Зоология. 30 ЛЕКЦИЯ омыртқасыздар зоологиясы - копия. Лекция Зоология пні, жануарлар лемі Жануарлар леміні жйесі
Скачать 2.15 Mb.
|
Нағыз көп клеткалылар – Еumetazoa 1.Сәулелілер - Radiata, қос қабаттылар – Diploblastica 2.Ішекқуыстылар типі - Сoelenterata (Сnidaria) 3. Гидрозоа класы - Hydrozoa 4. Теңіз гидроидты полиптер отряды - leptolida СӘУЛЕЛІЛЕР - RADIATA, ҚОС ҚАБАТТЫЛАР - DIPLOBLASTICA Нағыз көп клеткалы жануарлардың басты ерекшелігі - дене құрылысындағы клеткалары толық дифференцияланған, бір-бірімен өзара байланысты тканьдері, мүшелері, нерв жүйесі жақсы дамыған. Eumetazoa тобындағы жануарлар, мүшелерінің белгілі тәртіпте орналасуына немесе дене симметриясына қарай екі үлкен бөлімге бөлінеді: сәулелі (радиальды) - Radiata және екі жақты (билатеральды) симметриялы жануарлар - BUaterata. Жануарлардың бекініп тіршілік етуіне немесе суда шарықтап жүзуіне және қоршап тұрған ортаның оған жан-жағынан бір қалыпта әсер етуіне орай мүшелері бір осьтің төңірегінде шашыраған сәулелер сияқтанып орналасады да, дененің сәулелі (радиальды) симметриясын құрайды. Сәулелі симметриялы жануарлардың денесі екі қабаттан тұрады: сыртқы - эктодермадан, ішкі - энтодермадан. Осы белгісіне сай олар екі қабатты -Diploblastica тобына жатады. Сәулелілерге екі тип жатады: ішекқуыстылар - Coelenterata және ескектілер -Ctenophora. ІШЕКҚУЫСТЫЛАР ТИПІ - COELENTERATA (CNIDARIA) Ішекқуыстылардың басты белгілерінің бірі онтогенездік дамуы барысында тек екі ұрық жапырақшалары қалыптасып және олар ересек особьтарында айқын сақталып, бір-бірінен мезоглея қабатымен бөлінген эктодерма және энтодерма қабаттарын құрайды. Осы белгісіне байланысты ішекқуыстылар екі қабатты (Diploblastica) жануарлар тобына жатады. Екіншіден - энтодерма қабатындағы клеткалары қуыс ішіне ас қорыту сөлін шығарып, асты қуыстың ішінде қорытады. Осыған байланысты ішекқуыстылардың дене қуысы гастральды қуыс немесе ішек қуысы деп аталады. Типтің аты да осыған сәйкес берілген. Белгілерінің тағы бірі - сәулелі симметриясының болуы. Жоғарыда айтылғандай, ол өмір бойғы немесе тіршілік циклінің бір ғана кезеңіндегі тіркелмелі немесе суда қалқып жүзіп тіршілік етуінің және қоршаған ортаның тұрақты әрі бірқалыпты ықпал етуінің салдары. Морфологиялық құрылысы жағынан және тіршілік етуіне қарай ішекқуыстылар тіркелмелі - полиптер және еркін жүзіп жүретін - медузалар болып топтасады. Полиптердің денесі көбінесе цилиндр тәрізді. Табаншасымен субстратқа бекінеді, ал оған қарама-қарсы жағында гастраль қуысына ашылатын қармалауыштармен қоршалған ауыз тесігі болады. Полиптер тобында жеке тіршілік ететін особьтары өте аз кездеседі, негізінде олар колонияльді формалар. Колониядағы особьтары құрылысы және қызметі жағынан әр түрлі болса, ол - полиморфты, ал бірдей болса - мономорфты колония болады. Медузалар - жеке, шарықтап жүзіп тіршілік ететін организмдер. Денесі шатыр, табақша, қоңырау тәрізді. Колония құрмайды. Ішекқуыстылардың тағы да бір ерекшелігі - атқыш (күйдіргіш) және нерв клеткаларының болуы. Ішекқуыстылардың басым көпшілігі теңіздерде, аз ғана өкілдері тұщы суларда мекендейді. Олардың 9000-ға жуық түрлері белгілі. Дене пішіні цилиндр, шатыр, табақша, қоңырау тәрізді, ұзындығы 1 мм-ден бірнеше см-ге дейін. Ірі түрлері де кездеседі. Мысалы, Суапеа arctica-ның көлденеңі 2 м, ал қармалауыштарының ұзындығы 30 м-ге дейін жетеді. Ішекқуыстылар жыныссыз, жынысты және ұрпақ алмасуы - метагенез арқылы дамиды. Ішекқуыстылар өте ертедегі жануарлар, олардың ізбесті қаңқасы болғандықтан көпшілігі қазба күйінде жақсы сақталынған. Ішекқуыстылар типі үш класқа бөлінеді: гидрозоа класы - Hydrozoa, сцифозоа - Scyphozoa және маржан полиптері - Anthozoa. ГИДРОЗОА КЛАСЫ - HYDROZOA Гидрозоа класының 2700 түрлері белгілі, теңіздерде, тұщы суларда тіршілік ететін қарапайым құрылысты жануарлар. Олардың полиптер мен медуза формалары - гидрополип және гидромедуза деп аталады. Жыныссыз, жынысты жэне ұрпақ алмасуы арқылы дамиды. Личинкалары - планула деп аталады. Гидрозоа класы екі класс тармағына бөлінеді: гидроидтылар - Hydroidea және сифонофоралар - Siphonophora. ГИДРОИДТЫЛАР КЛАСС ТАРМАҒЫ - HYDROIDEA Бұларға жеке немесе колония құрып тіршілік ететін гидроидты полиптер жатады. Гидра (Hydra oligactis) - қарапайым құрылысты полиптің бірі. Биіктігі 1 см-ге жуық, ұзына бойы созылған қапшық тәрізді, табанымен субстратқа бекініп өмір сүреді. Өзендер мен шалшық суларда жиі кездеседі. Құрылысы мен физиологиясы. Гидраның денесі эктодерма және энтодерма қабатынан құралған. Олардың арасындағы мезоглея қабаты өте жұқа құрылымсыз қоймалжың заттан тұрады. Денесінің бос жағында (алдыңғы) 6-12 қармалауышпен қоршалған ауыз тесіп орналасқан. Ол, энтодермалық клеткаларымен астарланған гастральдық қуысына ашылады. Гидраның эктодерма қабаты алты түрлі клеткалардан құралған. Олар: жабынды пителиальді клеткалары, эпителиальды-бұлшықет клеткалары, интерстициальды немесе аралық, атқыш, жыныс және нерв клеткалары Эпителиальды-бұлшықет (мускул) клеткалары цилиндр немесе призма тәрізді, өзінің түбімен мезоглея қабатына бағытталып, сол жерде өскіншелер түрінде созылады. Өскіншенің цитоплазмасы жіңішке жиырылғыш талшығын құрайды. Осындай эпителиальды клеткаларының өскіншелері бірігіп бойлай созылып орналасады, олар жиырылғанда гидраның денесі тартылып қысқарады. Ал клеткалардың негізгі цилиндрлік бөлігі бір қабатты жабынды эпителиді құрайды. Сонымен эпителиальды-бұлшықет (мускул) клеткалары жабынды эпителидің және жиырылу қызметін атқарады. Эпителиальды-бұлшықет клеткалардың арасында ұсақ аралық немесе интерстициальды клеткалар орналасқан, олардан жыныс және атқыш клеткалар пайда болады. Атқыш немесе қалақай клеткалары алмұрт тәрізді, ішінде қатты қабықты сопақша атпа капсуласы орналасқан. Капсула улы затқа толы және оның ішінде қабықшасының өзгеруінен пайда болған, іші қуыс спираль тәрізді оралған жіпше жатады. Атқыш клетканың сыртында қылтанақ тәрізді - книдоциль деп