Главная страница
Навигация по странице:

  • Г.С. РАЙНБЕКОВА

  • ¦ 1, педагогика ¦4, 2016. аза бiлiм академиясыны баяндамалары 4, 2016


    Скачать 1.24 Mb.
    Названиеаза бiлiм академиясыны баяндамалары 4, 2016
    Дата21.02.2022
    Размер1.24 Mb.
    Формат файлаdoc
    Имя файла¦ 1, педагогика ¦4, 2016.doc
    ТипДокументы
    #368434
    страница11 из 12
    1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

    ӘОЖ 372.416.2:371.3
    Ы. АЛТЫНСАРИННІҢ ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ МЕН ОҚЫТУ ІСІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
    А.Ж. ДОСАНОВА

    педагогика ғылымдарының кандидаты,

    «Тұран-Астана» университетінің доценті

    Г.С. РАЙНБЕКОВА

    педагогика ғылымдарының магистрі,

    Еуразия гуманитарлық институты

    С.Ж. КАЛИЕВА

    «Тұран-Астана» университетінің магистранты
    Аннотация

    Мақалада Ы.Алтынсариннің қазақ әліпбиі мен оқыту ісіне қосқан үлесі және ағартушы-педагог ретінде алатын орны қарастырылады.

    Түйін сөздер: мұғалім мамандарын даярлау, сауатсыздықты жою, миссионерлік әліпби, сингормема, сингормонизм, «Қазақ хрестоматиясы», «Мақтубат».
    Қазан төңкерісінен кейін Қазақстанда мектеп ашу, білім беру мәселелері қолға алына бастап, мұғалім мамандарын даярлау, мектепті оқу құралдарымен қамтамасыз ету сияқты қиындықтарға қарамастан, кейбір алғашқы ашылған жергілікті мектептер 1917-18 жылдардың өзінде-ақ оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасап алуға және солардың көмегімен тиянақты жұмыстар жүргізуге талпыныс жасады. Осыған орай Түркістан Совет Республикасы Халық ағарту комиссариатының 1918 жылдың 16 желтоқсанында Сырдария, Жетісу облыстарының ІІ басқыш мектептерінде бірыңғай оқу жоспарын жүзеге асыру туралы бұйрығы жарияланды. Бұл жоспар балаға ана тілінен жүйелі түрде білім беруде нақты жетекшілік рөл атқара қоймағанымен, осы ұмтылыстың өзін ескі діни оқудан қол үзіп, жаңаша оқуға бет бұрудың алғашқы қадамы деуге болатын еді.

    Миссионер Н.И. Ильминский қазақ арасындағы қолданыс тауып отырған араб әліпбиін орыс тілімен ығыстырып және өз жазуы жоқ өзге тілді басқа халықтарға да біртіндеп орыс тілін үйрету жағын ойластырды. Бұл ойын қазақтар арасында ғана емес, Повольжедегі өз жазуы жоқ мордва, мари, вотяк, чуваш т.б. халықтарға да жүзеге асырып, едәуір жетістіктерге жете бастады. Олардың бұлай істеуі батыс және солтүстік Қазақстандағы татар молдаларының жүргізген діни уағыздарына қарсылығынан ғана емес, жастарға орыс тілін үйрету арқылы самодержавие мен православие бастамаларын қазақтар бір-біріне өздері үйретсе деген мақсатты көздеген еді. Осы мақсатта Қазанда, Поволжьеде ашылған семинариялар жастарды орыстандыруда жақсы тәжірибе жинады. Бұндай тәжірибе біртіндеп Қазақстанға да келді. Қазақ балалары Қазандағы мұғалімдер даярлайтын семинарияларда оқи бастады.

