Зоология. 30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия. Лекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі
Скачать 2.15 Mb.
|
Кіріспе лекция 1.Зоология пәні, жануарлар әлемі 2.Жануарлар әлемінің жүйесі 3.Бір клеткалы жануарлардың сипаттамасы, систематикасы. Органикалық дүниені ұзақ жылдар бойы жануарлар мен өсімдіктер әлеміне бөліп келді. Биология ғылымының қарқынды дамуына байланысты органикалық дүниенің құрылымы хақындағы көзқарастарды қайта қарауға тура келді. Қазіргі уақытта ғалымдар органикалық дүниені екі (өсімдіктер мен жануарлар) емес, төртке бөліп отыр: олар прокариоттар немесе монера - бір клеткалы ядросыздар (мысалы, бактериялар, көк-жасыл балдырлар): есімдіктер, саңырауқұлақтар және жануарлар. Жануарлар әлемі - Zoa немесе Animalia. "Zoon" - грек тілінде жануар деген сөз. Қазіргі кезде жануарлардың белгілі түрлерінің жалпы саны 2,5 миллионнан асады, олар тірі организмдердің тіршілік ететін аймағының ерекше қабаты - биосферада кең тараған. Биосфера - грек тілінде "bios" - өмір және тіршілік, "sphaira" (сфера) - шар, қоршаған орта деген сөздерінен алынған. Биосфераға литосфераның жоғарғы қабаты, бүкіл гидросфера және атмосфераның төменгі қабаты жатады, мұнда жануарлар, өсімдіктер және басқа да тірі организмдер тіршілік етеді. Палеонтологиялық зерттеулер нәтижесінде, яғни қазбалардан табылған өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарын тануға сүйене отырып, ғалымдар биосфераның негізгі пайда болу жолдарын анықтады. Ғалымдар, жердің және сондағы тіршіліктің даму тарихын басты-басты бес эраларға (архей, протерозой, палеозой, мезозой, кайнозой), ал эраларды дәуірлерге, кезеңдерге бөлді. Архей - биосфераның ең бірінші эрасы. Болжаумен айтқанда, мұнда алғашқы қарапайым тіршіліктің түрі пайда болған. Ал тіршіліктің ең тұңғыш іздері протерозой эрасында болған. Протерозой эрасында өмір сүрген тіршілік иелерінің қалдықтарынан радиоляриялардың, фораминифералардың іздері, губкалардың қаңқалары, буылтық, құрттардың түтікшелері, моллюскалардың бақалшақтары, тіпті буынаяқтылардың да қалдықтары табылған. Осындай қазбалардың қалдықтарын анықтай отырып, протерозой эрасында жануарлардың біраз типтерінің өмір сүргенін дәлелдеуге болады. Палеозой эрасы - ертедегі тіршілік эрасы. Бұл эра 6 дәуірге бөлінеді: кембрий, ордовик, силур, девон, тас көмір, пермь. Мезозой ортаңғы тіршілік эрасы 3 дәуірге бөлінеді: триас, юра, бор. Жануарлар тарихында мезозойды жорғалаушылар эрасы деп атайды. Кайнозой эрасы - жаңа тіршілік уақыты. Бұл эра 3 дәуірге бөлінеді: палеоген, неоген, антропоген. Антропоген қазіргі біздің заманымызбен жалғасып отыр. Биосфераның даму кезеңдері геохронологиялық кестеде (1-кесте) келтірілген. Мұнда органикалық дүниенің қандай болғанын және оның қарапайым күйден күрделіге қарай бағытталғаны көрсетілген. /-кесте Геохронологиялық кесте*
