Зоология. 30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия. Лекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі
Скачать 2.15 Mb.
|
Қабыршақты амебалар отряды – Testacea Қабыршақты амебалардың құрылысы кәдімгі амебалардың құрылысына өте ұқсас, негізгі айырмашылығы олардың денесі бір камералы қабыршақпен немесе сауытпен қапталынған. Қабыршақтары органикалық заттан не қоймалжың заттан құралған, бұған майда қиыршық құм, тағы басқа бөгде заттар жабысып тұрақты формасын жасайды (қапшықтәрізді, табақшатәрізді т. б. пішінді). Қабыршақтың устье деп аталатын арнайы тесігі болады, псевдоподиялардың шығуына арналған. Псевдоподиялары арқылы қозғалады және қоректік заттарын жинап алады. Жыныссыз жолмен көбейеді. Пайда болған екі клетканың біреуі устье арқылы сыртқа шығып жаңадан қабыршақ түзейді. Қабыршақты амебаларға: арцелла - Агсеііа, диффлюгия - Difflugia туыстарының өкілдері жатады. Бұлар тұщы суларда (судың түбіндегі шөгінділердің бетіне қоныстанады), батпақтарда, ылғалды мүктерде жиі кездеседі. Фораминифералар отряды - Foraminifera Фораминифералар отрядына теңізде тіршілік ететін 4000-нан аса түрлері жатады. Бұлардың дене құрылысы амебалардың құрылысына өте ұқсас, негізгі айырмашылығы денесі сыртынан көп камералы қабыршақпен немесе сауытпен қапталынған. Қабыршағы алғашқы кезде бір камералы болып келеді, бұл камераны ұрық камерасы деп атайды. Содан кейін цитоплазманың бір бөлігі қабыршақтың тесігі арқылы сыртқа шығып, оның сыртында жаңа қабыршақ пайда болып, сөйтіп екінші, үшінші, көптеген камералары түзіледі. Көп камералы қабыршақтың ішінде тек қана бір клеткалы қарапайым орналасады. Камералар бір-бірімен тесік арқылы байланысады. Қабыршақтары ұзын қапшықтәрізді, бұтақ, түтік, спиральтәрізді болып келеді. Фораминифералардың қабыршақтары эктоплазмадан бөлінген қалың органикалық заттан - псевдохитиннен құралған. Осы органикалық затқа көмірқышқыл ізбесті сіңген, сондықтан қабыршақтары жеңіл және берік болып келеді. Кейбір түрлерінде қабыршақтың органикалық затына майда қиыршық құм жабысқан, бұлардың қабыршақтары үлкен, ауыр болып келеді (мысалы, Hyperammina, Rhabdammina, Astrorhiza туыстарында). Фораминифералардың жалған аяқтары кабыршактың тесігінен сыртқа шығып, жіп тәрізді, ұзын, бір-бірімен ұштасып түйінделіп тор жасайды. Бұларды ризоподия деп атайды. Ризоподия негізінде, қоректік заттарды ұстау және қозғалу қызметін атқарады. Фораминифералар ұрпақ алмасуы жолымен, яғни жыныссыз көбеюмен жынысты көбеюдің кезектесіп отыруы арқылы дамиды. Мысалы, Polystomella crispa фораминиферасының даму жолымен танысайық. Бұлар даму кезінде екі түрлі ұрық камераларын түзейді. Ұрық камерасы кішкене - микросфералық камера және ұрық камерасы үлкен - макросфералық камера. Микросфералық камера жынысты жолмен, ал макросфералы камера жыныссыз жолмен дамығанда пайда болады. Дамуы кезінде микросфералық камераның ішіндегі клетканың ядросы көпке бөлінеді, (100-ден аса). Ядроның әрқайсысы сыртынан цитоплазмамен қоршалып, көптеген (100-ден аса) бір клеткалы организмдер пайда болады. Бұлардың денесі жалаңаш, қабыршақпен қапталынбаған. Осы организмдер микросфералық камераны