Главная страница
Навигация по странице:

  • Классификациясы.

  • АДЕНОФОРЕА КЛАСС ТАРМАҒЫ - ADENOPHOREA

  • 16 лекция

  • Балалар острицасы

  • Spirurida отряды

  • Зоология. 30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия. Лекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі


    Скачать 2.15 Mb.
    НазваниеЛекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі
    АнкорЗоология
    Дата21.10.2022
    Размер2.15 Mb.
    Формат файлаdoc
    Имя файла30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия.doc
    ТипЛекция
    #747356
    страница16 из 42
    1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   42

    Жыныс жүйесі түтік пішінді, дене қуысында орналасқан, аналығында жұп күйінде сақталса, аталығында түтіктерінің біреуі редукцияға ұшырап тақ болады.

    Аскарида аналықтарының жыныс мүшесі өте жіңішке, жіпше тәрізді, жұп жұмыртқа безінен басталады. Оның қабырғасы бір қабатты эпителий клеткаларынан, ортасында ерекше рахис деп аталатын кіндік желі немесе овоциттердің (жұмыртқалардың) өсу аймағы орналасқан. Рахистың төңірегінде жыныс клеткалары қалыптасады. Жұмыртқа безі біршама жуандау, екі жұмыртқа жолына ауысып, олар одан да жуан екі жатынға жалғасады. Екі жатын қосылып жіңішке қынапқа айналады да, ол дененің алдыңғы құрсақ жақ бөлімінде жыныс тесігімен аяқталады.

    Аталықтарының жыныс мүшесі аналықтарындай өте жіңішке, жіпше тәрізді тұқым (аталық) безінен басталады. Ол біршама жуандау аталық жолына ауысып, ұрық көпіршігіне жалғасады. Көпіршіктің артқы жағы жіңішкеріп жұқа бұлшықетті түтікшеге немесе тұқым шашқыш өзекке айналады да, ол артқы ішекке ашылады (аналь тесігінің алдында). Осы жерге ерекше жұп шағылысу қалтасы ашылады. Онда көбіне екі немесе одан да көп кутикулярлы ине немесе спикулалары орналасады. Спикуланың ұштары сыртқа шығып, шағылысу кезінде көмекші мүше ретінде қызмет атқарады.

    Көптеген нематодтарда спикулаларға қосымша копулятивті бурсалары дамиды. Олар құйрық бөлімінің екі бүйірінде орналасқан, кеңейген және қалыңдаған қанат түріндегі өсінділер. Бурса және спикулалары шағылысу кезінде аналығына бекіну ретінде қызмет атқарады. Сперматозоидтарының талшығы болмайды, Олар жалған аяқтары арқылы амеба тәрізді қозғалады. Жынысты жолмен көбейеді.

    Дамуы. Жұмыртқалар жатынның ішінде ұрықтанады. Нематодтардың көпшілігі жұмыртқа салады, сонымен қатар тірідей туатын түрлері де кездеседі (Trichinella туысынан). Тіршілік циклі қарапайым, ұрпақ алмасуы болмайды. Бірақ, кейбір түрлерінде, мысалы бақа өкпесінде паразиттік тіршілік ететін Rhabdias bufonis-тің дамуында гетерогония байқалады (екі түрлі ұрпақтың пайда болуы).

    Нематодтардың эмбриональды дамуына детерминативті бөлшектену, бөлшектенудегі жұмыртқаның билатеральды құрылысы және жыныс бастамасының ерте ерекшеленуі тән.

    Детерминативті бөлшектену екі бластомер кезеңінен басталады, яғни ұрықтанған жұмыртқа екі бластомерге бөлінеді: біріншісі соматикалық (мүшелік) S, екіншісі - жыныстық Р, (Бовери ұсынған система бойынша бластомераларды әріппен белгілейді). Ішіндегі ірісі S, эктобласт болып саналатын - эктодерманың түзіндісі, ал екіншісі Р, - жыныс бастамасы, сонымен қатар басқа да мүшелердің негізін қалаушы, яғни энтодерманың, мезодерманың түзіндісі. Екінші бластомер келесі бөлінулердің бірінде соматикалық бастамадан арылып, таза жыныс бастамасына айналады.