    Н.И. Ильминскийдің шәкірті белгілі миссионер Н.П. Остроумов басқарған Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинария жанынан қазақ балаларына арналған интернат ашылды. Осылайша Қазақстанда білім беру ісі үкіметтің қатаң қадағалауында болды. Ең алдымен оларға өз мақсаттарына жұмыс істейтін адамдар дайындау және орыстандыруды жүзеге асыратын ағарту қызметкерлерін даярлау керек болды. Оқуға негізінен ауқатты, бай адамдардың, балалары іріктеліп алынатындығы қиыншылық көрмей өскен балалар бұндай істерге ыңғайлы болатынын білді.

    Қазақ арасында сауатсыздықты жоюды жаппай қолға ала бастаған кездегі алғашқы қолданылған әліпби «миссионерлік кириллица» болатын, одан кейін арабша «төте жазу», латынша «жаңаәліп», кирилл-қазақ әліпбилері қолданылды. Қазақстандағы переселенецтер мен казактар арасындағы оқу-ағарту жұмыстарының өзіндік ерекшеліктері болды. Алдымен «гарнизонская школа» мен «казачья школа» деп аталатын мектептер ашылды. Мұның негізгі мақсаты арнайы іріктелген балалардан урядниктер мен писарларды даярлайтын еді. Кейіннен «церковно-приходские школы» дейтін діни мектептер көптеп ашыла бастады. Офицерлер мен шенеуліктер дайындау үшін әскери прогимназиялар мен кадет корпустары, қыздар гимназиялары т.б. ашылды.

    Алғашқы қазақ кирилл әліпбиін ХІХ ғасырда Ы.Алтынсарин жасады. Кирилл әліпбиінің негізінде православ миссионерлері діни әдебиет және «орыс-түзем» мектептеріне арнап қазақ «миссионер» әліпбиі жасалды. Онда түрлі қосарланып жазылатын және диакритикалық таңбалар қолданылды. «Миссионерлік әліпби» 1917 жылға дейін шектеулі дәрежеде қолданылып келді [1].

    КСРО ОАК жанындағы Жаңа әліпби бойынша комитет тарапынан латын әліпбиіне негізделген «Ортақ түркі әліпбиі» ұсынылды. Қазақ тілінің талаптарына сай кейбір өзгерістер енгізілген бұл әліпби ресми түрде 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып келді де, содан кейін кирилл әліпбиімен алмастырылды.

    Бүгінгі орыс графикасына негізделген қазақ әліпбиіне едәуір «үлес» қосқандардың бірі – Н.И. Ильминский болды. Кейіннен әліпби жасағанда ол қолданған қазақтың төл дыбыстарына арналған қосымша таңбалар (ä, ö, ѓ, w, j, k, у, і, нь) ғана өзгерді. Ол қазақ дыбыстарының құрамын өзінше анықтап көрсеткен. Дауысты дыбыстар – 8 (а (ә), е, ы, і, о, ө, ұ, ү) деп ажыратқан. Бұнда а мен ә-ні бір фонема деп қарағаны көрініп тұрғанмен оларды дәл анықтаған. Ал дауыссыз дыбыстар ‒ 19 (п, б, м, у, т, д, н, з, ж, ш, с, р, л, й, к, г, қ, ғ, ң) , барлығы – 27 (28) дыбыс. А.Байтұрсыновтың анықтаған қазақ дыбыстары Н.И. Ильминский айтқанымен дәлме-дәл келеді. Қазақ сөздерін алғаш орыс графикасымен жазған миссионер Н.И. Ильминский. Ол 1860 жылы Қазанда «Материалы к изучению киргизского наречия» деген еңбегінде қазақша-орысша сөздік берген. Бұл қазақ тілі жөніндегі тұңғыш еңбек, тұңғыш қазақша-орысша сөздік, сондықтан еңбек фонетикалық тұрғыда орны бөлек еңбек болып саналады [2].