тастап, сыртқы ортаға шығып, өніп-өсіп қабыршаққа оралып, камераларын түзей бастайды. Бұлардың ұрық камерасы бұрынғы аналық ұрық камерасынан - микросфералық камерадан үлкендеу болады, сөйтіп бұлар макросфералық формаға айналады. Осылайша жыныссыз көбеюі өтеді. Келесі жынысты көбею кезінде макросфералық камераның ішіндегі клетканың ядросы көпке (мыңнан аса) бөлінеді. Ядроның әрқайсысы сыртынан цитоплазмамен қоршалып, көптеген (мыңнан аса) гаметалар, яғни аталық немесе аналық, жыныс клеткалары пайда болады. Гаметалар макросфералық камераны тастап, сыртқы ортаға шығып осы жерде басқа особьтарынан шыққан гаметалармен қосылып, ұрықтанып зиготаға айналады. Зигота қабыршаққа оралып камераларын түзей бастайды. Бұлардың ұрық камерасы кішкене болады, сөйтіп бұлар микросфералық формаға айналады. Осылайша жынысты көбеюі өтеді. Жынысты және жыныссыз көбеюінің кезектесіп отыруын ұрпақ алмасуы деп атайды. Сөйтіп фораминифералардың макросфералық формалары клетканың жыныссыз жолмен көбейген кезде пайда болады да, өздері жынысты жолмен көбейеді, ал микросфералық формалары жынысты жолмен пайда болады да өздері жыныссыз жолмен көбейеді. Фораминифералар ертеде пайда болған жәндіктер, бұлардың қабыршақтары кембрий дәуірінен кездеседі. Жасыл қиыршық құм, әк, кәдімгі бор, негізінде фораминифералардың қабыршақтарынан құралған. Фораминифералар теңізде тіршілік ететін жәндіктер, ал Miliolina oblonga, Spiroloculina turco түрлері Қарақұм мен Орта Азия далаларының құдық суларынан табылған. СӘУЛЕТӘРІЗДІЛЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ – RADIOLARIA Сәулелілер тек теңізде ғана тіршілік ететін қарапайымдылар, 7000-нан аса түрлері белгілі, көпшілігі жылы теңіздерде кездеседі. Олар өзінің түрлі сыртқы пішінімен (формасымен), әсем сәулетәрізді минеральды ішкі қаңқасының құрылысымен және цитоплазмада айырықша қабық - орталық капсуланың болуымен ерекшеленеді. Орталық капсуланың цитоплазмасы органикалық тері мембранасы арқылы екі бөлікке - капсула ішіндегі және капсула сыртындағы цитоплазмаға бөледі. Капсула ішіңдегі цитоплазма тығыз, түйіршікті болып келеді, бір ғана немесе көп ядролар орналасқан, ал капсула сыртындағы цитоплазма жұқа көбіктенген, онда вакуольдер, қоректік бөлшектер, шырыш пен май тамшылары орналасқан. Цитоплазмалар бір-бірімен капсула түтікшелері арқылы байланысады. Көп жағдайда цитоплазмада симбиозды тіршілік ететін бір клеткалық балдырлар кездеседі. Олар сәулелілерді оттегімен қамтамасыз етеді. Сәулелілерде екі түрлі жалған аяғы болады. Біріншісі - капсула ішіндегі цитоплазмадан түзілген капсула түтікшелері арқылы сыртқа шыққан жалған аяқтары, екіншісі - капсула сыртындағы цитоплазмадан түзілген жалған аяқтары. Осы жалған аяқтары бір-бірімен байланысып күрделі тор құрайды да, қоректік заттарын ұстау қызметін атқарады. Бұдан басқа көптеген сәулелілерде аксоподия деген жалған аяқтары болады. Олар тарамдалмаған, тік болып келеді. Аксоподиялары мен қаңқасының инелері денесінің су қабаттарында қалқып жүруіне мүмкіндік береді. Сәулелілердің санаулы түрлері ғана жынысты жолмен көбейеді, ал көпшілігі жыныссыз жолмен екіге бөліну арқылы көбейеді. Сәулетәрізділер