Зоология. 30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия. Лекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі
Скачать 2.15 Mb.
|
Жағалы талшықтылар отряды - Choanoflagellata Жеке (Codosiga) және колония (Sphaeroeca) түзіп тіршілік етеді. Талшығы біреу, оның түбін цитоплазмадан құралған жұқа жаға қоршап жатады. Талшыктың қозғалу әсерінен ұсақ органикалық қоректік заттар (бактериялар, көк-жасыл балдырлар т.б.) жағаға жабысып, бірте-бірте цитоплазмаға және ас қорыту вакуоліне өтеді. Тамыраяқты талшықтылар отряды - Rhizomastigina Бір немесе бірнеше талшықтары болады. Олар талшықтарымен қатар жалған аяқтарын да (псевдоподияларын) шығара алады, сондықтан да екі кластың Sarco-dina және Mastigophora-ның аралық иесі болып саналады. Бактериялармен, көк-жасыл балдырлармен, ұсақ қарапайымдылармен қоректенеді. Жыныссыз жолмен ғана көбейеді. Тұщы суларда жиі кездесетін өкілдері: Mastigamoeba aspera, Actinomonas mirabilis және басқалары. Кинетопластидалар отряды - Kinetoplastida Бұл отрядтың ерекшелігі - талшықтың түбінде, яғни кинетосоманың жанында кинетопласт деп аталатын арнайы органоидтың болуында. Кинетопласт ұсақ денелік, митохондрияға ұқсас, іші ДНК-ға толы. Бір немесе екі талшығы болады. Өз еркінше қозғалатын Bodo туысының өкілдері тұщы суларда көп кездеседі. Басым көпшілігі жануарларда және адамдарда паразиттік тіршілік етіп (Costia, Trypanosoma, Leischmania туыстарының өкілдері) қауіпті ауруларды туғызады. Трипаносома (Trypanosoma) туысының өкілдері 20-70 мкм-ді сопақша, ұшы сүйірленіп келген талшықтылар . Талшығы ұзын, артқы жағынан басталып денесінің алдыңғы жағына келіп бос бітеді. Талшық пен клетка мембранасының арасында толқын тәрізді жұқа жарғақ мембрана түзіледі, сол арқылы жылжиды. Трипаносомалар омыртқалы жануарлар мен адамның қан клеткалары мен тканьдерінде паразиттік тіршілік етеді. Trypanosoma rhodesiense адамда болатын "ұйқы ауруын" қоздырушы. Бұл ауру Африкада көп тараған. Трипаносоманы ауру адамнан сау адамға тасушы це-це шыбыны (Glossina palpalis және Gl. morsitans). Tr. rhodesiense ак бөкендердің қан клеткаларында кездеседі, бірақ оларға оншалық зақым келтірмейді. Сөйтіп бөкендер аурудың табиғи резервуары болады, олардан це-це шыбыны трипаносомаларды адамға жұқтырады. Tr. evansi, Tr. brucei ipi қара мал мен түйені өлімге әкеп соғатын "су ауру" деген ауруға шалдықтырады. Ауруды жұқтыратын - соналар және Glossina туысындағы шыбындар. Tr. equiperdum жылқыларда болатын "шағылыс ауруын" қоздырушы. Ауру бір жылқыдан екінші жылқыға шағылысу кезінде таралады. Трипаносома жылқының орталық нерв жүйесін зақымдайды, жылқы арықтайды және терісі қатпарланып кетеді. Лейшмания (Leischmania) туысының өкілдері ұсақ, көлемі 2-4 мкм, адамның клеткаларының ішінде паразиттік тіршілік етуіне байланысты олардың талшықтары жойылған, ал қолдан жасаған қоректік ортада және лейшманияларды тасымалдаушы насекомдардың ішегінде олар өздерінің ұзын талшықтарын қайтадан шығарады. Лейшмания ауруларын жұқтырушы - флеботомус (Phlebotomus) туысына жататын ұсақ насекомдар - москиттер болады . Лейшманиоз аурулары Кавказда және Орта Азияда көп тараған. Адамды осы ауруға шалдықтыратын негізгі өкілдері: Leischmania tropica және L. donovani . L. tropica адамның тері ауруын немесе пендинканы туғызады. Бұл ауруға шалдыққан адамның терісінде терең ойық жаралар пайда болады, олар баяу жазылып, орнында кетпейтін тыртық қалдырады. Leischmania donovani адамның ішкі лейшманиоз немесе висцеральдық лейшманиоз деген ауруын қоздырушы. Бұл ауруға ұшыраған адамның бауыры мен талағы ісінеді және теріге қан құйылады. Лейшманиоз ауруларымен иттер және құмды шөлейттердегі әр түрлі кемірушілер ауырады. Олардың да ауруларын тасымалдаушы - москиттер. Көпталшықтылар отряды - Polymastigina Өкілдерінің 4-6, одан да көп талшықтары, кейде толқын тәрізді жарғақ мембранасы және бүкіл денесін бойлап өтетін тығыз тірек таяқша - аксостильдері болады. Ядроның қасында ірілі - ұсақ түйіршіктерден құралған парабазальды денешіктер орналасқан. Көпталшықтылардың бәрі де паразиттік тіршілік етуге бейімделген. Адамда трихомонас (Trichomonas) және лямблия (Lamblia) туысының өкілдері кездеседі. Trichomonas chominis адамның тоқ ішегінде, Tr. vaginalis жыныс жолдарында тіршілік ететін сопақша келген кішкене 5-15 мкм-ді талшықтылар. Денесінің алдыңғы жағында төрт талшығы болады, олардың үшеуі бос күйінде алға қарап шығып тұрады, ал төртінші талшығы артқа қарай бағытталып толқын тәрізді жарғақтың шетіне бекініп, толқынды (ундуляция) мембранасын түзейді. Тг. hominis адамға зақым келтірмейді, ал Tr. vaqinalis адамда болатын трихономонас ауруын қоздырушы. Жыныс мүшелерін зақымдайды. Lamblia intestinalis адамның ащы, он екі елі ішегінде және өт жолдарында тіршілік етеді. Денесі екі жақты симметриялы, екі ядросы, 8 талшығы және парабазальды түйіршіктері болады. Денесінің қақ ортасынан аксостильге ұқсас фибриллярлы екі жұқа тірек таяқшасы өтеді. Ішек эпителиіне жабысатын сорғышы болады. Лямблия ішек ауруын туғызады, кейбір жағдайларда өт жолына, бауырға өтеді. Ауру циста арқылы жұғады. Гипермастигиналар отряды - Hypermastigina Көп талшықты, көп ядролы қарапайымдылар. Күрделіленген базаль түйіршіктері, аксостильдері, парабазаль денешіктері және тірек жіпшелері болады. Trichonympha, Lophomonas туыстарының өкілдері термиттердің және тарақандардың ішегінде тіршілік етеді. Көп жағдайда гипермастигиналар мен термитгер селбесіп тіршілік етеді. Термиттер клетчатканы қорек етеді, бірақ өздері оны қорытып бойына сіңіре алмайды, ал ішегінде тіршілік ететін гипермастигиналар сол клетчатканы тез ыдыратып көмірсуларға айналдырады. Опалинина отряды - Opalinina Өкілдерінің негізгі ерекшелігі - көп ядролы, денесі түгел кірпікшелермен қапталынған, осыған байланысты біраз уақыт бойы опалининаларды кірпікшелілер класына, яғни Protociliata класс тармағына жатқызған. Олардың кірпікшелі инфузориялардан басты айырмашылығы - ядролары бірдей болып келеді, жынысты жолымен көбею кезінде ұсақ бір ядролы гаметалар пайда болып, копуляция процесі жүреді (инфузорияларда - конъюгация). Қосмекенділердің артқы ішегінде паразиттік тіршілік етеді, сапрофитті жолымен қоректенеді. Басты өкілі - Ораііпа ranarum. Өзіндік сұрақтар: 1.Талшықталар класы (Mastigophora) және талшықтылардың құрылысына жалпы сипаттама, класс тармақтары. 2.Талшықтылар класы, экологиясы. 3.Фитомонадалар отряды. 4.Жағалы талшықтылар. 5.Опалиналар отряды. 6.Паразиттік тіршілік ететін қарапайымдылар. 