Зоология. 30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия. Лекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі
Скачать 2.15 Mb.
|
Зәр шығару жүйесі протонефридиялы: негізгі экскреторлы түтіктер денесінің алдыңғы бөлімінде екі зәр шығару саңылауларымен аяқталады. Нерв жүйесі ортогон типті: ми ганглиясынан өзара көлденең сақина өсінділермен байланысқан, үш жұп ұзына бойы бағаналар басталады. Дененің алдыңғы бөлімінде бір-екі жұп инвертирленген көздері болғанның өзінде де, сезім мүшелері нашар дамыған. Жыныс жүйесі - гермафродитті. Бір немесе көптеген аталық тұқым бездері мен жалғыз жұмыртқа безі болады. Сарыуыз бездері жақсы дамыған. Сперматозоидтар шағылысу нәтижесінде қынап арқылы оотипке түседі, ал жұмыртқа клеткалары оотипке үздіксіз түсіп тұрады. Құрттың алдыңғы үштен бір бөлігінде жыныс тесігі орналасады, оған жатынның соңғы бөлімі мен хитинді ине-ілмешектерімен қаруланған аталық шағылыс мүшесінің шеткі бөлімі ашылады. Көбеюі және дамуы. Моногенетикалық сорғыштардың тіршілік циклі иесін және ұрпағын алмастырусыз өтеді. Кластың аталуы да осыдан. Мысал ретінде, тұқы /карп/ балықтардың паразиті - Dactylogyrus vastor-ды алайық. Бұл ұзындығы 1-3 мм, балықтардың желбезектерінде тіршілік етіп, сол жерде қысқа аяқшасы бар жұмыртқаларын салады. Жұмыртқада ұрық дамиды, дамыған соң жұмыртқаны тастап, еркін жүзетін личинкаға айналады. Личинканың алдыңғы бөлімінде екі жұп көзшелері болады, денесі кірпікшелердің бірнеше кең буынды белдеуімен жабылған. Денесінің артқы жағында кейіннен бекіну мүшесіне айналатын эмбриональды ілмешектері болады. Осындай ілмешектері бар артқы бөлімді - церкомер деп атайды. Личинка сол бастапқы балықты немесе басқа особьты зақымдайды. Моногенейдің басқа өкілі - бақа көпезуінің Polystoma integerrimum-ның тіршілік циклі басқаша. Ол жыныстық жүйесі жетілген сатысында бақаның қуығында өмір сүреді. Көктемде бақалар суға шағылысуға түскенде, Polystoma-ның да жыныстық көбеюі басталады. Құрттар бақаның клоака тесігінен сыртқа шығып, суға ұрықтанған жұмыртқаларын салады. Жұмыртқадан он алты ұсақ ілмегі бар личинка шығады. Личинка итбалықтың желбезегіне бекігенше суда кірпікшелері арқылы еркін жүзіп жүреді, егер иесі табылмаса, личинка өледі. Бекінген соң кірпікшелі жамылғысы түседі, денесінің артқы бөлімінде екі ілмешегі дамып, сорғыштардың түзілуі басталады. Личинка ересек құртқа айналып, жұмыртқа салады. Жұмырткалардан личинкалардың екінші ұрпағы шығады, сол кезде итбалықтың желбезектері жабылып бақаға айнала бастайды, ал полистома личинкалары өлмей, бақа денесінің сыртқы беті арқылы клоакаға миграция жасайды да сол жерден қуыққа өтіп, үш жылдан соң (бақамен қатар) жынысты сатыға жетеді. Polystoma-ның дамуындағы - паразиттің тіршілігі мен кезеңі иесінің тіршілігі және кезеңдерімен тығыз байланысы байқалады. Паразиттің бүкіл тіршілік циклінде эктопаразиттіктен эндопаразиттікке айналу жағдайлары байқалады. Соңында тағы бір моногенетикалық сорғыш - Gyrodactylus туысына тоқталайық. Өкілдері тірі