аталатын сезгіш талшығы болады, оны ұсақ түктер айнала қоршаған. Егер сезгіш талшыққа бір организм тиіп кетсе, онда ол ауыткып, клетканы коздырады да, капсула ішіндегі спираль тәрізді жіпше атылып денеге шаншылады. Жіпшемен бірге капсуланың ішіндегі күйдіргіш немесе улы сұйық затта қоса бүркіледі. Құрылысы мен атқаратын қызметіне байланысты капсуланың бірнеше түрі кездеседі. Пенетранттар - капсуласы ірі, атқыш жіпшесін жауының немесе қорегінің денесіне сұғып жіберіп, улы заттарымен оны жансыздандырады. Вольвенттер - капсуласы ұсақ, атқыш жіпшесі қысқалау, қорегін жіпшемен шырмап алады. Глютинанттар - капсуласы созылыңқы, атқыш жіпшесі ұзын, жабысқак, өз қорегіне кілегейленіп қалады. Осындай құрылысты атқыш клеткалар қорғаныс және қорегін аулау қызметін атқарады. Атқыш клеткалар көбінесе қармалауыштарда және ауыз тесігінің айналасында шоғырланып орналасады. Жыныс клеткалары аралық (интерстициальды) клеткалардан қалыптасып, аталық клеткалары - сперматозоидтары ауыз полюсіне, ал аналық - жұмыртқалары табанына жақын орналасады. Гидралар дара және кос (гермафродиттер) жыныстылар. Гидраның эпителиальды - бұлшықет клеткаларының астында жұлдыз пішінді нерв клеткалары (нейрондар) жатады. Олар өздерінің тармақ ұштары арқылы бір-бірімен сабақтасып нерв торын түзеді. Осындай құрылысты жүйені диффузия типті нерв жүйесі деп атайды. Гидраларда екі нерв шоғырын байқауға болады, олар ауыз аймағында және табанында. Гидраны тітіркендірсе денесі түгелімен жиырылады. Гидраның энтодерма клеткалары ауыз шетінен бастап гастральды қуысын түгел іштей астарлап жатады. Энтодерманың негізін үш түрлі клеткалар түзейді, олар эпителиальды-бұлшықет, талшықты және без клеткалары. Эпителиальды-бұлшықет клеткаларының құрылысы эктодерма қабатындағы эпителиальды-бүлшықет клеткаларына ұқсас, тек олардың жиырылғыш өскіншелері сақина тәрізді көлденең орналасқан, олар жиырылғанда гидраның денесі жіңішкеріп созылады. Эпителиальды- бұлшықет клеткаларының призмалық немесе цилиндрлік бөлігі гастральды қуысына бағытталып, жалған аяқтарының немесе 2-3 талшығының жәрдемімен гастраль қуысына түскен ұсақ жәндіктерді ұстап, клетканың ішінде қорытады. Гастральдық қуысқа түскен ірі қоректер (дафния, циклоп, балықтардың шабағы) энтодерманың безді клеткаларынан бөлініп шыққан ас қорыту сөлдерінің әсерімен қорытылып, қорытылмаған қалдықтар ауыз тесігі арқылы сыртқа шығарылып отырады. Сонымен гидраның ас қорытуы клетка ішілік және клеткадан тыс немесе қуыс ішілік болып келеді. Осыған байланысты гидраның ішкі қуысы гастраль немесе ішек қуысы деп аталады. Эктодерма және энтодерма қабатында орналасқан эпителиальды-бұлшықет өскіншелерінің жиырылуына байланысты гидра бір қалыпты қадам басу немесе тоңқалаң асу жолымен қозғалады. Губкаларда сияқты, гидраларда да регенерациялық қабілеттілігі күшті дамыған. Көбеюі мен дамуы. Гидралар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Жыныссыз көбеюі бүршіктену арқылы жүзеге асады. Денесінің