    Детерминацияға байланысты әрбір жеке мүшелер құрамындағы клеткалар саны тұрақты. Мысалы, Шенберг ұсақ нематоданың бір түрінде 68 бұлшықет, 200 нерв, 120 эпидермальды және 172 ішек клеткаларының санын анықтаған. Сол сияқты ірі түрлерінде де клетка тұрақтылығы сақталады. Мысалы, аскариданың нерв жүйесі 162 клеткадан құралған. Осыған байланысты нематодтар регенерациялық қабілетінен айрылған.

    Нематодтардың жұмыртқалары тығыз қабыршақпен қапталған. Жұмыртқадан сыртқы пішіні ересек формасына ұқсас личинка шығады. Личинка өсуі мен дамуында төрт рет түлейді, бұл кезде ескі кутикула тасталып, жаңасы түзіледі.

    Классификациясы. Нематодтардың систематикасы сезім мүшелерінің және зәр шығару жүйесінің ерекшелігіне негізделген. Нематодтар класы екі класс тармағына бөлінеді: аденофореа - Adenophorea және сецерненттер - Secernentea.

    АДЕНОФОРЕА КЛАСС ТАРМАҒЫ - ADENOPHOREA

    Бұлар теңіздерде, тұщы суларда, топырақта тіршілік ететін нематодтар. Кейбір түрлері өсімдіктердің, жануарлардың паразиттері.

    Тері сезу мүшелері - қылтаншалар, папиллалар түрінде. Папиллалар нашар дамыған. Қылтаншалар құрттың бүкіл дене бойында орналасқан. Амфидалары жақсы жетілген, ірі, жұмыр, спираль, қалта тәрізді. Паразитті түрлерінде олар дамымаған. Фазмидалары жоқ. Теңізде тіршілік ететін кейбір түрлерінде жарық сезгіш пигментгі дақтары (көзшелері) болады.

    Зәр шығару жүйесіндегі мойын безі шомбал типті, түтікшесі қысқа.

    Қосымша ретінде гиподермальды бүйір және терминальды құйрық бездері болады, соңғысынан бөлінген зат, суда қатып, құрттың субстратқа бекінуіне мүмкіндік жасайды. Бурсальды қанатшалары дамымаған. Көпшілігі бүкіл денесімен тыныс алады, кутикуласы жұмсақ, қорғаныш қабілеті нашар.

    Аденофореа класс тармағы екі отрядқа бөлінеді: хромадорида - Chromadorida және эноплида - Enoplida.

    Хрбмадоридалар өте ұсақ, еркін тіршілік ететін құрттар, теңіз түбіндегі органикалық тұнбасы мен топырақта (Plectidae тұқымдасынан) шіріген заттардың арасында жиі кездеседі.

    Эноплидалар - жыртқыштар, теңізде, тұщы суда, топырақта кең тараған. Аздаған түрлері (Mermitidae, Dioctophymidae, Trichocephalidae тұқымдасынан) насекомдардың, сүтқоректілердің, адамның паразиттері. Маңызды өкілдері: Dioctophyme renale - алып свайнигі, Trichocephalus trichiurus - түкбасты құрт, Trichinella spiralis - спиральды трихинелла.

    Dioctophyme renale - алып свайнигі - иттің, қасқырдың, түлкінің бүйрегінде паразиттік тіршілік етеді. Ұрықтанған жұмыртқалары иесінің бүйрегінен несеп заттары арқылы сыртқа шығарылады. Ары қарай даму үшін жұмыртқалар жауын құрттың (Lumbriculus variegatus) ішегіне түсуі қажет. Құрттың ішегінде жұмыртқадан шыққан личинкалар дене қуысына өтіп қан жүйесіне түседі де, бірнеше рет түлейді. Егер де, ит ішінде личинкасы бар жауын құртты жұтса, онда личинкалар иттің ішегін тесіп, дене қуысына одан бүйрегіне өтіп, ересек формасына айналады. Осылайша паразит иесін алмастыру жолымен дамиды.

