Главная страница
Навигация по странице:

  • Бақылау әдісі

  • Сараптама (эксперимент) әдiсi.

  • Темперамент

  • Социометрия

  • Абенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1). Алматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика


    Скачать 0.6 Mb.
    НазваниеАлматы 2016 Бл ебегімді азастанны педагогика ылымына танымал, крнекті педагогалым, педагогика
    Дата10.10.2022
    Размер0.6 Mb.
    Формат файлаdocx
    Имя файлаАбенбаев С. ТЖТӘ, 2016. Оқулық (1).docx
    ТипДокументы
    #725725
    страница12 из 27
    1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   27

    Арнайы құжаттарды зерттеу - бұл оқу мекемелерiнде әрбiр оқушының жеке басына қатысты iс-қағаздарымен жан-жақты танысуды көздейдi. Iс-қағаздарға: дәрiгерлiк құжат, сынып журналы, жиналыстар мен мәжiлiстердiң хаттамасы, үлгерiм парақшасын және т.б. құжаттарды жатқызуға болады.

    Бақылау әдісі – бұл педагогтың күнделік дәптеріне қажетті мәліметтерді, фактлерді түртіп алу (фиксация) әрекеті. Ол басқа әдiстерге қарағанда зерттеу жұмыстарында көптен қолданылады. Бақылау неғұрлым жақсы, әрi мақсатты ұйымдастырылса, оның нәтижесi соғұрлым терең, әрi жан-жақты болады. Бақылаудағы мақсат – педагогикалық құбылыстарды анықтауды, тәжiрибе деректерiн жинауды көздейдi. Мысалы, мектеп жағдайында бақылауды ұйымдастыру, сабақ процесiнде, қоғамдық-пайдалы iстерде оқушылардың белсендiлiгiн, жағымды немесе жағымсыз мiнез-құлық ерекшелiктерiн, т.б. қасиеттерiн анықтауда қолданылады.

    Бақылау iрiктелiп немесе жаппай жүргізiледi. Оны ұйымдастыру - бақылаудың мақсатына, нысананың нақты жағдайына байланысты алдын ала құрған жоспар бойынша жүргізiледi. Iрiктеп бақылауда жекелеген педагогикалық мәселеге қатысты фактiлердi анықтау, деректерді жинау негiзiнде жүргізiлсе, ал жаппай бақылау тұтас педагогикалық процеске немесе оқушылар ұжымына қатысты педагогикалық құбылыстардың мәнiн ашу, деректi материалдар жинау барысында атқарылады.

    Бақылау – басқа зерттеу әдiстерiн енгізуге байланысты белгiлi бiр кезеңiнде тоқталады. Бақылау әдiсiнде неғұрлым объективтi мәлiметтер алу үшін әртүрлі техникалық құралдарды да пайдалануға болады (суретке түсірiп алу, кино камерасын пайдалану және т.б.).

    Әңгімелесу – бұл диалог түріндегі әдіс. Ол тәлімгерлермен тәрбиелік ықпалды бірмезгілде ұйымдастыру барысында жүргізіледі.

    Әңгiмелесу әдiсi бақылаудың деректерiнің негізінде, педагогикалық құбылыстарға қосымша ақпарат, мәліметтер жинау үшін қолданылады. Әңгiмелесу – алдын ала нақтылы жоспар құру, мақсатқа сай сұрақтар әзiрлеудi қажет етедi. Мектеп жағдайындағы әңгiмелесу жекелеген оқушылармен, оқушылар тобымен, белсендiлермен, мұғалімдер және оқушылардың ата-аналарымен жүргізiледi.

    Ата-аналармен әңгімелесу - оқушылардың үйдегі өмірі мен еңбек жағдайын, отбасы туыстарымен қарым-қатынасын, бос уақыттарын қалай өткізетіндігін, үй тапсырмаларын орындаудағы белсенділігі мен жауапкер-шілігін анықтап білуге ықпал етеді.

    Сынып жетекшісінің өз оқушыларының үй жағдайларымен танысуы, сонымен бірге ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатуға, олардың педагогикалық білім дәрежелерін анықтауға мүмкіндік туғызады.