класс тармағы бес отрядқа бөлінеді. Акантария отряды - Acantharia. Акантариялардың қаңқасы күкірт қышқылды стронциядан құралған, 20 сәулелі инелері болады. Орталық капсуласы нығыздалған цитоплазмадан құралған, кейбір түрлерінде орталық капсуласы болмайды. Негізгі өкілі - Acanthometra elastica. Спумеллярия отряды - Spumellaria. Спумелляриялардың қаңқасы кремнеземнен құралған, кейбір түрлерінде қаңқасы болмайды. Орталық капсуласында көптеген майда саңылаулары болады. Негізгі өкілі - Thalassicola muleata. Насселярия отряды - Nassellaria. Насселяриялардың қаңқасы кремнеземнен құралған. Орталық капсуласы ұзын, ұршық тәрізді. Негізгі өкілі - Medusetta craspedota. Фаеодария отряды - Phaeodaria. Фаеодариялардың кремнеземді қаңқасы өте жақсы жетілген. Орталық капсуласында бір немесе ylu үлкен тесігі болады. Негізгі өкілі - Aulacantha scolymantha. Стихолонхеа отряды - Sticholonchea. Қаңқасының инелері 18-20 шамасында сәулетәрізді шоғырланып орналасады. Өкілдері Жерорта теңізі мен Тынық мұхитында табылған. КҮНТӘРІЗДІЛЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ – HELIOZOA Күнтәрізділер негізінде тұщы суларда тіршілік етеді. Кейбіреулері теңізде де кездеседі. Денелері шар тәрізді. Цитоплазма екіге бөлінген: тығыз ұсақ түйіршікті ішкі эндоплазмаға және вакуольді сыртқы эктоплазмаға. Орталық капсуласы және минеральды қаңқасы болмайды, тек кейбір теңізде тіршілік ететін түрлерінде кремнеземнен құралған тор тәрізді қаңқалары болады. Жыныссыз жолмен көбейеді, кейбіреулері ғана жынысты жолмен көбейеді. Түрлері өте аз. Негізгі өкілдері - Actinosphaerium eichhorni, Actinophrys sol. Өзіндік сұрақтар: Саркомастигофоралар типі (Sarcomastigophora). Саркодиналар класының жалпы сипаттамасы. Класс тармақтарына және отрядтарға бөлінуі 3-лекция Талшықтылар класы - Мastigophora немесе Flagellata 1.Талшықтылар класына жалпы сипаттама 2. Өсімдіктектес талшықтылар класс тармағы -Рhytomastigina 3.Жануартектес талшықтылар класс тармағы –Zoomastigina ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСЫ - MASTIGOPHORA НЕМЕСЕ FLAGELLATA Талшықтылар класына 6000-нан аса қарапайымдылардың түрлері жатады. Олар тұщы суларда, теңіздерде, ылғалды топырақтарда және адамның, жануарлардың денесінде паразиттік тіршілік етіп, қауіпті ауруларды туғызады. Талшықтылардың негізгі белгісі - бір, екі немесе бірнеше талшықтың болуында, бұлар дененің алдыңғы жағында орналасқан, қозғалу қызметін атқарады. Барлық өкілдерінің талшықтарының құрылысы бірдей болып келеді. Талшық клетка бетінен сыртқа карай шығып тұратын ұзынша келген бос бөлігінен және эктоплазманың қоюлығына батып тұратын базальды денешік немесе кинетосомадан құралған. Электрондық микроскоп арқылы қарағанда талшықтың күрделі құрылысын да байқауға болады. Оның сыртын үш қабатты мембрана қаптап тұрады, ол клетканың мембранасының жалғасы, ал мембрананың астында (ішінде) ұзына бойы созылып жатқан 11 жіпшелердің (фибрилдердің) бар екендігі байқалады, екеуі қалың (әрқайсысы 25 нм) орталық фибрилла, ал қалған тоғыз фибрилдері екі орталық фибрилді қоршап жатады. Әрқайсысы екі түтікшеден тұрады. Фибрилдердің толқынды тербелісі арқылы