7.Лейшмания туысының өкілдері 4-лекция Споралылар типі – Sporozoa 1.Грегариналар класы – Gregarinina 2.Кокцидиятәрізділер класы – Сoccidiomorpha 3. Книдоспоридиялар типі – Сnidosporidia 4. Микроспоридиялар типі - Мicrosporidia Споралылар буылтық құрттардың, моллюскалардың, буынаяқтылардың, омыртқалы жануарлардың және адамдардың ішегінде, дене қуысында, қан клеткаларында паразиттік тіршілік ететін бір клеткалы қарапайым жәндіктер. Паразиттік тіршіліктің әсерінен ас қорыту, жиырылғыш вакуольдері жойылған, қоректік заттарды бүкіл денесі арқылы сіңіріп алады, ешқандай қозғалыс органоидтары болмайды, тек жынысты клеткаларында - микрогаметаларында - талшығы болады. Споралылар жыныссыз, жынысты және спорогония жолымен көбейеді. Жыныссыз көбеюі ядроның көпке бөлінуі арқылы жүзеге асады, бұны шизогония процесі деп атайды, нәтижесінде мерозоиттар деп аталатын жас особьтар шығады. Жынысты жолы - гаметогония деп аталатын, гаметалардың пайда болуы. Копуляция нәтижесінде түзілген зигота қалың қабықшамен қапталынып ооцистаға айналады. Осыдан спорогония кезеңі басталады. Ооцистаның ішіңце, спорогонияның нәтижесінде, ең алдымен споробластар - бұлардан майда спорозоиттар пайда болады және олар споралардың ішінде орналасады. Споралылар типі екі класқа бөлінеді: Грегариналар - Gregarinina және кокцидиятәрізділер - Coccidiomorpha. ГРЕГАРИНАЛАР КЛАСЫ - GREGARININA Грегариналар омыртқасыз жануарлардың паразиттері, әсіресе олар насекомдарда көп кездеседі. Бір ядролы сопақша келген денесінің ұзындығы 10-15 мкм-нан бірнеше миллиметрге дейін жетеді. Цитоплазмасы екіге бөлінеді: эктоплазма және эндоплазмаға. Эктоплазмасында ұзына бойы және көлденең жатқан фибриллалары (мионем жіпшелері) кездеседі. Сол фибриллалардың қысқаруы нәтижесіңце грегариналар өз еркімен қозғалады. Басқалары алға карай сырғуы арқылы жылжиды немесе мүлде жылжымай бір жерге жабысып тұрады. Бұл класқа нағыз грегариналар отряды жатады. Нағыз грегариналар отряды - Eugregarinida Бұл отрядтың өкілдері буынаяқтылардың ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Денесі сопақтау, ұзындау, сыртын қалың қабықша - пелликула қаптап тұрады. Оның астында денесін бойлап эктоплазма жатады, ол плазмалык пер-делер түзеп, грегаринанын. бір клеткалы денесін үш бөлікке бөліп тұрады. Бірінші - эпимерит, бұнда жіңішке ілмешектері не қармақшалары болады, солар арқылы грегарина ішек клеткаларына бекініп тұрады. Екінші - протомерит, цитоплазмаға толған, ядросыз бөлік. Үшінші - дейтомерит, ядро орналасқан үлкенірек болып келген бөлік . Осындай үш бөлімді құрылысты грегариналарды Серһаііпа деген отряд тармағына жатқызады. Басқаларының денесі бөлімдерге бөлінбей, денелері құрт тәрізді не шар тәрізді жануарлардың дене қуыстарында тіршілік етеді. Бұларды Асерһаііпа отряд тармағына жатқызады. Грегариналар жынысты жолмен көбейеді. Екі грегарина бір-біріне, яғни біреуінің протомериті екіншісінің дейтомеритіне жабысып, сизигия түзейді. Содан кейін әрқайсысының денесі жұмырланып, екеуінің төңірегінде қалың қабықша бөлініп шығады. Екі грегаринаның ядросы митоз жолымен бірнеше рет бөлініп, көптеген ядролар түзіледі. Бұл ядролар дененің шет жағына қарай жылжып, цитоплазмамен қапталынып, гаметаларға