    Trichocephalus trichiurus - түкбасты құрт (қылбас құрт) адамның соқыр ішегінде және тоқ ішегінде (өте сирек) паразиттік тіршілік етеді. Ақшылдау түсті, аталығының ұзындығы 30-40 мм, аналығының - 25-50 мм. Денесінің алдыңғы жағы қылдай жіп тәрізді жіңішкерген, онымен ол ішектің кілегейлі қабықшасында бұрғылап терең енеді . Сондықтан да оны ішектен шығару өте қиын.

    Жұмыртқалары тек қана сыртқы ортада, суда немесе ылғалды топырақта дамиды. Адамға жұмыртқалары су, жуылмаған көкөніс арқылы жұтудың нәтижесінде жұғады. Жұмыртқадан шыққан личинка ішектің қабықшасына бекініп, бір айдан соң ересек құртқа айналады. Ішек ісініп, ас қорыту жүйесінің қызметі бұзылады.

    Құрттар әлемде кеңінен таралған, кейбір жерлерде, мысалы, Орталық Италияда тұрғындардың бәрінде кездеседі.

    Trichinella spiralis - спиралъды трихинелла адамның қауіпті паразиті. Сонымен қатар шошқаның, егеуқұйрықтың және басқа да сүтқоректілердің паразиті. Аталығының ұзыңдығы 1,5 мм, аналығының - 4 мм. Ересек түрлері иесінің ішегінде, ал личинкалары солардың бұлшықеттерінде тіршілік етеді. Осыған сәйкес екі кезеңі байқалады: ішек трихинелласы және бұлшықет трихинелласы. Тіршілік циклінің барлық кезеңдері иесінің ішінде ғана өтеді, сыртқы ортаға шықпайды .

    Адамның трихинеллезбен зақымдануы шошқаның шала қуырылған (пісірілген) етін жегеннен болады. Шошқаның зақымдануы өлген егеуқұйрық тышқанның трихинеллалары бар етін жеуден, ал егеуқұйрықтылар трихинеллезбен ауырған егеуқұйрықты кеміру арқылы кеселге ұшырайды.

    Иесінің ішегіне түскен бұлшықет кезеңіндегі трихинеллалар өзінің капсуласынан босап, тез өсіп 2-3 күннен соң жыныстық дәрежесіне жетіп, ұрықтанады. Бұл ішек трихинеллалары. Аналығы өзінің екі ай тіршілік барысында 2000-ға жуық личинкаларын тірідей туады. Личинкалар ішек қабырғасын тесіп, лимфа және қан жүйесіне түседі де, қан тамырлары арқылы әр түрлі мүшелерге, әсіресе бұлшықеттерге тарайды. Осы мүшелерде өсіп, ақырында спираль тәрізді бүктетіліп, оның төңірегінде дәнекер тканінен құрылған капсула қалыптасады. Кейін капсуланың қабырғасына ізбест жиналып, ол ақ түсті болып тұрады. Бұл бүлшықет трихинеллалары. Осылайша, трихинелланың даму циклі иесінің ішінде ғана өтеді. Трихинеллез ауруын туғызады.

    Трихинеллезбен ауырған адамның беті ісіп, дене қызуы көтеріледі, денесі сыздап, ішегі, бұлшықеттері ауырады, өзін әлсіз сезінеді.

    Трихинеллезге қарсы профилактикалық шаралар ретінде шошқа етін үнемі тексеріп, трихинеллезді еттерді құрту, шошқаларды таза ұстау және оларға өлген кемірушіні жеп қоюға жол бермеу керек.

    16 лекция

    СЕЦЕРНЕНТТЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - SECERNENTEA

    1.Ascaridida отряды

    2.Балалар острицасы

    3.Spirurida отряды

    4.Паразиттер және олардың шығу тегі

    Топырақта, тұщы суларда шіріктік ортада кеңінен тараған нематодтар, сонымен қатар көптеген түрлері адамның, жануарлардың және өсімдіктердің паразитгері (шамамен 3000-ға жуық паразиттік түрлері белгілі).