Биосфераның пайда болуымен бірге, жер бетіндегі тірі организмдердің дамуы сыртқы қоршаған ортаның эволюциялық дамуына сәйкес қалыптасады. Эволюциялық өзгерістер әрқашанда сыртқы ортаның өзгерісіне организмдердің бейімделуімен ұштасады. Бейімделушілік организмнің әр түрлі орта жағдайларында өмір сүруіне мүмкіндік бере отырып, сонымен қатар дене құрылысының өзгермелілігін қамтамасыз етіп отырады. Мұндай өзгермелілік А. Н. Северцевтің айтқанындай ароморфоз, яғни организмнің негізгі мүшелерінің құрылысын жаппай күрделілендіруге апаратын, тіршілік әрекетін жеделдете түсетін эволюциялық процесс, организмдердің тіршілік қабілетін арттырады. Ортаның үлкен өзгерістері ароморфоз сипатында организмдерде ірі өзгерістерді туғызып, көбіне морфологиялық-физиологиялық жағынан едәуір күрделі жаңа формалар шығуына соқтырады. Мысалы, жануарлар дүниесінде болған белгілі бір ірі ароморфоздардың салдарынан - бір клеткалы эукариотты қарапайым жәндіктер, көп клеткалы, екі қабатты, сәулелі симметриялы, үш қабатты және екі жақты симметриялы жануарлар пайда болған. Типтер, кластар сияқты ірі систематикалық топтар ароморфоз жолымен шыққан. Организмдердің ортаға бейімделу жолдары сан алуан. Болмашы өзгерістер организмнің құрылым деңгейін және тіршілік қарқынын арттырмайды. Мұндай өзгерістер "жеке бейімделушіліктер - идиоадаптация" деп аталады. Мысалы, жаңа жағдайға бейімделуіне байланысты су түбінде тіршілік ететін скат тұқымдастарының денесі жалпайған, арқасы құрсағына қабысқан, құйрық қанаттары жойылған және реңі су түбіндегі топырақ түстес болып келеді. Осы өзгерістердің бәрі су түбіндегі тіршілік қалпына сәйкес "жеке бейімделушіліктер" болып табылады. Мұнда скаттардың құрылысында ешқандай күрделілену болған жок. Түрлер, туыстар, тұқымдастар сияқты ұсақ систематикалық топтар идиоадаптация жолымен шыққан. Әрбір тірі организм біртұтас, оның жүйелері, бөліктері мен мүшелері бір-бірімен тығыз байланысты. "Корреляция" немесе мүшелердің бір-біріне қатысты даму заңдылығын Ж. Кювье (1812) ашты. Жануарлардың эволюциялық дамуында белгілі бір мүшенің қызметі (функциясы) және құрылысы өзгерсе, соған сәйкес коррелятивті өзгерістер басқа мүшелерде де байқалады. Мысалы, буынаяқтыларда эволюциялық дамуының нәтижесіндегі прогрессивті өзгерістерінің бірі - хитинді кутикулярлы сыртқы қаңқасының пайда болуы. Хитинді қатты кутикуланың пайда болуы басқа мүшелерге әсер етпей қоймады. Тұтас жатқан тері - бұлшықет қапшықтары қатты кутикула астында қызметін атқара алмай, жеке-жеке орналасқан бұлшықеттерге бөлінді; екінші реттік қуыс (целом) тірек қызметін жойып, аралас қуысқа (миксоцель), негізінен тасымалдаушы (трофикалық) қызметін атқаруға айналды. Дененің өсуі тек түлеу арқылы жүретін болды, т. б. Міне, кутикуланың пайда болуы, басқа мүшелердің функциясы мен құрылысының өзгерісіне себеп болды. Палеонтологтар осы "корреляция" әдісін қолдана отырып, жойылып кеткен жануарлардың қалдықтарына қарап, олардың бейнесін анықтай алады. Жануарлар топтары арасындағы туыстық байланыстарды анықтауға биогенетикалық заң маңызды қызмет атқарады (Мюллер, 1864, Геккель, 1866, Северцев, 1939). Биогенетикалық заң бойынша әрбір жеке организм өзінің оқшау дамуында (онтогенезде) ертедегі арғы тектерінің тарихи даму процесіндегі (филогенездің) өте маңызды өзгерістерін қайталап отырады, немесе онтогенез филогенездің қысқаша қайталануы. Ұрықтың және личинканың дамуын зерттей отырып, тіпті, бір-бірінен алшақ тұрған жануарлардан ортақ туыстық белгілерді табуға болады. Бұл онтогенез бен филогенездің арасындағы терең байланыстылықты көрсетеді. Органикалық дүниенің тарихи дамуының заңдылықтарын, эволюциялық процестің жолдарын, бағыттарын және қозғаушы күштерін, ағылшын