    Педагогикалық зерттеудiң бақылау және әңгiмелесу әдiстерiн қолданған кезде оның мазмұны мен қажетті мәліметтерді, фактлерді мiндеттi түрде күнделiкке жазып отыру тиiс. Бұл әдiске қатысты тағы бiр ерекшелiк, оның мақсатын жарияламау, нысана анықталып, зерттелiп отырған педагогикалық мәселелер туралы беймәлiм болуын қажет етедi. Бұлай болмаған жағдайда, зерттеушiнiң сұрақтарына жауап шынайы мағынасында берiлмеуi мүмкін, не болмаса субъект (бала) қойылып отырған сұрақтарға жауап беруден бас тартуы ғажап емес.

    Сауалнама(анкета) – бұл қажетті мәліметтерді арнайы жасалған сұрақ парақшаларының көмегімен жаппай жинақтау тәсілі. Бұл әдiс зерттелiп отырған педагогикалық мәселеге, құбылысқа байланысты көпшiлiк пiкiрiн бiлу мақсатында алдын ала тыңғылықты дайындаған сұрақтарға жазбаша жауап беру жағдайында жүргізiледi. Ол көпшiлiктiң жауабын салыстырмалы түрде материалдарды анықтау негiзiнде атқарылады. Сауалнама әдiсiн қолдану барысында ондағы сұрақтардың көлемi шағын, әрi анық болуын ескеру қажет.

    Сауалнама әдiсiнiң жазбаша пiкiр сұрау түрінен (анкета жүргізу) басқа сұхбаттасу (интервью алу) әдiсi де қолданылады. Әдiстiң бұл түрі әлеуметтік зерттеулерде көп қолданылады. Ол педагогика ғылымы саласында да белгілі бір нақтылы жағдайға байланысты iшiнара қолданылып отырылады.

    Сараптама (эксперимент) әдiсi. Жоғарыда көрсетiлген педагогиканың зерттеу әдiстерiнiң қорытындысына сүйенiп, зерттеу мiндеттерiне сай алдын ала болжамның нәтижесi бойынша жинақталған фактiлер, тұжырымдардың дәлелдiгiн және практикада қолдану мүмкіндiгiн анықтау мақсатында жүргізiледi. Сараптама түрлі жағдайда, бiрнеше тәсiлдердi қолдану барысында ұйымдастырылуы әбден мүмкін. Сараптама табиғи, зертханалық жағдайда жүргізiледi.

    Табиғи сараптама күнделiктi өмiр жағдайына байланысты ұйымдастырылса, зертханалық сараптама арнайы жасалған жағдайлар негiзiнде жүргізiледi. Зертханалық сараптамаға тән қасиет – ондағы әрекетте iзденушiлiк мақсат басым болып келедi. Сараптама әдiсiн жүргізу мерзiмi оның мақсаты мен жоспарына байланысты атқарылады. Педагогиканың зерттеу әдiстерiнiң басқадай түрлерiмен салыстырғанда сараптама қорытындысы, оның нәтижесi нақты, әрi объективтi болып келедi.

    Соңғы кездерде педагогикалық сараптама нәтижелерiн қорытындылау, олардың өлшемiн, өзара сандық байланыстары мен сапалық ерекшелiктерiн анықтауда кибернетикалық және есептеу әдiстерiн қолдану барысы ұлғаюда.

    Сараптама әдісінің табысты болуы, көбінесе педагогтың өзінің педагогикалық жұмысында тек пән мұғалімі ретінде ғана емес, сонымен қатар зерттеуші ретінде де қарым-қатынас жасаса.

    Оны ұйымдастырудың негізіне жатады:

    -зерттелетін мәселенің мақсатын, нысанасын анықтау, міндеттерін белгілеу;

    -зерттелетін мәселені педагогикалық және психологиялық тұрғыдан танып білу (теориялық әдебиеттерді, әріптестерінің және мектептің іс-тәжірибесін);

    -солардың негізінде жалпы тәрбие және зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру;

    -зерттеу жұмыстарының нәтижесін практикаға енгізу, олардың тиімділігін анықтап, тәрбие процесіне түзетулер енгізу;

    -зерттеу жұмыстарының барысы мен нәтижесін жазып, оны талдап және салыстырып отыру.

