ортасында А.Байтұрсыновпен бірлесіп «Оқу құралын» (нұсқалық) жазды.

    1929 жылы Т.Шонановтың «Жаңалық», «Жаңа әліппе», «Жаңа арна» атты латын әліпбиіндегі әліппелері жарыққа шығып, қолданыс тапты. Әліпби орыс дыбыстарымен бірнеше рет толықтырылды.

    1935 жылы шыққан Т.Шонанов мен М.Жолдыбаевтың бірлескен авторлықта шығарған «Әліпбиі» жарық көріп, бірнеше жыл ұрпақтардың сауатын ашты. Ғалымның А.Байтұрсыновтың жолын әрі қарай жалғастырып, бірқатар әдістемелік еңбектер де жазғаны белгілі болып отыр. Атап айтқанда, 1930 жылы «Сауаттан», 1931 жылы «Орыстар үшін қазақша әліппе», 1933 жылы С.Жиенбаев пен Ғ.Бегалиевпен бірлескен авторлықта орыс мектептері үшін «Қазақ тілінің оқу құралы», 1935 жылы «Бастауыш мектептердегі қазақ тілінің әдісі» атты құнды еңбектері әдістемелік еңбектер қатарынан көрінеді.

    Т. Шонанов қазақ білімпаздарының сіиезіндегі: «У мен и дауыссыз деудің қисыны қалай болса, дауысты деудің де қисыны солай, мұның үстіне у мен и-ді созып айтуға келмейтінін қоссақ, оларды дауыссыз дыбыс деудің дәлелі басым болып шығады. Бір дыбыс болып естілетін ұзын у мен и-ді бір әріппен жазатын болсақ – жазу жеңілденеді», - деп айтқан дәлелді ойы қазақ әліпбиіндегі бүгінгі күні еске алатын өзекті мәселелерінің бірі [2].

    Т.Шонанов сонымен қатар емле, тіл дамыту, қазақ тілін оқыту әдістемесі мәселелеріне де А.Байтұрсыновпен бірге ат салысты. Оның «Орыстарға қазақ тілін үйрету жайында», «Ересектерді сауаттандыру әдісі», «Дауыстап оқытудың әдісі» атты ғылыми-әдістемелік мақалалары сол кездегі оқытудың өзекті мәселелеріне арналса да, қазірге дейін маңызын жоймаған көкейкесті мәселелер [4].

    Т.Шонанов әліппесінде нақты бір әріп оқытылып, оның таңбасымен таныспайды. Сөзіміз, анығырақ әрі дәлелдірек болу үшін нақты мысалдар бере кетейік: мысалы, алғашқы сабақта бала сөзімен танысады да, л әрпін жазып үйренеді, екінші сабақта ара сөзін оқып үйренеді де, р дыбысын элементтерін жазып үйренді, келесі сабақтарда қала сөзін оқуға беріп, сол күні о, а, қ әріптерін, алғаш рет қа «буынын» жазады. Келесі күні өтілген сөздер жаңа бақа сөзімен толығып, б дыбысын және алғаш рет бақа «сөзін» жазады. Оқуға алғаш рет «SARA OQЬ» сөйлемі берілген күні ы дыбысы, қ дыбысының элементі және оқы сөзін жазады. Осы кезге дейін олар жазуда бірыңғай кіші әріптерді жазып үйренеді. Сөйтіп, балалар «дыбыс», «сөз», «буын» ұғымдарын меңгергендей, «сөйлем» ұғымымен де іс жүзінде танысады.

    С.Кеңесбаевтың Алматыдан Қазақ мемлекет баспасынан 1940 жылы латын әліпбиіндегі «Әljppe» оқулығы басылып шыққан. Бұл – латын әліпбиіндегі соңғы оқулық. Кейіннен бұл әліппе кирилл-қазақ әліпбиіне аударылып Ғ. Бегалиевпен бірлескен авторлықта шығарып, елімізде сауат ашуда көп жылдар бойы қолданыс тапты.

    Әліппеге дейінгі кезеңде ауызша тіл дамытуға да көңіл бөлініп, жалпы қоршаған ортамен танысып, оқушыларға алғашқы ұғымдар беріледі. Берілген материалдардан әліппеге дейінгі кезеңнің өзінен оқулықтың оқу мен жазуды кіріктіре оқыту (интеграция) әдісіне негізделгенін байқатады. Олай дейтініміз, әліппеге дейінгі кезеңнің әр сабағында міндетті түрде балаларға әріп элементтерімен қоса жазуға оңай қарапайым элементтерден тұратын әріптерді жазуды ұсына бастаған ( n, c – н, ш).

    C. Кеңесбаев әліппесі бойынша әріптердің өтілу реті: a, n, r, s, l, c, o, z, e, ә, t, m, q, ө, u, k, і, p, j, с, b, о ƣ, d, g, ū, y, ņ, x, v, f, h. [1].