туатындығымен қызықты. Құрттың жатынында партено-генетикалық жолмен жалғыз ұрық дамиды, осы ұрық туылғанға дейін келесі екінші, үшінші "жас ұрпақтың" ұрығы денесінде түзіледі, соңғысында одан да кіші төртінші ұрпақтың ұрығы пайда болады. Моногенетикалық сорғыштар - гермафродиттер. Қос жыныстылықтың нәтижесінде олар өзін-өзі ұрықтандырып тұрады. Кейбір түрлерінде гермафродитті жыныс жүйесі болса да, оларда өзін-өзі ұрықтандыруды болдырмайтын әдейі бейімділіктері қалыптасқан. Бұндай бейімділігі бар құрт - Diplozoon paradoxum тұқы балықтардың желбезектерінде тіршілік етед. Паразит әуелде жалғыз тіршілік етсе, кейін екі құрт құрсақ жағындағы ұзын сорғыштарымен бір-бірінің арқа төмпешіктерін орап алып, жұптасып алады. Екі паразит осы қалпында өсіп, бүкіл өмір бойы жұптасып қалады. Жас Diplozoon баска особьпен кездессе ғана ары қарай дами алады. Олар біреуінің аналық жыныс жолдары екіншісінің аталық жыныс жолдарына ашылатындай болып, яғни екі жақты крест тәрізденіп жалғасады. Осының арқасында айқаспалы ұрықтану әдісі жүзеге асады. Моногенейлердің классификациясы олардың бекіну аппаратының құрылысына негізделген. Қазіргі уақытта Monogenoidea 9 отряд түзетін екі класс тармағына бөлінеді. ТӨМЕНГІ САТЫДАҒЫ МОНОГЕНЕЙЛЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - POLYONCHOINEA Бұл класс тармағына бекіну дискісінде жақсы дамыған, ілмешектермен қаруланған, бір немесе көптеген сорғыштары бар моногеней өкілдері жатады. Личинкаларының көзі жақсы дамыған және бекіну дискісінде 14-16 кішкене шеткі ілмешектері бар. Класс тармағының өкілдері - теңіз және тұщы су балықтарының паразиттері - солардың ауруы мен өлімінің себепкерлері. Мысалы, Еділ /Волга/ өзенінің бекіре тұқымдас балықтарының желбезектерінде Nitzchia sturions тіршілік етеді. Қортпаны /қызыл балық/Аралға акклиматизациялағанда /жерсіндіргенде/ кездейсоқ әкелінген моногенетикалық сорғыш Nitzchia sturions жергілікті бекіре тұқымдастардың арасында ауру туғызып, олардың күрт азаюына әкеп соқты. Тұщы су балықтарының желбезектерінде тіршілік ететін Dactylogyridae тұқымдасының көптеген өкілдері тәжірибелік маңызды орын алады. Мысалы, тұқы балықтардың жас особьтарының біреуінде әрқайсысы 1-3 мм-дей 500 ұсақ Dactylogyrus паразиті табылған. Олар иесінің эпителиімен немесе қанымен қоректене отырып, бұл балықтардың жаппай қырылуына әкеп соқты. Балықтардың қауіпті паразиттерінің бірінде тірі туу қасиеті бар. Бұларға Gyrodactylidae тұқымдасының өкілдері жатады. Олардың бекіну дискісі орталық ілмектердің жұбымен және 16 ұсақ шеткі ілмектерімен қаруланған. Polystomatidae тұқымдасының өкілдері - амфибиялар мен бауырымен жорғалаушылардың паразиттері. Кейбір паразиттер, мысалы, бақа көпезуі эндопаразитке айналған. Олар ірі денесімен, тарамдалған ішектерімен және көптеген аталық тұқым таратқыштарымен сипатталады. Бекіну дискісінің 6 бұлшықетті сорғышы болады. ЖОҒАРҒЫ САТЫДАҒЫ МОНОГЕНЕЙЛЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ -OLYGONCHOINEA Бұлар - балықтардың паразиттері. Ең негізгі ерекшелігі - арнайы бекіну мүшелері - қақпанның қозғалысындай жабылатын қақпақтарының болуы. Қақпақтарының болуы арқасында ілмешектері негізгі бекіну қызметін жоғалтады, ересектерінде кейде болмауы да мүмкін. Личинкаларында 10 шеткі ілмектері болады. Бұл класс тармағына жоғарыда қарастырылған - Diplozoon paradoxum жатады. 