    Тері сезу мүшелері - папиллалар түрінде және тек бас бөлімінде орналасқан. Амфидалары нашар жетілген, кішкене шұңқыр тәрізді. Фазмидалары жақсы дамыған, жұптасып құйрық бөлімінің екі бүйірінде жатады. Жарық сезгіш пигментті дақтары (фоторецепторлары) болмайды. Гиподермальды бүйір және терминальды құйрық бездері жоқ. Аталықтарында бурсальды қанатшалары жақсы дамыған. Зәр шығару жүйесіндегі мойын безі бұтақталған, екі немесе бір бүйір экскреторлы түтігі бар. Кутикуласы берік, қорғаныш қабілеті жақсы.

    Сецерненттер класс тармағы бірнеше отрядтарға бөлінеді, солардың ішінде ең маңызды отрядтары: Ascaridida, Rhabditida және Spirurida.

    Ascaridida отряды. Адамның және сүткоректілердің ішегінде паразиттік тіршілік ететін түрлер жатады: адам аскаридасы - Ascaris lumbricoides, жылқы аскаридасы - Parascaris equorum, шошқа аскаридасы - Ascaris suum т.б. Туғызатын аурулары - аскаридоз.

    Адам аскаридасы бүкіл әлемде кең тараған және ең зиянды құрттардың бірі. Аналығының ұзындығы 20-40 см, аталығы - 15-25 см. Ересек түрлері адамның ащы ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Ұрықтанған жұмыртқалар нәжіс арқылы ішектен сыртқа шығарылып, суға, топыраққа түседі. Жұмыртқалар тығыз қабықшамен қапталынған, сондықтан ортаның әр түрлі қолайсыз жағдайларына өте берік, төзімді. Тіпті олар 2-4% улы калий немесе натрий ерітіндісінде бір ай уақыт, ал формалиннің ерітіндісінде 4-5 жылға дейін тірі болған. Бұның бәрі аскарида үшін, паразиттік тіршілік етуіне байланысты, маңызды биологиялық мәні бар.

    Аскарида жұмыртқалары сыртқы ортаның оттегісі мол, қолайлы температурада (28-33°С) ғана дамиды. Осы жағдайлар болса олар 10-15 күннің ішінде дамып жетіледі де инвазиялық (жұқтыру) сатысына ауысады, яғни иесінің (адамның) денесінде ары қарай дами беруге қабілетті.

    Адамға аскариданың жұмыртқасы лас суды ішкенде немесе көкөністі жумай жегенде жұғады. Адам аузына түскен инвазиялық жұмыртқа ішекке өтеді. Алдымен ішектегі сөлдердің әсерінен жұтылған жұмыртқаның қабығы бұзылады да, одан дамып, қалыптасып тұрған личинка шығады. Личинка сол жерде қалып, өсіп, дамуының орнына, енді бүкіл организмді шарлауын бастайды. Бұл микроскопиялық майда личинкалар ішек қабырғасын бұрғылап қан тамырларына түседі. Қанның ағысымен олар бауырға, бүйрекке, содан жүрекке, соңынан өкпеге келіп тоқтайды. Бұл кезде олардың ұзындығы 1 мм шамасында болады. Өкпеде личинкалар қан тамырларын тастап, альвеолдарға, бронхыларға, одан тыныс жолына түсіп, ауызға қарай жылжиды. Осы уақытта личинкалар тамақты (тыныс жолын) жыбырлатып, адамның жөтелу кезінде ауызға тез түседі. Ауыздан сілекей мен ас арқылы личинкалар ішекке келіп, өзінің дамуын аяқтайды. Дайын аспен қоректене отырып, тез өседі де, ересек формасына жетеді. Ас­карида личинкасының миграциялық даму циклі иесінің денесінде үш айға созылады.