    Балаларға тікелей ықпал ете отырып зерттеуде сонымен бірге, әртүрлі сипаттағы, формадағы тест, шығарма, эссе жазу жұмыстарының да маңызы ерекше.

    Тестер арнайы жасалған психологиялық жағдаяттардың көмегімен жүзеге асырылады. Онда балалар өз бетінше интелектілік, адамгершілік және эстетикалық таңдау жасайды. Тестерді қолдану нақты жағдайды анықтау үшін тиімді болмақ. Бұндай психологиялық диагонстикалық мәліметтерсіз педагог балалардың психологиялық және адамгершілік-эстетикалық дамуына саналы әрі мақсатты ықпал жасау мүмкіндігінен айырылады. Мәселен, оқышылардың психикалық процестерінің (есте сақтау, ұғыну, қабылдау секілді қабілеттері) даму жағдайын анықтау және т.б. Психологиялық тестерді пайдалану нақты психикалық жағдайларды анықтау құралы ретінде өз нәтижесін береді.

    Сонымен бірге, зерттеу жұмыстары барысында адамның мінез-құлқына байланысты туғаннан пайда болатын темперамент ерекшеліктерін де білу қажет: холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик.

    Темперамент – адамның туғаннан мінез-құлық ерекшелігіне тән қасиет.

    Мінез-құлық – бұл тұлғаның негізгі тірегі (каркас-қаңқасы, сүлбесі), туғаннан өмір сүру барысында алған жоғары нерв әрекетінің қасиеттерінің қоспасы [4, С.41]. Оған тек тұлғаның әртүрлі әрекет түрлерінде ең анық көрініс беретін және өзара тығыз байланыста болатын қасиеттері ғана кіреді (шыншыл болуы немесе керісінше, ақкөңіл, әдепті болу немесе керісінше және т.б.). Мінез-құлықтың барлық келбеті (черта) – бұл тұлғаның келбеті, бірақта тұлға келбетінің барлығы дерлік – мінез-құлық келбеті бола алмайды. Мінез-құлық – белгілі бір қатынаста тұлғаның ең тұрақты, мәнді ерекшеліктері, жеке-дара жағдайын білдіреді: 1) өзіне қатысты (талап қою, сын көзімен қарау, өзін-өзі бағалау дәрежесі және т.б.); 2)басқа адамдарға қатысты (жеке басын ойлау, ұжымшыл, эгоист және т.б.); 3)тапсырылған іске қатысты (жалқау немесе еңбекқор, ұқыпты немесе салақ, жауапты немесе жауапсыз және т.б.); 4)ерік-жігер сапасына қатысты (кедергіні жеңе білуге даярлығы, ішкі жан күйзелісі, табандылығы, табандылығы, тәртіптілігі және т.б.).

    Осы орайда Мағжан Жұмабаев былай дейді: «Бір адамның барлық ісін басқа адамдардың істерінен айыратын сипаттар мінез деп аталады... Мінез адамның жаратылысына қарай тума болады һәм басқа сыртқы сәбәптермен – тұрмыс түрі, жаратылыс, жолдас, тәрбия сықылды – жүре пайда болады. Тума мінез көбінесе тұқым қуалап келеді. Денің аурулы яки сау болуы, ақылды, ақымақ болуы, ашулы, жасық болу сықылды тума мінез темперамент деп аталады.

    Темперамент. Әрбір адамның жаратылыс бойынша тума бір түрлі мінезі болады. Мысалы, сыртқы дүние әсерлерінен өзінше бір түрлі әсерлену яки ішкі сезімдердің өзінше бір түрлі оянуы сықылды. Міне, осындай тума мінез темперамент деп аталады. Темперамент төрт түрлі: сангвиник, холерик, флегматик һәм меланхолик темпераменттер» [5. Б. 93-94].