    Қазақ дыбыстарын көп зерттеген П. Мелиоранский қ, ғ, к, г дыбыстарының өз алдына анық естілетінін айтады. А. Байтұрсынов: «қ, ғ һеш уақытта жіңішкермейді. К һәм г дыбыстары һеш уақытта жуандамайды, яғни жуан айтылмайды. Сондықтан бұл дыбыстар тоң дыбыстар деп аталады» деп, осы ойынан еш айнымаған. 1935 жылы түркімендер латынға көшкенде қ, ғ, кейіннен х дыбыстарын әліпбиден шығарып тастаған болатын [3]. Қазіргі кезде бізде де қ, ғ, к, г дыбыстары әрқайсысы жеке-жеке фонема ма, әлде екі ғана фонема ма деген пікірлер айтылуда. Бұл жерде А. Байтұрсыновтың ойын қолдар едік. Фонема туралы ілімнің алғаш негізін қалаған орыс және поляк тілін зерттеуші – Бодуэн де Куртенэ еңбектерінен де толық жауаптар табуға болады.

    Ә. Жүнісбековтің пікірінше, түркі тілдерінің табиғатына «фонема» терминін қолдану онша сәйкес келе бермейді, түркі тілдерінде бұған сингормема деген атау лайық болады. Осы сөздің төркінінен сингормонизмнің туғанын байқау қиын емес. Ә. Жүнісбеков тіліміздегі дыбыстардың саны мен сапасы, сингормонизм, жайында өзіндік соны пікірлер айтқан. Дыбыс пен оның таңбасы, сөздің айтылуы мен жазылуы үнемі сәйкес келе бермейді. Осы сәйкессіздікті барынша азайтып, дыбыстық тілді мүмкіндігінше дәл беру үшін арнайы жазу транскрипция қолданылады [4].

    Орыс графикасын қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне лайықтап, қазақ әліпбиін жасау үшін үш жылдан астам еңбек еткен Ы.Алтынсарин орыс әліпбиінің құрамын толық сақтап, қазақтың төл дыбыстарын таңбалайтын әріптерді өз тарапынан қосады. Қазақтың төл дыбыстарынан ү, ң, ө (ү - ӱ, ң - ҥ, ө - ӧ) дыбыстарына арнайы таңба беріліп, қалған ә, і, ғ, ұ, қ, һ дыбыстарына таңба берілмей, олар былайша жазылды: ә ‒ а, ғ – г, қ – к, ұ – у, һ – х, і – и.

    Қазіргі қолданыстағы әліпбиіміз бен Ы.Алтынсариннің «миссионерлік» әліпбиін салыстыратын болсақ, мұнда барлығы – 37 дыбыстың әрпі бар. а, ә дыбыстарын – бір ғана а әрпімен; ғ, г дыбыстарын – г; қ, к дыбыстарын – к; і-ні – и әрпімен; в дыбысын – у әрпімен; ц-ны – тс; ч-ны – тш дыбыстарымен таңбалаған. Бұл әліпбиде орыстан ф дыбысының таңбасы және ь, ъ белгілері жоқ, қазақ дыбыстарынан - ә, і, ү, ө дыбыстарының таңбасы мүлдем жоқ болып шығады. Енді осы әліпбимен жазылған Ы. Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» (Қазақ хрестоматиясы) өлеңінің бір шумағына назар аударайық:

    Бр кудайга сиынып,

    Кель, балалар, окылык.

    Окыганды кунгульге

    Икласпен токылык! – делінген [1].

    Көріп отырғанымыздай, бұл әліпби қазақ дыбыстарын толық бейнелей алмады. Қайта бұдан И.Н. Ильминскийдің анықтаған нұсқасы әлдеқайда нақтырақ. Ы. Алтынсарин әліпби мәселесінде И.Н. Ильминскийді жалғастырмай, өзінше қарастырғаны байқалады. Егер ол «Қазақ хрестоматиясын» И.Н. Ильминский нұсқасымен жазғанда қазақ балаларына әлдеқайда түсінікті, жеңіл, жақын болар еді.