бүршіктену белдеушесінің аймағында бірнеше бүршіктер пайда болып (гидраның құрылысына ұқсас), кейіннен олар аналық особь денесінен бөлініп, субстратқа бекініп, дербес тіршілік ете бастайды. Күзге таман гидралар жынысты жолмен көбейеді. Ұрықтанған жұмыртқа қатты қабықпен қапталып, тыныштық күйде қыстап шығады да, көктемде ол бөлшектеніп, бластуладан кейін қос қабатты гаструла сатысында ересек түріне айналады. Теңіз гидроидты полиптер отряды - Leptolida Теңіз гидроидты полиптердің басым көпшілігі күрделі колониальды формалар, тек ұрпақ алмасуы - метагенез жолымен дамиды. Даму барысында гидроидты полип және гидроидты медуза қалыптасып, олар үнемі бір-біріне алмасып тұрады. Гидроидты полип бұтақ тәрізді колония құрайды, себебі жыныссыз көбею нәтижесінде пайда болған бүршіктер аналық денеден бөлінбей-ақ өз кезегінде жаңа бүршіктерді бере бастайды. Колониядағы әрбір бүршікті - гидрант деп атайды. Гидранттың құрылысы гидра құрылысына ұқсас: денесі эктодерма және энтодерма қабатынан құралған, ауыз тесігінің аймағында көптеген қармалауыштары болады, тек гастраль қуысы барлық дене бойынша созылып ортақ гастральды қуысымен жалғасады. Осы себептен, егер бір гидрант қорегін ұстап қорытса, корытылған ас бүкіл колонияға нәр береді. Колонияның эктодермальды жабынды эпителий клеткалары ерекше - тека деп аталатын органикалық жұқа қабықты бөліп, колонияның сыртқы жабындысына айналады да, оның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Теканың дамуына орай гидроидты полиптер отряды екі отряд тармағына бөлінеді. Егер тека колонияны тек гидрант құрылатын жерге дейін жауып тұрса - онда ол Athecata (текасы жок гидранттар) отряд тармағының белгісі, ал тека бүкіл колонияны және гидранттарды жауып тұрса - Тһесарһога (текасы бар гидранттар) отряд тармағының белгісі. Гидрант төңірегін коршап, жауып тұратын теканы гидротека дейді. Теңіз гидроидты полиптердің көбеюі. Медузаның құрылысы. Теңіз гидроидты полиптер алғашқыда тек жыныссыз жолмен көбейеді. Соның нәтижесінде, жоғарыда көрсетілгендей гидранттар қалыптасады. Сонымен қатар белгілі бір кезеңде колонияда бүршіктену арқылы ерекше (гидранттарға ұқсас емес) өскіншелер пайда болады да, олар созылып түрі өзгерген полип - бластостильге айналады. Оның төңірегін қоршап тұрған теканы - гонотека деп, ал осындай құрылымды особьты гонангий деп атайды . Бластостиль бүршіктену арқылы жынысты особьтарға - медузаларға бастама береді, олар бірте-бірте жас медузаларға айналып, кейін бластостильден белініп гонангийдің ішінен суға жүзіп шығады. Медуза - гидроидты полиптің ұрпағы болғандықтан, оны гидромедуза деп атайды. Денесі көлденеңінен 2-3 мм шамасындай, қол шатыр немесе қоңырау пішіндес. Сыртқы төбешік бөлігін - эксумбрелла, ішкі ойығын - субумбрелла деп атайды. Шатырдың жиегінде қармалауыштары және сақиналы бұлшықетті жұқа жарғақ орналасқан - ол желкен, шатырдың жиегін жиырып, гидромедузаның жүзуіне көмектеседі. Гидроидты медузалар сцифозоа (Scyphozoa) класына