    Әліппе кезеңінің бірінші күні Аа және Nn (Аа, Нн) дыбыстары қатар бір бетте өтілуге берілген. Ол алғашқы сабақта аnа (ана) деген сөзді шығару үшін деп түсінеміз. Бұндай бірнеше дыбысты қатар өту әдісін (ا ﺮ ﺯ - а, р, з) А. Байтұрсынов алғаш рет араб әліпбиіндегі «Әліб-бій» оқулығында қолданған болатын. Бұл алғашқы күндерден бастап, сөз ұғымын таныстыру қажеттігінен туған әдіс деп түсінуге болады. Талдау жолымен балалар сөз ішінен апа (ана) деген сөздегі буындар мен дыбыстарды талдап ажыратып алады, ал жинақтау жолымен дыбыстарды қосып, қайтадан а-па деген буындар құрап, одан апа деген тұтас сөз құрайды. Оқу-жазуға үйрету ісінде жинақтау мен талдау бір-бірімен тығыз байланысты. Сөзді талдағаннан кейін іле-шала жинақтау жүргізіліп, ал жинақталған сөз қайтадан дыбыстарға талданады.

    C.Кеңесбаев әліппесіндегі дыбыстық талдаудың бүгінгі әліппедегі дыбыстық талдаудан едәуір айырмашылығы бар. Мұнда дыбыстық талдауға тек өтілген дыбыстардан тұратын сөздер алынып, суреттегі заттың атын балалар өздеріне таныс дыбыстардан суреттегі заттың атын саналы түрде шығарып, ол сөзде қанша дыбыс, қанша әріп бар екенін өздері ажыратса, (таныс емес жаңа дыбыс міндетті түрде сәйкес орында көрсетіледі). Оқылатын баған сөз міндетті түрде сол дыбыстық талдау жасалған сөзден басталады. Ал бүгінгі күн әліппелерінде дыбыстық талдауға ішінде өтілмеген дыбыстары бар сөздер алына береді де, талдауға берілген сөздің тек қанша дыбыстан тұратынын (санын) және сөздің қай дыбыстан басталатынынына ғана мән береді (мұнда жаңа дыбыс қашанда сөздің басында ғана болады). Дыбыстық талдауға алынған сөз ішінде өтілмеген дыбыстар бар болғандықтан оқуға берілген сөздердің ішінде болмайды. Олар тек ауызша айтуда ғана қолданылады. Бұл сабақта оқуға мынадай сөздер (тіркес, сөйлем) берілген:

    сa-na (ша-на) a-la-ca (а-ла-ша)

    сa-la (ша-ла) a-ca (а-ша) Cac al (Шаш ал)

    сa-ra (ша-ра) cal (шал) Ala alaca (Ала алаша)

    Бұл күні балалар жалаң ашық буынды сөздермен қатар, бітеу буынды сөздерді (сac, cal – шаш, шал) де оқиды. Осылайша оқуға берілген сөздер күрделене түседі [6].

    Қорыта келгенде, латын графикасына негізделген әліпбиді қолданған кездері елімізде сауатсыздықты жоюда, сауат ашуда едәуір жетістіктерге жетті. Ондағы әрбір әріп өзінің жеке тұрғандағы қалпын сақтайды және қазақтың байырғы сөздерін дұрыс жазуға мүмкіндік берді. Латын әліпбиіне көшкен кезде ғалымдар f, x, v дыбыстарын енгізуге қарсы болды. 1938 жылы қазақ тілінде бұндай дыбыстардың «бар екендігі» дәлелденіп, «жұртшылықтың тілегі» бойынша деген желеумен енгізді. Кейбір ғалымдар сол кездің өзінде-ақ я, ю, э, ц, щ, ь, ъ дыбыстарын қазақ әліпбиіне қоспау керектігін айтты, бірақ олардың пікірлері ескерілмеді. Өкінішке орай, кеңес тұсындағы «әртүрлі саясатқа» байланысты бұл әліпбидің ғұмыры да ұзақ болмай, небәрі он шақты жылдай қолданыста болды.
    Пайдаланылған әдебиеттер

    1 Kenesbaeb S. Әlippe. – Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1940. – 50 б.

    2 Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі. – Орынбор: Қырғыз мемлекеттік баспасы, 1925. – 43 б.

    3 Ижанов З. Әліпби туралы архив не дейді? // Қазақ әдебиеті. 2000. - №27. – Б.45.

    4 Шонанұлы Т., Жолдыбаев М. Әlippe. – Алматы: Қазақстан, 1935. – 69 б.

    5 Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. – Астана, 2011. – Б.82.

    6 Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиі – латын графикасында: тарихы, бүгіні, болашағы. – Астана, 2015. – Б.92.


    Резюме

    В данной статье дается сравнительно-научный анализ учебника А.Байтурсынова и учебных пособий других авторов, а также рассматриваются научно-методические вопросы и их преимущества с точки зрения обучения.
    Resume

    A comparative-scientific analysis of the textbook by Baitursynov and the aducational aids of the other authors and also the scientific methodological issues from the point of view of training are considered in the article.


    1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12


    написать администратору сайта