13 лекция ТАСПА ҚҰРТТАР КЛАСЫ – CESTODA 1.Құрылысы мен физиологиясы 2. Жыныс жүйесі 3. Дамуы 4. Классификациясы 5.Жалпақ құрттар (plathelminthes) типінің филогениясы Таспа құрттар класының өкілдері сорғыштар мен моногенетикалық құрттарға қарағанда паразиттік тіршілікке толығырақ бейімделген. Бұлар тек қана эндопаразиттік өмір сүреді, жұмыртқалары өте аз уақыт сыртқы ортада бола алады, ересек кезінде әр түрлі омыртқалы жануарлардың, адамның ішегінде тіршілік етсе, личинкалары омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың ішкі мүшелерінде және дене қуысында тіршілік етеді. Түрлері 3000-нан астам. Таспа құрттар жұқтыратын ауруларды цестодоз деп атайды. Құрылысы мен физиологиясы. Денесі барынша созылыңқы, арқа-құрсақ бағытында жалпайып келген, лента тәрізді, ұзындығы 1 мм-ден 10-15 м-ге дейін. Көбіне денелері проглоттидтер деп аталатын жеке буындардан тұрады, ал проглоттидтердің тізбегі стробила делінеді. Кейбір түрлерінің денесі тұтас бөлінбеген. Денесінің алдыңғы ұшында сколекс (scolex) деп аталатын басы болады, одан бөлшектенбеген мойыны және бір қатар буындар (проглоттидтер) тіркесіп созылып жатады. Олардың саны 2-4-тен бірнеше мыңға жетеді. Буындардың немесе проглоттидтердің пішіні мойынынан қашықтаған сайын өзгере береді. Алдыңғы буындары қысқа, гермафродитті немесе пісіп жетілмеген буындар деп аталады, артқы жағындағы буындары ұзынырақ, жалпақтау - пісіп жетілген (ұрықтанған жұмырткаларға толы) буындар. Олар құрттың денесінен үзіліп нәжіспен бірге сыртқа шығарылып тұрады, ал үзілген буынның орнына келесі буындар жетіледі, себебі мойын бөлімінен үздіксіз жаңа буындар түзіліп, олар артқа қарай ығысып, пісіп жетіліп тұрады. Басы немесе сколекс домалақ, сүйір, жалпақ пішінді болып келеді. Басы қадалып, жабысатын мүшелерімен қаруланған, олар: бұлшықеттері бар сорғыштар; ботридиялар - ерекше үзын қысқыш аппараты; ботрия немесе сорып қадалатын саңылау; тіркелгіш шұңқырлар; ілмешектер; имекқармақшалар; тістер, т.б. Таспа құрттардың тері жабындысы трематодтар мен моногенеяларға ұқсас болады, тек тегументгің сыртқы ядросыз цитоплазмалық қабатының бетіңде көптеген кірпікшелі өсінділері бар. Кірпікшелі өсінділер - микротрихиялар деп аталады, өте сақ, тек электронды микроскоп арқылы көрінеді, құрттың коректенуінде маңызды қызмет атқарады. Базальды мембранасының астында бұлшықет талшықтарының шумағынан құрылған тері-бұлшықет қабы жатады. Оның ішінде сақина тәрізді және ұзына бойы созылған бұлшықеттер қабаты, сонымен қатар арқа-құрсақ (дорзо-вентральді) бұлшықеттері де орналасқан. Құрттар бұлшықеттерін жиырып қозғалады. Таспа құрттардың паренхимасында едәуір көлемде гликогеннің жиынтығы және