жататын медузалардан осы белгісімен (желкенімен) ерекшеленеді. Гидромедузалар суда жай қалқып, шарықтап немесе өзінше белсенді қозғалады. Шатыр жиырылғанда, ойық жағындағы су қатты қысыммен атқылап шығып, денесінің алға қарай қозғалуына күшті дүмпіл береді. Гидромедузаның құрылысы полиптің құрылысына ұқсас, бірақ тіршілік етуіне қарай бірнеше өзгешеліктері байқалады. Эктодерма мен энтодерманың аралығындағы мезоглея қабаты суға толып қалыңдаған жалқаяқ тәрізді іркілдек күйінде болады. Сондықтан денесі су түстес мөлдір болып, жауларынан жасырынуына мүмкіндік береді. Гидромедузаның гастраль қуысы гастроваскулярлы жүйеге айналған. Ауыз сабақшасының ұшында орналасқан ауыз тесігі жұтқыншақ арқылы қарынмен және одан тарамдалған төрт немесе төртке тең радиальды түтікшелермен жалғасады. Радиальды түтікшелер шатырдың жиегіндегі орталық сақиналы түтікшемен тұтасып тұйық бітеді. Қорытылмаған ас қалдықтары ауыз тесігі арқылы сыртқа шығарылып тұрады. Қозғалмалы тіршілік етуіне байланысты гидромедузалардың нерв жүйесі полиптерге қарағанда күрделіленген. Диффузиялы нерв жүйесінен басқа денесінің шатыр жиегінде нерв клеткалары шоғырланып ганглиялы түйіндерді құрайды. Олар нерв сабақшаларымен өзара жалғасқан біртұтас нерв сақинасын түзейді. Сонымен қатар шатырдың айнала жиегінде, радиальды түтікшелердің жанында сезім мүшелері орналасқан. Олар көзшелері және тепе-теңдік мүшелері. Көзшелерінің құрылысы қарапайым, көздақтары деңгейіңце дамыған. Эктодермальды пигментті және жарық сезгіш - ретинальды клеткаларының қабаттасып орналасуынан түзіледі. Кейде пигмент клеткалары тереңірек батып көз шұңқыры пайда болады. Ол көзшені закымданулардан сақтайды және ретинальды клеткалары беткі қабатына жиналып, жарық сезгіш қабілетін ұлғайтады. Кейбір түрлерінде (Sarsia туысынан) көз шұңқыры эктодермальды клеткаларынан бөлінген мөлдір қоймалжың затқа толып, көз жанарына (хрусталикке) айналады . Статоцист деп аталатын тепе-теңдік мүшесі, эктодерма қабатының сезгіш клеткаларынан құралған, көбікше пішіндес болып шатырдың жиегіндегі қармалауыштардың түбінде орналасады . Статоцисттің қабырғасын құрайтын сезгіш клеткаларының бірі ішке қарай сұйық ортасына өтіп, статолит деп аталатын ұсақ ізбесті тасшаға айналады. Гидромедузаның денесі ауытқыған кезінде статолиттер өз қалпын өзгертіп, сезім клеткаларына әсер етеді де, олар нерв клеткаларын қоздырып, сол сәтте дене қайта тепе-теңдікке келеді. Сонымен қатар статоцист шатырдың жиырылуын да реттеп тұрады, егер статоцисттерді кесіп тастаса, онда гидромедузаның қозғалуы тоқтайды. Көбеюі және дамуы. Гидромедузалар тек жынысты жолмен көбейеді, олар - дара жыныстылар. Жыныс бездері (гонадалары) радиальды түтікшелер астында (Тһесарһога отряд тармағында), немесе ауыз сабақшасында (Athecata отряд тармағында) орналасады. Жетілген жыныс клеткалары су ортасына шығып, сырттай ұрықтанады. Зигота толық біркелкі бөлшектеніп сопақша келген бластуланы түзейді. Бластуланың гаструлаға