    Темперамент түрлерінің психологиялық ерекшеліктері келесі қасиеттері арқылы сипаттамалады. Мәселен,

    Холерик – бұл адамның нерв жүйесінің тежеулігіне қарағанда қозуының басымдылығымен анықталады, соның барысында ол әр нәрсеге шапшаң көңіл бөледі, көп жағдайда ойланбайды, тез арада өзін-өзі тежей, ұстай алмайды, шыдамсыздық танытады, мінезі, қозғалысы шапшаң, ашушаң, қызба болып келеді. Шұғылданған ісіне қатысты бар ынтасымен белсенді жұмыс жасайды. Оның нерв жүйесінің тұрақсыздығы белсенділік мен көтеріңкі көңіл күйдің өзгермелі болуына өз ықпалын тигізеді.

    (М.Жұмабаев: холерик темпераменті – сыртқы әсерлерді тез һәм терең алу. Холерик адам әрбір әсер соңынан салпақтай бермейді. Бір алған әсеріне мықты, бекем болады, көздеген мақсұтың қадағаламай, тиянақтамай, жолда шала қалдырмайды. Табанды, қайратты болады, қиын-қыстау мәселені тез шешеді, тез орындайды. Бірақ холерик адамның ашуы шапшаң һәм қатты болады. Сол ашу сәбәбімен көп уақытта ұнамсыз істер істеп тастайды, тіпті бір бет, қияңқы болады. Сонда).

    Сангвиник – нерв жүйесі күшті, салмақты, өзін ұстай алтын, тез шапшаң қимыл жасайтын, іс-әрекетті ойланып істейтін адам. Сондықтан ол өмірде кездесетін қиындықтарға қарсы тұра алады. Нерв жүйесінің қозғалмалығы оның сезімдерінің, қызығушылығы мен көзқарастарының өзгеруіне ықпал етеді. Бұл көпшіл адам. Жаңа адамдармен тез тіл табысады, сондықтан да оның таныстары көп. Ол қызықты істер бар кезде іскер адам, керісінше ол болмаған жағдайда жабырқаңқы, көңілсіз күйде болады.

    (М. Жұмабаев: сангвиник темпераменті – сыртқы әсерлерді жеңіл һәм тез алу, бірақ терең алмау. Сангвиник адам ұшқыр, ойнақы, еті тірі болады, бірақ бір әсерден екінші әсерге секіріп түсе беретін, бір әсерге аялдап тұра алмайтын тиянақсыз адам болады. Әрбір істі бастап тұрып, тастап кететін болады. Сонда).

    Флегматик – байсалды, салмақты адам, бірақ нерв жүйесі селқос, соның негізінде не нәрсеге болса да баяу көңіл бөледі (Мысалы, оны ашуландыру немесе көңілдендіру қыйыншылыққа соғады); жұмыс істеу қабілеті жоғары, күштілерге жақсы қарсылық таныта алады, бірақ оқыс жағдайға тез көңіл бөлуге қабілетсіз. Меңгергеннің бәрін есінде жақсы сақтайды, қалыптасқан дағдыларынан бас тартуға қабілетсіз, күнделікті қалыптасқан өмір сүру, жұмыс істеу тәртібін өзгертуді жақсы көрмейді және жаңа жағдайға бейімделуі баяу. Көңіл-күйі тұрақты. Өте жағымсыз жағдайда флегматик сырттай қарағанда байсалды болып көрінеді.

    (М. Жұмабаев: флегматик темпераменті – әсерлерді әлсіз алу һәм ішкі сезімдердің созалаң оянуы. Бірақ түбі берік болады. Флегматик адам ауыр мінезді адам; түрлі әсерлерге көрсе қызар болмайды, мәселені тез шешуге асықпайды, іс істегенде саспайды, шапшаң ашу, қызу мінез болмайды, салқын қанды болады. Басын жарып, көзін шығарып жан алып, жан беріп істі тез бастап кете алмайды. Бірақ бір бастаса, салпақтап артынан қалмайды. Сонда).