айналады. Алдыңғы грегаринадан макрогаметалар пайда болады, оны примит деп атайды, артқы грегаринадан микрогаметалар - ол сателлит. Гаметалар қосылып зигота құрайды. Әрбір зигота қалың қабықшаға оранып ооцистаға айналады. Ооцистаның ішінде спорогония процесі өтеді. Ядро бөлініп 8 ядроға бастама береді. Бастапқы екі бөліну мейоз жолымен жүреді, 8 ядро түзілгеннен кейін, әрбір ядро цитоплазмамен қапталынып, ооцистаның ішінде 8 спорозоиттар пайда болады. Спорогония процесі осылай бітеді. Ооцисталар ауру жануарлардың ішегінен сыртқа нәжіспен бірге шығып, ары қарай даму үшін басқа жануарлардың ішегіне түсуі керек. Онда ооцисталар ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, спорозоиттар шығып эпимерит бөлімі арқылы ішек клеткаларына бекініп өсе бастайды. Таксоплазма КОКЦИДИЯТӘРІЗДІЛЕР КЛАСЫ - COCCIDIOMORPHA Бұл класқа өздігінше тіршілік ете алмайтын, тек қана клетканың ішінде паразиттік тіршілік ететін қарапайымдылар жатады. Денелері сопақша, домалақтау не доға сияқты болып келеді. Олар адамның, сүтқоректілердің, құстардың ішек клеткаларында, бауыр, бүйрек, қан клеткаларында кездеседі. Қан споралылардың және кокцидиялардың даму кезендері бір-біріне өте ұқсас, сондықтан бұл екеуін кокцидиятәрізділер класына жатқызады. Бұлардың көбеюінде кезектесіп жүретін үш кезеңді байқауға болады: шизогония (жыныссыз көбею) гаметогония (жынысты) және спорогония. Көптеген кокцидиялардың бір ғана иесі болады, сондықтан спорогония кезеңі жартылай немесе толық сыртқы ортада жүреді (Eimeria magna). Басқаларының иесі екеу, жыныссыз көбеюі бір иесінде өтеді, ал жынысты көбею және спорогония кезеңі екіншісінде (Plasmodium vivax). Бұл кластың негізгі екі отрядын атап кетуге болады: кокцидиялар отряды - Coccidiida және кан споралылар - Haemosporidia. Кокцидиялар отряды - Coccidiida Кокцидиялар қоянның, ірі қара малдың, үй жануарлары мен жабайы құстардың, насекомдардың ішек эпителий клеткаларында паразитті тіршілік етеді. Кокцидиоз ауруына адамдар да шалдығады. Кокцидиялардың денесі сопақша келген, алдыңғы жағы үшкір, артқы жағы доғал пішінді болады, бұларды зоит деп атайды (спорозоит, мерозоит). Зоиттың сырты үш мембраналы қабық - пелликуламен қапталынған. Оның астында түтікшелі фибриддер болады, олар субпелликулярлы микротүтікшелер деп аталады. Пелликуламен бірге олар зоиттын қаңқасын құрайды. Зоиттың денесінің алдыңғы жағында екі айрықша органоидтар орналасқан. Олар спираль тәрізді фибрилді - коноид және қапшық тәрізді іші сілекей затқа толған саны 2-ден 14-ке дейін - роптриялар. Осылар арқылы паразит иесінің клеткаларының ішіне кіреді. Роптриядан шыққан сұйық зат иесінің эпителий клетка мембранасын ерітеді де, ал коноид арқылы зоит бұранда арқылы клетканың ішіне кіреді. Кокцидияларда, клеткаларға ортақ бірқатар органоидтар болады - митохондриялар, Гольджи аппараты, эндоплазмалық торы, т. б. Кокцидиялардың даму сатысы өте күрделі. Мысал ретінде қояндардың паразиті - эймерия (Eimeria) туысының даму сатысын қарастырайық. Эймерия кезектесіп тұратын шизогония, гаметогония және спорогония жолдарымен дамиды . Ооцисталар су және шөп арқылы қоянның ішегіне түсіп, ооцистаның қабырғасы ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, ішінен 8 спорозоит