    Аскаридозбен ауырған адамның тағамға тәбеті тартпай, іші ауырып, температурасы жиі көтеріледі, жүрек соғу ритмі бұзылып, уланудың белгілері байқалады. Оның себебі - құрттардың ішек қуысына ерекше улы заттар - токсиндер бөліп шығаруында. Балаларда аскаридалар ішектен өте тез жоғары көтеріліп жұтқыншаққа, одан ауыз немесе мұрын қуысы арқылы сыртқа шығады. Осы уақытта баланың тұншығу қауіпі туады. Аскариданың личинкалары миграциялар жасау арқылы бактериялардың ішкі мүшелерге енуіне жол ашады және өкпе қабырғаларын зақымдайды. Ересек түрлері ішектің сілекей қабатына тіркеліп, қадалып немесе ішектің ішінде үнемі қозғалып жүруіне байланысты ішекке үлкен зардап келтіреді.

    Аскаридоз ауруына қарсы әр түрлі дәрі-дәрмектермен қатар профилактикалық алдын алу шараларын бұлжытпай орындау, тұрғын-жайды таза ұстау, ал адамдарға гигиенаны сақтау керек, себебі аскарида жұмыртқалары көп жағдайда киіммен бірге егіндік тыңайтқышына түседі, сол кезде жуылмаған көкөніс арқылы жұмыртқаларын жұтуымыз мүмкін. Сонымен бірге, аскариданың жұмыртқаларын шыбындар, тарақандар тасуы ықтимал. Ластанған топырақпен ойнаған балалар қолын ауызына апарып, немесе жуылмаған қолымен тамақтанады да, құрт жұмыртқаларын жұқтырады. Топырақтағы жұмыртқалар су ағысымен өзенге түседі, сол суды қайнатпай ішкен адам ауырады.

    Аскаридалар кең тараған паразиттер. Кейбір елдердің тұрғындарының тұрмыстық жағдайына тікелей байланысты олар өте жиі кездеседі. Мысалы, Жапония тұрғындарының аскаридозбен 100% зақымданғаны белгілі, себебі сол елде адам нәжісі егіндіктерге тыңайтқыш ретінде шашылады.

    Rhabditida отряды. Қең тараған нематодтар, көп түрлері топырақта, тұщы суларда, өсімдік пен жануарлардың денесінде тіршілік етеді. Rhabditida отрядына көптеген тұқымдастары жатады, солардың ішінде адамға, жануарларға және өсімдіктерге аса зиян келтіретін негізгі тұқымдастарының өкілдерін қарастырамыз: Oxyuridae тұқымдасының өкілі балалар острицасы - Enterobius vermicularis; Strongyloididae-ның өкілі ішек угрицасы - Strongyloides stercoralis; Ankylostomidae тұқымдасының өкілі - он екі елі ішектің свайнигі - Ankylostoma duodenale; Tylenchidae тұқымдасының өкілдері насекомдардың паразиті (түкті араның) -Sphaerularia bombi және өсімдіктердің паразит нематодтары, бұзғынша (галла) нематодасы - Meloidogyne incognita, қызылша - Heterodera schachtii, бидай -Anguina tritici, картоп сабақ нематодасы - Ditylenchus destructor.

    Балалар острицасы - Enterobius vermicularis адамның, көбінесе балалардың тоқ және ащы ішегінде тіршілік етеді. Аталығының ұзындығы 2-5 мм, денесінің артқы ұшы спираль тәрізді оратылған, аналығының - 9-12мм, артқы ұшы біз тәрізді сүйірленген. Ұрықтанған аналық острица иесінің аналь тесігіне өтіп, оның қыртыс аралығына жұмыртқаларын салады. Осы уақытта құрттар белсенді қозғалып, аналь тесігін жыбырлатып қышытады. Балалар оны қолымен қасыса, кейін жұмыртқаларын аузы арқылы қайтадан жұтуы мүмкін. Жұмыртқалар сыртқа шығарылып адамға су арқылы, қолын жумай тамақ ішкенде жұғады. Ішекке түскен инвазиялық жұмыртқадан личинка шығып, осы жерде өсіп, ересек түріне айналады.

    Острицадан болған ауру энтеробиоз деп аталады. Острицалар ішектің сілекейлі қабатын, сондай-ақ соқыр ішекті қабындырып, соқыр ішек ауруына себепші болады. Энтеробиозға қарсы профилактикалық шараларды орындау - денені таза ұстау, гигиенаны сақтау қажет.