қарапайымдылар қозғалысқа келеді. Талшықтың қозғалу жылдамдығы бір секундта 10-нан 40-қа дейін айналымды жасайды. Талшықтылардың кейбір түрлері (Rhizomastigina отрядының өкілдері) талшықтарымен қатар жалған аяқтарын (псевдоподияларын) да шығарып амеба тәрізді қозғала алады, бірақ еш уақытта талшықтарын жоймайды. Осы белгі талшықтылар класының саркодиналар класымен жақын екендігін көрсетеді және бұл кластарды бір типке Sarcomastigophora-ға жатқызады. Талшықтылардың клеткасы сыртынан мембранамен қапталған. Цитоплазмасы сыртқы жұқа мөлдір эктоплазма және ішкі түйіршікті эндоплазмаға бөлінеді. Эктоплазма қабаты тығыздалып пелликула деп аталатын қабықша түзейді, осыған байланысты талшықтылардың денесі өзгермей тұрақты болып келеді. Олар ұршық тәрізді не ұзынша сопақтау, цилиндр, шар, эллипс пішіңдес болып келеді. Кейбіреулерінің құрамында темір тұздары бар сауыттары болады. Талшықтылардың көбісінде клетка бір ядролы, тек опалинина отрядының өкілдерінде ядролары көп. Жиырылғыш вакуолі жақсы дамыған, бұған қосымша вакуольдері жалғасады. Бұлар зәр шығару, осмос қысымын реттеу және тыныс алу қызметін атқарады. Кейбір талшықтылардың клеткаларының ішінде хлорофилл пигменттері сіңген хроматофора органоидтары болады, олар фотосинтез қызметін атқарады. Бұл белгілер өсімдіктерге тән қасиет, сол себептен жасыл түсті талшықтыларды өсімдіктер мен жануарлар арасындағы аралық формасы деп есептейді. Талшықтылардың арасында колония құрып тіршілік ететін түрлері де кең тараған. Талшықтылардың басым көпшілігі жыныссыз жолмен көбейеді. Ядро митоз әдісімен бөлінеді, содан кейін цитоплазма клетканың алдыңғы жа-ғынан бастап артқы жағына қарай ұзынынан бойлай екіге бөліне бастайды. Колония құрып тіршілік ететін талшықтыларда (Uroglenopsis, Sphaeroeca, Volvox туыстарында) жыныссыз көбеюі монотомия және палинтомия жолымен өтеді. Монотомия жолымен бөліну кезінде клетка екіге бөлінеді. Пайда болған ұсақ клеткалар әрі қарай бөлінбей өседі, барлық органоидтарын түзеп, аналық формасына жетілгеннен кейін ғана тағы да бөлінеді, олар өз кезегінде тағы да өсіп бөлінеді. Палинтомия жолымен бөліну кезінде пайда болған ұсақ клеткалар өспей әрі қарай бөліне береді (мысалы, Volvox туысында). Талшықтылар жынысты жолымен де көбейеді: Volvox, Polytoma, Pandorina, Eudorina туысындағы өкілдері. Бұларда изогамия, анизогамия копуляциясы кеңінен тараған. Талшықтыларды қоректену тәсіліне қарай - автотрофты, гетеротрофты және миксотрофты топтарына бөледі. Автотрофты жолымен қоректенетін талшықтылардың цитоплазмасында жасыл түсті хроматофора органоидтары болады. Осыған байланысты бұлар фотосинтез жолымен қорекгенеді, яғни күн сәулесінің энергиясын пайдалана отырып, бейорганикалық қосылыстардан органикалық заттарды синтездейді, сондықтан қоректенудің бұл тәсілін голофиттік немесе өсімдікше қоректену деп атайды. Гетеротрофты жолымен қоректенетін талшықтылардың хроматофора органоидтары болмайды. Олар дайын органикалық заттармен, бактериялармен, бір клеткалы балдырлармен т. б. қоректенеді. Қоректенудің бұл тәсілін голозойлық немесе жануарларша қоректену деп атайды. Паразиттік тіршілік ететін талшықтылар дайын органикалық