шашыранды түрде орналасқан көмірқышқылды ізбест денешіктері болады. Гликогеннің болуы, құрттардың анаэробты тыныс алатын жағдайда тіршілікке қажет энергияны бөлетіндігіне байланысты. Ал өте ұсақ ізбесті денешіктердің құрылысы және атқаратын қызметі толық анықталмаған, бірақ оларды экскретті (зат алмасу процесіндегі соңғы, организмге қажеті жоқ өнімдер) денешіктер деп қарастырып, буферлік жүйенің қызметін атқарып, құрттарды қышқыл ортаның зиянды әсерінен сақтайды деген болжамдар бар. Таспа құрттардың тағы бір ерекшелігі - ас қорыту жүйесі толығымен жойылған. Иесінің ортаңғы ішегінде паразиттік тіршілік етуіне байланысты, қорытылған қоректік сұйық заттың ішінде батып жатады. Осы қорытылған қоректік затты паразиттер сыртқы ядросыз цитоплазмалық қабатының бетінде орналаскан көптеген кірпікшелі өсінділер - микротрихиялар арқылы сіңіреді. Зәр шығару жүйесі - протонефридиялы. Денесінің бүйірі жағынан ұзына бойына созылған екі негізгі зәр шығару түтіктері өтеді. Түтік дененің артқы жақ шетінен басталып алдыңғы жаққа қарай бағытталады. Бас бөлімге жеткен түтік қайта кері бағытта артқа қарай жетіп, зәр шығару саңылауымен аяқталады. Кері бағытталған екі түтік денесінің соңында бірігіп, жиырылғыш қуықпен аяқталады. Денесі буындалған құрттарда бүйірлік ұзына бойына созылған зәр шығару түтіктері әрбір буында көлденең түтікпен байланысьш, сатылы түрде болады. Соңғы буындардың үзіліп түсуінің нәтижесіңде жиырылғыш қуығы жоқ, бүйірлік түтіктер тікелей сыртқа қарай ашылады. Зәр шығару жүйесіндегі бүйірлі түтіктерден дене ішіне (паренхимаға) қарай көптеген түтікшелер тарап, олар бос ұшында жұлдыз тәрізді "кірпікше жалынды" терминальды клеткалармен аяқталады. Терминальды клетклар арқылы жиналған несеп заттар түтікшелерге өтіп, негізгі түтіктер арқылы сыртқа шығарылады. Қан айналу және тыныс алу жүйесі болмайды. Анаэробты жолымен тыныс алады. Нерв жүйесі, сезім мүшелері нашар дамыған. Орталық жүйке жүйесі жұп ми түйінінен тұрады. Бұл екі түйін бас бөлімінде орналасып, өзінен артқа қарай бірнеше жұп нерв бағаналарын таратады. Бағаналар өзара көлденең байланысып, ортогонды нерв жүйесін құрайды. Ерекше дамыған екі бағана дененің бүйірінен өтіп, өзінен көптеген тармақтарды бөледі, олар өзара тұтасып тері асты нерв қабатын түзеді. Сезім мүшелері денесінің беткі жағында сезу клеткалары түрінде шашырап таралған. Көп мелшерде олар бас бөлімінде (сколексте) кездеседі. Жыныс жүйесі гермафродитті, құрылысы жағынан сорғыштарға ұқсас, бірақ таспа құрттардың әр түрлі топтарының жыныс мүшелерінің пішіні, орналасуы, саны жағынан әр түрлі болатыны байқалады (мысалы, бірқатар түрлерінің жыныс тесігі құрсақ немесе арқа жағында ашылады; кейбір түрлерінің жыныс бездері біреу болса, екіншілерінде жүзден асады, т. б.). Таспа құрттардың жыныс жүйесінің құрылысын және дамуын өгіз солитерін (Taeniarhynchus saginatus) алып қарастырайық. Өгіз солитерінің (цепенінің) кішкене басы, қысқа мойны және буындардан құралған ұзын 10-20 м-ге жуық денесі болады. Солитердің