айналуы, оның вегетативтік полюсіндегі клеткаларының біртіндеп бластоцелъ қуысына көшуі (иммиграция әдісі бойынша) арқылы жүзеге асады. Ең соңында бластоцель қуысы, энтодерманы түзейтін бір текті клеткаларға толып, ұрық осы күйде паренхимула деп аталатын личинкасына айналады. Ол - губкалардың паренхимула личинкасына ұқсас . Кейін паренхимуланың энтодермальды клеткаларының бір бөлшегі ыдырап, сол жерде келешек гастральды қуысының бастамасы шұңғыл пайда болады. Осы сатыда паренхимула, ішекқуыстыларға тән - планула личинкасына айналады. Планула сопақша келген, денесі кірпікшелермен қапталған, соның көмегімен суда біршама уақыт еркін жүзіп жүреді де, су түбіндегі субстрактқа бекінеді. Оның ауыз тесігі, қармалауыштары, гастраль қуысы қалыптасып, кос қабатты құрылысты жас гидрополипке айналады. Ол өсіп, жыныссыз көбеюдің нәтижесінде гидрант және медузалық бүршіктерді беріп колония құрайды. Сөйтіп теңіз гидроидты полиптер ұрпақ алмасу (метагенез) жолымен, яғни жыныссыз көбею мен жынысты көбеюдің кезектесіп отыруы арқылы дамиды. Осындай даму кезінде құрылысы мен көбею әдісі жағынан ерекшеленген екі түрлі ұрпақ алмасады. Біріншісі гидрополиптер, бекініп тіршілік ететін, тек қана жыныссыз жолмен көбейіп полиптер мен медузаларды қалыптастыратын формалар. Екіншісі - гидромедузалар, еркін тіршілік ететін, тек қана жынысты жолмен көбейіп гидрополиптерді қалыптастырады. Осыған орай гидрополиптік ұрпақ жынысты жолымен пайда болады да, өзі жыныссыз көбейіп гидромедузаларды қалыптастырады, ал жыныссыз жолымен пайда болған гидромедуза жынысты жолмен көбейіп гидрополиптерге бастама береді Ұрпақ алмасудың биологиялық маңызы - түрлердің таралуына мүмкіндік береді. Кейбір гидроидтылардың даму сатысында бір ұрпақтың басым болып, екіншісінің жарым-жартылай редукцияға ұшырауы байқалады. Мысалы, Athecata отряд тармағының өкілдерінде дамыған медузалы ұрпақтары колониядан үзілмей, бластостильде қалады да, сол жерде редукцияға ұшырап медузоида, гонофора немесе споросак деген формаларына айналады . Медузоида мен гонофора формалары кәдімгі медузаға ұқсас, тек ауыз тесігі, көзшелері, статоцист мүшелері дамымаған. Споросак - іші жыныс клеткаларына толған шар тәрізді. Trachylida отрядының өкілдерінде медузалық ұрпақ басым болып, планула личинкасы субстратқа бекінбей бірден медузаға айналады. Классификациясы. Гидроидтылар класс тармағы төрт отрядқа бөлінеді: гидра - Hydrida, теңіз гидроидты полиптер - Leptolida, гидромедузалар -- Trachylida, хондрофора - Chondrophora. Гидралар отряды - Hydrida Тұщы суларда кең таралган полиптер. Колония құрмай жеке тіршілік етіп, жыныссыз және жынысты жолмен дамиды. Негізгі өкілдері: кәдімгі гидра - Hydra vulgaris, сабақ тәрізді гидра - Hydra oligactis, жасыл гидра - Chlorohydra viridissima (клеткаларының ішінде тіршілік ететін бір клеткалы жасыл балдырлардың - зоохлореллалардың түсіне байланысты). Теңіз гидроидты полиптер отряды - Leptolida Бүкіл жер жүзіндегі теңіздерде кең