заттарды осмос жолымен бойына сіңіру арқылы қоректенеді. Қоректенудің бұл тәсілін сапрофиттік қоректену деп атайды. Миксотрофты талшықтылар автотрофты және гетеротрофты жолымен қоректене алады. Мысалы, жасыл эвглена Euglena viridis миксотрофты организм күн сәулесі бар жерде жасыл эвглена хлорофилл дәндері арқылы нағыз жасыл өсімдіктер сияқты қоректенеді, демек көмір қышқыл газынан және судан органикалық заттарды синтездеп алады. Эвгленаны органикалық заттарға бай қараңғы жерге орналастырса, онда эвглена өзінің хлорофилл дәндерінің жасыл түсін жойып, дайын органикалық заттармен қоректенуге көшеді. Осыған орай эвгленаның денесінің алдыңғы жағында ауыз тесігі мен жұтқыншағы дамыған. Талшықтылар класы қоректену тәсіліне қарай екі класс тармағына бөлінеді: фотосинтезге бейім, өсімдіктектес талшықтылар - Phytomastigina және гетеротрофты жануартектес талшықтылар - Zoomastigina. Phytomastigina класс тармағына төрт отряд жатады: эвгленалар - Euglenoidea; хризомонадалар - Chrysomonadina; сауыттылар - Dinoflagellata; фитомонадалар - Phytomonadina. Zoomastigina класс тармағына алты отряд жатады: жағалы талшықтылар - Choanoflagellata; тамыр талшықтылар - Rhizomastigina; кинетопластидалар - Kinetoplastida; көпталшықтылар - Polymastigina; гипермастигиналар - Hypermastigina; опалининалар - Opalinina. ӨСІМДІКТЕКТЕС ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ -PHYTOMASTIGINA Хризомонадалар отряды - Chrysomonadina Бір-үш талшығы бар, ұсақ талшықтылар, тұщы суларда және теңіздерде тіршілік етеді. Хроматофоралары диск тәрізді сарғыш қоңыр түсті болып келеді. Ассимиляция нәтижесінде - полисахарид-лейкозин пайда болады. Бірнеше колониальды түрлері бар, соның ішінде тұщы суларда кездесетін бұтақ тәрізді колония Dinobryon және шар тәрізді - Synura туыстары. Сауыттылар отряды - Dinoflagellata Өкілдерінің басым көпшілігінде клетчаткадан құралған сыртқы сауыты болады. Талшықтары екеу: біреуі еркін орналасқан, екіншісі денесін орап жатады. Хроматофоралары қоңыр-сары, кейде жасыл түсті болып келеді. Кейбір түрлері хлорофилл дәндерін жойып гетеротрофты жолымен қоректенуге көшкен (Noctiluca туысы). Ассимиляция нәтижесінде крахмал пайда болады. Тұщы суларда, теңіздерде, судың жоғары бетінде қалқып жүріп тіршілік етеді, сол себептен денесінде көп өсінділер жетілген. Негізгі туыстары: Peridinium, Ceratium, Noctiluca . Эвгленалар отряды - Euglenoidea Эвгленалар жасыл түсті, бір талшықты, автотрофты және гетеротрофты жолымен қоректенетін талшықтылар. Бұлар көбінесе органикалық заттары мол таза, тұщы және ластанған таяз суларда, ылғалды топырақтарда тіршілік етеді. Олардың негізгі өкілі жасыл эвглена - Euglena viridis . Денесі ұршық тәрізді, екі ұшы сүйірлеу болып келеді. Денесінің алдыңғы жағында ұзын талшығы орналасқан, осының көмегімен эвглена бұранда тәрізді козғалыс жасайды. Гетеротрофты тәсілімен қоректенген кезде талшықтың үздіксіз тез қозғалу нәтижесінде ұсақ органикалық заттар (бактериялар, көк-жасыл балдырлар т.