шығады. Спорозоиттар ары қарай даму үшін ішектің эпителий клеткасына ену керек. Коноид және роптриялар арқылы спорозоит клеткаға еніп, денесі дөңгеленіп шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлінеді. Сол ядролардың бөлінуін шизогония дейді. Бұл жыныссыз көбею кезеңі. Шизогония нәтижесінде пайда болған әрбір ядроның төңірегінде цитоплазма жиналып, олар ұсақ мерозоиттарға айналады. Мерозоиттар эпителий клетканы әбден зақымдап болғаннан кейін ішек қуысына шығады да, қайтадан жаңа клеткаларға еніп, денесі дөңгеленіп шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы көпке бөлініп шизогония арқылы тағы да мерозойттар пайда болады. Шизогония бірнеше рет қайталанып, паразиттердің саны көбейеді. Шизогониядан кейін гаметогония кезеңі басталады. Бұл кезеңде мерозойттар гамонттарға айналады, бұлардан гаметалар пайда болады. Макрогамонттар бөлінбей өсіп макрогаметаларға айналады, ал микрогамонттардын. ядросы көпке бөлініп, цитоплазмамен қапталынып, екі талшығы бар майда микрогаметаларға айналады. Микрогаметалар жылжып макрогаметалармен қосылады. Копуляция нәтижесінде пайда болған зигота сыртынан тығыз қабықпен қапталып ооцистаға айналады. Ооцисталар қоянның нәжістерімен бірге сыртқа шығарылады. Сыртқы ортада ооцистаның ішінде спорогония кезеңі өтеді. Ооцистаның ішіндегі ядро екі рет бөлініп, төрт ядро пайда болады. Оларды цитоплазма қоршап, төрт споробласт деп аталатын клетка түзіледі. Әрбір споробласт арнайы қабықпен қапталынып, спораға айналады. Әрбір спораның ядросы екіге бөлініп - екі спорозоит түзіледі. Сөйтіп ооцистаның ішінде төрт спора пайда болып, олардан сегіз спорозоиттар түзіледі. Осындай ооцисталар сау қоянның ішегіне түскенде, оның қалың қабықшасы ішек сөлдерінің әсерінен жарылып, ішіндегі 8 спорозоиттар шығады да, иесінің ішек клеткаларында даму циклын бастайды. Эймерия (Eimeria) туыстарының толып жатқан түрлері адамды, жануарларды кокцидиоз деген ауруға шалдықтырады. Солардың ішінде Е. magna, Е. intestinalis қояндардың кокцидиозын қоздырушылар, Е. tenella тауық, үйректердің, Е. zurni, E. smithi ірі қара малдардың, Е. faurei, E. arloingi қой мен ешкілердің, E. carpelli балықтардың кокцидиозын қоздырушылар. Адамда да кокцидиялар кездеседі. Олар Isospora belli және I. hominis. Кокцидиоз - ішек ауруына душар етеді. Қан споралылар отряды - Haemosporidia Кең тараған паразиттік тіршілік ететін қарапайымдылар. Адамның, омыртқалы жануарлардың қан клеткаларында тіршілік етеді. Бұлардың кокцидиядан айырмашылығы спорогония кезеңі сыртқы ортада емес, қан сорғыш насекомдардың яғни Anopheles туыстас масалардың ішегінде өтеді және масалар осы паразиттерді тасымалдаушылар болып табылады. Адамда Plasmodium туысының төрт түрі паразиттік тіршілік етеді: PI. vivax, PI. malariae, PI. falciparum, PI. ovale. Бұлардың дамуы бір-біріне өте ұқсас. PI. vivax-тың даму сатысын қарастырайық . Безгек масасы (Anopheles туысынан) адамды шаққанда сілекеймен бірге адам қанына спорозоиттар түседі. Спорозоиттар өте майда 5-8 мкм, құрт тәрізді немесе орақ тәрізді. Олардың құрылысы кокцидиялардың зоит құрылысына өте ұқсас, тек коноиды болмайды. Қанға түскен спорозоиттар қан тамырлары арқылы бауырға жиналады. Осы жерде шизогония көбеюі кезеңі басталады. Әрбір споразоит бауыр клеткасына еніп, жұмырланып шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлініп, бұлардан мерозоиттар пайда болады. Осыдан кейін шизогония екі жерде жүреді: мерозоиттардың бір тобы қайтадан бауыр клеткаларына еніп, жұмырланып шизонтқа айналып, олардың ядросы бірнеше қайтара бөлініп, көптеген мерозоиттар пайда болады, ал мерозоиттардың екінші тобы бауырдан қанға шығып эритроциттерге енеді, сол жерде жұмырланып шизонтқа айналады. 