    Меланхолик – нерв жүйесі әлсіз, жоғары сезімге ие адам. Жоғары қозғыштық жағдайында ол абыржу, «срывты» басынан өткереді. Мәселен, стресс жағдайында (эмтихан, жарыс, қауіпті жағдайлар) мелонхолик әрекетінің нәтижесі күнделікті жай жағдайға қарағанда нашарлануы мүмкін. Жоғары сезімдік жағдайы жұмыс істеу қабілетінің тез әлсіреуіне және төмендеуіне әкеліп соғады. Негізінде мелонхолик өзінің көңіл күйін жасыруға, бір нәрсеге алаңдауын, қобалжуын айтпауға тырысады. Көңіл күйі жиі жабырқанқы, солғын, басылыңқы, ынжұрғасы түскен, өзіне сенімсіз, бірақта көркемдік пен интелектілікке қабілетті болып келеді.

    (М. Жұмабаев: меланхолик темпераменті – адамның ішкі сезімдерінің билігінде болуы, өзінің ішкі сезімдеріне, жалпы айтқанда, өзінің ішкі дүниесіне берілген меланхолик адам аулақты (оңашалықты, өзімен-өзі болуды) жақсы көреді, ешкімге сенбейді. Істе қалтылдақ, жасқаншақ болады. Тұрмыста кедергі ұшыраса, оның жүні жығылып, қайраты сөніп, жасып қалады. Меленхолик адамның үміттен – уайымы, қуаныштан қайғысы көп болады. Аз ғана кедергі оны қалың уайымға, қайғыға түсіреді. Меланхолик адам өзіне берілген, өзім деген кісіге құл болғандай жақын болады. Бірақ ана кісіден бұған жақпайтын мінез шығып қалса, оған қас болып кетеді. Мұндай меланхолик адамның сіркесі су көтермейді. Сондықтан мұндай адам бір бет, қыңыр, қисық болады. Сонда).

    Айта кеткен жөн, жақсы немесе жаман темперамент болмайды, әрқайсысының ұнамды жағы болады. Сондықтан негізгі күш темпераментті қайта тәрбиелеу емес, керісінше оны орынды пайдалануға бағытталуы тиіс.

    «Темпераменттің бұл төрт түрі бір-біріне қатыспай, таза күйінде болады деуге болмайды. Көбінесе бұлар бір-біріне аралас болады. Мысалы, бір адамда сангвиник темпераменті мен холерик темпераменті аралас болады. Бір адамда флегматик темпераменті мен меланхолик темпераменті аралас болады, һәм темперамент тұрмыстың һәм тәрбияның әсерімен өзгереді. Және темпераменттің түрлі болуы біраз жас, ер, әйелдік һәм тұқымнан да болады. Мысалы, көбінесе жас шақта адам сангвиник болады, ерлікте холерик болады, кәрілікте флегматик болады. Көбінесе әйел сангвиник болады, ер холерик болады.

    Қалай да һәр бір адамда осы төрт темпераменттің біреуі денірек (басымырақ) болмай қоймайды. Денірек болатын темперамент хатта нәресте шақтан біліне бастайды. Сондықтан тәрбияшы баланың нәресте шағында-ақ оның тума мінезін һәм темпераменті түрін байқап, біліп қоюға тиіс, балаға оның темпераменті түріне қарай тәрбия беру үшін.

    Бірақ берік білу керек: темпераменттің анасы жақсы, мынасы жаман, анадай темпераментті ірі адам, мынандай темпераментті төмен адам деуге болмайды. Адамды ірі қылатынтемперамент емес, ақыл мен құлық. Ақылы терең, құлқы сау адам қандай темпераментті болса да, тізгіндеп, түзу жолға түсіп кете алмайды. Темпераментті тізгіндей білу үшін, адамның жақсы тәрбиялануы керек [5. Б. 94-95].

    Социометрия - бұл әдіс негізінде сынып ұжымының өзара қарым-қатынасын зерттей отыра, сыныптағы балалардың өзара қарым-қатынасын, сондай-ақ, тұлғалық сапаны анықтау үшін пайдаланылады.