ғалымы Чарльз Дарвин "Табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің шығуы немесе тіршілік үшін күресте қолайлы өскен тұқымдардың сақталып қалуы" (1859) деген классикалық еңбегінде дәлелдеп берді. Органикалық дүниенің тарихи даму (эволюция) заңдарына, палеонтологиямен бірге салыстырмалы анатомияға, эмбриологияға сүйене отырып, жануарлардың эволюциялық дамуын, шығу тегін анықтауға болады. Кейінгі кезде тіршіліктің тарихи дамуы туралы мәліметтердің қатарын бағалы мәліметтермен толықтыруда экспериментальды зоология мен биохимияның маңызы артып келеді. Жануарларды зерттейтін ғылым - зоология (Zoon - грек тілінде жануар, logos – ғылым, ілім). Зоология – жануарлар әлемінің алуан түрлілігін, олардың сыртқы және ішкі құрылысын, зат алмасу процесін, тіршілік ету ортасы мен өзара қарым-қатынасын, таралуын, дамуын, шығу тегін, тарихи даму зандылықтарын, табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын зерттейтін ғылым. Зоология басқа да биологиялық ғылымдармен тығыз байланысты: морфологиямен және анатомиямен (организмдердің сыртқы және ішкі құрылысын зерттейтін ғылым); гистологиямен (тканьдердің микроскопиялық құрылысын зерттейтін ғылым); физиология және биохимиямен (организмдердің және олардың мүшелерінің функциональдық қасиеттерін, құрамының химиялық өзгеріске ұшырау процестерін зерттейтін ғылым); цитологиямен (клеткалардың құрылысын, атқаратын қызметін, дамуын зерттейтін ғылым); эмбриологиямен (адамның, жануарлардың, өсімдіктердің ұрықтық даму зандылықтарын зерттейтін ғылым); генетикамен (организмдердің тұқым қуалауы және өзгергіштігі туралы ғылым); экологиямен (организмдердің қоршаған ортасымен қарым-қатынастық заңдылықтарын зерттейтін ғылым); палеонтологиямен (құрып кеткен қазба организмдерді зерттейтін ғылым); систематикамен (организмдерді туыстық топтарға жіктеу және олардың эволюциялық, дамуының тарихи тізбегін анықтау туралы ғылым). Жануарлардың алуан түрлерін зерттей отырып, олардың ерекшеліктеріне және әр түрлі зерттеу мақсаттарына, әдістеріне қарай зоология - бірнеше салаларға бөлінеді: протистология немесе протозоология - қарапайымдыларды зерттейтін ғылым; гельминтология - құрттарды (паразиттік тіршілік ететін); карцинология – шаянтәрізділерді; арахнология - өрмекшітәрізділерді; акарология - кенелерді; энтомология - насекомдарды (бунақ денелілерді); малакология - моллюскаларды (жұмсақ денелілерді); ихтиология - балықтарды; герпетология - қос мекенділер мен бауырымен жорғалаушыларды; орнитология - құстарды; териология (маммалогия) – сүт қоректілерді зерттейтін ғылым. Жануарлардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы өте зор және алуан түрлі. Олардың бірқатары пайдалы жануарлар болып табылады. Азық-түлік, әр түрлі өнеркәсіп шикізат өнімдерін: ет, май, cyt, тері, жүн, бал, балауыз, жібек, мүйіз, бақалшақ және т. б. береді. Жануарлардың пайдасы мұнымен бітпейді. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылық дақылдарын тозаңдатушылар, топырақ түзушілер, басқа жануарларға азықтық қорлары мен органикалық заттардың ыдыратушылары болып келеді. Жануарлардың осындай пайдасымен қатар ауыл шаруашылығына көптеген зиян келтіретін түрлері де бар: шегірткелер, кейбір көбелектер, қоңыздар, кенелер, бауыраяқты моллюскалар, кемірушілер отрядына жататын тышқандар. Сонымен қатар жануарлардың кейбір түрлері адамға және басқа жануарларға ауруларды таратушылар, ауруларды қоздырушылар және тікелей паразиттері болып табылады (масалар, соналар, кенелер, дизентериялық амебалар, лейшманиялар, бауыр сорғыштар, аскаридалар). Адамның шаруашылық әрекеті мен табиғатқа жасаған ықпалынан көптеген жануар түрлерінің саны едәуір азайып кетті, ал кейбіреулері мүлдем жойылып кетті. Қазіргі уақытта табиғатты қорғау проблемалары, сонымен қатар фауналық ресурстарды үнемдеу бірінші орынға шықты. Табиғатты қорғау және оны бірқалыпты сақтау туралы көптеген мемлекеттік құжаттарда айтылған. Арнаулы "Қызыл кітапқа" дүние жүзіндегі құрып бара жатқан және саны күрт азайып кеткен жануарлар мен өсімдіктер туралы бірнеше құнды мағлұматтар енгізілген. Жануарларды зерттеу, олардың өнімділігін арттыру, тиімді пайдалану және олардың табиғаттағы қорын сақтау зоология ғылымының басты міндеті. ЗООЛОГИЯНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ Жануарлардың құрылысы мен тіршілік етуі туралы мәліметтер адамзат баласына бұдан бірнеше ғасыр бұрын белгілі болған. Олар өздері аулаған жануарлардың сырт пішінін паналайтын үңгірлер кабырғасындағы тастарға және күркелерінде калдырған сүйектерге ойып салып отырған. Мысалы: Австрия үңгірлерінің бірінде жүрегі айқын көрсетілген піл суреті бар. Сонымен катар аралар балын жинап жүрген әйел бейнесі де салынған. Бұлар бізге қазба қалдықтарын зерттеу нәтижесінде белгілі болып отыр. Ал жануарларды ғылыми негізде зерттеп, зоологияның дамуына ең алғаш жол ашкан гректің ұлы ғалымы және философы Аристотель (384-322, IV ғасыр біздің заманымызға дейінгі) болды. Аристотель жануарлар классификациясын жасап, зоология систематикасынының негізін салған. Ол жануарлардың 500-ден аса түрлерін зерттеп, оларды 2 топқа бөлген: 1) "энойма" - қаны бар жануарлар; 2) "анойма" - қаны жоқ жануарлар. Бірінші топқа, қанды жануарларға: 1) тірі туатындарды (аңдарды); 2) құстарды; 3) бауырымен жорғалаушыларды; қосмекенділерді; 4) балықтарды жатқызды. Екінші топка, қансыздарға: 1) басаяқты моллюскаларды; 2) шаянтәрізділерді; 3) моллюскаларды (басаяқтылардан басқа); 4) насекомдарды, өрмекшілерді және құрттарды жатқызды. Төменгі сатыдағы ұсақ жәндіктерді үшінші "chaos" - тобына жатқызды. Аристотель көптеген кітаптар жазған. Ол насекомдардың толық және шала дамуын, құстардың көшу және қайту мерзімін, сүткоректілердің зәр шығару және жыныс мүшелерін айқын бейнеледі, сүткоректілерді жұптұяқтыларға, балықтарды шеміршектілер мен қатты сүйектілерге бөлді. Аристотель "Жануарлар тарихы" деген еңбегінде жануарлар туралы көзқарасын білдіре отырып, жануарлардың және адамның сыртқы және ішкі мүшелеріне сипаттама берді, ал бұл жануарлардың салыстырмалы анатомиялық сипаттамасына алып келді. Аристотель "Жануарлардың дене бөліктері туралы" еңбегінде организмдерде бірыңғай тканьдер және бірыңғай емес "мүшелер" бөлімдерін ажыратты, ал "Жануарлардың пайда болуы туралы" еңбегінде жануар мен адам эмбриологиясы туралы айтты. Аристотель өз еңбектерінде суреттерді негіз етіп алған, бірақ олардың көбісі сақталмаған. Аристотельдің бірінші зоологиялық сипаттамасы көп уақыт бойы қолданылып келеді. Орта ғасырда жануарлар жайындағы алғашқы түсініктердің бастамалары әрі қарай дами