2-3 сағаттан кейін шизонтта вакуоль пайда болады, сол вакуоль әсерінен шизонттың денесі сақина тәрізді болып тұрады. Кейін вакуоль жойылып, шизонт өсіп, амеба тәрізді болады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлініп 10-20 мерозоиттар пайда болады. Бұлар эритроцитті зақымдап қанға шығады да, жаңа эритроциттерге енеді, содан шизогония кезеңі қайтадан басталады және бұл процесс бірнеше рет қайталанады. Сөйтіп шизогония бауыр клеткасында және эритроциттерде өтеді. Шизогония кезінде адам қанындағы паразиттің саны артады, ал эритроциттердің саны азаяды. Сау адамның Імм3 қанында 5 млн эритроциттер болса, ал безгек аурумен ауырған кезде эритроциттердің саны азайып Імм3 қанында 1 млн-ға жақын эритроциттер қалады. Шизогониядан кейін гаметогония кезеңі басталады. Бұл кезеңде мерозоиттар гамонттарға айналады. Гамонттар екі түрлі болады: макрогамонттар немесе макрогаметоциталар пісіп-жетілмеген аналық жыныс клеткалары және микрогамонттар немесе микрогаметоциттер пісіп-жетілмеген аталық жыныс клеткалары. Осыдан кейін әрі қарай даму адам қанында жүрмейді. Ендігі дамуы маса денесінде өтеді. Анофелес (Anopheles) туысына жататын безгек маса ауру адамның қанын сорған кезде оның ішегіне қанмен бірге макро және микрогаметоциттер түседі. Масаның ішегінде макрогамонттар (макрогаметоциттер) пісіп-жетіліп макрогаметаға айналады, ал микрогамонттардың (микрогаметоциттердің) ядросы көпке бөлініп, пісіп-жетіліп қозғалғыш майда микрогаметаларға айналады. Микрогаметалар және макрогаметалар қосылып зигота құрады. Зигота қозғалғыш келеді, сондықтан оны оокинета деп атайды. Оокинета масаның ішек қабырғасына еніп қозғалуын тоқтатады да, сыртына тығыз қабықша шығарып ооцистаға айналады. Ооцистаның ішіндегі ядро бөлінеді, мұның саны бірнеше мыңға жетуі мүмкін. Әрбір ядро жұқа цитоплазмамен қапталынып, мыңдаған (10000-ға дейін) спорозоиттар түзіледі. Ооцистаның көлемі өсіп, мыңдаған спорозоиттар пайда болғаннан кейін ооциста жарылады. Қозғалғыш спорозоиттар безгек масаның аралас қуысына түсіп, гемолимфа ағынымен сілекей бездеріне жиналады. Маса адамды шаққанда оның қанына сілекеймен бірге спорозоиттар да түседі. Даму циклы ары қарай жалғасады. Сонымен безгек плазмодиясының тіршілік циклы өте күрделі және олар иесін алмастырып отырады, жыныссыз көбеюі адам қанында, ал жынысты көбеюі безгек масасының ішегінде өтеді. Плазмодияның негізгі иесі - безгек масасы, ал аралық иесі - адам. Безгек плазмодиясы адамның безгек ауруын қоздырушы. Безгекпен ауырғанда безгек ұстауынан басқа анемия (эритроциттердің азаюы) байқалады және плазмодиялар қан плазмасына улы өнімдерін бөледі. Ауру адамның безгегі әр 72 сағат, немесе 48, немесе 24 сағат сайын қайталанып отырады. Осы қайталануы плазмодияның