б.) ауыз тесігіне жиналып жүтқыншаққа өтеді. Жұтқыншақтың түбінде ас қорыту вакуольдері пайда болып, солардың ішінде ас қорытылады, ал қорытылмаған заттар ауыз тесігі арқылы сыртқа шығарылып тұрады. Эвгленаның денесінде көптеген жасыл түсті хроматофоралары болады. Осыған байланысты эвглена автотрофты жолымен қоректенеді, ал негізінде жасыл эвглена миксотрофты организмдер қатарына жатады. Үздіксіз қоректену арқасында цитоплазмада көптеген қор заты ретінде парамил түйіршіктері пайда болады, олар крахмалға жақын көмірсу - парамиласы. Денесінің алдыңғы жағында жарық сезгіш көзшесі - стигма орналасқан, қызыл пигмент - гематохромнан құралған. Зәр шығару және осмос қысымын реттеу жұмысын жиырылғыш вакуолі атқарады. Оны бірнеше қосымша ұсақ вакуольдері қоршап жатады. Қосымша вакуольдерінен жиналған сұйық зат және зәр жиырылғыш вакуольден резервуарға құйылады да, жұтқыншақ арқылы сыртқа шығарылады. Ұзынынан бойлай бөліну арқылы жыныссыз жолмен көбейеді. Қолайсыз жағдайларда эвглена сыртына қалың қабық шығарып, соған қапталып цистаға айналады. Фитомонадалар отряды - Phytomonadina Жасыл түсті, екі талшықты, автотрофты, не миксотрофты, тұщы суларда және теңіздерде тіршілік ететін қарапайымдылар. Хроматофоралары тостағанша, ассимиляция нәтижесінде крахмал пайда болады. Кейбір түрлері Chlamydomonas braunii, Ch. steinii бір клетка құрылысты, ал басым көпшілігі клетка жиынтығынан құралған колония түзейді. Колониялы формаларына эударина (Eudorina), пандорина (Pandorina), вольвокс (Volvox) туыстары жатады. Эударина - 32 клеткадан, пандорина - 16, вольвокс мыңнан аса клеткалардан құралған колония. Вольвокстар тұщы суларда кең тараған, колониясы шар тәрізді, жасыл түсті. Колонияны кілегейлі зат қоршап тұрады, ішінде бір-бірімен цитоплазмалық көпірше (түтікше) арқылы байланысқан клеткалары орналасқан, әрбір клетканың талшықтары колонияның сыртына қарай шығып тұрады . Колониядағы особьтардын саны 500-ден 20000-ға дейін жетеді. Клеткаларының құрылысы эвгленаға өте ұқсас, айырмашылығы - екі талшықтың болуында. Вольвокстың клеткалары атқаратын қызметтеріне қарай ірілі-ұсақты болып келеді. Ірі клеткалары немесе генеративті-көбею қызметін атқарады, аналық және аталық гаметаларды түзейді (макро- және микро-гаметаларды). Ал ұсақ клеткалары немесе соматикалық көбеюге қабілеті жоқ, сондықтан барлық қалған қызметтерін атқарады (жылжу, ас қорыту тағы басқаларды). Вольвокс жыныссыз палинтомия жолымен көбейеді, шар тәрізді колонияның ішінде жас колониялар түзіледі. Олардың ұлғаюынан аналық шардың қабырғасы жыртылады да, жас шарлар сыртқа шығып, өз бетінше тіршілік ете бастайды. Жас колония өсе келе ересек колонияға айналады. Вольвокс жынысты жолмен де көбейеді. Генеративті клеткалардан пайда болған макро және микрогаметалар қосылып зигота түзейді, зиготаның бөліну нәтижесінде колония түзіледі. Колониялы талшықты қарапайымдылардың теориялық маңызы зор. Эволюциялық тұрғыдан қарағанда көп клеткалы жануарлардың арғы тегі бір клеткалы колониялы талшықты қарапайымдылар болып саналады (Э. Геккельдің, И. И. Мечниковтың теориясы). ЖАНУАРТЕКТЕС ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ -ZOOMASTIGINA Гетеротрофты талшықтылар, еркін немесе паразиттік тіршілік етеді. Олар құрылысы мен тіршілік әрекетіне байланысты көптеген отрядқа бөлінеді. |