алмады, өйткені феодалдық коғам жағдайында табиғатқа тәжірибе жасау және зерттеу жұмыстарын жүргізу діннен тайғандардың ісі деп саналып, зерттеушілер қатты қуғынға ұшыраған. Тек XV ғасырдан бастап капитализмнің, өнеркәсіптің, сауданың дамуымен қатар зоология да дами бастады. XVI - XVII ғасырларды жинақтау ғасыры деп атауға болады. Жануарлар, өсімдіктер әлемі туралы негізгі түсініктер қалыптаса бастады. Жануарлардың көптүрлілігі, олардың ішкі құрылысы туралы да шығармалар шыға бастады. Олардың авторлары швед ғалымы К. Геснер және француз ғалымдары Г. Ронделе, П. Белона. Зоологияны дамытуда үлкен үлес қосқан голланд ғалымы Антон ван Левенгук (1632-1723) және ағылшын ғалымы Роберт Гук (1635-1703). А. Левенгук қарапайым құрылысты микроскоптарды жасап, тұңғыш рет бір клеткалы тірі жәндіктерді ашты, ал Р. Гук өсімдік тозағашының құрылысын зерттеп, оның клеткадан тұратынын анықтады. Р. Гук "Микрография немесе үлкейтетін шыны арқылы ұсақ денелілердің физиологиясын бейнелеу" (1665) деген еңбегінде тұңғыш рет "клетка" ұғымын қолданды. XVIII ғасырда швед ғалымы Карл Линнейдің (1707-1778) жасаған системасын жұртшылық мойындады. Ол өзінің "Табиғат системасы" (Systema naturae, 1735) деген үлкен еңбегінде өсімдіктер мен жануарлардың негізгі ұқсастықтары мен айырмашылықтарына сүйене отырып, ең кіші бірлікті түр деп атап, ұқсас түрлерді - туысқа, туыстарды - отрядтарға, ал отрядтарды класқа біріктірді. К. Линней өсімдіктердің 7540 түрін зерттеп, оларды 24 класқа бөлді, ал жануарлардың 4200 түрін зерттеп, оларды 6 класқа бөлді: 1) Сүтқоректілер - Mammalia; 2) Құстар - Aves; 3) Хайуандар - Amphibia - бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділер; 4) Балықтар - Pisces; 5) Насекомдар - Insecta; 6) Құрттар - Vermes (бұл класқа моллюскалар және басқа да омыртқасыз жануарларды жатқызған). К. Линнейдің өсімдіктер мен жануарлардың түр және туыс аттарын латын тілінде атауды ұсынуы ең негізгі бағалы жаңалығы болды. Мұны ғылымда қосарлы немесе бинарлық ("би" - екі) номенклатура деп атайды. Осы күнге дейін барлық елдің ғалымдары түрлерді қосарлы аттарымен атауды қолданып келеді. Мысалы, Cimex lectularius - төсек қандаласы, С. hirundinis – құс қаңдаласы, Tabanus sabuletorum - құм сонасы, Т. subsabuletorum - тоғай сонасы, Т. brunneocallosus - тақыр сонасы, Т. bovinus - өгіз сонасы. Түрлердің барлық особьтары үшін туыс аты ортақ болады. Мысалы, төсек және құс қандаласына Cimex туыс аты ортақ. Ал соналарға Tabanus туыс аты ортақ. Туыс аты түр атының алдынан үлкен әріппен жазылады. К. Линней ботаника тіліне өзгерістер енгізіп, ботаникалық тіл қорын жетілдірді. Ботаникадан еңбектері: "Ботаника негіздері", "Ботаника философиясы", "Өсімдіктер туыстары", "Өсімдіктер түрлері" т. б. К. Линней табиғат туралы метафизикалық түсініктерді толық қуаттап, түр өзгермейді жаратушы қанша түр жаратса, сонша түр тіршілік етеді деген үғымда болған. XVIII ғасырдың аяғында және XIX ғасырдың басында органикалық дүние жөнінде эволюциялық көзқарастар тұрғысынан пікірлер айтыла басталды. Француз ғалымы Жорж Луи Бюффон (1707-1788) өзінің "Табиғат тарихы" (1749) деген еңбегінде үй жануарларының өзгеріске ұшырайтындығын дәлелдеген. Эволюцияны қолдаушылардың бірі француз ғалымы Жан Батист Ламарк (1744-1829) болған. Ол өзінің "Зоология философиясы" (1809) деген еңбегінде, жер тарихының ұзақ жылдар бойында сыртқы ортаның әсерінен организмдердің үздіксіз өзгеріп отыратындығын көрсеткен. Ж. Б. Ламарк систематиканың дамуына көп еңбек жасады. Ол барлық жануарларды екі топқа бөлді: омыртқасыз жануарлар, омыртқалы жануарлар. Омыртқасыз жануарларды 10 класқа топтастырды: 1. Инфузориялар класы. 