    Ішек угрицасы - Strongyloides stercoralis адамның он екі елі ішегінде және ащы ішекте паразиттік тіршілік етеді. Дамуында екі ұрпағы болады: біреуі паразиттік немесе ішектік; екіншісі - еркін тіршілік етуші немесе топырақтық. Ішектің ішінде гермафродита формасы дамиды. Ұрықтанған жұмыртқалар нәжіс арқылы сыртқа шығарылып, топыраққа түседі. Жұмыртқалардан екі типті личинкалар дамиды: бірқатары топырақ арасында еркін тіршілік етіп, ересек күйге айналмай, бірнеше рет түлейді де су арқылы немесе тері арқылы адамның ішегіне өтіп гермафродитті құртқа айналады; қалғандары топырақ арасында еркін тіршілік етіп, кейін аталық және аналық ересек формасына айналады да, ұрықтанып личинкаларын тірідей туады. Осы личинкалар су немесе тері арқылы адамның ішегіне өтіп гермафродитті құртқа айналады. Осылайша гетерогония процесі байқалады.

    Он екі елі ішектің свайнигі - Ankylostoma duodenale адамның он екі елі және ащы ішектің ішінде паразитгік тіршілік етеді. Көбінесе тропикалық, субтропикалық елдерде және Оңтүстік Еуропада кездесіп, адамды анемия немесе қаны аз ауруына шалдықтырады, өлімге душар етуі мүмкін. Бұл кішкене қызғылт түсті құрт, ұзындығы 10-18 мм. Ауыз қуысындағы хитинді тістерімен ішектің сілекейлі қабырғасына жабысып, ішектегі эпителий клеткаларымен қоректенеді және қан сорады. Сонымен қатар бұл паразит зиянды токсиндер бөліп шығарады .

    Жұмыртқасы нәжіспен бірге сыртқа шығарылып, дымқыл жерде немесе суда дамиды. Жұмыртқадан бір немесе бірнеше күннен соң личинка шығады, ол екі рет түлейді де, инвазиялық сатысына айналады. Адамға жұғу жолы күрделі, алдымен личинка адам терісін бұрғылап тесіп қанға өтеді, қан арқылы өкпеге, одан тыныс жолы арқылы ауыз қуысына, жұтылғаннан соң ащы ішекте тоқтайды.

    Анкилостомоз ауруы көбіне жер қазу жұмыстарымен (шахтада, туннель бұрғылауда) айналысқан жағдайларда байқалады. ТМД-да анкилостомоз Закавказьеде, сирек те болса Орта Азияда кездеседі.

    Sphaerularia bombi - түкті араның паразиті. Ересек түрлері топырақта тіршілік етеді. Ұрықтанған аналығы түкті араның дене қуысына еніп, содан кейін паразиттің жыныс тесігінен жатыны айналып шығады да, кеңейіп, жұмыртқаларға толады. Жұмыртқалардан дамыған личинкалар, араның денесін тесіп, сыртқа топыраққа түседі де ересек түрлеріне айналады.

    Tylenchidae тұқымдасының көптеген түрлері ауылшаруашылық өсімдіктердің елеулі зиянкестері болып фитонематодтар (фитогельминттер) тобын құрайды. Олар өсімдіктердің әр түрлі мүшелерін жарақаттап зақым келтіреді.

    Бұзғынша (галла) нематодасы - Meloidogyne incognita көп қоректі зиянкестер, олар бақша және көкөніс, сонымен қатар жеміс-жидек және техникалық дақылдардың тамырларын қатты зақымдайтын паразиттер. Құрттардың жыныстық диморфизмі ерекше. Аталықтары жіп тәрізді, жіңішке, ұзындығы 1,2-1,8 мм, аналықтары алмұрт немесе құмыра тәрізді, ұзындығы 0,8-1,0 мм.