    Сынып жетекшісіне социометрия әдісін қолдану барысында (жылына екі рет атқару) жалпы сынып ұжымы және жекелеген оқушы жайлы құнды деректер алуына мүмкіндік туады. Мәселен,

    • Оқушылар арасында белсенділер кім?

    • Оқшауланған оқушы бар ма?

    • Кімдер бір-бірімен дос болуды қалайды?

    • Ұлдар мен қыздардың қарым-қатынасы қандай дәрежеде?

    • Сынып ұжымы қаншалықты топтасқан, соған сәйкес тапсырмаларды қалай бөлуге және кімдерге беруге болады?

    • Сыныпта өзара көмекті қалай ұйымдастыруға болады? т.с.с.

    Социометрия әдісі бойынша эксперимент жұмысын жүргізуге болады. Ол үшін, сынып оқушыларына бір парақ қағаздар таратылады. Әр оқушы парақтың жоғарғы бұрышына өзінің аты-жөнін, ал оның төменгі жағына, бір-бірінің астына 1,2,3 деген сандар жазады. Содан кейін төмендегідей сұрақтарды қоюға болады. Мысалы: өз сыныптарының ішінде сен кіммен бірге жұмыс істегің /демалғың, ойнағың т.б./ келеді?

    Оқушы өз сыныптарының ішінен 2 оқушыны таңдайды да, жоғарыда келтірілген сандардың тұсына рет-ретімен қондырады. Толтырылған парақ беттерін жиып алып, оларға талдау жасайды. Оқушылардың толтырған парақ беттері әліпбилік тәртіппен орналастырып, жеке-жеке нөмірленеді.

    Оқушылардың жауаптары негізінде ұяқалып жасалады. /Богословский В. В., т.б. Жалпы психология. 1980, 87 бет, 12 сурет/. Ол төмендегідей тәртіппен жасалады. Оқушылардың аты-жөні матрицаның сол жақ бағанасына әліпбилік тәртіппен орналастырылады. Жоғарғы жағына олардың реті мен нөмірлері қойылады. Парақ беттеріндегі мәліметтер ұяқалыпқа дұрыс таңдау белгісі бойынша тиісті торшаға қондырылады, ол өзара таңдау белгісі бойынша көрсетіледі.

    Парақ беттеріндегі барлық мәліметтер ұяқалыпқа қондырылып болғаннан кейін, әрбір оқушының таңдауларының саны есептеледі, оның қорытындылары әрбір бағананың төменгі жағында көрсетіледі. Таңдаудың жалпы саны оқушылардың сыныпта қаншалықты танымал екендігін анықтайтын көрсеткіш болып табылады.

    Ранжирования әдісі (маңызына қарай орналастыру). Мысалы, адамның сапалық қасиеттері: әдептілік, сыпайылық, қарапайымдылық, іскерлік, мейірімділік, күштілік, ақылдыдық, ұстамдылық, мықтылық, ақкөңілділік, әдемілік, ер мінезділік және т.б.

    Цветограмма, мысалы,апта күндерін, уақытты және т.б. бояуға сәйкес адамның көңіл күйін, жан дүниесінің жағдайын анықтап білуге, сонымен қатар тәлімгерлердің эмоционалдық жағдайына белгілі бір тәрбиелік ықпалдың көмегімеімен түзету енгізуге де мүмкіндік береді.

    Сондай-ақ зерттеу жұмыстары барысында арнаулы психологиялық, педагогикалық, этикалық және т.б. ойындарды да пайдалануға болады.

    Педагогиканың зерттеу әдiстерiн ғылыми педагогикалық зерттеу жұмыстарында ғана емес, оқу мекемелерiнiң барлық жүйесiнде қолдану қажеттiлiгi, оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартудың кепiлi болмақ.

    Педагогикалық процесті нәтижелі ұйымдастыруға деген талпыныс, диагностикалық ақпараттарды алу-талдау жұмыстарын жүйелі жүргізуді де талап етеді.