2. Полиптер. 3. Сәулелілер. 4. Құрттар. 5. Насекомдар. 6. Өрмекші тәрізділер. 7. Шаян тәрізділер. 8. Буылтық құрттар. 9. Мұртаяқтылар (төменгі сатыдағы шаян тәрізділер). 10. Моллюскалар. Омыртқалы жануарларды 4 класқа топтастырды: 1. Балықтар класы. 2. Бауырымен жорғалаушылар, қос мекенділер класы. 3. Құстар. 4. Сүтқоректілер. Осы 14 класқа бөлінген жануарларды Ж. Б. Ламарк сатылай орналыстырды, оның төменгі сатысына инфузорияларды, полиптерді (құрылысының күрделілене түсуіне байланысты жоғары сатыға көтеріледі), жоғары сатысына құстар мен сүтқоректілерді орналастырды. Тірі организмдер құрылысының күрделілене түсуін Ж. Б. Ламарк "градация" (жоғары көтерілу) деп атады. Организмдер құрылысының күрделіленуін Ламарк, олардың іштей прогреске ұмтылушылық қабілеті болуынан деген пікірде болған. Ж. Б. Ламаркпен қатар француз ғалымы Жорж Кювье (1769-1832) салыстырмалы анатомия негіздері мен корреляциялар туралы ілімнің негізін салды. Сонымен қатар систематиканың да дамуын жалғастырды. Ж. Кювье және оның шәкірті Блинвиль 1825 жылы системаға "тип" деген ұғым енгізді. Жануарларды олар 4 типке бөлді: 1) омыртқалылар типі, 2) жұмсақ денелілер, 3) бунақтылар (мүшелілер), 4) сәулелілер. Омыртқалылар типіне мынандай кластарды енгізді: 1. Сүтқоректілер. 2. Құстар. 3. Қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар. 4. Балықтар. Жұмсақ денелілер типіне: 1. Басаяқтылар. 2. Қанатаяқтылар. 3. Бассыздар. 4. Иықаяқтылар (иін). 5. Бауыраяқтылар. 6. Мұртаяқтылар; Бунақтылар типіне: 1. Буылтық құрттар. 2. Шаянтәрізділер. 3. Өрмекшітәрізділер. 4. Насекомдар. Сәулелілер типіне: 1. Тікентерілілер. 2. Құрттар. 3. Атқыштар. 4. Полиптер. 5. Инфузориялар. Ж. Кювье, Линней сияқты, түр өзгермейді деді. Типтердің өзгермейтіндігі және тұрақтылығы туралы метафизикалық ұғымды қолдады. Ж. Кювьемен қатар орыс ғалымы К. Бэр (1729-1876) салыстырмалы эмбриологияның дамуына жол ашты. Ол жеке организмдердің ұрықтарының дамуына арнап "Жануарлардың даму тарихы" (1834) деген екі томдық кітап жазды, мұнда ол жануарлардың дамуы бір клеткадан басталатындығын анықтады, эмбриональдық даму бірнеше жеке процестерге бөлінетіндігін көрсетті және ұрық күрделі организмге бірте-бірте даму процесінің нәтижесінде айналатынын көрсетті. К. Бэрдің тағы бір жаңалығы, ол сүтқоректілердің жұмыртка клеткасының болатыңдығын ашты. К. Бэр түрлі жануарлардың ұрықтарының даму жолдарын зерттеп, оларды төрт типке бөлді (Ж. Кювьенің бөлген типтеріне сәйкес). К. Бэр эволюция туралы алғашқы айтылған "түр өзгеріске ұшырайды және тұрақты болмайды" деген пікірді қолдамады. Орыстың көрнекті эволюционисі К. Ф. Рулье (1814-1858) органикалық дүниенің тарихи даму жолдарын зерттеді. XIX ғасырда ілімді толық дәлелдеп, оған материалистік түсінік берген атақты ағылшын ғалымы Чарлз Дарвин (1809-1882) болды. Ол өзінің эволюциялық теориясын "Түрлердің табиғи сұрыпталу жолы мен пайда болуы немесе тіршілік үшін күресте