    Топырақ арасына түскен личинкалар өсімдіктердің тамырына өтеді. Осы жерде олар тамырдың шырынымен қоректеніп, төрт рет түлеп, өседі. Личинкалардың келтірген зардабынан (шығарған ферменттерінің әсерінен) өсімдіктің тамыр тканьдері, қалыптан тыс ұлғайып өсіп, тамырларының үстінде бұзғынша (галла) деп аталатын көптеген ісіктер пайда болады. Бұл ісіктер біртіндеп үлкейе береді. Алғашқы кезде олар қатты, кейіннен көпсіп, шіріп жұмсарады. Осы бұзғыншаның ішінде личинкалар өсіп ересек түріне айналады. Аналықтары жұмыртқасын арнайы бездердің бөлінуінен пайда болған оотека деп аталатын жұмыртқа қапшығына салады. Дамыған личинкалар оотекадан шығып, шіріген бұзғыншаны тастап, топыраққа немесе басқа өсімдіктердің тамырына өтеді.

    Бұзғынша нематодасымен зақымданған өсімдіктер өспей, ерте солып қалады. Оларға қарсы әрекеттердің бастысы - ауруға төзімді сорттарды таңдап алу, арам шөптерді құрту, топыраққа нематоцид препараттарын шашу, жабық жайлар (парник) топырақтарының температурасын жоғары көтеру.

    Қызылша нематодасы - Heterodera schachtii көкөністік, мал азықтық, техникалық және қант қызылшасының тамырын зақымдайтын паразит.

    Қызылша нематодасы, бұзғынша (галла) нематодасы сияқты жыныстық диморфизмімен ерекшеленеді. Аталықтары жіп тәрізді, жіңішке, ұзындығы 1,0-1,2 мм, аналықтары лимон тәрізді, ұзындығы 0,8-1,3 мм.

    Топырақ арасына түскен личинкалар қызылша тамырының түбіршіктеріне өтеді. Осы жерде личинкалар қоректеніп, бірнеше peт түлеп, өсіп, ересек түріне айналып, ұрықтанады. Жұмыртқалары сыртқа шығарылмай аналығының ішінде дамиды. Сондықтан денесі үлкейіп, кутикуласы қалыңдап, қоңыр түсті, лимон тәрізді цистаға айналады. Дамыған личинкалар цистаны тастап, топыраққа түсіп, басқа қызылша тамырларына өтеді.

    Зақымданған қызылшаның жапырақтары солып, сарғайып қурайды, тамыр - жемісінің құрамындағы қанттық проценті азайып және өнімділігі төмендейді.

    Құрттар, қызылша өсірілетін аудандарда кең тараған. Қазақстан үшін карантин объектісі. Қызылша нематодасына қарсы бағытталған агротехникалық шараларды дұрыс қолдану қажет.

    Бидай нематодасы - Anguina tritica, бидай және басқа да астық тұқымдастар дақылдарының кең таралған зиянкестерінің бірі және фитонематодтар ішіндегі ең ірісі. Аналығының ұзындығы 5 мм, көлденеңі 0,2 мм.

    Топырақ арасына түскен личинкалар бидайдың сабағына өрмелеп, бидай жапырағының қолтығына шоғырланып, кейін бидай жас масақ тарта бастағанда гүл түйініне өтеді. Сол жерде, личинкалардың паразиттік тіршілік әрекетіне байланысты, өсімдік клеткаларынан бұзғыншалар (галла) түзіледі. Бұзғыншаның ішінде личинкалар өсімдік шырынымен қоректеніп, өсіп ересек түріне айналады да, ұрықтанып, жұмыртқа салады (15000-17000-ға жуық). Жұмыртқалардан шыққан личинкалар бірнеше рет түлеп, инвазиялық сатысына ауысады. Құрғап кеткен бұзғыншаның ішінде бұлардың тіршілік уақыты анабиоз күйінде өтеді және осы жағдайда 20 жылға дейін өлмей өмір сүре алады.

    Бұзғыншалар бидай тұқымымен бірге жерге себіледі де, оның ішінен личинкалар шығып, топырақ арасына таралады. Топырақ арасына түскен личинкалар басқа өсімдіктерге өтіп дамуын қайталайды. Сондықтан бидайды себу алдында оның тұқымдарын мұқият тазалау қажет.