алдыңғы ең жас 3-4 буындары болмаса, басқа буындарының әрқайсысында күшті дамыған гермафродитті жыныс жүйесі бар. Осындай буынды - гермафродитті буын деп атайды. Көпіршік пішінді аталық бездері паренхиманың арасында шашырап орналасқан. Аталық бездерінің тұқым шығару түтіктері бірігіп ортақ аталық жолын құрайды. Аталық жолы кеңейіп шағылыс (penis) мүшесіне айналып, буынның бүйір бөлігіндегі жыныс клоакасына еніп жатады. Аналық мүшесі тарамдалған екі аналык бездерінен құралып, аналық жолы арқылы оотипке ашылады. Оотипке екінші жағынан сарыуыз безі де ашылады. Оотиптен екі канал шығады. Біреуі кынап, аталық жолымен қатар созылып жыныс клоакасына ашылады, екіншісі буынның алдыңғы бөлігіне бағытталып тұйық бітетін жатын . Жұмыртқа клеткалары аналық безінен оотипке түсіп, осы жерде қынап арқылы келетін сперматозоидтармен қосылып ұрықтанады да, сарыуыз және қабыршақпен қапталып, тұйық бітетін жатынға өтеді. Осы жерде дамуының бірінші сатысы басталады. Жатынға түскен жұмыртқалардың саны өте көп, сондықтан жатынның орталық бөлімінен оң және сол жаққа қарай жанама тармақтары тарап, жұмыртқаларға толып жатады. Осылайша гермафродитті буын "пісіп жетілген" буынға айналады. Денесінің соңғы жағындағы пісіп жетілген буындар үзіліп, иесінің ішегінен сыртқы ортаға шығарылып тұрады. 18-20 жыл өмір сүретін өгіз солитері бір жылда 600 млн-нан аса жұмыртқа шығарады. Сонда бүкіл тіршілігі барысында солитер 11 млрд, жұмыртқа бөледі. Дамуы. Адамның ішегінен нәжіспен бірге сыртқы ортаға шыққан пісіп жетілген буындар шіріп, ішіндегі жұмыртқалары топыраққа түседі. Дамуы үшін жұмыртқа аралық иесіне енуі қажет. Өгіз солитерінің аралық иесі өгіз немесе сиыр. Осылардың ішегіне түскен жұмыртқадан онкосфера деп аталатын алты ілмешегі бар ұрық шығады. Осы ілмешектерімен онкосфера ішек қабырғасын тесіп, лимфа және қан жүйесіне түседі. Қан тамырлары арқылы онкосфера ішкі мүшелерге көбінесе бауырға, бұлшықеттерге, өкпеге, кейде миға жетеді. Осы мүшелерде ұрық - онкосфера финна деп аталатын личинка сатысына айналады. Финна бұршақ тәрізді сұйықтыққа толы көпіршік, оның ішінде төрт сорғышы бар басы болады. Осыңдай личинканы цистицерк деп те атайды. Личинка аралық иесінде бірнеше жыл өмір сүре алады. Финна ересек формасына айналуы үшін негізгі (түпкілікті) иесі - адамның ішегіне түсуі қажет. Финнозбен ауырған сиырдың толық қуырылмаған немесе пісірілмеген етін жеген адамның ішегіне түскен финна басын шығарып, сорғыштары арқылы ішекке жабысады. Көпіршігі еріп, қалған басы мойнымен бірге жедел өсе бастайды да, мойны жаңа буындарды түзеп, денесі ұзарады. Сонымен, Taeniarhynchys saginatus-тың тіршілік циклі иесін алмастыру арқылы және күрделі құрылысты онкосфераның финнаға, финнаның таспа тәрізді ересек түрге ауысуымен байланысты. Таспа құрттардың басқа түрлерінің де тіршілік циклі иесін алмастыру және онкосфераның финна личинкасына, финнаның ересек түріне ауысуымен өтеді. Финнаның бірнеше формалары болады: жоғарыда көрсетілгендей цистицерк-сұйықтыққа толы көпіршік, ішінде