қолайлы жағдайға ұшыраған тұқымдардың сақталуы" (1859) деген еңбегінде жариялады. Осыған орай биология ілімінің бір саласы - эволюциялык теория деген атқа ие болды. "Түрлердің шығу тегі" (1864), "Үй жануарлары мен мәдени өсімдіктердің өзгеруі" (1868), "Адамның тегі және жыныстық сұрыптау" (1871), " Адам мен жануарлар түйсігінің білінуі туралы" (1872) сияқты еңбектерінде Ч. Дарвин эволюциялық теорияларын жеке зерттеп, түрлердің тегі және эволюцияның қозғаушы күштерін айқындады. Дарвиннің пікірі бойынша, органикалық дүние эволюциясының негізгі қозғаушы күштері - ол тұқым қуалаушылық, өзгергіштік, тіршілік үшін күрес пен табиғи сүрыпталу. XIX ғасырда ботаник Матиас ІІІлейден (1804-1881) және зоолог Теодор Шванн (1810-1882) клетка теориясын жасап жарыққа шығарды. Т. Шванн "Жануарлар мен өсімдіктердің құрылысы мен өсуіндегі сәйкестік туралы микроскоптық зерттеулер" (1839) деген еңбегінде өсімдіктердің, жануарлардың денесі клеткалардан құралатындығын, клеткаларының химиялық құрамы жағынан бір типтес екендігін және барлық тканьдер клеткалардан құралатындығын дәлелдеген. М. Шлейден цитогенезис теориясын ұсынған. XIX ғасырдың екінші жартысында неміс ғалымдары Фриц Мюллер (1822-1897) және Эрнст Геккель (1834-1919) биогенетикалық заңды ашты. Заңның тұжырымы: "Әрбір особь жеке дамуында өз түрінің даму тарихын қысқаша қайталайды, немесе онтогенез - филогенездің қысқаша да шапшаң қайталануы". Э. Геккель "Жалпы морфология" (1866) деген еңбегінде организмдер арасындағы туыстық байланыстарды, онтогенез бен филогенездің арасындағы терең байланыстылықты көрсетті және онтогенез белгілерінің екі типін көрсетті: палингенез - арғы тегінің белгілері, ценогенез - организмдердің бейімделу барысындағы пайда болған екінші реттік белгілері. XIX ғасырдың аяғында және XX ғасырда ашылған жаңалықтармен бірге көптеген ғалымдардың еңбектерінің арқасында биологияның жекелеген салалары өркендеп дами бастады. Систематика, зоогеография және фаунистиканың дамуында М. А. Мензбир, П. П. Сушкина, Л. С. Берг, С. И. Огнев, А. В. Иванов, В. Г. Гептнер, Г. П. Дементьевтің және баска ғалымдардың зерттеулерінің орны айрықша. Экологияның дамуына - Н. Ф. Рулье, Б. М. Житков, Д. М. Кашкаров, А. Н. Формозов т. Б. едәуір үлес қосты. В. О. Ковалевский, П. Сушков және А. Борисяк - эволюциялық палеонтологияның, И. М. Сеченов және И. П. Павлов - физиологияның дамуына зор үлестерін қосты. Салыстырмалы эмбриология ілімінің негізін салушылардың қатарында көрнекті орыс ғалымдары А. О. Ковалевский (1840-1901) және И. И. Мечников (1845-1916) болды. Олар жануарлардың ұрықтық даму жолдарын зерттеп, ұрық жапырақшаларының (эктодерма, энтодерма және мезодерма) қалыптасу жолдарын белгілеп, барлық жануарларда ұрық жапырақшаларының ұқсас болатындығын, органикалық дүниенің бірлігін дәлелдеп берді. Эволюциялық эмбриологияның проблемаларын белгілі дәрежеге жеткізген атақты эмбриологтар А. Н. Северцов, И. И. Шмальгаузен, П. П. Иванов, П. Г. Светлов, А. А. Захваткин, Г. А. Шмидт. Жануарлардың салыстырмалы анатомиясы мен морфологиясының негіздерін зерттеуде көп еңбек жасаған ғалымдар: В. Н. Беклемишев, В. А. Догель, В. М. Шимкевич, И. И. Шмальгаузен, Б. А. Домбровский т.