таралған, тек Limnomedusae отряд тармағының кейбір түрлері тұщы суларда кездеседі. Бұл отряд төрт отряд тармағына бөлінген: Athecata, Thecaphora, Limnomedusa, Hydrocorallia. Athecata және Thecaphora отряд тармағының өкілдері өте көп және теңіздегі жануарлар дүниесінде көрнекті орын алады. Бұлар метагенез жолымен дамиды. Гидроидты ұрпақтары ағашқа немесе бұтақтарға ұқсас колония құрып өседі де, қалың тоғай сияқтанып кетеді. Оның арасында неше түрлі организмдер қоныстанып, барлығы ерекше гидроидты тоғай биоценозын құрайды. Athecata отряд тармағының Thecaphora-дан айырмашылығы: колониядағы гидранттардың гидротекасы дамымаған, жыныс бездері ауыз сабақшасында орналасқан, медузалары - антомедуза деп аталады, даму сатысында медузалық ұрпақтары редукцияға ұшырап, медузоида, гонофора, споросак деген формаларына айналады. Бұларға жататындар Tubularia, Sarsia, Branchiocerianthus, Clava, Cordylophora туыстары. Біздің Каспий теңізінде көп мөлшерде Cordylophora caspia түрлері мекендейді. Олар Балтық, Азов пен Қара теңіздердің суы тұщы жерлерінде де кең тараған. Thecaphora отряд тармағының колониядағы гидранттарының гидротекасы жақсы дамыған, жыныс бездері радиальды түтікшелер астында орналасқан, медузалары - лептомедуза деп аталады, полиптік және медузалық формалары кезектесіп, ұрпақ алмасу жолы жақсы дамыған. Бұларға жататын: Obelia, Sertularia, Mitrocoma туыстары. Limnomedusae отряд тармағының медузалық ұрпақтары басым болып, полиптері колония құрмай жеке тіршілік етеді. Теңіздерде және тұщы суларда кездесетін бірнеше түрлері белгілі. Мысалы, тропиктік және субтропиктік тұщы су қоймаларында және тропиктік жануарлар мен өсімдіктер өсірілетін аквариумдарда, қолдан жасалған бассейндерде кішкене Craspedacusta медузасы кездеседі. Оның полиптік ұрпағы рудиментті - микрогидра деп аталады. Табиғи күйінде Craspedacusta Тульск облысынан, Дон өзенінен, Бұхара маңындағы су қоймаларынан табылған. Ал күйдіргіш күші бар улы медуза "крестовичок" -Gonionemus vertens Жапония теңізінің жағалауында, Курилл аралдарын қоршаған теңіздерде мекендейді. Hydrocorallia отряд тармағының өкілдері қоңыржай және тропиктік теңіздерді жайлаған. Олардың медузалық ұрпақтары жойылған, полиптерінің эктодерма клеткалары ізбесті қаңқасын түзеп, колония бұталарының арасын толтырып, маржан полиптерге ұқсас, гидромаржандар деп аталатын колонияларды құрайды. Бұларға Stylaster, Allopora туыстары жатады. Гидромедузалар отряды - Trachylida Полиптік ұрпақтары жойылған, таза гидромедуза күйінде теңіздерде тіршілік етеді. Aglantha туысының өкіддері бүкіл дүниежүзілік мұхитта кездеседі. Cunina туысының личинкалары - Leptolida медузаларының паразиттері. Гидромедузалардың арасында омыртқалы жануарларға зиян келтіретін түрлері бар. Мысалы, Polypodium hydriforme (систематикалық жағдайы анықталмаған) алғашқы даму кезеңінде бекіре балықтарының уылдырығында паразиттік тіршілік етеді. Ол Еділ, Дон, Сулака өзендерінен және Арал теңізінен табылған. |