өкіліне және шизогония мерзіміне байланысты. PI. vivax-та шизогония 48 сағатқа созылады, сондықтан безгек үш тәулікте бір рет ұстайды, ол безгекті үш күндік безгек деп атайды. Р1. malariae-да шизогониясы 72 сағатқа созылады, сондықтан безгек төрт күннен кейін қайталап ұстайды, ол төрт күндік безгек. PI. falciparum-да шизогония 24 сағатқа созылады, безгек 24 сағатган кейін қайталап ұстайды. Неғұрлым безгек жиі қайталанса, соғұрлым қауіпті. Безгек ауруын адамнан адамға анофелес (Anopheles) туысына жататын безгек масаларының түрлері ғана таратады. Солардың ішінде Қазақстанда көп тараған An. maculipennis, An. hyrcanus т.б. Безгек ауруына қарсы шаралардың бірі - масалардың сан мөлшерін азайтуға қолайлы тәсілдерін қолдану, ауырған адамды дәрілермен емдеу. КНИДОСПОРИДИЯЛАР ТИПІ - CNIDOSPORIDIA Книдоспоридиялардың барлығы дерлік паразиттер. Книдоспоридиялардың тіршілік циклы әрқашанда екі ядролы амеба тәрізді ұрықтан басталады. Түзілген споралары көп клеткалы. Книдоспоридиялар типіне екі класс жатады. Шырышты споралылар немесе миксоспоридиялар - Myxosporidia және актиномиксидиялар -Actinomyxidia. Актиномиксидиялардың шырышты споралылардан негізгі айырмашылығы - споралары үш қақпақшалы, ішінде үш атқыш капсуласы және көптеген амеба тәрізді ұрықтары болады. Олар азқылтанды буылтық құрттардың және сипункулидтердің паразиттері. МИКСОСПОРИДИЯЛАР КЛАСЫ - MYXOSPORIDIA Шырышты споралылардың 1000-ға жуық түрі белгілі, балықтардың, космекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың паразиттері. Иесінің әр түрлі мүшелерін зақымдайды: терісін, бұлшықетін, желбезегін, шеміршектерін, нерв жүйесін, өт жолдарын, қуығын. Бұлар тканьдік және қуыс аралық паразиттері болып табылады. Дене қуысыңдағы миксоспоридиялар - көп ядролы амеба тәрізді плазмодиялар, мөлшері 10 мкм-ден 2 сантиметрге дейін . Ткань арасында тіршілік ететін миксоспоридиялар диаметрі 1-2 см-ге дейін жететін циста (ісік) түзейді. Циста паразиттің цитоплазмасына толған, ішінде көп ядролары болады. Ядролар өзінің құрылысы мен атқаратын қызметінің ерекшелігіне қарай екі топқа бөлінеді: вегетативті және генеративті. Вегетативті ядролар тіршілікке қажетті зат алмасу, белокты синтездеу, өсу т. б. қызметтерін атқарады. Генеративті ядролар көбею процесіне қажетті екі спораларға бастама береді. Бұл күрделі процестің басында генеративті ядролардың сыртын цитоплазма қаптайды, соның нәтижесінде генеративті клеткалар қалыптасады. Олар цистаның ішінде еркін қозғалады. Біраз уақыттан кейін әрбір генеративті клетканың ядросы бөлініп, көп ядролы панспоробласттарды құрайды. Панспоробластың ішінде екі спора қалыптасады . Миксоспоридия спораларының формалары әр түрлі болғанымен, олардың құрылысы бірдей. Bivalvulea отрядының өкілдерінде споралары алты ядродан қалыптасады. Споралардың сырты қатты қабықпен қапталынған. Оның қалыптасуына екі ядро қатысады, сондықтан қатты қабық екі қақпақты (жармалы) болып келеді. Қабықтың іш жағында жіпшесі бар екі атқыш капсуласы орналасқан, оның түзілуіне де екі ядро қатысады, ал қалған екі ядро спораның ішінде орналасқан екі ядролы амеба тәрізді ұрықты түзейді. Осылай миксоспоридиялардың споралары көп клеткалы құрылым болып келеді. Циста жарылған кезде ауру балықтың