б. Эволюциялық морфология негіздерінің мәселелерін шешуде көрнекті ғалымдар академик А. Н. Северцов (1866-1936), И. И. Шмальгаузен (1864-1963) табысты еңбек етті. А. Н. Северцов эволюцияның негізгі бағыттары ароморфоз, идиоадаптация және дегенерациядан құралатынын анықтап берді. А. Н. Северцов "Морфология эволюциясының заңдылықтары" (1939) деген еңбегінде филэмбриогенез теориясын ұсынды. Паразитологияның даму тарихы Е. Н. Павловский (1884-1965), В. А. Догель (1882-1955), К. И. Скрябин (1878-1972), В. Н. Беклемишев (1890-1962), Е. И. Марциновский (1874-1934) есімдерімен байланысты. Бұл салада жануарлар паразитологиясын зерттеуде комплексті биологиялық қадам жасалды. Академик Е. Н. Павловский трансмиссивті (тасымалдаушы) аурудың "табиғи ошағы" теориясын ұсынып, адам мен үй жануарларының осы аурумен күресудің ғылыми негізін жасады. К. И. Скрябин трематодтар, цестодтар және нематодтар құрттарын жан-жақты зерттеп, көп еңбектер жазды, гельминтология ғылымының дамуына үлкен үлес қосты. В. А. Догель бір-бірімен байланысты үш салада - протистология, экологиялық паразитология және салыстырмалы анатомия саласында жұмыс істеді. В. А. Догельдің ең атаулы еңбектері: "Жалпы протистология" (1951), "Жалпы паразитология" (1951), "Омыртқасыздардың салыстырмалы анатомиясы" (1938). 1934 жылы "Омыртқасыздар зоологиясы" деген оқулығы бірінші басылым ретінде басылып шықты. В. А. Догельдің көмегімен біздің елде балықтарды зерттеу жұмыстары іске асты. 1930 жылы В. А. Догель Арал теңізіне экспедициямен келіп, балықтарда болатын паразит құрттарды зерттеді. 1934 жылы В. А. Догель "Арал теңізі балықтарының паразиттері" деген монографиясын шығарды. 1938 жылы Каспий теңізі балықтарын зерттеп, "Каспий теңізінің балықтарының паразиттері" деген монографиясын шығарды. 1941-1944 жылдары В. А. Догель Алматыда, Қазақ Мемлекеттік университеті биология факультетінде жұмыс істеді. Омыртқасыз зоологиядан, жалпы паразитологиядан студенттерге лекция оқыды. Қазақстанда ихтиологияның, ихтиопаразитологияның дамуына біраз үлес қосты. Республикамыздағы паразитология мен гельминтологияның дамуына өздерінің үлестерін қосқан Галузо, Р. С. Шульц, Е. В. Гвоздев, К. Б. Сванбаев т. б. Зоологияның жақсы дамыған саласының бірі - энтомология. Энтомологияның дамуы насекомдардың практикалық және теориялық маңызымен байланысты. Насекомдардың көпшілігі ауыл шаруашылығының басты зиянкестері, адамға және жануарларға әр түрлі жүқпалы ауру таратушылар болып табылады. Пайдалы түрлері де көп. Сондықтан насекомдарды жан-жақты зерттеу, зиянкестерге қарсы шара қолдану әдістерін табу, энтомологияның негізгі міндеті. Энтомологияның дамуына үлкен үлес қосқандар: Н. А. Холодковский, А. С. Данилевский, Б. Н. Шванвич, Г. Я. Бей-Биенко, А. А. Штакельберг, А. С. Мончадский, М. С. Гиляров, В. В. Шевченко, А. М. Дубицкий, П. И. Мариковский, Т. Н. Досжанов. Қай ғылым саласы болсын оның дамуына, ғылым ретінде танылуына зерттеу әдістері көп көмегін тигізеді. Неғұрлым жаңа зерттеу әдісі ашылса, соғұрлым жануарлардың жаңа белгілері, түрлері табылады. Мысалы, XX ғасырдың соңғы жылдарының ірі табыстарының бірі - жаңа Погонофора типінің ашылуы болды. Зоология - қазіргі уақытта тез дамып келе жатқан ғылым. Оның табыстарын жоғалтып алмай, жануарлар дүниесін қорғау және ғылыми негізінде ұтымды пайдалану, табиғат байлықтарын көбейту ісі әрбір адамның борышы. |