жиырылып жатқан бір басы болады; ценур-сұйықтыққа толы көпіршіктің қабырғасында бірнеше басы орналасқан, олардың әрқайсысы жеке особьқа айналады; финнаның ерекше түрі - эхинококк, көпіршігі үлкен, ішкі қабырғасында және көпіршіктің ішінде бірнеше басы бар көптеген көпіршіктері түзіледі; цистицеркоид - көпіршіктің құйрық тәрізді өсіндісі болады; плероцеркоид - құрт тәрізді личинка . Классификациясы. Таспа құрттар класы 9 отрядқа бөлінеді. Осылардың негізгі екі отрядының өкілдері кең тараған және адам мен жануарлардың тіршілігі үшін аса қауіпті паразиттер. Солитерлер немесе цепеньдер отряды - Cyclophyllidea Бұл отрядтың негізгі ерекшеліктері: басында (сколекс) төрт сорғыштары мен кутикулярлы ілмектері бар; денесі көп буынды; жатыны тұйықталған; дамуы түпкі (негізгі) иесінен аралық иесіне көшу арқылы өтеді; личинкалары - цистицерк, цистицеркоид, ценур, эхинококк, альвеококк. Солитерлер отрядына көптеген тұқымдастары жатады, солардың ішінде адам мен жануарларға күшті зиян келтіретін үш тұқымдастың өкілдері: Taeniidae тұқымдасынан Taeniarhynchus saginatus - өгіз солитері, Taenia solium - шошқа солитері, Echinococcus granulosus - эхинококк, Alveococcus multilocularis - альвеококк, Multiceps multiceps - қой мишығы; Anoplocephalidae тұқымдасынан - Moniezia expansa -мониезия; Hymenolepididae тұқымдасынан - Hymenolepis nana - қортық солитері. Өгіз солитері (Taeniarhynchus saginatus) немесе қарусыз цепені. Басында тек төрт сорғышы болады, ілмешектерінің және тістерінің жоқтығынан қарусыз деп аталады. Денесі 1000-нан аса буыннан тұрады, ұзындығы 18-20 м-ге дейін. Жыныс мүшесі 200-ші буыннан (проглоттидтен) бастап дамиды. Пісіп жетілген буындарының ұзындығы 16-30 мм, ені 5-7 мм, тұйықталған жатын тармақтарының саны 17-35-ке жетеді. Өгіз солитерінің даму циклі жоғарыда көрсетілген. Ересек түрлері адамның ортаңғы ішегінде тіршілік етеді, ал личинкасы аралық иесі сиырдың немесе өгіздің ішкі мүшелерінде дамиды. Личинкалары цистицерк типті. Жұқтыратын ауруы тениаринхоз деп аталады. Шошқа солитері (Taenia solium) немесе қарулы цепені. Сыртқы дене пішіні, дене бөлімдері, құрылысы, даму циклы жағынан өгіз солитеріне ұқсас. Басында төрт сорғышынан басқа қосымша көптеген ілгектері болады, осы белгісіне қарай оларды қарулы деп те атайды. Денесі 900-дей буыннан тұрады, ұзындығы 2-3 м, кейде 6-8 м-ге дейін жетеді. Аналық безі өгіз солитерініңкідей екі бөлімнен емес, үш бөлімнен тұрады. Тұйық бітетін жатын тармақтарының саны 7-12. Ересек түрлері адамның ортаңғы ішегінде тіршілік етеді, ал цистицерк личинкалары аралық иесі шошқаның ішкі мүшелерінде дамиды. Кейде аралық иесі адам да бола алады. Шошқа солитерімен ауру адам құсқан кезінде жұмыртқалары қайтадан жұтылып ішектің ішіне түседі де, онкосфералары қан жолы арқылы ішкі мүшелерге өтіп (бұлшықеттеріне, бауырына, өкпесіне, жүрегіне, миына, көзіне), орналасып қалады. Бұдан пайда болатын цистицеркоз ауруы адам өмірі үшін өте қауіпті. Ересек түрінің жұқтыратын ауруын тениидоз деп атайды. |