    Ы. Алтынсариннің көрсетуі бойынша, 1876 жылы халық ағарту министрі граф Л.Н. Толстой Орынбор округінің оқу орындарын тексеру мақсатымен келгенде сол өлкенің қазақтарын оқыту мәселесі де талқыға түседі. Негізгі мәселесінің бірі ретінде қазақ арасына орысша хат таныту жолдары және бұл үшін қазақ тіліне орыс әліпбиін қолдануға болатын-болмайтыны жөнінде арнайы сөз қозғалды.

    Мектептерде бірыңғай оқулықтар болған жоқ, мысалы, Сырдария, Жетісу облыстарының мектептері С.Н. Граминицкий жазған оқу құралын пайдаланса, Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстарының мектептері Ы. Алтынсарин мен А.Е. Алекторов жазған оқу құралдары бойынша оқытты. Алайда орыс-қазақ тілін қатар меңгерген мұғалім кадрлардың тапшылығы бұл мәселенің бірден шешімін табуға мүмкіндік бермеді, алдымен Торғай, Орал қалаларының бірінен қазақтар үшін оқытушылар мектебін ашу қажеттілігі туындады. Осы тәрізді іс-шараларды ұйымдастыру үшін 1879 жылы Торғай облысы мектептерінің ерекше инспекторы деген жаңа штат ашылып, бұл қызметке Ы. Алтынсарин шақырылды [5].

    Ы. Алтынсарин жасаған оқулық, ең алдымен, орыстың, қала берді Европа оқымыстыларының педагогикалық көзқарастары мен оқыту, тәрбиелеу әдіс-тәсілдеріне негізделіп жасалды, оған енетін материалдарды қазақ балаларының түсінік-танымына сәйкес етіп алды, өзі де осы талапқа орай әңгіме, өлеңдер жазып құрастырған хрестоматиясына қосты.

    Ы. Алтынсарин ескі діни мектептердегі бірыңғай жаттатып оқыту тәсіліне қарсы болды, оның орнына ғылымның әр саласынан жүйелі білім беретін оқуды жақтады. Мұны толық іске асыру үшін ол жаңаша оқыған мұғалімдерге үлкен үміт артты.

    Жаттатып оқуға Х ғасырларда әл-Фараби да қарсы болғандығын, оның «барлығын жаттап алу мүмкін емес, ал оларды белгілі бір байланыстары арқылы ойда топтастырып түсініп, тоқып алған жөн» деп айтқаны бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Бұл – бастауыш мектептегі сауат ашуда қазірге дейін маңызын жоймаған талаптардың бірі. Бұдан бүгінгі оқыту әдістемесінің Х ғасырлармен жалғастық тауып, сабақтасып жатқандығын байқаймыз.

    ХІХ-ХХ ғасырларда оқу-ағарту саласының 2 түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер, орыс-қазақ мектептері) әліппелер де араб және орыс әліпбиімен жазылды. Қазақ даласында алғаш мектептердің ашылуына байланысты оқулықтар қажеттігі келіп туды. Оған байланысты сол кездегі ғалымдар бастауыш саты үшін сол кездегі алдыңғы қатарлы әдістемелік жетістіктерге сүйене отырып, алғашқы оқулықтар жаза бастады.

    1860 жылдары халықтың сауатын ашуда араб әліпбиі тиімді ме, әлде орыс әліпбиі тиімді ме деген екі жақты пікірлердің болғандығы көрінеді. Сол кездері қазақтарда бала оқытып, сауат ашарлықтай ешбір оқулықтың болмауы араб әліпбиімен шыққан татар оқулықтарын қолдануға мәжбүр еткендігінен де хабардар етеді. Н.И. Ильминский қазақ балаларын оқытуға орыс әріптерімен жазылған қазақша оқулық жасау керектігін және балаларды сол оқулықпен оқытып, жазуда да орыс әрпін қолдануды ұсынғанмен, Ы. Алтынсарин оқулықты балалардың өз қазақ тілінде өздеріне таныс әріппен (бұл кезде қазаққа таныс әріп араб болатын) шығарса, бұл татарлардың оқулығындай сауат ашуда зор күшке айналарын айтады. Араб әліпбиін неғұрлым ыңғайлы деп ұғып, оларды сол әліпбимен басып шығаруды дұрыс деп ойлағанмен, ғалым оқулықтарын орыс әліпбиімен жазуға мәжбүр болды. Бұл жерде үкіметтің саясатынан әрі асып, өз ойлағанын іске асыру мүмкін емес еді.