    Қазіргі педагогикалық тәжірибеде оқушылар тәрбиенің өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту процесінің субъектісі болады. Сондықтын әрбір педагог-тәрбиеші өзін-өзі тану, рефлексия тәсілдерін меңгеруі және тәлімгерлердің өзін-өзі тануын, өзін-өзі талдауын, өзін-өзі тәрбиелеуін және өзін-өзі дамыту бағдарламасын құра білуін, өзінің тұлғасын анықтау және жетілдіру процесіне қатысуын үйретуі міндетті. Ол үшін педагогқа, тәрбиешілерге тұлғаның мінез-құлқы, жеке-дара ерекшеліктеріне қатысты білімдерді меңгеруі, әрбір оқушының жеке-дара ерекшеліктерін зерттеуі, оның өзін танып білу процесіне көмектесуі және оның рухани-адамгершілік әлеміне енуі қажет.

    К.Д.Ушинский «адамды барлық жағынан тәрбиелеу үшін, оны барлық жағынан білу қажет» деп айтқандай, гуманистік педагогикада бала шынайы қоршаған ортаның көптеген қарым-қатынасының болашақ субъектісі ретінде жан-жақты әрекеттің және тәрбие процесінің субъектісі болады - деп тұжырым жасалған. Демек, бала (оқушы) – тәрбие субъектісі. Яғни, тәрбиенің мәніне тән өзіндік ерекшелік баланың субъект ретінде өзін-өзі тәрбиелеуі болады. Өйткені, жетілу процессінде адам өзінің жетістіктері мен кемшіліктерін өзі түсінуі арқылы, өзінің дамуына саналы ықпал ете бастайды.

    Өзін-өзі тәрбиелеу өзінің дамуында негізгі 3 кезеңнен өтеді:

    1. 2-3 жастағы балада алғаш рет «Мен өзім» деген ер жету жағдайы (қасықты өзім алам, өзім жуамын және т.б) пайда болады.

    2. Жас жеткіншектердің стихиялық өзін-өзі тәрбиелеуі.

    3. Жастық шақтағы саналы және мақсатты өзін-өзі жетілдірудегі өтпелі кезең.

    Зерттеудің нәтижелерін қорытындылау барысында оқушылардың әрқайсысына жеке-дара немесе сынып ұжымына психологиялық-педагогикалық мінездеме жазылып, соның негізінде оқу-тәрбие жұмысының мақсаты, міндеттері мен бағыттары, мазмұны мен ұйымдастыру тәсілдері анықталып, жоспары құрылады, атқарылатын нақты шаралар белгіленеді.

    Зерттеу жұмысын ұйымдастыруға байланысты қойылатын педагокалық қалыптасқан талаптар:

    1. Зерттеу жұмысын бастамастан бұрын, ең алдымен оның мақсатын анықтау.

    2. Зерттеу жұмысы барысында оның жоспары құрылып, жүйелігін қамтамасыз ету.

    3. Зерттеуді оқушының өмірі мен түрлі әрекетінің табиғи жағдайында жүргізу.

    4. Зерттеу жұмыстарының барысында нысананың жариялығын болдырмау.

    5. Зерттеу жұмысын ұйымдастыру және оның нәтижесін объективтік тұрғыдан қамтамасыз етуде әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдалану.

    6. Зерттеу жұмысы барысында оқушының жеке басының мінез-құлық ерекшеліктерін жан-жақты танып білуді қамтамасыз ету.

    7. Зерттеу жұмысы барысында күнделікте жазба және талдау жұмыстарын үнемі атқару.

    8. Зерттеу жұмыстарының нәтижесіне қорытынды жасау, оқушыларға психологиялық-педагогикалық мінездеме жазуды әдетке айналдыру.

    Зерттеу жұмыстары барысында аталған талаптардың орындалуын қадағалау, оны нәтижелі ұйымдастырудың басты шарты. Зерттеу жұмысы ұзақ және күрделі процесс. Мұндай жағдайда сынып жетекшілерінен психологиялық-педагогикалық білімдерді терең меңгеруді, зерттеу жұмыстарын шығармашылықпен ұйымдастыруды әрі олардан төзімділікті қажет етеді.

    2.1.5 .Оқушының жеке басына және сынып ұжымына мінездеме жазу әдістемесі
    1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   27


    написать администратору сайта