денесіндегі споралар суға шығып, басқа балықтар оларды жұтады. Ішекке түскен спораның (ішектегі сөлдің әсерінен) атқыш жіпшесі атылып эпителиге жабысады. Соның салдарынан спораның қатты қабығы ашылып, екі ядролы амебатәрізді ұрық ішекке шығады да, қан арқылы өзінің паразиттік тіршілік ететін мүшелеріне жетеді. Сол жерде амебатәрізді ұрықтың екі ядросы қосылып, содан кейін бөлініп көп ядролы плазмодияға немесе цистаға айналады. Одан қайтадан генеративті клеткалар түзіліп споралар қалыптасады. Миксоспоридиялардың барлық ядролары (вегетативті және генеративті) диплоидты, тек спора қалыптасқан кезде ядроның бөлінуі мейоз жолымен жүреді, соның нәтижесінде спора түзетін ядролар гаплоидты болып келеді. Спорадан шыққан екі ядролы, амебатәрізді ұрықтың екі ядросы қосылып қайтадан диплоидты түрге айналады. Жыныстық процестің осыңдай түрін автогамия деп атайды. Сөйтіп книдоспоридиялардың барлық тіршілік кезеңдерінде ядролары диплоидты болып келеді, тек қана спораның ішіндегі амеба тәрізді ұрықтың екі ядросы гаплоидты. Книдоспоридиялардың споралылардан ерекшелігі осында. Миксоспоридиялар балықтарды түрлі ауруларға ұшыратады. Өте қауіпті Myxobolis және Lentospora туыстарының түрлері. Олар балықтың "ісік ауруы" және "айналшақ" деген ауруды қоздырушылар. МИКРОСПОРИДИЯЛАР ТИПІ - MICROSPOmDIA Бұл типке 300-ге жуық түрлер жатады. Олар клетканың ішінде тіршілік ететін паразиттер. Көпшілігі насекомдардың және басқа омыртқасыз жануарлардың паразиті, аз ғана түрі балықтарда кездеседі. Микроспоридиялар типіне бір отряд жатады: микроспоридия - Microsporidia отряды. Мөлшері 4-6 мкм, өте сирек 10 мкм-ліктері де кездеседі. Микроспоридиялардың спорасы бір клеткалы қатты қабықшамен қапталынған, ішінде бір ядролы немесе екі ядролы ұрық - спороплазма және бұранда сияқталып оралған атқыш жіпшесі орналасқан. Спора өз иесіне түскеннен кейін атпа жіпшесі атылып, ішектің эпителиіне енеді. Жіпшенің ұзындығы спораның ұзындығынан он есе немесе одан да көп ұзын болады. Жіпшемен бірге спорадан амеба тәрізді ұрық - спороплазма да шығады. Спороплазманың спорадан шығу әдісі әлі толық зерттелмеген. Кейбір зерттеушілер спороплазма жіпшенің ұшына жабысып тұрады деп есептейді, ал басқа зертгеушілердің айтуы бойынша жіпше түтікше тәрізді, спороплазма сол түтікше арқылы шығады. Иесінің клеткасына түскен ұрық - спороплазма тез көбейе бастайды, соның нәтижесінде тізбек сияқты тізіліп көп ядролы плазмодиялар пайда болады. Соңында бір клеткалы споралар құралады . Микроспоридиялардың спораларында атпа жіпшелерінің болуына байланысты бұларды миксоспоридиялармен бірге книдоспоридия типіне жатқызған. Бірақ кейін электронды микроскоппен зерттеу нәтижесінде бұл белгі тек сыртқы ұқсастық екені анықталды. Микроспоридиялардың миксоспоридиялардан айырмашылығы: спораларының құрылысы онша күрделі емес, атқыш капсуласы болмайды, споралары бір клеткалы, бұлар клетка ішінде болатын паразиттер. Кейбір микроспоридиялар қауіпті паразиттер. Мысалы Nosema bombycis тұт жібек көбелегінің жұлдыз құртында болатын "пебрина" деген ауруды қоздырады. N. apis - бал арасында болатын "іш өтуі" деген ауруды қоздырушы. Микроспоридиялардың бірнеше түрлері балықтарда кездеседі, бірак оларға көп зиян келтірмейді. |