    1861 жылы Н.И. Ильминский араб әліппесін қолданыстан шығаруды ұсынды. Мұның ізімен 1866 жылы академик В.В. Радлов «Түрік тайпаларының әдебиет нұсқалары» атты еңбегін басып шығарды. Ы. Алтынсарин де қазақтар үшін жазған оқулықтарын орыс әліпбиімен шығарды. Сол кездегі ғалымдардың арасында кирилл-қазақ әліпбиін жасауда көптеген пікірталастар болды.

    В.В. Григорьев пен А.В. Васильев орыс әліпбиіне тек ә, ө, ү секілді жіңішке дауысты дыбыстарды белгілейтін таңбаларды қосып, дауыссыздарға ерекше таңба қоспай-ақ қоюды ұсынды. Ал Н.И. Ильминский мен В.В. Радлов ә, ө, і, ү, ұ дауыстыларына ерекше таңба алумен қатар қ, ғ, ң дауыссыз дыбыстарына да таңбалар алу керектігін айтқан [8].

    Түркі тілдерін зерттеуші В.В. Радлов қазақ тілінің дыбыстық жүйесін біршама дұрыс анықтаған. Ол дауысты дыбыстар 9 (а, ә, е, о, ө, ы, і, ұ, ү), дауыссыздар 20 деген. Дауыстыларды ашық (а, ә, е, о, ө), қысаң (ы, і, ұ, ү), жуан (а, о, ұ, ы) жіңішке (ә, і, ү, е, ө) еріндік (о, ө, ұ, ү) езулік (а, ә, е, ы) деп жіктейді. Дауыссыздарды іштей қатаң (қ, к, п, т, ш, с), ұяң (ғ, г, д, б, з, ж), үнді (н, ң, м, р, л) аралық немесе жарты дауысты (й,у) деп бөлген [9]. й, у дыбыстарын «жарты дауысты» дыбыс деген В.В. Радловтың пікірін А. Байтұрсынов та қазақ әліпбиін араб негізінде лайықтағанда жалғастырған, одан кейін басқа зерттеушілер де айтқан.

    1938 жылы Қазақстан Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар Советі «Қазақ тілінің әліппесі мен емлесіне кейбір өзгерістер енгізу туралы» қаулы қабылдап, х, ф, в таңбалары енгізілді. Соның нәтижесінде дауыссыздардың саны 21, дауыстылар 11 болды [10].

    Ағартушы, педагог-ғалым Ы. Алтынсариннің Орынбордан 1864 жылы шыққан «Киргизская (казахская) хрестоматия», 1871 жылы шыққан «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» («Начальное руководство к обучению киргизов русскому языку») атты алғашқы оқулықтары миссионерлік кириллицамен басылған болатын [6], [7]. 1899 жылы «Қазақ хрестоматиясы» «Мақтубат» деген атпен қайта басылып шықты. Бұл оқулықтарда Ы.Алтынсарин орыс әліпбиінің жазу таңбалары мен орыс мектептерінің озық тәжірибесін батыл алып қолданса да, оқытуға, баланың сауатын ашуға жеңіл емес екенін, жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.

    Жалпы бастауыш оқу құралдары, хрестоматия сияқты кітаптар шын білім, пайдалы мәліметтер беретін ғылыми, күрделі оқу құралдарына жол салып беретіндігін, ал мұндай жалпы білім беретін оқулықтардың Азия халықтарының ешбірінде жоқтығы «жақын жердегі орыс тілінен іздеуге» мәжбүр етті. Бұл шығарылған оқулық сол кездегі көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына мағынасы жағынан да, әрпі жағынан да ұқсас болып орыс әрпімен бастырылды.