    Нематодамен зақымданған өсімдіктің негізгі белгісі: бидайдың сабағы өспей, жапырақтары бүрісіп қалады және көптеген бұзғыншалар (галла) пайда болады. Бүзғыншалар пішіні және үлкендігі жағынан бидайдың сау дәндеріне ұқсас, бірақ түсі қоңыр және үсті бұдыр-бұдыр болады .

    ТМД елдерінде Қырым, Кавказ, Балтық теңізі жағалауларында, Украинада және Орта Азия республикаларында кездеседі.

    Картоп сабақ нематодасы - Ditylenchys destructor картоп түйнегінің паразиті. Картоп өсірілетін аудандарда кең таралған. Денесі жіп тәрізді, жіңішке, ұзындығы 1 мм-ге жуық, ұдайы қозғалып жүретін құрт. Олардың өсіп дамуы картоп түйнегінің ішінде өтеді, сондықтан түйнек біртіндеп құрғақ шірік тәрізді болып бұзылады. Әсіресе, картоп өнімін қоймада сақтау кезінде қозады, картоп түйнектерінің бәрін шірітіп жіберуі мүмкін.

    Паразиттердің басқа картопқа өтуі зақымдалған картопты отырғызғаннан болады, сондай-ақ құрттар топырақ арқылы да таралады. Олар өсімдік жаңа өсіп келе жатқан кезде тамырына, кейіннен түйнектеріне өтеді.

    Бұлармен күресудің басты шарты - картопты қоймаға сақтау алдында қойманы дезинфекциялап, картопты мұқият сұрыптап, 4-5°С-дан аспайтын температурада сақтау керек (нематоданың дамуының ең қолайлы температурасы 20-25°С), Картопты отырғызғанда да зақымдалмаған түйнектерді іріктеп алу және картоптың ауруға төзімді сорттарын отырғызу қажет.

    Spirurida отряды. Өкілдері тропикалық, субтропикалық елдерде кең тараған, адамның және жануарлардың қауіпті паразиттері. Маңызды өкілдері Filariidae тұқымдасынан: ришта - Dracunculus medinensis; Банкрофт жіпшесі - Wuchereria bancrofti.

    Ришта - Dracunculus medinensis ақшыл түсті, жіп тәрізді, жіңішке құрт, аналығының ұзындығы 32-100 см, аталығы - 2 см . Риштаның дамуы иесін алмастыру жолымен өтеді. Ересек түрлері адамның терісінің астындағы дәнекер тканінде тіршілік етіп, денені іріңдетіп (ойық жара) жарақаттайды. Іріңнің ішінде аналығы шумақталып, бүктетіліп жатады. Ауызы ашылған жарадан, іріңмен бірге личинкалар сыртқа шығып тұрады. Ары қарай дамуы үшін личинкалар суға түсіп, аралық иесі циклоптың (шаянтәрізділер) денесіне түседі. Циклоптың ішек қабырғасын тесіп, дене қуысында микрофилярия деп аталатын келесі личинка сатысына айналады. Егер де, адам сумен бірге циклопты жұтса, онда микрофилярия адамның ішегін тесіп, қан тамырлары арқылы тері астының дәнекер тканіне еніп, сол жерде мекендеп ересек формасына айналады.

    Ришта қоздыратын аурулары дракункулез деп аталады. Бұл ауру Африка елдерінде, Үндістанда, Иранда, Қызыл теңізі және Ніл жағалауларында, сондай-ақ Орта Азияда таралған. Ауру адам іріңдеп жарақаттанған аяғын, қолын сумен жуу арқылы личинкаларды суға ағызып, олардың кең таралуына себепкер болады.

    Риштаға қарсы бағытталған комплексті және жоспарлы шараларды мұқият қолданғанның нәтижесінде дракункулез ауруы ТМД-да түгелімен жойылды. Адам, жануарлар және өсімдіктердің гельминтоздық ауруларының қоздырғыштарын жоюға бағытталған белсенді шараларды девастация деп атайды. Атақты гельминтолог К. И. Скрябин осы салада көптеген ғылыми еңбектерді жазған.
    1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   42


    написать администратору сайта