    Бұл оқулықтың маңызы туралы атақты ғалым-педагог А.С. Сытдықов былай деп жазған: «При составлении своей хрестоматии Алтынсарин умело и с большим педагогическим мастерством отобрал все лучшее из учебных книг того времени на русском языке, стремясь возможно шире удовлетворить интересы детей младшего возраста и воздействовать на развитие в них нравственных качеств сообразно своим воспитательным идеалом» [11].

    1940 жылдан бастап, орыс әліпбиіне көшіп, оның барлық әріптерін қабылдадық. Содан бері қазақ әліпбиінің құрамы тұрақтамай келеді. Бұл қазақ тіл біліміндегі шешілмей келе жатқан үлкен мәселе. Мектеп, арнаулы орта және жоғары оқу орындарының оқулықтарында қазақ дыбыстарын әр ғалымның өзінше қарастыруымен әрқалай түсіндіріп, солқылдақ білім беріп келеміз, бірізділік жоқ. Әсіресе, бастауыш сынып «Әліппе», «Қазақ тілі» оқулықтарында білімді алғаш бастаған оқушыларға қазақ тілінде 15 дауысты 25 дауыссыз дыбыс бар деп үйретіп, шатастырып келеміз. Дыбыстарымызды, әріптерімізді нақтылап алмай бірізділіктің болуы да екіталай [12].

    Балалар өмірі туралы әңгімелер түрлі орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан алынды. Оқулықта сонымен бірге мысалдар мен халық әдебиетінен, балалардың жақындарына жазған хаттарынан үзінділер келтірілді.

    «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мектепке келген баланың сауатын ашуға арналған әліппе емес, ол оқу мен жазуды меңгерген балалардың алған білімі мен дүниетанымын әрі қарай дамытуды көздейтін оқулық. Бұл оқулықтан кейін А.Е. Алекторовтың «К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-казахских школ» (1891), А.В. Васильевтің «Букварь для киргизских школ» (1912) сияқты әліппелері баспадан жарық көрді.

    Тағы бір ескеретін жай, Ы.Алтынсариннен кейін А. Байтұрсыновқа дейін бірнеше әліппелер басылып шыққан. Өкінішке орай, бұл әліппелер қолымызға түспегенмен сауат ашу әдістемесі тарихының бір қыры ретінде оларды атап кетуге болады: «Жазуға үйрететін кнеге», «Букварь для киргиз, казах» (1892, 1894, 1908 жылдары бірнеше рет қайта басылған), А.Е. Алекторов «К мудрости ступенька» атты еңбегінде «В этих школах совсем неприемлемы учебные книги известных наших педагогов Бунакова, Ушинского, Водовозова, Тихомирова и Корфа, материалы их обращается в совершенно неудобоваримую пищу там где учатся дети киргизов. Хорошо владеющие языкам их преподаватели, кое-как еще справляются своей задачей употребляя, при обучению чтению, русские буквари, но учителям незнающим киргизского языка, просто беда! Трудно им без знания этого языка, языка учеников своих совершенно непонимающих русской речи расшевелить и развивать органы слуха и произношения для восприятия чуждых им звуков», - дейді [13]. Мұнда қазақ дыбыстарының орыс дыбыстарына ұқсастарын береді де, тек қазақ тіліне ғана тән ң, і, ұ, ү, ө тәрізді дыбыстарды әліппенің соңына қояды. Екі тілде бірдей кездесетін ашық естілетін жуан дауыстылар мен созып айтуға келетін с, ш тәрізді дауыссыздар алдымен беріледі. Шұғыл дауыссыздар кейінге қалдырылады. Бұл әліппелер қазақ және орыс тілінде берілген екі бөлімнен тұратын оқулықтар еді. Бұлай ету себебі авторлар оқулықта әйгілі педагог К.Д. Ушинскийдің «басқа ұлт балалары орыс тілін саналы меңгеру үшін өзінің ана тілінде сауат ашуы қажет» деген қағидасын ұстанды. Бірақ қолданылған әріптер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін толық бере алмады, өйткені орыс әліпбиі қазақтың дыбыстарын дәл және толық жеткізе алмайтын еді. Бұл кездерде әлі қазақтың төл дыбыстарына таңба толық берілмеген болатын. Қазақ тілінің кейбір ерекше дыбыстарына 1940 жылдан бастап қана таңба берілген.

    Ғалым Т. Шонановтың «Бұған дейін біздің өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар әліппе жасай алмай, балаларды әліпби шартымен қағаз жүзінде оқытса, ал миссионерлер Васильев, Алекторов, Вожинский және басқалар қазақ әліппесін орыс транскрипциясымен берді» - деген пікірі бұл ойымызды нақтылай түседі [14].

    Қорыта келгенде, сол кезде оқу мәселесімен айналысқан Ы. Алтынсарин үкіметтің саясатын жүзеге асыруға мәжбүр бола отырып, қолынан келгенше қазақ халқын қараңғылықтан алып шығуды қоса ойлаған алғашқы педагог болды. Бұл саясаттың қазақ үшін маңызы ‒ Қазақстанда жаппай сауат ашуға жол ашқан бірден-бір түрткі болды. Ы. Алтынсариннің ағартушылық қызметін арттыра түсетін құнды жері де осы, оның зор еңбегі арқасында қазақ даласында жер-жерлерде мектептер ашыла бастады. Алғаш Торғай даласында қазақ балалары үшін мектеп ашылуын, алғашқы оқу кітабының шығуын қазақ халқының рухани дамуына есік ашылып, жаппай сауат ашуға жасалған бетбұрыс деп түсіну қажет. Осы тұрғыдан алғанда Ы. Алтынсариннің ағартушы-педагог ретінде алатын орны ерекше.
    Пайдаланылған әдебиеттер

    1 Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары. – Алматы, 1955. – 250 б.

    2 Ильминский B.Н. Материалы к изучению киргизского наречия. ‒ Казань, 1860.-120 с.

    3 Мелиоранский П.М. Краткая грамматика киргизского языка. 1894. – 140 с.

    4 Джунисбеков А. Проблемы тюркской словесной просодики и сингормонизма казахского языка. Афтореф. док. дисс. – Алматы, 1988. - С.- 6.

    5 Салқынбай А. Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. ‒ Алматы: Сөздік-Словарь, 2002. -301 б.

    6 Алтынсарин Ы. Киргизская (казахская) хрестоматия. ‒ Орынбор, 1864.-165 с.

    7 Алтынсарин Ы. Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы, 1871. -111 б.

    8 Дала уәлаяты // 1896. - № 97, 98.-55 б.

    9 Радлов В.В. Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы. – Лейпциг, 1882.-88 б.

    10 Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. –Алматы: Сөздік-Словарь, 1999. -200 б.

    11 Сытдықов А.С. Педагогические идея и просветительная деятельность Ы.Алтынсарина. – Алма-Ата: Учпедгиз, 1949. - С. 198.

    12 Досанова А.Ж. Қазақ әліпбиінің тарихы. – Астана, 2011.-56 б.

    13 Алекторов А.Е. К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-казахских школ. - Москва, 1891. – 23-55 с.

    14 Шонанұлы Т. Араб әліппесінің тарихы // Еңбекші қазақ. 1926. - №135.-42 б.
    Резюме

    В данной статье рассматривается вклад И. Алтынсарина в подготовку казахского алфавита и его роль как педагога-просветителя.
    Resume

    The authors of article discusse the contribution Altynsarin in the preparation of the Kazakh alphabet and -prosvetitelya role as a teacher.
    1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12


    написать администратору сайта